Саяси жанжалдар

Home » Рефераттар » Саяси жанжалдар
Рефераттар Комментариев нет

Адамзат қоғамы күрделі әлеуметтік макрожүйе сияқты. Ол таптардан, ұлттардан, ұлыстардан, мемлекеттерден, әлеуметтік топтардан, саяси партиялардан, жалпы қоғамдық бірлестіктерден және басқа да әлеуметтік қауымдастықтардан тұрады. Осы адамдар топтарының әрқайсысының өзге қауымдастықтардың мүдде мақсаттары мен идеалдарымен сәйкес келмейтін жеке мүддесі, мақсаты мен идеалы бар. Осыдан барып олардың арасында біртіндеп саяси жанжалдар мен дағдарыстық жағдайларға ұласатын пікір қайшылықтары, ерегес туындайды, сондай-ақ оларды шешу үшін нақты әдістәсілдер мен шешу жолдары қажет болады.

Айта кетер жайт, саяси жанжалдар мен қарулы күш көрсетулер адамзат тарихының барлық кезеңдерінде де орын алып отырды. Тек қана екінші дүниежүзілік соғыстан соң ғана әлем бойынша екі жүзге тарта аумақтық соғыстар мен жанжалдар орын алды. Олар аумағы мен уақытына қарай шектеулі сипатта болғанымен нәтижесінде көптеген адамдар құрбан болды, үлкен материалдық зиян келтірілді, орны толмас экологиялық зардаптар туындады және т.б. Осы жанжалдар мен соғыстар әлемнің саяси және моральдық-психологиялық жағдайына кері әсерін тигізді. Қазіргі кезде аумақтық және жергілікті жанжалдардың әртүрлі мемлекеттердің ішкі қатынастарына және халықаралық аренадағы жағдайға тигізер әсері жоғарылау үстінде.

Саяси жанжалдар қоғам өміріне қайшылықтар, жек көру, жақтырмаушылық пен қысым алып келеді. Адамдар бұрыннан бері агрессия мен әртүрлі соғыстардың зияны жайлы түсінуі қажет еді. Бірақ, әрбір жаңа ұрпақ жаңа қақтығыстарға қатысып, жаңадан топтар мен бірлестіктерге бірігіп жаңа қантөгістердің орын алу қаупі туындауда. Сондықтан, әлеуметтік-саяси ғылымдарда саяси жанжалдардың сипаты мен теориясын зерттеу аса қажет болып отыр. Мұнда тағы бір айта кететін жағдай саяси жанжалдарды зерттеу әдістемесі әрқилы. Көбінесе қандай әдіснаманы таңдайтындығы зерттеушінің идеологиялық бағытына байланысты болып отыр.

Осыған байланысты қазіргі саяси ғылымда саяси жанжалға ғылыми сипаттама беретін әмбебап әдіснамалық жүйе қалыптасты, оның құрамына кем дегенде тоғыз түсініктемелік топтар кіреді: жанжалдың мәні, себептері, типологиясы, құрылымы, қызметтері, генезисі, динамикасы, алдын алу, жанжалды тоқтату. Саяси ғылымда белсенді түрде саясатқа конфликтологиялық сараптама, саяси үрдістерге конфликтологиялық мониторинг, саяси жанжалдардың туындауына бағдар жасау пайдаланылуда. Саяси жанжалдардың өзге жанжалдардан айырмашылығы оның саяси құндылықтар төңерегінде тундайтындығында: билік, бедел, саяси мәртебе. Сондай-ақ қазіргі кезде саяси жанжалдың себептері мен түсінігінің теориясын жасаудың мәні артып келеді.

  1. Саяси жанжалдың түсінігі мен себептері

Саяси жанжал теориясындағы негізгі түсінік «жанжал» термині болып табылады. «Жанжал» термині «қақтығыс» сөзінің мәнімен бірдей. Бүгінгі күні әлеуметтік-саяси ғылымдарда жанжал ретінде әртүрлі мүдделердің, әрекеттер мен көзқарастардың, ұстанымдардың немесе жанжалды жағдайлардың басқа да субъектілерінің арасындағы қақтығыстарды түсінеді, субъектілерге саясатта өзіндік орны бар жекелеген тұлғаларды, әртүрлі әлеуметтік, этникалық топтарды, әлеуметтік-экономикалық таптарды, мемлекеттерді, әскери-саяси ұйымдарды, экономикалық одақтарды, әлемдік әлеуметтік-саяси және экономикалық жүйелерді жатқызамыз. Осының өзінен жанжалдардың жанжалдық қақтығыстардан субъектілері бойынша, ал қоғамдық қатынастардан көлемі бойынша ерекшеленетіндігін көре аламыз.

Кез-келген жанжалдың өзінің пәні мен объектісі болып сол жанжал бағытталған әлеуметтік қатынас, қоғам өмірінің саласы немесе қоғамдық болмыс танылады. Қазіргі ғалымдар кез-келген жанжалдың бірнеше қажет сипаттамасын ажыратады: кемінде бір-бірімен қатынасқа түсетін екі тараптың болуы, қорлардың тапшылығына негізделген бір-бірін жоққа шығаратын құндылықтар мен ұстанымдардың болуы, бір-біріне қарсы бағытталған әрекеттер, әрбір тарап бір-бірінен бір нәрсе алуы мүмкін өзара қатынас. Мұның өзі қарсы тараптың ниеті мен жоспарын қиратуға, жоюға бағытталған жүріс-тұрысты, сонымен қатар, күшке сүйене отырып қорлар мен ұстанымдарды иеленуді білдіреді.

