ТМД елдерінің Еуразиялық ықпалдасу үрдісі

Главная » Рефераттар » ТМД елдерінің Еуразиялық ықпалдасу үрдісі

жағдайына да әсер етіп отыр. Әсіресе, бұл үрдіс ТМД елдерінің даму жағдайына ықпал етіп отырғаны айқын. Осы орайда бұрынғы одақтас республикалар арасында қалыптасқан ықпалдастық үрдісіне ерекше тоқталу қажет. КСРО ыдырағаннан кейін посткеңестік мемлекеттер арасындағы жан-жақты қарым-қатынас үрдісі еуразиялық ықпалдасу бағытында қалыптасып, дамыды. Дегенмен, Украина, Грузия, Молдова еуразиялық ықпалдасудан гөрі еуропалық векторға көп көңіл бөледі. Беларусь болса, посткеңестік республикалар арасында болып жатқан ықпалдасу үрдісінің ең белсенді қатысушы-мемлекеті болып табылады. Ол ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ қатарындағы елдердің бірі. Ал, Өзбекстан мен Түрікменстан сияқты Орта Азия елдері еуразиялық кеңістіктегі ықпалдасу үрдісіне арласулары Беларусь Республикасындай емес. Бұған аталған мемлекеттердің сыртқы саясатындағы ұстанатын бағыттарының өзгешелігі әсер етті. Еуразиялық жобаға Қырғызстан мен Тәжікстан тарапынан қолдау көрсетілді. Кейбір посткеңестік елдер әлі де еуразиялық ықпалдасуға онша назар қоймай келеді. Мәселен, Армения мен Әзірбайжан осындай «күту» жағдайындағы мемлекеттер.

ТМД елдерінің аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын (ҰҚШҰ) құру болды. Бұл ұйым 1992 жылы ТМД шеңберінде Достастық елдерінің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әскери-саяси ынтымақтастықты нығайту мақсатында құрылды.Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа ресми түрде 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында қол қойылды. Келісімге ТМД-ның алты мемлекеті: Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан қол қойды. Кейіннен Беларусь қосылды. Ұйымның жоғарғы органы – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі. Сонымен бірге, өкілетті өкілдерден тұратын Тұрақты Кеңес, Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі, Қауіпсіздік кеңестер хатшылық комитеті, ұйымның бас хатшысы, ұйым хатшылығы қызмет жасайды. Аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруда ҰҚШҰ-ның маңызы зор. Қазақстан тек Орталық Азия аймағында ғана емес, Еуразия аймағында да ықпалдастыққа ұмтылуда. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының алатын орны ерекше. Ол бүгінгі күні қол жеткізген нәтижелерімен ерекшеленеді. Олар: аумақтық мәселені шешу; лаңкестікке қарсы күрестегі жетістіктер; әскери саладағы тығыз ынтымақтастық; басқа халықаралық ұйымдармен байланыс орнату; экономикалық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы нақты жобалар.

1996 жылы 26 сәуірде Шанхайда бес мемлекет – Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан «Шекара аймағында әскери салада сенімді бекіту туралы келісім шартқа» қол қойып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) негізін қалады. Сол кезде ұйым «Шанхай бестігі» деп аталғанымен, кейін 2001 жылғы саммитте «Шанхай бестігіне» Өзбекстанның қабылдануымен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деп аталды. Саммиттен кейін «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының құру туралы» Декларация жарияланды. Сонымен бірге «Лаңкестік, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы» деп аталатын тағы бір маңызды құжат қабылданды. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (бұдан әрі – АӨСШК) құру туралы идеяны ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы 5 қазандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында ұсынды. Ұйымның негізгі мақсаты – Азия аймағындағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты көп жақты қарым-қатынастарды орнату және осы мәселелерді шешу барысында ынтымақтастықты нығайту. І Саммитте екі маңызды құжатқа: Алматы актісі мен АӨСШК Терроризмді жою және өркениеттер арасындағы диалогқа қолдау көрсету туралы Декларацияға қол қойылды. Осы құжаттар негізінде АӨСШК Азиядағы дау-жанжалдар мен қақтығыстарды реттеу мақсатындағы форумға айналды. 2004 жылы қазан айындағы АӨСШК мүше елдерінің ІІ кездесуінде Сенім шаралар каталогы қабылданды. Бұл әскери-саяси, экономикалық, гуманитарлық және басқа салалардағы шаралар жиынтығынан тұрды. АӨСШК-ке мүше мемлекеттер басшыларының шешімімен Қазақстан Респу-бликасы Президентінің 1992 жылы БҰҰ 47-сессиясында кеңесті құру туралы идеясын қолдау ретінде 5 қазан Азия кеңесі күні болып жарияланды. АӨСШК аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторына айналды.

