Сұлулық салтанаты

Home » Рефераттар » Сұлулық салтанаты
Рефераттар Комментариев нет

Көркемдік тұрғысынан дүние сырын игеру – жаратылысы шындығына, әр нәрсе, әр құбылыстың мән-мағынасына талдау, саралау жолымен жай ойлана үңілу ғана емес, ол – ең алдымен күллі әдемілік әлемін, сұлулық сипатын бар табиғатыңмен беріліп жан-жақты тану, рухани жан-жылуыңмен егжей-тегжейлі сезіну. Платон мен Аристотельден бастап ғасырлар бойы адам баласы, ақыл-ой, парасат осы дүние көркі мәселесі төңірегінде үзбей толғанып келген. Бұл тақырыпқа байланысты қазіргі заман эстетикасында да пікір таласы  толастап көрген емес. Мұны байыпты шешу – көркемөнер қазынасының бір жұмбақ тылсым құпиясын ашу деген сөз.

Табиғат сұлулығы мүлдем жаңаша өнер шапағатын дарытып, өзінің күнделікті тәжірибесімен “бүкіл дүние көркін көрсетуге” бел шешіп кіріскендерді де (М.Пришвин) терең толғандырады. “Табиғатты сүйем, сұлулыққа бас ием”,  дейді Байрон. Әлем жаратылысының заңдылықтары, көркемдік таным мүмкіндіктері жайында Абай да ойланады: “Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік?” (Жиырма жетінші сөз).

Дау жоқ, дүние көркі тікелей түйсіну, жүзбе-жүз табысу арқылы танылады. Әсіресе төңірегіне іштей бір есеппен, бас пайдасы тұрғысынан қарамай-ақ, адам өзін қоршаған тіршілік тынысынан бір рақат, ләззат таба алатындығының айырықша мәні бар. Мұндай қатынасты Кант та, Чернышевский де жоғары бағалаған. “Орман кітабы тек өзім үшін қолма-қол бір пайда табу көзі деп ешқандай есеп-қисапқа берілмей, шын ықыласымен оқығысы келетіндердің игілігі”, дейді М.М.Пришвин. Ал, Шелли: “Шынайы жыр жасырынып тұрған дүние сұлулығының шымылдығын сыпырып тастайды”, деп жазған. Суретшілер мен ақын-жазушылардың жаратылыс көркі жайлы мұндай лұғат пікірлерін шексіз мысалға ала беруге болар еді. Өнер адамының қай-қайсы да бұл мәселеге соқпай кетпеген.

Шынында да әдемілік бір қарағанда табиғат құбылыстарының өз еншісі тәрізді. Марксизм де кеңістік көрінісінің жер бетінде адам ұрпағы тарамастан бұрын-ақ пайда болғанын дәлелдейді. Сонда қалай, табиғатқа осы о бастан адам еркінен тыс эстетикалық қасиет, әдемілік белгілері тән шығар?

Жаратылыс көркі адам қатынасынан тыс, өз алдына жарасты әдемілік әлемі екенін Л.Н.Толстой көзқарасынан аңғаруға болатын тәрізді: “…қас қағым сәтте-ақ бір құдірет-күш билеп, сұлулық мені баурап алатын… Кейде тіпті қаракөлеңке бақта жападан-жалғыз отырып, мынау көлге, мынау жағалауларға қарай-қарай, жаңарым арқылы сұлулық жаныма құйылып жатқандай ғажайып әсерге берілетінмін”. Ұлы жазушы толғанысына назар аударсақ, әдемілік – жаратылыс ғаламатына таңдана, тамашалай қарайтын адам жанына сырттан құйылатын, сырттан даритын ізгілік нұры.

Венгр ақыны Шандор Петефидің “Тауда” дейтін өлеңінде де адам қарсы алдындағы кең дүниені сүйсіне тамашалайды. Сұлулық онан оқшау, өз алдына жеке-дара көрінетін қасиет тәрізді. Туған жер көркі жан ләззатына бөлейтін қандай толғаныстар түрін де біз қазақ қаламгерлерінің кез келгенінен қалағанымызша таба алатынымыз хақ…

