Рухани мәдениетке үйрету

Home » Рефераттар » Рухани мәдениетке үйрету
Рефераттар Комментариев нет

Әрбір адам өмір бойы даму үстінде болады және оның денесімен бірге рухани ішкі жан дүниесі де дамуға тиіс, мәдениетке үйретуі тиіс. Сонда ғана ол адам деген ардақты атқа лайықты, жан-жақты жетілген, жеке тұлға болып қалыптасады. Адамзат қоғамының өзі жеке адамдардан тұрады, олай болса қоғамның дамуы, оның әрбір мүшесінің дамып жетілу сапасына байланысты екен. Ендеше біз жеке адамдардың өмір салтының рухани жан-жақты дамуына жете көңіл бөлуіміз керек. Адамдар қоғамда материалдық және рухани құндылықтарды жасаумен айналысады және олардың жануарлардан бір айырмашылығы сол, ол адамдарға рухани жан азығы керек, онсыз адам адамгершілік қасиеттерден айрылып, жабайы аңдарға ұқсап кетеді. Егер де табиғатта адам ақылы жетіп болмайтын бес құпия сыр болса (сана, жан, материя, кеңістік, уақыт) соның үшеуі адам бойына шоғырланған. Сондықтан да адамның ішкі жан дүниесін түгел біліп болу мүмкін емес. Оны тек адам бойындағы рухани болмысынан көріп, тануға болады. Олай болса, күнделікті өмірде көп қолданылатын рухани мәдениет, рухани байлық, рухани құндылық, т.б. сөз тіркестерінің мәнін анықтап алуымыз керек. Біз рухани мәдениет дегенде ең алдымен тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді айтамыз. Тіл қазақ болуымыз үшін, дін адам болуымыз үшін, салт-дәстүр ұлт болуымыз үшін қажет. Рух деген сөз, діни түсінік бойынша адамның «жаны» деген ұғымды білдірсе, ғылымда оны адамның ішкі жан дүниесінің шабыт-сезімінің көрінісі деуге болады. Ал мәдениет дегеніміз – адамның іс-әрекеті, оның даму формасы. Өйткені адам табиғи заттар мен құбылыстарды өзінің мүддесіне, талап, тілегіне сай өзгертіп отырады. Мәдениет адам мен табиғаттың өзара тұтастығы, өзара қарым-қатынасының тарихи дамып өзгеруінің өлшемі. Адамдар толыққанды өмір сүріп, тіршілік жасау үшін оларға материалдық және рухани байлық керек. Байлық еңбек етіп, тер төгу арқылы пайда болады. Сондықтан да әркім өзінің қабілетіне, біліміне, талғамына қарай әртүрлі салада еңбек етіп, біреулер материалдық байлықты жасаса, екіншілері рухани байлықты жасайды. Бұл байлықтар адамның жан құмарлығы мен тән құмарлығы қажетін қанағаттандыру үшін жасалынады. Тән құмарлығы дегеніміз – адамның ішіп- жесем, дүние жисам, рахат-шаттықта өмір сүрсем деген мақсатта пайда болған оның құлқыны. Көбіне адамдарды қылмыс жасауға апаратын да оның осы тойымсыз нәпсісі. Ал, жан құмарлығы дегеніміз – білімге, ғылымға, өнерге деген адамның махаббат сезімі. Бұл адамдарды болсам екен, көрсем екен, білсем екен деген жақсы арман-қиялға жетелейді. Әрине, мұның екеуі де қажет қасиеттер, егер де адам бай болса -оған өзінің қажеттілігін қанағаттандыру жеңіл болады, ал жарлы болса- ондай мүмкіншілігі болмайды. Сондықтан да адал еңбек етіп, тер төгіп, өзінің қабілетімен байыған адамды ешкім де жазғырмайды. Бірақ та адал еңбегімен байығанның өзінде, оның рахаты өз басынан ауыспаса, мүгедек, кедей- кепшіктерге қамқорлығы болмаса, ондай адамдар дүниеге бай болғанмен, рухани кедей адамдар, ондайлардан