Сарбас Майкөтұлының ақындығы

Главная » Рефераттар » Сарбас Майкөтұлының ақындығы

Сарбас ақынның көп айтыстары мен өлең, жырлары дер кезінде жиналмай, ұмыт болғаны жайында зерттеу еңбектерде айтылып жүр. Дегенмен, Орталық ғылыми кітапхананың сирек қорында “Байқара молдаға”, “Жолдықараға”, “Ақтайға” айтқан арнаулары, “Біліндім талай елге тілімменен (өлер алдындағы домбырасымен қоштасқаны)”, “Атандым Ұлы жүздің Сарбасы (туған-туыстармен қоштасқаны)”, “Байшора, қош аман бол, əзиз ағам”, “Оқ жыландай ысқырған”, “Кегімбайда құмған жоқ”, “Елу басы, он басы” секілді аздаған арнау, толғаулары жинақталған. Сарбас ақын – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қазақ, қырғызды тегіс аралап, көптеген азулы ақындармен жыр бəсекесіне қосылған, сан түрлі қасиеттерді бойына жинақтаған аса дарынды өнерпаз тұлға. Бірақ бізге жеткен туындыларының дені – айтыстар. Əрине, бұл ақын поэзияның басқа түрлерін жырламады деген сөз емес. Сарбас əр кезеңдерде Қаңтарбай, Еркебай, Жамбыл, Қуандық, қырғыз Қалмырза сынды тұлғалы ақындармен жəне Саумал, Күлзия, Тұрсынай, Өзипа қыздармен айтысқан. Өкінішке орай, ұрпақ жетесіне Жамбыл, Қуандық, қырғыз Қалмырзалармен айтыстарының үзінділері мен Саумал, Күлзия, Өзипа, Тұрсынай қыздармен қақтығыстарының жұрнағы ғана жеткен. Ақынның ұстанған дəстүр-үлгісі, өскен ортасының ықпалы айтыс үстінде айқын байқалып тұрады. Атақ, даңқы дəуірлеген ақындармен кездесіп, өнерін бақылау, реті келсе сөз қағысып жеңілудің өзі жас талапкер үшін үлкен сабақ, өнеге болып табылады. Бұл орайда, “Сарбас пен Қуандық”, “Сарбас пен Қалмырза” айтыстарын атасақ та жетерлік. Жас ақындар сол кездесулерден мол тəжірибе жинақтап, жыр жарыста озып шығудың сан қырлы айла- тəсілдерін үйренеді. Əрине, айтыс өтетін ортадағы тыңдаушылардың екі ақынға да қатыстылығы, жікке бөлінген жанашыр екі топтың арасындағы психологиялық тартыс айтыс тағдырына өз əсерін тигізері анық. Е. Тұрсынов айтқан ұлттық ойын жанкүйерлері мен айтыскерлер жанашырларының мақсаты ортақ, көтерген туы, айтар ұраны біреу. Ол – елі мен жерінің, ұлтының, руының, тіпті жеке тұлғалы адамдардың жыртысын жыртып, намысын таптатпау.

.

Айтыстың шиеленісуі, шарықтау шегі мен жеңіс кілті де сол топтағы жағдайға əбден байланысты. Əсіресе сол үйге, топқа билік етуші тұлғаның айтыс барысындағы ролі ерекше. Мысалы, Сарбас пен Қалмырза жыр бəсекесіндегі қырғыз манабы Шабданның жалғыз ауыз шешімі немесе Сарбас пен Қуандық тартысындағы Жетісу жұртына ықпалды Кебекбайдың немесе ояздың ақындарға төрелік етуі, болмаса Сарбас пен Жамбыл арасындағы бəсекеде руластарының, жақтастарының молдығын пайдаланған Ноғайбай болыстың қысастығы айтыс тағдырын шешіп отырды. Ел билігінің тізгінін уысында ұстаған би-болыстар өнер жарысында да жағдайды жіті бағдарлап, өзіне икемдеп, қажетті жерінде кесімді сөзді де өздері айтып отырған. Бірақ билеушілер өз əмірімен азулы ақындарды əрқашан жүгендеп, айтқанына көндіре алмаған. Олар да жүйелі сөзге жүгініп, аталы сөзге жығылған. Ақындар айтыста үстем болу үшін өзіне тəн айла-тəсілдерді көп қолданған. Мəселен атақты айтыскер Құлмамбеттің айтуынша, айтыста жеңудің үш шарты бар көрінеді. “Біріншіден, жүректілік керек. Қай жерде, қандай топта, қандай ақынмен айтыссаң да еш қысылып, қымтырылуға болмайды. Өзіңді өз үйіңде отырғандай еркін ұстауың керек.

