Түйе малының қасиеті

Главная » Рефераттар » Түйе малының қасиеті

Зерттеудің мақсаты: түйе малының адам үшін қызметінің бағалы екенін таныту. Қазақ халқы – күнделікті тұрмысын малмен тығыз байланыстырған халық. Әсіресе түйе малын ерекше бағалаған. Сондықтан түйе туралы мәліметтер мен оның емдік қасиеттерін жинақтауды мақсат еттім. Кіріспе. Қазақтың жылқыдан кейін қадірлейтін малы – түйе. Көшіп-қону үшін жылқыдан да артық бағаланған. «Бақырауық демесең, бағалы көлік түйе ғой», «Нары бардың малы бар», «Тамырыңнан түйе сұра, қорыққаннан бие берер», «Көтерем деп түйеден безбе, салтанатың емес пе?» деген ескі мақалдардың өзі-ақ түйенің көшпелі тіршілікте аса құнды түлік болғанын анықтай түседі. Түйенің жүні мен терісі – киім, сүті – сусын, еті – ас. Әсіресе, түйе көш көлігі ретінде бағалы. Ол сиырдай емес, сирақты мал. Қыста суыққа, жазда ыстыққа төзімді, әсіресе шөлге, аштыққа шыдамды. Түйе алпыс күн аштыққа, отыз күн шөлге шыдайды. Осынша шыдамдылығына, қуаттылығына қарамастан, «шөк» десең, шөге қалатын, «айт-шу» десең, атып тұратын «тіл алғыш», жуас, қайырымды мал. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағылып, күтімді, құнарлы азық пен құрылысы күрделі, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімді сала болып табылады. Түйе түлігі күй таңдамайды, басқа мал жемейтін қатты, тікенді өсімдіктермен қоректене береді. Түйе күндіз жайылып, түнде жатып, күйіс қайырады. Бірнеше тәулік су ішпеуге шыдайды. Бұл кезде өркеш майларынан бөлінген суды пайдаланады. Түйе шаруашылығы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында жақсы дамыған. Түйенің шығу тарихы. Түйелер – ірі табандылар отрядының түйе тұқымдасына жататын ашатұяқты сүтқоректілердің бір түрі. Қолда өсірілетін түйелердің арғы тегі – жабайы түйелер. Түйе бұдан 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретілген. Оның екі туысы бар: бірі – түйе, екіншісі – лама. Түйелер шөлге де, қатты аязға да төзімді, күшті көлік малы. Түйелер мен таутайлақтардың башпайларында мүйізді тұяқтары болмайды. Тұяқтың орнында башпайларының ұшында ғана доғаланып, қисық біткен кішкене тырнақ өседі. Табаны жалпақ және астыңғы жағы сүйелді, жұмсақ көнмен қапталған. Сондықтан бұл жануарларды көнтабандылар деп атайды. Түйенің кеудесінде, тізесі мен тілерсегінде сүйелді, сірілі, түксіз тықыр жерлері болады. Түйе шөккен кезде сүйелді жерлері ыстық құмның әсерін сезбейді. Осыған байланысты түйе ыстық құмда шыдап, шөгіп жата береді. Түйенің дене тұрқы ірі. Оның салмаңы 700-800 кг, мойны иір және ұзын. Денесінің әр жерінде ұзын шудалы жүндері болады. Құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Сондықтан халық түйені «шөл дала кемесі» деп атайды. Қолда өсірілетін түйелердің арғы тегі – жабайы түйелер. Түйе бұдан 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретілген. Айыр өркешті түйенің қолға үйретілген жері – Орта Азия. Сыңар өркешті түйенің қолға үйретілген жері – Африка өңірі. Қазіргі кезде сыңар өркешті жабайы түйе жойылып кеткен. Айыр өркешті жабайы түйе Монғолияның Гоби шөлінде ғана сақталған. Түйені – төрт түліктің төресі, киелі түліктің бірі деп есептеген. Түйенің пірін – «Ойсылқара», кей жерде «Қаусыл-қазы» деп атайды.

