Тоқтамыс хан

Главная » Рефераттар » Тоқтамыс хан

Тоқтамыс ханның өмірбаяны. Ақсақ Темір заманында Батыс Еуропа араб-парсы жиһанкездерінің назарын Еділ — Жайық, Орта Азияның қос өзені бойына ауған бір кезең болды. Осы өңір саясат пен тарихтың кіндігіне айналды. Шынында да Еуразияның ортасынан дүние жүзінің тең жартысын елеңдеткен ұлы тұлғалар шықты: Ақсақ Темір, Қамараддин, Орыс хан, Баязид, Дмитрий Донской, Мамай, Едіге, Тоқтамыс. Ақиқат пен әділетсіздік қашанда біте қайнасып қатар жүреді. Осынау тұлғалардың бірі әсіре дәріптелді, екіншілері орынсыз ғайбатталды. Әлбетте, әр елдің ұлы уақиғаларға өздерінің көзқарасы мен ұстанымдары болды, қашан да ақиқатқа кереғар саясат салқыны да әсерін тигізбей қоймады. Тарихи әдебиетте өзінің мақсат — мүдделері мен істеген істеріне орай дұрыс бағасын ала алмаған, қатарластарына қарағанда ғайбатты көбірек естіген тұлғаның бірі — Тоқтамыс хан. Әрине, оның өмірлік ұстанымдары мен саяси іс — әрекеттерінде бұлғақ, айнып — толқушылық, тіпті ақылға шетін кереғарлықтар аз болмады. Өзге жұртты қойғанда қазақ қауымы арасында да ол туралы пікір әліге дейін ала — құла. Мұхаметжан Тынышбаев өз еңбегінде «Қазақ Тоқтамысты жамандауын да қоймайды, көрсе бас шұлғып тоңқаюын да қоймайды» деген көнеден қалған қария сөзден мысал келтіреді. Алайда бөрі жон мықтылармен жағаласта ғұмыр кешкен Тоқтамыс бірінен-бірі өткен сегіз көкжал ұлымен Ұлы Дала төсінде тұлпар тұяғымен тарих жазған атақты тұлғалардың бірі екендігінің басы ашық. Тоқтамыс 1360 жылдардың шамасында Маңғыстау топырағында дүниеге келген. Жошының он үшінші ұлы әйгілі Тоқа — Темір әулетінен, Аталық шежіресі былайша түзіледі: Жошы — Тоқа — Темір — Өз — Темір -Той — қожа — Тоқтамыс (Тарих —  и гузида — ий нусрат — наме). Есімдердің әліптелуінде сәл — пәл ауытқушылық болғанымен, Әбілғазы баһадүр де осы тізімді ұсынады. 1257 жылы аяқталған Батыс Еуропаға «жеті жылдық» жорықтан кейін Бату бірнеше жаңа иеліктермен қатар Маңғыстау ұлысын інісі Тоқа -Темірге иелікке берді. Демек, Өз — Темірден бері қарай жүз жыл шамасында бұл әулет Маңғыстауды мекендеген. Ал Өтеміс қажы аталмыш ұлыстың тайпалық құрылымынан хабар береді: «Шырын, Барын, Арғын, Қыпшақ бұрыннан бері Тоқтамыс — оғланның ата — бабаларының елі еді» (Шыңғыс — наме). Демек, ХІІІ — ХІV ғасырларда Маң-ғыстау жұртының басым көпшілігі жоғарыда аталған рулар болғанында дау жоқ. Маңғыстау арқылы Алтын Орданы Орта Азиямен, Үндістанмен, Иран, Араб елдерімен жалғастыратын Сарай — Хорезм керуен жолы өтті. 1351 жылғы Дульцерт картасы мен 1375 жылы сызылған Котолон атласында Маңғыстау өлкесі арқылы өткен керуен жолында сегіз қала көрсетілген  Ал олардың ара — арасында жүздеген бекеттер мен қүдықтар болғаны белгілі. Демек, бүіп кезде Маңғыстау гүлденген өлке болған. Орыс ханнын Алтын Орда тағын жаулап алғаны туралы орыс жылнамаларында дерек жоқ. Араб, парсы жазбалары бұл уақиғаны хижраның 776 жылы деп көрсеткен, ал ол 1374 — 75 жылдарға сай келеді. Орыс хан өзіне карасты ұлыстар мен иеліктерден жасақ жиып, ләшкер түзегенде, Тоқтамыстың әкесі Тойқожа келмей қалған. Замандастары Орыс ханның мінезі қатал, бірбет болғанынан хабар береді. Ол Сарайға жорыққа шыққанда Маңғыстауға соғып, Тойқожаны өлтіреді. Жасөспірім оғлан Тоқтамысқа тиіспейді. Орыс хан Алтын Орда тағында ұзақ отыра алмай, 1376 жылы Сығнаққа қайтып оралды.