Тұрсын Жұртбай прозасындағы көркемдік әлем

Главная » Рефераттар » Тұрсын Жұртбай прозасындағы көркемдік әлем

Әдебиеттің құндылығы – оның көркемділігінде. Әдебиеттегі өмір – қаламгердің ой-қиялына салынып, ой сүзгісінен екшеліп шыққан көркемдік әлемі. Осы көркемдік әлемнің өзіне тән «тұрғындары», яғни көркем бейнелері, кейіпкерлер әлемі болады. Адамның ішкі ой мен сезім қайшылықтарынан туындайтын сыртқы құбылыстарға ерекше ден қойып, адамтанудағы өзіне ғана тән тосын зерттеулерін жүргізген жазушы өз шығармаларында алуан түрлі көркемдік эксперименттерге барады [1,245]. Осы әдіс-тәсілдер арқылы ол қайталанбас кейіпкерлер әлемін жасайды, кейіпкерлері арқылы шығарма идеясын да нақты жеткізеді, шығармасын көркемдей түседі.

Ал көркем шығарма дәлдігі – адамның ішкі әлемін, құпия-қалтарыстарын нақты бейнелеуінде. Жазушы кейіпкерінің ішкі әлемін, рухани өмірін, кейіпкерінің әрбір іс-әрекетінің себеп-салдарын көркемдік тұрғыда зерделей зерттеп, жан-жақты талдап жазғанда ғана психологиялық шығарма талабына сәйкеседі. Ұлы суреткер М. Әуезов айтқандай нағыз көркем прозаға «…психология араласпаса өзгенің бәрі сылдыр су, жабайының тақ-тақ жолы» екендігі күмәнсіз [2,129]. Сондықтан да әр жазушы көркем шығарма жазуда кейіпкерлерін ерекше сомдап, ішкі жан дүниесіне үңіліп, күрделі тұлғамен жұмыс істеуге тырысады.

Белгілі жазушы, профессор, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбайдың «Жер-бесік» роман-новелласы, «Қар астындағы көбелек» атты роман-хикаяты, «Қалампыр», «Аэродром», «Бір уыс жусан», «Болашақтың бәйтерегі» т.б. сияқты повесть, әңгімелері ғасыр соңындағы прозаға өзіндік соны өрнегімен қосылды. Аталған туындыларының әрқайсысында кейіпкер дүниесі, кейіпкер психологиясы, оның шығармадағы ролі, көзқарасы, әр кейіпкердің өзіндік ерекшелігі шеберлікпен жазылған. Оны оқып отырған оқырманға байқау да қиын емес.

.

Яғни, Тұрсын Жұртбайдың прозасындағы негізгі назар аударарлық ерекшеліктердің бірі – кейіпкерлер психологиясы, адамның ішкі әлемі, рухани болмысы, стиль ерекшелігі. Кейінде ғана басылып шыққан «Қар астындағы көбелек» атты романының кіріспе сөзінде автор: «…Мұнда менің жан дүниемнің барлық қасірет-мұңы, қуаныш-сүйініші, аңсары, «қар астындағы өмір» сондай бір аңғал (сентиментальді) да қарапайым (натуралистік) шындықпен қағазға түсіпті…

Шығармашылық тарихы мен психологиясында сан қилы түсініп болмайтын құпиялар кездеседі», – деп жазады [3,10]. Демек, қаламгер өз шығармаларында психологиялық құпиялар мен шығарма психологизмнің ерекшеліктерінің барын айта кетеді. Ал жазушының барлық дерлік шығармалары бір-бірімен тығыз байланысты, бір-бірінің жалғасы не болмаса бірін-бірі толықтырып отыратын туындылар деп айтуға болады.

