Сөз таптарының терминдену ерекшеліктері

Home » Рефераттар » Сөз таптарының терминдену ерекшеліктері
Рефераттар Комментариев нет

Ұлттық тілдегі сөздердің терминдену деңгейі бірдей бола бермейді. Тілдегі əр алуан лексика-семантикалық топтарға қатысты болатын сөздердің де терминологиялық жүйеден орын алу мүмкіндіктері əркелкі. Мəселен, бір ғана өсімдіктер дүниесіне қатысты лексиканы алар болсақ, өсімдіктердің құрылым- құрылысын білдіретін сөздер мен (сабақ, жапырақ, тамыр, буын т.б.) өсімдік атауларының (бидайық, долана, жоңышқа, селеу, тобылғы т.б.) терминдену деңгейін салыстыруға келмейді. Алғашқылары толық мəніндегі терминдер ретінде өсімдіктану ұғымдарының жүйесінен берік орын алса, кейінгілері сол жүйеге тікелей қатыссыз, яғни терминдік емес атауыштық (номен) қызмет атқарады. Немесе кейбір ғалымдардың айтуынша терминденудің екінші сатысындағы сөздер. Сөздердің терминденуін сөз таптары тұрғысынан қарастырудың да маңызы зор. Сөз таптарының терминдену мəселесі жалпы тіл білімінде əлі өз шешімін таба қоймаған. Бұл мəселе жеке тіл білімдерінде жан-жақты зерттеліп жатса, сол зерттеулердің нəтижелеріне сүйене отырып, жалпы тіл  білімі  деңгейінде тиісті қорытындылар жасауға мүмкіндіктер туған болар еді. Біз төменде тіліміздегі əртүрлі сөз таптарына қатысты болатын сөздердің ғылым мен техниканың немесе өзге де арнаулы салалардағы терминдердің қатарынан орын алудағы өзіндік ерекшеліктеріне тоқталмақшымыз. Сөз таптарының терминденуі жөніндегі тілші-ғалымдардың пікірлері бір арнаға тоғыса бермейді. О.С.Ахманова еуропа тілдерін мысалға ала отырып, терминдердің құрамын тек зат есімдермен-ақ толтыруға болады десе33, Н.А.Щеглова «терминологиядағы дерексіздікті (абстракция), зат, сапа мен əрекет туралы ғылыми-техникалық ұғымдарды білдірудің шын мəніндегі бірден-бір лексика-грамматикалық құралы зат есім болады», – деп алғашқы пікірді қолдай түседі. Шындығында да терминдердің барлығы тек зат есімдер болуы керек пе? Бұл сұраққа ұзақ жылдар бойы терминология мəселелерімен кəсіптік деңгейде айналысып жүрген ғалым В.П.Даниленко басқаша жауап береді. Ол чех ғалымдарының аталмыш проблемаға қатысты зерттеулеріне сүйене отырып, тек зат есімдер ғана емес, сонымен қатар сын есім, етістік, үстеу, есімдік сияқты сөз таптары да термин бола алады деген қорытынды жасайды.

