Түркістан Автономиялы Совет Республикасы

Главная » Рефераттар » Түркістан Автономиялы Совет Республикасы

Түркістан автономиясы РСФСР құрамындағы ең бірінші советтік автономия болды. Коканд автономиясы құлағаннан кейін советтердің өлкелік V съезі 1 мамыр 1918 ж. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігін қосып автономиялық республика құру туралы шешім қабылдады.

Съезд қабылдаған «Түркістан Советтік Республикасы туралы Ереже» жоғары және жергілікті билік органдарын, басқару жүйесін, Орталықпен өзара байланыс сыйпатын бекітті. Москвадан тым алыс жатқандық, азамат соғысына байланысты Россиямен байланыстың киындығы Республиканың біршама тәуелсіз болуына жағдай жасады. Түркістан басшылары осы жағдайды нығайтуды ойластырып 1918 ж. шілдеде Москваға делегация жібереді. Онда республика­ға сыртқы қатынастар жасауға құқық беру, өзінің қарулы күштерінің болуы, РСФСР ОАК-нің шешімдерін бұзу т. б. сұралған. Келіссөздер нәтижесіз аяқталды.

¤лкемен қатынастарды жақсарту және бірыңғай әлеуметтік және ұлттық саясат жүргізу мақсатында РСФСР-дың ОАК мен ХКС Түркістан мәселесі бойынша комиссия (Түркомиссия) құрады. Оны басқару Ш. Элиаваға жүктеледі. Туркомиссия кең өкілдікпен пайдаланды, әрі партиялық, әрі мемлекеттік орган болып саналды. Комиссия Түркістанның 1918 ж. Конституциясы орнына 1920 ж. 24 қыркүйегінде жаңа Конституцияны қабылдайды, бұл орталыққа да, республикаға да мазмұны  жағынан ұнады.

.

Бірақ сыртқы байланыстар, әскери жұмыс, сыртқы сауда, транспортқа, почтаға, телеграфқа басшылық орталық үкімет компетенциясына берілді. 1921 ж. 21 сәуірде РСФСР ОАК РСФСР Құрамында Түркістан Советтік Социалистік Республикасын құру туралы Декретімен оны ресми түрде жариялады.

Түркістан Совет автономиясының ерекшелігі онда бірыңғай ұлт саясатының болмауы. Орталықтың және Туркомиссияның мемлекеттік басқаруға жергілікті халықты тарту саясатына қарамастан, өлкенің басшылары осы идеяға өте қарсы болды, өйткені бұл большевиктік үкіметтің күйреуіне әкеп соғады деп қорықты.

Осыған орай, ұлттық саяси элита пантүріктік идеяны қолдай бастады. Республиканың Орталық Атқару Комитеті председателі Тұрар Рыскулов «Түркістан автономиясының тезистерін» дайындады. Онда ол түрік халықтарының дербес Коммунистік партиясын құруды, Түркістанды Түрік Республикасы деп жариялауды талап еткен. Осы идеяны Т. Рысқұлов 1920 ж. мамырда В. Ленинмен кездесуінде де қорғады. Сонымен қоса «Түркістан автономиялы Советтік Республикасы туралы Ереже» жобасын ұсынды. Бірақ бұл құжат қабылданбады. Т. Рысқұлов отставкаға кетуге мәжбүр болды, оны Москваға Ташкенттен шақырып алады.

Алайда, Түркістанда ұлттық мәселе өткір күйінде қала берді, өлкелік партия ұйымында ұлттық фракция нығая түсті. Осының барлығы және республиканың Тәуелсіздігін кеңейту талаптары оны ұлттық межелер негізінде таратуға әкеп соқты. Бұл Сырдария мен Жетісу облыстарының қазақтары талаптарына, сол сияқты Орта Азия халықтары элитасының сұраны­старына сай келді, олардың тәуелсіз мемлекеттік дамуына мүмкіндік туды.

Түркістанды ұлттық межемен таратудың құқықтық негізі Түркістан Орталық Атқару Комитетінің 1924 ж. 15 қыркүйекте төтенше сессиясының қаулысы болды. 1924 ж. 14 қазанда ОАК-тің декретімен Өзбек және Түркмен ССР-ы құрылады, Тәджік АССР құрылып РСФСР құрамына берілді Қазақстан құрамында Қара-қалпак автономиялы облысы қалыптасты. РСФСР құрамын­да Қара-қырғыз АССР-ы құрылды. Осы құжаттардың тарихи маңызы бүкіл қазақ жерінің бірынғай ұлттық-территориялық құрылымының қалыптасуын  қамтамасыз еткендігі болып табылады.

