Трагедиялық туындылардағы образдардың фольклорлық сипаты

Главная » Рефераттар » Трагедиялық туындылардағы образдардың фольклорлық сипаты

Драматургия жанрларының ішіндегі айрықша түрі  саналатын трагедия табиғатындағы сан алуан қайшылықтар мен тартыстар, сезім қақтығыстарын бейнелеуде де фольклордың атқарар қызметі сан-салалы. Ол сюжеттік материал, көркемдік композициялық құрылым, образ, мотив, тілдік көркемдік сапада да көрініс беріп, трагедияның жанрлық ерекшелігіне сай пайдаланылады.

«Трагедиялық жанрды оқыған  яки сахнадан көрген адам орасан зор тебіреніске түсіп, сан алуан ойға қалып, кейіпкер қайғысын бөлісіп, бір алуан сезім толқынына бөленіп, қапалы ой құшағына енеді. Бұл идеялық-эстетикалық әсер ету ерекшелігін Аристотель – жан ашу, қорқыныш һәм қуаныш сәттерінің шарпысуынан туған ерекше күй деп атайды. Дәлірек айтқанда, көрерменді қаһарман қайғы-азабын бөлісу, оның ауыр тағдырынан шошыну және күнәдан құтылып, тазару сезімдері билеп, ол өзі сол халдерді бастан кешкендей, өзі өліп-тірілгендей болып толқымақ» .

М.Байсеркеновтің «Темір тұсау» (Абылай ханның аманаты) пьесасындағы Елестету – трагедия сюжетіндегі негізгі мотивтердің бірі. Өйткені, онда батыр хан Абылай майдан даласындағы өзінің ерлік істерімен, тұлпарымен, қарулас сарбаздарымен қауышады. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай аруақтарымен жүздеседі. Қазақтың қас жауы қалмақпен шыққан жекпе-жектері қайта жаңғыртылады.

.

Елес – өткен мен қазіргі уақыт ауқымындағы эпикалық уақыттың жиынтығы ретінде алынып, онда Абылайдың алғашқы ерлігінен бастап, ел-жұрт басқарып, қабырғалы хан болған тұсындағы әрекеттері мен ат үстіндегі батырлық жорықтарының тарихы жинақталған. Яғни елес арқылы хан бейнесі  аңыздық проза поэтикасына сай дәріптелген. Себебі сұлтандар мен батырларды бейнелейтін аңыздағы дәріптеу-шарттылықтың бір түрі. Хан, сұлтандарды халық оның байлығы мен билігі үшін мадақтамайды. Керісінше, жауға қарсы күресте ерлік көрсетіп, ел бастағаны үшін және ең бастысы – елдің атынан сөйлеп, халықтың жоғын жоқтап, соның көрнекті өкілі бола білгені үшін дәріптейді1. Трагедиялық шиеленіс Абылай ханның ой-санасы мен сезімінде өтіп жатады. Өз хал-күйіне баға бере алмаған ханның жан толқынысын білдіру үшін автор жаратушыға қарата айтылған тілек мағынасындағы сөздерді пайдаланған.

«Тәңірім-ау, бұл не сонда… Не қылған елес?.. Әлде пері… Әлде жын… Бәлкім ордамды жын жайлап, пері мекендеген шығар.  Сулы жердің перісі. Орманды жердің ордалы жыны болады деуші еді. Солар мені иектеп жүр ме? Жұрт жаңалап, орданы көшіріп, қоныс аударсам ба екен?.. «Мырс етіп». Самсаған сүңгі, жаңбырдай жауған жебеден жасқанбайтын Абылай… От басында… Ошақ қасында… Омалып отыр… опат болғаның ба… қан майдан… Қантөгіс үстінде… тіл тобарсып, қақырық кеуіп… сілекей сірне болған сәттерде… ат үстінен еңкейіп, хатқа тұнған қалмақтардың қанын ұрттап, шөл басқанда… қалың ұрып, қайратына қайта мінетін Абылай… Елес қуып өсіріп… сағымменен сайысып… ақыл-естен айрылған ба, біржола. Албастымен алысар бақсы болып кеттім бе? Ақылымнан алжасып, орда ішінде ордалы жынмен жағаласып сайқымазақ болғанша, қан майданда қас дұшпанымның қылышынан неге қаза таппадым?.. жан тапсырар жанталаста жау қолынан жазым болып, майданда өлген  еркекте арман бар ма?.. Елін қорғап, жерін қорғап шейіт кеткен боздақтың барар жері жұмақ қой…. Елеске еріп, албастымен алысып… жынмен жағаласып… алжып өлгеннен асқан қорлық бола ма?.. Алты Алаштың аузында аруақ атанған ала тулы, асыл сүйек Абылай, хан Абылай жынданыпты деген не сұмдық… Құдай, алжытпай ал Абылайыңды.

