Терминдену тəсілінің түрлері

Главная » Рефераттар » Терминдену тəсілінің түрлері

Жалпыхалықтық тілдегі сөздерге терминологиялық мағына жүктеу арқылы белгілі бір арнаулы саладағы терминдер қатарына өткізу жолымен термин жасау тəсілі тіл білімінде терминдену деп аталынып жүргендігі белгілі. Терминдену орыс тіліндегі терминологизация терминінің қазақша баламасы екендігін жоғарыда айттық. Терминдену мəселесі арнайы зерттелмегендіктен де  болуы  керек орыс тіл білімінде терминологизация жəне терминирование терминдерін тек бірлі- жарым авторлар ғана екі түрлі ұғым ретінде ажыратып қолданса, көпшілік авторлар олардың аражігін айырмай бір ғана ғылыми ұғымның атауы ретінде қолданады. Жалпы, бұл атаулар бірінің орнына бірі жұмсала береді. Оның себебі ол атаулардың жеке-жеке термин ретінде қолданылуына негіз болатын ғылыми ұғымдардың өздерінің аражігі айқындалмағандығында жатыр деп білеміз. Ал қазақ тіл білімінде терминирование термині жеке ғылыми ұғым атауы ретінде əлі таныла қоймаған. Ол терминденудің тасасында қалып қойып жүр. Жоғарыда айтқанымыздай оның ең басты себебі аталмыш ұғымдардың терминологияда басы ашылып саралана қоймағандығынан. Біз орыс тіл білімінде осы ұғымдарды жеке ұғымдар ретінде қарастырушы авторларды қолдай отырып, терминирование терминін тілімізде терминделу деп атаған жөн деп санаймыз. Оның дұрыстығын дəлелдеу үшін ең бірінші сөз болып отырған ғылыми ұғымдардың аражігін ажыратып, оларды жеке ұғымдар ретінде көрсететін басты белгілерін, өзіндік ерекшеліктерін анықтаудың қажет екендігі сөзсіз. Əдетте  тілші-ғалымдар терминге лексикология тұрғысынан сөз ретінде  қарайтындықтан оның ғылыми ұғыммен байланысы назардан тыс қалып қойып жатады. А.Суперанская бастаған авторлар терминологияның теориялық мəселелеріне арналған еңбектерінде Ф.Риггздің терминология концептология мен лексикологияның ортасынан орын алуы керек деген пікірін мысалға келтіреді. Терминнің табиғатын ашу үшін терминолог концептолог сияқты ұғымнан сөзге қарай жəне керісінше, лексиколог тəрізді терминнің қолданысына мəн бере отырып, лексиколог пен концептологтың арасынан табылуға тиіс. Сонда ғана терминнің термин-сөз жəне термин-ұғым деп аталатын екі қырына бірдей мəн берудің мүмкіндігі туындайды. Біздің терминделу жəне терминдену сөздеріне жеке-жеке терминдік мəн беруіміз де терминнің осы екі қырымен тікелей байланысты. Ғылым мен техниканың үздіксіз даму барысында белгілі бір ғылым саласында жаңа ұғым дүниеге келеді. Ол ұғым сол өзі қатысты болатын ұғымдар жүйесінен тиісті орнын алады. Яғни, ол ұғымның өзіне тəн басты белгілері, басқа ұғымдардан ерекшелігі, көлемі айқындалады. Енді ол ұғым термин деңгейіне көтерілуі үшін тілде таңбалануы керек. Сол таңбаланушы ұғымды терминологияда терминделуші ұғым деп атауға болады. Осы терминделуші ұғымның өз таңбалаушысын (означающее) тауып, тілдік формаға ие болуын, яғни сөзбен белгілену процесін біз терминделу деп білеміз.