Екіншіден, сенің аузыңнан шыққан сөзге əзіл-қалжың араласа жүрсін, сонда ғана қаумалаған қалың топтың назарын өзіңе аударасың. Үшіншіден, қарсыласың бұрын кіммен айтысып, кіммен қағысқанын, кімді қалай жеңіп, кімнен қалай жеңілгенін жақсы білу керек. Сонда ғана онымен ұстасу жеңіл соғады” [1, 13 б.]. Бұл шарттар шəкірттеріне үйрететін негізгі қағидалары екен. Айтыскермен талай айтыс-тартыста қатар жүрген Сарбас та жеңіс тұтқасы есебіндегі осы тəсілдерді өзі де үнемі ескеріп отырғанын көреміз. Қожамберлінің үйінде өзін құдды туған аулында жүргендей сезініп, би-болыстардың арасында еркін отырады. Тіпті терезесі тең адам сияқты: Мен Майкhттіi Сегіз jлыныi бірі едім, Мен сендейдіi бəрін де, Жаншып тастап жcр едім. ШаXыртXан соi мыналар, Бjл жиынға кеп едім [2], – деп, үй толы мəнсаптыларды онша жақтырмаған сыңай танытады. Бөтен ел, қалалы жерде жүргені шабытын жанығандай, айылын жинауды да білмейді. Тіпті қызған сайын үдей түседі. Мұндай сабырлы мінез осы Алматыда өткен Əбділданың асында да, Қалмырзамен айтысатын қазақ-қырғыз бас қосқан жиында да сақталады. Сарбастың бойына жинақталған батылдық, жігерлілік, тапқырлық, төзімділік секілді қасиеттер ірі айтыс ақындарының көпшілігіне тəн. Айтыс ақындарының тағы бір үлкен ерекшелігі – олар айтыс қарсаңында қызықты эпикалық туындылар, қисса-дастандардан, атақты ақындардың жəне өзінің жеке айтыстарынан үзінділер орындап, тыңдаушы көпшілікті баурап алады. Əр айтыстың алдында шағын кіріспе келтіріп, қашан, қайда өткенін, кімнің жеңіп, кімнің ұтылғаны жөнінде мəліметтер береді. Өз шығармаларын айтқанда да кімнен үстем болып, кімнен жеңіліп опық жегенін қоспасыз, бүкпесіз жеткізіп отырады. Ілгерідегі ақын- жыраулардың тектілік қасиеттері мен шынайылық пиғылдары Сарбас сынды өрелі өнерпаздар арқылы ұрпақ зердесіне жеткені даусыз. Ақын бірде езуінен шыққан əзіл- күлкі, ащы əжуа, өткір мысқыл сөздерімен қарсыласының олқы тұсын дəл басса, енді бірде көңілін аулау арқылы тыңдаушыларының назарын тағы да əріптесіне аударып психологиялық тəсілдер пайдаланады. Сырттан қысыла кіріп, арқасы қозып, шабыт буып отырған шалымды ақынға не айтарын білмей тосылған Жамбылға: Сыртыiнан бағармын, UазыXтай жерге Xағармын. Талай-талай мініi бар, Іздеп жcріп табармын, – деп, одан əрі састыра түседі. Айтыс өнері қай қарсыластан болса да қолма-қол жауап талап етіледі. Кейде оқыстан анайы, тұрпайылау сөздер шығып кетуі қалыпты жағдай ретінде ескеріледі. Мұндай сəттер қайым айтыстарда жиі орын алады. Сарбастың Қуандықпен, Жамбылмен, Өзипа, Тұрсынай қыздармен айтыстарында осындай сөз тіркестері ара-кідік ұшырасып қалады. Бұл əрекет тыңдаушының көңілін көтеріп, жалықтырып алмау үшін де қолданылатын тəсіл болуы мүмкін.

.
.

