Сүттің морфологиялық құрылымы

Главная » Рефераттар » Сүттің морфологиялық құрылымы

Сүттің морфологиялық құрылымы. Сүт құрамында әртүрлі химиялық заттармен қатар, түрлі торшалар жиынтығы және торша жарқыншақтары кездеседі. Олардың арасында көп кездесетіні майда, орташа және ірі эпителийлік торшалар. Майда эпителийлік торшалар сүт өзектері торшаларына ұқсас, мөлшері 7-12 мкм. Цитоплазмасының құрылымына қарай олар кеуекті және кеуексіз болып бөлінеді. Бұл торшалар ядроларының пішіні сопақша не дөңгелек келеді. Орташа эпителийлік торшаларды көпіршікті торшалар, уыз түйіршіктері немесе макрофагтар — липофагтар деп атайды. Олар сопақша келеді, мөлшері 15-40 мкм. Бұл торшалар да кеуекті және кеуексіз болып бөлінеді. Олардың ядролары да сопақша, кейде кеуекті келрді. Ядро мөлшері 5-20 мкм. Ірі эпителийлік торшалар көп ядролы құрылым — симпласт түрінде болады. Олар өте сирек кездесетін, сопақша, 2-3 ядролы торшалар. Олардың мөлшері 40-100 мкм, ядросының мөлшері 5-20 мкм. Сүт түйіршіктерінің екінші үлкен тобын лейкоциттерге ұқсас торшалар қүрайды. Оларға мөлшері 7-15 мкм келетін сүттің нейтрофильдік лейкоциттері жатады. Аталған торшалар тобынан басқа сүт құрамында сүт денешіктері деп аталған дөңгелек немесе сопақша майда қүрылымдар кездеседі. Сыртынан олар ірі май шарларына ұқсас, бірақ қаракөк көмкермесі болуымен байланысты олардың бейнесі анық байқалады. Бұл торшалар мөлшері 6-200 мкм, олардың ішінде көбінесе, май шарлары, май қышқылдарының кристалдары болады. Осы жоғарыда аталған торшалармен қатар сүт қүрамында жеке ядролар, жазық эпителий торшалары, лимфоциттер, моноциттер, май қышқылдарының кристалдары кездеседі.

Суалар алдында буаз сиырлар сүтінің қүрамында негізінен майда эпителийлік торшалар, нейтрофильдер, лимфоциттер және жеке ядролар кездеседі. Суалған мал желіні секретінің жағындысында аталған торшалармен қатар көп ядролы эпителийлік торшалар пайда болады. Жаңа бүзаулаған сиыр уызының 1 мл-де торшалар саны 1,5 -5,4 млн жетеді де, бес күннен кейін олар 0,5 млн-ға дейін азаяды. Сүттену кезеңінің 1-айының соңында 1 мл сүт қүрамындағы торшалар саны 50 мың шамасында сақталады. Осыдан сүттің торшалық құрамына қарай сүттену кезеңін: уыз бөлу сатысы, аралық саты және сүт бөлу сатысы сияқты үш сатыға бөледі. Уыз бөлу кезеңінде жағындыда көп мөлшерде нейтрофильдер болады да, эпителийлік торшалар кездеспейді. Сүттің торшалық құрамын зерттеудің желін ауруларын, секрециялық процесс деңгейін анықтауда маңызы зор.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.