Сарымсақ өсімдігі

Главная » Рефераттар » Сарымсақ өсімдігі

Ол қандай өсімдік? Сарымсақ – пияз тұқымдастар тобына жататын көпжылдық шөп тəріздес өсімдік. Оның пиязшығы өте көп пиязшықтардан – «тілшелерден» құралады. Сарымсақтың пиязшығы жəне тілшелері жұқа құрғақ қабықшамен қапталады. Сабағының биіктігі 1 метрге дейін жетеді. Жапырағы жалпақ, қатар жүйкелі. Гүлсидамы 1,5 м биіктікке дейін өседі. Ол гүл шыққанға дейін шиыршықталып тұрады да, соңынан тарқатылып кетеді.

Сарымсақ – тағамдық, көкөністік өсімдік. Оны шұжық өндіруде, сүрлеме жасауда асқа дəм беретін зат есебінде пайдаланады. Сарымсақтың екі түрлі іріктемесі бар: күздік сарымсақ, жаздық сарымсақ. Күздік сарымсақ қысқа қарай егіледі. Оны күзде, суық түсерден 5-6 апта бұрын отырғызады. Жаздық түрін көктемде топыраққа отырғызады, ол күзге таман жуашықтар түзейді. Қазақстанда бірнеше сорты белгілі, олардың ішінде: жергілікті «Дунганский», «Заилийский», жергілікті «Южный фиолетовый» дегендері бар.

Құрамы. Жаратушы иеміз сарымсақтың құрамын өте бай етіп жаратыпты. Зерттеушілердің айтуынша, оның құрамында В жəне C тобына жататын дəрумендер, хлор, темір, фосфор, йод, марганец, кальций, мыс, магний, көмірсулар жəне тағы да басқа микроэлементтер көп. Басым бөлігі судан, көмірсулар мен ақуыздардан тұрады. Селен, A, B1, C, PP дəрумендері де кездеседі. Аздаған мөлшерде майлар да жоқ емес. Солардың бірі – эфир майы. Мамандардың айтуынша, 100 г сарымсақта – 150 ккал бар.

.

Қызықты мəліметтер. Ертеде римдіктер мен гректер сарымсақ жеген əскер батыл əрі өжет болады деп сенген. Тіпті Олимп ойындарына қатысатын атлеттер де бұдан шет қалмаған. Мысырлық əйелдер балаларын ішек құрттардан сақтау үшін мойындарына сарымсақ іліп қоюды əдет еткен екен.

Пирамидаларды салып жатқан жұмысшыларды түрлі аурудан қорғау үшін оларға пияз бен сарымсақ қосылған тағамдарды көп жегізген. Сарымсақ жеу олардың жұмысқа деген қабілеттерін арттырған көрінеді. Бұл жайында б.з.д. 450 жылы Мысырға саяхат жасап, Хеопс пирамидасын тамашалаған көне грек тарихшысы Геродот мынадай естелік жазып қалдырған: «Пирамидада көне Египетке тəн белгілермен таңбаланған жазбалар сақталыпты. Онда пирамиданы салып жатқан уақыттарда жұмысшылар тұтынған ащы көкөністер: шалған, пияз бен сарымсақтардың мөлшері көрсетіліпті. Əлгі жазбадағы таңбаларды түсіндіріп тұрған аудармашым бір мезетте қатты таңғалған кейіпте: «Білесіз бе, жұмысшыларға пияз бен сарымсақ алуға жұмсалған ақша тұп-тура он алты мың күмісті құрапты», — дегені есімде жақсы қалыпты».

Қытай халқы сарымсақты ас қорыту мен тыныс алу жолдарындағы ауруларды емдеуге, оба мен тырысқақ індеттерінен қорғануға, əйелдердің етеккір циклі бұзылған кезде, тері ауруларына, ревматизмге, авитаминозға қарсы пайдаланса, көптеген ұлттар сарымсақты əлі де жылан шаққанда, удың əсерін кетіруге жаратуда.