1976-77 жылдары жазылып, 1985 жылы жарық көрген «Жер-бесік» роман-новелласындағы оқиғалар басты кейіпкері Кербалаға тікелей қатысты өрбіп, кейіпкер образы, психологиясы арқылы өз шешімін тауып, бір қорытындыға келіп отырады. Ал «Қар астындағы көбелек» романында автор тікелей өз кейіпкерінің атынан жазады да, барлық оқиғаларды Жарастың көзімен көрсетеді, кейін «Бір уыс жусан» эллегиялық туындысындағы оқиғаны да Жарастың есейген шағындағы келбетімен қайта жүздесеміз, оның жан-дүниесіне қайта енеміз. Міне, осыдан көркем шығармалардың байланыстылығын байқауға болады. Шығармаларында жазушы барлық әдеби шығармаға тән кең мағынадағы психологизммен қатар жеке адам тағдырына тереңірек үңіліп, рухани әлемді егжей-тегжейлі бейнелеуге ерекше көңіл бөледі. Алайда осынау күрмеуі қиын күрделі мәселенің шешуі – қай жазушының өз кейіпкерінің ішкі өміріне, рухани әлеміне қалай енуі арқылы көрінеді. Міне, осы жерде олардың өзіндік, стильдік ерекшеліктері айқындалады. Шынында да көркем шығармада кейіпкердің әр түрлі қалыптағы ішкі ой-толғаныстары әрдайым өзгеріп, іс-әрекет, сезім қайшылықтарын тудыратын психологиялық құбылыстарды тереңдетіп, күрделендіре бейнелеу психологизмнің табиғатын айқындап берері анық.

Белгілі әдебиеттанушы Б.Майтанов: «…психологизм сөз өнерінің тектік белгісі… қаһарманның рухани әлемін, жан сырын жеткізудің амал-тәсілдерінің жиынтығы…», – дейді. Осыны ескерген жазушы өзі ойнаған әр кейіпкерінің жан дүниесіне, образына еніп, тап сол секілді толғанып, сөйлейтін сахна саңлағы секілді өз кейіпкерінің ішкі дүниесіне ене отырып, оның бүкіл сахнадағы, өміріндегі, тұрмысындағы, тіршілігіндегі әрбір сезімдік психологиялық процестерді бастан кешіре отырып, өмірге әкеледі. Жазушы өмірінің қиындығы да қызығы да осы тынымсыз ізденісінде жатыр. Әрине әр жазушының кейіпкерді іздеу, сомдау, сөйлету әдістері әр түрлі. Әрқайсысы әр қырынан келеді, өз әлінше қимыл жасайды және әдебиеттің жалғыз объектісі – адамды сол тұрғыдан таңдап, талдайды, таразылайды. Әйтсе де әр жазушының өз кейіпкерінің ішкі дүниесін зерттеуі – өзінше бір әлем [1,194].

Осыған дәлел ретінде М.Жұмабаев еңбегіндегі: «Тегінде берік ұғыну керек: адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де сол жан. Қиын тәрбие тілейтін де сол жан. Жанды дұрыс тәрбие қыла білу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек»,- деген сөздерін келтіруге болады [4,240]. Яғни, Тұрсын Жұртбайды біз тек жазушы ғана емес, психолог-жазушы ретінде қабылдауымыз керек деп ойлаймын. Жазушы өз ортасының, өз замандасының табиғатын, психологиясын, жанын зерттейді, талдайды, сол төңіректе толғанады, таразылайды, өзін қызықтырған кез-келген құбылыстың тосын, кездейсоқ әдемілігін немесе маңызының ақиқатын ашады.

Негізі шығармадағы әрбір іс-қимыл, әрекет автордың реакциясы, оған деген көзқарасы арқылы көрінетіні белгілі. Осы орайда автор өз кейіпкерлерінің кескін-келбетіндегі әрбір белгі, ұсақ әжім сызығына дейін сенімді түрде суреттеуге тырысады. Өйткені біз, оқырман, өзімізді қоршаған адамдарды қалай танып, қалай қабылдаймыз, соған сәйкес суреткер де олардың өмірінің әрбір оқиғасын, белгілі бір жағдайдағы іс-әрекетін, психологиялық сезім құбылыстарын, сезімін, ишара-емеурін, қимыл-қозғалысын да қалт жібермей, тап өмірдегідей нақты да дәл әрі нанымды беруге тырысады. Өмірде бізді адамдар тағдыры мен тыныс-тіршілігі емес, жекелеген адамдардың іс-әрекеті де қызықтырары сөзсіз.

