Шипагерлік

Home » Рефераттар » Шипагерлік
Рефераттар Комментариев нет

Адамзат тарихының эволюциялық даму дәуірінде ұлттың өзіндік ерекшеліктеріне тән жеке емдік сипаттары мен әдіс-тәсілдері болды. Халық шипагерлігі адамзат қоғамның алғашқы сатысында пайда болды. Ол ешқандай ғылыми дәлдік пен дәлелді басшылыққа алмады. Тек қана өзіндік халықтық емдік сипаттарының жетістігінің жобалай дамыған көрсеткіштері арқылы ғана өзіндік жалғасын үндестіре білді. Байыбына барсақ, емшіліктің тарихтағы қос арнасын аңғару қиын емес. Шартты түрде, бірі — шығыстық шипагерлік, енді бірі-ертеден тамыр таратып келе жатқан дәстүрлі медициналық бағыты. Бізде шипагерлік туралы, оның үстіне шығыстық шипагерлік мәліметтер үзіңкі күйде, сүреңсіз болғандықтан, ел арасында Шығыстық шипагерліктің қуаты мен қызметі туралы мәлім және мәлім емес ой-пікірлер сан алуан.
Десекте, емшіліктің объектісі мен мақсаты қайда болмасын ұқсас, үйлес, ортақ. Тек ауру-сырқат туралы түсініктер, оны түсіндіру тәсілдері немесе емдеу тәжірибелері әр уақытта бір-біріне ұксай бермеді. Бұл ауру түрлерінің көбейгенін ғана емес, оны емдеудің баламалы тәсілдерінің қалыптасқанын білдіреді. Емдік адам анатомиясы мен физиологиясын дұрыс, жақсы білуден басталады әрі өсімдіктер мен жан-жануарлар ағзамының емдік қасиеттерін біліп, оларды орнымен колданудан жалғасын тапты. Организм құрылымы мен қызметтерін білу, игеру мәселелері біртіндеп, баяу жүрсе де, емдік жұмысы әр саты да жүріп, түрлі дәстүрлік жалғасын тапты. Организмнің дене құрылысы мен қызметін жақсы білушілік, өсімдіктердің емдік қасиеттерін ажырата алатын сауаттылық, емдік қасиеттерді дертке орай қолданатын ептілік бір адамның бойынан табыла берсе, ондай жандар шипагерліктің негізің қалаушылардың санатын құрады. Қазақ халқының шипагерлік емдік өнері көне дәуірден ғасырлар бойы ұрпақтан -ұрпаққа жалғасып, өркендеу мен даму кезеңдерінде де халықтық емдік сипатын сақтап келді. Емшіліктің жеке дара шипалық танымы нәтижесінде ұлттық жалпы шипагерлік ілімінің негізі қалана бастады. «Шипалық таным», «шипагерлік» деген ұғымдар енді ғана, жаңадан ғылыми айналымға енуде. Бірақ бұл ұғымдардың мән-мазмұны туралы тусініктер әлі тиянақтала қойған жоқ, Сондықтан да, шипагерлердің іліміне арнайы тоқталу қажеттігі туындайды. ықшамдап көрелік: Шипагерлік — ерекше өмір, ұмытылмас өнер, өтімді өнеге, тәнмен араласу, дертпен аңдысу, кәңілді айықтыру жолы, жанды сауаттандыру амалы, келбетті қоріктендіру, тұлғаны бітімге туралау, тұрақтату әдісі. Бабамыздың түсінігін келте қайырып, қысымдасақ:
Шипагерлік дегеніміз — езектен тиянақ табатын тұғырлық өнер, толғауын нар кескідей ашалап, нақтамалап, дәл түсіретін тұжырымдау: — әрқандай түйіндемелерді ұштастыру арқылы несіптік ризықпен күшін мінсіз еткізу; — болмыстағы тұтас бітімдікті қалыптастыру, қимыл-қарекетке сәйкес араластық жарасым жасау; — науқасқа, сырқаттың сезілістерін дер кезінде сездіргілік, сезгілік тапқырлығы; — адамдықты көрер көзілік сезіліс, әйгіленім мен әйгілім сезілгілігі, тағы осындай сипаттамалар табыларлық. Өміріміздің өрісін тұлғалаған, еліміздің есін жиғызған — емшілердің, тәуіптердің, дәрігерлердің тарихымыздағы тағлымы әрқалай, бірақ алыс-берісте есте қаларлық, қараңғы тұғырлықта тәнге тәберік. Осы қасиеттердің басын қосқан, ұрпақтарға жеткізген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының қызметі мен көрегендігі, шығармасы мен шеберлігі көптеген ұрпақтарды ойландыратын, әлі де ой туғызатын үлкен өнер деген тұжырымы шипагерлік өнердің құндылығы мен күрделілігін аңғартады.