Қазақстанның 1918-1936 жж. құқығы

Большевиктер өкімет басына келгеннен кейін, құқықтық жүйені өздерінің түсінігіндегі заңдылық пен әділеттілік тұрғы­сында, қайтадан түбірлі жаңарту міндетін қойды. Бұл кезеңдегі құқықтың дамуы қылмыстық репрессияның кең көлемді қолда­нуына негізделді. Мұндай жағдай шын мәніндегі қылмыскерлер мен үстемдік жүргізуші режімге қарсыларға ғана емес, сонымен қоса, кімде-кім күдікті деп танылғандарға да кеңінен қолда­нылған.

Демократияның болмауы, азаматтардың құқығын қорғау механизмінің қалыптаспауы, өкіметтің зорлық-зомбылығы террорлық жүгенсіздікті мемелекеттік саясат дәрежесіне көтеруге дейін апарды.

Сот органдары. Большевиктер өкіметті қолына алған соң барлық сот органдарын, алдын ала тергеу органдарын, адвокатураны, прокуратураны жойды. Жаңа сот жүйесі үлкен қиындықпен және көптеген шығынмен қалыптасты. Ақгвардияшылар бақы­лайтын аудандарда 1918-1919 жж. бойында Уақытша үкімет құрған сот органдары әрекет етті. Алаш Орданың өз сот жүйесін құру талабы іске аспады, Омбы басшыларынан қолдау таппады.

Казревкомның 1919 ж. 10 шілдедегі Декретіне сәйкес сот органдарының мынандай жүйесі анықталды: 1) третей соты; 2) уездік халық соты; 3) округтік халық соты; 4) революциялық трибунал.

Третей соттары бір жылға дейін бас бостандығынан айыратын және бір мың рубльге дейін штраф салынатын қылмысты істерді қарады. Уездік халық соты барлық қылмыстық және азаматтық істерді қарады. Бұл соттың жанында тексеру комиссиясы болатын, кейде ол сот функциясын да атқаратын. Округтік халық соты кассациалық инстанция (шағымдарды қарайтын) болып саналды, ол жергілікті соттардың үкімдерін қарайтын.

Революциялық трибуналдар «контреволюциялық» деп аталатын істерді қарайтын, тек өкіметке қарсы істерді қарап қана қоймайтын, сол сияқты «эксплуатациялаушы» (қанаушы) әлеуметтік топтардың өкілдерін, басшыларының, дворяндардың, буржуазияның, бұрынғы лауазымды қызметкерлердің, ауқатты шаруалардың, саудагерлердің тарапынан жасалған барлық құқық бұзу мәселелерін қарайтын.

Сөйтіп, революциялық трибуналдар істің сотқа жататынды­ғына байланысты емес, қылмысты деп есептелгендердің әлеумет­тік тегіне қарап жаза беретін, үкім шығаратын.

Советтік қылмысты істер заңдарының кодификациясы пайда болғанша, соттар «революциялық әділеттілік» принципін басшы­лыққа алды, яғни қылмыс және санкцияны өзінің білуінше анықтайтын. Басқаша айтқанда соттар заң шығарушылық өкілет­тігімен пайдаланды.

Халық соттары мен трибуналдарының құрамын жергілікті советтер анықтайтын, олар большевиктерге адал адамдар болуы қажет еді, көпшілік жағдайда олар маманданған юристер болмай­тын. Білімді маман адвокаттар болмағандықтан сот процесі фарсқа (жеңіл комедия) айналатын, ал соттар – режимнің реалды және потенциалды қарсыластарының сазайын тарттыратын (расправа) органға айналды.

.

Қазақ аудандарында би соттары жұмыс атқарды, «ақсақал­дар соты» істі әдеттегі құқық нормасы тұрғысында қарайтын. 1917-1920 жж. Россия соттары дағдарысының жағдайында билер сотының беделі арта түсті, тіпті өлтіруші қылмысты істерді де қарайтын. Кейбір традициялы институттар, мысалы құн және барымта, қайтадан жұмыс атқара бастаған.

