Шахин Амангелді

Главная » Рефераттар » Шахин Амангелді

Шахин Амангелді — ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 1954 жылы 16 желтоқсанда Жаңақала ауданы Факеев ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Жаңақала орта мектебін, 1979 жылы Орал педагогикалық институтын үздік бітірген. 1980 -1998 жылдар аралығында Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» және облыстық «Орал өңірі» газеті редакцияларында тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. Шахин Амангелді — аймаққа танымал қаламгерлердің бірі болған. «Мәңгі көктем» лирикалық, «Езуіңді жи» сатиралық және «Жайсаңдар — ай Жайықтың» атты жыр жинақтары жарық көрген. Сонымен қатар ол облыс, аудан бойынша жазықсыз жапа шеккен азаматтар жөнінде тың деректер жинаушылардың бірі болған. Соның бір айғағы ретінде «Сол бір сүргін» атты кітабын айтуға болады. Мұнда сол бір зұлмат кездегі ауыл, аудандарда, соның ішінде үкіметке қарсы құрылған жалпақталдық жастардың жасырын «Қазақ халқын қорғаушылар Одағы» ұйымының мүшелері туралы айтылады. Бұл кітапқа Ғұбайдолла Әнесов басшылық еткен осы ұйымның мүшесі болған, кеңестік дәуір тұсында бар ғұмырларын саяси қудалауда өткізіп, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің арқасында ғана азаматтық тендігіне қол жеткізген, жасы жетпістен асқан тірі куәгерлер қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында тұратын Сейтқали Бажекенов пен Орал қаласының тұрғыны Сатқали Молдағалиев деген ақсақалдардың естеліктері арқау болған. Жалпы бұл кітап 1937-1941 жыл аралықтарындағы сталиндік жаппай жазалау мен саяси қуғын — сүргін оқиғасын қозғайды. Тәуелсіз қазақ елінің өткен тарихын, өлке шежіресін білгісі келетін зерделі оқырманға пайдасы зор. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз хатшысы.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.