Жоғарыда берілген сипаттамаларды жинақтап жанжалға нақты анықтама беруге тырысып көруге болады. Жанжал дегеніміз – бұл мүдделер мен құндылықтардың сәйкес келмеуі немесе қорлардың жетіспеушілігі негізінде екі немесе одан да көп тұлғалар, топтар арасында орын алатын күшке сүйеніп әсер ету. Бұл абстрактілік жинақтаушы түсінікті нақтылай кету үшін «жанжал» түсінігін батыстық теоретиктердің классикалық жұмыстарынан іздеу қажет [1].

Танымал авторлардың ішінен американдық әлеуметтанушы Л.Козердің анықтамасын бөліп қарастыруға болады: жанжал дегеніміз – қарсы тараптар арасындағы қорлардың жетіспеушілігінен туындайтын күресті және қарсыласты жоюға, оған зиян келтіруге бағытталған әрекетті қамтитын жүріс-тұрыс. Неміс конфликтологы Р.Дарендороф жанжалды элементтердің арасындағы объективті және субъективті қайшылықтар арқылы сипатталатын қарым-қатынас ретінде түсіндіреді. Кейінгі анықтамалардың бірі ретінде халықаралық қатынас саласындағы зерттеуші Л.Крисберг берген анықтаманы алуға болады. Оның ойынша, жанжал дегеніміз өзара қарымқатынас барысында туындайтын нақты субъектілер арасындағы бір-біріне қарсы бағытталған әрекеттер, көзқарастар және ниеттер.

Бір қызығы батыстық ғалымдардың барлығының саяси жанжалға қатысты анықтамалары жалпылама сипатқа ие және саяси жанжалдың ерекшелігін ашып көрсете алмайды. Бұл қазіргі батыстық зерттеушілерді қызықтырмайды да. Отандық, евразиялық қоғамтанушылар керісінше, барлық кезде саяси жанжалдың өзіне тән ерекшеліктерін ашып көрсетуге тырысып жүрді. Көптеген көзқарастарды жүйелей келе саяси жанжалдың негізгі сипаттамаларын бөліп көрсетуге болады:

Біріншіден, саяси жанжалдар – бұл билікке қатысты (билікті басып алу, оны ұстап қалу, бөліп алу және т.б.) жанжалдар. Бұл барлық теоретиктерге ортақ мәселе. Екіншіден, егер жанжалдың бір тарабы ретінде немесе өкілі ретінде билік қатысатын болса жанжал саяси сипатқа ие болады (қазіргі қазақстандағы саясаттан мысал ретінде мемлекеттік билік органдарының меншік иелері арасындағы өндіріс объектісін жекешелендіруге байланысты дауға қатысуын келтіруге болады). Үшіншіден, кез-келген саяси жанжал – ол субъектілердің барынша көп жақтастарды тартуға тырысуы. Көбінесе бұл нақты ұстанымы жоқ адамдарға байланысты орын алады (мысал ретінде Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға байланысты 1995 жылғы референдум кезіндегі күресті келтіруге болады, сол кездері көптеген саяси күштер референдумға шығарылған құжат мәтінімен таныспаған көпшіліктің санасына әсер етуге ұмтылған болатын). Төртіншіден, саяси жанжалдар бұқаралық сипатқа ие, көзқарас қайшылықтары көпшіліктің көз алдында орын алады. Әрине, бұл демократиялық режимдерге ғана қатысты, авторитаризм күрестің кілем астында өтуін қалайды. Бесіншіден, саяси жанжал – бұл саяси әлемнің бөлінбес бөлігі болып табылады. Олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды. Нәтижесінде билікпен реттелетін және бақыланатын құндылықтарды бөлу орын алатын бір-бірімен қайшы келетін мақсат-мүдделерді көздейтін субъектілер арасындағы күресті саясат деп айқындай аламыз. Алтыншыдан, саяси жанжалдың пәні болып арнайы қорлар танылады, мысалы, мемлекеттік билік, билік институттарының құрылымы, әлеуметтік топтардың саяси мәртебесі және т.б. Егер экономикалық саладағы қорларды бөлу мүмкін болса (мысалы, меншік), саясатта ол қиынырақ: президент орынтағын бөлу мүмкін емес, парламенттегі орындар саны шектеулі және т.б.

Жоғарыда айтылғандар негізінде саяси жанжалға саяси әрекеттер субъектілерінің (жекелеген тұлғалардың, партиялардың, элитаның, топтардың, мемлекеттердің және т.б.) арасындағы өзара қарымқатынастардың қажеттілігіне сай құндылықтардың, көзқарастар мен мүдделердің, артықшылықтардың ашық қақтығысы ретінде анықтама беруге болады. Сонымен қатар, осы анықтамада қамтылмаған латентті жанжалдардың бар екендігін естен шығаруға болмайды (мысалы, федералдық орталық пен федерация субъектілері арасында орын алатын қақтығыстар). Сонымен, «саяси жанжалдың» әртүрлі сипаттама берілетін санатқа жататыны анық. Ғалымдардың бір бөлігі саяси жанжалдың ерекшелігін айқындау үшін оны әлеуметтік жанжалдың бір түрі ретінде қарастырады, екінші біреулері анықтамаларға талдау жасағаннан гөрі нақты саяси қайшылықтарды зерттеуді жөн көреді.