Трагедияның жанрлық сипаты тарихи тұлғаның белгілі тарихи істерін, ажал аузына тақаған тұстағы ақыл-ой арпалысымен береді. Бұл ұлы қолбасшы ханның ерекше қасиетін көрсету үшін мақсаты түрде алынған әдіс. Дерттен есі кірерлі-шығарлы болып жатқанның өзінде де халқы үшін ой түйіп, болашаққа көз жіберетін кемеңгерлігін баса көрсетудің көркемдік амалы. Яғни, бас кейіпкер “ханда қырық кісінің ақылы болады” дейтін ұғымға сай мадақталады. Бұл жазба әдебиеттегі трагедия жанрының  да табиғатына сай келеді.

Өйткені, «трагедия қаһармандары сұм заманның қатігез әдеттерімен шайқаста опат болады; олардың алдарына тас қамалдай неше түрлі кедергілер, асу бермес тосқауылдар тұрады; трагедия асқақ рухты  қайсар жанның алапат күресін суреттейді. Трагедия қаһарманы теңіздей сұрапыл тебірініс құшағында; ол өз ішіне терең  бойлайды; қамырықты, қайғылы, азапты хал кешеді кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі».

Яғни, Елес – ханның қолбасшылық, батырлық әрекеттерінің өткен уақыты. Бұл уақытты автор халқы мен ханы, ханы мен батыры біртұтастықта болып, ғажайып күй кешкен ерекше дәурен етіп көрсетеді. Яғни мифтік уақыттың мазмұны пайдаланылған.

Жазушы ұлы тұлғаның ажал алдындағы көңіл-күйін өң мен түс арасындағы есалаң бір сезім-күй ретінде көрсетеді. «Мұнда сананың кіресілі-шығасылы эзотериялық сипаты, оноритикалық поэтикаға тән түсініксіз, үзік-үзік ой тізбектері, адамның бірде есі бар, бірде жоқ, о дүниемен бұ дүние аралығындағы шекаралық шақты шым-шытырық шатасқан сана, нәтижесіз қимыл-қозғалыс, мағынасыз мехнат арқылы ашады. Осы сәттердегі түс, елес, сандырақтау, жанталас әрекет, т.б. секілді толып жатқан көркемдік компоненттер кейіпкерлердің нақ сол сәттегі психологиялық ауыр хал-ахуалын, санадағы бейсаналы ойлау процестерін өте шебер бейнелейді.

Өлім мен өмірдің жарқабағында тұрған жанның жан қалтарысында өтіп жатқан сәт сайын өзгермелі сезімдер мен сынаптай сырғыған ойлар тасқынын беруде де қос ағысты мән бар. Ол – өлім мен өмір, қуану мен қамығу, өкініш пен үміт арқылы ситуация мен адам жан дүниесінің қайшылығын ашу.

Абылай қасіреті мен қорқынышы – қара басының өлімінен биік. Ол –халқының арғы-бергісін алыстан болжап, ойлағанына ғұмырын жеткізе алмаған жан айқайы. Адамның уақыт, тағдыр алдындағы дәрменсіздігі. Яғни, халық қамы қабырғасын қайыстырған батыр тұлғаның қайратты өр қайғысы. Таразының бір басында аңдысын аңдыған ажал тұрса, екінші басында қалың елі қазағының қамы, көзінен жас, жүрегінен қан ағызған өткеннің ащы сабақтары мен  болашаққа айтар аманаты тұр.

