Тілдегі гендер мəселесі

Главная » Рефераттар » Тілдегі гендер мəселесі

Тіл арқылы адамзат өзінің сан ғасырлар бойы басынан кешкенін нақтылап айтсақ, ұлттың белгілі бір кездегі дүниетанымын, айналадағы құбылыстарды түйсініп- қабылдауын, адамзат өмірінде болатын нақты бір жайттарға оң немесе теріс баға беруін жəне т.б келер ұрпағына айшықты сөз тіркестері арқылы көрсетеді. Осындай айшықты сөз тіркестері қатарына тілдегі фразеологизмдер, қанатты сөздер мен мақал-мəтелдер жатады.

Мақал-мəтелдер-өз мазмұнына тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін сыйдырып, ерекше мəнге ие, өнеге мен ғибратқа толы, адам өмірінде сан қилы қатынастарға, жайттарға астарлы түрде баға беретін халықтың асыл мұрасы. Мақал-мəтелдер ХХІ ғасыр тіл білімінде антропоцентристік бағытта қарастырыла бастады. Академик Ə.Қайдар қазақ паремиологиясының антрополингвистикалық бағыттағы дербес пəн ретінде қалыптасуының теориялықт тұжырымдамасын негіздеді. Бұл бағытта жазылған жұмыстарға антрополингвистикалық аспекті бойынша К.Тоқтыбаеваның «Əлем халықтарының мақал-мəтелдерінің гендерлік қыры» атты ғылыми еңбегін, Ш.П.Қарсыбекованың қазақ тіліндегі мақал-мəтелдерді антропоцентристік бағытта ғылыми тұрғыдан жүйелеу принциптерін ұсынып, оларды логика-семантикалық тұрғыдан топтастырудың этнолингвистикалық негіздерін айқындаған зерттемесін жатқызуға болады. М.Муқəддəс «Қазақ-ұйғыр мақал-мəтелдерінің паремиологиялық жүйесі» атты еңбегінде академик Ə.Қайдар ізімен екі тілдің мақал-мəтелдерін «Адам», «Қоғам», «Табиғат» деген микротоптарға бөліп қарастырған. Ж.И.Исаева өзінің «Дүниенің паремиологиялық бейнесі атты, ғылыми еңбегінде «əйел-еркек» бинарлық жұбына лингвогендерлік талдау жасап, соның негізінде дүниенің паремиологиялық бейнесінде андроцентрлік (еркектік) позиция үстемдік танытатынын анықтап көрсетеді.

Байқағанымыздай жоғарыда атап өткен еңбектердің бəрінде ең басты назар адамға аударылады. Осының бəрі сайып келгенде «тілдегі адам факторы» мəселесіне əкеледі. Адам тілді жасаушы, дамытушы, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші жəне сондықтан да тіл бізге адамның болмысын, дүниені тануын, қоршаған ортада болатын оқиғаларды қалай бағалап-пайымдайтынын сипаттайтын бірден-бір көрсеткіш. Дүниенің тілдік суретінде кескінделетін «Тіл: Адам: Қоғам» үштігі шеңберінде аса үлкен көңіл аударуды қажет ететін жайт «жыныс» категориясы болып табылады. Гендер сөзі ағылшын тілінен «жыныс» деп аударылады, тілде жəне қарым-қатынас барысында жыныстық ерекшеліктердің көрініс табуының себеп-салдарын зерттеуге бағытталған лингвистикалық термин. Жыныс-биологиялық түсінік, гендер-жыныстар арасындағы əлеуметтік-мəдени өмір сүру белгісі болып табылады. Сонымен, гендер термині жыныстар арасындағы ерекшеліктердің табиғи емес, əлеуметтік мəдени жағын білдіреді. Жыныс-«əйел» жəне «ер» ұғымдарының табиғи белгілерін, биологиялық мəні беретін болса, қоғам мен мəдениет өзгертіп отыратын мəдени белгілерді-гендерлік ерекшеліктер анықтайды. Гендорология-мəдениеттің əйелдік жəне ерлік құрылымы жайындағы ғылым болып табылады [1].

.