халыққа еш қайырым болмайды. Сондықтан да әрбір ата-ананың, қоғамымыздың басты міндеті әрбір жеке адамды – рухани мәдениеті бай, жан-жақты дамыған, имандылық қасиеті жетілген азамат етіп тәрбиелеу. Әрине, бұл әрбір адамның дүниетанымына, өмірге көзқарасына, мүддесіне байланысты. Кейбір адамдар жанын қинап, еңбек еткісі келмейді, олар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, біреуді қанап немесе тонап, болмаса ұрлық жасап басқалардың есесінен уайым-қайғысыз рахатта өмір сүргісі келеді. Ондай адамдарды қоғам әшкерелеп, жазасын беріп, жөнге салып отырады. Біз бодандықтың кесірінен ата-бабамыздың ғасырлар бойы жиып-терген рухани байлығын, яғни, тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің соңғы жылдары қадірін кетіріп, күнделікті өмір тіршілігімізде қолданып, дамытудың орнына оны ұмыт қалдырып, діні басқа, тілі басқа, ділі басқа ұлттардың мәдениетіне еліктеп, адасып келдік. Енді тәуелсіздігіміздің арқасында, өз билігіміз өзіміздің қолымызға тигеннен кейін, есімізді жиып, алды-артымызды бағдарлап, жаңа өмір салтын орнататын уақыт жетті. Бұдан әрі бұл мәселені кешіктірсек, жаңа өсіп келе жатқан жас ұрпақ бізді түсінбей, сырт айналуы мүмкін. Сондықтан да қазірден ұлттық рухани мәдениетіміздің бүгінгі заман талабына сай жаңа бағдарламасын жасап, соны күнделікті өмір салтымызға батыл ендіруіміз керек. Сонда ғана біз өзінің дербес ұлттық рухы, мәдениеті, санасы дамып жетілген өркениетті ел болып, адамзаттың ұлы көшіне ілесіп, басқа халықтармен терезесі тең халық ретінде өмір сүре аламыз.

Әдебиетсіз – рухани мәдениет жоқ. Қоғамда рухани мәдениет деген ұғым бар, мұның материалдық құндылықтан бір айырмашылығы сол, оны көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес, оны текқана санамен ойлап, көңілмен сезу арқылы ғана ұғуға болады. Ол – біздің рухани құндылығымыз. Ал, рухани құндылыққа біз әдебиетті, өнерді, ән-күйді, ұлттық ойындар мен ұлттық мейрамдарды жатқызамыз. Соның ішінде біздің әңгіме еткелі отырған тақырыбымыз – әдебиет. Әдебиет, бұл жер бетінде саналы адамдар пайда болып, олар бір-бірімен сөйлесу арқылы қатынас жасап, өздерінің өмірдегі қуанышы мен ренішін, рахаты мен азабын ой елегінен өткізіп, оны сөз арқылы бейнелеу қабілетіне ие болғаннан бері, халықпен бірге жасасып келеді. Сол себепті әдебиет мазмұнынан халықтың талай ғасырлардан бері бастан кешкен өмір жолын, тарихи тағдырын, арман-мұратын көреміз. Жер бетіндегі барлық халықтың өзіне тән күнделікті өмір салты арқылы қалыптасқан әдебиеті бар. Біз оны ұлттық әдебиет дейміз. Себебі ол әдебиетте сол ұлттың ерте заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихи санасы, ұлттық болмысы, салт-дәстүрі түгел қамтылған. Әрбір ұлт өзінің рухани мәдениетін ұлттық әдебиеті арқылы сақтап, оны әрі қарай дамытып отырады. Әдебиет өзінің түрлі жанрлары арқылы қоғам өмірінің барлық саласын көркем сөз арқылы суреттеп, ондағы жағымды немесе жағымсыз кейіпкерлер арқылы оның жетістігі мен кемшілігін дер кезінде анықтай алады. Сол себепті бізге көркем әдебиетті қоғамның рухани айнасы деуге толық негіз бар.