Ақын қарсыласының жеке басы, елі мен жері, бұрынғы айтыстардағы жетістіктері мен кемшіліктері туралы мəліметтерді жинақтап, жыр жарысына дайындықпен баратынын көреміз. Мысалы, алдында Қуандықтан жеңіліп қалған Сарбас, Əбділданың асына бұрынғы кеткен есесін қайтару үшін арнайы əзірлікпен барған сыңайлы. АйтXаныма салайын, Шайтаныiды Xағайын. Uаржаудағы есемді, Ояз алдында алайын [3], – деуі сөзге дəлел боларлық. Алматыдағы жиынға барар жолда Сарбас та, Жамбыл да үлкен үлкен əзірлікпен келгені анық. Себебі Қожамберлінің бүкіл Жетісуға танымал адамдарды шақырып бастарын қосатынын, онда ақындар шақыртылып, өлең-жыр айтылып, айтыс өтетінін жəне ақындардан кімдер шақырылғанын алдын ала білген ақындар дайындықсыз келуі мүмкін емес. Оған жоғарыда мысалға келтірілген Жамбыл айтқан айтыстың кіріспесіндегі мына жолдар айқын дəлел: Алматы деген шəріде, Жjрт жиналып жатXанда, Uыбырай Uожамберлі болыс Жамбыл cйге кел деп айтXанда, Сəскеде келдім cйіне. Бір өңірде жапсарлас жатқан тайпалардың өкілдері болғандықтан, Сарбас пен Жамбыл бұрын кездеспеуі мүмкін емес. Кездескен, бірақ айтысудың сəті түспеген сияқты. Сондықтан екі ақынның осы кездесуін кездейсоқтық деп айту қиын. Қазақ айтыс өнерінде бірін-бірі іздеп жүріп айтысу дəстүрі ежелден қалыптасқан. Тым арыға бармай-ақ, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін Біржанның Сараны, Əжектің Шəріпжамалды, Таңжарықтың Қойдымды, Кененнің Нұриланы əдейі іздеп айтысқаны белгілі. Талапкер қай ақынмен жыр жарысқа түскісі келсе, сол туралы дерек жинақтап, даярланып жүретіні анық. Жамбыл естеліктерінде Құлмамбет, Майкөт сынды арқалы ақындармен кездесудің орайын ұзақ күткені айтылады [4, 188 б.]. Шындығында, табиғи дарын-қабілеті мен өмірден алған тəжірибесін ұштастыра отырып, импровизаторлық шеберлігі шыңдалған соң ғана бетпе-бет жүздескені мəлім. Сарбастың айтыста жиі қолданатын əдістерінің бірі – елінің, жерінің, игі жақсыларының байлық, салтанатын дəріптей отырып, аз аталы, əлсіз рулардан шыққан ақындарға сес көрсетіп, бетін қайтару. Жамбылмен айтысқанда бұл тəсіл ерекше орын алған. Ақындардың ортаға салар адамдары – Оңтүстікке, Жетісуға белгілі игі жақсылар. Сол себептерден де айтыс үстінде жалған айтып жалтарудың мəнісі жоқ. Кейде шалқыған шабыттың əсерінен ауытқып жатса, екіншісі өрескел тұстарын түзеп отырған. Сарбас Майкөтұлы шығармалары бейнелеу құралдарына мейлінше бай, олардың танымдық, тағылымдық, əсемдік əсері мен эстетикалық қызметі ерекше мəнді. Ол – дəстүрлі халық поэзиясының, халық даналығының інжу-маржандарын айырықша сезіммен талғап-екшеп өз туындыларына шебер қолдана білген сөз зергері. Оның ақындық даралығы бейнелеу құралдарын шашыратпай, тығыз бірлікте, поэтикалық тұтастық қалпында игера алатын зор қабілетінде жатса керек. Ру шежіресі, ел басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер ақын поэзиясынан тысқары қалмайды. Тарихи шындық көркемдік шындықпен астасып, жымдасып жатады. Сөйтіп айтысқа тың сипат беріп, тақырыпты жаңаша түрлендіру арқылы мазмұнын жаңғыртады. Қазақ халқы мен оның ұлан-ғайыр даласының ілгергі-бергі тарихын, мəдени-рухани, əлеуметтік-қоғамдық өмірі туралы сан-саналы мəлімет жинау, оны есте сақтаудың өзі мол тəжірибе мен асқан дарындылықты қажет ететіні сөзсіз.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.