Символизм ағымының әсері мен көріністері

Home » Рефераттар » Символизм ағымының әсері мен көріністері
Рефераттар Комментариев нет

Символизм өз заманындағы әдеби өмірде ерекше бір құбылыс болды деп айтуға толық негіз бар. Символистер эстетикасының жүйесі, олардың философиялық көзқарастары халық көтерілісі жеңіліс тапқаннан кейін етек алған саяси қудалау жылдары пайда болып, өркендеді. Бұл — аласапыран, қатер мен қауіпке толы уақыт еді.

Реакцияның қара бұлты құлдырап бара жатқан орыс поэзиясына да төнді. 80-90 жылдары орыс поэзиясы бұрынғы қуатынан айырылып, солғын тарта бастады, көркемдік ізденістер көкжиегі, шығармашылық мүмкіндіктер аясы да біртіндеп торыла түсті. Поэзияның ұлы таланттары келмеске кеткендей әсер туғызды. Тек өткеннің серпінімен ғана Некрасовтың азаматтық мектебінің дәстүрі жалғастық тапты. 90 жылдары А.Минский: «Атып келе жатқан таң сияқты әлемді ұйқыдан оятатын өлеңдер жоғалды»,- деп қапаланды. Сол кездегі поэзияға өмірден шаршағандық, жаппай, қапалану, торығу қайғы-қасірет тән болып келді. Сол бір дәуірде тек Фет қана өзінің «Вечерние огни» жинағымен жарқ етіп, оқырман қауымды елең еткізді. Мережковский, Минский, Сологуб, Бальмонт тәрізді болашақ символистердің ертеректе жазылған өлеңдерінде жабырқау көңіл-күй анық байқалады. Символистердің қозғалысы орыс поэзиясының жұтаң тартуына қарсылық ретінде пайда болды.

Символистер орыс поэзиясына дем беріп, көркемдік мүмкіндіктерін арттыруға, жаңалық енгізуге күш салды, сонымен қатар, олар орыс сынындағы, оның ішінде Белинский, Добролюбов, Чернышевский, Михайловский, кейінірек, марксист-сыншылардың еңбектеріндегі позитивистік,материалистік идеяларға да қарсылық білдірді. Символистер идеализм мен дінді ту етіп ұстады. 1894-1895 жылдары «Орыс символистерінің» үш жинағы жарық көрді. Аталмыш жинақтарға көбінесе жас ақын В.Брюсовтың өлеңдері, басылды. Сондай- ақ, К.Бальмонттың «Под северным небом», «В безбрежности» атты алғашқы кітаптары да енді. Ресейдегі символизм Батыспен тамырлас дамыды, сондықтан орыс символистеріне белгілі бір дәрежеде француз поэзиясы да (Верлен, Рембо, Малларме), ағылшын, неміс поэзиясы да әсер етті. Ал неміс поэзиясындағы символизм ондаған жылдар бұрын пайда болған еді. Орыс символистері Шопенгауэр философиясының ықпалында болды. Дегенмен, олар өздерінің «батыс европалық әдебиетке тәуелді емеспіз» деп, одан үзілді-кесілді бас тартты. Орыс символистері түп-тамырларын орыс поэзиясынан, Тютчев, Фет, Феофанов кітаптарынан іздеді, тіпті Пушкинмен, Лермонтовпен байланыстарында жоққа шығармады. Мәселен, Бальмонт әлемдік әдебиетте символизм бұрыннан бар деп есептеді. Оның ойынша, Кальдерон мен Блейк, Эдгар По мен Бодлер, Генрик Ибсен мен Эмиль Верхарн да символистер болып табылады. Бір нәрсенің ғана басы ашық: орыс поэзиясында, әсіресе, Тютчев пен Фетте символистердің шығармашылығына тән белгі-қасиеттер бар. Символистік ағымның жоғалып кетпей, жаңа қуатпен дамуы Ресейдің рухани мәдениетіндегі халықтық дәстүрлерге меңзейді. Орыс символизмі батыс символизмінен руханилығымен, шығармашылық қабілеттерінің әр қилылығымен, бай әдеби жетістіктерімен ерекшеленді. Алғашқы кезде, 90-ыншы жылдары сиволистердің оқырмандарға түсініксіздеу болып көрінген өлеңдері сынға ұшырады.