Бірінші дүниежүзілік соғыста да əскерлерге көбірек сарымсақ жегізу арқылы оларды жұқпалы аурулардан қорғау тəжірибесі іске асырылған.

Қалай қолдану керек? Сарымсақты негізі шикідей жеген пайдалы. Сарымсақтың өткір иісін артынан алманы, жалбыз жапырақтарын немесе балдыркөкті шайнау арқылы немесе сүт ішумен кетіруге болатындығы айтылады.

.

Сарымсақтың пайдалары. Бүгінге дейін зерттеген ғалымдардың айтуынша, сарымсақтың құрамында төрт жүзден аса пайдалы компонеттер бар.

Бірқатар пайдалары мыналар: Құрамындағы антиоксиданттардың жағымды емдік қасиеттері мол. Қан қысымын төмендетеді. Қабынуға қарсы. Перифериялық қан тамырлардың бітелуі мен ластануының, сондай-ақ ми ісігінің алдын алады. Иммунитетті нығайтады, организмді қоршаған ортаның зиянды əсерінен қорғайды. Ағзадағы бактерияларды өлтіреді. Асқазан-ішек жолдарына, жүрек-талма ауруларына ем. Микробты болдырмайды, жараны тез жазады, ауруды басады, ішекқұрттарды жояды, қақырықты түсіреді. Авитаминозға өте пайдалы. Оның құрамындағы селен антиоксидантты құрамымен ерекшеленеді.

Сарымсақ қанды тазалайды, ол табиғи антибиотик болып табылады. Ертеде оба ауруына ұшырағандарды емдеуге баратын дəрігерлердің сарымсақ салынған суға батырылған дəкемен жүздерін орап алуы осы себепті деп білінуде.

Сарымсақ суық тиген ауруларға жəне тұмауға да таптырмайтын ем. Тұмау – вирус арқылы жұғатын, өте жылдам, əрі тез тарайтын инфекциялық ауру. Тұмау ауруы адамнан адамға оңай жұғады. Əрбір күз бен қыс мезгілдерінде міндетті түрде бірнеше дүркін ауру белгі беріп, тұмау вирусы қатерлі толқын тудырып отырады. Тұмау барлық аурулардың ішінде бірінші орында тұрады. Өйткені, вирус ылғи өзгеріп отырады. Күрделі эпидемияны (пандемия) «А» вирусы қоздырады. Осы арқылы халықтың 80-100% ауырады, ал «В» вирусының өзгеруі бұған қарағанда аздау. «С» вирусы ешқашан үлкен эпидемияны қоздырмайды жəне де тек кішкентай балаларға ғана қауіпті. Басқа жұқпалы ауруларға қарағанда тұмау өкпенің қабынуына, отит, гайморит, жүрек ауруларына жəне жүйке ауруларының асқынуына əкеліп соқтырады.

Тұмау вирусы ауа арқылы таралады (сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде). Ол тыныс жолдарына түсіп, одан əрі бүкіл ағзаға тарайды. Ауру 1-3 күнде қозып шығады. Ауруға балалар, əсіресе, сəбилер мен мектеп жасындағы оқушылар жиі шалдығады, себебі балалар ағзасы күрделі тыныс жолдары инфекциясын тез қабыл- дағыш келеді.

Ақпан айынан бастап екі сыныптың оқушыларына дəрігердің рұқсатымен сарымсақтың пайдасын байқау үшін жұмыс өткіздік. Дайындық тобының оқушыларына сарымсақты ұсақтап турап, «Киндер сюрприз» шоколадының ішіндегі пластмасс ыдысын тесіп, ішіне ұсақталып тураған сарымсақты салдық. Ыдысқа жіп өткізіп, əр оқушының мойнына тағып қойдық. Ал 1-сыныптың оқушыларын еш өзгеріссіз қалдырдық. Сарымсақ кеуіп кетпес үшін, 10 күн сайынауыстырып тұрдық.