Совет өкіметінің толық жеңуі және Қазақстанда советтік тәртіптің бекуіне байланысты сот жүйесін жетілдіру қолға алынды. 1923 ж. «РСФСР-дағы сот жүйесі туралы» 1922 ж. дайын­далған Ереже қабылданды. Ол бойынша революциялық трибуналдар таратылады да мынандай сот жүйесі енгізілді: 1) құра­мында бір судьясы бар халық соты; 2) құрамында бір судья мен екі заседателі бар халық соты; 3) губерналық сот; 4) РСФСР-дың Жоғарғы сотының Қазақстандық бөлімшесі, онда кассациялық және соттық коллегия болған.

Халық соттарын губерналық советтердің атқару комитет­тері дауыс құқығы бар азаматтардан сайлайтын, олардың бір жылдық жауапты саяси қызмет немесе юстиция органдарында үш жылдық жұмыс стажы болуы қажет еді. Халық заседательдері өнеркәсіп орындарының, әскери бөлімдердің азаматтарынан волостық съездерде сайланатын: 50 % жұмысшылардан, 35 % шаруалардан, 15 % әскери бөлімдерден. Совет өкіметіне ниеті бөлек адамдар сот жүйесіне жіберілмейтін.

Губерналық сот құрамы председательден, оның екі орынбасарынан (қылмыстық және азаматтық істер бойынша), екі тұрақты мүшелерінен және халық заседательдерінен тұрды. Соттың председателі мен орынбасарлары халық сотында, немесе трибуналда істеген үш жылдық стажы, ал мүшелері – екі жылдан кем емес стажы болуы тиіс.

Губерналық сот мемлекеттік қылмыстарды, басқару жүйесі­не қарсы бағытталған істерді, лауазымды адамдар тарапынан жасалған ауыр қылмыстар, немесе пайда табу үшін болған қылмыстарды, күрделі азаматтық істерді, кассациялық арыздарды, халық соттары шығардан үкімдерге прокурор қарсылықтарын қарайтын және өздеріне қарайтын халық соттарының жұмысына бақылау жасайтын.

1923 ж. Жоғарғы Соттың Қазақстандық бөлімшесі құрыл­ды, ол Қазақстан территориясында бірыңғай сот жүйесінің жоғарғы звеносы болды, барлық сот жүйесіне соттық бақылау жасады, губерналық соттардың шығарған шешімдерін кассациа­лық тәртіп бойынша қарады. Жоғарғы сот бөлімшесінің құрамын ОАК қарады. Жоғарғы сот бөлімшесінің құрамын ОАК Президиумы анықтайтын.

1926 ж. «Сот құрылысы туралы Ереже» соттық бұрынғы жүйені негізінен сақтады, әкімшілік реформасына байланысты губерналық соттар облыстық соттармен ауыстырылды. Жоғарғы соттың қазақ бөлімшесінің өкілеттігі кеңейтілді.

Әңгіме болып отырған кезеңде сот функциясын жазалаушы органдар атқарғаны да белгілі. Мысалы, контрреволюция және саботажға (астыртын әрекет жасаушы) қарсы күресетін төтенше комиссия, тергеу жүргізуші орган болып құрылғанымен, кейінде өзіне заң шығарушы және соттың функциясын қосып алды, өз бетінше «әділетті» соттық істі қарап, өзі шығарған үкімдерді өзі орындайтын.

1922 ж. ЧК-ның таратылуы және Мемлекеттік саяси басқарманың (ГПУ) НКВД құрамында құрылуы жағдайды өзгерткен жоқ. ГПУ (1923 ж. Объединенное ГПУ) төтенше өкілеттікпен пайдаланды, тіпті сотсыз атуға дейін әрекет жасайтын.

ОГПУ жанында сот коллегиясы болған, ал Қазақстанда – ОГПУ өкілдігінде үштік құрылып, ол сот функциясын атқарған. 1934 ж. ОГПУ-ды қайта құру нәтижесінде Ішкі істер халық комиссариаты қалпына келтірілді (1930 ж. таратылған) және соттық функциясы бар айрықша кеңес құрылды.

Құқықтың дамуы. ¤зінің билігін нығайтқан большевиктер құқықтық жүйенің реформасына қызу кірісті. Үкімет әдеттегі құқық шеңберін тарылтып, оны тарату (жою) шараларын іске асырды. 1920 ж. Қазақ АССР-ы Халық Комиссарлары Советі мен Орталық Атқару Комитеті (ОАК) «Құнды жою туралы» және «Қалымды жою туралы» декреттер қабылдады. Бұл декретті бұзғандар Қазақстанда бірінші рет қылмысқа тартылатын болды.

