Техникалық дақылдар (өсімдіктер)

Home » Рефераттар » Техникалық дақылдар (өсімдіктер)
Рефераттар Комментариев нет

Техникалық дақылдар (өсімдіктер) – сабағы, жапырағы, жемісі, тамыры, гүлі әр түрлі өндірісте шикізат ретінде пайдаланатын өсімдіктер. Техникалық дақылдарға жататын өсімдіктерді бірнеше топқа бөлуге болады: крахмалды (картоп, батат), қантты (қант қызылшасы), майлы (күнбағыс, жер жаңғағы, соя, үпілмәлік, зығыр, күнжіт, қыша, рапс, ақсары, кокос пальмасы, майлы пальма, зайтун), сабағы талшықты (салалы зығыр, қара қурай, кенеп, тұт, бұйра кендір), кендір жапырақты талшықтылар (агава драцена), дәм талшықтары (мақта, эфир), майлы дақылдар (эфир майы, раушан, лаванда, қазоты, кориандр, анис, зире, жалбыз), каучукты ағаштар (гевея, гвагола, т.б.), каучукты шөптесін өсімдіктер (көксағыз, таусағыз, қырымсағыз, т.б.).

Бояулы өсімдіктер – жапон сафорасы, қара құлқайыр, көптеген илік затты өсімдіктер – скумпия шағыр. Тозды өсімдіктер – тоз емен, амур, барқыт ағашы, дәрілік өсімдіктер, валериана, емдік шалфей, итжидек, хинин ағашы, женьшень. Наркоздық өсімдіктерге темекі, махорка, ұнды қарақурайы, сондай-ақ құлмақ, қожакендір, сыр ағашы, балауыз ағаш, тағы басқалар жатады. Жоғарыда аталған техникалық дақылдардың (өсімдіктердің) бірнешеуіне жеке тоқталайық.

Қант қызылшасы  — аса бағалы техникалық және жемшөптік мәдени дақыл. Қызылшадан алынатын негізгі өнім – қант, оның жемістамырында 20 пайыз қат болады. Қант жасағанда алынатын қалдықтар сығынды мен сірне малды азықтандыруға жұмсалады немесе сірне спирт өнеркісібі үшін шикізат есебінде пайдаланылады. Қант қызылшасы – екі жылдық өсімдік, сондықтан оның өсуі үш кезеңде қарастырылады. Бірінші кезеңде сіңіру қабаты пайда болып екінші кезеңде жеміс тамыры, ал үшінші кезеңде жемістамырда қант пайда болады. Қант қызылшасы екінші жылы отырғызылғанда ұшы сүйірлеу келген ақ тамыр түзіп, одан өркендер тармақтанып өседі. Өркеннің жоғары ұшында шыған шоғырланып жиалған толып жатқан гүлдері болады: гүлдері алабота тұқымдас өсімдіктердің гүлдері тәрізді бірнешеуі бірігіп құралады. Мұны шоқгүл дейді. Бір шоқта 2-6-ға дейін гүл, әрбір гүлде бес аталық гүл, бір аналық гүл болады. Аталық гүл серігімен бірге өседі. Жапырақтары сағақты пішіні жүрек тәрізді, айнала жиектері бір тегіс немесе ирек-ирек болып келеді. Жемісі бітісіп өскен бірнеше жемістерден құралады. Әрбір жемістікте бір тұқым болады, сыртындағы қабыршағы өте тығыз, ағаш тәрізді болғандықтан, тұқым ажырамайды, сондықтан оны бірге себуге тура келеді. Қызылша тұқымының пішіні мен құрылымы дәнді дақылдардан өзгеше. Мұның бірнеше дәндері бір-бірімен тұстаса өсіп құралады, сондықтан қызылшаның тұқымын дән деп атамай шоғырмақ деп атайды. Бір түйнекшеде 2-ден 6-ға дейін тұқымша болады. Себілген әрн түйнекшеден бірнеше сабақшалар өсіп шығады. Өсіп шыққан қызылшаны дер кезінде сиретудің маңызы өте зор, өйткені өсімдіктің жиі шығуы оның өнімін мықтап төмендетеді. Қант қызылшасының тұқымын алу үшін алғашқы жылғы тамыр жемістерді екінші жылғы көктемгедейін тиісті орындарда сақтайды. Келесі жылы көктемде бұларды топыраққа қайтадан шаршы-ұялап отырғызады. Осыдан кейін тамыржемістерден жаңа жапырақтары мен гүлдері бар сабақтар өсіп, олар тұқым береді. Қант қызылшасы Қазақстанда: Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыстарында 100 мыңдай гектар жерге егіледі. 1933 жылдан қызылшадан қант алатын зауыттар салынып (Мерке, Талдықорған, Жамбыл, Алматы, Қарабұлақ, Шу қант зауыты), жұмыс істеуде. Тропиктік елдерде қант қамысының сабағынан қант алынады. Өзбекстанда қант қамысы өсіріледі. Мұнда қамыс сабағының гектарынан 1000 ц. өнім алынады. Қант қамысының жабайы түрлері қазір Бирмада, Қытайда, Жапонияда, Пәкістанда, Жаңа Гвинеяда, т.б. өседі.

