Саяси билік және билік ұғымы

Главная » Рефераттар » Саяси билік және билік ұғымы

5777Саясаттануда саяси билік теориясы орын алады. Саяси институттар мен барлық саяси ұғымы әлемінің мәнін түсініп-білуге мүмкіндік береді. Себебі, саясаттың негізгі мәселесі — билік, ал мазмұны — билік үшін күрес және билікті жүргізу. Шығыстың кқрнекті ой-шылы Ибн-Халдун (1332—1406) адамның басқа жан-жануарлардан ерекшелігі — ол билік үшін күреседі деген екен. Ағылшынның ең, ірі фәлсафашыларының бірі, қоғам қайраткері болған Бертран Рассея (1872—1970) физикада басты ұғым энергия болса, қоғамдық ғылымдарда негізгі үғым билік болып табылады деп дұрыс айтқан. Ал Американың әйгілі әлеуметтанушысы Талкотт Парсонс (1902— 1979) экономикалық жүйеде ақша қандай орын алса, саяси жүйеде билік те соншалықты орын алады деген. Сондықтан бұл курстағы басқа тақырыптардың бәрі билікке байланысты келеді.

Билік жөнінде ғалымдар арасында әр түрлі анықтамалар мен тұжырымдамалар бар. Солардың негізгілеріне қысқаша тоқтала кетейік.

  1. Телеологиялық анықтама билікті белгілі бір мақсатқа, белгілеген нәтижеге, қорытындыға жету мүмкіңдігі деп түсіңдіреді. Мысалы, ағылшын фәлсафашысы Т. Гоббс (1588—1679) билік бо-лашақта игілікке жетудің құралы және өмірдің өзі өле-өлгенше билік үшін үздіксіз ұмтылыс деп жазды.
  2. Бихевиористік анықтама бойынша билік деп басқа адамдардың жүріс-тұрысын, өзін-өзі ұстауын өзгерту мүмкіңдігіне негізделген іс-әрекеттің ерекше түрі.
  3. Инструменталистік анықтама билікті белгілі бір кұралдарды, амалдарды (зорлык-зомбылық, күштеу сияқты шараларды) пайдалану, қолдану мүмкіндігі деп біледі. Мәселен, Американың белгілі саясаттанушысы Р. Даль (1915 жылы туған) билік бір адамға екінші адамды өз еркімен жасамайтын іс-әрекетті жасауға мәжбүр ету мүмкіндігін береді дейді.
  4. Структуралистік анықтама билікті басқарушы мен бағынушының арасындағы қатынастың ерекше түрі деп ұғады. Олар кейбір адамдарды туғанынан, табиғатынан әміршіл, басқарғысы келіп тұратын болады, ал басқалары көнбіс, көнгіш, басқа біреу өз ырқын билеп, басқарып, жол көрсетіп тұрғанын ұнатады, қалайды дейді. Солардың арасында, олардың ойынша, билік қатынастары туады.
  5. Конфликтілік анықтама билікті дау-жанжал жағдайында игілікті бөлуді реттейтін мүмкіндік, шиеленісті шешудің құралы деп түсіндіреді.
  6. Біраз ғалымдар билікті кең мағынасында басқаларға тигізілетін жалпы ыкпал ретінде қарайды.
  7. П. Моррис, А. Гидденс сияқтылар, жоғарыдағы көзқараспен келіспей, билікті біреуге немесе бірдеңеге тигізетін жай ғана ықпал, әсер емес, оларды өзгертуге бағытталған іс-әрекет дейді.
  8. Америка саясаттанушылары Г. Лассуэлл мен А. Каплан «Билік және қоғам» деген кітабында билікті шешім қабылдауға қатысу мүмкіндігі ретінде сипаттайды.

