Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылығы

Главная » Рефераттар » Тайыр Жароковтың өмірі мен шығармашылығы

Жароков Тайыр 1908 жылы 26 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарайтын Жетібай ауылында, Нарын құмының етегіндегі Темірбек деген жерде дүниге келген. 1920-1923 жылдары өз ауылындағы орысша-қазақша мектепте оқып, соның үш класын бітіреді. 1923–1927 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақтың Халық ағарту институтында (Кино) оқиды. 1928 жылдың күзінде Алматы қаласындағы Қазақ педагогика институтына оқуға түсіп, 1931 жылы соның тіл-әдебиет факультетін бітіріп шығады. 1932-1933 жылдары Қазақстан Жазушылары ұйымдастыру комитетінің хатшысы, Қазақ мемлекет баспасының көркем әдебиет бөлімінде редактор болып істейді. 1934-1936 жылдары Леиинград қаласындағы тарих, философия және тіл-әдебиет институтының аспирантурасында оқиды. 1936-1938 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторының орынбасары болған. 1938 жылдан 1942 жылдың сәуіріне дейін Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болып істеген. 1942 жылы Совет Армиясы қатарына шақырылып, содан 1945 жылдың аяғына дейін әскери қызметте болады. 1946–1965 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасында әртүрлі жауапты қызметтер атқарған.

Тайыр Жароковтың көп жылдарғы жемісті әдеби еңбегін мемлекет жоғары бағалап, бірнеше орден, медальдармен марапаттады. Қайтыс болғаннан кейін, ақын есімін мәңгі есте қалдыру туралы үкімет қаулысы шығып, бірнеше елді мекенге, мектептерге, Алматы қаласындағы ең үлкен көшеге ақын есімі берілді. 1972-1975 жылдары «Жазушы» баспасы ақынның төрт томдық таңдамалы шығармаларын жарыққа шығарды.

Тайыр Жароковтың шығармалары орыс және ТМД халықтары (өзбек, тәжік) сондай-ақ, ағылшын, неміс, поляк тілдеріне аударылып, шет елдерде де кең тараған.

.

Тайыр Жароковтың шығармалары туралы жазылған ғылыми еңбектер де аз емес. Оның шығармашылық жолы жайлы «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (Алматы, 1949), «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (Алматы, 1958), «Очерк истории казахской советекои литературы» (Алма-Ата, 1958), «Очерк истории казахской советской литературы» (Москва, 1960), «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» (Алматы, 1967), «Казахская советская литература» (Алма-Ата, 1971) сияқты ұжымдық зерттеулерде арнаулы тараулар берілген.

М. Қаратаев, Т. Нұртазин, С.Қирабаевтар жазған «Қазақ совет әдебиеті» (Алматы, 1971) атты жоғарғы мектепке арналған оқулыққа кірген. С.Сеитов «Ақын сапары» (Алматы, 1958) атты шығармашылық очерк жазған.

Тайыр Жароков әдебиетке өткен ғасырдың 20 жылдарының аяғында, 30 жылдарының басында келді. Алғашқы «Күлімдеді күміс күн де» атты өлеңі 1927 жылғы «Ақындар шашуы» атты жинақта (құрастырған Сәбит Мұқанов) жарияланған. 1928 жылы «Жаңа әдебиет» (Қазіргі «Жұлдыз») журналының бірінші санында «Аэроплан» атты өлеңі жарық көреді. 30-жылдардың басында алғашқы кітаптары шықты: «Жұлдыз жарығы» өлеңдер жинағы, (1932) «Коммунизм таңында» Поэма, (1933) «Нефтьстан» Поэма, (1933) «Мотор жыры» өлеңдер жинағы, (1934) «Өмір сөйлейді» өлеңдер жинағы, (1934) «Күн тіл қатты» Поэма, (1934) «Мұз тұтқыны» Поэма, (1935). Осылай баспа бетінде жиі көрінген ол, ақын ретінде жұртшылыққа кеңінен танылды. Анығына келсек, идеялық-көркемдік тұрғыдан ақынның ол тұстағы көпшілік шығармалары оқырманның эстетикалық биік талғамын өтей алған жоқ. Ақын туындыларының ішінен көпшіліктің жақсы қабылдаған шығармалары –«Бес жылдықтың балғасы» (1931), «Миллион толқын» (1931-1936) еді. Көркемдік дәрежесі биік бұл өлеңдер сол жылдарға қазақ поэзиясының елеулі жетістіктері қатарынан орын алды. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші ғалымдар Тайыр Жароковтің бұл өлеңдерін жоғары бағалады.

