Тұрсынбек Кәкішев өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Тұрсынбек Кәкішев өмірбаяны

tursynbek-kakyshevТұрсынбек Кәкішев — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектептер ғылым академиясының (Қазақстан бөлімі) құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар Одағының Сәкен Сейфуллин атындағы сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор ҚазМУ-дың құрметті кафедра меңгерушісі, жазушы-ғалым 1927 жылы 15 тамыз күні Ақмола облысы Бұланды ауданындағы Алтынды кенішінде алтын өнеркәсібі жұмысшысының отбасында дүниеге келген.
1934-1944 жылдары әуелі Қаратал, кейін Даниловка орта мектебінде оқыған. Еңбек жолын 1944 жылы Ақмола облыстық қазақ драма театрында актер болып бастаған Тұрсынбек Кәкішев 1945 жылы Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Оның толық курсын 1950 жылы тамамдайды. Университетте оқып жүргенде қаламының желі барын танытқан жасты қазақтың атақты фельетонисі С. Төлешов (псевдонимы — С. Шынаров) төртінші курсты бітіргеннен кейін 1949 жылы «Лениншіл жас» газеті редакциясының жүмысшы жастар бөлімінің меңгерушілігіне үсынады. Оқуы мен жүмысын қосарлай атқарған Тұрсынбек Кәкішев университет жолдамасымен қазіргі «Мектеп» баспасының жоғары оқу орындары оқулықтары редакциясының аға редакторы болып қызметке орналасады.

Қазақ әдебиеттануы мен сынының ауыр жүгін көтерген, халықтық мүддеге сай өркен жаюына еңбек еткен, кер замандағы кереғар қағидалардың таяғын жей жүрсе де ұлттық ғылыми-зерттеушілік және  сыншылдық-эстетикалық ой-пікірдің дамуына мол үлес қосқан әдебиетші-ғалымдар аз емес. Солардың бірі – Халықаралық жоғарғы мектептер ғылым академиясының құрметті академигі, Еларалық қоғамдық Ш.Айтматов академиясының академигі, Қазақстан жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, зерттеуші, сыншы  — Тұрсынбек Кәкішев.

Тұрсынбек Кәкішевтің ғалымдық-өнерпаздық ерекшелігі — өзінің зерттеу  еңбектерінде аңызына түрен түспеген тың салаларды нақты деректер  негізінде індете зерттеуге құмарлығы. Міне, сондықтан оның қаламынан  туған дүниелерге ғылыми қауым да, шәкірттер әлемі де, әдебиетті  қызықтаушылар да құлақ түріп отырады. Соның нақты бір дәлелі – «Қазақ әдебиеті сынының туу және қалыптасу жолдары» атты 1971 жылы қорғаған докторлық диссертациясы. Ондаған жыл тірнектей зерттеген махнатты еңбегі қазақ әдебиет сынының Октябрь революциясына дейін туғандығын, Ұлы Отан соғысына дейін жанрлық жағынан әбден қалыптасып, оңаша отау тіккендігін дәлелдеп беріп отыр. Оның алғашқы бөлімі 1971 жылы «Сын сапары» атты монография болып жарияланды. Екінші бөлімі – «Оңаша отау» 1982 жылы басылды. Қазақ әдебиеті сыны саласындағы еңбегі қазір республика жоғары оқу орындарының негізгі оқу құралына айналып,  оның алғашқы бағдарламасын 1982 жылы жасап, 1994 жылы 25 баспа  табақ көлемінде оқулығын шығарды. Қазақ совет әдебиетінің 1920 жылдарын түбегейлі зерттеген, қазақ совет әдебиетінің негізін қалаған Сәкен Сейфуллиннің шығармашылық-әлеуметтік өмірбаянын жасаған профессор Тұрсынбек Кәкішев қазақ әдебиеті сынының тарихы саласындағы еңбегі қазақ  әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес болып, ғылыми мектеп жасап  отыр.