Оның қаһарынан корыққан Тоқтамыс Ақсак Темірді сағалауға мәжбүр болды деп айтылып, жазылып келеді. Өтеміс қажы деректері Орыс хан Еділді тастап Сырға келгенде Тоқтамыстың Еділге қашқанын әңгімелейді. Мұны қашу емес, қазақ болу деп ұққан жөн. Өз қауымымен тіл табыса алмаған талапты оғландар жанына қырықтан кем емес ер — шора топтап, Алтайдан Арапат (Карпат) тауына дейін созылған кең далада ерлік танытып, атақ шығару сапарларына аттанатын болған. Мұны казақтану, қазақ болу, яки Еуропадағы рыцарлыққа ұқсас серілік деп білген. Олар әулетті билеушілерге жалданып қызмет еткен. Жекеленген қалаларды, иеліктер мен ұлыстарды басып алып, бек, әмір, қолбасы дәрежелеріне көтерілгендер де аз емес. Сарайдан Орыс хан кеткен соң, таққа шайбан Қан — бай деген отырды. Міне, Тоқтамыс осы ханды сағаламақ болды. Хан рай бермей, ордасына енгізбегенмен, Тан өзенінен қоныс береді. Тоқтамыс серіктерін жұмсап, сәлем айтып, астамшылығы өткен Мамайды күйретуге дайын екенін хабарлайды. Бұл ұсыныс ұнап қалған Қан — бай қопаңдап әскер жиып, артынан айнып қалады. Осыған орай «Шайбанның кеңесі көтінен кері кеңес» деген сөз калды деп мысқылдайды Өтеміс қажы. Осы жолы Токтамыс Қан — байдың жақын інісі Арабпен (орыс жылнамаларындағы Арабша) танысып, өмірлік дос болады. Ол Арал теңізі маңынан келіп, Көгедайды жайлап отыр еді. Шамасы, ол Орыс ханмен бірге келіп, не кері қайтпай жырылып қалған, не оған қарсы шығып, қандас туысы Қан — байдың шашбауын көтерген оғлан. Қалай болғанда да жақында ғана Қан — байды Сарай тағына отырғызып, күш алып, тынысы кеңіп тұрған кезі еді. Ол өзі құралпы оғлан Тоқтамысты қонақ қылып, алдына жүз қаралы жылкы салып, еліне қайтарады.  Бұл екі оғланды Орыс ханға қарсылық бастарын біріктірген сияқты. Арабтың оған басқа емес, жылқы сыйлауы — мыңғырған бай Той қожа ұлы Тоқтамыстың кедейленіп калғанын аңғартады. Шамасы, Орыс хан әкесін өлтіріп қана қоймай, мал — мүлкін тартып алған. Сол кездерде батыс, шығыс Дешті Қыпшақты ұстап тұрған қандастары Тока — Темір Орыс хан, шайбан әулетінің басы Қан — байлардан сүйеніш таппаған Тоқтамыстың Ақсақ Темірді сағалаудан басқа амалы қалмаған. Ол 1376 жылдың наурыз, сәуір айларында алғаш рет Ақсақ Темір ордасынан төбе көрсетті. Ақсақ Темірдің көктен іздегенін жерден берді. Дешті Қыпшақпен қарым — қатынас ширығып тұрған — ды. Бұл кезде Шағатай ұлысы Ақорда жұртын «көшпелі өзбектер» деп атайтын. Олар шекаралық аудандарда барымта — сырымтаны көбейтіп, қыздарды алып қашып, тыныштықты кетіртіп тұрған. Кеңесші диванның талап етуімен ішке сыналап еніп кеткен бұл көшпенділерді Ақсақ Темір екі рет қуып тастады. Ол ол ма, қар кетіп, аяқ ұзарысымен жалайырлар бүлік шығарып, Сары — Бұқа, Әділшақ Баһрам әмірлер қашып барып, Орыс ханның қолтығына тығылды (1376 жылы көктемде). Арада ашық жанжал бүгін — ертең бұрқ ете түскелі тұрған бір сәт еді. Дешті Қыпшақпен екі арада қалыптаскан осы жағдайда Тоқтамыстың келуі құдайдың жіберген көмегі сияқты болды. Өзі тасада отырып, екі тоқа -темірді бір — біріне айдап салып, Тоқтамыстың қолымен от күреуге кірісті. Оны патша ұлындай ғып киіндіріп, қажетіне алтын — күмісті аямай беріп, жанына жасақ сайлап, соңына ләшкер ілестіріп, дабыл сыйлап, қолына ту ұстатты да, Орыс хан тағына таласу үшін Түркістанға беттетіп салды. Тоқа — темір әулетінің басты тірегі әрі қамқоршысы бола отырып, баласындай балаға қарсы баруды ар көріп, Тоқтамыстың жолын бөгеуге өжет, батыр ұлы Құтлық — Бұқа оғланды шығарды. Сауран қызу майдан шебіне айналды. Бірнеше рет бетпе — бет келіп, жеңісе алмады. Ақыры Тоқтамыс қапысын тауып Құтлық — Бұқаны өлтіріп тынғанмен, өзі де оңбай жеңіліп, Ақсақ Темірге қашып келді. Ақсақ Темір Тоқтамыс жеңілмей, жеңіп қайтқандай ешбір ренішсіз қарсы алып, тағы да әскер жасақтап беріп Сауранға аттандырды. Бұл жолы Тоқтамысқа Орыс ханның тағы бір ұлы Тоқтақия қарсы шықты. Тоқтамыс тағы да оңбай жеңілді. Қашып келе жатып, соңынан қуған Қараншы батырдың оғы дәл тиіп, аяғынан қатты жараланды. Қолға түсетін болған соң, өзенге қарғып, қамыс арасына тығылды. Аксақ Темір көмекші ретінде жанына қосып берген Едіге — Барластың арқасында аман құтылды.  