Ал терминденуге келер болсақ, ол терминделуге қарама-қарсы процесс. Жаңа ұғым өзін белгілі бір сөзбен атауды қажет ететіндігі сияқты тілдегі сөздердің  арасынан  сол  ұғымның   мəнін   толық   ашатындай   сөзді   табу да қажет. Осы екі қажеттіліктің өтелуі негізінде термин пайда болады. Сонымен, терминдену дегеніміз тілдің жалпы лексикасынан немесе арнаулы лексикасынан терминделуші ұғымға сəйкес келетін сөзді тауып, оны сол ұғым қатысты болатын терминологиялық өріске өткізу арқылы аталмыш ұғымның атауы ретінде терминдік мағына жүктеу процесі. Ұғымның терминделуі мен сөздің терминденуі нəтижесінде термин туындайды. Терминделуді терминдену процесінің ұғым тұрғысынан қарағандағы екінші жағы деп түсінген жөн. Алайда терминологияда ең бастысы ұғым болғандықтан ұғым белгілі болмай тұрып, оны сөзбен белгілеудің қажеттілігі де болмайды. Яғни, терминделуші ұғым айқындалмаған болса, сөздің терминденуіне де негіз жоқ. Терминделу негізінде термин-ұғым, терминдену негізінде термин-сөз пайда болады да екеуінің бірлігінен термин жасалады. Терминделуші ұғым алғашқы болғандықтан терминденуші сөз оған бағынышты болады. Ғылым мен техниканың дамуына сəйкес ғылыми ұғым күрделенсе немесе мүлде өзгеріске ұшыраса, оның тілдік формасы термин-сөз де өзгеріске ұшырауы да, сол қалпын сақтай қалуы да мүмкін. Соған қарап термин-сөз жай ғана шартты таңба деп оның рөлін төмендетуге болмайды. Əрбір жеке термин-ұғым өзінің термин-сөзін иеленбесе, басқаша айтқанда, терминделуші ұғым белгілі бір сөзбен белгіленіп атауға ие болмаса  ол термин бола алмайды. Əрбір жеке ұғым ғана емес, олардың өзара байланысы тұтастай ұғымдар жүйесі термин-сөздерге де бағынышты. Ендеше термин — ұғым мен термин-сөзді де, терминделу мен терминденуді де бір бүтіннің екі қыры ретінде бірлікте, тұтастықта қарау қажет. Енді жалпыхалықтық тілдегі сөздердің қалай терминденетіндігіне көңіл аударып көрелік. Көп жағдайда жалпы қолданыстағы сөздің терминденуіне терминделуші ұғым мен тілде бұрыннан бар ұғымның қандай да бір ұқсастықтары себеп болады. Мысалы, жалпы қолданыста кебек деп «ұнды елегенде, алғаш түйілген астықты ұшырғанда шығатын  қауызды» айтса, жол шаруашылығы терминологиясындағы кебек (высевка) термині «тау жыныстары мен жасанды тастарды майдалағанда алынатын, мөлшері 3-5 мм майда тас қалдықтары» деген ұғымды білдіреді.

Бұл жерде жалпы қолданыстағы сөздің терминденуіне ұғымдардың ұқсастығы (екеуінің де бір нəрсенің қалдығы екендігі) негіз болған. Нəтижесінде жалпы қолданыстағы сөзден өзге ұғымды білдіретін жаңа термин сөз туындады да ол өзінің жасалуына негіз болған сөздің омониміне айналды. Кебек термині биологияда да кездеседі. Биологияда кебек (отруби) деп «ұн елеген кезде, дəнді дақылдарды түйгенде түсетін протеин, май, клетчатка жəне күлге бай қалдықты» айтады. Мұнда жалпы қолданыстағы сөз бен термин бір ғана ұғымның атауы болып тұр. Алайда, олардың анықтамаларынан көріп  отырғанымыздай, өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Дəлірек айтқанда, айырмашылықтары өте үлкен. Терминнің анықтамасы мейлінше нақты жəне онда кебектің құрамында протеин, май, клетчатка, күл сияқты заттардың болатыны көрсетілген. Сондай- ақ кебек термині өзі қатысты болатын терминологиялық өріс ішінде терминге тəн қасиеттердің бəріне ие. Байқап отырғанымыздай, екі арнаулы саладағы кебек термині де жалпы қолданыстағы кебек сөзінің негізінде екі түрлі терминденген.

.

Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденгені тəрізді белгілі бір арнаулы саланың термині де қайта ойлау негізінде өзге ғылым саласына ауысып, басқа терминологиялық өрістен орын алуы мүмкін. Терминденудің мұндай жағдайында салааралық омонимдер туындайды. Бірақ бұдан салааралық омонимдердің барлығы тек терминденудің осы сөз болып отырған түрі арқылы ғана пайда болады екен деген түсінік қалыптаспауға тиіс. Оның өзге де өзіндік себептері бар. Жалпы, тіл білімінде терминжасамның қарастырылып отырған əдісі терминденудің бір түрі ретінде көрсетіліп жүр. В.Иванов, В.Даниленко сияқты ғалымдардыңеңбектеріндетерминденудіңбұлаталғантүрі–«екіншітерминдену» (вторичная терминологизация) деген терминмен аталса, А.В.Суперанская бастаған авторлардың еңбектерінде «транстерминологизация» деген   термин қолданылған.  Терминденудің бұл түрі тіл білімінде арнайы зерттелмегендіктен де оның ерекшеліктері айқындалып, соған сəйкес нақты атауға ие бола алмай жүргендігі аңғарылады. Ал жоғарыдағы терминдердің қайсысын қолданған дұрыс дегенге келер болсақ, біздіңше, терминденудің бұл түрін «екінші терминдену» деп атау терминдік ұғымды дəл бере алмайды. Себебі, кейбір сөздер жалпы лексикалық өрістен белгілі бір терминологиялық өріске өтіп, одан келесі ғылым саласынан немесе кез келген арнаулы саладан орын алумен ғана шектеліп, яғни екі-ақ рет терминденіп қана қоймауы мүмкін. Бір терминнің үш, төрт немесе одан да көп арнаулы салаға алмасуы терминологияда ұшырасып тұратын құбылыс. Мəселен, редукция термині философияда, заң ғылымында, тіл білімінде қолданылса, ісіну термині геологияда, медицинада, жол шаруашылығы терминологиясында қолданылады. Ғылымның бір саласынан екінші, үшінші, төртінші… салаларына терминдену   жолымен ауысқан мұндай терминдердің терминологияда аз ұшыраспайтыны  аңғарылады. Егер сөздің немесе   терминнің   қанша рет терминденгендігіне, яғни  неше  ғылым саласына  ауысқанына қарап айтар болсақ, онда «үшінші терминдену», «төртінші терминдену»… деп терминологиядағы бір ғана құбылысты бірнеше атаумен атауымызға тура келген болар еді. Сондай-ақ жалпы қолданыстағы бір ғана сөздің негізінде бір мезгілде бірнеше арнаулы саланың терминдері жасалуы да мүмкін. Мəселен тіліміздегі ескек сөзі терминденудің екі түрлі тəсілмен спорт терминіне жəне өсімдіктану терминіне айналған. Бұлай терминдену бір ғылым саласындағы дайын терминнің екінші ғылым саласына өтуінен өзгеше. Мұнда да сөз екі рет терминденіп тұр. Сондықтан да «екінші терминдену» терминін сəтті жасалған терминдердің қатарына қосуға болады деп айта алмаймыз. А.В.Суперанская бастаған авторлардың өз еңбектерінде бұл терминді қолданбай «транстерминологизация» терминін енгізуінің өзіндік себептері болса керек. Біздіңше, осы соңғы термин алдыңғы терминге қарағанда терминделуші ұғымның мəнін аша түседі. Латын тілінен (француз тілінен емес) алынған «транс» терминдік элементі «қандай да бір кеңістік арқылы ауыстыру» деген мағынаны білдіреді24.

