Таңжарық Жолдыұлы

Главная » Рефераттар » Таңжарық Жолдыұлы

Таңжарық Жолдыұлы (1903–1947) – Қытайдағы қазақ поэзиясында ақындық табиғаты жақтан да, шығармашылық шеберлігі жақтан да дара тұратын, қарымы қайтпас, арыны күшті, суырыпсалма, табиғи төкпе ақын. Бұл ерекшелік Таңжарық поэзиясының төкпелігінен, ақынның өлеңді тосыннан құрастыратын шеберлігінен, айтыстағы бәйгені бермейтін дүлдүлдігінен айқындалады. Оның шығармаларында қазақ поэзиясының өлең, толғау, арнау, баллада, терме, жұмбақ, жоқтау, көрісу, қоштасу, сатирадан бастап, қисса, дастан, айтысқа дейінгі түрлерінің бәрі де бар. Ол өзінің осындай мол түрге ие шығармалары арқылы сахарада өмір сүріп отырған мешеу халықтың рухани дүниесіне сілкініс тудырды. Халықтың жүрек түкпірінен өшпестей орын алған, біртуар, ардагер ақыны екендігін әйгілеп өтті. Сондықтан да таңжарықтанушы Оразанбай Егеубаев: “Таңжарық – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген қазақ әдебиетінің классигі, оның шығармалары – қазақ әдебиетінің классикалық туындылары” [1,73 б.], – деп заңды қорытынды жасайды . Таңжарық шығармашылығының ішінде айтыс өлеңдерінің орны өзгеше. Ол өзінің суырыпсалма айтыскерлігімен де ақындық болмысын бір қырынан танытты. Таңжарықтың ақындық атағының әйгілі болуында тұтас шығармаларының рөл атқарғандығы даусыз. Әйтсе де оның ақындық өнерін ең алдымен елге танытып, даңқын асырған айтыс өлеңдері болып есептеледі. Өзге шығармалары секілді айтыстары да ру шеңберінде, туған аймағында қалмады. Мемлекет шекарасымен шектелмеді. Қытай қазақтарынан басқа, Қазақстан, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Германия қатарлы елдерде қоныстанған тұтас қазақ қауымына кең жайылды. Исі қазақ баласына ақынның аты мен таланты әйгілі болды [2, 92 б.]. Таңжарықтың айтыс өнеріне бой ұруына себеп болған нәрсе екеу: бірі, құдайдың оған сыйлаған таза дарыны болса, енді бірі, болашақ ақын сонау бала күнінен ауыл арасындағы салттық айтыстарға қызба жігермен қызыға араласып, сол дарынды шыңдай, ұшқырлай түсуі болды. Ақын өзінің айтысқа араласу тарихы туралы: “Сөйледім он екімнен бері қарай”,– деп анықтама жазып кетсе, “Таңжарық топты көрсе, елең қағып, айғайға бір қосылмай қалған емес”,– деп айтыс иіріміне қаршадайынан құмарта құлаш ұрып, жанын сала берілуін тамсана жырға қосты. Осылайша айтыс десе, елең қағып, делебесі қозып тұратын ұшқыр талант иесі, сері көңіл, сезімтал ақын ел-жұртына айтыс жанрынан да шұрайлы мұралар қалдырды, өнегесі өшпес үлгілер орнатты. Өкінерлігі, ақынның жас кезіндегі айтыстарының толық мәтіні ұмыт болып, ел арасында қызғылықты аңыздары мен жекелеген шумақтары ғана сақталған. Тек ересек кездеріндегі алты айтысы бүгінімізге жалғасып, баспасөзде жарық көрді. Олар: “Таңжарықтың Ұлжалғаспен айтысы” (“Шоқпар қатынмен айтысы” деп те айтылады), “Таңжарық пен Қойдымның айтысы”, “Таңжарықтың Баймұқаметпен айтысы”, “Таңжарық пен Әлекеннің әзіл айтысы”, “Таңжарық пен Нұриланың айтысы”, “Тұрды мен Әлекеннің айтысы” (Таңжарық жазған). Таңжарықтың осы айтыстарында сол дәуірге тән халықтың қоғамдық тіршілігі, заттық және рухани өмірі, саяси хал-жағдайы, әдет-салттары, тыныс-тірлігі, күйініші мен сүйініші, алыс-жұлыс, тартыс қайшылықтар бейнесі, әріптестерінің эстетикалық талғамы, пайым-парасаты, ұғым- түсініктері, білім өресі айқын бедерленеді. Сонымен бірге ақынның айтыс мәдениетіне деген көзқарасы айқын көрініп тұрады. Ол айтысты әлеуметтік мәні бар рухани күш, танымдық, тағылымдық рөлі зор жанр деп есептеген. Сондықтан да бұл айтыстар жай айтыстар қатарында қалмай, мазмұндық жақтан да, көркемдік жақтан да өресі жоғары, ірі ақындар айтысы, айтыстың ең дамыған түрі қатарынан орын алды. Бұлай болуындағы тағы бір себеп: Таңжарық ержеткен кезінде кез келген ақындармен айтыса бермеген. Шешендігімен, тапқырлығымен, суырыпсалма төкпелілігімен руынан, аймағынан ақындарды қырқай жеңіп дес бермей жүрген, ел-жұртқа аты шулы ақындарды арнаулы іздеп барып айтысқа түскен.

.