«Көркем шығармаларда әрқашан белгілі бір индивидуалды тұлғалар бейнеленеді. Бірақ бұл индивидуалдың бойында өмірдің белгілі бір жалпы («баршаға ортақ»), өмірде бар («субстанционалды») ерекшеліктері («күштері») жинақталып көрініс тапқандықтан, ол индивидуал тұлға оқырмандарымен қатар суреткер, яки жазушының өзін қызықтырады. Бұл индивид тұлғаның бойында қаншалықты өмір сүру табиғаты нақтылы байқалуына байланысты ол белгілі бір характер ретінде көрініс табады «,- деп Г.Н.Поспелов өзінің «Теория литературы» деген еңбегінде кейіпкерлердің индивидуалды, яғни қайталанбас немесе өзіне ұқсамайтын бір мінезге (характерге) ие болуын тек оқырманға ғана емес, сонымен қатар жазушының өзін қызықтыратын үлкен дүние екендігін айта кетеді [5,44].

Тегінде автор көз алдында өтіп жатқан психологиялық процесті, жағдайды суреттегенде өзінің көзқарасы емес, сол сәттің көзі тірі куәгері – кейіпкері, соның көзқарасы, ой-сезімі арқылы беруге тырысады. Ол сөзінен гөрі тап сол сезімді бастан өткерген, жүрегінен сүзген, көңіл таразысынан өткізген жанның дәл де шынайы сезімдік, психологиялық толғаныс-толқуды қалтқысыз беретінін автор жақсы біледі. Сондықтан да ол өз кейіпкеріне көп сенеді. Экзистенционалдық мәселелерді, рухани құндылықтарды шешу барысында оның кейіпкерлері азапты да күрделі философиялық, психологиялық құбылыстарды бастан кешеді [1,265]. Осындай жеке адамның ішкі өмірі, өмір мен өлім арасындағы кезеңде адамзат бастан кешетін азапты тағдыр тәлкегінде кейіпкердің күрделі тұлғаға айналу процесін байқауға болады.

Жалпы Тұрсын Жұртбай кейіпкердің жеке басындағы жан жүйесінде болатын психологиялық процестерді, психологиялық жағдайды ақыл-ойға көнбейтін еріксіз түрде жүзеге асырылатын психикадағы сезімдерге терең бойлау арқылы бейнелейді. Бұл жағдайлар психологиялық талдау арқылы берілгендіктен психологиялық детальдар, заттар әлемі де жан-жақты беріледі. Характерлердің психологиялық әуені де осыларды өзара салыстыру арқылы көрінеді. Жазушы кейіпкердің ішкі рухани әлемін талдау тәсілі арқылы адамның моральдық еркін зерттейді. Оның назары адамның адамгершілік табиғатын сынауға, адамдық қасиеттің жаңарудағы психологиялық алғышарттарын жасауға аударылады.

Адам тағдырының драмасын тап осылайша талдау – қазіргі өркениетті қазақ әдебиетіндегі психологиялық прозаның қарыштап өскендігінің, өркендеуінің өрісі биік екендігінің белгісі. Демек, әдебиеттегі психологизм тікелей көркем шығармадағы кейіпкерлеріне байланысты, кейіпкерлердің психологиясымен анықталатынына тағы бір көз жеткіземіз. Ал кейіпкер психологиясы мен тұтас шығарма психологиясы қандай байланыста болатынын түсіну үшін алдымен жеке-жеке кейіпкер психологиясы мен көркем шығарма психологиясы деген анықтамаларға назар аударарлық.

Жоғарыда барлық анықтамаларды жинақтап, бір-бірімен толықтырып келсек, кейіпкер психологиясы не деген сауалға жауабымызды табамыз. Яғни, кейіпкер психологиясы дегеніміз – кейіпкердің тұлға, бейнесін өзгеріс, даму үстінде алып, өмірлік күрес-тартыспен ұштастырып жан-жақты көрсетіп, адамның жан дүниесін, ішкі сезімін терең ашып көрсетуге айрықша мән беріп, оның рухани әлемін, жан сырын мінездеу арқылы, іс-әрекетін нанымды бейнелеу арқылы ашылатын шығармадағы кейіпкердің жан дүниесі. Кейіпкер психологиясын жазушы ерекше бір шеберлікпен жеткізеді. Ғылымда негізінен зерттеулер барысында психологиялық бейнелеу құралдарына мыналарды жатқызады:

“Бірінші – психологиялық бейнелеудің «тура» («прямой») түрі, бұл кейіпкердің жан дүниесін көркемдік таным тұрғысынан танып-білу, яғни ішкі сөз, қағытпа (репликалар) түрі, өзін-өзі бақылау, ойша елестету, ішкі монолог, еске алу және елестету т.б. арқылы психологиялық талдау жасау. Екінші – психиканы берудегі сыртқы психологиялық қимыл- көріністерге — бейвербалды ишараттарға мән беру, оның басқа да түрлерін қолдану болып табылады. Үшінші – осы екі тәсілді тұтастандыра беретін авторлық психологиялық баяндау” [1,11]. Осы бейнелеу құралдары арқылы шығарма да бай әрі құнды болып жазылмақ.

