Шетелдік медиабілім тәжірибесін талдау

Главная » Рефераттар » Шетелдік медиабілім тәжірибесін талдау

Заманауи қалаларда адамның бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысы күніне 11 сағаттан асады, теледидар үйлерде күн сайын орташа алғанда 7 сағат 38 минут қосылып тұрады, ал екі жастан он екі жасқа дейінгі балалар орташа алғанда аптасына 25 сағат теледидар көреді екен. Отбасы қауымдастығы Ұлттық одағының деректеріне сәйкес (UNAF – Union National des Associations Familiales), кәмелетке толмаған аудитория жыл сайын орташа алғанда тиімді уақытының 154 сағатын ата-аналарымен бірге және 850 сағатын мұғалімдерімен бірге өткізсе, сонымен қатар балалар әр түрлі электрондық ақпарат құралдарымен байланысқа 1400 сағатын жұмсайтын көрінеді. Осылайша бұқаралық ақпарат құралдары жыл өткен сайын адамдардың өмірінде және білім беру үрдісінде үлкен роль атқарып келеді. Осыдан келіп бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарының негізі болып табылатын медиабілімнің жүйелі дамуының маңыздылығы туындайды. Ресей педагогикалық энциклопедиясында оқушылар мен студенттердің «бұқаралық коммуникацияның заңдылықтарын» (баспасөз, телевидение, радио, кино, видео және т.б.) үйренуге бағытталған медиабілімді педагогиканың бір бағыты ретінде көрсетеді. Медиабілімнің негізгі бағыттарына: а) қазіргі ақпараттық жағдайда жаңа ұрпақты өмірге дайындау; ә) әр түрлі ақпаратты қабылдауға, оны адамның түсіне білуіне; б) зардабының жүйкеге әсерін түсіне білуне; в) техника құралдарының көмегімен қарым-қатынас жасау қабілетін игеруге үйрету сияқты мәселелер жатады [1].

Еуропа Одағының құжаттарында «медиабілім (media education) алынған ақпарат негізінде өздерінің ой-пікірлерін айтуға қабілетті, ақпарат құралдарына сыни және өзіндік көзқарасы бар отандық азаматтарды тәрбиелеу мақсатында медиақұзыреттілікті дамытуға бағытталған оқу ретінде айқындалады. Бұл оларға қажетті ақпаратты пайдалануға, оны талдауға, сондай- ақ ақпаратқа қатысты экономикалық, саяси, әлеуметтік немесе мәдени мүдделерді үйлестіруге мүмкіндік береді. Медиабілім адамдарды хабарламаларды жасауға, коммуникацияға мейлінше тиімді ақпарат құралын таңдауға оқытады. Медиабілім адамдарға өздерінің ойларын және ақпаратты еркін білдіру құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл олардың жеке дамуына ғана әсер етіп қоймай, сондай-ақ, олардың әлеуметтік тұрғыда белсенді атсалысуын және интербелсенділігін күшейтеді. Бұл тұрғыдан алғанда медиабілім демократиялық азаматтыққа және саяси түсіністікке дайындайды. Демек, адам өмірінің барлық ағымында оқыту тұжырымдамасының бір бөлігі ретінде медибілімді дамытқан тиімді болып табылады.

Ең беделді медиапедагогтардың және медиатеоретиктердің бірегейі Л.Мастерман (L.Masterman) қазіргі әлемдегі медиабілімнің маңыздылығы мен басымдығын айқындайтын жеті себебін негіздеп берді: 1. Медианы тұтынудың жоғары деңгейі және қазіргі қоғамда бұқаралық ақпарат құралдарының шектен тыс көптігі. 2. Медианың идеологиялық маңыздылығы, өнеркәсіптің саласы ретінде олардың аудиторияның санасына ықпалы. 3. Медиаақпарат санының жылдам өсуі, оны басқару және тарату тетіктерінің күшеюі. 4. Негізгі демократиялық процестерге медианың ену интенсивтілігі. 5. Барлық салада визуалды коммуникация мен ақпарат маңыздылығының артуы. 6. Болашақ талаптарға сәйкес бағдарланған оқушыларды, студенттерді оқытудың қажеттілігі. 7. Ақпаратты жекешелендіруде ұлттық және халықаралық процестердің ұлғаюы. «Медиабілім беру» түсінігі 1973 жылы ЮНЕСКО мен Кино және телеарнаның халықаралық кеңесінің ақпарат секторының бірлескен кеңесінде тұжырымдалғанына қарамастан, ғалымдар әлі де болса осы күрделі пәнаралық құбылыстың анықтамасын зерделеуде.