Сонымен, біз билік туралы ғалымдардың арасыңда ортақ пікір, анықтама жоқ екенін байқадық. Батыстың әлеуметтанушысы Р. Мартин билік махаббат сияқты, күнделікті тілімізде жиі пайдаланылады, іштей сезіледі, бірақ сирек анықталады деп бекер айтпаған. Оның себебі, француздың саясаттанушысы Ж. К. Шевалье айтқандай, адамдарды биліктің жалпы ұғымының айналасындағы айтыс-тартыстан гөрі нақтылы, шын мәніндегі биліктің өзі көбірек ойландырған, магнитше тартқан. Дегенмен, ғылым болғандықтан анықтама беріледі. Мысалы, «Философиялық энциклопедиялық сөздікте» билік туралы былай делінген: «Сөздің жалпы мағынасында билік өз еркінде жүзеге асыруға қабілеттілік пен мүмкіндік, адамдардың жүріс-тұрысы, іс-әрекетіне қайсыбір амал-әдістер — бедел, құқық, күштеу арқылы шешуші ықпал жасау» («Философский энциклопедический словарь «. М., 1983, 85-бет). Біздіңше, билік деп біреудің екіншілерге әмірін жүргізіп, олардың іс-әрекеті, қызметіне ықпал етуін айтады. Билік адамзат қоғамымен бірге пайда болады және оның даму барысында бола бермек. Ол ен алдымен қоғамдық өндірісті ұйымдастыру үшін керек. Онсыз барлық қатысушы адамдарды біртұтас ерікке бағындыру қиын. Билік адамдар арасындағы карым-қатыпастарды, адамдар, қоғам және мемлекетгік саяси институттар арасындағы қатынастарды реттеуге міндетті. Ол қоғамның тұтастығы мен бірлігін қолдау үшін керек. Алғашқы қауымдық қоғамда билік қоғамдық сипатта болды. Ол кезде билікті қауым бастығын сайлайтын ру мен тайпалардың барлық мүшелері бірігіп іске асыратын. Әлеуметтік бөлшектену өрістеп, мемлекеттің пайда болуына байланысты ру басшыларының адамгершілік беделі төмендеп, оның орнына ақсүйектер билігінің беделі ұлғайды. Биліктің аппараты дүниеге келді, адамдарды еркінен тыс, ықтиярсыз еркіне көндірген мекемелер пайда болды. Олар мемлекет ретінде қоғамнан дараланып, оқшауланып, оның үстінен қарайтын органға айналды. Құлдық коғамда саясат, саяси билік пайда болды. Соңдықтан саяси биліктін пайда болуын қазіргі саясаттануда мемлекеттің пайда болуымен байланыстырады.

.
.

Әдетте, «билік» деген сөз әр-түрлі мағынада қолданылады. Оны ықпал ету бағытына, объектісіне байланысты былай етіп бөледі: ата-аналар билігі, мемлекеттік, экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқыктық, әскери, рухани билік және т.б. Бірақ биліктің толық мағынасы мемлекеттік-саяси салада ғана айқындалады. Сондықтан саяси билік биліктің ең басты түріне жатады. «Биліктің басқа түрлерімен салыстарғанда саяси биліктің мынадай ерекшеліктері бар: оның өктемдік сипаты (ол басқа биліктерден жоғары тұрады, оның шешімдерін қалғандары орындайды), оның бүкіл қоғамның атынан билік жүргізуі, басқару мен кәсіби айналысатын адамдардың ерекше тобының болуы, оның көпшілік адамдардың мүддесін қозғауы, басқа мекемелерге қарағанда билік органдарының тәуелсіздігі, қоғам өмірінің жұмыс тәртібін белгілеуде жеке-дара құқығы, мемлекет шеңберінде ашық күш қолдана алуы және т.б. Саяси билік бар жерде теңсіздік бар. Мұнда біреулер билік етуге құқықты да, екіншілері оларға бағынуға міндетті. Бұл теңсіздік неден туады? Ол үшін саяси биліктің қарамағында теңсіздікті қамтамасыз ететін әдіс-құралдары бар. Оған жататындар:

  1. Экономикалық қор. Қандай саяси билік болмасын оған каржы-каражат керек. Мысалы, сайлау науқанын өткізу үшін ондаған миллион ақша жұмсалады. Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат жетіспегендіктен шет елдерде үміткерлер жеке бай адамдардың, бірлестіктердің көмегіне сүйенеді. Билеуші аппаратты ұстау үшін қаншама қаржы кетеді. Оның үстіне, әдетте, билік басына келген топ өзінің экономикалық бағдарламасымен келеді. Мысалы, АҚШ-тың көрнекті президенттері: Ф. Рузвельт «Жаңа бағыт», Дж. Кеннеди «Жаңа шеп», Л. Джонсон «Кедейлікке қарсы соғыс» және т.с.с. бағдарламаларды алға тартқан. Оларды жүзеге асыруға қыруар ақша іздестіруге тура келеді. Экономикалык қорға қоғамдық өндіріс пен тұтынуға керек басқа да материалдық құндылықтар, құнарлы, шұрайлы жерлер, пайдалы қазба байлықтары және т.б. кіреді.
  2. Әлеуметтік әдіс-құралдар. Үстемдік етіп отырған билік өзін қолдайтын, оның одан әрі өмір сүруіне мүдделі адамдар іздейді. Ондай рөлді ең алдымен оның мәртебелі, абыройлы, жалақысы мол қызметтерді атқаратын, көптеген жеңілдіктермен пайдаланатын қызметкерлері орындайды. Қазіргі Батыс елдерінде үстемдік етіп отырған саяси билікті сақтауға халықтың көпшілігі мүдделі. Себебі, оларда орта деңгейде тұратын адамдар көп, саяси билік басына келгендер соларға арқа сүйейді, көпшілікті мұқтаждык жағдайға жібермейді, елдерінде әлеуметтік әділеттілік, халыкты сақтандыру кең дамыған. Мысалы, зейнеткер жұмыс істеп жүргенде алған жалакысының 90%-ға дейінгісін ала алады, неше түрлі қайырымдылық қорлары жұмыс істейді және т.с.с.
  3. Күш жұмсау құралдары. Олар мемлекетті қорғайды, ішкі тәртіпті сақтайды, саяси билікті құлатуға әрекет жасаушыларға мүмкіндік бермейді. Оған жататындар: әскер, полиция, қауіпсіздік органдары, сот, прокуратура және т.б. Тарихи тәжірибеге сүйенсек, саяси билік оларды өз мақсаттарына әсіресе экономикалық және саяси дағдарыстар кезінде жиі пайдаланады. Оның арнайы дайындалған адамдары болады.
  4. Ақпарат құралдары. Қоғамдык пікір тудырып, саяси өмірге ықпал ету жағынан оны төртінші билік деп те атайды. Кейбір саяси қайраткерлер кім теледидарды бақыласа, сол бүкіл елді бақылай алады деп санайды. Шыныңда да, олардың мүмкіншіліктері мол. Әсіресе, әрбір үйде радио, теледидар бар кезде адамдар өз елдеріндегі жағдайды ғана емес, дүние жүзінде не болып, не қойып жатқанын көріп-біліп отырады. Ақпарат құралдарының маңызы шын мәнінде сөз, баспасөз бостандығы берілген, оппозициялык партиялар бар елдерде арта түседі.
  5. Ақпарат құралдарымен қатар билікті жүргізуде информациялық қордың да маңызы зор. Білім мен ғылыми мағлұматты алу, оларды тарату бүгінгі танда алдыңғы қатарлы орындарға шығуда. Кейбір ғалымдардың(жапондықтардың) айтуынша, информация кімнің қолында болса, XXI ғасырда билік соның қолында болады дейді.

Саяси билік әлеуметтік институттар арқылы жұмыс істейді. Ол ұйымдар, мекемелер, техникалық, информациялык, адамдык. жайттар, қоғамдық қатынастарды ұйымдастыру мен реттеуді камтамасыз ететін ережелер арқылы іске асады. Биліктің қайнар көзі, бастауына бедел, күш, байлық, қан, адамның қоғамдағы алатын орны, ұйым, мүдде, білім және хабарлама акпараттар жатады. Билікті жүзеге асырғанда құқық, бедел, сендіру, әдет-ғұрып, дәстүр, амал-айла, қулық, күштеу, зорлау, еріксіз көндіру сияқты әдіс-амалдар пайдаланылады. Оны жүзеге асырудың түрлеріне үстемдік жүргізу, басшылық ету, үйлестіру, ұйымдастыру, бақылау жатады.

Биліктің қызметтері мен жіктелуі

.