Əрбір арнаулы саладағы ұғымдар бір-бірімен өзара байланыста бола отырып, өзіндік жүйе құрайды. Кез келген термин өзінің терминге тəн барлық қасиеттерін сақтай алатын олардың өмір сүру аймағы  –  терминологиялық өріс өзінше дербес кеңістік болып табылады. Терминнің бір терминологиялық өрістің шекарасынан өтіп, келесі бір  терминологиялық өрістен орын алуын «транс» терминдік элементі арқылы білдірудің себебі осында жатқан болар деп ойлаймыз. Сондықтан да алдыңғы терминмен (екінші терминдену) салыстырғанда терминденудің бұл түрін транстерминологизация деп атаудың артықшылығын көрсететін өзіндік негізіміз жоқ емес.  Ал қазақ тіліне келгенде терминденудің бұл түріне ат қоюда біз оған басқа қырынан келдік. Транстерминологизация терминінің құрамындағы «транс» терминдік элементінің орнына біз тіліміздегі «ішкі» сөзін алып, термин шығармашылығының (терминотворчество) бұл түрін «ішкі терминдену» деп атауды ұйғардық. Оның ең басты себебі терминдену кезінде сөз жалпы лексикалық өрістен  (немесе  кəсіби  сөздер  мен  диалектизмдер есебінен, яғни терминологиялық лексикадан тыс жатқан сөздердің негізінде жасалса) терминологиялық өріске өту арқылы термин жасалса, ішкі терминдену кезінде сырттан сөз алынбай, термин терминологиялық жүйенің өз ішінде белгілі бір ғылым саласындағы терминнің негізінде жасалады. Яғни, ішкі терминдену тілдің кіші жүйесінің шеңберінде жүріп жататын процесс. Соған сəйкес ішкі терминдену термині аталмыш процестің өзіне ғана тəн ерекшелігін жəне терминденудің алғашқы түрінен айыратын ең басты белгісін көрсетеді деген есеппен осы атауға тоқталдық. Бұрын терминдік мағынада жұмсалмаған сөз бен белгілі бір арнаулы саладағы дайын терминді өзге ғылым саласының термині ретінде қайта пайдаланудың өзіндік ерекшеліктері бар. Сол ерекшеліктерін ескере отырып, оларды терминдену тəсілінің екі түрі деп тану қажет. Терминологиялық жүйенің сыртында жатқан сөздердің (олардың қатарына жалпы қолданыстағы сөздер, диалектизмдер, кəсіби сөздер, көнерген сөздер жатады) термин ретінде пайдаланылуын шартты түрде «сырттан терминдеу» деп атауға болады. Оны жалпы терминдену деп атайтынымыз белгілі.  Біздің  сырттан  терминдену деп отыруымыздың себебі ішкі терминдену мен сырттан терминдену процестерінің яғни бір ғана терминдену құбылысының екі түрінің аражігін айқын көрсету мақсатынан туындап отырған əрекет. Енді осы терминдену процесінің аталған екі түрінің басты айырмашылықтарына тоқталалық.

Сырттан терминденудің ең басты ерекшелігі терминделуші ұғымға атау болып отырған сөз терминологиялық лексикадан алынбайды. Көбінесе жалпы қолданыстағы сөздерге терминдік мағына жүктеліп, белгілі бір арнаулы саладағы ұғымның атауы ретінде тиісті дефиниция беріледі. Сөз жалпы лексикалық өрістен терминологиялық өріске өтіп, соған сəйкес терминге тəн қасиеттерді иеленеді. Терминдену жолымен жасалған терминнің туындауына негіз болған жалпы қолданыстағы сөздің де өзіндік қасиеттері сақталып, бастапқы мағынасында жұмсала береді. Терминдену нəтижесінде оның қолданысына нұқсан келеді деуге болмайды.

Жалпы қолданыстағы сөздің терминденуін мына мысалдан көруге болады. Жалпы қолданыста дабыл сөзі: 1) «Жаугершілікте, жорықта, той-думанда халықты бір жерге жию үшін пайдаланылған аспап»; 2) «саусақпен қағып ойнайтын музыкалық аспап» деген ұғымдарды білдіреді.

Тіліміздегі осы сөздің терминденуі негізінде дабыл (тревога) əскери термині жасалған. Əскери терминологияда дабыл термині төмендегідей бір-бірімен өзара  байланысты  ұғымдарды  білдіреді:  1) «Əскери  бөлімшенің  (бөлімнің, құраманың) белгіленген мерзімде толық жауынгерлік дайындықта болуы жəне алдын-ала жоспарланған шепке (орын, жер) орналасуы үшін берілетін шартты (ракета, сирена, горн арқылы) белгі; 2) жергілікті жердегі халықты əуе қаупінен, атом, химиялық қарулардың қаупінен немесе т.б. сақтандыру хабары;

.

3) белгілі бір тəртіптің күшіне енгендігін көрсету үшін берілетін шартты белгі (немесе сигналдар жүйесі)».

