Тарихи география және оның маңызы

Главная » Рефераттар » Тарихи география және оның маңызы

Қазіргі таңда еліміздегі тарих ғылымы методологиялық және теориялық тұрғыда түбегейлі өзгерістер алдында тұрғаны баршаға мәлім. Осы мақсатта тарих ғылымын зерттеуде түрлі методологиялық әдіс-тәсілдерді дамыту мен жаңа жолдарын қарастыру қолға алынып жатыр. Соның барлығы да ұлттық тарихымызды дұрыс зерттеп-зерделеп, тарихи ақтаңдақтарды ашу арқылы, келешек ұрпаққа аманат етіп жеткізу. ХХІ ғасыр ақпараттар ағымы ғасыры. Осы ақпараттар ағымына толған жаһандану заманында тарихи жадыны сақтап қалу – өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы екендігі белгілі.

Тарихты зерттеудің түрлі жолдарының бірі пәнаралық байланыстарды қолдану болып табылады. Осы тұрғыда көрнекті француз тарихшысы Люсьен Февр (1878-1956) өзінің «Бои за историю» атты еңбегінде тарихи деректер қорын тек қана жазба деректермен шектеуге үзілді-кесілді қарсы шығып, тарих ғылымындағы дәстүршілер (традиционалистер) бағыты адамзат тарихының ежелгі дәуір кезеңін тарихи жазба деректердің жоқтығын желеу етіп зерттеу жүргізуге құлықсыздығын орынды сынаған еді. Ол ежелгі дәуір кезеңі мәселелерін зерттеу жолдарының бірден-бір шешімі ретінде ғылымдар тоғысындағы, яғни пәнаралық зерттеу әдістеріне сүйене отырып зерттеу жүргізудің (междисциплинарный подход) ғылыми маңыздылығын ерекше атап көрсеткен болатын. Осынау мәселе бойынша айтылған өзінің көзқарасын негіздей келе: «…ең бастысы деректерді көшіріп жазуда емес, бірін-бірі толықтыратын әрі өзара тоғысатын ғылым салалары арқылы өткенді қалпына келтіру қажет… Тарихшының міндеті осы ғылым салаларының зерттеу нәтижелерін қолдау, одан әрі дамыту және бекіту болмақ» деген еді. Сол себепті қазіргі таңдағы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде тарих ғылымының да дамуындағы ең бастысы пәнаралық зерттеу әдістерін мейлінше кеңінен қолдану болып табылады [1].

Тарих ғылымымен тоғысатын ғылым салаларының өзара тығыз байланысы және соған сәйкес методологиялық негізінің жаңаруы пәнаралық байланыстың тиімділігін айқын көрсетеді. Әсіресе, өзара тоғысатын ғылымдардағы теориялық-методологиялық тұжырымдамалардың, зерттеу әдістерінің, ақпараттық деректердің ғылыми танымның ортақ жүйесін қалыптастыру қызметіндегі өзара байланыстың маңызы ерекше. Мәселен, тарих ғылымы мен география өте тығыз байланысты дамитыны аян. Ал қоғамның дамуын қоршаған орта мәліметтері негізінде ашу арқылы біз белгілі бір тарихи кезеңнің өзіндік белгілерін ғана емес, сонымен бірге табиғи-климаттық жағдайлардың мемлекеттер мен халықтардың дамуына тигізетін ықпалын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Ал, тарих ғылымын географиялық әдістерді, географиялық карталарды қолданбай зерттеу тіпті, мүмкін емес. Сондықтан да, тарихи зерттеулерде тарихи география пәнін қолдану маңызды болып табылады.

.

Бірінші кезекте тарихи география ұғымын ашып көрелік. Бұл жөнінде В. К. Яцунский «Историческая география» еңбегінде: «Соңғы кездері кеңестік ғылымда бұл түсініктің аясында жалпы мойындалған түсінік қалыптасып келе жатқан сыңайлы. Біздің тарихшылар мен географтар тарихи география мен география тарихын жақсы ажырата біледі. География тарихы, немесе көбіне оны географиялық білімдер тарихы деп атайды, географиялық ашулар мен саяхаттар тарихын, сонымен қатар географиялық ойлар тарихы мен тіпті бұрынғы адамдардың географиялық түсініктерін зерттейді. Ал тарихи география пәнінің мәні басқаша. Тарихи география бұрынғы адамдардың географиялық түсініктерін, ойларын зерттемейді, нақты түрде тарихи дәуірлердің географиясын зертейді.