Осындай психологиялық бейнелеу құралдарын біз жазушы Тұрсын Жұртбай өз кейіпкерлерін сомдауда қолданғанын байқаймыз. Демек, жазушының бұл шығармаларында, атап айтсақ «Жер-бесік», «Қар астындағы көбелек», «Бір уыс жусан» сияқты туындыларында мемуарлық сипаттың болуын байқауға болады. Кейіпкерлері де сондай бір шеберлікпен жасалған, әр қырынан танып, олардың жан әлеміне де ене алған қаламгер өз кейіпкерлерінің характерін ашу жолында өмірде бар немесе болған адамдардың мінез қырларын пайдаланған деп айтуға келетін тәрізді. Автор әр кейіпкеріне ерекше көңіл аударып, басқа шығарма кейіпкерлерінен бөлек етіп сомдайды. Бұл да қаламгердің өзіндік бір ерекшелігіне жатады. Мысалы, осы үш шығармасының бойында біз Жарастың кіші күнінен бастап есейген уақытына дейінгі оның балалық күйден күрделі тұлғаға айналу процесін, сатысын бақылаймыз. Ал Кербаланы сомдауда жазушы оның басынан өткен барлық оқиғалар арқылы оның мінезі мен психологиясын жан-жақты ашып, «Жер-бесік» романының бас кейіпкері, негізгі арқауы етіп алады.

Кейіпкерлерінің сондай көркем әрі жанға жақын, әр қырынан сипаттап сомдауынан автордың баяндау әдісі мен көркем психологиясы арасында белгілі бір деңгейде байланыс барын аңғаруға болады. Бұл қаламгердің кейіпкер жасаудағы басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады.

Анығын айтсақ, бұл арада прототип туралы мәселе де бар екенін батыл айтуға болады. Жалпы прототипке З.Ахметов «Әдебиеттану» сөздігінде: «Прототип (грек prototypon – түп, төркін бейне) – әдебиет шығармасындағы кейіпкердің бейнесін жасауға тірек, негіз болатын өмірде болған адам, яғни өмірде бар бастапқы, түпкі тұлға.

Шығармадағы кейіпкер мен уақиға нағыз өмірден алынған да, олар қаламгердің өмірлік тәжірибесімен, бұрынғы көрген-білгендерімен ұштасып, оның қиялында туған сезім-әсерлермен сабақтасады», – деген анықтама берілген [6, 277]. Демек, өмірден көрген кейіпкері мен естіген оқиғалары қаламгерге жақын болғандықтан да әдеби кейіпкердің тұлға-бейнесі нақтылы бір прототипке негізделіп жасалады. Бірақ ол әдебиетке тән типтендіру, жинақтау принциптеріне сәйкес және жазушының шығармасындағы идеялық нысанасына сәйкес сомдалып, өзгеше сипатқа еніп көрініс табады.

