Тәрбиенің принциптері

Главная » Рефераттар » Тәрбиенің принциптері

Тәрбие үдерісінің принциптері — оның мазмұнына, әдістеріне, ұйымдастырылуына қойылатын негізгі талаптарды бейнелейтін жалпы бастапқы қағидалар. Қысқаша айтқанда, тәрбие принциптері -тәрбиелеушілер тәрбие міндеттерін шешу барысында ұстанатын негізгі қағидалар болып табылады. Педагогикада бұл принциптерге қатысты бірқатар жалпы талаптарды ескеру қажеттілігі қойылып отыр. Мұндай талаптар: 1) міндеттілік; 2) кешенділік; 3) тең мағыналылық.

Тәрбие үдерісінде ұстанатын принциптер өз алдына бөлек жеке жүйені құрайды. Қазіргі тәрбие үдерісінде қолданылатын принциптер жүйесі: а) тәрбиенің қоғамдық бағыттылығы; б) тәрбиенің өмірмен, еңбекпен байланысы; в) тұлғаның оң жағына сүйену; г) тәрбиені ізгілендіру; д) тұлғалық амал; е) тәрбиелік әсерлер бірлігі.

Тәрбиенің қоғамдық бағыттылығы принципіне сәйкес мектеп қоғам мен тұлғаның сұранысын қанағаттандыратын әлеуметтік институт екенін ескеру қажеттілігі негізге алынады. Сондықтан тәрбие ісінде қоғам мен мектеп байланысы жүзеге асырылуы маңызды. Әлеуметтік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында түрлі қоғамдық пайдалы іс-әрекеттерді ұйымдастыра жүргізудің мәні зор. Азаматтық тәрбие беру ісі де осы принципті тікелей жүзеге асырудың бағыты болып табылады.

Тәрбиенің өмірмен байланысының принципі тәрбие жүйесінде екі бағытта жүзеге асыруды талап етеді. Бұл бағыттар: 1) тәрбиеленушілерді адамдардың коғамдық өмірі мен еңбек жағдайларындағы жетістіктермен, өзгерістермен таныстыру; 2) тәрбиеленушілерді нақты өмірлік қатынастарға, түрлі қоғамдық пайдалы іс-әрекеттерге катыстыру. Тәрбиеде тұлғаның жағымды жағына сүйену принципі оның бойында байқалған кішкентай ғана жақсы әрекеттеріне, белгілеріне сүйене отырып, оның жан дүниесіне оң әсер етуді жүзеге асыруды негіздейді. Тәрбие барысында оқушы бойындағы кемшіліктерге тым көп зейін аударып, теріс жақтарын ерекше көрсетуге тырысудың зияны көп. Бұл тәрбиеленушілердің бойында өзіне деген сенімсіздіктердің пайда болуына алып келеді.

Тәрбиені ізгілендіру принципі тәрбиеде мына талантарды орындауды қажет етеді: 1) тәрбиеленуші тұлғасына ізгі қатынас жасау; 2) оның құқықтары мен еркін құрметтеу; 3) тәрбиеленушілерге орынды және күші жететіндей талаптар қою; 4) қойылған талапты орындаудан бас тартқан жағдайда да тәрбиеленушінің ұстанымын кұрметтеу; 5) адамның өзіндік бет-бедері болуына құрметпен қарау; 6) тәрбиеленуші санасына тәрбиенің нақты мақсаттарын жеткізу; 7) қажетті қасиеттерді күштемей қалыптастыру; 8) тұлға намысына тиетін жазалаулардан қашу; 9) тұлға сеніміне қайшы келетін касиеттерді қалыптастырудан бас тарту.

Тұлғалық амал жасау принципі тәрбиелеу барысында тұлғаның құндылық бағдарларын, өмірлік жоспарларын, тұлға бағыттылығын, жас және жекелеген ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастыруды қажет етеді. Тәрбиелік әсерлер бірлігі тәрбиеленуші тұлғасына отбасының, жолдастарының, ересектердің, қоғамдык ұйымдардың, оқушылар ұжымының тәрбиелік әсер етуін ескере отырып жүргізуді негіздейді. Жоғарыда аталған принциптердің барлығы да тәрбие жүйесі тиімділігін анықтайтын бірден-бір қағидалар болып табылады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.