Қазақ әдебиеттану ғылымында ұлы төңкеріске дейін сын болған жоқ деген қағиданы жоққа шығарып, қазақ әдебиет сынының тарихына зор үлес қосты. «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» оқулығында халықтық сыншылдық эстетикалық көзқарасынан бастау алып жатқан халық ауыз әдеби мұраларынан басталып, қазақтың тұңғыш газет-журналдары  — «Түркістан  уалаяты», «Дала уалаяты», «Айқап», «Қазақ» сынды баспа сөздердің сыни  ой-пікірдің тууына игі әсерін жан-жақты талдап, зерттеумен қатар әр кезеңдегі әдебиеттің партиялығы, әдебиеттің таптығы тұрғысынан  баға беру және әр түрлі әдеби ағымдар «тұрпайы социологизм», «бірыңғай  ағым теориясы», «пролеткультшылдық»-тардың арасындағы айтыс-тартыстар мен өрістес келіп жатқан ой-пікірлердің ақ-қарасын айқындаумен құнды. Көркем табиғаттың аясында сұлулықпен суғарылып  өскен қазақ халқының эстетикалық талғамы да сол өзін қоршаған  ортаның, сұлулықтан сомдаған биік талғамдарына сай, әлемдік  әдебиеттің небір озық үлгілерімен қатар тұра алатын тамаша ауыз әдебиетін жасады. «Қыз Жібек» жырындағы қыздардың сұлулығы, «Қобыланды батыр» жырындағы Тайбуырылдың шабысының суреттелуін көркемдік сұрыптаудың жоғары көрінісі деген зерттеушінің пікіріне сөзсіз келісесіз [1]. Халық бар жерде сол халықтың рухани қажеттілігінен туындайтын әдебиеті де болады. Өнер мен әдебиет адамдардың сұлулыққа, әсемдікке, әдемілікке, көркемдікке құштар табиғатына сай қалыптасып, белгілі бір талап-талғамдарға жауап бере отырып дамиды. Яғни, сөз өнері мен сын өнері бірге пайда болып, қатар қанат жаяды. Бірінсіз бірі жоқ. Демек, әдебиет сынының  түп-төркіні өнер атаулыны тудырған, оны сұлулықтың  сырлы бесігіне  бөлеп әлдилеген, өркендеткен  халықтық эстетикада жатыр. Қазақ әдеби сынының тарихы әріден, түп-тамырынан бастап зерттеген «Сын сапарында» халықтық эстетика  жеке тарауда арнайы қарастырылған. Әдеби сынның дамуы көркем әдебиеттің дамуымен тікелей байланысты. ХХ ғасырдың басында дами бастаған  қазақтың профессионалды жазба әдебиеті сыни ой-пікірлердің жандана түсуіне объективті алғышарттар жасады. Басылып шығып жатқан жаңа кітаптар жайлы пікір білдірген материалдар баспасөз бетінде жиілей түсті. Зерттеуші оларды құрылымдық, мазмұндық, мақсаттық ерекшеліктеріне қарай дәйектеме сын, жарнама сын, аннотация, оқушы хаты, рецензия, айтыс мақала, публицистикалық сын, проблемалық мақала, шолу, ғұмырнама, баяндама, сын мақала, зерттеу мақала сияқты жанрлық-формалық  түрлерге жіктейді [2].

Тұрсынбек Кәкішев қазақтың жазба әдебиет сынының түп-төркінін көне замандағы түрлі ескерткіштерінен, орта ғасырлық жазбалардан,  қазақ хандығы тұсындағы би-шешендерден, ақын-жыраулардан, қазақ жерінен  шыққан ғұламалардың еңбектерінен көреді. Қорқыттың қазақ жерін аралап, әр өңірге берген бағаларына, Әл-Фарабидің өнер жайлы  пікірлеріне, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі» терең ойларға, Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түркідегі» қанатты сөздерге, Қожа Ахмет Иассауидің «Хикметіндегі» көркем толғаныстарға т.б. тоқталып, сыншылдық таным-білімнің қайнар көздері ретінде қарастырады. Сонымен қатар ғылыми, ағартушылық, эстетикалық талғамның қалыптасуында орны айрықша үш ғұламаларымыз – Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтың еңбектерін айрықша атап өтеді. Соның ішінде ұлы Абайдың сыншылдық ойының аса ірі құбылыс екенін дәлелдеп көрсетеді. Әдеби сынның дамуы баспасөздің дамуымен тікелей байланыстылығын және жоғарыда аталған газет-журнал беттеріндегі әдеби ой-пікірлерді  саралап  көрсетеді. Сыншылдық ой-пікірлер, әсіресе «Айқап» журналы мен «Қазақ»  газеттерінде жандана түскендігін көреміз. 1971 жылы жарық көрген «Сын сапар» еңбегінде кейбір олқылықтарын толтырып «Қазақ әдебиеті сынының тарихында» (1994) әдеби пікірлерді талдауға көп  көңіл бөлді. А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ә.Бөкейхановтың, Р.Мәрсековтың т.б. мақалаларының қазақ әдебиет сынының дамуындағы үлесін,  биік белесін айқындап береді. Сондай-ақ бұрындары «жабық» болып келген «Сарыарқа» газеті, «Абай» журналы сияқты басылымдарда шыққан сыни мақалаларға тоқталады.