Қазақ тіл білімінде сөз таптарының терминденуі арнайы сөз болған жерде ең алдымен, төл терминологиямыздың қалыптасуына олардың қатысы, терминдену ерекшеліктері сияқты қырларына мəн берілуге тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда ғылым мен техника, өнер т.б. арнаулы салалардағы терминдердің басым көпшілігі зат есімдер екенін айтқан жөн. Қазақ терминологиясының негізгі бөлігін құрайтын сөз табы ретінде алдымен аталмыш сөз табының терминдену ерекшеліктеріне тоқталалық. Терминдердің негізінен зат есімдер болуының негізгі себептері ретінде зат есім категориясының семантикалық мүмкіндігінің мол екендігі де, сондай- ақ жоғары дəрежедегі абстрактілікті білдірудегі артықшылығы да жоғарыда аталған ғалымдар тарапынан əділ көрсетілгенін айтпасқа болмайды. Алайда, зат есімдердің термин ретінде бірінші орында тұруының негізгі себебі осылар ғана ма, əлде өзге де себептері бар ма? – деген сұрақ туындайды. В.Даниленконың етістіктің бұйрық рай формасымен келетін тік тұр!, дайындал!, көзде! сияқты əскери терминдермен осы тəрізді спорт терминдерін зат есімдермен алмастыруға еш келмейтінін айтады. Автордың бұл пікірі алдымен зат есімдер мен қатар етістіктің де термин бола алатындығын аңғартса, сол арқылы зат есімнің семантикалық мүмкіндігінен гөрі терминделуші ұғымдардың мол болатынын, яғни терминдердің бір ғана сөз табымен шектелмейтіндігінен хабардар етеді. Сондай-ақ дерексіздік мағынаны өзге сөз таптары да білдіре алады. Мəселен ойлау, сезіну, қабылдау сияқты терминдерде абстракті заттық ұғым процеспен тікелей байланысты.  Терминологияда зат есімдер дерексіз ұғымдар мен бірге деректі ұғымдарды білдіруі жағынан да бірінші орында тұр. Мəселен, техникадағы – иіндібілік, ебелек, қаңғалақ; медицинадағы асқазан, өт, сілекей; өсімдіктанудағы түйін, тұқымжарнақ, гүлтабан сияқты терминдер нақты ұғымдардың атаулары.

Зат есімнің авторлар атап көрсеткен қасиеттері оның терминологияда өзге сөз таптарымен салыстырғанда анағұрлым көп орын алу себептерінің қатарынан табылатыны рас. Бірақ біз зат есімдердің терминологияда бірінші орында тұруының ең басты себебі – оның тілде атқаратын қызметіне байланысты туындайды деп білеміз. Тілде зат есімдер заттар мен құбылыстардың атауы ретінде əртүрлі деректі жəне дерексіз ұғымдарды білдіріп, атауыштық қызмет атқаратындығы белгілі. Терминологиядағы терминдер де дəл сондай деректі немесе дерексіз ұғымдардың атаулары болып табылады. Яғни, жалпы əдеби тілдегі қарапайым ұғымдар да, терминологиядағы ғылыми ұғымдар да бір ғана зат есім категориясы арқылы көрініс табады. Сондықтан да терминологияда зат есімнің басым болуының ең басты себебі – аталмыш сөз табының тілде деректі немесе дерексіз ұғымдардың атауы ретінде атауыштық қызмет атқаруында.