Саяси жанжал әлеуметтік жанжалдың ерекше түрі. Бірақ, өмірлік тәжірибе көрсеткендей саяси мақсаттар мен мүдделер, саяси әдістер мен тәсілдер әлеуметтік жанжалдардың экономикалық, ұлтаралық, аймақтық, әскери және т.б. түрлерінде де жиі орын алады. Осылайша саяси жанжалдың мәндік ерекшеліктері мен әрекет ету аясы кеңейеді, ол әлеуметтік жанжалдардың өзге түрлеріне де кірігеді, кей кездері олардың айқындаушы бөлігіне айналады. Саяси жанжал аса күрделі жағдай болып табылады, ол мемлекеттегі қарама-қайшылықтар мен дағдарыс жағдайының кешенінің қоспасы болып табылады. Сондықтан, жанжал теориясын экономистер, әлеуметтанушылар, философтар мен заңгерлер жасайды және ол саясаткерлердің, елшілер мен қоғам қайраткерлерінің басты назарында болады. Саяси жанжалдың белгілері: екіден кем емес егесуші тараптардың болуы, саяси субъектілердің құндылықтары мен мақсаттарының, мүдделерінің сай келмеуі, бақталас тараптардың болжауға мүмкін емес, агрессивті жүріс-тұрыстары [2]. Бұл белгілер жанжалды жағдайдың туындауына себеп болады.

Жанжал тудыратын жағдай ретінде әлеуметтік субъектілер арасында нақты қайшылықтар туындататын адами мүдделердің топтастырылуын түсінуге болады. Саяси жанжалдың негізі болып әртүрлі себептер таныла алады. Осыған байланысты саяси жанжалдың негізі мен қайнар көзі болып биологизаторлық және бихевиористік тұжырымдамалардағы секілді «өмір сүру үшін күрес» емес, кез-келген қоғамға тән әлеуметтік-экономикалық қақтығыстар танылады. Саяси жанжалдың негізі болып табылатын қарама-қайшылықтарды саяси қатынас субъектілері сезінбеуі де мүмкін, жанжал болса саналы түрде жүзеге асырылады және қарсыласқан тараптардың бір-біріне қатысты нақты әрекеттерінен тұрады. Саяси жанжалдың алдында әлеуметтік қысым, болашақ жанжал субъектілері арасындағы жасырын дұшпандық, қорқыныш пен сезіктену, мүдделердің алшақтауын түсіну, басымдық пен реваншқа ұмтылу жүреді. Саяси жанжал – бұл орын алуының басты шарты болып субъектілердің өзі туралы (өз мақсаттары, құндылықтар мен ниеттері және т.б.), қарсыласы туралы (оның ниеті мен мақсаты), жанжал орын алған әлеуметтік орта туралы ойларының жиынтығы табылатын саяси әрекеттесудің бір түрі. Нақты жағдайдан қарағанда дәл осы ойлар қатысушылардың жанжалдық жүріс-тұрыстарының басты детерминанты болып табылады.

Әлеуметтік-саяси жанжалдардың туындауының себептерін түсіндірудің көптеген жолдары бар. Марксистік ілім әлеуметтік-саяси жанжалдарды экономикалық талдау жүргізу арқылы түсіндіреді. Әлеуметтік-саяси жанжалдардың капитализмдегі табиғаты мен мәнін Ф.Энгельс өзінің «Социализмнің дамуы: утопиядан ғылымға» атты еңбегінде жақсы ашып көрсете алған. Сонымен, Ф.Энгельстің көрсетуінше, біріншіден, алғашқы қауымдық қоғамды есептемегенде адамзат тарихы таптар арасындағы күрес тарихы болды, осы бір-бірімен күресуші қоғамдық таптар кез-келген уақытта өндіріс пен айырбас қатынастарының, бір сөзбен айтқанда өз дәуірінің экономикалық қатынастарының жемісі болуы мүмкін.

Капитализмнің қарама-қайшылықтарының негізгі себептерін талдай келе Ф.Энгельс екіншіден, капиталистік қоғамда да, феодалдық қоғамда да еңбек құралының меншік иесі «өнімді өзі иеленіп алатын тұлға, ал өнім оған тиесілі емес, өзге адамның еңбегінің нәтижесі. Осылайша, қоғамдық еңбек жемісін өндіріс құралдарын қозғалысқа түсіріп өнімді өндіруші емес капиталист иеленді. Өндіріс құралдары және өндірістің өзі де қоғамдық болды. Бірақ олар жекелеген өндірушілердің жеке өндірісі негіз болып табылатын меншіктеу нысанына бағынышты нысанда болып қалады… Осы қайшылықтан… қазіргі заманның барлық коллизиясы бастау алады» деп жазған болатын. Ф.Энгельс капитализмде «бір полюсте байлықтың жинақталуы екінші полюсте, яғни, өз өнімін капитал ретінде шығаратын тапта кедейліктің, еңбек азабының, құлдық пен надандықтың, дөрекіліктің моральдық азғындаудың жинақталуына алып келетіндігін» түсіндіреді.

Дәл осы негізгі экономикалық қайшылықтардан Ф.Энгельс үшіншіден, буржуазиялық қоғамдағы негізгі таптар арасындағы жанжал: «қоғамдық өндіріс пен капиталистік меншіктену арасындағы қайшылықтар пролетариат пен буржуазия арасындағы антогонизм ретінде көрініс табатындығы» туралы қорытынды жасайды [3]. Сонымен, марксизм буржуазиялық қоғамдағы саяси жанжалдардың басты себептерін экономикалық қайшылықтардан, өндіріс әдістеріндегі қайшылықтардан көреді. Марксизмнің қарсыластары кей кездері марксизмді жанжалдың себептерін тек экономикалық қатынастардан іздейді деп кіналайды. Бұл дұрыс емес. Марксизмнің бай теориялық мұрасы бар және онда қоғамдық жанжалдардың көптеген түрлі себептерінің мәні ашылады. Жанжалдар әртүрлі адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға тең емес мүмкіндіктерінен, мүдделердің болмай қоймайтын қақтығыстарынан тұрады. Сондықтан, адами қатынастардың барлығы әртүрлі жанжалдар туындайтын және дамитын алаң болып табылады. Саяси жанжалдарды туындататын себептерге экономикалық, әлеуметтік, діни, адамгершілік және т.б. жағдайлар жатқызылады. Саяси жанжалдардың негізгі себептерінің бірі ретінде шешім қабылдау үрдісінде әртүрлі топтардың тең емес қатыстылығы туындайтын теңсіздікті атап көрсетеді. Саяси теңсіздікке үш үлкен фактор әсер етеді: әртүрлі топтардың саяси мүмкіндіктеріндегі көрінеу айырмашылықтар; билік органдарына барлық топтар мен қоғамның таптарының тең дәрежеде өкіл жіберу мүмкіндігінің болмауы; жариялылық жағдайында әртүрлі мүдделер мен артықшылықтарды үйлестірудің қиындығы.

