Тілдік таңбаның табиғаты

Главная » Рефераттар » Тілдік таңбаның табиғаты

Жалпы лингвистикадағы көптеген шығармаларда айқын немесе жасырын түрде қабылданған тілдік таңба туралы ілім өз бастауын Ф. де Соссюрден алады. Сондай-­ақ, Соссюрдің таңба табиғаты кездейсоқ деген қағидасының айқын көрінісі болмаса да, ол ешкімнің тарапынан дау туғызбайтын қарапайым ақиқат ретінде қабылданды. Бұл тұжырым тез арада мойындалды. Таңбаның табиғаты немесе тілдің қасиеттері жөніндегі кез келген әңгіме тілдік таңбаның кездейсоқ сипаты туралы мәлімдеме жасаудан басталады. Бұл ұстанымның маңызды болуы соншалықты, лингвистиканың қай қырын сараласақ та ол алдымыздан шығады да отырады. Осы ұстанымға барлығының сілтеме жасауы фактісі және оның әрдайым көзге ұрып тұрған факт ретінде қабылдануы — Соссюрдің өзі оны қай мәнде ұғынғанын және дәлел ретінде келтірген деректерінің табиғатын түсінуге итермелейді.

.

«Жалпы лингвистика курсында» 31 бұл анықтама өте қарапайым уәжделеді. Таңба деп «таңбалаушының ассоциациясының (= акустикалық бейненің) және таңбаланушының (= ұғымның) нәтижесі болып табылатын тұтастықты…» атайды. «Мысалы, «әпке» ұғымы оның таңбалаушысы болып табылатын s­ö­r дыбыстар тізбегімен іштей ешбір байланысы жоқ; бұл ұғымды дәл осылай кез келген таңбалаушы да жеткізе алады, оны тілдердің арасындағы айырмашылықтар және әртүрлі тілдердің бар болуы дәлелдей алады: мысалы, «бұқа» деген таңбаланушы үшін таңбалаушы ретінде, шекараның ар жағында b­ ö­f (bœuf), басқа жағында — o­k­s (Ochs) көрініс алады» (102­6.). Бүл «таңбалаушы мен таңбаланушыны біріктіріп тұрған байланыстың кездейсоқ» немесе, қарапайым түрде, — «тілдік таңба — кездейсоқ» дегенді білдіреді. «Кездейсоқ» дегенді автор «ол уәжсіз, яғни нақты әлемде ешқандай табиғи байланысы жоқ таңбаланушыға қатысты ол кездейсоқ» деп түсінеді (103­6.). Яғни, бүл қасиет өзін дәлелдеп тұрған деректі, нақты айтсақ, қайсыбір ұғымды жеткізетін сөздердің уақыт пен кеңістікте өзгеріп тұруын, яғни онымен еш қаңдай міндетті байланыста болмау дерегін түсіндіруге міндетті.