Таңжарық өзінің ақындығына сеніп, айтысуды әдейі қолқалап, іздеп келген дәупері ақындармен де айтысқа түскен. Таңжарықтың Баймұқаметпен жазбаша айтысы, міне, осындай жағдайда туылған. “Тұрды мен Әлекеннің айтысын” ақын үшінші жақ адам орнында жазып, елге таратқан. Ал “Таңжарық пен Әлекеннің қарғыс айтысы” Таңжарықтың қалжыңшыл, өлеңшіл достарының жайлау үстіндегі бір реткі бас қосуында 1921 жылы болған. Бұл айтыс қазақтың айтыс түрлерінің бір шумақтан ғана қару қайтарысатын “түре айтыс” үлгісінде орындалған. Екеуінің мініс аты, ер-тұрманы, қатын-баласы, иті, үйі қатарлылар қарғалады.

Таңжарық ақын Баймұқаметпен жазбаша айтысынан басқа айтыстарын түгел дерлік айтыс болғанына белгілі уақыт, тіпті бірнеше жыл өткен соң, есіне алып оны қайта жазып шыққан. Бұл жөнінде: “Осылай өткен бір іс басымыздан, Таңжарық қайта ойланып жазып шықты” (Нұриламен айтысынан), “Түгелдеп бұл сөзімді жаза алмадым, әйтеуір ойда қалған әр тармағы” (Қойдыммен айтысынан) деген ескертпелер жазып қалдырған. Мұнда Таңжарық Қазақстандағы Қарқара жерінде 1925 жылы болған Қойдыммен айтысын Қытай жеріне қайтып барған соң, алты жылды өткеріп тастап, 1931 жылы күзде қайта қағаз бетіне түсірген. Ал 1939 жылы Қытайдағы Таңжарықтың ауылы Күнестің Адуынгер жайлауында, Қоқымша деген кісінің аулында болып өткен Ұлжалғаспен айтысын жеті жыл өткен соң, 1939 жылы қайта жазып ел ішіне таратқан [2,88 б.]. Таңжарық бұл айтыстарды жазған кезінде, қазақтың өнегелі айтыстары – “Біржан–Сара” мен “Әсет–Ырысжан” айтысының жазылу үлгісінен өнеге алған. Әріптестердің өлеңі басталардан бұрын айтыс болған ортаның мән-жайына, айтыстың қай жерде, қай кезде, не байланыспен болғанына, ақын сол әріптесіне қалайдан-қалай, не күйде жолыққанына, қасында кімдер барлығына, жиын-тойға жиналған қалың қауымнан сырт, оған әйгілі адамдардан тағы кімдер қатынасқанына, әріптесінің түр-тұлғасы, көңіл-күйіне дейін шабытты өлеңмен желдірте шолу жасалып, одан соң барып айтыстың нақ өзіне түседі. Айтыс барысында сезілген қыбыр-қимыл, үлкенді-кішілі істерге де өлеңмен шағын-шағын ескертпелер беріп отырады. Осылай болғандықтан ақынның қайта жазған бұл айтыстарын оқығанда, тыңдағанда оқырман мен тыңдарман әріптестердің өнер сынасқан жауаптасуларынан сырт, ондағы айтыс майданы, жалпы ауқыммен жете танысып, сахнадан тартысы күрделі театр, көркем фильм көріп отырғандай немесе қызғылықты дастан оқылып жатқандай сезімге кенеліп, мол ләззат алады. Таңжарық айтыстарында ежелгі айтыс дәстүрлі бойынша ақындар ә дегенде-ақ бас мінеседі. Әр екі жақ өздерін мақтап, қарсы жағын даттайды. Мақтау мен даттау – айтысушы екі жақтың өлеңдік өнері, ақындық қарымы, жынысы, дене-тұрқы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, айтыс үстіндегі мимикасы т.с.с. туралы болады. Бірінен-бірі мін іздеп, ақау тауып, ә дегенде-ақ жүрегін алып, жасқандырып тастауға қарманады. Таңжарық айтыстарында осындай өзін мақтау, қарсы жағының мінін бетке басу болса да, оған бола ақындардың сағы сынып, десі қайтпайды. Айтыстардың өн бойынан “ер болсын дұшпаның да деген заман” делініп, әріптестердің мән-жайы, портреті, ақындық өнері мадақталып, көрнектілендіріліп оған шабыт, қайрат беріліп отыратын тұстар да молдап кездеседі.

.
.

Таңжарық айтыстары ежелгі айтыс дәстүрінің тар шеңберін бұзды, одан аттап өте алды. Жай бас мінесу немесе ел мінесумен ғана шектеліп қалмады. Әлеуметтік мәні зор қоғамдық ой-пікірді пайымдай алды. Сол тұста сақталып отырған әділетсіздікті, сұрқиялықты, қанауды, теңсіздікті, мешеулікті әшкерелеп, өркениеттілікке, алғабасарлыққа атойлаған жаршы, халықтың заттық және рухани мәдениетіндегі аянышты хал-жайларына жанашыр жоқшы болды. Таңжарықтың айтыстары тақырып, қоғамдық ой-толғамы жағындағы биіктілігімен ғана тынбайды. Қисынды ойларды табан астында табатын ұшқырлық пен шешендік үнемі көрініп отырады. Таңжарық ақын айтыстарды қайта жазғанда өзімшілдікке, өз басын ғана өлеңші етіп көрсетуге бой ұрмаған. Әріптестердің бәріне де өзін басып түсердей сөз берген. Қарсыластар қатар жүйрік болғандықтан да айтыстар өрелі болған. Айтысушы екі жақтың жауаптасуларында жүйелілік, мергендік, тапқырлық, шешендік, шымырлылық, логикалылық, сұлулық бар. Тіл тұнықтығы, сөз байлығы төтенше айшықты, қанатты, әдемі сөз тіркестері молынан кездесіп отырады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.