.

ЮНЕСКО-ның бастамаларына сәйкес, «Медиабілім беру (media education) астарында педагогикалық теория мен практикада ерекшелік және автономдық білім беру салаларының бір бөлігі ретінде қаралатын қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат ақпарат коммуникацияларын меңгеруде теория мен практика дағдыларына оқыту деп түсіну керек. Ресейдің медиапедагогика саласы бойынша өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан А.В.Федоров қашанда заманауи шындыққа ұласатын ғылымдағы анықтамаларға сүйенуді ұсынады. Ол медиабілім беруді – тұлғаның медиа, шығармашылық, қарым-қатынас, толықтай қабылдау дағдыларын қалыптастыру, медиа мәтіндерді сараптау және талдау мақсатында бұқаралық ақпарат байланыс көмегі арқылы дамыту процесі ретінде қарастырады. Осы процесс нәтижесінде алған медиа сауаты адамға ақпараттық бағдар телеарна, радио, бейне, баспа, Интернет мүмкіндіктерін белсенді түрде қолдануына көмек береді.

Я.Н. Засурский және Е.Л. Вартанова болса, ресейлік медиабілім беру үлгісінің аясында «медиабілім беру = БАҚ-тан қорғау + БАҚ-ты талдауға дайындық + БАҚ-тың мәні мен функциясын түсіну + медиа мәдениетке қатысу» түріндегі анықтаманы ұсынады [2]. «Медиабілім беру» түсінігінің көптеген тұжырымдамаларынан, сайып келгенде медиа білім беру – бұл адамгершілік мұрағат пен құндылықтар негізінде бұқаралық ақпарат құралдарымен мәдени қарым-қатынасы бар жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған медиабілім беру қызметі субъектілерінің жүйелі іс-әрекетінің жиынтығы екенін көреміз. Бұл орайда, медиабілім беру қызметінің астарында медиабілім беру міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ететін медиапедагогтардың, сондай-ақ журналистердің медиабірлестігінің басқа да мүшелерінің мақсатты іс-әрекеттерін де түсіне білу керек. Тиісінше, медиабілім беру міндеттері адамды медиа мәтінді сауатты «оқи білуге», ақпаратты қабылдай білу дағдысын дамыту, шығармашылық іс-әрекеттің эстетикалық талғамы мен мүмкіндіктерін дарыту болып табылады. Медиа білім беру қызметінің субъектілері – бұл медиапедагогтар мен медиа бірлестіктердің өкілдері. Бұл жерде білім алушылар немесе БАҚ аудиториясы – бұл медиа қызметінің адресаттары екендігін нақтылау қажет.