Біз осы қорытындыны басқа анықтамалардың негізінде немесе басқа ұстанымдардың пайдасына шешілуін қаламаймыз. Мәселе осы тұжырымның табандылығын анықтауға және таңбаның қос қырлылығын мойындаудан (біз оны мойындаймыз) таңбаның міндетті түрде кездейсоқ сипаты туындайтынын тексеруге байланысты болып отыр. Ілгеріде біз Соссюрдің тілдік таңба таңбалаушы мен таңбаланушыдан құралады деген пікіріне және, бұл өте маңызды жайт, «таңбаланушыны» ұғым деп танығанына көз жеткіздік. Оның өз сөздері мынадай: «Тілдік таңба зат пен атауды емес, ұғым мен акустикалық бейнені біріктіреді» (100­6.). Бірақ артынша, таңбаның табиғаты кездейсоқ деген пікір айтады, өйткені оның таңбаланушымен «нақты өмірде ешқандай табиғи байланысы» жоқ. Бұл пікірдің жаңсақтығы көзге көрініп тұр, өйткені мұнда санадан тыс және жасырын түрде бастапқы анықтамада болмаған үшінші терминге сілтеме жасалады. Бұл үшінші термин — заттың өзі, яғни нақтылық. Соссюр «әпке» ұғымының s­ö­r деген таңбалаушымен байланысы жоқ деген пікір айтса да, ол дегенмен де осы ұғымның нақтылығы туралы ой айтады. В­ö­f (франц. «бұқа») және o­k­s (нем. «бұқа») арасындағы айырмашылық туралы айтқанда, ол осы екі сөз бірдей нақтылы затқа қатысы бар деген дерекке сүйеніп, өзіне өзі қайшы келеді. Тап осы жерде зат, бұйым, алғашында анықтамадан ашық түрде шығарылып тасталған болса, бұл жолы оған жасырын түрде еніп алып, осы анықтамада үнемі қайшылық туғызып отырады. Өйткені, шындық пен әділдік тұрғысынан келіп, тіл — субстанция емес, форма — деп танылса, онда — Соссюр да бұл туралы ашық айтады — лингвистиканы тек қана формалар туралы ғылым дегенді де мойындауымыз қажет. Сондықтан да әпке немесе бұқа «субстанциясын» таңба ұғымынан шығарып тастау қажет болады. Шынында да, бір нақтылы заттың бір жағынан böf — пен, екінші жағынан oks — пен байланысы ­ «бұқа» жануарына зат ретінде, оның нақты және «субстанциялық»ерекшелігі ескеріліп, ойша қараған жағдайда ғана кездейсоқ деп саналады. Сонымен, Соссюрдің тілдік таңбаны анықтау тәсілі мен оған үстейтін табиғаты арасында қарама­қайшылық бар.

.

Соссюрдің, әдетте, қатаң пайымдары ішіндегі тұжырымның мұндай уәжсіз болуы, менімше, оның сыни назарының әлсіреуінен деуге болмайды. Мен бұл жерде XIX­ ғасырдың аяғына тән тарихи және релятивистік ойлау тәсілінің ерекше нышанын, салыстырмалы танымның философиялық ойлау формасына деген кәдімгі сый­құрметін байқайтын тәріздімін. Бір ғана құбылыстың әртүрлі халықтардың арасындағы әсерін зерттей келе, ол туралы шексіз әртүрлі көзқарас пен пікірлерді байқап, қандай да бір қажетті байланыстың жоқтығы туралы тұжырым жасауға бейім тұрамыз. Жалпыға ортақ ұқсастықтың жоқтығын негізге алып, жалпыға ортақ кездейсоқтық туралы тұжырым жасалады. Соссюрдің тұжырымдамасы белгілі бір дәрежеде ойлаудың осындай жүйесіне жатады. Бір елде жануардың атауы böf, басқа елде oks болғандықтан, тілдік таңбаны кездейсоқ деп білу, қайғы ұғымы да «кездейсоқ» деумен барабар, өйткені, оның символы Европада қара түс, ал Қытайда ақ түс. Ия — кездейсоқ, бірақ Сириустан қараған сырт көз үшін немесе сырттан тұрып, объективті нақтылық пен адамның мінез­құлқы арасындағы байланысты белгілеумен шектелетін, сондықтан да одан тек кездейсоқтықты ғана көруге өзін­өзі мәжбүрлейтін адам үшін ғана ол кездейсоқ. Әрине, нақтылы бір затқа қатысты атаулардың барлығының да дәрежесі тең, сондықтан да олардың бар болуы, олардың ешбіріне де жалғыз ғана абсолютті атау деп қарауға болмайтынын дәлелдеп тұр. Бұл дұрыс. Тіпті, бұл өте дұрыс, сондықтан да кәдімгі. Шын мәніндегі терең мәселе — басқада. Оның мәні — тек қана сыртқы қыры қабылданатын құбылыстың ішкі құрылысын тануда және оның барлық көріністер жиынтығына тәуелді болуын сипаттау.