Адамдардың жыныстық ерекшелігі олардың қоғамда алатын əлеуметтік статусымен, атқаратын қызметімен тығыз байланысты. Демек тілдегі адам бейнесі «əйел-еркек» семантикалық оппозициясының лингвогендерлік жəне лингвомəдениеттанымдық негізі тұрғысынан сипатталады.Осы орайда туындайтын маңызды мəселе-ер адам мен əйел затының халық дүниетанымында алатын орнының тілде көрініс табуы. Мақал-мəтелдер-қай тілде болмасын, халық даналығының қайнар көзі, ақылман ойшылдар, ділмəр-шешендер, айтқыш даналар сөзінің мəйегі, ұйтқысы болып саналады [2]. Мақал-мəтелдер бізге сан ғасырлар бойы халықтың қоғамдық даму үрдісінде қалыптасқан ұстанымдары, əдет-ғұрпы, салт-дəстүрі, оның тарихы, рухани мəдениетінің қайнаркөздері жайында мол ақпарат беретін тілдік қор болып табылады. «Тіл фактілері мен деректері-тұла бойына тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек»[3]. — дейді ғалым академик Ə.Қайдар.

Халықтың қоғамдық даму үрдісінде қалыптасқан ұстанымдары,əдет-ғұрпы,салт- дəстүрі ондағы ер адам мен əйел затының алатын орнын айқындайды,олардың əлеуметтік статусы жайында жан-жақты мағлұмат береді. Ер адам мен əйел затының қоғамдағы орнын, қызметін, олардың əлеуметтік статусын, олардың халық дүниетанымынды алатын орнын айқындау сияқты мəселелермен айналысатын гендерлік зерттеулер ауқымы қазіргі таңда кеңейе түсуде. Біз де өз зерттеуімізге қазақ жəне ағылшын мақал-мəтелдерінің гендерлік қырын сипаттауды мақсат еттік. Жалпы ер адамның орны қай халықтың дүниетанымында болмасын отағасы, үйдің иесі, асыраушысы, қамқоршысы шеңберінде ерекше жоғары бағаланған. Ал əйел затының алатын орны отбасы ұйтқысы бола отырып, өмірге ұрпақ əкеліп, оны тəрбиелеумен айналысу аясында анықталады. Мақал-мəтелдердің қазақ жəне ағылшын тілдеріндегі гендерлік қырын сипаттау «əйел» жəне «еркек» концептілерін талдау шеңберінде өрбиді, дегенмен бұл концептілер көпмазмұнды қатынастарды қамтиды. Яғни, «ата-ана», «əке-шеше», «əйел- күйеу», «қалыңдық-күйеу жігіт», «келін-күйеу», «келіншек-ер азамат», «қыз-жігіт», «қыз-ұл» ал бұлар болса өз ретінде одан əрі дамып «ана-бала», «əке-бала» сияқты қатынастар аясында да өз ауқымын кеңейтеді. Қазақ тілдерінің паремиологиялық қоры екі тілдегі «əйел» жəне «еркек» концептілерін талдауда олардың екі халық дүниетанымында алатын орнын, қоғамдағы жəне отбасындағы орындарын айқындауға өз үлесін қосады. Сол себептен мақал-мəтелдердің гендерлік қырын қарастыру барысында олардың ұлттық-мəдени астарын,рухани мəдениетінің қайнаркөздерін де ашу маңызды, өйткені əр мақал-мəтелдің астарынан халықтық дүниетаным, ұлттық философия, белгілі бір мəдени ақпаратты көре аламыз. Біле білсек, əр мақалдың өзінің шығу тарихы болады, ол өз кезегінде сол халықтың рухани құндылықтарының негізінде пайда болып, қалыптасып белгілі кездегі халық тарихының айнасы іспеттес.

Əйел затының қоғамдағы,отбасындағы əлеуметтік-мəдени рөлін екі халықтың мақал-мəтелдерінен анық аңғаруға болады.Əйелдің қай қасиеттерін жоғары бағалап,пір тұтып,оны неге теңегенін көреміз. Осыдан халықтық дүниетанымдағы əйел бейнесіне шығамыз.Қазақ халқының «əйел» затына деген көзқарасын төмендегі мақал- мəтелдерден анық байқай аламыз:

Жақсы əйел жаман еркекті адам етеді; Жақсы əйел жаман еркекті би етеді; Жаман əйел жақсы еркекті құл етеді; Жақсы əйел жаман еркекті түзетеді, Жаман əйел жақсы еркекті жүдетеді;

Жақсы əйел өміріңді ұзартады, Жаман əйел үстіңе тұз артады; Жақсы əйел жарының жақсысын асырады, Жаманын жасырады.