Бұқаралық ақпарат коммуникациялармен мәдени қарым-қатынас (медиа мәдениет) – бұл тұлғаның даму, оның медиа саласында жаңа білімді меңгеру қабілеті, медиа мәтінді қабылдау, бағалау, сараптау, медиа шығармашылықпен айналысу деңгейінің көрсеткіші [3]. Анықтаулардағы адамгершілік мұралар мен құндылықтарға жүгінудің арнайы белгілері бар. Медиабілім беру – жалпы білім берудің дәстүрлі және негізгі түрі ретінде тұлғаны тәрбиелеуді қарастырады. Медиабілім беру мысалдарының көмегімен көптеген мақсаттарға қол жеткізуге болады. Мәселе – қандай мақсаттарға. Өркениетті қоғамда медиабілім беру мақсаты тұлғаны ізгілік, рухани сипатта тәрбиелеу болып табылады. Басқа түрде бұл білім беруге қарсы сипат. Жастармен жасалған әртүрлі жұмыстар өнегелі тұлғаны қалыптастыруға бағытталған, ал медиа білім беру осыған себепкер болуы тиіс. Медиабілім берудің ғылыми-теориялық бағамы медиа білім берудегі түрлі теориясын ұсынады. Бүгінгі таңда ол онға дейін жеткен. Бұл ретте жаңа түрінің пайда болуы қолданыстағы түрін қайталап отырады. «Теория» термині арқылы білім берудің түрлі салаларындағы медиабілім беру қызметінің түрлерін белгілеу мүмкін емес. Бұл авторлық түсініспеушіліктер зерттеліп отырған құбылыстың жаңа болуымен негізделген, сондай-ақ қазіргі заманғы медиабілім беруді қалыптастырудың қиындығы мен аяқталмауына байланысты.

.

Орыс тілінде медиа білім берудің толық теориясы А.В.Федоровтың және оның ғылыми мектебінің өкілдерінің еңбектерінде ұсынылған. Олардың ішіндегі маңыздысы: практикалық, сыни, идеологиялық, мәдени, этикалық, эстетикалық, экологиялық, теологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыру сияқты мәселелер. Медиабілім берудің барлық теориясы педагогикалық теорияға емес медиа теориясына келіп сүйенетіндігін айта кету керек. Осы заңдылыққа медиабілімді зерттеуші И.А.Фатеева көп көңіл бөлгендігін көреміз, ғалымның пікірінше: «…Олардың барлығы басты назарға оқыту мәселесін емес, бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникация мәселелерін алып отыр. Олардың көп бөлігі медиа мен аудиторияның өзара әрекет ету мәселелеріне арналған». Бұл пікір медиа білім беру теориясын жаңа зерттеу кеңістігі болып табылатын – бұқаралық ақпарат коммуникация проблемасын белгілейді.

Педагогтар медиабілім беру проблемаларын медиа бірлестіктерінен бөлек қарастырып, шешуде. Өз кезегінде, медиа бірлестіктер медиа білім беруге өз көзқарастарын әлі де пысықтауда. Медиабілім беру мәселелерін қозғаған көптеген мақалалар мен диссертация жұмыстары педагогика саласына жатады және де медиа феноменіне қатысты медиабілім беру функциясын мүлдем зерттемейді. 1990 жылы Тулуз қаласында болып өткен «Медиабілім берудегі жаңа үрдістер» атты конференцияда жасаған ғалым А.В. Шариковтың сараптамасы біршама мәселені анықтауға мүмкіндік береді. Онда зерттеуші сұрақтар тізбесіне сарапшылардың медиабілім берумен жалпы медианың дамуына қатысты идея жөнінде мәселе енгізген [4]. Мұнымен қатар, медиабілім беру теориясында журналистика және жастар аудиториясы саласындағы жаңалықтар арқылы өмірге келген жаңа тұжырымдама туындап отыр. Бұл тұжырымдамада жастар аудиториясы БАҚ ұсынатын ақпаратты түсіне және бағалайтын тұтынушы ретінде ғана емес БАҚ-тың саясатына елеулі әсер ететін ақпаратты өндірушінің белсенді қатысушы ретінде де болуы тиіс.