Саясаттануда идеолгиялық себептерге көптеп көңіл бөлінеді. Қандай жанжал болмасын ол ашық немесе жабық түрде идеологиялық жағынан бағытталып отырады. Саяси конфронтацияда идеологиялық фактор шешуші роль атқармаса да ол жинақтауда және ұйымдастыруда басты рольге ие болады. Мысалы, антикоммунизм кеңес жүйесінің күйреуіне алып келген бүкілресейлік жанжалдың идеологиялық базасы мен қайнар көздерінің бірі болып табылады. Ол қазіргі кезде де билеуші элита үшін дем алатын «оттегі» ролін атқаруда. Жанжалдың идеологиялық жағынан бағытталуы оның өміршеңдігі мен қоғамда кең таралуының, сонымен қатар, азаматтардың әлеуметтік белсенділігіне әсер етуінің басты себебі болып табылады.

Кейбір теоретиктер жанжалдың себептерін саяси қызметтің және саяси қатынастардың психологиясынан іздеуде. Мысалы, неміс саясаттанушысы К.Шмитт экстремальдық жағдайда мүмкін болатын эвентуальдық (сәйкес жағдайда мүмкін) жанжалдың, «дос-қас» моделіне қарама-қарсы себебін өзіне тән саясаттан көреді. Неміс ғалымының пікірі тек ақиқаттың бір бөлігін ғана қамтиды. Шындығында саяси жанжалдың асқынған жағдайында (күш қолданумен байланысты қақтығыста) субъектілер «дос-қас» моделіне қарамақарсы әрекет етеді.

Жоғарыда келтірілген саяси қақтығыстар себептерін басшылыққа ала отырып ғалымдар дұшпандық қатынастардың негізінде саяси мүдделердің антагонизмі жатқандығын алға тартады. Оның мәні «саясаткерде дос та қас та болмайды, тек мүдде ғана бар» деген белгілі афоризмге сай келеді. Саяси жанжалдарда оның субъектілері ортақ мүддеге арқа сүйейді. Кезкелген бақталас субъект ортақ, міндетті мүдде ретінде өзі арқа сүйейтін әлеуметтік топтың мүдделерін алға тартады. Өзінің нақты мүддесін тек билік етуші субъект, яғни кім нақты басшылықты жүзеге асырады сол ғана жүзеге асыра алады. Ал бағыныштылардың, сәйкесінше олардың мүддесін қорғаушы саяси күштердің де мүдделері қалай болғанда да шектеуге ұшырайды. Дәл осында тараптардың әрекеттері мен ұстанымдарының полярлығының, қоғамның поляризацияға ұшырауының нақты мүмкіндігі орын алады.

Жоғарыда айтылғандардан түйетініміз, жанжалдасушы тараптардағы нақты шектеу «билік етуші-бағынышты», «басқарушы – қол астындағы» сияқты қайшылықтар бойынша орын алады. Саяси қатынастардың мәні ақыр соңында осыларға алып келеді. М.Веберге сүйенсек, билік саяси феномен ретінде ең алдымен физикалық күш көрсетуге ұласатын құқықтық мәжбүрлеу жолымен немесе өзге де легитимділік нысаны (дәстүр, харизма) әсерімен биліктің талабын ерікті түрде мойындау жолымен жүзеге асырылатын легитимді басшылық. Саяси жанжалдағы субъектілерді бөліп қарастырудың фундаментальдық негізі – бұл «билік етуші-бағынышты», «басқарушы – қол астындағы» сияқты қарама-қайшылықтар. Осындай негіз бойынша саяси мәртебелердің иерархиялық құрылымы қалыптасады, сонымен қатар, адамдар арасындағы жанжалдардың әртүрлілігі мен табиғатын түсіндіретін объективтік және субъективтік бөлшектердің: мүдделердің, құндылықтардың, көзқарастардың және т.б. сапы түзіледі. Осылайша, жанжалдық қарсы тұрушылықтар адамдардың қоғамдық қатынастарының сипатына енеді. Жалпылама түрде саяси жанжалдың әмбебап қайнар-көзі тараптардың наразылықтарының үйлеспеушілігінде және оларды жүзеге асырудың мүмкін болмауында [4]. Осыған қарап саяси жанжал мәңгілік деп айтуға болады, себебі, барлық азаматтардың сұраныстары толығымен қамтамасыз етілетін саяси жүйені құру мүмкін емес. Сонымен, саяси жанжал дегеніміз – қарама-қайшы мүдделер, сұраныстар, құндылықтар мен білімдер негізіндегі екі немесе бірнеше субъектілердің бір-бірімен күресі. Саяси жанжалдардың себептеріне саяси субъектілердің мәртебесінің қоғамда сәйкес келмеуі, билікке талас, қоғамның материалдық және рухани құндылықтарын бөлісудегі теңсіздікке байланысты әлеуметтік топтар арасындағы қайшылықтар, саяси мақсаттар мен мүдделердің, құндылықтардың сәйкессіздігі, билеуші элитаның қателіктері мен жауапсыздығы жатқызылады. Көрсетілген әрбір себеп немесе олардың жиынтығы қоғамдағы саяси жанжалдың бастауы бола алады. Шындығына келгенде, саяси жанжалың алдын алмаса ол шектен шығып басқа нысанға айналуы, әлеуметтік қауіпті сипатқа еніп үлкен жаманшылық алып келуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда саяси жанжал соғысқа ұласып кетуі де мүмкін.