Түйе малы

Қазақстандағы түйе түрлері. Қазақстанда түйенің екі түрі бар: Жалғыз өркешті түйе (ғылыми тілде дромедар дейді) – Қазақстанның кейбір жерлерінде өсіріледі. Оның жалпы аты – «нар». Ұрғашысы – «мая» немесе «аруана», еркегі – «үлек». Сыңар өркешті түйе ыстыққа төзімді, бірақ қатты аязға шыдамайды. Қос өркешті түйе (ғылыми тілде Бактрия түйесі дейді) немесе Айыр өркешті түйенің жабайы түрі «қаптағай» деп аталады. Айыр өркешті түйенің ұрғашысын – «іңген», еркегін – «бура» дейді. Қазақстанда қос өркешті түйенің Астрахан түйесі, Қазақстан түйесі, Монғол түйесі деп аталатын негізгі үш тұқымы өсіріледі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Түйенің еті мол, жүні биязы болады. Түйе 30-35 жыл жасайды. Үй түйесінің екі түрі бар. Мұның біреуі қос өркешті, екіншісі сыңар өркешті. Қос өркешті түйенің таза қандысын – бактриан, сыңар өркешті түйенің таза қандысын дромедар деп атайды. Түйе ірі, күшті, төзімді жануар. Салмағы 700-800 кг, бактрианның биіктігі (өркешінің арасынан) 178 см, тұрқы 158 см, түсі қара қоңыр. Дромедарлардың биіктігі (шоқтығынан) 210 см, тұрқы 155 см, түсі қызыл сұр болып келеді. Түйенің күйіс қайыратын жануарлардан ерекшелігі – үстіңгі жақ сүйегінде екі күрек тісі болады, өт қабы жоқ. Жыныстық жағынан 2-3 жылда жетіледі, бірақ інгенін 3-4 жасында қайытады, бурасын келеге 5-6 жасында түсіреді.