Саяси биліктің өзіндік қызметтері болады. Оған жататындар: қоғамның саяси жүйесін калыптастыру; оның саяси өмірін ұйымдастыру (ол мемлекет пен коғам, таптар мен топтар, ассоциациялар, саяси институттар, мемлекеттік басқару органдары мен аппараттары, партиялар, азаматтар және т. б. арасындағы қатынастарды қамтиды); әр түрлі деңгейдегі қоғам мен мемлекеттің істерін басқару; өкімет органдары, саяси емес процестерге басшылық жасау; саяси және басқа катынастарды бақылау және түптеп келгенде, белгілі бір қоғамға сәйкес басқарудың түрін, саяси тәртіпті және мемлекеттік құрылысты (монархиялык, республикалық), ашық не жабық (басқа мемлекеттерден окшауланып, қоршауланып алған, автаркиялық) қоғамды кұру, қоғамдык тәртіп пен тұрақтылықты қолдау; дау-дамай, шиеленістерді ашып, оларға шек қою және дер кезінде шешу; қоғамдық келісімге, мәмілеге келу және т. б. Қоғамда билік өзара тығыз байланыстағы 3 деңгейде ұйымдастырылып, жұмыс істейді: 1) жоғары орталық саяси институттар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, саяси партиялар мен коғамдық ұйымдарды басқару органдары кіретін өте ірі деңгей; 2) орта буынды аппараттар мен мекемелерді қамтитын және аймақтық, облыстық, аудандық шеңбердегі жергілікті әкімшілік билік (әр түрлі мекемелер, агенттіктер, комиссиялар, кеңестер, префектуралар және т. б. мекемелер) кіретін орта деңгей; 3) адамдар, кішігірім топтар, ұйымдар, одақтар, өндіріс және басқа ұжымдар арасындағы қоғамдық қатынастардың негізі, арқауы болып табылатын, саяси және қоғамдык өзін-өзі басқару өрісін құрайтын кіші деңгей. Билік мәселесін қарастырғанда саяси биліктің «субъектісі» және «иелік етуші» деген ұғымдарға назар аударуға тура келеді.

Субъект деп іс-әрекетті жасаушы, объекті өзгертуші жеке адам, әлеуметтік топ, тап, партия, мемлекетті айтады. Саяси билікті жүзеге асыру үшін арнайы ұйымдар мен мекемелер құрылып, субъект оларға өкілдік береді. Олар билікті колданушы, корғаушы, «иелік етуші» болып есептеледі. Баска сөзбен айтқанда, субъект билікті «иелік етушілер» арқылы жүргізеді. Сондықтан мұны түсінбейтін адамдар билікке «иелік етушілерді» биліктің өзімен шатастырады немесе «иелік етушілерді» билік субъектісінен тәуелсіз деп санайды. Мысалы, мұндай адамдар кез келген шенеунікті, ұйым немесе мекеменің, саяси, әкімшілік, шаруашылык бастыктарын билік иесі деп ұғады. Олардың іс-әрекеттері туралы шағым арыз беруге болмайтын сияқты көрінеді. Мұндай түсінік субъекті енжарлыкқа, керенаулыққа әкеліп соқтырады, биліктен шеттетіледі. Олар өз тағдырын белсенді түрде өзі шешетін мүмкіншілігіне сенімі азаяды. Биліктің субъектісіне жеке адам немесе партиялар, ұйымдар және т. б. жатады дедік. Бірақ олар бәрі бірдей билік жүргізе алмайды. Сондықтан мұндай кұкық адамдардың, ұжымдардың, партиялардың, таптардың, топтардың белгілі бір бөлігіне ғана беріледі. Бұдан келіп билік етуге сенім білдіру мәселесі туады. Демократиялык саяси жүйе ойдағыдай өз ісін атқаруы үшін, әдетте, мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы, сот билігі етіп үш тармаққа бөледі. Оның негізін салушы ағылшын ойшылы Джон Локк (1632—1704) пен француз ғалымы Ш. Л. Монтескье (1689-1753) болды. Заң шығарушы билік (парламент) заң шығарумен, оны бекіту, өзгерту немесе жоюмен айналысады. Ол заң қабылдайды, салық салуды анықтайды, үкіметті тағайындайды, бюджетті бекітеді, соғыс ашып және армияны қамтамасыз етеді, сауданы реттейді, сотты ұйымдастырады, халықаралық келісімшарттарды қабылдайды, саясаттың маңызды ішкі және сыртқы бағытын айқындайды. Атқарушы билікке үкімет, әкімшілік жатады. Оларды заң шығарушы өкілдік органдар қалыптастырады. Атқарушы заң шығарушы биліктің бақылауында болып, олардың алдында есеп береді. Оның жұмысы заңға негізделіп, заң шеңберінде іс істеуі керек. Сырттай қарағанда ол заң шығарушы билікке тәуелді. Бірақ іс жүзінде ол саяси жүйенің маңызды бөлігіне айналған және қоғамдық өмірде зор рөл атқарады. Үкімет саяси шешімдер қабылдайды (бірақ олар конституция шеңберінде болуы және заңға негізделуі керек). Ал әкімшілік ол шешімдерді жүзеге асырады. Соттық билік адамдардың құқығын қорғайды, занды бұрмалаушылықтан сақтайды, парламент не президент қабылдаған заңдардың, конституциялық жарғылардың сәйкестігін анықтайды. Оны халық немесе өкілетті мекемелер қалыптастырады. Ол шығарушы немесе атқарушы билікке тәуелсіз. Өз жұмысында тек занды ғана басшылыққа алады. Егер жоғарғы сот мемлекеттік органның немесе қызмет адамының шешімін конституцияға қарсы десе, ол шешім толығымен күшін жояды. Соттың маңызды принциптеріне жариялылық, айыпкердің өзін қорғауға және сот үкімін бұздыру туралы шағым арыз беруге кұкығы жатады. Біраз елдерде соттың тәуелсіздігін және әділдігін қамтамасыз ету үшін ант берген әділ сот құрылады. Мұндай жағдайда сот процесінде судьяларға тәуелсіз, арнаулы ант берген азаматтардан тұратын қазылар алқасы қатысады. Олар айыпкердің ісі жөнінде шешім қабылдайды. Соның негізінде судьялар үкім шығарады. Қазіргі кезде биліктің үш тармағы жөнінде саясатшы ғалымдардың арасында әр түрлі көзқарастар бар. Олардың кейбіреуі билік санын көбейткісі келсе, екіншілері кеміткісі келеді. Билік санын көбейткісі келгендер төртінші билік деп ақпарат құралдарын атайды. Олардың қазіргі кезде, өмірдің демократияланып жатқан дәуірінде алар орны зор. Әсіресе, сөз, баспасоз бостандығы шын мәнінде беріліп, радио мен теледидарды пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілген елдерде азаматтардың өзіндік санасының өсуіне, коғамның ісіне белсеңді араласуына, адамдардың басшылығы мен жауапкершілігін тәрбиелеуде ақпарат құралдарының мүмкіншілігі ерекше. Ел басқарушы шенеуніктердің қылмысты істерін қалт жібермей әшкерелеп отырса (сондықтан олардан қаймықса), халықтың мұңын мұндаса, шынында да, төртінші билік демей немене? Бесінші деп сайлаушылар билігін айтады. Мұнда сайлаушылардың еркі, талап-тілектерімен қатар кейбір елдерде сайлаушылар соты да бар. Алтыншыға бақылау билігін жатқызады. Қайсыбір елдерде қарамағында аппараты бар Бас бақылаушы да болады.