Трагедия табиғатында халық тарихының бірнеше кезеңін құшағына сыйдыратын фольклорлық эпикалық кеңдік бар. Ол Абылайдың ой-санасы мен сезім күйлеріндегі өткен дәурен мен бүгіннің сабақтастығы, қайшылығы арқылы бейнеленген.

Ханмен жыраудың кездесуінде қазақтың көңіл сұрау кәдесі көркемдік мән атқарған. Ол Бұқардай қарт жыраудың аузымен айтылып, ханның қапалы көңілін біраз уақыт сергітуге себепкер болады.

«Абылай науқас» дегенде

Жасын түсті беліме,

Қайғы түсті еліме,

Қара түн түсті еріме.

Иесіз мал бақтырмақ.

Болып едің еліңе.

Қалыңсыз қатын айттырмақ,

Болып едің теңіне.

Егін сап қала құрмақшы ең

Көктеу мен күзеу жеріме.

Кешегі жүрген ханым-ай,

Артықша еді-ау сәнің-ай.

Үйсіннен айтсам жүз кісі.

Арғыннан айтсам жүз кісі

Найманнан айтсам жүз кісі

Қалар ма екен жаның-ай.

Ақиығым, қыраным

Алтын тұғыр тұрағым,

Жасаған ием, қабыл ет

Мен болайын жолыңа.

Құрбандыққа атаған

Қара мойын лағың1.

Осындағы құрбандық шалу ұғымының көне мәні бар. Өлім арқылы игілік әкелу – ең көне замандардың  сәулесі. Алғашқы қауымдық сананың дамып, ерте рулық дәуірдің белең алған тұсында табиғат қолайсыздықтары үшін тылсым иелеріне құрбандық шалу қалыпты іс болған. Құрбандық шалудың өзі бірнеше даму сатысынан өтті. 1) Өз еркімен, 2) Зорлау, күштеу арқылы, 3) Символдық тұрғыда атқарылу2. Мәселен:  Патша өлгенде әйелі, балалары, тіпті,  қауымының өзін-өзі ерікті түрде өлтіруі Үндістанда, Қиыр шығыста, Қытайда кең тараған дәстүр болған. Б.э. дейінгі 2-3 ғасырларда христиандыққа дейінгі славяндарда да күйеуінің артынан әйелі өлтірілгендігі, белгілі адамдар өлгенде жас қыздарды құрбандыққа шалғандығы туралы Г.А.Бернштам жазған3.

Бұл монғолдарда да 15-16 ғасырларға дейін созылып Алтын хан тиымымен тоқтаған. Бұл салттың өлеңдегі өрнегі Абылайдың халық алдындағы беделін әсірелеуге жұмсалған. Кешегі айбынды Абылайды дерт меңдеген ауыр халі үстінде көрсету арқылы драматург трагизмді тереңдете түскен. Елес арқылы батыр хан ойына оралатын қаруластарымен майдан даласындағы іс-әрекеттері мен қаһарымен қамал бұзған батырлық қасиеттері, ордаға амалсыз байланған науқас меңдеген тұсымен контраст түрінде алынады.

Түспен өңнің арасындағы екіұдай сезімінің дағдарысындағы көңіл-күй, өлім мен өмірдің ара жігінде тұрған адамның шынайы болмысын танудың  психологиялық құралына айналған.

Автордың жаңа көркемдік әдісі арқылы Абылай ханның болмысындағы ерекше қасиеттері ашылған. Ол, ең алдымен, жаратылысынан дара қасиетке, ақыл-ойға, батырлық іс-әрекет пен кемеңгерлік, көсемдікке ие ғасырлардан келе жатқан фольклорлық тұлғаға сай сомдалған. Мәселен, «Фольклорда мифтік дүниетаным әлі толық жойылмай тұрған кезде пайда болған архаикалық эпостарда патша құдай бейнесі қалыптасады. Байырғы мемлекеттердің шығуымен байланысты патша билігі діни-мифтік салттармен, әдет-ғұрыптармен күшейтіледі. Патша құдайдың өзі, я болмаса құдайдың таңдап алған жердегі өкілі деп есептеледі. Оның бейнесі мифтік хаостың орнына тәртіп орнатушы тәңірлік символ дәрежесіне көтерілген /Ра, Мардук, т.б. құдай патшалар».