Символист — ақындарға «декаденттер» деген айдар тағылды, ал бұның өзі сары уайым, өмірден түңілу дегенді білдіруші еді. Символизм мен декаденттіктің белгілерін жас Бальмонттан байқауға болады.Оның алғашқы кітаптарына уайым-қайғыға толы көңіл-күй тән. Бірақ 20-ғасырдың алғашқы жылдарында символизм әдеби ағым ретінде өз мүмкіндіктерін толығымен көрсете бастады. Енді символизмді өнердегі басқа құбылыстармен шатастыру мүмкін емес еді, символизмнің тек өзіне тән поэтикалық құрылысы, эстетикасы мен поэтикасы, ілімі қалыптасты. 1900 жыл — поэзиядағы символизмнің гүлдену кезеңі десе де болады, осы жылы өзіндік авторлық ізденісімен жұртшылыққа кеңінен танылған Брюсовтың «Третья стража» және Бальмонттың «Горящие здания» атты символистік кітаптары жарық көрді.

«Символистердің ұстанымы қандай болды? Олардың поэтикасының қандай ерекшеліктері бар? Символистердің өзіндік көзқарастарын қалай түсіндіруге болады?» ‒ деген сауалдар көпшілікті де толғандырды. Идеализм философиясымен қанаттанған романтиктер символизмнен бас тартпады. Мережковский өз тәжірибесінде материалистік дүниетанымға қарсы шығып, сенім, дін-адам болмысы мен өнердің негізі деп тұжырымдады. «Құдайға сенбесең, әлемде сұлулық та, әділдік те, поэзия да, бостандық та жоқ»,- деп жазды. Философ әрі ақын В.Соловьевтің орыс символистеріне ықпалы зор болды. Философтың ойынша, бұл ілімнің негізін екі әлем туралы концепция, атап айтқанда: осы дүние мен санадан тыс басқа бір мәңгілік дүние туралы концеп- ция құрайды. Осы дүние, жер бетіндегі күйбең тірілік- бұл санадан тыс, басқа бір мәңгілік дүниенің шағылысқан сәулесі ғана, ал «адам-осы екі дүниені байланыстырушы дәнекер». В.Соловьев өзінің Мистикалық діни-философиялық прозасы мен өлеңдерінде заттық, өткінші дүниенің әмір-билігінен босанып, мәңгілік, тамаша әлемге аяқ басуға шақырады. Екі әлем туралы идея символистерге бағдаршам тәрізді болды. Әсіресе, 20 ғасырдың басында, 1903 жылы әдебиет әлеміне келген символистердің екінші буыны-жас символистер аталмыш идеяны дамытты. Олардың арасында «ақынды мәңгілік дүниені тани алатын, мәңгілік дүниенің құпиясын аша алатын және оны өнерде көрсете алатын теург, сиқыршы» деген ұстаным қалыптасты. Өнердегі символ осындай танымның құралы болды.

Символ (грекше-белгі) дегеніміз — әрі аллегориялық, әрі заттылық мәні бар образ. Вячеслав Ивановтың ойынша, символ- «басқа бір әлемнің белгісі», сол себепті ол: «Егер менің сөзім — тек сөз ғана болса, егер ол басқа бір мағынаны білдірмесе, егер ол рух болмаса, онда мен-символист емеспін»-деп жазады. Ал Брюсов: «Өнер туындылары — мәңгілікке ашылған есік»,- дейді.Оның тұжырымынша, символ «айтуға болмайтын нәрсені бейнелеу». Бальмонттың пікірінше, символист ақындар «Әлемге өз әмірін жүргізіп,оның тылсымына үңіледі». Символистер поэзиясына Иннокентей Анненскийдің айтқанындай, бәріне бірдей түсінікті емес «емеурін, тұспал, меңзеу тән — түйсікпен сезген нәрсенің бәрін түсіну, таныған нәрсені түсіндіру мүмкін емес,бірақ осының бәрін ұғындыратын сөз табуға болады». В.Соловьевтің өлеңдерінен бастау алған символ-сөздердің, символ-белгілердің қатары пайда болды. Мысалы «аспан», «жұлдыздар», «шапақ» және т.б. Бұл сөздерге мистикалық мән телінді.Кейінірек, В.Иванов символдың анықтамасын толықтыра түсті, символдың заттық мәнін айқындады,сөйтіп, «реалистік символизм» терминін енгізді.

