Тәттімбет Қазанғапұлы өмірбяны

Главная » Рефераттар » Тәттімбет Қазанғапұлы өмірбяны

Тәттімбет Қазанғапұлы — қазақ күй өнерінде Арқа дәстүрін дамытқан өнер иесі. Оның әсем де көркем шығармалары еліміздің Орталық, Оңтүстік өңірлеріне кеңінен танымал. Тәттімбет Қазанғапұлы 1818 жылы Қарағанды облысы, Егінді бұлақ жерінде жарық дүниеге келген. Шыққан тегі Қаракесек ішіндегі Байбөрі аталығы. Күйшінің әкесі Қазанғап ауыл-аймағына қадірлі адам болған. Бала Тәттімбет домбыра тартуды көкесі Әлиден үйреніп, күйші атанады. Күйлерді орындап қана қоймайды, өз жанынан да шығара бастайды. Зерттеушілердің анықтауынша, ол қазақ өнерінің дара тұлғалары — Біржан, Жанақ, Жаяу Мұса, Кемпірбай, Тоқа, Ықылас, Шашақ, Шөже және Алшынбай, Ерден, Құнанбай, Шыңғыс сияқты ел басыларымен пікірлес болған. II Александр тойына барған. Осыған қарап оның ел басқару ісіне араласқанын да аңғаруға болады. Бірақ Тәттімбет есімін тарихта қалдырған оның күйшілігі. Ең алдымен, Тәттімбет — саусақтарынан бал тамған шебер орындаушы, заманының ой-арманы мен мұң-мұқтажын дөп басып, күйлеріне арқау ете білген ірі суреткер-композитор. Қазақтың қара домбырасына оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, тел бұрау секілді ұғымдарды енгізген де Тәттімбет.

tattimbet.kazortaТәттімбет шығармаларын алғаш нотаға түсірген А.В.Затаевич болды. Ол халық композиторының «Былқылдақ», «Қосбасар» атты күйлерін «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән-күйі» музыкалық-этнографиялық жинақтарына енгізді. Тәттімбет- қазақ күй өнеріне зор жаңалық енгізген орындаушы. Оның күй тарту мектебі қалыптасып, Ақмолда, Әбді, Баубек, Дайрабай, Итаяқ, Мақаш, Саймақ, Тоқа сияқты ізбасарлары болған. Олардың шығармалары мен орындау ерекшеліктері Тәттімбет мектебі аясында көрінеді. Тәттімбет дәстүрін дамытушылардың көрнектісі — Тоқа Шоңманұлы. Тәттімбет күйлері сияқты оның да «Саржайлау», «Қосбасар» деген шығармалары бар. Бұл дәстүрлерді біздің заманымызға Әбікен Хасенов, Аққыз Ахметова, әсіресе Мағауия Хамзиндер жеткізген. Ә.Хасенов жеткізген «Қосбасар» күйінің екі варианты бар: бірі Тәттімбет, екіншісі Тоқа есімімен аталады. Тәттімбет — шертпе күй дәстүрінің нөгізін қалаған домбырашы. Қазақ халқының аспаптық музыкасында шертпе күйлер ете көп және езіндік мектеп құрайды. Олар сонау Тарбағатай, Ұлытау, Шыңғыс тауынан Жетісу, Қаратау бойына дейінгі елге жақсы танымал. Шертпе күй мектебі тұсында Арқадағы күй дәстүрін еске аламыз. Терең философиялық ой-толғам құрылған шертпе күйлердің көркем үлгілерін Тәттімбет шығармаларынан табамыз. Тәттімбет домбыраның екі ішегіне жан бітіріп, тыңдаушысының жан-сезіміне әсер ететін көркем туындылар берген. Жүрек тырнайтын күй сарындары бірде тағдыр тауқыметі, бірде сұлулыққа іңкәрлік, бірде толғау үлгісінде дамып отырады. Музыкалық интонациясы да тосын, жаңа. Оның күйлерінен жылдам, жұлқып тартуды, құйқылжыған сарындарды кездестіру қиын. Тәттімбет күйлерінің тақырыптары сан түрлі болып келеді. «Алшағыр», «Бозайғыр», «Бозторғай», «Былқылдақ», «Ерке атан», «Керкиік», «Қаражорға», «Салқоңыр», «Сары өзен», «Сары қамыс» күйлері бірде табиғат құбылыстарын, жан-жануарлар әлемін, енді бірде табиғат сұлулығын бейнелейді. Сонымер қатар Тәттімбеттің «Азамат қожа», «Бес төре», «Қашқан қалмақ», «Ноғай — қазақ» атты тарихи күйлері де белгілі. Тәттімбет күйлеріне терең ойлы толғаныс, тебіренген сезім, сырлы мұң, сезім қылын шертетін әсем музыкалық әуен тән. Қос ішектен жүректі тырнай шыққан әуен жоғары өрлеген сайын ширығып, тыңдаушысын терең ойға жетелейді. Олар бірде нәзік лирика, бірде философиялық ой-толғау болып келеді. Мұның алғашқысына «Жетім қыз», «Көш жанаған», «Сылқылдақ» соңғысына «Азына», «Көкейкесті», «Қосбасар», «Саржайлау», «Терісқақпай» күйлерін жатқызуға болады. «Қосбасар» — адамның жан-сезімін тербейтін күй-толғау. Мұндай күйлер шертпе күй дәстүрінде аз емес. Олар «Қосбасар» аталса да әрбірінің көркемдік әлемі, ырғағы өзінше. Күйлердің орындалу тәсілі де бөлек болып отырады. Қазанғап шығармашылығындағы «Ақжелең» сияқты «Қосбасар» деген атаумен күй шығару Тәттімбеттен басталады. Бұл дәстүр одан бергі жерде де жалғасып тауып отырған. Белгілі домбырашылар Мағауия Хамзин мен Төлеген Момбеков шығарған «Қосбасар» күйлері соның айғағы.