Зығыр – техникалық дақылдарға жататын зығыр тұқымдас майлы және талшығы иірілетін, бір жылдық немесе көп жылдық шөптесін өсімдік. Зығырдың тамыры онша ұзын болмайды, сабағында будаланған берік торқа талшықтары болады. Оның гүлі таңертең ерте ашылады да, түс ауа жапырақшалары жабылып қалады. Зығырдың гүлдену кезеңінде бунақденелілер ұшпайды, сондықтан да зығыр өздігінен тозаңданады. Зығырдың гүлі дұрыс орналасқан, 5 тостаған жапырақшалардан, көгілдір түсті 5 күлте-жапырақшалардан, 5 бос аталықтан, 1 аналықтан тұрады. Піскен кезде қауашықтың қақпағы ашылып, дәні көрініп тұрады. Әрбір қауашықта 10-ға дейін майлы тұқым болады. Зығырдың көп жылдық жабайы және екпе түрінің дәнінен май, сабағынан талшық алынады, ол әсемдік үшін де өсіріледі. Зығырдың ширатылған ұзын талшығы бар, одан әр түрлі мата тоқылады. Салалы және бұйра зығыр болады.

Соя – бір жылдық техникалық өсімдік. Сояның сабағы мықты, тік өседі, көлденең кесіндісі төрт қырлы болып келеді. Жапырақтары үшқұлақ, күрделі, сабаққа кезектесіп орналасады. Аласа бойылы іріктемелерінің биіктігі 30-50 см., ал биіктерінікі 80-100 см., жетеді. Сояның гүлдері майда ақ немесе ақшыл күлгін, сыртын қалың түк басқан өте қысқа болады. Гүл сағағының басындағы 3-5 шашағы жапырақ қолтығында орналасады. Соя көбінесе өздігінен тозаңданады. Бұршақ қабындағы тұқымдарының пішіні, мөлшері, түсі іріктемесіне қарай әр түрлі олып келеді және 1-ден 5-ке дейін тұқымы болады. Сояның сабағын, жапырағын, бұршаққабын қалың, қатты түк басып жатады. Соя тұқымының пішіні домалақ немесе бір жағы ойық бүйрек пішінді болып келеді. Іріктемесіне қарай оның тұқымы сары, жасыл, қара қоңыр немесе қызыл түсті болады. Сояның ақуызы сіңімді, сапасы еттен кем түспейді. Сояның майы, әр түрлі тағам жасауға, маргарин өндіруге, сабын қайнату өндірісінде пайдаланылады. Соя ұнынан бағалы азықтық өнімдер, нан, тәтті тағамдар, сүт, қаймақ, соустар даярлайды. Майдың құрамында бағалы дәрумендер болады, жапырақ пен сабақтары мал азығына пайдаланылады. Соядан пластамасса өдіреді. Соя топырақ талғамайды, Қазақстанның таулы өңірінде де өсе береді.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.