Қаламгердің шығармаларындағы басты кейіпкер Кербала өмірде шынымен болған тұлға ма, әлде жазушының ой-қиялынан туған төл кейіпкері ме? «Жер-бесік» және «Қар астындағы көбелек» атты романдарын оқып отырған кезде де жазушының Кербаланы сомдауда сондай бір нақтылық пен жақындықтың барын байқауға болады. Тұрсын Жұртбайдың «Сүре сөз» атты еңбегінде қаламгер әкесі Құдакелді Жұртбайұлын былай деп еске алады: «Өз өмірін мінезіне жеңдірген, бірақ тағдырын өзінің қолында ұстаған әкем Құдакелдінің тауқыметті ғұмыры маған дәл осы уақытқа дейін шым-шытырық уақиғаға толы қиялдағы елес сияқты ғана көрінетін. Бірде тез тұтанып, бірде тез мұңая қалатын, өзінің бас еркіндігін бәрінен жоғары қойып, жүргізушілерге тәуелсіз боламын деп көлікке мінбей, қарға адым жерге де, алыстағы ауылға да салт атпен баратын әкемнің бұл мінезінің біраз сырын сол кезде сезсем де, шынайы еркіндіктің адамға қандай қажет екенін енді-енді түсіне бастадым. Зады, сол қияңқылығы, қазақша айтқанда, бас асаулығы жасынан-ақ болса керек, дүние бір төңкеріліп түскен жиырмасыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың басында Құдакелді Жұртбайұлының басы «Алланың добы» болып, тағдырдың қарадүлей құйынының жетегінде кете беріпті. Сол құйын тіршілік дүниеден қайтар кезінде ғана басылып, өмірінің соңында, алпысыншы жылдары ғана тыныш тапты. Мен бұл тауқыметті «Жер-бесік» атты романымда уақыт межесін он бес – жиырма жыл кейінге шегеріп барып баяндап едім» [7, 359].

Жазушының бұл естелігіндегі Құдакелді Жұртбайұлына берген мінездемесі шығармадағы Кербаланың мінезімен сәйкес келетінін аңғару қиын емес. Мысалы «Жер-бесік» романының басында Кербала туралы айтылған мына сөздерге назар аударарлық: «Өмір – жарық дүниедегі тіршілік иесіне тиесілі сыбаға ғой. Дәмін татты. Таршылығын да басынан кешті. Жеңді де, жеңілді де. Ащы-тұщысына риза. Кербала өмірінің көзді ашып-жұмғанша өте шыққанына емес, соншалықты арпалыспен өткеніне таңданады. Өкінбейді Кербала, таңданады. Жеңген адамның сағы сынбайды. Дүниеге желпілдеп келген туы дүниеден желбіреп кетіп барады. Тағдырдың не бір тезіне қысылып, талқыға түскенде, шыққыр жаны шыдады. Дұшпанның алдында тізесі бүгіліп, басы иілмеді» [7, 4]. Бұл екі мінездеме бір-бірін толықтырып тұрғандай, екеуі де бір адамға тән мінез емес пе?

Қаламгер өзі де анығын айтып, сөз болып отырған еңбегінде өз сөзін былай деп аяқтайды: «Менің ойымша, бұл әңгіме менің әкемнің көп көрген тауқыметінің бірі ғана еді. Қалғаны дербес әңгіме, мүмкін менің «Жер-бесік» атты шығармамды оқығандар одан аздап мағлұмат алар деп ойлаймын» [7,369]. Демек, шығармаларына арқау болған кейіпкер Кербала мен оның басынан кешкен оқиғалары өмірде болған және қаламгердің өзіне жақын екендігіне көз жеткіздік. Кербала дегеніміз жазушының әкесі Құдакелді Жұртбайұлының прототипі болса, сонда шығармаларындағы Жарас қаламгердің өзі болмақ емес пе?

Жазушының шығармаларындағы кейіпкер психологиясын толық ашудың бір сыры да осында болар. Кейіпкерлерінің әр сәттегі ішкі әлемін, жан дүниесін жан-жақты талдап, нақты әрі әсерлі жеткізудің бір себебі – бар жан арпалыстың, сезімдердің өз жақындарының өмірінен көргендігі, сезгендігі, өз басынан өткендігі.

Жазушы Тұрсын Жұртбай кейіпкерлерінің өмір жолдары арқылы өрбіген түрлі оқиғалар, шым-шытырыққа толы өмірлік жол тораптары мен оған деген өз көзқарастары, кейіпкерлерінің сол оқиғалардан шығу жолы, көзқарасы, іс-әрекеттері арқылы көркем идеяны шебер жеткізе білген. Шығармаларындағы адамгершілік, достық, адалдық, сүйіспеншілік, ата-анасы мен балалары арасындағы қарым-қатынас, еңбек сияқты толып жатқан жекелеген идеяларды толығымен жеткізе білген. Осындай жекелеген идеялар көрініс тапқан шығарманың оқырманды баурап әкететін тартымдылығы да шығарманың негізгі идеясында жатыр. Көркем шығармадағы негізгі идея арқылы оқырманға әсер еткен, тартымды суреттеген жазушының өзіндік ерекшелігі, өзіндік тенденциясы. Ал әрбір әдеби шығармадағы әсерлі идея ашық көрсетілмейді, ол қаламгердің шындықты суреттеу тенденциясы арқылы ашылады.