  1. Соғыс саяси жанжалдардың бір нысаны ретінде

Саяси жанжалдар әртүрлі сипатта дамуы мүмкін. Егер күресуші тараптардың қақтығыстары қарулы күш қолдануға ұласса саяси жанжалдар өзінің ең ақырғы нысаны – соғысқа ұласады. Саясаттануда соғысқа әлеуметтік таптардың, ұлттардың, халықтардың немесе мемлекеттердің арасындағы ұйымдасқан қарулы қақтығыс деген түсініктеме беріледі. Әлеуметтік саяси жанжалдың қарулы күреске айналуының белгісі әрбір тараптың қарудың күшіне сүйеніп қарсыласын өз дегеніне көндіруге ұмтылып, сол мақсатта оның адами және материалдық күшіне қиратушы соққы беруінде. Әдеттегідей соғыста алдыға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін қарулы күш қолдануға қосымша экономикалық, дипломатиялық, идеологиялық қысым көрсету де қатар қолданылады.

Әлеуметтік саяси жанжалдың бір нысаны ретінде соғыс та әлемдік қауымдастықтың барлық даму тарихында орын алып отырды. Біздің дәуіріміз де соғыстан кенде емес, оның бет келбетін қарулы қақтығыстар, оның ішінде екі дүниежүзілік соғыс айқындап берді. Соңғы бес жарым мың жыл ішінде әлемде он бес мыңға жуық ірілі-ұсақты соғыстар орын алды, соның нәтижесінде шейіт болғандар, аштық пен жұқпалы аурудан қырылғандар саны 3,6 миллиард адамнан асады.

Соғысқа саясаттанушылық талдау жасау бірқатар сұрақтарды қарастыруды көздейді, олардың арасында негізгілеріне: саяси феномен ретіндегі соғыстың мәні, қарулы күштер саяси фактор ретінде, қарулы қақтығыстардың түрлері, қарулы қақтығыстардың саяси салдары, соғыстың алдын алу мүмкіндіктері және оны қоғам өмірінен толығымен аластау шарттары. Соғыстың басқа негіздері арнайы әскери пәндердің зерттеу пәні болып табылады. Ежелгі кезеңнің өзінде соғысқа қатысты әлеуметтік-саяси жамандық ретінде көзқарас қалыптасқан. Мұндай ой барлық адамдар бір-біріне бауыр болған және соғыстың жаманшылығы туралы білмеген оралмайтын «алтын ғасыр» жайлы ежелгі әдеби ескерткіштерде көптеп орын алған. Ежелгі үнді патшасы Ашоктың бұйрығымен тасқа қашалып жазылған жазбаларда да соғысқа кінә артылады.

Саяси жанжалдардың қайнар-көздеріне де тоқтала кетейік. Еске саламыз, біз соғысты саяси жанжалдардағы жеке жағдай, ақырғы нысан ретінде қарастырамыз. Бұл соғыстың да табиғаты мен тамыры әлеуметтік саяси жанжалдікімен бірдей екендігін көрсетеді. Соғыстар қоғамның әлеуметтік таптық бөлінісінің нәтижесі болып табылады. Қауымдық құрылыс кезінде де соғыстың элементтері орын алған болатын, бірақ, мұндағы күш қолданып қақтығысулар кездейсоқ орын алды немесе саяси сипатқа ие болмады. Әлеуметтік бөліністің орын алуымен соғыс тұтынушылық өнімдерін және өндіріс құрал-жабдықтарын, сонымен қатар өндірушілерді күштеп меншіктен шығарудың бір әдісі болып табылды. Басқа сөзбен айтқанда соғыстың басты себебі болып әртүрлі әлеуметтік топтар мен қауымдастықтардың үйлеспейтін, қарама-қайшы мүдделері танылады. Адамзат тарихында мыңдаған жылдар бойы орын алған соғыстардың бұдан өзге себебін атап көрсету қиын. Бүгінгі күні ешбір мемлекет, қоғамдағы ешбір әлеуметтік топ соғысты бейбіт өмірден жалыққандықтан бастамайды. Әрбір соғыстың негізінде бейбіт жолмен шешілуі мүмкін емес әртүрлі қақтығысушы мүдделер жатады.