Ал енді рухани құндылық мәселесіне келетін болсақ, өмірдің даму заңы бойынша әрбір адам қоғамда өсіп-жетіліп, тәлім-тәрбие алып, өзінің ақыл-парасаты, рухани-жігері, талап-қабілеті жеткенінше қоғамға қызмет етіп, кейінгілерге азды-көпті рухани мұрасын қалдырады. Кейбір талантты ақын-жазушыларды, өнер адамдарын, үлкен ғалымдарды халқына көп қызмет етті, артына мол рухани мұра қалдырды деп дәріптеп, әркез еске алып, марапаттап отырамыз. Олай болса, рух дегеніміз не және оны қалай түсінуге болады деген сұрақ туындайды. Көбіне біз рух пен жанды бір ұғымда түсініп, екеуін жиі шатастырамыз. Егер де бұған терең ой жүгіртіп көрсек, жанның жер бетіндегі әрбір тіршілік иесінде бар екенін білеміз, бірақ оларда рух бар деп айта алмаймыз, себебі онда адамдарға тән сана жоқ. Олай болса, рух пен сананың арасында байланыс болғаны, бірақ та барлық адамдардың рухы бірдей деп айтуға тағы болмайды. Қазақта біреулерге мінездеме бергенде, оның істеген іс-әрекетіне қарап біреулерді, ол батыл, жігерлі, рухы күшті екен деп, болмаса басқа біреулерді қорқақ, жігерсіз, рухы нашар екен деген баға береді. Соған қарағанда рух дегеніміз адамның мінез-құлқы, көңіл-күйі, айтқан сөзі, бір сөзбен айтқанда, оның адамгершілік болмысы, іс-әрекеті деп түсінуге болады. Әрине, бұдан талантты, рухы күшті адамдардың бәрі жақсы, қайырымды, иманжүзді адамдар екен деген түсінік болмауы керек. Неге десеңіз, рухы күшті, талантты, батыл адамдардың да ішінен жауыз, қанішер, опасыз адамдар шығып жатады, ондайларды тарихтан көптеп келтіруге болады. Рух тек жеке адамдарға қатысты емес, ол ұлтқа да қатысты. Себебі жеке адамдар сияқты ұлттың да алдына қойған мақсат-мүддесі болады. Сол мақсатына жету үшін ұлттың тіршілік әрекетіне, қажыр-қайратына қарап оның ұлттық рухының қай дәрежеде өсіп-өркендегенін көреміз. Кейбір ұлт өзінің санының көптігіне, жерінің кеңдігіне, табиғи байлығының молдығына қарамай, рухани-мәдениеті төмен, әлеуметтік-экономикасы нашар, қоғамдық-саяси жүйесі жетілмеген, былайша айтқанда, тұрмыстың барлық жағынан артта қалған ел болып саналады. Ал, кейбір елдердің сандық көрсеткіші мұнан әлдеқайда төмен болса да, олардың сапалық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болып келеді. Мұнан біз әр халықтың даму деңгейінің әртүрлі екенін және оның көбі сол халықтың ұлттық рухының сапасына, білім деңгейіне, еңбек ету қабілетіне байланысты екенін көреміз. Егер де қоғам ішінде өмір сүретін адамдардың рухы күшті, ақыл-ойы жетілген, еңбекке қабілеті жоғары болып, ол ұлтын сүйіп, сол үшін аянбай еңбек етсе ғана, ол ұлттың алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына қосылып, өзінің ұлттық мүддесін қорғап, толыққанды мемлекет болып дамитыны сөзсіз. Қазақ ауыз әдебиетінің жанрларының бірі – салт жырлары. Қазақ халқы көшпенді өмір салтымен өмір сүргендіктен және негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, олардың тұрмыс- тіршілігі де соған бейімделген болатын. Көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын халықтың басқалардан бір ерекшелігі сол, олар қысы-жазы, күні-түні табиғатпен тығыз байланысты болады. Сол себепті олар табиғаттың сұлулығын бойына сіңіріп, оның құпия сырларын көңіліне тоқып өскендіктен, олардың жан сезімі де өте нәзік болып келеді. Бұл қасиетті олардың сөйлеген сөзінен, мінез-құлқынан, іс-әрекеттерінен анық көруге болады. Мысалы, қазақтың мінезінің жайдары, пейілінің кең, жүрегінің ақ болуы, адамдарға сондай бауырмал, қонақжай болуы – соның дәлелі. Қазақ халқы өзінің тұрмыс-салт жырларында күнделікті тіршілігінің тірегі болып саналатын төрт түлік малды өлең-жырларына қосып дәріптеген. Оның ең таңдаулы үлгілеріне: “Жылқышы атаға“, “Шопан атаға“, “Зеңгі бабаға“, “Ойсыл қараға“ сияқты жыр үлгілері жатады. Өлең-жырлардың тақырыптары алуан түрлі болып келеді, соның ішінде Ұлыстың ұлы күні Жаңа жыл “Наурыз“ мейрамына арналған жырлар, бақсы-балгерлердің қобыз тартып, сарнап айтатын өлеңдері, дүниеге сәби келгеннен кейінгі бесік жыры, жастардың отау құрып, үйленуіне байланысты жасалынатын әдет-ғұрыптарда айтылатын – тойбастар, жар-жар, беташар, т.б.с.с. Қазақ ауыз әдебиетінде тұрмыс-салт жырларынан басқа ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, айтыстар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар сияқты басқа да жанрлардың түрлері көп. Мұның бәрінің мазмұнында негізінен қазақтың ертедегі өмір салтында кездесетін түрлі уақиғалар суреттеледі. Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тұрмыс-салт, қиял-ғажайып, жануарлар туралы ертегілері өте көп. Тұрмыс-салт ертегілерінде сол кездегі қазақтардың көшпенді мал шаруашылығына байланысты олардың тұрмыс-тіршілігі айқын суреттелген. Жануарлар жайындағы ертегілерде қазақ ауыз әдебиетінде аңызға айналған арғымақ аттар, желмая түйелер, бозінген сияқты төрт түлік мал тақырыбына арналған аңыз-әңгімелер бар. Қиял-ғажайып ертегілері – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі болғандықтан, онан алғашқы қауымдық қоғам кезіндегі адамдардың өмірінен көп мәлімет алуға болады. Ауыз әдебиетіндегі халық арасында кеңінен тараған жанрлардың бірі – ол батырлар жыры. Батырлар жырын жыршы-жыраулар қобызға, домбыраға қосып, белгілі бір әуенмен айтып, ауыздан-ауызға тарату арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Қазақтың батырлар жырындағы басты кейіпкерлер – халқын, отанын басқыншы жаудан қорғаған өзінің елін, жерін жанындай сүйген ұлтының қаһарман ұлдары болып келеді.