1917 жылы Қазан төңкерісі қазақ жерінде де көп өзгерістер әкелді. Ұлы дүрбелеңі мол жаңа замандағы жаңа талап та өз дегенін  істей бастады. Қоғамдық өмірдегі бар мәселе таптық тұрғыдан шешілген тұстарда әдебиет майданында  сынға партиялық бағыт басшылық  жасап, әдеби сын компартияның идеологиялық құралына айналып кете барды. Міне осының нәтижесінде көркем әдебиеттің құндылығын тек  партия мүддесіне сай келе ме, жоқ па деген тұрғыда  бағалағандықтан әдеби сында асыра сілтеулер орын алды. Бұл, әсіресе, кеңес өкіметі орныға түскен 1920-30 жылдарда ресмилік сипат алды. Бұл кезде  сын әдебиеттің дамуына пайдасын тигізбек түгілі, кері әсерін тигізді. Бір жағынан жер-жерлерде мектептер ашылып, жоғары оқу орындары,  театрлар т.б. мәдени ошақтары ашылып, елді жаппай сауаттандыру  жүріліп жатса, екінші жағынан, ұлттық сана-сезімінің оянуына құрсау  салынып, халықты идеологиялық «жазалаудан» өткізуді міндет етіп  қойды. Міне, осындай қарама-қайшылығы мол  қилы кезеңде әдеби сынның  жай-күйін сараптауға арналған зерттеуші Тұрсынбек Кәкішевтің «Оңаша отау»  еңбегі 1982 жылы жарық көрді. Бұл еңбек нақты шындықтарды саралап  көрсеткендіктен, заман талабына сай келмей, ұзақ жылдар бойы баспадан шықпады. Автор «идеологиялық талаптарға» сай келмейтін мәселелермен санасуға мәжбүр болды, соның салдарынан кейбір пікірлерін  таптық сипатқа бұрмалады.  Бұл еңбек саясат салқынына ұрынып, бірақ  кемшіліктерге бой алдырғанмен де, 1980 жылдардағы қазақ әдебиеттану  ғылымы үшін 1920-30 жылдардағы әдеби-саяси өмірдің көп шындығын ашып берді. Ал, автор бұл мәселеге  1994 жылы жарық көрген «Қазақ  әдебиет сынының тарихында» қайта оралып, мүлде жаңаша көзқараспен  жазды. Онда алғашқы кітапта айтуға мүмкіндік болмаған қазақ халқының ұлттық мүддесі үшін алысып өткен алашшылдар жайлы шындықтар ашылып, олардың қазақ әдеби сынының тарихындағы сыншылдық ой-пікірлердің маңызды орны, лайықты бағаланды. Аумалы-төкпелі заманда тұсаулы ғұмыр кешкен әдебиет сыншыларының  қызметіндегі артық-кем түсіп жатқан тұстарында жасырмай жайып салды. Әсіресе, ақиық ақын Мағжанның төңірегінде болған әдеби айтыс туралы жолдар көп шындыққа  көз жеткізді. «Кер заманның  кереғар ойлары» кітабының «Дарындар – сын додасында» атты тарауында  қазақ поэзия әлемінің қос жұлдызы Мағжан мен Сәкен тағдырларын  желіге ала отырып, оларға тағылған сындардың сырын ашады. Тұрсынбек Кәкішевтің көптеген  публицистік мақалалары, ірі-ірі  айтулы еңбектері «Санадағы  жаралардан» арылып, арыстарымызды қатарға қосу, кейінгі ұрпақтарға  танытуға арналды. Бұл бағыттағы айтулы еңбектері «Октябрь өркені» (1962), «Дәуір суреттері» (1967), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сын  сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982) сияқты қазақ әдебиет сынының туу және қалыптасу жағдайларына қатысты  қомақтылығымен лайықты бағасын алды.

Сөзімізді түйіндей келе, зерттеуші Тұрсынбек Кәкішевтің бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен ғылым жолындағы қыруар еңбектері арқылы қазақ  әдебиеттану ғылымына сіңірген айрықша еңбегін көреміз. Өзінің осынау баға жетпес еңбектерінің арқасында ғылым жолындағы дара  тұлғалардың бірі болумен қатар, зерттеушінің ұлы азаматтығы, болашақ ұрпақ үшін, тарих үшін «ақтаңдақтар  ақиқатын» ашудағы табанды күрескерлігі, шыншылдығы үшін халқының қалаулы азаматтарының бірі, білім-ғылым жолындағы беделді, биік тұлға ретінде көріне білді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Кәкішев Тұрсынбек Қазақ әдебиеті сынының тарихы. І бөлім. -Алматы: Білім, 2003
  2. Ысмайылов Е. Қазақ әдебиеті. Ойлар. -Алматы: Жазушы, 1968
  3. Кәкішев Тұрсынбек Кер заманның кереғар ойлары. -Алматы: Атамұра, 1995
Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.