Соғыстың мазмұны мен жүргізілу барысына әсер ететін соғыстың саяси мақсатын бекітудегі айқындаушы рольге саясат ие болады. Бұл жайлы Клаузевичтің еңбегінде былай делінген: «Егер соғыстың бастапқы деректері болып белгілі саяси мақсат табылар болса соғысты туындатқан себеп соғыс барысында басшылыққа алынуы тиіс негізгі және басты пайым болып табылады. Бірақ бұл айтқандардан саяси мақсатты қатал билеуші ретінде түсінуге болмайды; ол өзі қолданатын құрал-жабдықтың табиғатымен санасады, соған сәйкес түбегейлі өзгеріске ұшырауы мүмкін; әйткенмен, саяси мақсатты бәрінен бұрын електен өткізу керек. Осылайша, саясат соғыстың басы-қасында болып, оған тұрақты түрде әсер етіп отырады» [5]. Соғыстың мақсаттары, міндеттері, сипаты мемлекетпен, оның билеуші элитасымен әскери тұжырымдама деп аталатын саяси құжатта бекітіледі. Кең мағынасында әскери тұжырымдама – бұл болуы мүмкін соғыстың сипаты, мақсаты мен мәні, оған мемлекеттің және қаруы күштердің даярлығы, соғысты жүргізудің әдістері мен нысаны турасындағы дәл осы уақыттағы мемлекетпен бекітілген көзқарастар жүйесі. Әскери тұжырымдаманың негізгі ережелері саясатқа, әлеуметтік-саяси құрылымға, мемлекеттің геосаяси жағдайына, өндіруші күштердің даму деңгейіне, жаңа ғылыми жетістіктерге, мүмкін қарсыластар мен одақтастарға және өзге де факторларға байланысты қалыптасады және өзгеріске ұшырайды. Осыған байланысты соғыс жүргізу үшін арнайы органдар – қарулы күштер мен әскер құрылатындығын айта кету керек. Соғыстар азаматтық, мемлекетаралық, аймақтық, дүниежүзілік болып бөлінеді. Азаматтық соғыс – бұл мемлекеттік билік немесе аумақтың тәуелсіздігі үшін бір мемлекет аумағындағы әртүрлі қоғамдық күштер, ұлттар, адамдар топтары арасында орын алатын қарулы күрес, оған әскер, арнайы қызмет органдары, саяси партиялар, діни ұйымдар және өзге де адамдардың бірлестіктері тартылады. Көпұлтты мемлекеттерде азаматтық соғысқа этникалық қауымдастықтар, әртүрлі әлеуметтік топтар қатысады. Мемлекет аралық соғыстар – бұл саяси қайшылықтарды қарулы күш қолдану арқылы шешуге талпыныстар болып табылады. Мұндай соғыстардың себебіне мемлекеттер, нәсілдер және т.б. арасындағы экономикалық, аумақтық, діни, экологиялық өзге де келіспеушіліктер жатқызылады. Халық санының өсуі нәтижесінде өмір сүруді қамтамасыз ететін қорлардың жетіспеушілігі де соғыстың себебіне жатады. Аймақтық және дүниежүзілік соғыстар көптеген мемлекеттердің, әскери топтардың және т.б. қатысуымен жүргізіледі. Аймақтық соғысқа мысал ретінде 1991 жылғы Кувейтке басып кірген Ирак әскерін АҚШ талқандаған «Шөлдегі дауыл» операциясын, 2008 жылғы Оңтүстік Осетия жағында Ресей қатысқан грузин-осетин соғысын келтіруге болады. Дүниежүзілік соғыстар әлемді, аумақтарды, өмірге қажет қорларды кезекті бөліске салумен байланысты орын алады. Оларда көптеген құрбан болады және көптеген мемлекеттердің қатысуымен бірнеше континентте орын алуы мүмкін. ХХ ғасырдың бірінші жартысында екі дүниежүзілік соғыс 1914-1918, 1939-1945 жж. болды. ХХ ғасыр соңында АҚШ пен оның НАТО тобындағы жақтастарының Югославияны бөлшектегеніне, Ауғанстан мен Иракты жаулап алғандығына куә болдық. Әлем жақын болашақта АҚШ пен НАТО қатысуымен болатын жаңа соғыстарға куә болары сөзсіз. Әдебиетте кей кездері «жаппай қырғын соғыс» термині қолданылады, оның астарында көптеген құрбандыққа алып келетін қарулы күш қолданудың шектен шығуы түсіндіріледі. Әрбір соғыс барлық кезеңде де жеңілген мемлекеттің аумағын жаулап алумен қатар жүреді.

Жаулап алынған аумақта жаулап алушы саяси режим орнығады. Өзге мемлекеттің аумағын немесе аумағының бір бөлігін жаулап алған мемлекет онда әскери әкімшілік билік орнатады және т.б. Айта кету керек, ғылыми техникалық прогресстің дамуымен соғыс жүргізу құрал-жабдықтары шектен шыққан және қауіпті болып келе жатыр. Әлем бойынша жинақталған қырып-жою қарулары ауқымды апаттарға, адамзаттың жойылуына алып келуі мүмкін. Соғысушы әрбір тарап үшін соғыстың дамуы мен нәтижесіне қарай саяси салдар әртүрлі болуы мүмкін. Әскери қақтығыс кезінде әсіресе қақтығыстың алғашқы сатысында билеуші саяси элитаның күшеюімен байланысты әлеуметтік қауымдастықтар (таптар, ұлттар, алықтар) біріге бастайды. Бұл үрдістер табысты әскери әрекеттерден соң күшейе түседі, ал биліктің заңдылығы жеңіске қол жеткізген соң аса берік сипатқа ие болады. Бұл кезеңде жеңілген жақтың саяси элитасына қиыншылық кезеңі туады. Соғыс билеуші топ құрған саяси институттарға соңғы үкімін шығарады. Соғыста жеңіліс тапқан саяси күштер елді билеу қабылетінен айрылып саяси аренадан кетеді. Кей кездері жеңілістен соң да билеуші элита билік басында қала береді, бірақ, мұндай жағдай сирек кездеседі. Көбінесе жеңіліс ұлттың дамуында жаңа кезеңнің бастауы болады және жаңа саяси жүйенің орнығуына мүмкіндік тудырады. Соғыстың нәтижесі қоғамның саяси жүйесінің толықтай өзгеруіне немесе мемлекеттің толықтай жойылуына алып келген жағдайлар тарихта аз болған жоқ. Соғыс әлеуметтік-саяси төңкерістің жасырын тетіктерінің қозғаушысына айнала алады [6]. Кез-келген соғыс көптеген құрбандықтарды талап етеді, ол қара халықтың мойнына ауыр жүк болып артылады, соның нәтижесінде үкіметке көңілінің қалуына және үкімет пен қоғам арасында қақтығыстардың орын алуына алып келеді. Мұндай жағдай 1917 жылы Ресейде орын алды, төңкерістің орын алуына соғыс кампаниясы әсер етті, ол өз кезегінде мемлекеттің кедейленуіне және патша билігінің өз заңдылығын жоюына алып келді. Соғыстар адамзат тарихына етене еніп кетті, сондықтан оны болашақта жою мүмкін емес. Маркс соғыс қаупін болдырмау мүмкіндігін коммунистік қоғамдық қатынастардың орнығуымен байланыстырады, оның ойынша сонда ғана әлеуметтік саяси жанжалдардың алдын алуға болады. Егер Зиммельдің жолымен жанжалды адамдарға тән дұшпандық түйсіктің көрінісі деп қарастырсақ жанжалдың бір түрі ретіндегі соғысты жоюға да мүмкіндік жоқ. Адамзат өз-өзін жою қаупімен бетпе бет келген біздің уағымызда көпшілік мұндай жағдайда соғыстың саяси әрекеттің ақылға қонымды нұсқасы бола алмайтындығын мойындайды. Осыған байланысты қазіргі саяси үрдістерде күш қолданбай күресу идеясы кең таралуда. Бірақ, мұндай жақсы идея өздігінен соғысты жою мәселесін шеше алмайды. Сол себепті де көптеген философтардың, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылардың көтерген бағыттары бүгінгі күні әділетті немесе әділетсіз соғыстар, олардың арасындағы айырмашылықтар туралы мәселе күн тәртібінен алынып тасталғанын алға тартуда. Бұл ғалымдардың пікірінше, бүгінгі күні кез-келген жергілікті әскери қақтығыс бүкіләлемдік ядролық апатқа алып келетіндіктен адамзатты аман алып қалу жолында ешқандай әділетті немесе әділетсіз соғыс болмауы керек. Алайда соғыстар бұрынғыша саяси өмірдің шындығы болып қала беруде, ал әрбір жанжалдасушы тарап өз соғысын әділетті және прогрессивті деп санайды. Бірақ, бәрібір де адамзаттың әлеуметтік және адамгершілік прогрессі бір кездері қоғам өмірінен соғысты аластатып Жер бетінде тұрақты және зорлықсыз бейбіт өмір орнайды деп үміттенгіміз келеді. Қазіргі заманғы саясаткерлердің бірі К.Райттың пайымдауынша, жанжалды әскери жолмен шешу иллюзиялық болып табылады, себебі, күшпен ешқандай қайшылықты шешуге болмайды. Жанжал қатысушы тараптардың барлығы үшін тиімді келісімге келу арқылы ғана шешіледі.