Тайыр Жароков–диапазоны (ауқымы) кең ақын. Ол туған елі – Қазақстанмен қатар, сол тұстағы бүкіл Кеңестер одағын мекендеген көптеген ұлттардың жарқын өміріне жақсы өлеңдерін арнады. «Кавказға саяхат», «Дон», «Украина», «Баку», «Мақашқала»,«Грузин қызы», «Кавказ шыңы» т.б. өлеңдерінде орыс, украин, грузин, әзірбайжан т.б. елдердің ұл, қыздарының биік тұлғасын, сұлу келбетін тануға ұмтылды. Мұндай өлеңдерден кеңес жерін мекендеген туысқан халықтардың тұрмысы туралы ақынның терең ой-сезімдерінің шын шабыты қанат қаққанын көреміз.

Тайыр Жароков – шын мәніндегі патриот ақын. 1941–1945 жылдары ол өзінің қара басының жеке өмірімен де, жүрегінен жарып шыққан буырқанған отты, жігерлі өлеңдерімен де Отан сүйгіштігін көрсетті, перзенттік сезімін жырлады. Ел басына күн туып, соғыс өрті бұрқ ете қалған алғашқы мезгілде-ақ,ол майданға аттануға бірден тілек білдірді. Әскерге алынды да, кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен, Қазақстан республикалық әскери коммисариатының бұйрығымен майданнан елге оралып, Алматы облысы, Қаскелең аудандық әскери комиссары болып істеді.

Елге оралған Тайыр Жароков те Ж.Жабаев, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Орманов сияқты ақындармен бірге өзінің жауынгер жырларымен жауды талқандау ісіне көркемдік үлес қосты. Соғыс жылдарындағы ақын өлеңдерінің бәрі де халықты жауынгерлік рухта тәрбиелеуге бағытталды. Ақын өлеңдері бастан-аяқ кеңес халқының басқыншы фашистерді талқандап жеңетін биік сеніміне толы болды. Онда фашизмнің зұлымдық, опасыздық әрекеттері әшкерленді.

Шаптың ба бізге атылып,

Күннің көзін қара бұлт

Жаба алмайды, қылма, үміт,

Сен шөкім бұлт, біз – күнбіз,

Құр үмітті тез ұмыт! –деген жолдардағы туған елін, халқын күнге, басқыншы дұшпанды қауқарсыз шөкім бұлтқа теңеу өлеңнің бейнелік бітімін биіктетіп тұрғанын көреміз.Ақын өлеңдерінде жаумен майданда ерен ерлік көрсеткен жауынгер тұлғасын бейнелеудің тың  құралдарын да таба білді. Мысалы: «Киемін сұр шинельді» өлеңіндегі Марат, «Ол туғанда» өлеңіндегі Таймас т.б. «Зоя туралы жыр» атты белгілі поэмасында фашистерге қырғидай тиген батыр қыз Зояның әдеби тұласын сомдады.

Достыққа құштарлық–жеке адам бойындағы да,тұтас ел, ұлт, халық
бойындағы да асыл қасиеттердің бірі дейтін болсақ, достық туралы
Тайыр Жароков қаламынан шыққан жақсы өлеңдер өте көп. Бұл ретте
оның қазақтардың украин («Днепр дәптерінен», «Тарас Маңғыстауда»),

грузин («Грузин қызы», «Грузия»), өзбек («Дутар мен домбыра», «Хош келіпсіз»), башқұрт («Ақ Еділ», «Ақманай», «Түймазы»), қарақалпақ («Қыз кет-кен»), қырғыз («Жыр сапары», «Қырғыз– менің өз елім», «Қос алмадай», т.б.) халықтармен жарастықты жарқын достығына арналған өлең-жырларын бөліп атау орынды. Ақын аталған халықтардың жақсы қасиеттерін биік шабытпен толғай отырып, олармен өз халқының достығына үлкен мақтаныш сезіммен қарайды. Мәселен, украин туралы жырларында украин халқының даңқты перзснттері Богдан Хмельницкийді, Тарас Шевченконы өз халқының туған перзенттеріндей шын пейілмен сүйген ақынның сезімін танымау мүмкін емес.

.

