Шешендік сөздердің ерекшеліктері

Главная » Рефераттар » Шешендік сөздердің ерекшеліктері

Шешендік сөздер әртүрлі қырынан біршама зерттелінген. Жариялану, зерттелу тарихы осыған дейінгі ғылыми еңбектерде айтылған және көптеген қазақтың ұлы ғалымдары, жазушылары талдау жасаған. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері және оның әдебиет пен фольклорға қатысы жөніндегі сауалдарға ғылыми тұрғыдан жауап беру бүгінгі таңда өзекті. Ең алдымен шешендік сөздерді жаратушы тұлға және жанр атауының мәні зерделенуі тиіс. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты. Қазіргі қазақ фольклортануында шешендік сөздерді тудырушы тұлға ретінде би- шешендер айтылып жүр. Екі атау әрдайым қосарланып айтылғанымен, олардың өз алдына дербес мағынасы бар. Халық ауызында бұл атаулар жеке адамдардың есіміне қосақталған кезде көбіне олардың біреуі ғана айтылуынан көп сырды аңғаруға болады. Жиренше есіміне үнемі «шешен» сөзі тіркессе, Төле есіміне «би» сөзі тіркелген. Қазақтың көне шешендік өнерінің тарихын шартты түрде үлкен үш кезеңге бөлуге болады: 1) Қазақ хандығы қалыптасқанға дейінгі; 2) Хандық дәуір кезіндегі; 3) XIX ғасырдың екінші жартысынан кейінгі. Алғашқы кездегі шешендік сөз үлгілерінен бізге жеткендері некен-саяқ. Бұл кезеңдегі би- шешендерден Кетбұға, Майқы, Саңғыл, Жиренше, Ақжол есімдері белгілі. Олар елшілік даулардан гөрі ірі әлеуметтік мәселелерге байланысты сөйлеген сияқты. Осы кездегі би- шешендер өзінің көп қасиетімен жырауларға ұқсас тұрады. Екінші кезең билерінің хандарға өктемдік көрсетер сәттері жиі кездескен. Бұл құбылыс, сірә, Едіге бидің Тоқтамыс ханды тақтан тайдыруынан болса керек. Осы оқиғаның нәтижесінде түзілген Ноғай Ордасы мемлекетін билер басқарған. Осының ықпалы көршілес Қазақ хандығының басқару жүйесіне де әсер еткен тәрізді. Қазақ шещендік өнерінің үшінші кезеңінде билердің рөлі біршама төмендеді. Оған сырттан күшпен енгізілген әкімшілік-териториялық басқару жүйесі басты себеп болды. Бұл тұста би болған шешендер мен қарапайым шешендердің қоғамдық өмірінен алатын орны бір-біріне жақындай түсті. Жеке бас мәселелеріне арналған, сатиралық-юморлық пафосы басым шешендік сөздер көптеп дүниеге келді. XI-XVI ғғ. шешендері – «ел құрысқан шешендер», XVII-XVIII ғғ. – «ел қорғасқан шешендер», XVIIXVIII ғғ. – «хан сұлтандарға қарсы», ал XVIII-XIX ғғ. «би-болыстарға қарсы шешендер» деп аталды, бұл өнер тарихын үш кезеңге бөлуге негіз бола алады. Шешендік сөздер танымдық-ғибраттық қолданбалы қызмет атқаратын жанрлармен ғана емес, таза көркемдік мақсатта айтылатын жанрлармен де байланыса берді. Шешендік арнаулар – тұрмыс-салт жырларына, нақыл сөздерге, шешендік толғаулар жыраулық поэзия үлгілеріне жақындаса, шешендік дау айтылу ерекшелігі құрылысы жағынан айтыстарға көп жақындайды.