Терминденудің мұндай жағдайында жалпы қолданыстағы термин емес сөз белгілі бір терминологиялық өріске енгізіліп, терминдік мағынаға ие болады да, соның нəтижесінде жалпы қолданыстағы сөз бен термин омонимге айналады немесе сөздің бастапқы мағынасы нақтыланады (тарылады, кеңиді). Терминденудің бұл түрі жалпы               қолданыстағы сөздің бастапқы мағынасының метафоралануы, өзге тілдегі сөздің калькалануы (семантикалық конверсия) жəне сөз мағынасының нақтылануы сияқты жолдар арқылы жүзеге асырылады.

Ал ішкі терминдену кезінде ең алдымен терминделуші ұғым атауы терминологиялық жүйенің өз ішіндегі белгілі бір терминологиялық өрістен алынады. Мəселен, физикада, психологияда,  тіл  білімінде  қолданылатын өріс термині, философияда, тіл білімінде  қолданылатын  байымдау жəне донор (химия, медицина), субъект (философияда, логика, заң ғылымында) сияқты көптеген терминдер терминологиялық жүйенің өз ішінде бір ғылым саласынан екінші ғылым саласына ауыстыру арқылы жасалған. Мұндай салааралық омонимдердің туындауына көбінесе жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі тəрізді, ғылыми  ұғымдардың  өзара ұқсастықтары негіз болады. Сондай-ақ жоғарыда айтқанымыздай, терминологиядағы салааралық омонимдердің пайда болуына тек ішкі терминдену ғана себеп болмайды. Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуінің нəтижесінде де көптеген салааралық омонимдер туындауы мүмкін. Мəселен, өсімдіктанудағы тамыр термині мен медицинадағы тамыр терминдерінің жасалуына, яғни салааралық омонимдердің туындауына осы ұғымдардың жалпыхалықтық тілдегі атаулары негіз болған. Жалпы қолданыста тамыр деп «өсімдіктің су мен қоректік заттарды жеткізіп тұратын мүшесін» жəне «қан жүретін жолды» айтады. Тіліміздегі тамыр сөзінің екі түрлі мағынасының нақтыланып, терминдік мағынада жұмсалуының негізінде салааралық омоним пайда болған.

Ғылымда белгілі бір құбылысты, ұғымды əртүрлі ғылым тұрғысынан қарастыруға байланысты да салааралық омонимдер туындайды. Мысалы, дыбыс термині тіл білімінде, музыкада, физиологияда қолданылады. Тіл білімінде «сөйлеу мүшелерінің қатысымен айтылып, естуге болатын ең кішкентай бөлшек – дыбыс делінеді». Музыкалық терминологияда «дыбыс деп  – қатты дененің  (металл,  газ,  ішек немесе қуыс трубканың ішіндегі  ауаның) тербелісінен толқын түрінде таралатын қозғалысын» айтады29. Ал физиологияда «дыбыс дегеніміз ауаның аумаққа қарай толқындалуы». Ішкі терминденудің тағы бір өзіндік ерекшелігі тіліміздегі сөзжасам- ның əртүрлі тəсілдері (аналитикалық, синтетикалық, лексика-семантикалық) арқылы жасалған терминдер де терминдене алады. Яғни, қандай да бір тер- минологиялық өріс ішіндегі термин шығармашылығының түрлі тəсілдері арқылы туындаған терминдер жалпы қолданыстағы сөздер тəрізді дайын атау ретінде бір саладан екінші салаға көшіріле береді. Терминденудің екі түрінің ұқсастығы да осында жатыр. Ішкі терминдену кезінде терминологиялық жүй- енің ішіндегі бұрын жасалған термин бір өрістен екінші өріске қалпын сақтай отырып ауысса, сырттан терминдену кезінде ұлттық тілде бұрыннан бар дай- ын сөз де сол қалпында тілдің арнаулы лексикасының бір саласы болып сана- латын терминологияға өткізіледі. Сонымен қатар ішкі терминдену кезінде тек ұлттық тілдің негізінде жасалған атаулар ғана емес, шет тілдерінен алмасқан терминдер де терминденеді. Себебі, ішкі терминдену кезінде олар терминоло- гиядағы дайын атаулар болып саналады. Мысалы, донор термині: 1)  химияда, 2) медицинада, 3) техникада, 4) экономикада (мемлекеттің, ұйымның, банктің донор болуы); субъект термині: 1) философияда, 2) заң ғылымында, 3) логикада; редукция термині: 1) философияда, 2) тіл білімінде (фонетикада), 3) заң ғылымында, 4) медицинада (стоматология саласында) қолданылады. Осы тер- миндердің барлығы да ішкі терминдену процесінің нəтижесінде бір арнаулы саладан келесі арнаулы салаға көшірілген. Мұндай терминдер терминологияда аз кездеспейді. Бұдан шығатын қорытынды ішкі терминдену кезінде терминнің қай тілдің сөзі екендігі ескерілмей, оның дефинициясы мен белгілейтін ұғымы негізгі рөл атқарады. Яғни, шет тілдерінен енген терминдер де (термин алмасу жолымен) ұлттық тілдегі сөздермен бірдей терминдік қасиеттерге ие болатындықтан терминдену кезінде де олармен тең дəрежеде тұра алады.

