Шәмшабану Қамза қызы

Home » Рефераттар » Шәмшабану Қамза қызы
Рефераттар Комментариев нет

Әлемдегі қазақ атаулы ұлттың атамекені – Қазақстан. Осы атамекен-жерұйықтан Кеңес одағының отарлық ойраншылығынан торғайша тозған қазақтар шетелде жүріп қандай тағдыр кешсе де, өзінің қазақ екенін ұмытқан жоқ. Өзін жұтпақ болған айдаһармен айқасып, аюлармен шайқасып, ұлттық ар-намысына дақ түсірмей – ұлттық салтын сақтап, діндік сенімін қорғап, қазақ тілін көз қарашығындай қастерлеп, ана тілін ана сүтіндей ардақтап, ұрпақ тағдыры, болашағы оқу-тәрбие беру арқылы тарихты ұмытпауға үйретті. Әр елдегі әр ұлттың, мәдениет, ғылым, білім, оқу, тәрбиесінде өз деңгейі, өз биігі, өз шолпаны, өз сұлтаны болатыны сияқты, Қытайдағы қазақтардың да өзі жасаған мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, оқу-тәрбие тарихы бар, қол жеткен биігі бар, сөз өнерінің шолпаны бар, ғылымның сұлтаны бар. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтсақ, Қытайдағы қазақ ұрпақтарын 50 жыл оқытып-тәрбиелеген, өз ғұмырын соған арнаған ардагер ағартушы, ақсұңқар ақын Шәмшабану Қамза қызы туралы айтар едім.

Шәмшабану Қамза қызы 1940 – жылы Қ Х Р – Ш Ұ А Р – ның Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келді. 1952-1955 – жылдары Шәуешек қаласында оқып, 1955-1959 – жылдары Шинжиаң иниституты әдебиет факультетінде оқу тауысып, 1959-1962 жылдары Үрімжі қалалық өнеркәсіп техникумына оқытушы болды, 1962-1970 – жылдары “Шинжиаң жастар баспасында” редактор, 1970-1978 – жылдары Бөрітолының Жың ауданында оқытушы, 1978-1984 – жылдары қалалық 14-орта мектепте оқытушы, 1984-1998 – жылдары Шинжиаң оқу ағарту иниститутында оқытушы болып істеп доцент атағымен зейнетке шықты. Сөйтіп, Шәмшабану 50 жылдық ғұмырын қазақ ұрпақтарының оқып, білім алуына арнады. Шәмшабану 1956 – жылы жазған “Тау бұлағы” атты өлеңімен азаттықтың ақ таңын қарсы алып, шаттықпен шарықтап ұшқан поэзия қарлығашы еді. Ол қаршадайынан қазақтың қара өлеңінің қаймағын қалқып, сағынасын арпадай ақтап, тарыдай түктеп, ерке еліміздің поэзия тұнығын жүзе жүріп қанат қаққан аққу ақын болатын. Бірақ 1957- жылдан басталған Қытайдағы алай- дүлей сайқал саясат салдарынан Шәмшабанудың басына жәбірлі жала, қара құйын қатал қастандықтың қара бұлты төне түскенде қайсарлықпен жеңе білді. Қараңғы түн түнере түскен сайын, таң алдында туған таң шолпан тәрізді жарқырап, жанына жара түсірмей тік шықты. Шәмшабану басынан ауыр азап, қиын күндер өтсе де туған отанына, туған халқына деген қалтқысыз сүйспеншілігі мен адалдығы бәрін де жеңуге себеп болды. Оның поэзия майданындағы батылдығының, батырлығының куәсі ретінде “Жауқазын”, “Ана жыры”, “Ғасыр толғаныстары” атты жыр жинағынан сырт “Ақжігіт -Айдай” деген дастандар жинағымен Қытайдағы қазақ поэзиясының бір тұғырлы биігі, кесек тұлғасы ретінде танылып, өлең өнерінде өзіндік өрнегі бар, өткеніне өкініп, кеткеніне кейімейтін, қайта қаламын қайратына жанып, елдікті, ерлікті, бірлікті, шындықты сүйіп қорғап, ертеңін оймен өрнектеп, жырмен кестелеп келген жүзден озған жүйрік, мыңнан озған тұлпар, сұңғыла ойлы ақ сұңқар, кәусар лирик ақын ретінде танылды.