Қарапайым халық емі түрлері оның жеке ұлт болып бөлінуіне де, ілгері пайда болғандығына да күманмен қарауға болмайды. Алғашкы рулық үйсін, қаңлы, найман, қыпшақ т.б. тайпалары дәуірінде-ақ, шипагерлер ауру адамнын сырқатын емдеуді қолға ала бастаған. Заманның өзгерісіне қарай атадан балаға сандаған ғасырлар бойы ашықта — жасырында және құпия да жалғасын тапқан шипагерліктің қарапайым халықтық емдік әдіс-тәсілдері туралы халық хабардар болған. Бұдан қазақтың халық шипагерлігінің тарихы ұзақ, біздің дәуірімізден де арырақ басталатыны байқалады. Қазақтың шипагерлігінің емдік сипаттары ғасырлар бойы жылдар жылжыған сайын жаңа дәуірлік даму сипатына ие болды. Қазақ шипагерлігінде адамның сырқатының пайда болу себептерін біліп анықтаған сайын емдеп жазудың мәдени емдік жолы ілгерілей бастады. Қазақ шипагерлері табиғаттың ауа райының тұрақты қалыптылығы мен әртүрлі өзгерістерін адамның денсаулығының қалыпты әрі қалыпсыз болуына және жан -жануарлар мен өсімдік элемнің тіршілігіне де үлкен әсері бар деп карады. Өйткені, ұлттық шипагерлік ауа, еу, топырақ және күн сәулесін табиғаттың негізгі тіршілік көзі деп есептеді. Халық шипагерлері ертеде ауру адамның ішкі және сыртқы сырқатты белгілерін — өзі айтқаны бойынша тыңдау, тамыр ұстау, ауырған адамның өңін байқау, сөзіне, тұлғалық көрінісіне және жүрісіне қарап, денені сипау мен аурудың өзінен сұрау арқылы анықтады. Аурудың түрін анықтаған соң, өзінің дайындаған дәрі — дәрмегін ішкізіп емдеу, қан алу, шертіп немесе шертпей денеге лоңқа қою, уқалау, құяң үзу, денеге ыстық — суық өткізіп емдеу, арасанға түсу (минералды сулар -3.Қ. ), күн нұрына қакталу, бұлаулау ( қарағай, емен, қайың жапырақтарына, жалбыз т.б, ), қой терісі мен қой жынына түсу, қуатты мол ет, сүт, маңыз, ірімшік, құрт, айран, саумал, кымыз сияқты тағамдарды пайдалану т.б. әдістерін ауруларға емдікке қолданған. Мәселен, жаңа сойылған жылқының, қойдың, ешкінің жылы терісіне суық тиген, белі шойырылып ауыратын сырқаты бар адамдарды түсіріп орап, үстіне қалың жапқыш жауып, терлету тәсілін пайдаланған. Халық шипагерлері аурудың денесінен қан алу тәсілінде өзіндік әдіс — тәсілдері бойынша орындаған.
Ғұлама шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы осыдан бес ғасырдан бұрын адам бойындағы қанды: «адал цан», арам қан», «құтырған қан», «қанды ірің» — деп төрт топқа бөлген. Шипагер осы тұжырымы бойынша жылдың мезгілдік өзгерісіне сәйкес, көктемде адамның да қанында пайдасыз өзгерістік құбылыстар болатыны туралы анықтамасын ұсынды, идеясын дәлдей білді. Қан адамның өмірінің негізі құралы әрі мүше бөлшектерін майлаушы қызметін атқаратынын да анықтай алды. Қан жанның серігі немесе құрамдас бөлігі болатынына жеке тәжірибелеріне сүйеніп анықтады, ешқандай күман келтірмеді. Халықтық шипагерліктің ғылыми медицинаға жақындауына тұңғыш рет негізін қалаған осы ғұлама баба еді. Қан жөнінде емдіктің қарапайым халықтық тәсілдерін жас кезінен бастап ғұмырының ақырына дейін зерттеген, еңбектер жазған медицина ғылымдарының докторы, профессор Е. Оразақов халықтық шипагерліктің емдеу әдіс -тәсілдері туралы былай дейді: «Адам денесіндегі арам қанды сыртқа шығару «лоңқа төңкеру» арқылы «қан тасуды» емдеу ушін шертпек, қандауыр, біз, містер, қарықтың атты құралдар пайдаланадылады. Қан көбіне шеке және маңдай тамырдан алынады. Ол үшін мойынға сүлгі салып еппен бұрганда, әлгі қан тамырлары басқа қан тамырларынан ерекшеленіп білеуленеді. Содан кейін шертпек не қандауырдың үшін оттың жалынына жалатып алып қан тамырын аздап тіледі, сол сәтте қою қара қан ағады, аздан соң қанның түрі бозғыл тартып, қалыпты жағдайға келгенде сүлгіні босатады да, қанды тоқтату әрекетіне кіріседі …» — деп, ғалым шипагердің өзінен бес ғасыр бұрынғы идеялық ойларын толықтырады. Халықтардың аймақтық орналасуына қарай, жеке шипагерлердің де ұқсастық немесе өзіндік құпиялық емдік әдіс-тәсілдері болды. Шипагерлікте сыртқы ауруларға оташылықтағы сынық пен буын шығу жататындықтан, сынықтың денедегі түріне қарай шипагерлер сынған сүйекті орнына келтіріп таңу мен қарапайым операция жасау сияқты оташылық тәсілдерін пайдаланды. Оның қарапайым озық жетістіктерін байыта білді.