1921 ж. бұл саясат Халық Комиссарлары Советінің «Қазақ­тардың отбасылық құқығы туралы», «Көп әйелге үйленудің жазалатыны туралы», декреттері сол сияқты ОА Комитетінің «Малды ұрлауға қарсы күрес туралы» қаулысымен толық­тырылды, жалғастырылды. Кейінгі қаулы барымтаға қарсы бағытталған болатын.

1924 ж. Қазақ АССР-ы Юстиция халық Комиссариатының циркуляры «ақсақалдар» соты қылмысты істер бойынша құғындалады деп жазды. Дегенмен, билер соты, әдеттегі құқық институттары көпке дейін өмір сүрді, бірақ мемлекет совет сотынан басқа жүйені мойындамайтының ашақ айтты.

1922-1923 жж. бастап Қазақстан территориясында РСФСР-дың Қылмысты істер Кодексы, Азаматтық істер Кодексы және басқа нормативтік актылар қолданылды. Бұл кезеңде советтік құқық жүйе мынандай белгілермен сыйпатталды:

  1. большевиктер партиясының Программасына сәйкес қоғамдық өмірдің барлық саласын реформалау: жеке меншікті жою, шіркеу мен мемлекетті бөлу, ерлер мен әйелдердің теңдігі;
  2. қажетті атқарушы органдардың құрылуы, олардың заң шығару құқығының болуы, көптеген нормативті актылардың пайда болуына әкеп соқты, бұл қоғамның мақсат­тарымен санаспағандық еді;
  3. қылмысты істер құқығында әлеуметтік тегіне байла­нысты репрессия жасау әдетке айналған, ал кінәсінің болмауы қылмыстық жауапкершілікке тартудың себебі ретінде қаралма­ған;
  4. қылмысты істерді қарауда аналогия (ұқсастық, үйлестік) қолданылатын;
  5. заңдарда айтылған көптеген ережелер қолданылмады, қолдануын таппады.

Қазақстан заң жасау процесінде өз үлесін қосуға тырысты, нормативтік-құқықтық актыларға республиканың ерекшеліктерін қосты. Мысалы, 1928 ж. РСФСР Қылмысты істер кодексіне Х-тарау енгізілді – «Рулық құрылыстың қалдықтарына байланысты қылмыстар туралы».

20-шы жылдардың аяғына қарай көптеген әртүрлі ведомстволар мындаған нормативтік актылар қабылдаған болатын. Сондықтан оларды бір жүйеге келтіру қажет болды. «1930 жылдың 1 январына дейінгі қолданылған Қазақ АССР-ы заңдарының жүйеленген жинағы» шығарылды сол жылдың жазында бұған кірмеген заңдардың күші жойылған деп танылды.

30-жылдары Қазақстанда біраз әлеуметтік-экономикалық шаралар іске асырылды, оның көпшілігі көшпелі қоғамды жоюға бағытталған. Ауыл шаруашылығын коллективизациялау алдында 1928 ж. 27 тамызында «Байлар шаруашылығын конфескелеу туралы» Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің қаулысы қабылданды. Бұл қаулының орындалысына байланысты өткізілген нормативті-құқықтық шаралар ешқандай кодекстерге сай келмейді.

.

Тіпті жаппай коллективизациялау ВКП (б) Орталық Коми­теті саяси бюросының қаулысымен өткізілді. Ал, партия органы заң шығаратын парламент емес екендігі белгілі.

Қарытынды. Октябрь революциясынан кейінгі Қазақстан­ның саяси-құқықтық дамуының басты қорытындысы ол автоно­мияны (әуелде Алаш, кейіннен советтік) жариялау болды. Совет­тік мемлекеттің қандай болмасын кемістігіне қарамастан, республиканың шекарасын юристік тұрғыда бекіту және Ұлттық-территориялық автономияны мойындау, әуелде Қазақстанның РСФСР құрамында, одан кейін СССР-дің өзіндік дербес субъектісі есебінде конституциялық эволюциясының негізін қалады.

Сонымен қоса мемлекеттік-құқықтық жүйенің дамуы халықтық демократиялық принциптерден бас тарту, заңдылық принциптерін ескермеу, өкіметке нағыз және потенциалды жауларға репрессияны үдетумен сыйпатталады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.