Халық ауыз әдебиетіндегі өзінің ерекшелігімен көзге түсетін жанрлардың қатарына айтыс өнерін жатқызуға болады. Айтыста екі айтыскер ақын өлеңмен қолма-қол суырып салу арқылы сөз жарыстырып, пікір таластырып, өзінің шешендігі мен алғырлығын көрсетуге тиіс. Айтыс мереке- мейрамдарда, үлкен тойларда, басқа да елеулі уақиғаларға байланысты халықтың мол жиналған жерлерінде өтеді.

Қазақтың ауыз әдебиетіндегі – ғашықтар жыры, мақал-мәтелдер, жұмбақтар сияқты жанрлар туралы да осына айтуға болады, себебі олардың бәрінің айтатыны халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, адамдардың рухани имандылығы туралы. Осы айтылған халық ауыз әдебиетінің түрлі жанрлары қазақтың тұрмыстық өмір салтында оның ұлт болып қалыптасып, өзінің рухани мәдениетін жасап, дүниетанымын жетілдіруде өте үлкен рөл атқарады. Бірақ та қазақ халқы Ресейдің отарына айналғаннан кейін, әсіресе Кеңес үкіметі орнап жаппай отырықшылдыққа көшуіне байланысты және қалалар, өндіріс орындары салынып, халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі тарихи өзгеріске ұшырауы себепті қазақтың өмір салтына үлкен өзгерістер ене бастады. Әсіресе Кеңестік дәуірде коммунистік идеологияның саяси тотолитарлық жүйенің салдарынан қазақ халқының бұрынғы салт-дәстүрін феодалдық- патрихалдық артта қалған қоғамның мәдениеті деп оны жамандап, жаңа советтік өмір салтымен өмір сүруге үгіттеп, қазақ халқын өзінің ұлттық төл мәдениетін ұмыттыруға тырысты. Осындай солақай саясаттың салдарынан қазақ халқының бір бөлігі шын мәнісінде өзінің ұлттық тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен қол үзіп, мәңгүрттенуге мәжбүр болды. Енді еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес ел болғаннан кейін, бұрынғы жоғалтқан рухани байлығымызды қалпына келтіріп, әрі қарай дамытуға талпынып жатырмыз. Бірақ та бірнеше ұрпақтың санасына сіңіп қалған интернационалдық идеология және құлдық психология бұл салада еркін және батыл әрекетке баруымызға мүмкіндік бермей отыр. Дегенмен жетістігіміз де жоқ емес, тілімізді мемлекеттік тіл деп жариялап, дінімізді жаңғыртып, көптеп мешіттер сала бастадық, кейбір жер, су, қала аттарын қазақшаландырып, бұрынғы айтыс өнерімізді қалпына келтіріп, ұлттық ойынымыздың кейбір түрлерін күнделікті тұрмысымызға ендіріп келеміз. Алдағы міндет – тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық рухымызды дамыту үшін мәдениеттің басты саласы әдебиетті одан әрі өркендетіп, халқымыздың рухани-имандылық қасиетін жетілдіріп, елімізде шын мәніндегі ұлттық мемлекет орнатып, халқымызды салауатты өмір салтымен өмір сүруге тәрбиелеу.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.