  1. Саяси жанжалдардың түрлері және қызметтері

Қазіргі саясаттануда саяси жанжалдарды топтастырудың көптеген жолдары бар. Америкалық саясаткер А.Рапорпорт 1960 жылы саяси жанжалдарды «жағаласу», «шайқас», «ойындар», «пікірталас», «дау» деп бөліп қарастыруды ұсынған болатын.

«Жағаласу» сияқты жанжалдарда қатысушы әрбір тарап басқа тарапты жоюға, бағындыруға, оқшаулауға тиісті жау ретінде қабылдайды. Сондай-ақ олар бұл мақсатқа қалай болмасын қол жеткізуге тырысады. Жанжал қатысушылары тек бір ережені басшылыққа алады өзінің қарсыласына барынша көп зиян келтіру. Көбінесе осы қағида өте үлкен күшке ие болады, жанжалдың қатысушысы қарсыласына зиян келтіру үшін өзі де зиян шегуден бас тартпайды. Бұл қатысушыларына тек қана жеңіс қажет жанжал. «Карфаген жойылуы қажет», деп римдіктер қашан қарсыластардың астанасын жермен жексен еткенше әйгілі Катон қайталай берген екен.

Мұндай жанжалдың моделі және оны шешу жолдары тек жанжалды күш қолданып, мәжбүрлеу жолымен шешетін авторитарлық және тоталитарлық мемлекеттерге тән. Демократиялық қоғамдарда жанжалдың бір белгісі болып табылатын митингтер, демонстрация және сол сияқты акцияларға келсек, ҚазКСР, КСРО аумағында орын алған олар апологетикалық сипатта болды және тек биліктің рұхсатымен өткізіліп отырды.

«Ойындар» бұл қатысушылары жанжалдасуды шектей отырып жасалатын ережелерді басшылыққа алып бір-бірімен үйлеспейтін мақсаттарға қол жеткізу үшін күресетін жанжалдар. Мұндай типтегі жанжалдарда бақталастар өзіне тиімді жолды таңдайды өздерінің кірістері мен шығындарын есептеп әрбір қадамына есеп береді. Жеңіске талпына отырып олар «ойын» аяқталған соң да, тіпті «ойын» барысында да жанжал қатысушысын тиімді ойлай білетін әріптес ретінде танып, онымен қызметтесу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Мұндай жанжал қатысушылары барлық қатысушылар тарапынан мойындалған нормалар мен ережелерді, сонымен қатар, осы ережелердің рәсімделіп, бекітілуін басшылыққа алады. Мұндай жанжалдың мысалы болып сайлау науқанындағы әртүрлі партиялардың бәсекелестігі таныла алады. Бұл жерде нормалар жүйесі болып саяси үрдіс қатысушыларының барлығымен мойындалған конституция, сайлау заңдары, әдет-ғұрыптар танылады. Мажоритарлық жүйеде екі тур бойы партиялар одақтасып келісімге келуі мүмкін, кейіннен парламент құрамында олар партиялық фракциялар құрады, қызметтеседі.

«Пікірталас», «дау» сияқты жанжалдар үшін жанжалдасушы тараптардың әрқайсысы өз қарсыласын оның айтқандарын жоққа шығарып, өз дегеніне көндіріп, сендіру қажет қателесуші, адасушы тарап ретінде қабылдайды. Бұл жанжалдасушының өзге тараптың ұстанымындағы өзгерістер әсерімен өз ұстанымдары мен көзқарастарын өзгерте немесе түзете алуын, жұмсақтықты талап ететін тиімділігі жоғары әрекеттесу түрі. Бұл типтегі жанжалдарда тараптар өзара келісім арқылы пікір қайшылығын жойып, дұрыс келісімге келуді көздеп қарым-қатынас тәртібін өзгертіп, жаңасын қалыптастыра алады.