Шәмшабану ақын, ақын ғана емес, 50 жыл бойы Қытайдағы қазақ ұрпағына білім беру үшін ақындықты тәсіл еткен, осы жолға өзін арнаған – қара көзден нұр тайса да, қара шашы ағарып, алма жүзден ажар тайса да, кіршіксіз ақ жүрегін сумақы суайт сұмырайлар қаралап жараласа да қайсарлықпен арқандай кезде қазақ жастарына жанашыр ана, қамқор ұстаз бола білді. Мысалы, Қытайда жүргізілген аты шулы “мәдениет төңкерісінде” бүкіл ел ақыл-есінен айырылып, “әкеге бала жау, ерге қатын жау, біреуге-біреу жауыққан” алай – дүлей заман туғанда “оқытушыға оқушы жау” болды. Мектеп жабылып, торғайша тоздырылып айдалды. Оқулық отқа жағылды. Жастардың ішінен “Хұңуйбің” дейтін төңкеріске жетекшілік ұйым құрылды. Бұлар жергілікті жерден орталық Ж К П комитетіндегі партия, армия қатарлы жердегі “капитализм жолымен жүрген ұқықтыларды” жұлып шығарып, күреске алуға бұйырылды. Өмір деген не екенін білмейтін жастар желігіп адам өлтірді, өрт қойды, қазына тонау қылмысына тап болды. Сондай кезде өз тілін алатын оқушыларына ақыл айтып, қылмыс өткізуден қорғап қалды. Кейін мәдениет төңкерісі аяқталғанда, оқушы оқитын мектеп жоқ, оқытатын оқытушы жоқ, оқитын оқулық жоқ кезде орталық лажсыз “бұл мәселені әр орындағы жергілікті орын өзі шешсін” болып Шинжиаңдағы ұйғыр, қазақ, қырғыз ұлты өз тіл-жазуымен оқитын тұңғыш тіл-әдебиет оқулығын жер-жердегі қарт оқытушылардың өздері құрастыруына тура келген еді. Міне осындай дағдарыс кезінде қарт ұстаз, мол оқыту тәжірибелі Шәмшабану “Бастауыш мектеп, тіл – әдебиет оқыту қолданбасы”, “Орталау мектеп тіл-әдебиет оқыту қолданбасы”, “Толық орта мектеп тіл-әдебиет оқыту қолданбасы”, “Қолданылмалы әдебиет оқулығы” т.б. оқулықтар мен студенттерге арналған конспектерді дайындады. Сонымен қатар, оқытуда пайдаланатын “Әдеби талғам”, “Базарлық бала қуанышы”, “Қазақтың бесік жырлары”, “Әдебиет атасы – әл Фараби”, “Абай тағлымы әйел теңдігі туралы”, “Таңжарық поэзиясындағы суреткерлік”, “Әдеби жасампаздық” қатарлы ондаған ғылыми мақала жазып, еліне елеулі есе қосқан зерделі зерттермен ғалым, оқытудың маңыз- мақсатын, қадір-қасиетін білетін ардагер ағартушы ұстаз ретінде бүтін еліне танылды. Әрқандай биік таудың биігі болатыны сияқты, Шәмшабанудың да үйренер ұстазы, үлгі алар биігі бар. Қазақстан және Қытайдағы қазақ поэзиясының биіктері – Абай, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ақыт, Таңжарық, Омарғазы Айтан ұлы, Мағаз Раздан ұлы, Құрманәлі Оспан, Дубек Шалғынбаев қатарлы үйренер үлгілер болды. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” дегендей, 50 жылдық ұстазының өз басы да оның алдынан сабақ алған жастар да, бірі мұғалім, бірі ақын, бірі инженер, бірі әнші, басшы…. оларға үлгі-өнеге бола алды. Шәмшабану жыл сайын әр дәрежелі “Оқу-ағарту озаты”, “Ардақты ана”, “Зерделі зерттеуші”, т.б. болып сыйланып жүрді. Оның “Қазақтан бесік жырлары” атты ғылыми мақаласы (Қытай тіліндегі нұсқасы) 2000 жылы оңтүстік Қытайда өткізілген жарыста “Дүниежүзілік үздік шығарма” сыйлығын алды. 2005 – жылы Қазақстанда – Астанада өткізілген дүниежүзілік қазақ қауымдастығының үшінші реткі жыр мүшәйрасында “Арманның суыртпағы” қатарлы өлеңдері бас бәйгені жеңіп алды. Шәмшабану тапқыр, талантты, өнегелі ұстаз. Жарты ғасырдан артық ғұмырын ұлт тағдыры, ұрпақ болашағына арнаған – заман бұлбұлы, ағарту дүлдүлі. Өткен жылы ағартушы ұстаз Шәмшабану Қамза қызының “Арманның суыртпағы” атты өлеңдер мен дастандар және әдеби толғаныстары Алматыдағы “ҚазАқпарат” баспасынан жарық көріп, оқырман қауымға жол тартты. Төменде б ақынның бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.