Осы тұжырым медиапедагогтар ұсынып отырған медиа білім берудегі үлгіде іске асырылады. Оны педагогикалық үлгіден айыру қажет. Бұл үлгілерді айыру үшін негіз болып медиаға қатысты медиабілім беру қызметіне қатысушылардың кеңістіктегі рөлінің орналасуы табылады. Педагогикалық үлгідегі құрылымда педагог пен білім алушы медиа бойынша қарым-қатынаста болады. Олар оны зерттеп, медиа жөнінде қосымша мәліметтер алып, бағалайды. Медиабілім беру кезінде мұғалім педагогикалық әсер етудің элементтерімен қатар интерактивті оқыту әдістерін (жобалау әдісі, дебат өткізу) қолданады. Білім алушы өзінің маңызды рөлі яғни білім алушы болып табылады. Бұл ретте, журналистика, аудитория педагогикалық үлгіде зерделеу пәні немесе оқыту тәжірибесі ретінде болады.

Интерактивті үлгі медиабілім алу іс-әрекетіне қатысушылардың медиалық кеңістікте сатылық жүйе негізінде қалыптасады. БАҚ-та медиа білім берумен айналысатын мамандар түрлі медиабілім беру технологиясын пайдалана отырып өздеріне педагогтардың міндеттерін алады. Бұл ретте, журналист адресатпен тікелей аудитория өкілі ретінде жұмыс жасайды, мамандыққа тартады, кәсіби журналистің жекелеген міндеттерін орындауын қалыптастырады. Бұл жерде «білім алушы» аудитория болып табылады. «Педагог» және «оқушы» рөлдері толығымен «журналист» және «аудитория» рөлдерімен біріктіріледі. Журналистік үлгіде интерактивтік медиа іс-әрекеттің құралы болып табылады, кәсіби журналистер және жас аудитория журналистік модельде медиақызметтің құралы болады және серіктестер ретінде қабылданады. Бұл қызметтің нәтижесінде дайын өнім яғни, БАҚ-тың медиақұзіретті аудиториясы пайда болады.

Қоғамдағы соңғы жылдардағы ақпараттық-техникалық өзгерістерге орай адамзаттың бұл өзгерістердің тиімді тұстарына мән беруі аса маңызды болып отыр. Жасөспірімдердің өмірінде бұқаралық ақпарат құралдарының ролі артқан заманда оның мүмкіндіктерін пайдалануға шетелдік ғалымдар да жүйелі түрде мән бере бастады. Бұл мәселе оларда біршама ертерек қолға алынғанын басылымдарда сол уақыттарда шыққан мақалалардан көруге болады. Қазіргі кезде олардың жүріп өткен жолы бізге де қажет бола бастағаны анық. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарына мол мүмкіндік берілген заманда, олардың өнімін талғаммен пайдалана алуы үшін балалар мұндай іс-әрекетке үйретілуі тиіс. Дегенмен, теледидардан берілетін бағдарламаларға ата-аналардың да көңілі тола бермейді, бірақ балалардың бұл мәселедегі талғамын тәрбиелеуде олардың, яғни ата-аналардың да біліктері жете бермейтіні белгілі. Балаларға арналған бағдарламалар маңыздылығын, ерекшеліктерін талдаудың шебері Б.Споктың пікіріне сүйенсек, әртүрлі қатыгездікке барған балалардың психологтарға берген жауаптарында теледидардан көргендерін жасағандарын айтады. Психолгтар интернет пен теледидардың, компьютерлік ойындардың бала санасына тигізетін зияндылықтарын былайша жіктеп көрсетеді. Біріншіден, замануи құндылықтар деп көріп жүрген дүниелеріміздің көпшілігі балалардың санасында қиялға ғана сиятын, тіршіліктің тек жағымсыз тұстарын көрсететін ақпаратты үйіп-төгіп, өмірге деген шынайы көзқарасының қалыптасуын тежейді. Компьютер мен көгілдір экран алдында бірнеше сағат бойы тапжылмай отыру физиологиялық дамуды шектейтіндігін айтпағанда, баланың санасына түрлі қауіпті қиялдарды ұялатады. Батыстан ағылған өнімдердегі бірінен-бірі асып түсетін қантөгіс көріністер, жаншошырлық садизм бала түгілі, ересектердің де психологиясын бұзып, жүйкесін тоздыратындығы белгілі. Осылардың салдарынан бара-бара балалардың санасында жақсылық, әділеттілік сияқты құндылықтар тек қантөгіспен байланысты деген түсініктердің қалыптасу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, вертуалды кеңістікте адам өлтіруді «кәсіп еткен» бала саналы түрде барлық адамгершілік нормалардан аттап өту қаупі бар деп көрсетеді психолгтар. Адам баласына тән аяушылық, жақсы көру сияқты сезімдерді жоғалтып, санасы уланған бала үшін қатыгездік қалыпты жайтқа айналу сияқты проблемалардың бүгінгі күні бар екендігі шындық.

