Тұрмыс бұйымдары

Home » Рефераттар » Тұрмыс бұйымдары
Рефераттар Комментариев нет

Ер – тоқым: салт атқа мініп жүруге лайықталған тұрмыс бұйымдарының бір түрі. Адамның атқа мініп- түсуі мен атқа ер салу мұқтаждығы қашан басталғаны белгісіз. Бұл күндері жартастар бетінен ер- тоқымды ат суреттерін кездестіруге болады. Бұған қарағанда, ертедегі адамдардың ер-тоқымды пайдаланғаны анық. Ер: қалмақ ер, қырғыз ер, қазақ ер, орыс ер,- деп бірнеше түрге бөлінеді. Бұл арада тоқталатынымыз қазақ ері. Қазақ ері негізгі қаңқасының жасалуы жағынан:ойма ер, құранды ер, ақбас ер, ашамай болып бөлінеді. Жабдықталу жағынан : қыз-келіншек ері, еркек ері,- деп жіктеледі. Еркектерге арналған ердің қаңқасы ықшам, сүйегі жеңіл, бөлшектері жұқа, мықты. Берік, атқа жатымды, ұнамды, өңді келеді. Айыл – тұрман, ішпек тебінгілері ықшам, шапеті, ұнамды, үйлесімді, әлекей-шүлекейі аз, сыпайы, әдемі жасалады. Қыз – келіншектерге арналған ердің сүйегі ауырлау, әлекей-шүлекейі мол, алтынмен апталған, күміспен күптелген, тас маржандармен безендірілген болады. Айыл-тұрманы түгелдей үзбелі, құймалы, шытыралы келеді. әрине, бұның бәрі қолдан келгендерге тән. Қазақи ердің сыртқы пішіні , үлгісі көп. Қазіргі деректерде: Құс бас ер, шошақ бас ер, үйрек бас ер, қазық бас ер, қозы құйрық ер, бүйрек бет ер,- деп түр-тұлғасына, пішін-сиқына қарай бөлінеді. Соның ішінде кейбір ер ерекшелігіне қарай: найман ер, адай ер, үйсін ер, керей ер, қаптағай ер, алтай ер, қызай ер ,- деп те жіктеледі.

Ер-тоқым : Атқа мініп-түсуге лайықтастырылған, ат үстіне бекітетін бүкіл тұрманы толық, атқа ерттей салып, айылын тартқан соң міне жөнелуге дайын тұрған тас – түйін жабдық. Ер – Ердің ағашы, қаңқасы. Аттың бас-арқасын баспайтын (атқа тимейтін) етіп жасалған ер- тоқымның негізгі ағаш бөлігі. Құранды ер — Қас, қапталтүгелімен ағаш бөлшектерінен қиылып, тарамыс желіммен біріктірілген, сырты сырымен қапталған ер түрі. Ішпек тоқымның үстінен, екі қапталының астынан қойылған, екі бөлек жасалған желдігі болады. Ойма ер – алдыңғы ,артқы қас, екі қаптал, бел ағаш,- деп аталатын бес бөлшек ағаштан ойылып жасалған ер. Сол себепті осы ерді : ойма ер, ойма қасты ер ,- деп атайды.