Ал айтыс – таза эстетикалық мақсатты көздейтін жанр. Жұмбақтар – шешендік сөздермен тығыз байланыста болып, кейбір ерекшеліктері ортақтасып кететін жанрдың бірі. Осы екі жанрды зерттеген еңбектер қорытындыларына зер салсақ, олардың түпкі қайнарлары бір болғанын аңғарамыз. Әрине, жұмбақтың шығу төркіні тым ерте замандарға кетсе, шешендік сөздер қоғамдық сөздер сананың марқайған кезінде пайда болған. Мақал-мәтел, нақылдар, толғаулар мен термелер, айтыстар, жұмбақтарды шешендік сөздің ішіндегі түйінді сөздермен салыстырса, оның түсіндірме сөзі немесе қарасөзді баяндаулары фольклордағы аңыздар мен әңгімелермен ұқсас сипатын көбейтеді. Көптеген зерттеушілер шешендік сөзін аңызға айналды деп есептеген. Шын мәнінде, аңыз әңгімеге айналатын шешендік сөздер емес. Оларды туғызған өмірлік оқиғалар және сол сөздерді айтқан кездегі шешендердің іс-әрекеті. Ал шешендер аузынан айтылған сөздер қаншама өңдеуге түскенімен, олар сол монолог немесе диалог сипатында қалды. Басқа да фольклорлық жанрлар сияқты шешендік сөздердің де тақырыбы дәстүрлі болып келеді. Бұл жанрға жататын туындылардың тақырыбы шектеулі ауқымнан шықпайды. Сондықтан көркемдік категориялардың қатарына жатқанымен, оны өз алдына талдаудың мүмкіндігі аз. Шығарма тақырыбын арнайы сөз ету дегеніміз – көркем бейне мен оның түпнегізі болатын өмір шындығының арасындағы байланысты сипаттап шығу ғана болмақ. Ал мұнымен шығарманың көркемдік құндылығы толық ашылмайды. Демек, көркем мазмұн сипаты көркем пішін арқылы ғана айқындалады. Фразеологиялық бірліктерді, тұрақты сөз тіркестерін, мақал-мәтелдерді орынды қолдану ділмар сөзге мәнерлілік пен стильдік жан-жақты қасиет дарытады. Олар шешендер тарапынан қолданысқа енгенде кейде өз қалпында, кейде сөйлеу мәнеріне лайықталып біршама өзгерістермен жұмсалынады. Әсіресе соңғысы көбірек байқалынады. Оларды өзгертіп айтуда шешен шығармашылығының даралық сипаттары көзге түседі. Шешендер жайындағы әңгімелерде сөйлеушінің көңіл күйі де елеулі көркемдік қызмет атқарады. Шығармадағы айтушының, сөйлеушінің көңіл-күй деңгейінің бейнесін «пафос» деп атауда қалыптасқан. Шешендер сөзінде көп жағдайда күлкі жетекші орында көрінеді. Тапқырлық, күлкі шақыру шешендер сөзінің маңызды сипаты болып табылады. Сөздегі күлкіліктің атқаратын қызметтерді әр алуан, күлкінің сипаты да әр түрлі болады. Оның ең әйгілі түрлері – юмор мен сатира. Ол екеуінің ұқсастығы да, айырмашылықтары да бар. Шешендік сөздерде юмор да, сатира да жеткілікті. Сатира мен юморда комикалылықтың түрлі реңктері көріне береді. Олар әр түрлі көркемдік тәсілдер арқылы жүзеге асады. Әрине, оның ішінде ирония мен сарказмның қолданылатын тұстары көп. Жанр құрамында жиі көрініс табатын көңіл күй деңгейінің бірі – асқақтық. Шешендер сөздеріндегі асқақтық пафосы кейде діни сенімнен кейде халық бұқарасының көмегіне сүйенуден, енді бірде сөйлеушінің өзінің жеке басының қасиеттерін жоғары бағалаудан бастау алып жатады. Мұны алғашқысына Мырзан бидің Тайбанға айтқаны, екіншісіне – Қаз дауысты Қазыбектің Қоңтажыға айтқынан мысал етуге болады. Үшіншісіне жататын сөздер де аз емес. Мәселен, Бала Қарақшының Ахмед төреге айтқанынан осы пафос байқалады. Шешендік сөздердің тілдік көркемдігі жайында бұрынғы зерттеулерде аз айтылған жоқ, дегенмен ол туралы айтылуы тиіс мәселелер де жеткілікті. Біз өз жұмысымызда мұндағы айшықтаулар мен ажарлаулардың, құбылжулардың ең жиі кездесетіндеріне тоқталдық. Жанр бойынша назарға алғанда, мұндағы айшықтаулардың ішінде көп ұшырасатыны – арнаулар. Бұл жерде арнау тек шешендік сөздерде ғана емес, фольклор мен ауыз әдебиетінің барлық жанрларынан кең түрде орын алады. Қорыта келгенде, шешендік көркемдігі фольклорлық дәстүрден қол үзбегенімен, онда дара шығармашылық нышандары да елеулі дәрежеде байқалады. Осы белгілер деңгейі фольклордың көптеген жанрынан басым түсіп жатады. Сонда да болса оны авторлы шығармашылық түрі ретінде қарауға мүмкіндік бермейтін өз ерекшеліктері жеткілікті. Сондықтан бұл жанрды дара шығармашылыққа тән ерекшеліктері көп фольклорға жатқызған жөн. Шешендік сөздер осы кезге дейін аз зерттелмегенімен, оның шешілмей жатқан жақтары әлі де көп. Көркемдік мәселелерге келгенде, көркемдік сипаттары жоққа тән түсіндірме сөз бөлімі емес, түйін сөз бөлімі ғана назарға алынатындығын және қалыптасқан дәстүр ескеріліп «шешендік сөз» атауы басты орында қолданылды. Шешендік сөздердің көптеген фольклорлық жанрмен ортақ сипаттары барлығына байланысты олардан ажыратып алудың қиындығы туындайды. Күлдіргі әңгімелерден мемораттардан, толғау- термелерден қанатты және нақыл сөздерден, мақал-мәтелдерден, айтыстардан, тұрмыс-салт жырларынан т.б. жанрлардан шешендік сөздерді ерекшелеп тұратын өзіндік белгілері бар. Осы белгілері арқылы оның фольклорлық жанр екендігі де нақтылана түседі. Онда көп қабаттылық, көпқырлылық, тепе-теңдік эстетикалық белгілердің бәрі бар. Осыларды ескере келе, шешендік сөздерді көлемі шағын, құрылымы күрделі, дара шығармашылық белгілері мол сюжетті фольклорлық шығарма деп есептейміз.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.