Танымал психолог А.Моридің зерттеуіне сүйенсек, теледидардың алдында ұзақ отыру адамның ерік-жігерін әлсіретеді. Көгілдір экраннан көз алмай ұзақ қарау көз жанары арқылы миды гипноздайды екен. Баланың отбасы мүшелеріне, қатарлас құрбыларына деген назарының төмендеуінің бір себебі осыған да байланысты көрінеді. Экраннан тамашалаған оқиғаларды ол белгілі дәрежеде шынайы деп қабылдайды, солар қуанса қуанып, мұңайса ол да мұңайып жүреді. Зерттеулер нәтижелері көрсетіп отырғанындай күні бойы әке-шешесімен емес, экрандағы «ертегі» кейіпкерлермен болатын бала олардың жалған екендігін біліп тұрса да түсінгісі келмейтіндігі анықталып отыр. Экранда көргендерінің бәрін өмірмен шатастырған балалар қазіргі кезде таңғаларлық нәрсе болмай қалды. Сондықтан теледидардың ықпалына түскен балалардың депрессияға ұшырауы, өз-өзіне қол жұмсау уақиғалары жиілеуі осының нышаны.

Психологтар баланың психологиялық және физиологиялық тұрғыда зиян шекпеуі үшін мына жайттарды есте ұстауға кеңес береді: Біріншіден, 3 жасқа дейінгі балаларды экран алдына мүлде жақындатпаған дұрыс. Ал бала кішкентайында жүйке ауруымен ауырса, ұйқысы нашар болса, басынан жарақат алса, онда 5-6 жасқа дейін теледидар алдына жолатпаған жөн. Екіншіден, 5-6 жастаға балалар теледидар алдында тәулігіне жарты сағаттан артық отырмауға тиіс. Бастауыш сынып оқушылары аптасына екі-үш мәрте 1-1,5 сағаттан отырса жеткілікті екен. Үшіншіден, балаларға арналған мультфильмдер мен фильмдерді алдымен ересектердің өзі тамашалауы керек. Себебі, кейбір өнімдер жарқ-жұрқ етіп көзді қызықтыратын арнайы эффектілер арқылы баланың жүйке жүйесін зақымдайды. Мұндай өнімдер құлақ тұндыратын дыбыстар, мың құбылған виртуалды бейнелер, өте шапшаң жүретін оқиғалар арқылы баланы өзіне тәуелді етеді. Төртіншіден, виртуалды кеңістік пен шынайы өмірді ажырату қабілеті 12 жастан кейін ғана толық қалыптасады. Сондықтан баланы ешқашан теледидар мен компьютердің алдында жалғыз қалдыруға болмайды.