Мұнда билікті жүргізіп отырған басқарушы партия туралы сөз болып отыр. Кейбіреулер биліктің ерекше түрі деп әскери билікті атап жүр. Сонымен қатар мемлекеттік билік санын қысқартқысы келетіндер де бар. Мысалы, француздың белгілі саясаткерлері Р. Арон, Ж. Бюрдо және тағы басқалар мемлекетте екі-ақ билік, атап айтқанда, заң шығарушы және оған бағынышты әкімшілік билік болады дейді. Сот билігін жоққа шығармайды, бірақ оны әкімшілік билікке қосады. Дегенмен, дүние жүзінің алдыңғы қатарлы елдерінде үш тармақты билік қалыптасқан. Мемлекетті баскару ыңғайлы болу үшін ол биліктер орталық (жоғары) және жергілікті билік болып бөлінеді. Биліктің кейпін, сырт бейнесін, қоғамдағы рөлін, жұмысын және болашағын бағалау үшін оны жүйелеп, топтастырудың мәні зор. Әр түрлі билік өзара байланысты бірқатар белгілермен өзгешеленеді. Атап айтқанда: 1) институционалданған (өзінің басқарушы және тәуелді құрылым деңгейі бар әр түрлі мекемелер түрінде ұйымдасқан, төмен шенділердің жоғары шенділерге ба-ғынышты болып, араларында билеу-бағыну қатынастары орнаған) және институционалданбаған (биресми, басқарушы және атқарушы топтар анық, ашық көрсетілмеген) биліктің түрі (мәселен, саяси ассоциациялардағы билік, биресми топтарды және т. б. басқару); 2) жұмыс істеу саласына байланысты билік саяси және саяси емес болып бөлінеді. Мысалы, соңғысына экономикалық, ата-аналар, корпорациялар және т. б. билігі жатады; 3) құқықтық шегіне, құдіретінің мөлшері мен саласына қарай билік мемлекеттік, ассоциативтік (партиялық, топтық, жергілікті әкімшіліктің және т. б. билігі) болып, сыртқы саясат қатынастарындағы, дүниежүзілік ұйымдар мен одақтардың халықаралық билігі болып жіктеледі; 4) биліктің субъектісі бойынша парламенттік, үкіметтік, соттық, дербес, ұжымдық болып топталады.