…Табиғат құбылыстарының теңдестік, ырғақтық, ара-қатынастық белгілерінің өзі әдемілік ұғымымен барынша байланысты. “Жыр өнері туралы” дейтін эстетикалық еңбегінде-ақ Аристотель сұлулық сыры заттың көлемі мен орналасу тәртібінде деп көрсеткен. Жаратылыс көркінің құрылымдық белгілеріне Платон өлшем мен теңдестікті, Леонардо да Винчи – арақатынас жарасымын жатқызады. Зерттеушілердің қай-қайсын алсаңыз да, сұлулықты қашан да тек осы жарастық қатынасынан, теңдестік сазынан, түр мен ырғақ, бояу құбылысынан тапқан…

…Көркемөнердегі келесі бір табиғат тұжырымдамасы (концепциясы) негізінде адам мәнісі жетекші орын алған. Идеалистер сұлулық ұғымын қоғаммен, адаммен байланысты қарастырады. “Құдайсыз”, “жансыз” жаратылыс көркін олар онша бағаламайды, мойындамайды. Бұндай көзқарас, әрине, рухпен салыстырғанда табиғат екінші  дейтін қағиданы жастанған идеализмнің өз болмысынан өрбіп жатыр. Әдемілік идеядан туған, сондықтан да ол өнер шығармасында бүкіл мұрағияттың (идеалдың) бастауы, негізі ғана болып табылады. Дүние көркінің құдіретті бір сұлулық идеясына тәуелділігін Платон да ата көрсеткен. Кант асқақтық қадір-қасиет табиғатта емес, тек адам жанында деп біледі. Өзіндегі табиғаттан үстемдігін сезінгені сияқты, адам өзінен тыс жаратылыстан да өз артықшылығын аңғарады. Гегельде табиғи әлем әдемілігі рухани өрісі, еркіндігі кең көркемөнер сұлулығынан көп төмен жатыр. Әйгілі неміс философы құрылым, құрылыс жүйесін әдеміліктің төменгі сатысы деп есептейді, пейзаж онда бір саты биік, одан кейін жанды табиғат кетеді, бірақ оның да көркі онша асып бара жатқан жоқ. Гегель пікірінше, шын сұлулық пен көркемөнер күретамырын, мазмұн байлығын айқындайтын тек адам қатынасы ғана…

…Ал өмірде сұлулық мәнісі күрделірек. Қоғам да табиғатқа жайдан-жай өзі тарапынан көрік дарыта бермейді, керісінше, табиғат  та өзімнің ішкі қасиетім деп қоғамға сұлулық сырын оп-оңай аша салмайды. Егер біз қоғамды жеке адамдармен алмастырсақ та жағдай өзгере қоймас еді. Дүниені бар кезеңде де соншалық әдемі қылған тек адам емес. Маркс пен Энгельс жаратылыстың шын сұлулық түсінігін мейлінше дәл бағдарлап берген. Оған ешқандай бөгде күштер мен қабілеттерді телімей-ақ, өзі қандай болса сол күйінде көре білу керек. “Сұлулық дегеніміз – адам жанымен танылып, адам санасында бейнеленген табиғи-әлеуметтік құбылыс”,  деп жазады профессор В.П.Тугаринов. Осы көзқарас бізге біршама дұрысырақ көрінеді. Өйткені табиғатқа тән ақиқаттық (объективтік) қасиеттерсіз, адамның оған өзіндік жеке (субъективтік) қатынасынсыз сұлулықты сезіну мүмкін емес. Көркемдік, әдемілік ұғымының өн бойына осы екі қасиеттің екеуі де ұялаған, біреуінен бас тартсаңыз екіншісі бәрібір жеке-дара сұлулық сырын жеткізе алмайды.

“Табиғатшылар” тікелей балап, әдемілік орнына қолданып жүрген өлшемдестік, үндестік шарттары табиғат құбылыстарының құрылымдық белгілеріне жататынын ашып айту керек. Олар дүние көркін құрайтын біртұтас арақатынас, байланыстар жүйесінің бөлшектері, құрамы ғана. Жаратылыс құбылыстарының сандық, сапалық өзге белгілері жайында да осыны айтуға болады. Бұлардың әсемдікке тікелей қатысы бар, бірақ олар өз алдына әдемілік әлемін түзе алмайды.

Сонымен, сұлулық дегеніміз  өнер туындысының аса маңызды сапалық қасиеттерінің бірі, қос мазмұнды, екі ұдай ақпарат береді: нақты табиғат болмысы және адам баласының әсерлік, рухани қатынасы, көңіл-күйі…

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.