.

Тәттімбет күйі — Саржайлау (онлайн тыңдау немесе жүктеп алу)

.

 

.

Төкпе күй дәстүрімен салыстырғанда шертпе күйлердің өзіндік орындалу ерекшеліктері де байқалады. Бұл күйлер баяу орындауды, домбыраның қос ішегін кезек-кезек басып, дыбысын құлпырта шығарып, тыңдаушысымен әңгімелесіп отырғандай әсер қалдырады. Осы тұрғыдан келгенде Тәттімбет күйлері шертпе күйдің үлкен мектебі болып табылады. Тәттімбет күйлері сыңар ішекте орындалады. Музыкалық әуені бір ішектен екінші ішекке өтіп дамиды. Тағы бір ерекшелігі — күйлердің оң және теріс бұрауда қатар кезігуі. Айталық, «Көкейкесті», «Қосбасар», «Саржайлау», «Сылқылдақ» күйлері оң бұрауда, «Азамат», «Алшағыр», «Бестөре» күйлері теріс бұрауда орындалады. «Сылқылдақ» күйінің құрылымы ерекше. Алғашқы бөлімі — шалқыған лирикалық сарынға құрылған. Екінші бөлімде күйдің негізгі сарыны сыңар ішекке ауысып, одан әрі ербиді. Үшінші бөлімде домбыраның сағасы толық қамтылады. Ал төртінші бөлімінде күй көркем әуенін шалқыта отырып аякталады. Мұнда шертпе күйге тән қос ішекті кезек қағып орындаудың көркем үлгісі көрініс тапқан. Орындау жағынан күрделі күйлердің бірі — «Көкейкесті». Ондағы әсем музыкалық ырғақ, баяу, бірте-бірте дамитын музыкалық сарын тыңдаушысын ғажайып сезімге табындырады. Мұны композитордың «Былқылдақ», «Қосбасар», «Саржайлау» күйлерінен анық сеземіз. Оларға тән қоңыр үн, әсем ырғақ пен көркем музыкалық интонация Тәттімбет шығармаларының стильдік ерекшеліктерін құрайды. Қазақстанның орталық аймақтарына есімі танымал Тәттімбет шығармашылығы — қазақ күй өнерінің ғажап бір тармағы. Композитор 1862 жылы, небәрі 47 жасында қайтыс болса да, оның артында қалған шығармалары әлі күнге орындалып, тыңдаушыларын терең сезімге табындырып келеді. Тәттімбет күйлеріне тән Арқа дәстүрін көптеген кәсіби композиторлар өз шығармаларына арқау еткен. Бұл реттен Е.Брусиловский, А.Жұбанов, М.Төлебаев, Л.Хамиди т.б. комлозиторлардың есімдерін атауға болады. Қарағанды қаласындағы музыка колледжі Тәттімбет есімімен аталып келеді. Тәттімбет күйлері — қазақ халқының аспаптық музыкасындағы ерекше құбылыс. Оның шығармаларынан көркемдік әлемінің жаңа қырлары ашылып, домбыра аспабының жаңа мүмкіндіктері керініс тапты. Шертіп тарту өнері шын мәніндегі үлкен мектепке айналды. Композитордың ізін қуған шертпе күй шеберлерінің туындылары соның айғағы.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.