Тұрсын Жұртбай – деректанушы

Главная » Рефераттар » Тұрсын Жұртбай – деректанушы

Қазіргі қоғамдық-саяси, рухани-мәдени өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарға белсене араласқан Тұрсын Жұртбай ХХ ғасырдың басында қалыптасқан демократиялық идеяларды қолдаушы, ұлттық ояну мен жаңғыру идеяларына бой ұрған, ұлт мүддесін ойлап, өзінің еңбектері арқылы халқын ағартушылыққа шақырған ұлт зиялысы, қайраткер тұлға. Кешегі өткен ұлылардың жалғасы, қазақ тарихы мен мәдениетін жүйелі зерттеген танымал ғалым Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Өзінің алғашқы еңбек жолын «Жетісу» газетінен бастап, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында шыңдаған. Өткен ғасырдың 1990 жылдардан ғылымға ден қойып, 1990-1992 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, 1992-1996 жылдары бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. 1996-1998 жылдары ҚР ҰҒА «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры, 1998-2001 жылдары М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, докторанты ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен дендей айналысты. Ел астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысуына орай, жаңа елорданың рухани-мәдени дамуына өзіндік үлесін қосып, 2001 жылдың наурызынан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры қызметін атқарып келеді.

Тұрсын Құдакелдіұлы 30 аса кітап пен 700 аса ғылыми мақаланың, оның жетекшілігімен шыққан басылымдардың авторы. Оның алғаш жарық көрген «Қоңыр қаз», «Жүрегімде-жұмыр жер» атты өлең кітаптары, «Замандасым, сырласым» (1976), «Бесқарагер» (1982), «Дара тұлға» (1984), «Жер бесік» (1985), «Болашақтың бәйтерегі» (2007), «Бейуақ» (1997, 2007), «Дулыға» (1994), «Кетбұға» (1994, Пекин, 2007), «Талқы» (1997), М.Әуезов (1997), «Күйесің, жүрек… сүйесің» (2001, 2007), «Құнанбай» (2004), «Сүре сөз» (2008), «Ұраным-Алаш!..» (2008), «Қар астындағы көбелек» (2008), «Бір уыс жусан» (2009), «Бұзылған бесікке!..», тағы басқа да кітаптарға жалғасты. «Жансар» (2008) мен «Мәңгілік аңсар» (2009) басылымын күтіп жатыр)

Тұрсын Жұртбайдың зерттеу нысанына айналған үлкен тақырып абайтану, әуезовтану және алаштану. Ғалым абайтану мен әуезовтану саласынан «Бесігіңді түзе!..», «Бесігіңді ая!», «Бесігіңді аяла!..», «Бесігіңді ұмытпа!..», «Абай және рухани тәуелсіздік мәселесі» атты монографияларын жазды, Т.Жұртбайдың ғылыми жетекшілігімен «М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі», «М.Әуезов туралы естеліктер», «М.Әуезов әлемі», «Абай жолы» роман-эпопеясының ғылыми текстологиялық салыстырудан өткен басылымы, М.Әуезов шығармаларының елу томдық жинағының 1-7 томы (1997-1998), М.Әуезовтің «Ескермедім, қабылдамадым…» (1998) атты ашық хаттар жинағы, «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы дайындалды.

.

Тұрсын Жұртбайдың шығармашылығы сан салалы. Соның бір парасын ежелгі және орта ғасырлардағы, ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихы мәселелері қамтылған көлемді зерттеулері мен тарихи тақырыпта жазылған ғылыми мақалалары құрайды. «Дулыға», «Ұраным, Алаш!…» және басқа да тарихи тақырыптарға жазылған еңбектері ұлттық тарих ғылымы үшін өте құнды зерттеулер.

.

Т.Жұртбай – өткен ғасырдың 20-30 жылдары орын алған зорлық-зомбылықтың кінәсіз құрбандары Алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялыларының тарихы мен тағдырын терең зерттеді. Алаш қозғалысы туралы мәселені өткен ғасырдың 30-жылдарының ортасынан бастап, 80-жылдардың аяғына дейін нақты тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми идеология мүмкіндік бермегені белгілі. Сондықтан ХХ ғасырдың 80-жылдарына дейін алаш қозғалысына қатысты елеулі еңбек бола қойған жоқ. Тек 1980 жылдардың екінші жартысынан басталған қоғамдағы демократиялық жаңарулар және Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы нәтижесінде ұлттық тарихымызға терең көңіл бөлініп, ХХ ғасырдың басындағы алаш қайраткерлерінің қоғам дамуындағы алатын орнын анықтау мәселелерін көтерген мақалалар жариялана бастады. Бұл тұрғыда қазақ зиялылары тарихындағы «ақтаңдақ» беттердің сырын ашып, олардың мол мұрасын зерттеудің бағытын айқындап берген еңбектердің ішінде ғалым Т.Жұртбайдың үш томдық «Ұраным –Алаш!..» атты монографиясының алатын орны ерекше. Ғалым монографиясында Алашорда тарихына қатысты бұрын ғылыми айналымға түспеген тарихи деректермен қатар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов және т.б. зиялы қауым еңбектектерін зерделеу арқылы басты тарихи көзқарастар аспектілерін, аталған қайраткерлердің шығармашылық ізденістерінің жалпы бағытын, Қазақстанды кеңестік отарлауға көзқарасын, ұстанымын анықтаған. Ғасыр басындағы қазақ зиялыларының азаттыққа ұмтылысын, ел тәуелсіздігі жолындағы жанкешті еңбегін, өлкедегі қоғамдық-саяси ойлардың дамуын жаңа қырынан қарастырған. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарына қатысты деректерді талдау барысында кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің қазақ қоғамының дамуына кері әсерін анықтап, алашорда қозғалысы, қайраткерлік, ұлтшылдық туралы шынайы дәйектер, тың тұжырымдар жасалған.