.

ШЫҰ мен АӨСШК тұрақтылық пен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жағынан мақсаттары мен міндеттері ұқсас құрылымдар. Бірақ бұл екі ұйым бірін-бірі қайталамайды, әрі бір-біріне қайшы келмейді. Керісінше Азиядағы қауіпсіздіктің ұжымдық жүйесін толықтырып отыр. Егер Шанхай ынтымақтастық ұйымы оған мүше мемлекеттердің нақты құқықтары мен міндеттемелеріне негізделген бірлестік болса, АӨСШК өзекті де өткір мәселелерді еркін талқылауға және оны шешу жолдарын іздеуге арналған кеңейтілген форум болып табылады. ШЫҰ мен АӨСШК Азия құрлығындағы қазіргі заманғы халықаралық қатынастардағы маңызды фактор ретінде танылып отыр. Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ) 2000 жылғы 10 қазанда Астана қаласында халықаралық экономикалық ұйым ретінде Кедендік Одаққа қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған ЕурАзЭҚ құру туралы шартқа сәйкес құрылды. ЕурАзЭҚ бастауы 1994 жылы Чолпан ата қаласында (Қырғызстан) Орталық Азия Одағы шеңберінде өткен Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекет басшыларының кездесуінде Біртұтас Экономикалық кеңістікті құру туралы қабылданған шешіммен байланысты.

.

ЕурАзЭҚ – бұл әлемдегі (құрлықтың 15 пайызын құрайтын) үлкен территорияға орналасқан, мол минералдық-шикізаттық қорға ие және айтарлықтай экономикалық әлеуеті бар (181 миллиондай тұтынушы тұратын) аймақтық ірі рынок. ТМД Статистикалық комитетінің есебінше, оның әлемдік ІЖӨ-дегі үлесі 2010 жылы 4,4 пайызды құрады. Қоғамдастық елдерінде әлемдегі барланған мұнай қорының 8,5 пайызы, табиғи газдың 25 пайызы, көмірдің 22 пайызы, тұщы су мен орман алқабының 20 пайыздан астамы орналасқан. ЕурАзЭҚ – өзара экономикалық іс-қимылды дамыту мақсатында құрылған халықаралық Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікті құру үдерістерін тиімді ілгерілету, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің әлемдік экономика мен халықаралық сауда жүйесіне интеграциялану барысындағы ісқимылын үйлестіру, экономикалық және гуманитарлық салаларда интеграцияны тереңдетуге байланысты басқа да мәселелерді жүзеге асыру жатады. Бұл халықаралық экономикалық ұйымға қазіргі кезде бес мемлекет мүше. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан. Өзбекстан ЕурАзЭҚ-қа 2006 жылы мүше болып енеді, алайда, 2008 жылы қазан айында ЕурАзЭҚ құрамынан шыққан.

2007 жылғы қазанда Беларусь, Қазақстан және Ресей мемлекеттері басшыларының Кеден одағын құру жөніндегі шешімі де маңызды кезең болды. 2010 жылдың 1 қаңтарынан Ортақ кедендік тариф пен Ортақ тарифтік және тарифтік емес реттеу ережелерін енгізу арқылы Кеден одағы жұмыс істей бастады. 2011 жылдың 1 шілдесінен Ресей, Қазақстан және Беларусьтің ішкі шекараларынан кедендік бақылау алынып, кедендік бақы-лау мен тіркеудің барлық түрі кедендік белдеудің сыртына шығарылды. Осылайша, Кеден одағы әлемдік өлшемдерге сай: ортақ кедендік территория, ортақ кедендік тариф және Кеден кодексімен іске кірісіп, онда посткеңестік аумақтағы тұңғыш ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясы (КТС) жұмысын бастады. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында интеграцияны тереңдетудің келесі сатысы 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған ЕурАзЭҚ «үштігінің» аясындағы Біртұтас экономикалық кеңістік (бұдан әрі БЭК) болды. Мұнда нарық қағидаттарына негізделген экономиканы реттеудің біртипті механизмін қалыптастыру, салық және ақша-кредиттік, валюта-қаржылық саясатты реттеу, тауарлар мен қызмет көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, тағы басқалар қарастырылған. Соңғы жылдары ЕурАзЭҚ-тың құқықтық базасы да нығая түсті. Мәселен, 2012 жылдың қаңтарында халықаралық шарттарға негіз қалайтын БЭК-тің шарт-құқықтық базасы қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ 2012 жылдың 2 ақпанында Кеден одағы мен БЭК-тің қызметін реттейтін орган – Еуразиялық экономикалық комиссиясы туралы шарт күшіне енді.