Ал мемлекеттердің шығуымен бірге табиғаттың көп құдайларына тән рольдер біртіндеп мемлекеттің билеуші патшасына көшіп, оларға киелілік қасиет телінген. Бұл байырғы түріктердің де тарихынан айрықша орын алғандығын:

Теңірі тег, Теңіріде болмыш

Түрік Білге қаған.

Тәңірідей, Тәңірден жаралған

Түрік Білге қаған2 –

 

дейтін жолдар айқындайды.

Шығарма екі негізгі кейіпкердің диалогына ғана құрылған.

Хан халық иесі болғанымен, оның табиғаты көне замандардағы «елден ерек жан», «тылсыммен тамырлас», «патша – құдай» ұғымдарымен төркіндес. Өйткені, көпті басқаратын тұлғаға телінетін осындай қасиеттердің астарында фольклорлық сана жатыр.

Өмір мен өлімнің ақтық бетпе-беті тұсындағы ханның ішкі болмысындағы сезім қақтығыстарына терең бойлау барысында Абылай хан образындағы батырлық сипатқа басымдық берілген. Ол: «тақымы тақтан емес, аттан тозған жан» ретінде дәріптеледі. Бұл қасиет – шығармада елес арқылы ханның жорық жылдарындағы ерлік істерін аңсауы, өзге батырлар рухын еске алуы арқылы кестеленген.

Шығармадағы алғашқы елесте Абылай өзін ат үстінде ұрыс майданының ортасында жүргендей сезінеді.

«…Таяз қабаққа шығып алыңдар… Ойлау жерге… Сай табанына жоламаңдар… Омбы қарға… Оппа қарға малтығып… опат болайын деп жүрсіңдер ме… Қайт!.. Аттың басын кері бұр!.. Қарсы бетке шығып кетіңдер… Ойға қарай шапқаны несі ей!.. Тау көрмеген бейбақтар ғой, өңшең… А, киімдерінен таныдым… Кіші жүздің жігіттері екен ғой… О, енелеріңді ұрайындар!.. /Айғай салып/. Уа, өрге шап… Өрге тарт деймін… Қап… еститін емес… Өздерінің құлақтары бітіп қалғаннан сау ма… /Қалш-қалш етіп/. Бораны бір жағынан… аязы бір жағынан… Не деген үскірік… Сүйектен өтіп кетті ғой… Қолы құрғыр қақайып… қылыш ұстаудан қалып барады… Апыр-ау, әлгі қосын көрінбейді ғой… Қара басып, сайға түсіп кетті-ау, Ә… Қырылатын болды-ау… мына бораны бар болғыр… Көз аштырмай… Қосыннан көз жазып қалғанымды қарашы… Жібере қоятын жасауыл да жоқ… Қосын-қосынға жұмсап жіберіп едім… Ә, міне көрінді… Е, Қабанбайдың осы қолы екен… Астындағы Қубас қой… Қайран, Дарабозым!.. Қамал бұзар, қабыланым!.. Әне, әне! Қамады қалмақтарды… Сай түбіне… қалың қарға… омбы қарға әкеп тықты… Әй, бәрекелді!.. Жау қақпанға түсті… /Ақырып/. Қыр!.. Жой!.. Өлтір!.. Бауыздаңдар!.. Жайратыңдар!.. Тағы бір жасақ… Шатқалдан шығып, қаптап келеді… Ау, Баян ғой, мынау… Бәсе, бәсе, найза сілтесінен таныдым… Ұршықтай үйіреді-ау, сабазың… Әй, ерім-ай!1…

Сондай-ақ шығармада ханның батырлық қасиеті: – қару-жарағымен тілдесу диалогы арқылы да кеңінен ашылған, себебі: «ер қаруы – бес қару» дейтін халықтық ұғым бойынша, қару батырдың жорықтағы сенімді серігі, басқалар алдындағы айбыны.