Осылайша, қазіргі география мен тарихи географияның зерттеу объектісі бір, бірақ екеуінің арасында кішкене ғана айырмашылық бар: қазіргі география бұл объектіні қазіргі жағдайда зерттесе, ал тарихи география болса оның тарихи кезеңдердегі өзгерістерін зерттейді» — деп жақсы атап көрсеткен.

Сонымен түрлі деректердегі тарихи география анықтамасына көз жүгіртелік:

  1. тарихи география – қоғам мен табиғаттың уақыт пен кеңістіктің өзара байланысы мен арақатынасының заңдылықтарын зерттейтін, тарих пен география ғылымдарының тоғысында қалыптасқан ғылым [4];
  2. тарихи география – адамзат тарихының географиясын зерттейтін тарихи білімнің саласы [5];
  3. тарихи география – заманауи географиямен өзара қатынаста адамзат өткенінің физикалық, экономикалық және саяси географиясын зерттейтін, екі ғылым (табиғат пен қоғам) байланысы аясында пайда болған өзара байланысқан ғылымдар жүйесі [6];
  4. тарихи география – география «призмасы» арқылы тарихты зерттейтін тарихи пән; сонымен қатар ол белгілі бір тарихи даму дәуіріндегі белгілі бір территорияның географиясы. Тарихи географияның ең қиын міндеті – зерттелетін территорияның экономикалық географиясын – өндіргіш күштердің деңгейі мен орналасуын көрсету.

Белгілі ғалым В. П. Максаковскийдің «Историческая география мира» атты көлемді оқу құралында география ғылымдарының жүйесінде тарихи географияны көмекші пән ретінде емес, тарих пен географияның арасында қалыптасқан шекаралық пәнге жатқызады. Бұл жөнінде автор «Географиялық энциклопедиялық сөздікте» тарихи география өткен дәуірлердің географиясын және географиялық мәселелерін зерттейтіні және бірнеше бағыттарға бөлінетіні жазылғанын келтіреді. Бұл шығармаларды негізге ала отырып, автор тарихи географияның төмендегідей бағыттарын көрсетеді:

  1. Физикалық тарихи география (тарихи жертану), мұнда тарихи уақыттағы географиялық ортаның дамуы мен өзгеруі қарастырылады;
  1. Саяси тарихи география, өткен дәуірлердің саяси картасын, мемлекеттердің құрылымын және шекараларын қарастырады;
  1. Халықтың тарихи географиясы, онда демографиялық, этникалық, діни ерекшеліктер қарастырылып, тарихи даму үрдісінің әр түрлі кезеңдеріндегі халықтардың қоныстануы мен көші-қоңын зерттейді;
  1. Әлеуметтік тарихи география, тарихи өткендегі қоғамның әлеуметтік құрамын, әр түрлі қоғамдық қабаттары мен таптарының қарым-қатынасын, қоғамдық формациялардың ауысуын қарастырады;
  1. Экономикалық тарихи география, мұнда өндірістің жалпы және оның жекелеген салаларының даму барысы, сондай-ақ кеңістіктегі құрылымдық өзгеруін қарастырады;
  1. Мәдени тарихи география, материалдық және рухани мәдениеттің тарихи –географиялық аспектілерін зерттейді;
  1. Қоғам мен табиғаттың қарым-қатынасының тарихи географиясы, мұнда әлеуметтік-экономикалық дамудың қоршаған табиғи ортамен тікелей және өзара байланыстарын және оның әр түрлі антропогенді ландшафттардың қалыптасуына әсерін анықтайды;
  1. Тарихи географиялық елтану, жоғарыда көрсетілген сұрақтарды жекелеген территорияларға қатысты қарастырады [8].

Қазіргі кездегі тарихи геогафия жеке дара ғылыми сала ретінде келесі элеметтерден тұрады: физикалық география, халықтың географиясы немесе этникалық география, экономикалық география, саяси география және мәдениеттің географиясы. Ендігі кезекте тарихи географияның аталған бағыттары қандай мәселелерді қарастыратынын нақтылайтын болсақ.

Біріншіден, тарихи география өткен дәуірлердің физикалық-географиялық ортасын және тарихи кезеңдердегі өзгерістерін қарастырады. Географиялық орта – қоғамның дамуына, оның материалдық өміріне әрдайым қажетті жағдай. Географиялық ортаны зерттеуде тарихи географияның алдында мынадай нақтылы міндеттер тұрады: тарихи өткеннің физикалық-географиялық ландшафтын анықтау, белгілі бір тарихи уақыт кезеңіндегі географиялық жағдайдың өзгеруіне талдау жасау, тарихи кезеңдердегі экономикалық және саяси географияға табиғи ортаның әсерін зерттеу. Және де, тарихи география табиғи ортаның адамдардың іс-әрекетінің әсерінен өзгеруін анықтауда қажетті.