Міне, тамаша! Сарымсақтың соншалықты нəтиже берерін бұрын білген жоқпын. Сарымсақ тақпаған 1-сынып оқушыларының 70 пайызы тұмаумен ауырса, дайындық тобының балалары тұмаудың жеңіл түрімен ғана ауырды. Сонымен, үй жанындағы бақшада өсіп жатқан сарымсақтың пайдасы орасан зор екен.Оның сырын ашып, құпиясын білу мен үшін қызықты болды, сондықтан емдік қасиеттерін əрі қарай анықтадым.

Менің сыныптас құрбым Меруерт наурыз айының 5-ненбастап тамағы ауырды. Оған мынадай ем ұсындым: 1-2 бөлік сарымсақты үккіштен өткізіп, бір стакан сүтке араластырып, қайнатып, суытады. Тұнбаны күніне бір ас қасықтан ішеді. Құрбым дəл солай жасап еді, ауруынан тез айығып кетті. 7 наурызда мектептегі іс-шараға қатысқанына мен өте қуанышты болдым. Алдағы уақытта да керек болар деп өзіне жазып алды.

Кейін шашы көп түсетін əкем 9 маусымнан 15 маусымға дейін коньяктан – 200 гр, сарымсақтан 100 гр алып, екі қоспаны араластырып, бас терісіне жағып, ем жасады. Күнделікті пайдалану нəтижесінде шашы сиреп, көп түсетін əкемебұл емнің пайдасы тиді. Менің əжем Еримова Амантай бірнеше жылдан бері гипертониядан зардап шегіп келеді. Əр түрлі дəрі-дəрмектер ішеді. Əжем бірде ауырған кезде сарымсақтан жасалған емді ұсындым. Емді мамырдың 14-15-і күндері қатарынан екі күн түнге қарай екі-үш түйір сарымсақты ұсақтап турап жеді. Содан соң екі апта үзіліс жасады. 9 маусымнан бастап емді жалғастырды, нəтижесінде ағзадағы қан қысымы қалыпты жағдайға түсіп, əжемнің денсаулығы біраз жақсарып қалды.

«Күнделікті ас үйде қолданып жүрген сарымсақ денсаулыққа өте пайдалы екен ғой. Оның емдік қасиетін тауып, маған да, басқа адамдарға да ұсынғаныңа рахмет», — деп əжем алғысын жаудырды.

Денсаулықты сақтауда, ауру-сырқаумен күресте адамның өзін-өзі иландырудың орны ерекше, оның құдіреттілігіне неғұрлым көбірек сенсеңіз, əсері де соғұрлым күшті болады. Ем қабылдағандардың бəрі де сарымсақтың құдіреттілігіне көбірек сенгені белгілі болды.

.

Қорытынды. Қорыта келе, дертке дауа болатын сарымсақ, біріншіден, денсаулықты нығайтуға септігін тигізеді. Екіншіден, дəріханаға барып, ауруына шипа болатын əр түрлі дəрі-дəрмектер сатып алғанда, адамдар қаржы жағынан қиналатыны рас. Ал сарымсақ бізге өте арзанға түседі, себебі ол ауладағы бақшада өсіп тұр. Сарымсақпен тамақ ауруын, демікпені, қант диабетін,гипертонияны, жүрек, тері ауруларын жəне тұмауды емдеуге болады.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, əрбір өсімдіктің дертке шипа болатынын естен шығармайық. Қолда бар байлығымызды жер-ана сыйға тартып жатқан дəрілік шөптер мен өсімдіктерді өз орнымен, үнемді, ысырапсыз пайдалана білейік. Сонда ауамыз таза, көңіліміз шат болады.

Ұсыныс. Елімізде сарымсақ егу шаруашылығын қолға алып, халық игілігіне жаратса, бұл адам денсаулығының нығаюына үлкен көмек болатыны сөзсіз. Мектеп оқушыларының күн сайынғы ас мəзіріне сарымсақты (10-15 гр) енгізуді əдетке айналдырған дұрыс болар еді.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.