Символистер Ресейде, тіпті бүкіл Европада әлеуметтік қайшылықтар шиеленісіп, шарықтау шегіне жеткен кезде шығармашылықпен айналысты. Таптық қайшылықтар, мемлекеттердің арасындағы қырғи-қабақ қатынастар, қоғамдағы рухани дағдарыс,бұрын соңды болмаған катоклизмдер тудырды. 1905 жылғы орыс төңкерісі, одан кейінгі дүние жүзілік соғыс, 1917 жылғы Ресейдегі екі дүркін төңкеріс осы ғасыр тоғысына тап келді. Брюсов те, Блок пен Андрей Белый да аласапыран заманда бүкіл қоғамды жайлаған үрей-қорқынышты, қанатын жайып келе жатқан қайғы бұлтының үйірілгенін жан-тәнімен сезінді. Символистер, бір жағынан, төніп келе жатқан қатерді сезінсе, екінші жағынан, бүкіл адамзаттың қайта түлеуін тағатсыздана күтті. Олар бұл жаңғыру өнер мен діннің бірігуі арқылы жүзеге асады деп есептеді. Символистердің барлығы дерлік өнердің діни астарын мойындады. Бұл, әсіресе, жас символистер — «теургтерде» айқын байқалды. А.Белый өнерде дінмен байланыстырды, сөйтіп «символизмді-өнер мектебі» деп қарастырған Брюсовпен пікір таластыра отырып, А.Белый символизмнің рухани рөліне баса назар аударды. Символизмнен «рухани төңкерісті» іздеген. А.Белый Брюсовке: «Символизм — өлең мектебі емес,ол жаңа өмір, адамзаттың құтқарушысы» — деп қарсылық білдірді. Мережковский «жаңа діни сана» утопиялық теориясын ұсынды,аталмыш теорияның мақсаты- антикалық пұтқа табынушылық пен христиандықты біріктіру. Ал, өз өлеңдерінде «шіркеулік» концепцияны насихаттаған В.Иванов: «Дін дегеніміз-алдымен өмір мәнін сезіну», деп жар сал- ды. В.Ивановтың пікіріне ұқсас ойды кезінде С.Булгаков та айтқан еді.Ол 1908 жылы былай деп жазды: «Крестке таңылған Құдайға,оның іліміне сену — адам өмірі туралы ең жоғарғы,толыққанды және нағыз ақиқат». Кейінгі символистер, оның ішінде, А.Белый да XX ғасыр басында, «ақыр заман таянғандай күй кешті. Олар «ақыр заман» белгілерін Мәскеу аспанындағы «қанға боялған күн шапақтарынан» көрді, ал ғалымдар мұны жанар таудан пайда болған тозаңмен түсіндірді. Брюсовтің «Конь Блед» атты тамаша өлеңін оқығанда, осындай көңіл ауанын ескеру қажет. Жас мистик ақындарда эсхатологиялық (әлем тағдырын шешетін бір сұмдықты, жаманатты сезіну) көңіл-күйдің пайда болуына сол кездегі ғалымдардың «Әлемнің жылудан өлуі» туралы болжамы да түрткі болуы мүмкін.