ЕурАзЭҚ-тың міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асыратын арнайы құрылымдары бар. Атап көрсеткенде, алғашқысы – Мемлекетаралық кеңес (МК). Бұл – ЕурАзЭҚ-тың жоғары органы. МК Кеден одағы мен БЭК «үштігінің» жоғары органы болып табылады. ЕурАзЭҚ-тың тұрақты қызмет ететін органы – Интеграциялық комитет. Оның құрамына ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттер үкіметтері басшыларының орынбасарлары енген. Комитет Алматы мен Мәскеу қалаларында орналасқан. Ұйымның келесі бір құрылымы – Еуразиялық экономикалық комиссия. Ол бұған дейін қызмет етіп келген Кеден одағы комиссиясын алмастырып отыр. ЕурАзЭҚ жанындағы тұрақты өкілдер комиссиясы болса, Интеграциялық комитет отырыстары аралығы кезеңінде ЕурАзЭҚ-тың ағымдағы жұмыстарын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы және ЕурАзЭҚ соты да жұмыс істеп келеді. Парламентаралық Ассамблеясы Ұйымға қатысушы елдер арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты үйлестіреді. Ал ЕурАзЭҚ соты Ұйым аясындағы дауларды шешетін мамандандырылған өңірлік орган болып табылады. Бұл құрылым өзінің жұмысын 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастады.

2012 жылы 19 наурызда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Мемлекетаралық кеңесінің және Еуразиялық Жоғары экономикалық кеңесінің Мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысы өтті. Бұл отырысқа ЕурАзЭҚ мүше мемлекеттер Президенттері және байқаушы мәртебесін алған елдер – Армения, Украина, Молдова Президенттері қатысты. Отырыс қорытындысында үш құжатқа қол қойылды. Олар: «Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты қайта құрылымдау туралы шарт жобасының жұмыс барысы туралы» Еуразиялық Жоғары экономикалық кеңесінің шешімі, Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысын бастау туралы ЕЖЭК шешімі және «Кеден одағына мүше мемлекеттерде паспорттық-визалық бақылауды оңтайландыру туралы» ЕЖЭК шешімі. Бұл отырыста, сондай-ақ, 2015 жылға қарай ЕурАзЭҚ Еуразиялық экономикалық одаққа айналатыны туралы мәселе көтеріліп, бұл бағытта жұмыстар жүргізілетіні айтылды. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың: «Қазақстан «әлемдік оқиғалардың көш соңында қалып қоймайды», керісінше, Қазақстан «Еуразияның бел ортасында тұрып, тез дами келе үш аймақтың – Қытай, Ресей және Мұсылман әлемдерінің арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарға дәнекершілік рөлді атқарады». «Біз – еуразиялық елміз, өзіміздің тарихымыз, өзіміздің болашағымыз бар. Сондықтан да, біздің моделіміз басқалардың ешқайсысына ұқсамайды. Ол әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін бойына сіңіреді», – деп айтқаны, қазіргі кезде Қазақстанның Шығыс пен Батыс арасындағы диалогты және өзаратүсiнiстiктi жаһандық деңгейде нығайтуда зор үлес қосуының мәнін нақты айқындап көрсетеді. Бүгінде халықаралық қоғамдастық біздің елімізді жаһандық үрдістерге беделді де ықпалды қатысушы ретінде танып білді.

