Өсімдік жапырағы және оның құрылысы

Главная » Рефераттар » Өсімдік жапырағы және оның құрылысы

525102254Жапырақ — өсімдіктің ең маңызды өсімді мүшесі. Оның көбіне жалпақ болып келетін жапырақ алақаны және сабақпен жалғасатын сағағы болады. Егер жапырақтың бір ғана алақаны болса, жай жапырақ, ал негізгі сағақта бірнеше алақандар орналасқан болса, күрделі жапырақ деп аталады. Өсімдік түрлеріне қарай жапырақтардың құрылысы да әр түрлі болып келеді. Тал, қайың, терек, т.б. жапырақтарында алақанымен бірге сағағы да бар жапырақтар сағақты жапырақ деп аталады. Бидай, жүгері, алоэ жапырақтарында сағақ болмайды, бұларды отырмалы немесе сағақсыз жапырақ деп атайды. Кейбір өсімдіктерде нағыз жапырақ сағағының түбінен қосалқы жапырақтар өседі. Қосалқы жапырақтар мақтада, ақ қарағанда , қалақайда кездеседі. Олар алғашында қорғаныштық қызмет атқарады, ал бүршік өркендегеннен соң түлеп түседі.

Жапырақ алақандарының пішіндері де әр түрлі болады. Өсімдіктер жапырақтарының пішініне қарай жүрек тәрізді (жөке ағашы, қоғажайдың жапырақтары жатады), бүйрек тәрізді (тайтұйяқта), ромб тәрізді (қара тал, қайыңда), жебе тәрізді (шырмауықта), қылқан жапырақты (қарайғай, шыршада) болып бөлінеді. Жапырақтарының пішіндеріне қарап өсімдіктің тарихи дамуын, шыққан тегін аықтайды.

Жапырақтардың құрылысы мен жиегіндегі иректері әр түрлі болатынын өздерің де байқаған боларсыңдар. Мысалы, терек, қараған, жүгері, қияр, жапырақтарының жиегінде ешқандай кедір-бұдыры, тіліктері жоқ, бірыңғай болып келеді. Ондай жапырақ бүтін жиекті жапырақ деп аталады. Мұнан басқа үшкіртіс жиекті (қозықұлақ жапырағы), аратіс жиекті (қалақайдікі), дөңес жиекті (жалбыздікі), ойыс жиекті (өгейшөптікі) жапырақтар болады. Жапырақтар бір-бірінен жүйкелену белгілеріне қарай да ажыратылады. Жүйкелену дегеніміз — талшықтардың, яғни өткізгіш шоқтардың жапырақ алақанындағы орналасу тәртібі. Жүйкелердің құрылысы өте күрделі болып келеді. Жапырақтың жұмсағын жұлдызқұрттар жеп қойғанда, тек жүйкелері қалғанын талай кездестірген боларсыз. Жапырақ жүйкелері бойымен ондағы сұйық заттар мен шырын қозғалады. Олардың жуан жүйкелерін жан-жағынан тірек ұлпалары қоршап тұрады. Сондықтан олар өте берік болып келеді де, жапырақ алақаны мен сағаққа таяныш болады. Жапырақ жүйкелерінің орналасуы әр түрлі болғандықтан, жүйкеленудің де көп түрі кездеседі. Жүйкелену қатарлас, доға және тор жүйкелі болып бөлінеді. Бүтін жиекті жапырақтарда көбінесе доға және қатарлас жүйкелер жиі байқалады. Жүйкелену түріне қарап, жапырақта заттардың қозғалуын анықтауға болады. Өсімдіктердің белгілі тобы үшін жүйкелену түрі тұрақты болғандықтан, олардың шыққан тегін, құрылысын зерттегенде де, осы белгілеріне қарап ажыратады.

.

Жапырақ жасушасының құрылысы

.

Жапырақ алақаны көбінесе жалпақ болып келетідіктен, оның екі беті — астыңғы және үстіңгі жағы болады. Жапырақтың екі жағы бір-бірінен құрылысы, жүйкеленуі, түсі бойынша айқын ажыратылады. Мысалы, жапырақтың астыңғы жағыың түсі солғын, ақшыл-жасыл, ал кейде күлгін немесе қызыл болып келеді. Жапырақтың құрылысымен танысу үшін оның үстіңгі және астыңғы жағы бірдей қамтылатындай етіп, көлденең кесіндісін (асбұршақ, беде, жоңышқаның жапырақтарын) микроскоппен қарайды. Кесіндіден пішіні мен мөлшері әр түрлі көптеген жасушалар көрінеді. Жапырақтың үстіңгі және астыңғы жақ беттері қалың қабықшалы, бір-біріне тығыз жансып жатқан мөлдір жасушалармен қапталады. Бұл жабынды ұлпадан тұратын қабықша — жапырақ өңі деп аталады. Өң жапырақты зақымдалудан, кеуіп кетуден сақтайды.