«Ер қаруы» санының бесеу болып қалыптасуы олардың өзіндік бірін-бірі ауыстыра алмайтын жеке қызметінің (функциясының) болуына байланысты. Соғыс қаруларын жұмсау тәсілі бес түрлі болып қалыптасқан. Олар – ату (садақ не мылтық), кесу (қылыш), түйреу (найза), шабу (айбалта), соғу (шоқпар). Басқа қарулар осы бесеуінің өзгерген түрлері ғана. Сондықтан айқаста бұл бес қару бірінің орнын бірі баса алмайды2.

Қаруды атадан-балаға қалдыруда да батырлық қағида сақталған, ұрыста батырды қарусыз қалдыру ең ауыр жаза деп есептелген. Батырдың ерекше тұлғасы оның қаруына да байланысты3.

Абылай ханның қару-жарағының әрқайсымен тілдесіп, қадір-қасиетін саралап айтатын бұл мотивте осы көне сенім авторлық ұстаным тұрғысынан өте шебер пайдаланылған.

Өйткені «қару-жарақты жанды объект ретінде қабылдау магиялық ойлау жүйесіндегі түрлі әскери және тұрмыстық магиялық ырымдарды қалыптастырғаны»4 белгілі.

Талай-талай қанды жорық, тынымсыз жортуылда жолдас болған қаруларын сағынғандықтан, әрі тақап қалған тажалдың тықырын сезіп қоштасқысы келген көңілмен ащы зарын айта жүріп, қару-жарағымен кезек-кезек сөйлесіп кетеді.