Қас – қазақи ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы қас ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады, артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас сәл аласа, үсті кең, ұялы, орнықты, шалқақтау қиылған. Қастың міндеті көп, бәрінен де үстінде отырған адам не алға, не артқа оқыс лоқып, сыпырылып түспеуі қажет. Әсіресе артқы қас ең керекті бөлшек. Оның қасиетін: «айырылар дос ердің артқы қасын сұрайды»,- деген мақал дәлелдейді. Ал, қыз-келіншектерге арналған ердің қасы өрнектеледі. Қас бетін ою-өрнек салған жұқа темірмен жабады. Ол темірлерге қақталған күміс шабылады, алтын жалатылады. Алтынның буына ұсталады. Сыздықтар, ширатпалар жүргізіледі. Үзбелер, шытыралар қағылады. Маржан тасты қозалар орнатылады. Қыз- келіншектерге арналған қымбат бағалы ер-тоқымның айыл- тұрманы да қымбат түседі. Қаптал – ат қапталына үйлестіріліп жонылған екі бөлек қисық ағаш ерді құрастырғанда қаптал екі қасқа бекітіледі. Тоқым үстінен ат қапталын қаба ұстайтын осы бөлшек қаптал атанған. Ердің алды-артына қарай : қапталдың алды, қапталдың арты,- болып аталады. Бел ағаш – екі қапталға екі қас қиылғанда ердің бел ортасы ашық қалады, сол ашықты жабу үшін ер оқпанының ойығы мен тең етіп ойып шабылған қисық ағаш – бел ағаш аталады. Оқпан – ерді шалқасынан тастап қарағанда екі қапталдың арасында болатын ойық, ерді атқа салғанда аттың қыр арқасынан көрінетін, қол жүгіргендей қуыс. Бұл аттың қыр арқасын бастырмау үшін қастың ойығымен тең жасалынады. Үзеңгілік – үзеңгі бау өткізуге арналған екі қапталындағы тесік. Үзеңгілік екі қапталдың астыңғы шетін ала тесіледі. Қанжығалық – ердің алды –артында, қапталдың қастан асып тұрған жері «қанжығалық» аталады. Төрт қанжығалыққа екі-екіден сегіз тесік жасалған болады да, әр екі тесіктен бір жұп қанжыға – таспа өткізіледі. Шеттік – артқы қапталдағы қанжыға тесігінен қосалқылап өткізіп, бүлдіргеленген тұйық таспа «шеттік» деп аталады. Оған құйысқанның жырымы байланады. Анжы – ойма қасты, ердің бел ағашын орнына қойғанда оны желімдемейді де, шегелемейді, тек бел ағашты шикі қайыс таспамен жан-жағына көктеп бекітеді, ал осы көктеу таспаны «анжы» деп атайды. Анжының басқа түрі де бар (малдың ірің кеулеген жарасының аузын ұдайы ашық ұстау үшін де анжы өткізіледі .) Шегелік –қас пен қапталдың бір-біріне қиылған жері шегемен бекітіледі де, сол қоспаны «шегелік » дейді . Аттық – ердің адам мініп отыратын тұғырлығын «аттық» немесе«кісілік» дейді. Кей жерлерде «керсен » дейді . Тоқым — «ер-тоқым» деп аталғанда, «тоқым » сөзіне ердің қаңқа басынан басқа жабдықтар түгелдей қамтылғандай ұғылады. Шын мәнінде тоқым ұғымына – тебінгі тоқым, ішпек, ішкілік, терлік, оң сияқты төсеніш жабдықтар ғана кіреді. Тоқым атаулының барлығы да таза киізден жасалады. Тебінгі – аттың тері балаққа, қонышқа, етік, кебіске тимеуі үшін, үзеңгі, үзеңгі бау , таралғы атқа тиіп, қабырғасын қажамау үшін ат пен үзеңгі арасына байланатын қалқан «тебінгі » деп аталады. Тебінгі су тисе созылмайтын , күн тисе қурамайтын таза жүн киізінен жасалады. Былғары көн терісінен жасалғанда олардың астары түгелдей киіз болады. Тебінгінің үлгі пішіні, үлкен-кішілігі, ою-өрнегі, неден жасалғаны, қалай құрастырылғанына қарай, бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері болғаны үшін , әр түрлі аталады. Тебінгі киіз екі қабатты болады, киізге ою-өрнек салынып шуда жіппен сырылады. Былғарыдан жасалғанда астарына киіз салып, былғары бетіне ою-өрнек басып, тарамыспен қайылады . кейде киіз тебінгінің үзеңгі қағатын ортасына тері, қайыс, былғары салып та тігеді. Қыз-келіншекке арналған тебінгі былғарысына ою-өрнек түсіріледі, күміс шабылған, алтын жалатылған , алтынның буына ұсталған ою-өрнекті темір кеспелері қағылады, құйма, шытыра үзбелермен сәнденеді, алтын зерлермен безендіріледі. Айта берсе қыз-келіншектерге арналған кейбір тебінгілердің әлекей-шәлекейлері көп болады. Тебінгі тоқым – ер ағашының астына төселетінбірінші тоқым. Оның ер астынджа қалаитын орта бөлегі ішпек ретінде болады да, аттың қабырғасын жапқан екі жағы тебінгі. Сондықтан да тұтастырып жасалған тебінгі мен ішпек – «тебінгі тоқым» деп аталады. Тұрман – қазақ тілінде : үй тұрманы , ер тұрманы , көлік тұрманы, ат тұрманы, ат-көлік тұрманы, — деп аталатын сөздер бар. Ер-тоқымды ат арқасына бекітетін тұрмандар : «салт атты жолаушы өрге шыққанда, өрден төмен түскенде, желгенде, шапқанда ер-тоқым ат арқасынан ілгері не кейін кетпеу немесе ауып түспеу үшін қызмет істейді.» (Сәбит Мұқанов, Халық мұрасы) Демек, ер-тұрманға, айыл-тұрманға жататын барлық жабдық тобы «тұрман» деп аталады. Ішпек- ат арқасына ер баспас үшін қалыңдатқан тебінгі тоқым астынан салынатын бірінші жабдық. Аты – ішпек. Ішпек екі қабат киізден жасалады, алды-арты көмкеріледі, көлемі жағынан екі жағы ердің қапталынан сынық сүйем артылып, төмен түседі. Алды-арты тебінгі тоқымнан екі елідей шығып, көмкеруі көрініп тұрады. Ішкілік — ішпек астынан салынатын өте жұмсақ, таза талмадан жасалған, көлемі ішпек деңгейлі, жалаң, төрткіл киіз. Терлік – аттың денесіне тіке түсетін ең соңғы қабат. Ат арқасының тері соған сіңетін болғандықтан «терлік» атанған. Терлікті кейде «өң» депте атайды.терлік көбінше қозы, ылақ терісінен, қылқадан, жұмсақ иленген ешкі жарғағынан жасалады. Ең жақсы терлік – қара құйрық терісі. Тоқым киіз – тоқым біткен ат-кқөліктің арқасына салынады, ат-көліктің арқасын аман сақтау үшін тоқым киіздің таза болуы шарт. Онда тас, құм, шөп-шалаң, бүртік-бүртік болмауы керек. Сондықтан тоқым киіз қойдың қоспасыз таза жүнінен басылады.