Бесіншіден, компьютердің экранынан таралатын электр магниттік толқындар баланың денсаулығына айтарлықтай қауіпті. Қазіргі замануи мониторлардың да қорғаныштық қабілеті 100 пайыз жетілдірілмеген. Бұл айтылған пікірлерді талдайтын болсақ, балалар теледидардан көргендерін ғана жасайды екен және қазіргі технологиялық заманның ең басты жетістіктерінің бірі компьтердің пайдасынан гөрі зияндылығы басым болып отыр. Әйтсе де, бұл пікірмен кейбір мамандар келіспейді. Олардың пікірінше, балалар теледидардан көргендерінің бірді- екілі әрекеттерін ғана пайдалануы мүмкін. Өз отбасында қалыпты жағдайда тәрбиеленген бала бұзықтық пен қатыгездік туралы қаншама кітап оқып, теледидардан қаншама қан төгіске толы кино көргенімен, оны тәжірибеде қолданбайды екен. Қайта жат әрекеттен бойын аулақ салуға тырысатын көрінеді. Сондай-ақ, балаларға тиісті бақылау болса, отбасындағы оң тәрбиені ешқандай телебағдарламадағы жат әрекеттер өзгерте алмайтынын айтқан пікірлер де кездеседі. Дегенмен, ата-аналар балаларының теледидар бағдарламаларын көру режимін үнемі бақылап отыруы талас тудыратын өте күрделі мәселе. Бұл жерде проблеманың негізгі бір шешімі ретінде ұсынылып жүрген – балаларды телебағдарламаларды көру мәдениетіне үйрету керек деген пікір көңілге қонымды деп ойлаймыз. Осы мәселеге байланысты шетелдік тәжірибеге сүйенер болсақ, үйренуге болатын әдіс-тәсілдер аз емес екендігі байқалады. Мысалы, француз педагогтарының тәжірибесі көңіл аударуға тұрарлық. Ең алдымен француз педагогтарының іс-әрекеті өздерін толғандыратын басты мәселенің бірі балалардың теледидар туралы түсінігі қандай, олар өз көргендерін өмірде қалай пайдалана алады, екінші біреумен әңгімелескенде, ойын барысында көргендерін пайдалана ма деген сұрақтарға жауап іздеуден басталған. Бұл сұрақтарға жауап алу үшін жүргізілген сауалнамалардың нәтижесіне қарағанда, балалар күнделікті өмірде орташа есеппен алғанда теледидар көруге 2 сағат уақытын жұмсайтын болса, кейбір балалар күні бойы теледидар көруден жалықпайды екен. Ол сауалнамалардан анықталғанындай көпшілік жағдайда балалар үйде ешкім болмағасын, жалғызсырамау үшін де теледидар көріп уақыт өткізеді. Олар көрген әртүрлі бағдарламалардан, жарнамалардан өзіне көптеген жаңалықтар ашады, содан жанына рахат табады. Бірақ ескеретін нәрсе, баланың теледидарды жалғыз көруі мен ата-ананың қатысуымен көргеннің арасында үлкен айырмашылық бар. Бұл жерде де бала мен ата-ананың өзара қарым-қатынасының ролі үлкен. Айталық, өзара қарым-қатынасы жақсы отбасы болса, теледидар көру барысында қандай да бір бағдарламаны талдай, пікірлесе отырып көреді, ал кейбір ата-аналар бұл істе немқұрайлы күйінде қалады. Француз зерттеушісі Э.Пьер сауалнама жүргізудің нәтижесінде, балалардың барлығы бірдей теледидарды көруден пайдалы мағлұмат ала алмайтындығын анықтаған. Бала теледидардан пайдалы мағлұматты ата-анасының, араласатын ортасының көмегімен алады екен. Онда да алдыңғылары үнемі оны қолдап отырса, көңіл күйін қадағаласа, түсінбеген сұрақтарын түсіндірсе, сонымен қатар көргеннен түйгенін тыңдаған жағдайда ғана пайдасын тигізеді [5].

