Тұрдыбек Алшынбаев

Главная » Рефераттар » Тұрдыбек Алшынбаев

Қазақ әдебиеті тағы бір қарымды қаламгерінен айырылды. Жетпіс сегізге қараған шағында жазушы Тұрдыбек Алшынбаев өмірден озды. 1936 жылы 25-сәуірде Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағындағы Шәуешек қаласында дүниеге келген Тұрдыбек Алшынбаев 1955-1958 жылдары Шәуешектегі орта мектепте мұғалім бола жүріп, 1962 жы­лы Шыңжаң мұғалімдер институтын тәмәмдайды. Тарихи Отанға оралған соң 1962-1965 жылдары Семей облысында жұмысшы, 1965-1988 жылдар аралығында аудандық «Жаңа өмір» газетінде журналистік қызмет атқарады. Одан соң республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Жалын» бас­пасында редактор, аға редактор, «Біздің Отан» («Шалқар») газетінде жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1988 жылдан шығар­машылық жұмыста. Алғашқы әңгімелері 1965 жылдан жариялана бастаған оның қаламынан әр жылдары «Өткел» (1977), «Жалбыз иісі» (1980), «Асу да асу бел еді» (1987) ата­латын әңгімелер мен повестер жинақтары туды. Әрдайым сырбаз мінезінен айнымаған біртоға, қара­пайым жазушының жарқын бейнесі қаламдастарының жадында ұзақ сақталады.
Адам бойындағы ізгі сезімдерді қоз­ғайтын қарапайым да қаракөк қаламгер Тұрдыбек Алшынбайұлы еді. Ол өзінің бар болмысымен, ойлау жүйесімен, санасының сарасымен жазушы болатын. Өмірге мұңдана әрі күлімдей қарап, мына әлемдегі жан дүниесіне қатысты құбылыстардың суретін жүрегіне түсіретін. Адамгер­шілік­тің игі қасиеттерін бойына ұйыт­қан талант иесі сол бір ұлы жылылықты шығармалары арқылы ұлтына жеткізді. Өмірдің өзіндей қарапайым тіршіліктен үлкен көркем ой қорыта білді. Әдебиет деген үлкен ағыста арыны қатты тол­қындай буырқанбағанымен де, оның мөп-мөлдір тұма сияқты әңгімелері, хикаяттары, пьесалары қашан да жан түпкіріндегі иірімдерді қозғайтын. Өзінің өмірімен де, шығармаларымен де әр көңілдің түпкіріне шуақ төгетін. Тұрдыбек Алшынбайұлы сияқты тұнық та мөлдір сөз иелері болмаса, әде­биеттің ағынды толқыны тұнып ақпас еді. Ол өз үнімен, өз жазу мәнерімен, өзіндік көркем ойлау жүйесімен дана оқырманның да, бала оқырманның да көңілінен шыға білді. Сонау бір ертеректе жазылған «№14 кілт» атты шағын әңгімесінен басталған жазушылық жо­лы Абай туралы «Толғауы тоқсан» хикаятқа әкеп тіреді. Оның бұл хикаяты психологиялық иірімі мол, сезім қайы­ры­мына құрылған ішкі қуаты серпінді шығарма. Қазақ әдебиетіне, жалпы өмірімізге осы Тұрдыбек ағамыз сияқ­ты адамдардың дауысы жетпей тұрады. Ол қарапайым да, қадірлі өмір кешті. Сол бір тұлғасы оны білетін және шығармаларын оқыған әр адамның жүрегінде мәңгілік сақталып қалады. Біз өзіміздің қаламгершілік және адамгершілік сезімдерімізді сондай пәк жандардың көңіл-күйімен өлшеп өмір сүретініміз анық.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.