Өң жасушаларының арасында лептестіктер болады. Қосарлаған тұйықтаушы жасыл жасушамен шектелген саңылау лептестік деп аталады. Жапырақтағы лептестік саны өте көп. Мысалы, 1 см/2 бидай жапырағында 1500, үрмебұршақта одан 20 есе артық лептестік болады. Ал жасушалар саны жөке ағашының бір жапырағында бір миллионға, орамжапырақта бірнеше миллионға дейін жетеді. Лептестік саңылауы өте кішкене. Салыстырмалы түрде алғанда, ең жіңішке иненің көзі одан гөрі едәуір үлкен. Лептестік арқылы су буланады және өсімдік тыныс алады. Өңнің астында жасыл жасушалардың бірнеше қабаты орналасқан. Олар фотосинтездеуші ұлпаны құрайды. Фотоситездеуші ұлпа жасушаларында фотоситез жүретін хлоропластар болады. Жасушалардың пішіні әдетте иір-иір болып келеді. Ұлпа фотосинтездеуге қоса судың булану, заттардың қозғалу әрекеттеріне қатысады. Фотосинтездеуші ұлпада ауаға толы жасушалар болады. Олар босаң орналасқан да, ауа жасуша аралықтарына лептесік арқылы өтеді. Жапырақ алақанының ортасынан жүйкелер тізбегі көрінеді. Жүйкелер өткізгіш және тірек ұлпалар жасушаларынан құралады. Жүйкенің құрамына сүзгіш түтіктер, талшықтар кіреді. Олар өткізгіш шоққа біріккен. Жапыраққа жүйкелердің бойымен су, минералды заттар келеді.

.

Жапырақта органикалық заттардың түзілуіне жарықтың әсері

Органикалық заттарға крахмал, ақуыз, май жатады. Органикалық заттар жанады. Егер кепкен жапырақтарды, бұтақтарды, тамырларды отқа жақса, олар жанып, көмірге айналады, демек органикалық заттар өсімдіктің барлық мүшелерінде болады деген сөз. Органикалық заттар қалай түзіледі ? Органикалық заттар жарықта жапырақтың жұмсақ бөлігінде түзілетіні тәжірибе арқылы дәлелденді. Бұл құбылыс күннің жарық энергиясының қатысуымен болатындықтан, фотосинтез деп аталады. Фотосинтез кезінде жарықта бейорганикалық заттардан (көмірқышқыл газ, су) күрделі органикалық зат — крахмал түзіледі. Крахмал хлорофилл дәндерінде пайда болады. Жапырақтың түссіз өңінен күн сәулесі еркін өтеді. Жапырақ өңіндегі лептесіксіз саңылаулары арқылы ауадан жапыраққа көмір-қышқыл газы өтеді, ол жапырақтың жұмсақ бөлігінің жасушаларына барады.

Жапырақтың жұмсақ бөлігіндегі жүйкелер арқылы келген су күн сәулесі энергиясының әсерінен көмірқышқыл газымен қосылады да, көміртегі, сутегі, оттегінен тұратын крахмал түзіледі. Сөйтіп, жапырақтың жұмсақ бөлігіндегі жасушаларында, хлорофилл дәндерінде өсімдіктердің тіршілігіндегі маңызды құбылыс — органикалық заттардың түзілу құбылысы болып жатады. Жарықта крахмалдың жапырақта түзілуін тәжірибе арқылы дәлелдеп көруге болады. Кез келген бөлме өсімдігі немесе сабақтан екі апта бұрын өсірілген үрмебұршақ (бөлме өсімдіктерінің жапырақтары қалың, жылтыр болса, тәжірибе шықпайды) әбден суарылып, екі тәулік қараңғы жерге қойылады (қараңғы жерге қоятын себебі жапырақта бұрыннан түзілген крахмалдар тамырға кетеді де, жапырақтар түгелдей крахмалсызданады). Екі тәуліктен соң өсімдікті қараңғы жерден алып, екі-үш жапырағының біраз бөлігі жарық өтпестей етіп қара қағазбен екі жағынан да жабылады (жапырақ алақаны қара қағазбен тұтас жабылмай, біраз бөлігі ашық қалуы керек немесе қара қағазға әріп оюға болады) да, бір тәулік күн сәулесінің жарығына қойылады. Бір тәулік өткен соң қараңғыланған жапырақты кесіп алып, қара қағаздан ажыратып, алдымен бір минуттай ыстық суда (крахмал дәндері ісінеді), одан соң жапырақ түссізденгенше спиртте қайнатады, түссізденген жапырақты суық сумен шайып, жайдақ ыдысқа салады да, бүктелген жерлерін сапты инемен жазбалап, үстіне иодтың әлсіз ерітіндесімен тамызады. Бір — екі минуттан кейін жапырақтың жарық түскен жері көгереді де, қараңғыланып жабылған жері өзгеріссіз қалады. демек, крахмал жапырақта тек жарық түскенде ғана түзіледі екен.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.