Елбасының: «Менің Еуразиялық одақ туралы идеям ұлтаралық, мемлекетаралық мәселелер мен қайшылықтарды өркениетті түрде шешуді ұсынады. Халықтар интеграциясы саяси тәуелсіздігі мен этникалық біртұтастығын сақтау арқылы қазіргі заманғы мемлекеттілігі шын мәнінде еуразиялық кеңістіктің бейбіт дамуының саналы және өркениетті формуласы» дегені бар. Бұл Елбасының еуразиялық доктринасының стратегиялық мазмұнды екендігін айғақтайды. Шынымен, қазіргі кезде «жаңа қазақстандық еуразиялық идея бұрыңғыдай Батысқа қарсы емес, қайта Еуропамен бірге, қоян-колтық, мемлекетаралық және аймақаралық өзара ынтымақтастық пен ықпалдастықта болуды көздеді. Егер де бұрыңғы «Еуразияшылдық» қоғамдық ой дәрежесінде қалып қойса, Н. Назарбаев оны жаңа дәуірдің жасампаз Доктринасы дәрежесіне көтерді» [1].

.

Елбасы 2011 жылдың қазан айының 27-сінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Еуразиялық Одақ: Идеядан болашақтың тарихына» атты мақаласында еуразия идеясын ХХІ ғ. контексінде жаңаша саралай отырып, еуразиялық ықпалдасу бойынша болашақта жүзеге асырылатын нақты жоспарларды атап көрсетті. Мәселен, Елбасы онда Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы жүзеге асырылып жатқанын келешекте осы маршрут бойына Еуропа және Қытай рыноктарына тауарлар жеткізу мерзімін 3,5 еседен астамға қысқартуды қамтамасыз ететін заманауи көліктік-логистикалық жүйе түзілетінін айтады. Сонымен бірге, осы арада трансеуразиялық жүрдек темір жол желісін құру, «еуразо-оптимистер» мен «еуразо-скептиктердің» еркін пікір алмасуына мүмкіндік беретін мінбер орны – Еуразиялық Ассамблея құру, еуразиялық интеграцияның халықтық вертикалін нығайту мақсатында ЕурАзЭҚ Іскерлік кеңесінің арқауында Астанада Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің еуразиялық конгресін, Кеден одағы елдерінің шеңберінде Еуразиялық саудаөндірістік палатасын және «Еуразия-24» тәуліктік жаңалықтар арнасын құру туралы мәселелер де көтеріледі. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық кеңістіктің атқарушы органдарын Еуразия субматеригінің географиялық кіндігінде тұрған Астана қаласында орналастыруды ұсынады. Елбасы мұның себебін, Қазақстан үшін бұл айтарлықтай жүктеме, әрі ол Еуразия интеграциясы идеясының бастамашысы ретінде Қазақстанға әділетті ризашылықтың көрінісі болатынымен түсіндіреді. Елбасы аталған мақалада қазіргі уақытта Еуразиялық Одақ құру мәселесінде жиі көлденең тартылып жүрген маңызды мәселеге ден қояды. Ол – Еуразиялық Одақты КСРО-ның қайта қалпына келтірілуі деп ұғыну. Елбасы осы орайда былайша жауап береді: «Біз Еуразиялық одақты ашық жоба ретінде қарастырамыз. Оны кең ауқымды көлемде, мысалы, Еуроодақ-пен, басқа да бірлестіктермен өзара іс-қимылсыз елестетуге болмайды.

КСРО-ны ешқандай да «реставрациялау» немесе «реинкарнациялау» жоқ және болмайды да. Бұл тек өткеннің фантомдары, жорамалдары мен саудаға салулар. Және мұнда біздің Ресей, Беларусь және басқа елдермен көзқарастарымыз толықтай сәйкеседі. Қазіргі таңда «одақ» және «империя басқыншылығы» дейтін дүрлікпелі сөздерден үрейленуді еңсеру керек. Бұл туралы В. Путиннің «Известиядағы» өзінің мақаласында жазғаны маңызды. НАФТА шеңберіндегі Солтүстікатлантикалық интеграция да үш мемлекет – АҚШ, Канада, Мексикадан тұрады. Бірақ ешкім де АҚШ-тың империялық шамшылдығы туралы сөз қозғамайды. Кейбір батыс сарапшылары Еуразиялық одақ Қытай экономикалық экспансиясы дегеннен қорғану үшін құрылмақшы деп мәлімдеме жасағанда асығыстық танытып отыр. Мұндай мәлімдеменің шындықтан тым алшақ жатқанын айтуға тиіспін. Керісінше, ҚХР соңғы екі онжылдық бедерінде Ресей мен Қазақстанның да, Беларусьтің де стратегиялық әріптесі болып табылады. Біз интенсивті саяси үнқатысу және тығыз экономикалық ынтымақтастық ұстанып келеміз. Біз сондай-ақ ШЫҰ және АӨСШК шеңберлерінде тығыз іс-қимыл танытудамыз. Осымен бір мезгілде мен осыдан 17 жыл бұрын айтқан еуразиялық интеграция қағидаттарына әрбір қатысушы елдің ішкі дамудың тұрақтылығы, ұлттық экономикалық, несие-қаржылық және әлеуметтік саясаттың нәтижелілігі мен жауапкершілігі мәселелерін қосу аса маңызды» [2].