Адам баласы өзін қоршаған шындық өмірдің құпияларын ашу барысындағы жетістіктеріне, ашқан жаңалықтарына атау беріп отырады. Ғылым мен техниканың, мəдениеттің үздіксіз дамуы ондай жаңа атаулардың көбеюіне жол ашып отыр. Өркениет барысында қол жеткізген ғылым дамуының белгілі бір нəтижесінің тіліміздегі көрінісі болып табылатын терминдердің негізінен зат есімдер болуының объективтік негізі – тілде атауыштық қызметтің ең алдымен зат есімге жүктелетіндігі десек шындықтан алшақ кетпейміз. Қазақ терминологиясының алуан түрлі салаларындағы жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі арқылы жасалған зат есім терминдердің арнаулы саладан орын алуының өзіндік ерекшеліктері бар. Жалпы лексика негізінен сөздің тура мағынасының метафоралануы, сөз мағынасының тарылуы, кеңеюі (яғни нақтылануы) жəне калькалану тəсілдері арқылы терминденеді. Көп жағдайда екі затты немесе құбылысты салыстыру барысында байқалған олардың қандай да бір ұқсастықтары сөздің бастапқы мағынасының метафоралануына негіз болады. Ондай ұқсастың негізінен бұрыннан бар ұғым мен жаңа ұғымның түр, түс, көлем, пішін, қызметтеріне байланысты болуы мүмкін. Мысалы, терминделуші ұғым мен бұрыннан белгілі заттың немесе құбылыстың қызмет ұқсастықтарына байланысты жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуін мына мысалдан көруге болады. Əдеби тілде сауыт деп «оқтан, найза-сүңгіден сақтану үшін ертеде батырлар киген тор көзді темір кіреукені» жəне «əртүрлі зат салып қоятын кішігірім құты ыдысты» айтса, биологияда сауыт (панцирь) деп «Кейбір жəндіктер (мысалы, шаянтəрізділер) мен жануарлардың (бірсыпыра балықтар, жорғалаушылар, тасбақа, крокодил), сүтқоректілердің денесін қаптап, оларды жауыннан, зақымданудан қорғайтын қатты жабындыны» айтады.  Батырдың сауыты оны оқтан, найза-сүңгіден қорғаса, жəндіктер мен жан-жануарлардың сауыты оларды зақымданудан, жауыннан қорғайды. Екі сауыттың да қызметтері ұқсас. Ұғымдардыңсыртқыпішіндерініңұқсастығынақарайсөздіңметафоралану жолымен терминденуін келесі мысалдан көре аламыз: Əдеби тілде сырға  деп «əртүрлі қымбат металдар мен асыл тастардан жасалған, сəн үшін əйелдердің құлағына тағатын затты» айтса, биологияда сырға термині «кейбір құстардың алқымындағы екінші жыныстық белгісі болып табылатын салпыншақ теріні» білдіреді. Мұнда əшекейлік бұйым мен құстың салпыншақ терісінің арасында ешқандай қызмет ұқсастығы жоқ. Сөздің алғашқы мағынасының метафорала- нуына екі ұғымның сыртқы формаларының ұқсастығы негіз болған. Бұрыннан бар ұғым мен жаңа ұғымның арасында осылар сияқты қандай да бір ұқсастықтар болмаса жаңа терминнің туындауына уəждемелік негіз болмаған болар еді.

Г.Ц.Пюрбеев ұғымға ат қою кезінде ескі ұғым мен жаңа ұғымды салыстыру барысында сол тілде сөйлеушілердің санасында олардың басын біріктіретін, жақындастыратын əйтеуір бір ортақ ұқсастық табылмайынша ешқандай семантикалық алмасудың болмайтындығын айтады. Сондай-ақ аталған автордың сөздің бастапқы мағынасының метафоралануы арқылы жасалған терминдер табиғаты жағынан негізінен деректі заттық ұғымдардың атаулары болатынын сондықтан да олардың аталушы объектілері үнемі нақты (деректі) болатын техникалық, ботаникалық, анатомиялық жəне географиялық терминологияға тəн екендігін атап көрсетуі ете орынды.