Түйенің ерекше қасиеті – шөл және шөлейт жерлердің қатаң жағдайларына төзімділігі. Ол шөл өсімдіктерін талғамай жеп, ащы су іше береді. Соның нәтижесінде жаз айларында қыстық май қорын ішіне, өркешіне жинап алады да, қиын-қыстау кезде ұзақ уақыт азықсыз, сусыз жүре алады. Түйенің бұл ерекшелігі оның қатаң табиғат құбылыстарына жауабы. Мал организмінің мұндай ерекшеліктері «ксерофит» деп аталады. Жазда-күзде жайылым жағдайының жеткілікті кезінде жинап алған қорын азық жеткіліксіз кезде денесінен үнемдеп жұмсау малдың өмірін, ұрпағын сақтап қалудан шыққан генетикалық инстинкт. Сондай қиын-қыстау кезеңде түйенің несеп, нәжіс шығаруы азаяды, тыныс алуы сиреп, өкпеден бу аз шығады. Түйеде тері бездері сирек болады. Түйенің бұл қасиеттері оны алыс жайылымда жаюға, ұзақ жолға шыдауына мүмкіндік береді. Қазақстанда қос өркешті түйелердің тұқымы – қалмақ, қазақ, монғол, ал сыңар өркештіден аруана тұқымдары өсіріледі. Сонымен бірге бұл тұқымдардың будандары да көбейіп келеді. Қалмақ тұқымы – қос өркешті түйелердің арасында айрықша орын алады. Бұл тұқым өте ірі, дене бітімі келіскен, бұлшық еттері қуатты әрі серпінді. Басы кішкене, мойны сіңірлі, етсіз, тарамыстары жақсы жетілген. Түсі қоңыр және қара қоңыр болып келеді, бірақ кейде қуқылсары және ақ түстілері де кездеседі. Қалмақ түйелерінің бураларының тірілей салмағы 650-700 кг, інгендері 600-650 кг тартады. Бураларының биіктігі 191 см, тұқымының ұзындығы 165 см, кеуде орамы 241 см, жіліншігінің орамы – 25,4 см. Ал інгендердің өлшемдері тиісінше 181, 172, 255, 20,9 см. Қалмақ түйелері ширақ, жуас және адамды жақсы тыңдайды. Олар әр түрлі ішкі шаруашылық жұмыстарына жегуге, жүк артуға және салт мінуге ыңғайлы. Жұмыс қабілеті жөнінен түйелер аттардан да, өгіздерден де кем емес, ал жүк артуға олардан әлдеқайда артық екені белгілі. Бұл түйе тұқымы шөл және шөлейт аймақтарға жақсы бейімделген. Жаз, күз кезінде тез семіреді, осы кезде салмағы 30 пайызға дейін артады. Қоңды түйелердің өркештерінде 100 кг астам май жиналады. Жүні сапалы, біркелкі жақсы өседі. Түйенің жынысы мен жасына қарай әр түрлі мөлшерде жүн алынады. Мәселен, буралардан 6-14 кг, інгендерден 4-8 кг, тайлақтардан 3-6 кг жүн түседі. Қалмақ тұқымы аруанаға қарағанда сүтті емес. Бірақ 18 айлық сауын маусымы ішінде орта есеппен 1170 л сүт сауылады. Майлылығы жоғары – 5,4%. Бураларын 18-20 жасқа, інгенін 20-25 жасқа дейін пайдалануға болады. Жаңа туған ботаның салмағы 51 кг немесе анасының салмағының 7 пайызына ғана тең болса да, ол бір жылдың ішінде 5 есе көбейіп, 250-260 кг жетеді. Екі жарым жылда сақа түйенің 85 пайызына дейін жете алады. Осындай жақсы өнімдік көрсеткіштерінің арқасында қалмақ тұқымы басқа қос өркешті түйелердің тұқымын жақсартушы болып саналады. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында қалмақ түйесінің бураларын қазақы інгендермен шағылыстыру әдісі кеңінен қолданылады. Мұның өзі түйенің салмағы мен жүнін жоғарылатуда жақсы нәтижелер беріп келеді. Қазақ бактрианы, қазақтың қос өркешті түйесі барлық түйе тұқымдарының ішінде көп тарағаны. Бұл тұқымның малдары Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан Республикаларында, Қытай Халық Республикасының батысында өсіріледі. Қазіргі кезде бұл тұқым Қазақстанда жұмыс көлігі ретінде ғана емес, негізінен өнім малы (ет, сүт, жүн) ретінде кеңінен пайдаланылады. Таза қанды қазақы түйелердің дене бітімі тығыз, жалпақ және жуан, тік мойын, кеудесі кең, терең, бұлшық еттері жақсы жетілген, тұрқы сәл ұзындау, өркештерінің арасы кең, жүні қою болып келеді. Қазақтың қос өркешті түйесі қалмақ түйелерінен кішірек болғанмен, жалпы салмағы олардан кем түспейді. Мәселен, қоңды кезінде буралары 550-600 кг, інгендері 500-550 кг тартады. Ал кейбір аса ірілері 1000 кг жетеді. Олардың денесінің өлшемі климат жағдайына және азықтандыру мөлшеріне қарай өзгеріп отырады. Інгендерінің биіктігі 174-179 см, тұрқының ұзындығы 147-157 см, кеуде орамы 226-238 см, жіліншігінің орамы 19,5-21 см болады. Ең ірі түйелер Батыс Қазақстан, ал тұлғасы кіші түйелер Маңғыстау облысында өсіріледі. Бураларынан орта есеппен 8,5-10 кг, інгендерінен 5,5-6 кг, тайлақтарынан 3,5-5 кг жүн түседі. Жүн талшығының ұзындығы 7-9,5 см, алынатын таза талшық шығымы 68-95 пайызға дейін жетеді. Інгендерінен алғашқы жеті ай сауым маусымы ішінде орта есеппен 1200-1500 кг сүт сауылады. Сүтінің майлылығы 6,1 пайыз, белогы 3,8 пайыз, сүт қанты 4,9 пайыз болады. Монғол бактриан түйесінің шыққан жері – ішкі Монғолия. Сол жақтан олар Ресейге әкелініп таралған. Қазіргі кезде бұл түйе тұқымының дені Монғолияда, сонымен бірге Тува, Бурят республикаларында, Чита облысында өсіріледі. Монғол түйелері суыққа өте төзімді. Бұл тұқым онша ірі емес, денесі тығыз, тұлғасы ұзындау, басы жеңіл, мойны тік, көкірегі кең, сүйегі мықты, бұлшық еттері жақсы дамыған, табандары жалпақ және күсті келеді. Тең артып, жүк тасуға ойлы-қырлы жерде жүруге бейімделген көлік. Буралары 550-580 кг, інгендері 450-500 кг, кейбіреулері 750 кг дейін тартады. Боталарының туғандағы салмағы орта есеппен 41,5 кг болады, үш жарым жасқа толғанда олар енесінің салмағының 85 пайызына жетеді. Монғолдың қос өркешті түйесінің жүні қою және өте жұмсақ болып келеді. Әр бурадан 8 кг, інгеннен 5,2 кг жүн алынады. Чита облысында өсірілетін түйелер бұдан көбірек жүн береді. Сүттілігі басқа түйе тұқымдарына қарағанда төмен. 18 айлық сауын маусымы ішінде әр інгеннен 350 кг сүт сауады. Майлылығы – 5,65%. Бұл түйелердің еттілігі жақсы. Габи шөлінде көктем-жаз айларында піштірілген атаншалар тәулігіне 250 г, ал күз айларында – 430-660 г салмақ қосады. Түйенің қоңдылығына сәйкес сойыс шығымы салмағының 52-64 пайызына дейін болады. Дромедарлар, бір өркешті түйе тұқымы аруана деп аталады. Бұл түйелер ғасырлар бойы халықтық селекция жолымен өсірілген. Жаздың аңызақ ыстығы мен құрғақшылық жағдайына көнбіс. Оның басқа да пайдалы қасиеттері көп. ТМД елдеріндегі өсірілетін түйелердің үштен бірі осы аруана тұқымы. Көбірек өсірілетін жерлері: Түркменстан, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қазақстан. Аруана ірі, мүсінді, конституциясы берік, өте жақсы жетілген, басы етсіз, жеңіл, етті, ширақ және үстіңгі ерні ортасынан жырық болып біткен, мұрны дөңес, мойны ұзын, қуатты, бұлшық еттері жақсы дамыған, кеудесі биік және кең, тұрқы ұзын және жұмыр, жалғыз өркеші тұтасып біткен, артқа қарай сәл шығыңқы, алдыңғы аяқтарының табандары артқы аяқтарына қарағанда жалпақтау, терісі жұқа, созылмалы, жеңіл. Түсі көбінесе ақшыл және қара-қоңыр болып келеді.