Ғалым өзінің алдына қойған ғылыми-зерттеу міндеттерін шешу барысында деректік материалдарды жинаумен және өңдеумен қатар айналысқаны байқалады. Оған дәлел өткен ғасырдың 80-жылдарынан мерзімді баспасөзде жарияланған алаш тарихының ақтаңдақ беттерін нақты тарихи деректер негізінде зерттеуі және деректерді жариялап отыруы дер едік. Ғалымның жетекшілік етуімен жинақталып, ғылыми айналымға қосылған «Алаш қозғалысы» атты үш томдық деректер жинағы да өзінің түпкілікті күткен нәтижелерін берді деп сенеміз. Осы зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жүйелі және тарихи-салыстырмалы талдау, хронологиялық және проблемалық көзқарастар арқылы қорланған тарихи білімдердерді жүйелендіру, жаңа концептуалды ережелерді теоретикалық дәлелдеу, шындық және тарих тұрғысынан қарастыру әдістері үйлесімді қолданылған.

Оның жетекшілік етуімен «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында сирек кітаптар мен қолжазбаларды ғылыми сараптаудан өткізіп баспаға дайындауда үлкен еңбек атқарылуда. Зерттеу объектісі ретінде қазақ халқының эпикалық, генеологиялық материалдары мен ауызша халық шығармашылығындағы ұлттық тарихи ойларын қарастырған «Қазақ қолжазбаларының» 10 томдығында қазақ қоғамындағы тарихи ойларды сипаттайтын жаңа деректерді ғылыми айналымға қосты.

Тұрсын Жұртбай білім мен ғылымды, еркіндік пен теңдікті жоғары бағалаған Абай елінде өсті. Оның қоғамдық көзқарастарының қалыптасуына халықтың бай ауыз әдебиетінің, ақын-жыраулардың, Абай Құнанбаев тәрізді ұлы ағартушылардың терең ойлы шығармаларының ықпалы болғандығы сөзсіз. Тұрсын Жұртбайдың азамат болып қалыптасқан кезең Қазақстанның Ресей империясының отарына түгелдей дерлік айналып, коммунистік қызыл отарлаудың боданы болған уақытқа тұспа-тұс келді. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан езілуі, Семей полигонының зардаптарын басынан өткізуі, қазақ даласында орын алған осындай озбыр да ұрда-жық саясаттың белең алуы оны тез есейтті. Көркем әдебиетті құмарлана, оның мазмұнын терең түсінуге талпына оқу да оның қоғамдағы кейбір әділетсіздіктердің астарына үңіліп, ақиқатты іздеуге деген құлшыныс туғызды.

Ол оқу-білімді ұлттық сананың оянуына, азаттыққа, бостандыққа қол жеткізудің негізі деп түсінген – ұстаз, ұлттық мәні бар саяси-әлеуметтік және мәдени мәселелерді көтеріп жүрген – қайраткер, тарихи ой-пікірлердің жаңа сапаға көтеріліп, дамуына өзінің зор үлесін қосып, айтулы еңбектерінде қолтаңбасын қалдырған ірі ойшыл-ғалым.

.

Тұрсын Жұртбай бүгінгі күні «жер болмаса, ұлт та болмайды», – деп қазақ ұлтының жерін, тілін, дінін сақтау сияқты тәуелсіз Қазақстан үшін де өміршең идеяларды батыл баяндап жүрген ірі азамат.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, әдебиет сыншысы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың өмірі мен қызметі, көзқарасы кешенді ғылыми тақырып ретінде арнайы зерттелмегенімен, оның өмірі мен еңбегін сипаттайтын мәліметтер, ғалымның еңбектері және ол туралы әдебиеттер енгізілген биобиблиография ғылыми айналысқа енді. Ғалым ғұмырының барлық қыры: шығармашылығы, ғалымдығы, қайраткерлігі арнайы зерттеуге лайық. Болашақта зерттеушілер ғалымның өмірі мен қызметін, әдеби-шығармашылығын, дүние танымын, оның қызметінің қыр-сырын ашу бағытында көп еңбектенетіні сөзсіз. Т.Жұртбайдың қоғамдық қызметін де толымды түрде зерттеу болашақтың еншісінде.

МАХАТ Данагүл, тарих ғылымдарының докторы, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы директорының орынбасары

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.