Символистер өз болмысын мистикалық тұрғыдан түсіндірді, сондықтан өзіндік мифтер ойлап шығарды. Символистердің «екінші буын» толқынының келуімен символистер арасында қарама-қайшылықтар пайда бола бастады. «Екінші буын» ақындары — кейінгі символистер теургиялық идеяларды дамытты, сөйтіп, Брюсов, Минский, Бальмонт, Мережковский, Гиппиус, Сологуб тәрізді аға буын символистері мен Белый, В.Иванов, Блок, С.Соловьев сияқты жас буын символистердің арасындағы қарама-қайшылық тереңдей түсті. 1905 жылғы революция әр қилы идеялық ұстанымда болған символистердің арасындағы қайшылықты одан әрі шиеленістіріп жіберді. 1910 жылы символистердің өз ішінде көрінеу идея өзгешелігі байқалды. Брюсовтің ойынша, ақын-теургтер поэзияны оның бостандығынан, тәуелсіздігінен айырғысы келді. Брюсов біртіндеп Иванов мистикасынан қол үзе бастағандықтан, Белый оған қырын қарады. 1910 жылғы символистердің арасындағы дау-дамай пікірталастар дағдарысқа символистік мектептің қақ жарылуына себепкер болды. Кейбір символистер бірігіп, топ құраса, кейбір символистердің бір-бірінен іргелерін аулақ салды. 1910 жылдары символистердің қатарынан жастар бөлініп шығып, символистік мектепке қарама-қарсы акмеизм тобын құрады. Футуристер де символистерге қарсы шықты. Кейінірек Брюсов: «Бұл жылдары символизмнің дамуы тежеліп,қалыптасқан дәстүрлерден ұзап кете алмай, өмір ағынына ілесе алмады»,- деп жазды. Әдебиет зерттеушілерінің кейбірі символистік мектептің әдебиет сахнасынан түсуі 1910 жылдарға дөп келді десе, енді біреулері 20 жылдарға сәйкес келді деп атап көрсетеді. Дәлірек айтсақ, яғни шындыққа жүгінсек, символизм — орыс әдебиетіндегі ағым ретінде1917 жылғы төңкерістен кейін жоғалды. Орыс символизмінің тарихи маңызы өте зор. Символистер 20 ғасыр басын- да орын алған әлеуметтік төңкерістер заманында адам тағдырының трагедиясын жан-жүрегімен сезініп, өлеңдерінде бейнелеуге ұмтылды. Олардың өлеңдерінен рухани бостандық пен рух еркіндігін аңсаған романтикалық сарын байқалады. Орыс символистерінің туындылары- бүгінде баға жетпес эстетикалық құнды дүниелер.

Символизм бүкіл европалық, бүкіл әлемдік деңгейдегі сөз суреткерлерін дүниеге әкелді. Олар — әрі ақын, прозаик болумен қатар, философ, ойшыл, жан-жақты адамдар болды. Бальмонт, Брюсов, Анненский, Сологуб, Белый және Блок поэтикалық тілді жаңартты, өлеңнің құрылысын, ырғақтық жүйесін байытты. Олар оқырманын поэзияны терең түсінуге үйретті. 1893 жылы Мережковский өз трактатында: «Жаңа өнердің негізгі үш элементі: мистикалық мазмұн, символдар және көркемдік әсерді кеңейтуді», атап көрсетті». Ал, Брюсов: «Сөзді қастерлеу, сөзді қайта тірілту, жаңа түсініктер үшін жаңа сөздер ойлап шығару, сөздердің үйлесімді тіркесін қадағалау, сөздік қор мен синтаксисті дамыту – бұл мектептің ең басты міндеттерініңбірі»-деп жазды. Символистер қолданған образдылық — орыс поэзиясы үшін жаңалық болды және де кейінгі шығармашылық ізденістерге жол ашты. Қазан төңкерісінен кейін, 20- жылдары жас әдебиеттанушылар кезінде Брюсов, Блок және т.б. ақындар жасаған поэтикалық тілге сүйенді. Әр ақынның тек өзіне ғана тән ерекшеліктері болды.Символистердің ішінде алғашқылардың бірі болып бүкіл Ресейде атақ пен даңққа бөленген Баль- монт поэзиясына ерекше әуезділік тән; Брюсов поэзиясында байсалдылық пен парасаттылық және басқаларға қарағанда реалистік сипат басым; Иннокентий Анненский — нәзік психолог;1905 жылғы реакция жылдары аласұрған Ресей туралы «Пепел» және «Серебряный голубь», «Петербург» романдарын жазған А.Белый; Шерлі Сологуб; адам жанының білгірі,ойшыл В.Иванов; нағыз халық ақыны А.Блок. және т.б.. Блок поэзиясына бір жағынан- мұңшер тән болса, екінші жағынан — Отанға деген сүйіспеншілікке толы. Ең алдымен символизм орыс поэзиясындағы «Күміс ғасыр» деген ұғыммен байланыстырылды. XIX ғасыр мен XX ғасыр тоғысын — орыс ренессансы дәуірі деп те атайды. Философ Бердяев: «Ресейде ғасыр басында нағыз мәдени жаңғыру байқалды. Бұл кезең шығармашылық өрлеу мен сипатталады. байқалды. Ресейде поэзия мен философия гүлденді; діни ізденістер көкжиегі кеңейіп, мистика-лық көңіл ауаны белең алды». Шындығында да: сол кезеңде Ресейде әдебиетте –Лев Толстой мен Чехов, Горький мен Бунин, Куприн мен Леонид Андреев;бейнелеу өнерінде – Суриков пен Врубель, Репин мен Серов, Нестеров пен Кустодиев, Коненков пен Рерих; музыка мен театрда –Римский Корсаков, Рахманинов пен Стравинский, Станиславский мен Шаляпин т.б. танымал болды. Сайып келгенде, орыс поэзиясындағы символизм ағымының даму тарихы мен бет алысы, табиғаты осындай еді. Символизмнің ықпал ету аясының өте кең болғаны соншалық, ол (символизм) басқа әдеби мектептер мен үйірмелерге де әсер етті. Осы тұста бір ескеретін жайт – дүние жүзілік халықтар әдебиетінің өзара байланысын нығайта түсетін өрелі әдебиеттердің бары. Міне, сондай әдебиеттердің бірі – орыс әдебиеті. Басқа әдебиеттердегі мұралардың көпшілігімен қазақ халқы орыс әдебиеті арқылы танысты, әрі өз тіліне сол орыс тілінен аударды. Сондай-ақ қазақ әдебиеті дүниежүзілік аренаға шыққанда да сол орыс әдебиеті арқылы шықты. Демек, осындай озық әдебиеттер дүние жүзіндегі көптеген ұлт әдебиеттерінің өзара байланыс жасауына дәнекер болып отырды. Ал әдеби әсер, ықпалға келетін болсақ, бұл әдеби байланыстан келіп туатын, одан әлдеқайда тереңірек мәселе. Яғни әдеби ықпал деген әдебиеттің даму процесіне елеулі әсері бар шығармашылық қарым-қатынас түрі болып табылады. Әдеби әсер, ықпал әр түрлі болуы мүмкін. Озық ел әдебиетінің әсері, ықпалы екінші әдебиеттің өсіп, дамуына жәрдем етеді. Әлбетте, әдеби байланыс болған жерде үнемі әдеби әсер, ықпал бола бермеуі мүмкін. Екі халықтың әдебиетінде ешқандай ықпал, әсерсіз тек байланыс қана болуы әбден ықтимал. Ал әдеби ықпал-әсер болған жерде әдеби байланыс міндетті түрде болады.