Түйе өнімдерінің пайдасы және түйені жұмыс көлігі ретінде пайдалану. Шөл-шөлейт, құмды жерлерде түйені баяғыдан көлік малы ретінде пайдаланып келген. Оны салт мініске де, жүк тиеуге де кеңінен қолданып отырған. Себебі түйе малы шөл далада жүруге төзімді, суға, шөпке шыдамды, құмайт жерлерде жалпақ табаны жүруге қолайлы. Бір түйеге, салмағына қарай 150-200 кг жүк тиеуге болады. Ал қаны толысқан, сүйегі қатқан 8-10 жастағы түйеге 250-300 кг жүк тиеуге де болады. Түйе сонымен бірге арбаға жегу, жер жыртуға, шыңырау құдықтардан су көтеру үшін де пайдаланылады.

Түйенің еті. Түйені қолға үйреткен кезде, оның адамдар үшін басты өнімі – ет болатын. Кейін оның күш-қуатын көлік ретінде, сүтін азық ретінде, терісін және жүнін қажетіне жаратуды меңгеріп, түйе малының адамға беретін пайдасының ауқымын кеңейтті. Дегенмен ет өнімі түйенің қазіргі заманда да адамға беретін өнімінің бастысы болып келеді. Қазақстанның кең байтақ даласындағы басқа малдар жете пайдалана алмайтын, жей бермейтін табиғи шөптерді қорыта отырып, түйе малы жап-жақсы ет өнімін береді және көзін тауып ұйымдастырған азаматтар үшін түйе шаруашылығы аз шығын жұмсап, арзан өнімдер беретіні сөзсіз. Түйе жыл он екі ай жайылымды пайдаланып, басқа мал жей бермейтін жантақ, жусан, көкпек, қияқ, қамыс, изен теріске сияқты шөптерді қорытып, одан ет, сүт, жүн сияқты өте жоғары сапалы өнімдер береді. Соның ішінде түйенің еті жоғары сапалы, сиыр етіне өте жақын азық түрі. Оның химиялық құрамында су 73-76 пайыз, белок 17-20 пайыз, май 2-6 пайыз, минералдық қалдық күлдері 0,7-1 пайыз. Майының еру-қату температурасы, йод саны, басқа да көрсеткіштері сиырдікіне жақын. Түйе ет малы ретінде тез жетіледі. Ботасының өзі туған жылы бір жасына дейін 5,5-6 есе өсіп, екі жасында союға жарайтын мал болады. Сол кезде сойғанда 170-200 кг таза ет береді, ал үш жасында сойғанда еті 200-250 кг болады және мұның сыртында 15-30 кг өркеш майы болады.