Жалпы тенденция туралы Зейнолла Қабдолов еңбегінде: «Тенденция – шындықты суреттеудегі қаламгерге тән құштарлық, оның қоғамдық көзқарасының тұғыры, ой өзегіндегі мығым принцип», – деп түсіндіреді [9,157]. Демек, көркем идеяны жазушы «өзінің жеке басындағы көңіл күйінің нәзік иірімдерін сөзбен сұлу өрнектеу тенденциясы арқылы жеткізіп», оқырмандарына бар шындықты ой өзегінен өткізіп, өз көзқарасын қосып белгілі бір өзекті мәселені көтереді. Осыдан келіп шығармадағы авторлық идея мен обьективтік идея туралы мәселе туындайды. Жалпы авторлық идея шығарманың өн бойында жатады, бірақ оқырманның сол шығармадан алған әсері мен оның көзқарасы міндетті түрде автордың о бастағы идеясымен сәйкес келмеуі де мүмкін. Ол қаламгердің идеяны жеткізуде пайдаланған көркемдік шындыққа да байланысты болып келеді.

Ал қаламгердің идеясын жеткізуде шығармаға арқау еткен шындығы сол қалпында қағазға түсе қоймасы да хақ. Кез келген шындық оқиға қаламгердің ой өзегінен өтіп, екшеліп жазылады да, ол шындық көркем шындыққа айналады. Демек, З.Ахметовтің пікірінше: «Көркемдік шындық – өмір шындығының жазушының ой-елегінен, творчестволық көрігінен өтіп, қорытылып, әдеби шығармалардағы баяндалған, көркем суретке айналған қалпы.

Көркем шындық өмірдегі шындықты кең толғап түсіну, терең сезіну, оған жазушы өз қатынасын білдіру арқылы туады», – дейді [6,193]. Демек, әрбір шындық әдеби шығармаларда жазушының ой-елегінен өтіп, көркем суретке айналып, көркемдік шындыққа ұласады.

Шығармаларында кейіпкерлер психологиясын ұтымды көрсете білген жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Жер-бесік» пен «Қар астындағы көбелек» романдары бір-бірімен байланысты екені, идеяларының сабақтастығы бірден байқалады. Осы екі күрделі шығармасындағы жазушының тағы бір ерекшелігі – көркем шығарманың басталуы мен аяқтауында. Автор алдымен үлкен философиялық ой тастап, лирикалық шегініс арқылы өз шығармасын бастайды. «Жер-бесік» романын: «Боран ұлып тұр. Жер-бесік зыр айналып, Қараспан тауының ішіндегі омбы қармен құндақталған жалғыз қыстауды сәбидей әлдилейді. Ұйтқи соққан боран заңғар жартастардың бауырына тығылған қараша қонысты ақ көрпемен қымтайды. Заманның боран-анасы уілдеп, дүние көшіндегі жолаушыны уатып тұр. Кімді…

– ?.. «, – деп өз оқырманына үлкен сұрақ қоя отырып: «Дегенмен де Кербаланың өмірі өзгенің тағдырына ұқсамайтын өзінше бір өмір-ау осы. Арпалысып жүріп қайраңға шыққанын байқамай қалыпты. Бастан кешкен ғұмырдың санадағы жаңғырығы көз алдынан елес боп көше береді. Жер-бесік зыр айналып, бауырындағы адамзатты тербетеді. Тау түкпіріндегі жалғыз үйді боран-ана әлдилейді», – деп бастайды [8,1-8]. Ал аяғында барлық шығарманың қорытындысы есебінде философиялық шешім тауып, былай аяқтайды: «Жер-бесік мынау дүниеден жұбаныш тапқан жандарды алақанына аялай қондырып, мәңгілік қозғалыстың ырғағымен тербетеді оларды. Ананың әлдиі, боранның уілі, найзағайдың шатынаған үні, жапырақтың шуылы, бұтақтың сыбдыры, бұлақтың сылдыры – бесік жырының бір үзік әуені. Ол тағдырға табынбайды. Өмірде адам не бітірді, нені түсінді, қалай өмір сүрді?.. Әр ұрпақ өмір сүру арқылы осы сұраққа жауап іздеуі тиіс. Бүгін сол сауалға Кербала да өзінше жауап берді. Жер-бесік пен тал бесік! Өмір мен өлімнің мағынасы кімнің қай бесікте тербелгенімен сипаттала ма?!