Тілдік таңбаға оралайық. Таңбаның бір құрамды бөлігі, яғни дыбыстық бейне — таңбалаушының көрінісі болып табылады; басқа бөлігі, яғни ұғым — таңбаланушының көрінісі. Таңбалаушы мен таңбаланушының арасындағы байланыс кездейсоқ емес; керісінше, ол қажетті. «Бұқа» («таңбаланушы») ұғымы менің санамда міндетті түрде bof дыбыстық кешенімен («таңбалаушымен») барабар келеді. Ал басқаша болуы мүмкін бе? Олар менің санамда бірге жатталып, кез келген жағдайда бірге тұрады. Олардың арасындағы симбиоздың соншалықты тығыз болуын, «бұқа» ұғымының bof дыбыстық бейнесінің жанындай болуынан байқауға болады. Атауын алмаған ұғымдар тәрізді санада да қуыс форма деген болмайды. Соссюрдің өзі былай дейді: «Психологиялық тұрғыдан алғанда біздің ойлауымыз, егер оның тілдік көрінісіне абстрактылы түрде қарасақ, формасыз (аморфты) және түсініксіз масса болып табылады. Таңбаның көмегінсіз бір ұғымды басқа ұғымнан нақты және үнемі ажырата алмайтынымызды философтар мен лингвистер бірауыздан мойындайды. Таза күйіндегі ойлау міндетті түрде шекарасы белгіленбеген қандай да бір шоқжұлдыз тәрізді. Онда алдын ала тұрақталған идеялар болмайды және тілдің пайда болуынан бұрын ештеңе де тұлғаланбаған» (161­6.). Екінші жағынан алғанда, ақылымыз анықтауға келетін қандай да бір түсінікке негіз болатын дыбыстық форманы ғана қабылдайды; басқаша болған жағдайда, ақыл оны бөтен немесе белгісіз нәрсе ретінде қабылдамай тастайды. Демек, таңбалаушы мен таңбаланушы, акустикалық бейне мен ойдағы түсінік іс жүзінде бір ғана ұғымның екі қыры болып шығады және бірге тұрғанда мазмұн мен түр сияқты болады. Таңбалаушы — идеяның (ойдың) дыбыстық аудармасы, таңбаланушы — таңбалаушының ойдағы сыңары. Таңбалаушы мен таңбаланушының мұндай біріккен субстанциясы таңбаның құрылымдық тұтастығын қамтамасыз етеді. Тіл туралы айтқанда Соссюр тағы да біздің назарымызды осы бір жайтқа аударады: «Сондай­ақ тілді қағаз парақпен салыстыруға болады: ой — үстіңгі беті, ал дыбыс — астары; үстіңгі бетті, астарына тигізбей қиюға келмейді. Тіл де сол сияқты: ойды дыбыстан, сондай­ақ дыбысты ойдан ажыратуға болмайды; бұған тек абстракция жолымен қол жеткізуге болады, ал ол міндетті түрде бізді таза психологияға немесе таза фонологияға ұрындыр еді» (163­6.). Бұл жерде Соссюрдің тілге қатысты айтқандарының бәрі, ең әуелі, тілдің басты қасиеттері даусыз көрініс табатын, тілдік таңбаға қатысты айтылған.

Енді біз «кездейсоқтық» саласын көріп тұрмыз және оның шекарасын да анықтай аламыз. Кездейсоқтық дегеніміз нақты болмыс элементіне (басқа бір элементке емес) белгілі бір нақты таңбаның (басқа таңбаның емес) тіркесуі болып табылады. Осындай, тек қана осындай мағынада кездейсоқтық туралы айтуға болады, және бұл мәселені шешу үшін қажет емес, тек қана оны белгілеп, уақытша айналып өту үшін ғана керек шығар. Өйткені бұл мәселе әйгілі: φύσει немесе θεσει? — дің өзі, және де ол белгілі бір пікірді қабылдау арқылы ғана шешілуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл лингвистика тіліне аударылған ақыл мен болмыстың біріне­бірі сай келуі туралы философиялық проблемадан басқа ештеңе де емес. Лингвист болашақта онымен айналысып, нәтиже шығаруы да мүмкін, бірақ әзірше оған тиіспеген жөн. Лингвист үшін қатынасты кездейсоқ деп тану ­ осы мәселеден құтылудың амалы және сөйлеушінің өзі инстинкті түрде табатын шешімнен қашу болып табылады. Сөйлеуші үшін тіл мен нақты әлем барабар: таңба нақтылықты толығымен қамтып, оған үстемдік етеді; тіпті осы нақтылықтың өзі (nomen omen, табу сөз, сөздің сиқырлы қуаты, және т.б.) болады. Шындығын айтқанда, сөйлеуші пікірінің лингвист пікірінен алшақтығы соншалықты, соңғының таңбалаудың кездейсоқтығы туралы жасаған тұжырымы, сөйлеушінің кері көзқарасына әсер ете алмайды. Қалай болғанда да, тілдік таңбаның табиғаты соссюрше анықталғанда ашылмай қалады, өйткені бұл анықтаманың ерекшелігі тек таңбалаушы мен таңбалаушының қатынасын қарастыруға ғана жарамды. Сонымен, кездейсоқтық саласы тілдік таңбадан тыс қалады.