Алған жарың жақсы болса, Жұмақтағы хормен тең. Жаман болса, Маңдайға біткен сормен тең; Жақсы əйел-жарым бақыт;

Жаман əйел жақсы еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді, Жақсы əйел жаман еркектің көрдегі басын төрге сүйрейді.

.
.

Жоғарыда келтірілген мақалдардан қазақ халқы əйел затын жақсы,жаман деп екіге бөліп бағалағаны көрінеді. Жақсы əйел жаман, нашар, білімсіз күйеуін тəрбиелеп, жөнге келтіріп адам ететіні сөз етіледі. Керісінше жары жаман болса, жақсы ер азаматты тұңғиыққа жетелеп, асыл қасиеттерінен бездіріп, көрге сүйрейтіні айтылады: «Жаман əйел жақсы еркектің төрдегі басын көрге сүйрейді, Жақсы əйел жаман еркектің көрдегі басын төрге сүйрейді» — деуінің өзінде үлкен астар жатыр. Себебі «төр»-қазақ халқының санасында аса жоғары, құрметті орын. Ал «көр»-өмірден қайтқанда адамды жерлейтін орын. Демек əйел затының қоғамдағы рөлінің жоғары болғаны,себебі ер адам екі халық дүниетанымында да ел басшысы, отбасының қамқоршысы, асыраушысы бейнесіне баланады.Ал əйел ер адамның өмірлік жолында оған күш-жігер, қайрат беріп отыратын ерекше бір қасиетке ие адам-отбасы ұйтқысы, жарының жартысы, бала тəрбиелеуші.

«Ер егіз болады, еңбек жалғыз болады» дегенде ер егіз болады дегені көргенді жерден, тəрбиелі қыз алса,өзіне адал жар болса, ерінің жоғын білдірмей қонағын оң қабағымен қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салып отырса, егізің сол болғаны. Еңбекті жалғыз деген-ол да əйелден. Көргенсіз жерден қыз алсаң,от басыңның күлін шашып, келген қонағында ішке тартпай, сыртқа тепсе, қанша көпшіл болып, қанша еңбектенгенімен жалғыз қаласың деген мағынада айтылған. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық,ерте тұрған əйелдің бір ісі артық»-мақал- мəтелінің айтар ойы еркек ерте тұрса үйге ырыс келеді, ол түзде жүріп отбасының қамын қамдайды, ал ерте тұрған əйелдің онсыз да отбасы, үй ішіндегі жұмыстарының бітпейтіні келтіріліп, ерте тұрса бір ісі бітіп тұрады дегенді білдіреді. Мақал-мəтелдердің гендерлік қырын сөз еткенде біз «əйел» жəне «еркек» бинарлық жұбының жағымды, жағымсыз қылықтарын сипаттайтын мақал-мəтелдерді, бейтарап реңкі бар мақал-мəтелдерді жəне олардың қоғамдағы орны,қызметі,əлеуметтік статусын, ана-бала жəне ата-бала, əке-ұл, ана-қыз арасындағы қатынастарды айқындайтын мақал-мəтелдерге талдау жасамақ ойымыз бар.