Әртүрлі әдебиеттерге талдау жасаудың негізінде анықтағанымыздай, француз педагогтары «Белсенді жас телекөрермен» атты эксперимент аясындағы жұмыстарыны арқылы ғылыми тұрғыда БАҚ-тың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, балаларға тәрбие беруі арқылы бір жағынан оларды теріс ақпарат ықпалдарынан сақтануды үйретіп, екінші жағынан алынған ақпаратқа сыни тұрғыдан қарауға және оған зерттеушілік талдау жасай алуды қалыптастыруға болатындығын дәлелдеуге тырысқан. Ал норвегиялық педагогтар болса бұл мәселені шешу үшін, яғни мұғалімдерге арнап білім беру саларында әртүрлі курстар ұйымдастыруды ойластырған. Бұқаралық ақпарат құралдарын игеру норвегиялық білім беру саласының барлық деңгейінде дерлік жүргізіледі. Әсіресе, 12 жас пен 18 жас аралығындағыларға айрықша көңіл бөлінеді. Осы санаттағы оқушыларға екі оқу курсы ұсынылады: интеграцияланған міндетті оқыту, одан соң арнайы курстар. Интеграциялық оқыту барысында барлық пәндерді қамтитын интеграция принципі материалды берудің тереңдігі мен тұтастығын қамтамасыз етеді. Оқытылатын тақырыптардың аясы «Коммуникация және бұқаралық ақпарат құралдары», «Жазу пайда болғаннан заманауи коммуникацияға дейін», «Бұқаралық ақпараттың ықпалы» сияқты мәселелерді құрайды. Интеграциялық оқытуда негізінен бастауыш сыныптар (үшінші сыныптан алтыншы сыныпқа дейін) қамтылады. Ал арнайы курстар төртінші сыныптан басталып мектепті бітіргенге дейінгі оқушылар құрамын қамтып, олар бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты әртүрлі курстарды таңдауларына мүмкіндіктер беріледі. Сабақ аптасына екі рет (жылына орташа есеппен 60 сағат) өтеді. Егер медиабілім беруде бұқаралық ақпарат құралдарының ішінде теледидар, газет, радиоға көп көңіл бөлінсе, олардың қатарында техникалық жақтарды ескеру мәселесі де болу заңды. «Газет» курсында оқушылар мұғалімдермен бірлесіп мектепішілік газетті шығаруды игереді. Мектеп газеті жергілікті басылымға ұқсас етіп шығарылады. Бар айырмашылығы таралымы шектеулі, ақпараттық тұрғыдан гөрі юмаристік сипаты басым. Ал теледидар курсының мазмұнындағы шаралардың нәтижесінде оқушыларды телебағдарламаларға баға бере алу мәселелері жүзеге асырылады, яғни аталған іс-әрекетке баулиды. Кейбір сыныптарда қысқа сюжеттер түсіру үшін видеоаппаратуралар да пайдаланылады [6].

Ал бұл мәселеде фин педагогтары басқа мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, жалпы білім беретін мектептерінде бұқаралық ақпарат құралдарын оқып-білу мақсатында төмендегі үш пунктті бөліп қарайды және олардың әрқайсына жеке тұрғыда мақсат қойылған: Оқушыларды бұқаралық ақпарат құралдарының мазмұнына интерпритация және талдауға дайындау. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін оларды бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана алуға үйрету қажеттігі туады: а) ақпаратты қабылдаумен бірге бос уақытты өткізуге де дайындау; ә) оқи білу, тыңдау, көру сияқты мәселелерде дұрыс және тұрақты дағдыларды қалыптастыру; б) әр түрлі ақпарат құралдарының тілін, оның эстетикалық сапасы мен маңызын түсінуге үйрету.

.

Оқушыларды ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауға дайындау. Ол үшін оқушылар келесі мәселелерге үйретілуі тиіс: а) өз қажеттіліктерін жетекшілікке ала отырып ақпарат құралдарының хабарларына талғаммен және түсінікпен қарау; б) алған ақпаратты тексеріп және толықтырып отыру; в) бұқаралық ақпаратты және оның нақты өмірмен байланысын талдау; г) бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны және олардың әлеуметтік-саяси байланысын түсіну; д) ақпараттың өзімен, оны беруші және интерпритацияның арасындағы шекараны анықтай білу; е) олардың өмірге деген көзқарасы мен ақпарат құралдарынан алатын білімдерін теңестіру. Балалардың бұқаралық ақпарат құралдары және басқа да каналдар арқылы қалыптасқан пікірлерін көтермелеу. Ол үшін оқушылардан: а) жалпы ақпарат құралдарынан берілетін хабарларға өзінің жеке пікірінің қалыптасуына қажетті ақпараттың элементтерін алуға үйрену; ә) олардың ұсынған ақпаратынан фактілерді бөліп қарай алуға; б) олардың көзқарасын қолдайтын шындыққа жақын фактілерді ажырата білу; в) пікірін сенімді түрде білдіре алу талап етіледі.