«Абылай. Уа, армысыңдар. Ата-бабамнан қалған көз! Су атасы Сүлеймен сиқырымен суғарып, Дәуіт пайғамбар дем салған. Мұса Әулие қол жайып, Қамбар ием асынған Ақинақ пен Алдаспанның әулеті!.. (шетте тұрған көк сүңгіні қолға алып). Бәрекелді, сайыс пірі, көк Сүңгі! Мынау инедей үшкір, біздей сүйір тұмсығыңның құйылып қонар қырғидың шеңгелінің кәрі бар. Сабы-күміс, өзегі-құрыш, сұңқардай сұсты көк сүңгі! Қастасымның кеудесіне тік салып, дұшпанымның сүбесіне сүңгітіп, шаншып тастап құйғытушы ем құйынменен жарысып. Қабат-қабат ақ сауыттың шығыршығы шашылып, омырауы дал-дал болып қалатын. Ат үстінен ұмсынып, шалқая шіреп шанышқанда үзіп өтіп өңменімен өткізіп, кірген жерін сағағына жеткізіп, өзегіңді қара қаңға суарғам! Алтын ерте өңгеріп, қанжығаға теңгеріп аялаған, қаруым! Қызыл жирен ат мінген, ұсынғанда қолы ұзын ұмсынғанда тұрқы менен жоны ұзын, еңсегей бойлы емендей Баяндай ерге бұйырған. (Сүңгіні сүйіп, орнына іледі де, сарала қынды қылышын алады)  Сайласа –белге жарасқан, алтын қынның сәулесі көктегі күнмен таласқан. Тұтқасы –гауһар, жүзі – алмас, қайраулы қару Наркескен! Темірі жасыл көк құрыш, балдағы болат, сабы алтын, сарала қаздай сар қылыш! Дулығалы бастарды доптай қаққан нар қылыш! Ер қаруы – бес қару. Бес қарудың ішінде орның бөлек ерекше. Басын шауып Сәрудің, таққа тиді тақымым. Киелісің, киемсің қарысқанды қайқая шапса қақ бөлдің! Егескенді еңкейе шапса, еңсердің. Торғауыт пен Ойратты отындай орып, отадың. Жау үстінде жалтылдап, найзағайдай ойнадың. Ақ алмасым, серігім! Ақ беренім, құрышым! (Қылышының жүзін сүйіп). Самсаған жаудан саспайтын, қамаласа қашпайтын, дұшпаннан бетін бұрмайтын, топырлатып турайтын. Күн ұзақ қылыш сілтесе, топшысы ұйып талмайтын, жауын құртып болғанша қынапқа қылыш салмайтын Әлжабайдай қас батырға бұйырған! (қылышын қиыстырып, көп садақты қолға алады). Алтайдың ай мүйізді арқарының құлжасының мүйізінен иілген көн садақ. Қолға алғанның қолын талдырған, оқ атқанның қарын талдырған жолбарыс жоны жау жарақ! Атқан оғын алты қырдан асырған, сарнап ұшқан саржасын ілезде көзден  жасырған. Жаңбырдай жауған жебесі дұшпанның құтын қашырған, алапаты кем емес көктен түскен жасылдан. Адырнасын иірген тарамыс пен сіңірден, шіреніп жақ тартқанда өмірдің оғын сар даланың сағымына сіңірген! Айтып-айтпай, не керек. Абылайдан қалған бір мұра… Құлашы кең Құлашбектей мерген ерге бұйырған! (садақтың иінінен бір сүйіп, керегеге қыстырып, шойын шоқпарды алады). Бүлдіргісі бұлан терісі, сабының сыртын ораған қаптамасы құлан терісі, шойыннан құйған шор шоқпар! Құрыштан қашап қондырған арандай болат тістері. Жебесіндей жайранның ызғар шашып самсаған. Басы жұмыр тоқпақтай түсі суық, сом шоқпар! Шыр көбелек шиырып, көтеріп көкке үйіріп, ат ойнатып, ақырып, атой сап жауға тигенде кетуші ең жайпап, жапырып! Ашумен қан қайнатып, орай-орай ойнатып тас төбеден салғанда, төбедей қалмақ төңкеріліп, миы түсіп аузына ат жалын құшып қалатын қара қаны қақырап. Қақ маңдайдан ұрғанда аузы-мұрнын желкесіне қайырған, қақайып бастан пергенде дулығасын айырған. Көкіректен қаққанда төс сүйегін сындырған, қыр арқадан соққанда жауырынын күл қылған. Қара саннан салғанда ортан жілік үзілген. Сегіз көзден тигенде күзендей белі бүгілген. Сермей-сермей сілтесе, анталаған дұшпандар шыбын жаннан түңілген. Жан жолдасым, жарағым! Тасқа салса үгіткен, қақпаға ұрса күйреткен, емен кеуде апай төс, тегеуріні темірдей бұлшығы берік болаттай Қабанбайдай қабылан ерге  бұйырған! (маңдайына тигізіп, көкірегіне басып орнына іледі де, толғамалы тоғыз бунақ күрең найзасын алады). Алтай таудың ағашын ала жаздай аралап. Орал таудың орманын көлденең кезіп сағалап, Алатаудың қиясын жаяу жүріп жағалап, Көкшетаудың тоғайын санаққа алып саралап, Хан тәңірінің күн жағынан, басы биік шың маңынан ат басындай алтынға балап, қалың малдың құнындай қалап таңдап тапқан күрең найза болармысың! Торғай көзді көк сауытты тесіп өтіп кететін, бадана көз ақ сауытты кесіп өтіп кететін. Сыртымнан салса, төсінен шыққан, кеудеден салса, көсіле шыққан. Кіндіктен кірсе, омыртқасын опырған, желкеден тисе, жағасын жыртып жапырған-толғамалы тоғыз бунақ күрең найза қаруын; найзасының ұшына жау мінгізген, қарсыласқан қастасып қара жерге кіргізген, арыстандай ақырған, нар маядай бақырған Наурызбайдай баһадүрге бұйырған!1.

Драма мәтініндегі ханның тек тақ иесі ғана емес, ат үстінде жорық шеккен батыр болғандығын көрсететін бұл эпизод та мақсатты түрде толық алынады.