Сонымен, еуразиялық доктринаның іс жүзіне асуының қазіргі кезеңде қалыптасқан бірнеше алғышарттары бар: – еуропалық қауіпсіздік мәселесінің іс жүзінде еуразиялық қауіпсіздік мәселесіне айналуы. Біз жоғарыда атаған Елбасының мақаласында «бүгінгі таңда тұрақты еуропалық қауіпсіздікті азиялық қауіпсіздік өлшемінсіз алып қарау принциптік тұрғыдан мүмкін емес» делінген. Өйткені қауіпсіздік қазіргі таңда тек үлкен армиясы бар белгілі бір мемлекеттің әскери шапқыншылығын ғана емес, террористік шабуыл мүмкіндіктері мен этникалық және конфессионалдық әр түрліліктен туындайтын бүліншіліктерді де қамтиды. Мысалы, Ауғанстандағы әскери-соғыс операциялары немесе оның экономикасын қалпына келтіруде ЕҚЫҰ-на мүшесі болып табылатын 56 мемлекеттің 43-і тікелей немесе жанама байланыста болды. Мұның өзі Орталық Азиядағы бір мемлекеттің тағдыры Еуропадағы қаншама мемлекеттерге ықпалын тигізе алатындығын көрсетеді. – жаһандық экономика мен экология мәселесі. Қазіргі таңда бұл мәселелерді ЕҚЫҰ-ның көптеген мүшелері Г-8, Г-20, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы елдерімен бірге күн тәртібінің өзекті проблемалары ретінде талқылап келеді. Орталық Азиядағы тұрақтылықтың негізі болып табылатын іскерлік және қоғамдық топтар арқылы қаржы және экономикалық құрылымдардың осы аймақта дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Еуразиялық қауымдастықты қажет ететіні сөзсіз. Экологиялық мәселелерді шешуде Орталық Азия, Еуропа мен ЕҚЫҰ кеңістігіне кіретін елдердің ресурстарын бірге ұтымды пайдаланудың маңызы зор. – Батыс пен Шығыстың арасындағы тұрақтылық мен қауіпсіздіктің көпірі ретінде көлік – коммуникациялық потенциалын барынша пайдалану. Қазіргі таңда «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі, Қазақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы немесе ХХІ ғасырдың «Жібек жолын» қайта өркендету идеялары да бұл мәселеге Еуразиялық ұстанымды қажет етеді. – Ұлтаралық, дінаралық қатынастардың және терроризм мен экстремизмнің әлемдік тұрғыда өзекті мәселеге айналуы. Еуропадағы қалыптасқан құндылықтар жүйесі мен тез өсіп келе жатқан ұлттық диаспоралар арасындағы қайшылықтар, жасырын еңбек миграциясы,барған елде орналасқан ұлттық диаспоралар интеграциясы сияқты өзекті мәселелер туындады[1, 2]. Елбасы: «Біз, бірінші кезекте Еуразия кеңістігінде тек ғаламданған интеграция құрамыз. Бұл, біздің елдер мен халықтардың мүдделеріне қызмет ете алады. Бұл түпкілікті қираудан қорғайтын жалғыз жол және болуы мүмкін геосаяси қақтығыстармен әлеуметтік-саяси катаклизм үшін жалғыз кепілдік бола алады» [3], – деп айтқанындай еуразиялық ықпалдасу қазіргі жаһадану жағдайында аса маңызды болып табылады. Қорыта айтқанда, аймақтық еуразиялық ықпалдасу, яғни Еуразия кеңістігіндегі посткеңестік мемлекеттердің өзара интеграциялық қауымдастығы олардың әрқайсысының ұлттық егемендігі мен тәуелсіздігін, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтай отырып, болашақ даму бағытын бағамдауда маңызды рөл атқарады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.