Өзара байланыс даму процесі бірдей немесе әр түрлі әдебиеттерде де бола береді. Ал әсер, ықпал көбіне өскен, жетілген әдебиет пен кенже қалған әдебиет арасында болатын құбылыс. Мұны біз орыс әдебиетінің қазақ әдебиетіне жасаған ықпал, әсерінен айқын көреміз. ХХ ғасыр басында бұл игі дәстүр өз жалғасын тапты. Төл әдебиетіміздің тарландары орыс ақын-жазушыларының тамаша шығармаларынан тыныс алып, таң қаларлық табыстарға жетті. Әріге бармай, беріден тартсақ, өзіміз сөз етіп отырған символизм ағымының әсерін орыс, батыс әдебиеттерін терең біліп, таныған әрі аумалы төкпелі заманда өмір сүрген төл сөз өнеріміздің таланттары –М.Жұмабаев пен Б.Күлеев шығармашылығынан байқаймыз. Әдебиеттану ғылымында соңғы уақытқа дейін «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде модернистік ағымдар, оның ішінде символизм болған жоқ, тек көркемдік әдістер мен стильдерде импрессионизм, символизм элементтері ғана көрініс тапты» деген пікірдің орын алып келгені белгілі. Әдебиеттанушы ғалым Ш.Елеукенов әдеби процестегі негізгі бағыттарға тоқтала келіп, кеңестік кезеңде «декаденс» пен «модернизмді» ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі реализм мен романтизмнің дамуына тежеу болған кертартпа ағымдар ретінде көрсеткенін атап өтеді. Ғалым М.Жұмабаев, Б.Күлеев шығармашылықтарында да декаданттық көңіл-күйдің болғанын жоққа шығармайды. Жалпы символизмнің тарихи-идеялық, философиялық-эстетикалық негіздерін, әдіс-тәсілдерін анықтап алғаннан кейін ғана әдебиеттануда бұрыннан белгілі мәселелерді жаңаша көзқарас тұрғысынан шешуге болады. Бұл тұста, әсіресе, Мағжан шығармашылығының зерттелуін айтуға болады. Ғалым осыған дейін ақын шығармашылығын зерттеуде тұрпайы социологизмнің ықпалы зор болғанын орынды атап көрсетеді.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.