Бұл жағдайда ономатопоэтикалық және экспресивті сөздерге арқа сүйеп (Соссюр, 103­104 бб.), «кездейсоқтық» ұстанымын қорғаудың өзі артық болады. Артық болуы олардың қолданыс аясының тарлығына және экспрессивтілік әсерінің мәні өтпелі, субъективті, көбіне онша маңызды болмауына ғана байланысты емес, ең бастысы, ономатопея немесе экспресивті сөз арқылы бейнеленген нақтылықтықтың қандай болуына қарамастан, осы нақтылықтың тура көріністері берілмейді, олар жүйенің кәдімгі таңбаларына тән символдық шарттылықтың арқасында ғана қабылданады. Сонымен, біз бұл жерде де, кез келген таңбаға тән анықтама мен қасиеттерге жолығамыз. Мұнда да кездейсоқтық материалды әлемнің құбылысына немесе нысанына қатысты ғана өмір сүреді және таңбаның ішкі құрылымының факторы болып табылмайды.

.

Енді талдауға түскен осы ұстанымнан Соссюрдің маңызды нәтижелерге жеткізуі мүмкін кейбір салдарларына қысқаша тоқталайық. Мысалы, ол таңбаның бірмезетте тұрақты және өзгермелі болуын жақсы көрсетті: таңба өзгермейді, өйткені ол өзінің кездейсоқтығына байланысты қандай да бір саналы қалып тұрғысынан жасалатын әсерді қабылдамайды; таңба өзгермелі, өйткені ол кездейсоқ болғандықтан үнемі өзгеріс үстінде болады. «Тіл — әрбір сәтте таңбалаушы мен таңбаланушының арақатынасын өзгертіп отыратын күштерден қорғануға мүлде қауқарсыз. Бұл таңбаның кездейсоқ болуының бір салдары» (112 б.). Егер бұл жерде қандай қатынас екенін нақтылайтын болсақ, бұл түйіннің құндылығы еш кемімей, керісінше, арта түсер еді. Өйткені бір мезетте өзгеру және тұрақты болу қасиеті таңбалаушы мен таңбаланушының қатынасына емес, таңба мен заттың арасындағы қатынасына тән, басқаша айтсақ, әртүрлі тарихи факторлардың ықпалына түсетін таңбалаудың заттық уәжділігі (motivation objective de la designation) болады. Соссюр түйіні таңба үшін емес, мағына (signification) үшін дұрыс болып саналады.