Жұмыр жер зыр айналады. Қараспан тауының қойнауындағы жалғыз қыстау да мәңгілік қозғалыстың ырғағымен өмір әлдиін тыңдайды» [8,205].

«Қар астындағы көбелек» романының басталуы мен «Жер-бесік» романының аяқталуында ұқсастық, байланыс, жалғастық бары да байқалады. «Қар астындағы көбелек» романында автор алдымен Сент де Экзюперидің «Адам – балалығына қарыздар» деген қанатты сөздерін тірек етіп алып, шығармасын балалық дәуренге саяхаттаумен бастайды: «Өткенді қайыра алмайсың. Жақсылығымен де, жамандығымен де, реніш-сүйінішімен де жүрекке сызат түсіріп, шетсіз-шексіз кеңістікке сіңіп ғайып болды. Бейнелері елеске айналып, жадыңда сақталады. Әкемнің өмірі – мұз астында түскен күннің сәулесіне ұмтылып, ұлы Жарық дүниеге құлшынумен өткен балдыр сияқты. Ол – ауыр ма, жеңіл ме, білмеймін, өз өмірі. Әйтеуір, бізді тұңғиықтан алып шығып, өмір жанары – күннің құшағына енгізді. Өзінің ерте көктемде жарылып шығып, күнге саусағын жая гүлдеген бүршігі менмін. Біз тамырласпыз. Мен әкемнің өмірінен нәр аламын. Ол менің балам арқылы болашаққа сапар шегеді. Қиын да қайсар тағдырдың көлеңкесі менің де жүрегіме сызат түсірді. Әлі де бітіп, даусы қайтып үлгерген жоқ. Бүгінгі күн – менің күнім, маған бөлінген уақыттың еншісі. Өз тіршілігімнің мағынасын іздеуім керек. Ұлы өмірдің – Әке өмірінің ағысын қалай қабылдадым. Сонау балалық шағым өткен Қараспан тауының қойнауындағы жалғыз қыстауға келген осы мезгілім ішінде әкемнің тағдыры ғана емес, өзімнің де кешкен ғұмырымның қуаныш-сүйініші ескі дерттей қозғалып, жүректі сыздатты. Сүйініппін де, күйініппін де…

Менің де татқан ащы-тұщы тіршілік дәмім бір ғұмырға жеткілікті екен. Менің жарық дүниенің мәні туралы берер жауабым да сол тіршілігім екен.

…Ауыр ойдан арылып, жанымды жұбатқым келіп, тау алқымындағы қызыл жартастың тұсындағы жалбыз иісі аңқыған мөп-мөлдір тас тұманың көзіне бардым. Бұрқылдай шымырлаған қайнарға ұзақ қарадым. Мөлдір судың бетінде қою қара шашты, қалың мұртты бір бейне діріл қағып өзіме қарап тұр. Жүзі анық көрінбейді. Еңкейе бердім. Мөлдір су бетіме тиді, тағы да еңкейіп, басымды тұмаға батыра түсіп, көзімді ашсам… Көгілдір су жарық сәулемен жалт-жұлт ойнап, малта тастар гауһардай жарқырап, маржан көпіршіктер шашырай жөнелді де тұманың қайнар көзінен әлдебір саңлау ашыла кетті. Сөйтсем, мен бір биік жартастың басында тұр екем деймін…