Деректі ұғымдардың атауы болатын сөздердің метафоралану тəсілі арқылы терминденуінің себебі дерексіз ұғымдарға қарағанда оларды көзбен көріп, қолмен ұстап, өзара салыстыру мүмкіндігінің молдығынан болса керек. Жалпы қолданыстағы сөздердің мағыналары нақтыланып, оған ғылым дамуының деңгейіне сəйкес дефиниция берілу арқылы да сөз терминденеді. Мысалы, əдеби тілде түйсік деп «сананың, ақыл-ойдың тітіркенуі арқылы болатын сезіну қабілетін» айтса, философияда «сезім мүшелеріне əсер ету нəтижесінде туындайтын жəне ми қабығының нерв орталықтарын қоздыратын шындық өмірдегі заттардың қасиеттерінің сəулеленуін», – түйсік дейді. Бұл жағдайда таңбалаушы мен таңбаланушы сəйкес келгенімен термин мен жалпы қолданыстағы сөздің арасында елеулі айырмашылық бар. Сөз арқылы ұғым туралы жалпы мағлұмат берілсе, терминнің дефинициясы арқылы сол ұғымдыөзгеұғымдарданайыратыноныңеңбастыбелгілеріаталыпкөрсетіледі. Ғылым мен техниканың даму деңгейіне сəйкес, терминнің дефинициясы да толығып, өзгеріске ұшырап отырады. Ғылым неғұрлым дамыған сайын сөз бен терминнің арасы алшақтай түседі. Бұл тəсілмен жасалған терминдер жалпы қолданыстағы сөзден өзі қатысты болатын терминологиялық өріс пен терминге тəн дефинициясы арқылы ажыратылуға тиіс. Жоғарыда тіліміздегі сөздердің калькалану арқылы да терминденетінін айттық. Мысалы, жалпы қолданыста «желкен» деп «кеменің, қайықтың жүруіне көмек болу үшін мачтаға керілген қалың матаны» атаса, өсімдіктануда «желкен» термині «гүлдің ең жоғарғы күлтежапырақшасы» деген ұғымды білдіреді. Осы термин орыс тілінде «парус» деп аталады. Терминді қазақ тілінде аудару кезінде «парус» сөзінің жалпы қолданыстағы қазақша баламасы желкен өсімдіктану терминдерінің қатарынан орын алды. Яғни, «желкен» сөзі семантикалық калькалану жолымен терминденді. Ал орыс, тіліндегі парус термині метафоралану тəсілімен жасалған.

Терминденудің бұл тəсілдері барлық терминденуші сөз таптарына қатысты болады. Сөз таптарының терминденуінің өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Ғылым мен техниканың түрлі салаларындағы етістік терминдердің ішінде ең көп ұшырасатыны – тұйық етістік.

Етістіктің бұл түрі арқылы жасалған терминдерді арнаулы салалардың барлығынан дерлік табуға болады. Мысалы, тіл білімінде – жіктеу, септеу, қиысу, қабысу, матасу, меңгеру, үстеу, жалғау т.б. Заң ғылымында — айыптау, анықтау, беттестіру, ескерту, тергеу, тұтқындау, тінту, таныту, іздеу т.б., геологияда – бұрғылау, қабатталу, кептелу, үгілу, шаймалау, сүйірлену, ісіну т.б., экономикада – арзандау, арзандату, жекешелендіру, кему, қымбаттау, тұтыну, ұзарту, өткізу, үйлестіру, сақтандыру т.б.46, информатикада – жобалау, жоғалу, елеу, қамығу, мүшелеу, күту, сұрыптау, перделеу т.б., əдебиеттануда – шендестіру, əсірелеу, дамыту, теңеу, суреттеу, толғау т.б., философияда – адасу, қоздыру, бейнелеу, табыну, ойлау, байқау, қорыту, терістеу, шектеу, байымдау, қалыптасу т.б., химияда – тұтану, шіру, булану, ісіну, көмірлену, тотығу т.б..

Қазақ тілі терминологиясындағы қимыл атау формасымен келетін терминдер көбінесе орыс тіліндегі – ени(е), ани(е) суффикстері арқылы жасалған терминдерге сəйкес келетінін байқауға болады. Мəселен, септеу – склонение, жіктеу – спряжение, жалғау – окончание, теңеу – сравнение, ойлау мышление, тозаңдану – опыление т.б.

Сондай-ақ орыс, тіліндегі – к(а) жəне – изаци(я) суффикстері арқылы жасалған кейбір терминдердің мағынасын да қазақ тілінде қимыл атау формасы арқылы беруге болады. Мысалы, жекешелендіру – приватизация,  сұрыптау  сортировка, арзандату – уценка т.б. Бұл құбылыс тіліміздегі қимыл атау формасымен келетін етістіктердің семантикалық мүмкіндігінің молдығын жəне терминдену процесіндегі өнімділігін аңғартады.