Таңбаның анықталуына қатысты тағы бір маңызды мәселе — Соссюр өзінің пікірінің дәлелін таппақ болған маңыздылық мәселесі: «…белгілі бір ойды атау үшін белгілі бір дыбыстық бөлік кездейсоқ таңдалып алынады. Егер басқаша болатын болса, маңыздылық ұғымы өзінің кейбір сипатын жоғалтар еді, өйткені оның құрамында қандай да бір сырттан енгізілетін элементтің кірігуі мүмкін» (163 б.). Бұл тұжырым жіктеп талдауға тұрарлық. Ұғымды атайтын дыбыстық бөлік тіпті кездейсоқ түрде таңдалмайды; оған сай келетін ой болмаса, дыбыстық бөлік де болмаушы еді, және керісінше де осылай. Соссюр «ұғым» («ой») туралы айтып отырса да, шын мәнінде оның ойында нақты зат тұр және ол таңбаланатын зат пен таңбаның арасындағы байланыстың қажетсіздігін, уәжсіздігін мегзейді. Түсініктерді шатастыру дәлелін мына сөйлемнен көруге болады, мен мұнда бізді қызықтыратын тұстың астын сызып қойдым: «Егер басқаша болатын болса, маңыздылық ұғымы өзінің кейбір сипатын жоғалтар еді, өйткені оның құрамында қандай да бір сырттан енгізілетін элементтің кірігуі мүмкін». Бұл ой тұжырымда сырттан енгізілетін элемент, яғни объективті нақтылық қатынастың өзегі болып саналады. Бірақ егер таңбаға таза күйінде, яғни маңыздылықтың иегері ретінде қарайтын болсақ, онда кездейсоқтықтың міндетті түрде болмағаны. Соңғы тұжырымның өзін­өзі жоққа шығарып тұрғаны анық байқалады, өйткені маңыздылықтардың толығымен «шартты» екені әділ болса да, мәселенің бәрі олардың қалай және нелерге қатысты шартты екенін анықтауға тіреледі. Сонымен, мыналарды анықтаймыз: маңыздылық — таңбаның элементі болып табылады; егер таңбаның өзі кездейсоқ болмаса, оны біз анықтадық деген сенімдеміз, онда «маңыздылықтың «шартты» сипаты да таңбаның «шартты» табиғатына тәуелді емес. Ал таңбаның нақтылыққа сәйкес болуы талдауда ескерілмейтіндіктен, біздің маңыздылықты субстанцияның емес, тек форманың атрибуты ретінде тануымызға негіз бар. Демек, маңыздылықтар «шартты» деген пікір, олардың өзара қатынасы да осындай сипатқа ие деген сөз. Ал бұл олардың қажеттілігінің дәлелі емес пе? Біз бұл жерде оқшауланған таңбамен емес, таңбалардың жүйесі болып табылатын тілмен жолығамыз, және ешбір адам тілдің жүйелі құрылымын дәл Соссюрдей айқын түсініп, сипаттаған емес. Жүйе туралы айтқанда, құрылымда өзінің элементтерінен жоғары тұратын және оларға негіз болатын бөліктердің орналасу тәртібі мен олардың сәйкесуі туралы сөз болуы тиіс. Ондағылардың бәрі де соншалықты қажет, бүтіннің не бөліктің өзгеруі өзара байланысты болады. Үнемі бұзылу қаупі төнген және үнемі өз қалпына оралып отыратын синхронды жағдайдағы жүйеде маңыздылықтардың шарттылығы олардың өзара тығыз тәуелділікте болатынын дәлелдей алады. Өйткені маңыздылықтардың мәні олардың өзара қарама­қарсы болғанында ғана ашылып, олардың ерекшеліктері негізінде анықталады. Біріне­бірі қарсы қойылғанда, олар өзара қажетті қатынас жағдайында тұрақтайды. Қисынға сүйенсек, қажеттілік қарама­ қарсылықты талап етеді, өйткені қарама­қарсылық қажеттіліктің айқындалу формасы. Тіл кездейсоқ бұлыңғыр ұғымдардың және қалай болса солай айтылатын дыбыстардың жиынтығы емес, өйткені кез келген құрылым тәрізді оның құрылымына іштей қажеттілік тән болады.

Демек, тілге тән кездейсоқтық нақтылықтың дыбыстық рәмізі ретіндегі атаудан көрінеді де осы рәміздің нақтылыққа деген қатынасын білдіреді. Бірақ жүйенің бастапқы элементі — таңба — таңбалаушы мен таңбаланушыдан тұрады, олардың байланысын қажетті деп тану керек, өйткені, өзара өмір сүріп, олар бір субстанцияда қосылады. Өз кезегінде, осылай ұғынылатын тілдік таңбаның абсолютті сипаты, маңыздылықтардың үнемі қарама­қарсылығының диалектикалық қажеттілігін талап етеді және тілдің құрылымдық принципін құрайды. Болашақтағы дамуына қызмет ететін қайшылықты тудыратын қабілет, кез келген ілімнің жемістілігінің ең жақсы дәлелі болуы да мүмкін. Таңбаның шынайы табиғатын жүйелілік негізде Соссюрден кейін қалпына келтіре отырып, біз соссюрлік ойдың жүйелілігін де нығайтамыз.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.