Түйе сүті. Сүт және сүттен жасалатын тағамдар – көшпелі халықтың негізгі тамағы болып, жалпы ішетін астың 80-90 пайызын құраған. Түйе сүті сиыр, бие сүттерінен құрамы жөнінде өзгеше болады. Белогі 4,45 пайыз болса, соның ішінде казеин 3,22 пайыз, альбулині мен глабулині 1,23 пайыз болды. Ал сиыр және бие 2,2; 1,25; 0,95 пайыз болды. Сондықтан түйе сүті сіңімдірек болатыны құрамынан. Түйе сүтінің амин қышқылдық құрамы да жақсырақ болады. Әсіресе айырбасталмайтын треонин, метионин, валин, фенилаланин, лейцин, лизин сияқты амин қышқылдарға бай. Түйе сүтінің майлылығы да сиыр сүтінен жоғары. Ол түйе тұқымына қарай 3,8 пайыздан 5,5 пайызға дейін құбылады. Бактриандар сүтінің майлылығы дромедарлармен салыстырғанда жоғары. Түйе сүтінің қанты 5 пайыз шамасында болады. Түйе сүті витаминдерге өте бай, сонымен бірге минерал заттар да жеткілікті. Сонымен қатар түйе сүтінде бактерияларды өлтіретін, оларды өсірмейтін заттардың да кешенді құрамы болады. Осының нәтижесінде түйе сүті жақсы сақталады және ішкен адамның организміне жан-жақты пайдалы азық әрі сусын болады. Түйе сүтінің құрамында адам ағзасына қажетті нәурыз, дәрумендер мол. Сүті 24 сағатқа дейін ашымайды. Түйе сүтінен шұбат дайындалады (қымыран деп те аталады). Шұбат өкпе, асқазан, ішек ауруларына бірден-бір шипа, қанды толықтырады. Шұбаттың радиацияға қарсы әсері болатыны да анықталған. Қазақтар шұбаттан басқа түйе сүтіне басқа малдың сүтін қоса отырып әр түрлі сүт тағамдарын дайындайды: қатық, сүзбе, уыз, құрт, ежегей, іркіт, шалап. Шұбаттан күшті сіңімді құрт дайындалады. Құртта белок, май және углевод көп болады. Маңызды құрамды бөліктерінің (белок, май, углевод) мөлшері және калориялылығы жағынан құрт еттен де, сырдан да асып түседі. Сондықтан оны калориялылығы жоғары тағамдық өнім деп есептеуге болады.