Себебі, Абылай секілді батыр-ханды дәріптеуге жұмсалған бұл мотивте батырлар қару-жарағының әрқайсына тән қасиет пен ерекшелік ашылған.

Шығарманың негізгі идеясы батырдың өз басы хан тағына жеткенде ғана тыныштық пен әділдік орнайды дейтін батырды фольклорлық идеализациялау мен осындай хан болса екен деген халықтық тілекпен астасып жатыр.

Эпикалық жырдағы батырлар тұлғасымен біріккен әлеуметтік типтің бірі – хан десек, батыр хан бейнесі бытыраңқы рулардың халық болып  құрала бастаған кезеңімен бірге қалыптасқан. Оның қызметі бірігу идеясымен, мемлекеттің шығу тарихымен қарайлас2.

Сондай-ақ трагедияда XVIII ғасыр батырларының бас қосатын жерін – Абылай маңы деп суреттейтін тарихи жырлардағы фольклорлық тарихи тұтастану құбылысының ықпалы да ескерілген. Осылай болатын себебі: Хан, біріншіден, халықтың өзін бейнелейді. Екіншіден, билікке ие, үшіншіден, өзі батыр, Абылай елді ұйымдастырған орталық символ ретінде көрініп, фольклордағы бір орталыққа, бір басшы төңірегіне тұтастануға негіз болды3.

Қазақ халқының XVIII ғасырдағы жыр-дастандары мен тарихи жырларында Абылай атының жиі кездесіп, ол қазақ халқының жоңғарларға, Қытайға және Орта Азия жеріндегі хандықтарға қарсы күресінің көптеген оқиғаларына қатысушы ретінде көрсетіледі. Қаһармандық эпостағы батырдың жеке өз басының ержүрек, батыл болғаны жеткіліксіз, оның сол ержүректігі мен батылдығы ел игілігіне, әділетсіздіктен жапа шеккендер мен жаудан жәбір көргендерді құтқаруға жұмсалуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, батырдың батырлығы ел тағдырына қатысты маңызды оқиғамен ғана өлшенеді.

Шығармада Абылай тек қазақ жұртын билеуші хан ғана емес, оның жаужүрек батырлары мен ділмар шешендерінің аруағына табынушы, қадірлеуші де бейнеленеді.

«Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты ел бастайтын көсемін, Үмбетай, Тәтіқара, Бұқарлардай дау бастайтын шешенін. Қабанбай мен Бөгенбай, Олжабай мен Наурызбай, Тұрсынбай мен Баяндай қол бастайтын батыр-бағыландарын туғызған елден айналып кетсең болмай ма?.. Көлің шайқалмай, шалғының тапталмай, елің тыныш ұйықтаса-ұланғайыр далаңның ұлтарақтай жері үшін қылыш сілтеп, найза шанышқан әлгідей еңіреген ерлердің ісі… Сол боздақтардың тірісіне тірлік тілеп, өлісіне иман үйірейік. Әулием! (екеуі іштей дұға қылып, беттерін сипайды). Кейде отырып қайран қалам, қырық жыл қырғыннан қызыл-ала қанға малшынып шықса да, іргесіне ие болып түтіні түзу шыққан жұрттың жаны мұндай сірі болар ма?1.