Бұл менің сәби кезім. Құшағымды ашып, жан ұшыра: «Ұшшы, ұша түс, маған, балалығым»,– дегім келіп, ұмтыла түсемін… Басымды тұнық тұманың тереңіне батыра түстім. Алдымнан аңсарлы әлем бейнесі ашыла берді» [3,12]. Бұл әлем бейнесін шығарма соңында автор көбелекті символ ретінде пайдаланып: « – Сен де тірі екенсің ғой, қар астындағы көбелек. Міне, мен де аманмын. Енді уайымдама, жылы ұяңды табарсың, үлбіреген жібектей қанатыңды байқашы, сындырып алма. Екеуміз де тағдырдың суық үскірігінен құтылдық. Көбелек – ғұмырымсың ғой, ұш, жанымның жарқын тіршілігінің белгісі. «Ұш»,- дедім жанарыма жас тұнып: – Қытымыр аязда сені шөпке орап, қар астына көмгенде, тіршілігіме балап ем ғой. Менің өмірім саған байланысты еді. Сен жеңдің, жарық сәуле, көгілдір кеңістік, жылылық сыйладың. Рахмет, саған. Мен алысқа сапар шектім. Енді мәңгі кездеспейтін шығармыз, ұмытылармын да, ешкім де есінде сақтамас. Бірақ, қар астындағы көбелегім-ау, сен ғайып боларсың. Алайда, туған жердегі секпіл қанат рухымды сақтап ұшып жүргейсің. Біздің мейірімсіз, қамқорлығымыз жер бетінің есінде қалады, жан жылуымыз, нәзік махаббатымыз көктемгі көбелектермен, мөлдір шықтармен, бозторғайдың сайрауымен оянып, ұлы махаббаттың бастауына құяды. Жер бауыры содан жылып, дүние шешек атады. Ал, әзірше, ұш, биікке ұш, көбелек- тіршілігім!-дедім алақанымды жазып.

…Мың-мың түрлі, мың-мың көбелек ұшып жүрді. Оның ішінде менің жанымның бір бөлшегі – қар астындағы ғұмыр кешкен секпіл қанат көбелек те бар шығар. Бұл тіршілік сайранына қатысуға, қуануға, бақытты сезінуге біздің толық еркіміз бар еді», – деп аяқтайды [3,97]. Көркем шығарманы жазудағы жазушының шығарманы бастауы мен аяқтауындағы мұндай өзіндік ерекшелігі де тұтас шығарма психологиясын жаңа қырынан ашып, шығарма психологиясы мен жеке кейіпкер психологиясын ұштастыра келіп тиімді пайдаланған. Шығармаларының мұндай байланыстылығы мен жалғастығы, идеяларының тұтастығы қаламгер әлемінің ерекшелігінде, даралығында жатыр.

Қорыта айтқанда, жазушы Тұрсын Жұртбай өз шығармаларына арқау еткен шындық төңірегінде сөз етсек, қаламгердің шығармаларындағы көркемдік шындық терең сезініп, жазушы өз қатынасын білдіре отырып, өз басынан өткен немесе жақын адамдарының өмірімен тығыз байланысты автобиографиялық сипаты басым екенін байқаймыз. Кейіпкерлерінің басынан кешкен оқиғалары, сезімдері мен ой-толғаныстары, көзқарастары мен қаламгердің өз бағыты мен көзқарасының араласа берілуі арқылы шығармасының негізгі идеясын шебер жеткізе білген қаламгер өз оқырмандарын кейіпкерлерінің әлеміне, шығармада баяндалған оқиғаларға араластырып, баурап алып кетеді. Бұл шығарманың идеясының тереңдігі мен толық жеткізе білуіне байланысты болса, ал негізгі идеяны жеткізе білу – қаламгердің де ерекшелігінде, шеберлігінде жатқанын байқауға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем). Монография. – Алматы: Алаш, 2003. – 328 бет.
  2. 2. Әуезов М. «Анкетаға жауап». Алматы // «Жұлдыз», №10.1991. – 12 б.
  3. Жұртбай Т. «Қар астындағы көбелек» // «Жұлдыз», №1. 2008 – 10-98 б.б.
  4. Жұмабаев М. «Шығармалары». ІІІ томдық. Педагогика. Алматы, «Білім», 1996. – 512, 240 б.
  5. Поспелов Г.Н. Теория литературы: Учебник для ун-тов.-М.: Высш.школа, 1978. – 351 с. Библиогр.: с. 343 – 344.
  6. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев) Алматы: «Ана тілі», 1998.- 384 бет.
  7. Жұртбай Т. Сүре сөз: Публицистика.– Алматы: Экономика, 2005. 400 б.
  8. Жұртбаев Т. Жер-бесік: Роман-новелла,повестер.–Алматы: Жалын, 1985. – 384 бет.
  9. 9. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2002.-360 бет.

ТӨЛЕУБАЕВА Камшат ,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды

Мемлекеттік университеті қазақ

.

әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,

.

филология ғылымдарының кандидаты,

доцент.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.