Дейтұрғанмен, бұл мемлекеттің мектептерінде де бұқаралық ақпарат құралдарын оқыту арнайы пән болып табылмайды, демек пән ретінде оқылмайды. Сондықтан, бұл пәнді оқуға әртүрлі уақыттарда мүмкіндіктер беріледі. Дегенмен ұлттық жалпыға білім беру комиссияның ұйымдастыруымен біршама шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мысалы, 80-жылдары орта мектептердің жоғары сыныптарымен бұқаралық ақпарат құралдарының ойын-сауықтық әрекетіне арналған жобалар ұйымдастырған. Жобаның басты мақсаты әртүрлі көңіл көтеруге арналған бағдарламаларды мұғалімдер мен оқушылар көріп, оларға талдау жасау. Осы жобаның аясында мұғалімдер мен оқушылар телебағдарламалар, фильмдер, арнайы балаларға арналған бағдарламалар, көңіл көтерушілік бағдарламалар, әдеби және музыкалық шығармаларға талдау жасауға атсалысқан. Нәтижесінде теледидардан берілетін бағдарламалардың қаншалықты жасөспірімдердің қажеттіліктерін қанағаттандырып отырғандығы туралы мәліметтер алынып, жасалған қорытындылар мен ұсыныстар теледидар ұжымына тапсырылған. Бұл шаралар аталған мемлекеттің жас жеткіншектерге арналған бағдарламалардың санын арттыруға, сондай-ақ өзге де бағдарламаларды беруде үлкен талғамдық талаптар қоюына өзіндік үлес қосқан.

Сонымен, қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалының артып келе жатқанын және оның екі жақты әсерін ескере отырып, шетелдік тиімді әдіс-тәсілдерді назарға алуымыз керек. Бұл мәселені дұрыс шешудің бірден-бір жолы – бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалдылық ерекшелігін тәрбие ісінде пайдалануға үйрену. Демек, бүгінгі күні жеткіншек тәрбиесінде ықпалдылығы жағынан негізгі тиімді құралдың бірі болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін пайдалана білуге ең алдымен білім, тәрбие берудегі басты тұлға мұғалімдерді үйрету және болашақ мұғалімдерді дайындау аса маңызды болып табылады. Көптеген елдерде, оның ішінде Ресейде бұл мәселенінің бір шешімі ретінде болашақ мұғалімдерге медиабілім беруді қарастырады. Мысалы, Ресейде медиабілім берудің жақтаушыларының бірі А.В.Федоровтың басшылығымен гуманитарлық салалар аясында Ресей Федерациясындағы жетекші ғылыми мектеп құрылғаны белгілі. Ғылыми мектеп бағытының негізі болашақ педагогтарға медиабілім беру арқылы теориялық тұжырымдарды және әдістемелік бастауларды әзірлеу болып табылады. Ресейде медиабілім беру саласын дамытуда бұл ғылыми мектептің рөлі мен алатын орны ерекше. Өйткені, медиабілім беруде ресейлік зерттеулердің негізгі түрі мектеп және мектептен тыс материалдармен қаматамасыз етілген. Бұнымен қатар, Ресейде медиа білім берудің одан әрі дамуы медиа білім беру мұғалімдерінің, оқытушылардың көмегінсіз қиынға түсетіндігі анық болып отыр. Сондықтан бұл ғылыми мектептің бағыты болашақ педагогтарға медиа білім берудегі теориялық тұжырымдар мен әдістемелік бастауларын әзірлеудегі өте өзекті проблемасына тоқталады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.