Қазақ поэзиясында табиғат туралы көп өлең жазған ақындардың бірі-Тайыр Жароков. Ол әдебиетке келген алғашқы жылдардан бастап өмірінің соңына дейін айналадағы табиғат көріністерін үздіксіз жырлап өткен ақын. Түн («Қырмандағы түн», «Нарын түні», «Алматы түні»), таң («Таң шапағы»), күн («Күн шықты»), тау («Қордай тауы туралы аңыз», «Қалба құзы», «Кавказға саяхат», «Тау қызы», «Қақса бұлбұл таңдайын», «Ақын көзі қадалса», «Ұйқыдағы тау», «Кавказ жырлары»), теңіз («Қара теңіз», «Каспий»), өзен («Дон», «Днепр», «Орыстың ұлы өзені», «Қусақ өзенінде»), көл («Есік көл») туралы ақынның өлеңдері қазақтың табиғат лирикасының көркемдік жетістіктерінің қатарына қосылады.

Т.Жароков табиғат суреттерін беруде едәуір шеберлік танытты. «Кас-пии» атты өлеңінде ақын теңіздің буырқанған келбетін оқырманның көз алдына алып келеді. Түн мезгіліндегі асқар таудың ұйықтап жатқан қас батырдың айбынды келбетіндегі жанды бейнесі ой-сезімге әсер етіп, оқырман қиялына қанат бітіреді.

Жылдың төрт мезгіліне арнап өлең жазу дәстүрін қазақ поэзиясында Абай Құнанбаевтың қалыптастырғаны баршаға аян. Табиғаттың айтулы кезеңдерін бейнелеудегі ұлы Абай дәстүрі кейін қазақ поэзиясында үзілмей, жалғаса түсті. Жалғасқанда қайталау емес, қайта жаңара, құлпыра, байи түсу бағытындағы дәстүр жалғастығы болды. Тайыр Жароков осы дәстүрді сәтті жалғастырушылардың қатарында болды.Ол жыл мезгілдеріне арнап бірнеше өлең жазды («Көктем», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Күз көрінісі», «Қаңтар», «Тұңғыш жаз», «Қысқы ымыртта», «Суретші күз», «Ақ кіреуке орнатып», «Қыр бораны», «Шаруа күз», «Себеле, себеле!», «Қанатты керуен», «Көктемгі найзағай»,т.б.).Оларда ақын өзіне дейінгі поэзияда бар ескі сүрлеуден шығып, табиғатты суреттеуде жаңа өрнектер, тың бояулар да таба білді.Мысалы, қыс туралы өлеңіндегі:

Қаңтардың айы сұлу, аспаны ашық,

Айнадай айналамды ақ қар басып,

Жондарды жарқыратып алыпты орап,

Қойғандай құмшекерді жерге шашып.

Не деген тамаша еді қаңтар айы,

Жұтқанда таза ауаны қан тарайды.

Қарасаң күнге шыңы шағылысқан

Күміске жалатқандай тау торабы –

деген шумақтардағы жердегі қарды құмшекерге балау, яки ақ қарға оранған тау кейпін күміске жалатқан бейнеде алуы– ақынның өзіндік тың сөз қолданыстары. Алматы қысын суреттеген  бір өлеңінде, Алматы қысының еліміздің өңге өлкелеріндегі қысқа ұқсамайтын, өзіндік ерекше бейнесін дәл суреттейді.Сондай-ақ,«Қыр қысы» атты өлеңінде де тың көркемдік бояулар кездеседі.Қазақ даласындағы ақ қарды таудай болып үйілген ақ мақтаға теңеу, сол тау болып үйілген қарды айға ұшқан кеңестік ракетаның бұлттан саумалап жолдаған сәлемі ретінде тану да ақын тапқан поэтикалық тың бояулар.

Тайыр Жароков кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің поэма жанарның өркендеуіне елеулі үлес қосқан эпик ақындардың қатарында болды. Ол жиырмаға жуық поэма жазды. Отызыншы жылдардағы «Күн тіл қатты», «Тасқын», «Нарын» сияқты поэмаларымен ол жұртшылық назарын аудара білді.

Ақынның алғашқы поэмалары ішінде ерекше көзге түскені– «Күн тіл қатты» (1934) атты поэмасы. Стратостатпен 22 мың метр биіктікке ұшып, сол жылдары дүниежүзілік бірінші рекорд жасаған ұшқыштар Федосенко, Васенко, Усыскиндердің батырлық ісі «Күн тіл қатты» поэмасының сюжеттік арқауы болды. Поэмада автор тарихи болған уақиғаны суреттей отырып, өз замандастарының ерлік бейнесін беруді мақсат еткен.