В.Даниленко орыс тілінде «егер етістік барлық уақытта тек процестің, əрекеттің терминделуші ұғымын білдірсе, етістіктен жасалған зат есімдер өзінің грамматикалық табиғатына сəйкес заттық ұғымды білдіріп, процесс нəтижесін, əрекет ету құралын белгілейтін екінші заттық мағына туғызады, ол іс жүзінде процесті белгілейтін терминмен омоним болады», – дейді. Етістік негізіне – у жұрнағы жалғану арқылы жасалған формалар тілімізде етістік категориясының құрамында қаралып жүргенімен, қимылдың, əрекеттің нақтылы процесін білдіруден гөрі оның атауы ретінде қызмет ететіндіктен де қимыл атауы делініп, семантикасы жағынан да, түрленуі жағынан да етістіктен гөрі зат есімге жақынырақ екендігі айтылып жүр.

Қимыл атаулары терминологияда қимыл-əрекетті білдіру мағынасын сақтай отырып, көбінесе дерексіз заттық ұғымдардың атауы болып келеді. Яғни, белгілі бір процесс пен сол процесс нəтижесінде туындаған заттық ұғымның басын қосып, бір ғана атаудың ішіне сиғызады. Қимыл атауларының бұл əмбебаптық қасиеті бірінен-бірі туындайтын іргелес жатқан ұғымдардың аражігін ашудан гөрі олардың арасын жымдастырып, жақындата  түседі. Іс жүзінде ондай тұтастықтың ғылымда немесе кез келген арнаулы салада сол ұғымдардың арасы айқын ажыратылмауына, болмаса оларды жіктеудің қажетсіздігіне байланысты болуы да мүмкін. Тілде процестік ұғым мен заттық ұғымның аражігі ажырап, дербес мағынаға не болған жағдайлар да молынан ұшырасады. Мысалы, тіл біліміндегі жалғау термині «сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді жалғастырып, сөз тудырып, сөз өзгертіп тұратын қосымша», – деген ұғымды білдіреді. Мұнда нақты заттық мағына бар. Жалғау деп белгілі бір басы ашық қосымшаларды (көптік, септік, тəуелдік, жіктік жалғауларын) айтамыз. Осы қосымшаларды қандайда бір сөзге қосу процесін айтсақ, онда процестік мағына бар. «Түбір етістікке көптік жалғауын жалғауға болмайды» десек, осындағы алғашқы жалғау зат есім де, екіншісі – етістік. Бірі – заттық ұғымды, екіншісі – процесті білдіріп тұр. Бұл қатарды теңеу, қоршау, егеу, қашау сияқты терминдермен толықтыра беруге болады.

Тілдік деректерге қарағанда, егер қимыл атау формасымен келетін терминдер процесс пен дерексіз заттық ұғымды білдірсе, онда олардың аражігі көмескіленіп, бір ұғым сияқты көрінеді екен де, ал процестің нəтижесі немесе құралы нақты ұғымды білдірсе, олардың аражігі айқындалып, дербес атаулар түрінде көрінуге мүмкіндігі арта түседі екен. Терминологияда қимыл атау формасымен келетін терминдердің молынан ұшырасуының себебі – ең алдымен қимыл-əрекетті білдіру үшін етістіктің қажеттілігінен болса, екіншіден терминдердің ұғым атауы ретінде зат  есімге тəн формада көрінуді қажетсінетіндігінен деп білеміз. Қимыл атауының бойында осы екі қажеттілікті де өтейтін қасиеттер бар. Терминологияда сын есімдердің де өзіндік орны бар. Сын есімдер негізінен тіркесті терминдердің құрамында кездеседі. Мысалы, жай сөйлем (тіл білімі), қара өлең (əдебиеттану), сары дақ (физиология), ащы ішек (медицина) деген терминдердің алғашқы сыңарлары сапалық сын есімдер де, жұқпалы ауру (медицина), қалыпты қысым (химия), тұрлаусыз мүше (тіл білімі) терминдерінің бірінші сыңарлары қатыстық сын есімдер болып табылады. Яғни, терминологияда қатыстық сын есімдер де сапалық сын есімдер де тең дəрежеде қолданылады.