Түйе жүні. Түйеден өндірілетін жүн өз сапасына байланысты өте жоғары бағаланады. Түйе жүні өнеркәсіп үшін таптырмайтын шикізат болып табылады. Бұл жүннен тоқылған матаға деген сұраныс көп. Оның мықтылығына, жеңілдігіне, жұмсақтығына, жылылығына ешқандай жүн жетпейді. Түйенің жүнінен тоқылған орамал, кеудеше, киімдер суық өткізбейді, жиырылып, ұйпалақтанбайды, өзінің сырт көрінісін көп уақытқа жақсы сақтайды. Біздің халқымыз да баяғыдан түйе жүнінен ең қымбат киімдер, шекпендер жасаған. Түйе жүнінің құрамында түбіт, аралық талшық, қылшық болады. Ең ірі қылшықтардан түйенің шудасы құралады. Түйе жүнінде өлі қылшық және жүн шайыры болмайды. Ең жақсы жүн тайлақ жүні. Олардың түбіті аса жіңішке болады. Одан есейген сайын түйе түбіті өзгеріп, жуандап 15-18 мкм дейін болады. Мұның өзі де ең жіңішке меринос жүнінен биязы. Сондықтан да түйе жүнінің қасиеті жоғары, таза талшық шығымдылығы да жақсы – 84-85%. Түйе жүні сапасына қарай төрт сұрыпқа бөлінеді. Ең жоғарысы, 1 сұрып – аса жұмсақ түбіттен тұрады. Бұл түйенің екі жақ қабырға бүйірінен, мойнынан екі жағынан алынады. 2 сұрып қылшықты жүн – өркештерінен алынады, 3 сұрып шуда мойнының астыңғы жағы мен алдыңғы сандарында өседі. 4 сұрып ұйысқан- ұйпаланған жүн түйенің төстігі мен қарнында болады. Түйенің қай жүні болмасын тұрмыстық қажетке жарамды. Түйенің шудасы да қымбат бағаланады. Оны буын, құяң, бүйрек ауруларына және радиация сәулелеріне қарсы ем ретінде пайдаланады. Шудадан бағалы тоқыма бұйымдар жасалады. Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні қөрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. Халық өміріндегі түйенің рөлі. Ертеде түйелі көш «сахараның салтанаты» деп аталған. Ежелгі Қытайда Жерорта теңізіне дейінгі керуен жолының тарихы түйе түлігімен тікелей байланысты. Төрт түліктің бойында болатын жақсы қасиеттердің бәрі түйе малының бойынан табылады. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерінде түйеге қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұл ой-тұжырымдар түйенің тіршілік ерекшеліктерін айқын аңғартады. «Түйесі бардың – киесі бар». Түйе түлігін қастерлеп «ұлық» деп те атайды. Түйешіні «ұлық баққан» деп құрметтеп, оған көпшілік жиналған жерде төрден орын берген. Кейбір аймақтарда түйені «кәуіс» деп атайды. Түйе түлігіне арналған аңыздар бойынша шығарылған күйлер де ел арасына кеңінен таралған. Сүгірдің «Бозінгені», Ықыластың «Желмаясы», Тәттімбеттің «Бозінгені» және т.б. Түйені алғаш жүк тасымалдау мақсатында көш көлігі ретінде үйреткен. Ерте замандағы ел мен елдің арасындағы сауда-саттық түйелі көш керуендері арқылы жүргізілген. Тарихи деректерде Самархан саудагерлерінің сапарға Жібек жолы арқылы 30 мың түйемен шыққандығы жазылған. Елімізде түйе шаруашылығы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында дамыған. Менің атам Атырау облысы, Сағыз ауылында тұрады. Атам мен көкелерім шағын түйе шаруашылығымен айналысады. Түйе шаруашылығын дамыту өте қиын болғанымен, оның пайдасы өте көп. Түйе 15-16 ай сауылады. Сол уақыттың ішінде аруаналар 3000-4000 литрге дейін, ал айыр інген 1500-2000 литрге дейін сүт береді. Түйе сүті өте құнарлы келеді. Ал түйенің шұбаты дертке шипа. Түйе сүтінің тағы бір қасиеті – оның ішінде жас балалардың сүйегін дұрыс жетілдіретін түрлі тұздар болады. Түйенің ет өнімділігі де жоғары. Оның еті, әсіресе өркеші жұғымды, өкпе, туберкулез ауруы бар адамдарға пайдалы. Ірі түйеден 200-250 кг ет, 100-150 кг май алуға болады. Ал түйенің етінің берекелі екенін «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген мақалдан сезуге болады. Түйеден 6-12 кг жүн қырқылады. Түйе жүнінен тоқылған бұйымға сұраныс өте көп. Себебі түйе жүнінен жасалған орамал, кеудеше, күпілер суық өткізбейді, таза, жұмсақ. Әжем маған шағын кеудеше, қолғап, жүн шұлық тоқып берді. Ол өте жылы. Атам мен әжем түйе өнімдерін күнделікті шаруашылығында жиі пайдаланады. Мен бос уақытымда, демалысымда атама барамын. Атам маған түйе малының қасиеті мен пайдасы туралы әңгімелеп отырады. Осы жұмысымды өз ойымнан шыққан мына өлең шумақтарымен қорытындылағым келеді:

Түйе деген қазақтың, Бола білген серігі. Көшіп-қонған кездерде, Жүгін артқан көлігі. Түйе малы халықтың, Болған кіші қуаты. Жесең тамақ, ішсең ем, Еті, сүті, шұбаты. Сондықтан да қазағым, Қастерлеген түйені. Төрт түлік деп мал басын, Санаған ғой киелі.

Еліміздің тұрғылықты халқы ықылым заманнан бері түйе шаруашылығымен айналысады. Төрт түліктің ішінде түйе малын байлық ретінде де, көлік ретінде де, азық ретінде де қатты қастерлеген. Қазақ елінің малсыз ешбір тіршілігі болмаған. Қазір де мал өсіруге аса қолайлы Қазақстан жерін малсыз елестету мүмкін емес. Мал біздің еліміз үшін бұдан былай да аса маңызды шаруашылық көзі болып қала береді.

Әдебиеттер

1 Омарқожаұлы Н., Әкімбеков Б. Мал шаруашылығы. – Астана: «Фолиант» баспасы, 2010.

2 Жолшыбек Т. Мал шаруашылығы. – Астана: «Фолиант» баспасы, 2009.

3 Жақыпов Ә. Түйе өсірушінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 1989.

4 Хасенов Ә., Сейітов З., Дүйсенбаев К. Қымыз және шұбат. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 1971.

5 Сәбденов Қ. Төрт түлік. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 2002.

6 Мұсаев З., Төреханов А., Сейдолиев Б. Түйе шаруашылығы. – Алматы: «Бастау» баспасы, 2007.

7 Барақбаев Б. Сүт және сүт тағамдары. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 1989.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.