Табиғи жағдайлардың әсерін қарастыруда екі мәселеге назар аудару қажет. Алдымен географиялық ортаның қоғамға әсері өндіргіш күштердің дамуына байланысты әлсірейді немесе өзгеріп отырады. Әсер етудің сипаты әрқашан қоғамның техникалық деңгейімен байланысты. Мысалға, жер өңдеу техникасының дамуы бұрын өндеуге жарамсыз жерлерді шаруашылық айналымына кірістіруге мүмкіндік береді. Су кеңістіктері – өзендер, көлдер мен теңіздер жаңа жерлерге жетуге, адамдардың қарым-қатынасына бөгет болса, суда қозғалатын көліктердің пайда болуымен қатынау жолдарына айналып, кейіннен олар тіпті кеңейтіліп, жетілдіріледі. Осылайша, бір географиялық ортаның қоғамның дамуына әр түрлі кезеңдерде әр түрлі бола алады. Екінші маңызды мәселе, физикалық-географиялық жағдайлардың рөлінің әсері барлық тарихи кезеңдерде үздіксіз қарастырылуы керек.

Екіншіден, халықтың тарихи географиясы түрлі территориялардың халқының қалыптасу үрдісін, этникалық құрамын, орналасуын, қозғалысын және басқа да маңызды кеңістік-демографиялық ерекшеліктерін қарастырады. Бұл арада тарихи географияның жеке саласы ретінде тарихи этникалық географияны (этногеография) бөліп көрсетуге болады. Онда түрлі тарихи кезеңдердегі тайпалар мен халықтардың қоныстануы және миграциясы тәрізді мәселелер қарастырылады.

Үшіншіден, тарихи-экономикалық география (немесе шаруашылық географиясы) өндірістің және шаруашылық байланыстардың географиясын салалық және аймақтық ерекшеліктерін есепке ала отырып зерттейді. Ол ішінара қолөнер мен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жерді игеру, қатынас жолдары, сауда байланыстары географиясы және т.б. осы тәріздес бөлімдерге жіктеледі.

.

Төртіншіден, тарихи-саяси география мемлекеттердің шекарасын, ішкі әкімшілік-территориялық бөлінісін, тарихи тұрғыдан ерекшеленетін аймақтар мен территорияларды, әр түрлі саяси оқиғалардың болған жерлерін, қалалардың, бекіністердің және басқа да қорғаныс құрылыстарының орналасуын, жорықтардың бағыттары мен шайқастардың өткен жерлерін анықтаумен айналысады.

.

Бесіншіден, мәдениет географиясы діннің таралу ареалдарын, тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың (мысалға, кесенелер мен мешіттер) орналасуын зерттейді [9]. Міне осы аталған классификация тарихи географияның ірі бөліктері болып табылады.

Қарап отырсақ, тарихи география пәнінің маңызы өте зор. Тарихи оқиғаларды зерттеуде, оқып-білуде тарихи географиялық әдіс-тәсілдер көптеп қолға алынып, іске асырылса ұлттық тарихтың жаңа қырларын ашуда біраз жетістіктерге қол жеткізуге болар еді. Кез-келген басқа да тарихи пәндер сияқты тарихи география да өзіне тән әдіс түрлеріне ие және арнайы білім аяларымен ерекшеленеді. Тарихи географияның методологиялық зерттеулері батысеуропалық, орыс және қазіргі тарихи географияда қалыптасқан, жалпыгеографиялық және жалпытарихи әдістер синтезіндегі теориялық жұмыстарға сүйенеді. Тарихи географиялық зерттеулерде жүйелі, тарихи-уақыт кесіндісі (срез), тарихи жергілікті, жалпыгеографиялық, центрографиктік және топонимикалық және т.б. негізгі зерттеу әдістері қолданылады. Дегенмен, әлі де болса тарихи география ғылымы бойынша ұлттық тарихты зерттеу жұмыстары жоқтың қасы. Ол тек тарих пен география ғылымдарының тоғысындағы ілім ғана емес, сондай-ақ, философиямен де, саясаттанумен де, мәдениеттанумен де тығыз байланысты дамитын ғылым саласы. Сонымен қатар, қазіргі әлемде қалыптасып отырған геосаяси жағдайларда отандық тарихи географияны зерттеудің маңызы одан сайын артып отыр десек артық айтқандық болмас.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.