Ішкі терминдену кезінде жалпыхалықтық тілдегі сөздердің терминденуі арқылы жасалған терминдер терминология көлемінде қайтадан терминденсе, яғни, бұл жолы бір тəсіл екі рет қолданылса, терминжасамның өзге тəсілдерінің көмегімен жасалған терминдер мен шет тілдерінен алмасқан терминдер енді термин шығармашылығының өздері жасалған жолынан бөлек тəсіл (ішкі терминдену) арқылы келесі бір ғылым саласындағы терминдердің қатарын толықтырады. Бұл құбылыс термин шығармашылығында бір ғана сөздің негізінде əртүрлі тəсілдерді пайдалану жолымен жаңа терминдердің жасала беретіндігін көрсетеді. Жоғарыда жалпыхалықтық тілдегі сөздердің де, арнаулы саладағы терминдердің де терминденуінің нəтижесінде омонимдер туындайтындығы туралы сөз болды.

В.Даниленко ондай омонимдерді жүйеаралық омонимдер десе, кейбір авторлар (А.А. Реформатский, А.Суперанская т.б.) əртүрлі ғылым саласындағы терминдердің таңбалаушыларының сəйкес келуін «салааралық омонимдер» (межотраслевые омонимы) – дейді.

.

Біздіңше, жүйеаралық омонимдер деп жалпы қолданыстағы сөздер мен арнаулы саладағы терминдердің,  яғни,  тілдің  жалпы  лексикалық  жүйесі мен терминологиялық жүйесінің арасындағы сəйкестікті атаған жөн. Ал салааралық омоним терминін аталған авторлар қолданған мағынада жұмсасақ, терминологиядағы омоним түрлерінің аражігі ашылып, аталған терминдер олардың өзіндік ерекшеліктерін көрсете түскен болар еді.

А.Суперанская бастаған авторлардың аталған еңбектерінде терминдену нəтижесінде бір ғылым саласынан өзге ғылым саласына немесе терминологияға алмасқан терминнің сол ғылым саласында қалыптасқан жаңа мағынасына сəйкес өзінің бастапқы саласына «қайта оралуын» ішкі терминденудің бір түрі ретінде қарастырып, оны – ретерминологизация терминімен атайды. Терминденудің бұл түрін біз қазақ тілінде кері терминдену деп атасақ, терминделуші ұғымның мəні толық ашылады деп білеміз. Алайда, бұл процесс терминологияда өте сирек ұшырасатындықтан ол туралы арнайы сөз қозғаудың əзірше реті жоқ.

Сонымен, біз жоғарыда  терминденудің  термин шығармашылығының өзге тəсілдерінен басты ерекшелігін жəне оның негізгі екі түрінің өзіндік айырмашылықтары мен ұқсас жақтарын сөз еттік. Жалпыхалықтық тілдегі сөздердің терминденуі мен терминологиялық лексиканың терминденуін бір ғана процестің екі түрі дей отырып, терминденудің алғашқы түрінің соңғысына қарағанда терминологияда əлдеқайда өнімді екенін айтқан жөн.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.