Қазақ мақал-мəтелдерінен қазақ менталитетіне «əйел» концептісін қабылдауда тəн əйел затының орнының ер адамнан бір саты төмендігі, бағыныштылығы көрініп тұрады. Мысалы, қазақтың төмендегі мақал-мəтелдері оған дəлел бола алады: Астындағы атыңа Қойныңдағы қатыныңа сенбе; Жаңа байдан қарыз алма, Қатыныңа сырыңды айтпа; Бір қатынның айласы қырық есекке жүк болған; Байтал жүйрік, парқы жоқ Қатын шешен, нарқы жоқ. Байтал шауып бəйге алмас. Əйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа. Бұлттан шыққан күн ащы, Жаман қатынның тілі ащы. Жоғарыда айтылған ой қазақтың келесі мақалынан көрініс табады: «Екі əйел базар, үш əйел жəрмеңке»-екі əйел қосылса базар дегені олар қосылып бір ауылдың өсек-аяңын, əңгімесін айтады, ал үш əйел қосылса жəрмеңке деп отырғаны олар үшеу болғанда бір ауыл емес бір аудан, аймақтың өсегін,əңгімесін сөз ететіні меңзеліп отыр. Жəрмеңке үлкен аймақта сауда-саттық саудагерлер келеді. Қызу əңгіме, өз, өсек-аяң сол жерде болады. Жақсы əйелдің қолы ұзын, Жаман əйелдің тілі ұзын. Аталмыш мақалдың мағынасы алған жарың жақсы болса айналадағы адамдармен жақсы араласып, сыйласып таныстары көп болады. Ал əйелің нашар болса, сөзі көп, айналасындағылармен сыйыса алмайтын ұрысқақ болады деген оймен айтылған. Қазақтың төмендегі мақал-мəтелдері əйел мен еркектің бір-бірін толықтырып отыратынын, еркек отбасының басы болса, əйел оны басқарып-бағыттап отыратын мойны екенін көрсетеді: Екі жарты-бір бүтін, Ерлі-қатын-бір түтін; Əйел мойын,еркек бас; Əйел-үйдің негізгі кілті дей отырып, ағылшындар əйелдің отбасындағы, бала тəрбиелеудегі ролін баса айтады жəне жанұядағы тыныштық пен татулықтың негізгі ұйытқысы əйел заты екенін білдіреді. Жоғарыда келтірілген қазақ мақал-мəтелдерінен біз «əйел» жəне «еркек» концептілерінің гендерлік қырын сипаттауда əр ұлттың өзіне ғана тəн ерекшеліктері, оның рухани мəдениеті, тарихи қайнар көздері, ұлттық дүниетанымы жəне менталитетінің ықпалының зор екенін атап айтқымыз келеді. Алайда дүниенің паремиологиялық бейнесіндегі «еркек-əйел» бинарлық жұбы кез келген халықтың дүние суретінде бейнеленген əмбебап құбылыс жəне адамат тіршілігінің іргетасы болып табылатындықтан,аталмыш тілдердегі мақал-мəтелдерде «əйел» жəне «еркек» бинарлық жұбының қоғамдағы алатын орнын,олардың отбасыдағы рөлін,жағымды- жағымсыз қылықтарын сипаттауда ортақ ұйтқысы, бала тəрбиелеудегі рөлі баса айтылады,ал «еркек» затының орнының түзде, отбасын асырау шеңберінде өрбитінін көрсетеді. Сонымен қатар ағылшан жəне қазақ мақал-мəтелдерінен ер адамның позициясы əйел затынан бір саты жоғары есептелетіндігін анық аңғарамыз. Дегенмен де, əр жақсы ер адамның өмірінде оның белгілі дəрежеге жетуіне жетелейтін жақсы жардың, əйел затының орны да айрықша бағаланған. Бұл да екі халықтың əйел затын қастерлеп, құрметтеп, оның адамзат баласының өміріндегі елеулі рөлін жоғары бағалағандығының маңызды бір көрсеткіші. Қорытып айтатын болсақ,біз мақаламызда «əйел» жəне «еркек» бинарлық жұбының қамтитын көп мазмұнды қатынастарының тек біреуіне ғана шолу жасадық, себебі «ата-ана», «əке-шеше», «əйел-күйеу», «қалыңдық — күйеу жігіт», «келін-күйеу», «келіншек-ер азамат», «қыз-жігіт», «қыз-ұл» сияқты қатынастарды қамтитын тұрақты тіркестер екі тілде де баршылық. Қазақ мақал-мəтелдерінің гендерлік қырын-зерттеу-əлі де тың ізденістер қажет ететін өзекті тақырыптардың бірі. Сондықтан алдағы уақытта бұл тақырыпты тіл біліміндегі соңғы зерттеу материалдарымен толықтыра отырып,жан-жақты саралау біздің мақсатымыз болып табылады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.