Жанжалдың соңғы екі түрі жанжалдарда мемлекет күш қолданушы емес арадағы бітімгер ролін атқаратын, мемлекеттің дауларды шешу үшін арнайы тетіктері болатын демократиялық қоғамды сипаттайды. Саяси жанжалдарды топтастырудың талабы ретінде олардың таралу аясын алуға болады. Осыған орай ішкі саяси (ұлттық, мемлекет ішілік) сыртқы саяси (мемлекет аралық, халықаралық) дауларды бөліп көрсетуге болады. Алғашқысына бір мемлекет аумағында орын алатын жанжалдарды жатқызамыз. Олардың ішінде қандай да бір мемлекеттік лауазым мен орынтаққа (ол орын сайланбалы ма жоқ па бәрібір) үміткерлер арасындағы күреске байланысты даулар көптеп кездеседі. Бұған саяси партиялардың бәсекелестік бойынша дауласуын немесе партия қайраткерлерінің партиядағы басшылыққа таласын, бір мемлекеттегі әртүрлі қоғамдық ұйымдардың әртүрлі саяси талаптар бойынша бір-бірімен қақтығысуын жатқызуға болады. Осыған байланысты саяси жанжалдардың қызмет етуші билік ішінде де орын алатындығын айта кету қажет. Бір жағынан билік етуші элитаның ішіндегі әрбір топтың өзіндік мүддесі бар және жағдайды өздігінше бағдарлайды және оны билік етуші тапқа теліп, қабылданатын шешімнің негізі болуын қалайды. Екінші жағынан, ішкі саяси жанжал биліктік өкілеттіктерді бөлісу мен сәйкес шешім қабылдау үшін іштен топқа бөлініп күресумен тікелей байланысты болады.

Ішкі саяси жанжалдар өз кезегінде позициялық (көлденең) және оппозициялық (тігінен) болып бөлінеді. Позициялық жанжалда оның қатысушылары бір иерархиялық деңгейде, ал оппозициялық жанжалда әртүрлі деңгейде болады. Алғашқысына мысал ретінде 1992-1993 жылдардағы Ресей Федерациясындағы заң шығару және атқару билік тармақтары арасындағы текетіресті келтіруге болады. Ресейдегі федералдық орталық пен кейбір федерация субъектілері арасындағы жанжалдар екіншісінің мысалы бола алады.

Сыртқы саяси даулар келесідей бөлінеді: 1) бір мемлекет екінші мемлекеттің өз талаптарын орындауын талап ететін дағдарыс жағдайы – «соғыс алдындағы реттеу». Бұған мысал ретінде 1962 жылғы Кариб дағдарысын келтіруге болады; 2) қарсыласына орындалуы мүмкін емес талаптар қойып немесе оған қарсы соғыс ашу үшін арандатушылық ұйымдастырумен байланысты дағдарыс – «дұшпандық ниетті ақтау». Кезінде Гитлер Польшаға қарсы соғысты ақтап алу мақсатында Гляйвиц радиостанциясына қарсы шабуылды ұйымдастырған болатын. 3) әртүрлі көлемдегі және дәрежедегі соғыстар. Халықаралық болсын ішкі саяси жанжал болсын онда қару қолданылуы да қолданылмауы да мүмкін. Саяси жанжалдар қатысушылар санына қарай екі жақты немесе көпжақты болуы мүмкін. Сыртқы ма жоқ әлде ішкі саяси жанжал ма даулы мәселені талқылау барысында дауыс саны міндетті түрде есепке алынады. Мысалы, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің бес тұрақты мүше мемлекеттерінің арасында осы ұйымның жарғысындағы негізгі қағидаларға байланысты дау туындауы мүмкін, сондай-ақ үкіметке мүше болу жолында әртүрлі саяси ұйымдар арасында да дау туындауы мүмкін [7]. Жанжалдарды топтастыру үшін олардың жүзеге асырылу нысандары, ұзақтығы, туындау себептері және т.б. негізге алынуы мүмкін. Уақытына қарай тараптар арасындағы саяси жанжалдарды аз уақытқа созылатын (қандай да бір министрді отставкаға кетіру бойынша жанжал) және ұзақ уақытқа созылатын (Солтүстік Ирландиядағы католиктер мен протестанттар арасындағы, Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы даулар) жанжалдар деп бөліп қарастыруға болады. Жүзеге асырылу нысанына қарай жанжалдар ашық және жабық болып бөлінеді. Ашық жанжалдардың өзіндік институционалдық нысаны мен құқықтық базасы бар болады. Олар бас көтерулер, митингтер, шерулер, манифестациялар түрінде көрініс табады. Бұл парламент отырысында дауысқа салу барысында ашық түрде шығып кету немесе өз қарсыласына қатысты жария түрде жағымсыз пікір білдіру ретінде де жүзеге асырылуы мүмкін. Жабық (латенттік) жанжал жария сипатта болмайды, оның тараптары сыртқа ақпараттың шығып кетпеуіне ұмтылады, оны бүркемелейді. Мысалы, партия ішіндегі жанжалдар басшы органдардың жабық отырыстарында шешіледі. Сонымен қатар, саяси жанжалдарды құндылықтарға байланысты (Ұлы Француз төңкерісі, Қазан төңкерісі) және мүдделерге байланысты (билік органдарының өздеріне пайдалы шешім қабылдауы үшін лоббистік топтар арасындағы бақталастық және т.б.) деп бөлуге болады.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.