О.С.Ахманова тіркесті терминдер құрамындағы сын есімнің өзі тіркесетін зат есімнен тең дəрежеде термин болатын жағдайынан, сын есімнің өзі термин болмай зат есім белгілейтін терминдік ұғымға қатысты болатын тұстарын ажырата білу қажеттігін айтқан болатын53.

Шындығында да, сын есімнің терминдік қызметін анықтауда аталған ерекшелік ескерілуге тиіс. Мəселен, қосалқы бүршік, жылдық сақина (өсімдік- тану), жаяу əскер, отты қару (əскери терминдер), қосымша құн, жеке меншік (экономика) терминдерінің алғашқы сын есім сыңарлары жеке алғанда, термин емес те, екінші зат есім сыңарлары терминдер. Арнаулы ұғым бұндай жағдай- да тұтастай сөз тіркесі арқылы беріледі. Ал дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс сияқты терминдердің екі сыңары да терминдік ұғымдарды білдіреді. Алғашқы сыңарлары жеке термин ретінде дауыстылар, дауыссыздар немесе ашық дауы- стылар, қатаң дауыссыздар түрінде сапалық сын есімдермен тіркесіп те қол- данылады. Осы тəрізді тіркесті терминдердің құрамындағы дербес терминдік мағынасы бар сын есімдерді В.Даниленко «терминдік элемент» деп көрсетеді, [1971, 56]. Біз де осы пікірді қолдай отырып, екі сыңары да терминдік ұғымды білдіретін тіркесті терминдердің құрамындағы сын есімдерді терминдік эле- мент деп білеміз. Өйткені олар бүтіннің бөлігін құрайды əрі негізгі терминдік ұғымды білдіруші басыңқы сыңарына нақты терминдік мағына үстейді.

Алғашқы сыңарлары дербес терминдік мағынаны білдірмейтін (қосалқы бүршік) терминдердің айырмасы – олар ұғымдардың аражігін ажыратушылық қызмет атқарғанымен дербес терминдік мағынаны білдіре алмайды. Терминологияда сын есімнің зат есім сияқты дербес ешбір сөзбен тіркеспей терминденуі де ұшырасады. Мəселен сезікті (подозреваемый) деп, заң ғылымында «қылмыс істеді деген күдікпен ұсталған жəне айып тағылмастан бұрын бұлтартпау шарасы қолданылған адамды»54  айтады. Бұл терминді толықтырып айтсақ, «сезікті адам» деген болар едік. Алайда, дауысты дыбыс терминін дауыстылар деп қолданған сияқты бірінші сын есім сыңары ғана алынып отыр. Сын есім субстантивтенген. Тіліміздегі үстеу, есімдік сияқты сөздердің терминденуі өте сирек. Терминденген жағдайдың өзінде олар зат есім қатарына көшеді. Терминденуі  жағынан зат есімнен кейінгі орында тұрған сын есім мен етістікке де заттану құбылысы жат емес. Кейбір ғалымдар (В. Даниленко т.б.) ғылыми əдебиетте етістіктердің терминдік мəнде жұмсалатынына көбірек мəн беру керектігін айтады. Алайда терминдер мен олардың ғылыми əдебиетте қолданылуын бір деңгейге қоюдың қисыны жоқ.

Қорыта айтқанда, терминдер алуан түрлі арнаулы салалардағы деректі немесе дерексіз ұғымдардың атаулары ретінде заттық формада көрінеді. Терминнің осы қасиетіне сəйкес мейлі ол қай сөз табынан жасалса да субстантивтенеді. Ендеше сөз таптарының терминденуі олардың зат есім қатарына өтуімен тікелей байланыста жүзеге асырылады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.