Ұлы Әмір Темірдің (1333 — 1405) өзі жазған өмірбаянында 1354 жылы қатты сырқаттанады. Самарқанның шипагері анардың шырынымен емдей алмай, Түркістанның шипагері қан алып, айықтырғанын айтады. Бұдан Орта Азияда Х-ХV ғасырларда дамыған жоғары ғылыми шипагерлік ілім болғанынан хабардар етеді. Қараүзген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының да өзінің «Шипагерлік баян» атты медициналық энциклопедиялық еңбегінің де жазылуы осы XV ғасырда екені жоғарыдағы айтылғандардың шындыққа үйлесетінін білдіреді. Халық емшілігінің емдік халықтық сипаттарын оның өткені, бүгіні және болашағы жөнінде кезеңдерге бөліп жүйелеп қарауды қажет етеді. Шипагерлік саласының отызға жуық түрі барын ескерсек, бұл ғылыми талдауды жеңілдетіп қалмастан, оның өрісін кеңейтіп, болашағының таза өркендеуіне және басқа да ғылымдар саласымен қатарлас әрі тең дамуына маңызды болмақ. Бұндай танымдық жеке-жеке аныктамалық сипаттамалар мен тұжырымдамалар жасау, халықтық шипагерлік өнерінің ұлтты рухын өркендетуге және зерттелуіне зор көмегі болатынына бағыт бере алады. Сондықтан да халық шипагерлігіне ғылыми танымдық зерттеулерді жалғастыра беру, бұлактың бітелген көзін ашқандай әсері болары шындыққа айналмақ. Әр түрлі кезеңдерде шипагерліктің халықтық сипаты неше түрлі кедергілерге ұшырап, өрісін кеңейте алмауынан кенжелеп қалды. Сонда да болса, ертедегі шипагерлер емдеу жүйесінде дәрісін негізгі және қосымша дәрілер деп бөліп, өзінің рецептерін пайдаланды. Сөйтіп, қайнатпа дәрі, шар дәрі, ұнтақ дәрі, оқ дәрі, шекерлі — шарбәт дәрі, қоймалжың дәрі, шылатпа дәрі, сылама дәрі, т.с.с. дәрі-дәрмектерді өсімдіктердің құрамынан (сабағы, тамыры, гүлі, жапырағы, қабығы, жемісі, шайыры, тұқымы), хайуанаттар мен жәндіктердің мүшелерінен (сүйегі ,еті, сүті, терісі, майы, жүні, т.б.) оның ішінде аю еті, бұғы мүйізі, жолбарыс сүйегі, құдыр кіндігі, құстардың еті, жұмыртқасы, бие кымызы, сиыр сүті, түйе шұбаты, шаян, сүлік т.б. және минаралдардан (мыс, сынап, ашудас, тұз, алмас т.б.) сол дәуірдегі өлшемдік жүйемен дайындаған (кг, грамм, м.грамм өлшемі болмаған). Мәселен, Шэрбат дәрілерді дайындауда бір немесе бірнеше түрлі дәрілерді суда қайнатып, шамасынан сүзіп алып, оған шекер, бал немесе жеміс суларынан қосып әзірлейді. Сылама дәрілерді аю, борсық, жылкы, қаз майларынан дайындаған. Тамшы дәрілерді ішуге, кезге, құлаққа тамызу үшін әртүрлі дәрілерден жеке — жеке мөлшермен дайындаған. Қазақ шипагерлері өздері жасаған дәрілерін тұмаудың алдын алуға, бас ауруға, зиянды жәндіктердің шаққан уытын қайтаруға да қолданған.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.