Ер-тұрман: Қазаққа жауыр ат міну салт емес. Солай бола тұрсада басқа бұт артары болмағансоң, амалсыздан жауыр атқада мінеді. Кейде ұзақ сапарда, жорықта ыстық-суықтан ат арқасы тез кетеді. Осы сияқты лажсыздан мінілетін аттың жауырына жасалатын әдіс-айла, кедей амал ат қойылып, айдар тағылып атау ретінде аталынады. Мүйет – ат арқасының болымсыз жерінде беті ашық жалақ жауыр болса, соған ішпек тиіп қажамау үшін, жауырдың төңірегін қоралай қоюға лайықталған ортасы тесік киіз. Ол терлік пен ішпек арасына қойылады. Қазақ тілінде қандай жара, жауыр болсада оның бетін қалдырып, төңірегі қоралап қойылған зат «мүйет» деп аталады. «жақсы күнде жаман еді ниетің, Жаман күнде құтты болсын – Құрымнан құйған мүйетің» дегендегі «мүйет» осы . Ойма – аттың бас арқасында, не қапталының бірінде көптен жазылмай жүрген жауыр болса, сол жара тұсынан ішпек, ішкілік бірдей тесіледі. Ердің қапталын мөлшерлеп тесілген түрткүл тесік жауыр бетіне дәлдеп қойылған соң, жара беті ашық қалады. Ішпек, тоқымды жауыр бетіне тигізбеу амалын ойлап оюды «ойма» деп атаған.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.