«Күн тіл қаттымен» тақырыптас, үндес шығармалар сол тұста басқа халықтар әдебиеттерінде де жазылды. Татар ақьны Әхмәт Файзи осы тарихи оқиғаға арнап «Үш өмір»(1934) атты баллада жазған. Ерлікті жырлауда екі елдің екі ақыны идеялас, мазмұны үндес шығарма жаза отырып, көркемдік шешімге келгенде дараланып шығады. Әхмәт Файзи шығармасын негізінен лирикалық жоспарда жазса, Тайыр Жароков поэмасы кең көлемде эпикалық сипатта жазылған. Ортақ оқиғаны, ортақ кейіпкерлерді әр түрлі көркемдік үлгіде суреттесе де, екі ақын өз замандастарының ерлігі мәңгілік екенін айтуда бір арнадан табылды.

«Күн тіл қатты» поэмасында Тайыр Жароков ұшқыштардың тарихи ерліктерін жинақтай суреттеу арқылы өз замандастарының ерлік бейнесін көзге елестетеді. Ақын ұшқыштардың ерлік тұлғасын көрсетуде екі жолды таңдаған. Біріншіден, ақын кейіпкерлердің ерлік бітімін олардың іс-әрекетін баяндау, мінездеу арқылы көрсетеді.

Поэмада көтеріңкі пафоспен берілген осы мінездемеден поэма кейіпкерлерінің ерекше бітімі, батырлық тұлғасы көрініп тұр.Ақынның шабытты жыр жолдарын оқып, шалқыған сезім тебіреністеріне ортақтаса отырып, «аспандағы жұлдыздан асқан, қарулы, жалынды қырандай» ұшқыштардың өр бітіміне кім-кім де сүйсінеді. Екіншіден, ақын ұшқыштардың ерлік бейнесін олардың асқақ, өр, қайратты сөздері (күнмен диалог, монолог) арқылы айқындай түседі.

Желектей желпіп желіңді,

Желқомдай жырттым жеріңді.

Түбіттей түтіп бұлтыңды,

Таспадай тілдім толқынды,

Бағынбай кеннен не қалды?

Қарыңды қағып су қылдым,

Суыңды сілкіп бу қылдым,

Түніңнен таң атқыздым

Жеріме жұлдыз жаққыздым,

Электрден шам жанды!

.

Поэма кейіпкерлерінің  сөздері оның бүкіл ерлік бітімін, өр тұлғасын, жеңімпаздығын айқын танытып тұр.Адам бейнесін танытуға қажет монологті(кейіпкер сөзін)орынды пайдалану ақынның тапқырлығын аша түседі.

«Күн тіл қатты» поэмасында ақын өмір шындығын негізге ала отырып әсірелеуге, романтикаға көбірек барады.Ұшқыштардың күнмен тіл-дескендегі өршіл, асқақ сөздері романтикаға толы.Ұшқыштардың ерлік істері мен қаһармандық сөздерін асау табиғаттың өзі де мойындап, «мен жеңілдім, сен жеңдің» деп ұшқыштарға бас иеді. Шын өмірде де, поэмада да батыр ұшқыштар ерліктің шыңына еркін шығып, сол батырлық жолында қаза табады. Ақын ерлік қазаны жасырмай, қайғылы қазаға қабырғасы қайыса отырып, ерлердің ісі өлмей, адамзат тарихында мәңгі жасайтынын оптимистік жігермен суреттейді. Ақын поэма соңын ұтымды аяқтаған.

Тайыр Жароков шығармашылығына арналған зерттеуінде Қ.Жұмалиев поэмадағы өмір шындығы әрі реалистік бояумен, әрі романтикалық пафоспен шынайы бейнеленгенін айта келіп, композициялық ерекшелігін де дәл тұжырымдады. «Оқиғасы, оны суреттеу әдісі де дамытуға градацияға (дамыту) құрылған. Осы әдісті автор поэманың ұзына бойына сақтайды. Бұл –  ақынның таланттылығын сынайтын әдіс. Дамыту көбіне қызу қимылдың бір кезеңін суреттеуге қолданылады. Алдыңғыдан соңғы қимылдың асып түсуін көрсету үшін пайдаланылады»– деген топшылаулар поэманың композициялық ерекшелігін дұрыс ашуға негізделген.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.