Кешікпей Ақсақ Темірдің ордасы орналаскан Самарқандтың іргесіндегі Кеш қаласына Орыс ханнан 100 кісілік жасақпен Кепек маңғыт пен Тулужан баһадүр бастаған елшілер келіп, Орыс ханның сәлемін жеткізіп келеді . «Тоқтамыс менің ұлымды өлтіріп, сенің иелігіңе кеп тығылды. Жауымды шығарып бер, болмаса тұрысатын жеріңді айт та, тез жет!». Тоқтамысты шығарып беру былай тұрсын, Орыс хан ұлысына өзі әскер бастап баратынын Ақсақ Темір мәлім етті. Шынында да, Ақсақ Темір ләшкерін шұбыртып келіп, Отырарға тоқтады. Орыс хан қолы Сауранға бекінді. Кешікпей дымқылды күздің сылбыр ақ жауыны басталды да, арты қарға айналып, ойламаған жерден суық түсті. Екі араның шиеленісін білектің күші, найзаның ұшымен шешісетін серт шақ амалсыз үш айға кері шегерілді. Азды — кемді қақтыстарға тойтарыс бере отырып, Ақсақ Темір Кешке қайтып оралды. 1377 жылы көктемде Тоқтамыс оғланды жолбасшылыққа алып, атқа қонып, калың ләшкерін ілестіріп шыққанда, Орыс ханның өлгені туралы хабар жетті. Бұл бір сұрағанға тілеген ұрымтал қолайлы сәт еді. Бірақ Ақсақ Темір қаралы елді шабуға бармады. Мұсылманшылығы ұстағаннан емес, қаралы елді шауып, Дешті — Қыпшақты ашындырып алам ба деп қорықты. Бұл бір Алтайдан Арапат тауына дейін созылған ұшы — қиырсыз ұлан — ғайыр, аламандық дәстүрде тәрбиеленген, болмашыға лап етіп тұтанып, лып етіп сөнетін тәуекелшіл ел — ді. Сетінеп бөлініп өз бағын өзі ортайтып отырған, намыс үстінде уақытша болса да тізе қосысып, дуласып кетсе, басы пәлеге қалары анық болды. Ақсақ Темір әліптің артын бағып, ләшкердің бетін кері бұрды. Орыс ханның орнына ұлы Тоқтақия хан болды. Замандастары «жұмсақ, барынша әділетшіл жан еді» деген баға береді. Үш ай ғана тақта отырып, ақ өліммен о дүниеге жөнелді. Одан кейін, Ақорда тағына Темірбек (Темір — Мәлік) отырды. Ол Орыс ханның алыс туысы, тоқа -темірдің Абай тармағынан тарайтын оғлан еді. Ол 1376-77 жылдардағы Орыс хан — Ақсақ Темір шайқастарына қатысып, аяғынан жараланған. Муин — ад Дин Натанзи ол туралы жақсы пікірде емес: ішімдік ішіп, мастыққа салынған, мас күйінде басқарған елінен ынтымақ, береке кете бастаған деп баға береді. Ақсақ Темір Тоқтамысты жасақтап, «қуса жететін, қашса кұтылатын» Қынық атты асыл тұқымды тұлпарын мінгізіп, тағы да Сырға аттан-дырады. Темір — Мәлік үлкен күшпен қарсы шығып оның тас — талқанын шығарады. Тоқтамыс Қынықпен қашып құтылады. Ақсақ Темір ізін суытпай оны тағы да Сырға жөнелтті. Әскери жағаластың сыртында іштен іріту әрекеттері де қоса қабат жүргізіліп жатса керек. «Түске дейін ұйықтайтын» ханнан біртіндеп ел кетіп, Тоқтамысқа қарай ауытқи бастайды. Темір — Мәлік Сығнақты қалдырып, Қараталға ұзайды. Сонда қыстап отырғанда Тоқтамыстан күйрей жеңіліпті, тақтан айырылады, Тоқтамысты Сығнаққа әкеліп хан көтереді. Әп дегенде Тоқтамыс тарихын оның балаларының тарихымен қоса баяндап, әкелі-балалы бір әулеттің бастан кешкендерін тұтас баяндап шығуды көздеп едік, бақсақ, олай істеуге болмайды екен. Өйтсек, Едіге тарихына ауысып кетеміз екен». Едігенің соңғы 15 жыл өмірі осы Тоқтамыс балаларымен алыс — жұлыста етіп, ақыры сол ұлдардың бірінің қолынан мерт болды.

2 thoughts on - Тоқтамыс хан

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.