Елес үстінде ғана Абылай жорық пен жортуылда болған сәттерімен қауышады. Елес шындық оқиғамен астасып кетеді. Драматург батыр қолбасшының айласын да, батырлық қасиетін де қарулас жолдастарына деген қамқорлығын да, арман-мақсатын да осы тәсілмен берген. «Уа, қырандарым!.. Қазағың үшін, қазағыңның құтты қонысы үшін… шыбын жандарың шыққанша шайқасыңдар!.. Аяңдап айқасып, жанталаса жағаласыңдар… Жаудан жасқанып, қаймықпаңдар!.. Қан майданда қанға батсаңдар… қапаланып… қамықпаңдар… Жаудан түскен жараңды ата-анаңның көз жасы жуса, жазылар… Қылыш кесіп… жебе тесіп… жарақат салса тәніңе… Жарың сүйіп, ем қылар… Өліп кетсең… өкініш жоқ… Жерің үшін… елің үшін… шейітсің… Туған жердің топырағын жастанып… жазым болған… бақыт қой… Жандарың жәннәтта, тәндерің жұмақта болмақ… От басында омалып отырып өлгеннен… қан майданда қаза тапқан артық қой!.. Уай, қимылдаңдар!.. Жабылыңдар!.. Қатын құсап үйде өлгенше… еркек құсап түзде өліңдер!.. Жапырыңдар, Жоңғарды!.. Ойрандаңдар, Ойратты!.. /Қиқулап, ұран салды/. «Аруақ!.. Аруақ!.. Абылай!.. Абылай!..»2.

Шығарма сюжетіндегі елеулі орын алатын осы композициялық тәсілдің мақсаты – Абылайдың батырлығына басымдық беру. Бұны 48 жыл хан болғанда «тақымым тақтан гөрі аттан тозды» дейтін өз сөзі тереңдете түседі. Әрі ел тізгінін ұстаған ханның міндетті түрде «жауына найзасы тиген батырлығы болу керектігі» жайлы эпикалық сананы тірілтеді.

Себебі «батырлық – барлық әлеуметтік өкілдерге бірдей қаһармандық дәуірдің сынақ көрсеткіші, сынап бағанасы. Хан мен қара, бай мен кедей, бек пен нөкер өзара теңесе алатын биік меже, ерлікпен, маңдай термен келетін халықтың идеал3.

Шығармадағы «кейде асаулығың басым түсіп кетеді» дейтін жырау сөзіне ханның жауабынан досына адал, жауына қатал мінезімен билеушінің ел іргесінің қауіпсіздігін алдын-ала ойлап, әрекет ететін эпикалық батырлардың мінезі танылады.

Абылай /мысқылдап/. Құдайға шүкір, от баспай, суға ақпай, аман-есен сақал-шашты ағарттық… Ақ алмастай жарқылдаған айдынды шақтың ашуы болса бір сәрі, ақ селеуге айналған сақал-шаштың ашуы құрт қайнатып қарық қылар деймісің… Бекер қаймығасың. Бұқарекең бұғып қалардай Абылайдың бұрынғы қаһары жоқ, қазір… /Пауза/. Сен ерлік пен өрлікті айттың. Өз басым сол ерлік пен өрліктен өкініш көрген жерім жоқ. Өрлікке де өресі жеткендер барады. Күні кеше қан кешіп, қамал бұзып қазақтың жерін жаудан босатсам, – сол ерлігім мен өрлігімнің арқасы. Өрліктің өзі өшпенділіктен туады. Өштескен жауға өшігіп қарасаң, қарымтаң қайтады. Өш алмасаң, өзің өлесің. Жаулық шарты солай1…

Туындыдағы хан батыр ғана емес, халықтың қасиетін тани білген сұңғыла ойдың, ерекше қасиеттің иесі ретінде де дәріптеледі. Ол өз халқының бөлекше сипаттарын қастерлеп, сол халық алдындағы қарызы мен парызын жете ұғынады. Жалпы, мұндағы Абылай ханды дәріптеуде фольклорлық дәстүрдегі «мінсіз хан» етіп көрсету дәстүрі қолданылған.

Бұқар. Кеудең толы – кек, көкірегі толы – кейіс қой, Хан ием…

Абылай. /жабырқап/. Абылайдың аты ауыздарына түссе, кекшіл деген сөзді қоса айтпаса, бұл қазақтың алғаны ас болған ба… Мен кектенсем, қазақтың жауына кектендім. Қазаққа өшіккеннен өш алдым. Даңқымды шығарып, атағымды асырайын деп өз бетіммен ешкімнің өрісін таптап, өлкесіне өрт салғам жоқ. Басып кірген басқыншыдан қонысымды қорғадым. Алты Алаштың намысы үшін басымды бәйгеге тіктім. Астамшылық болмасын, ел маған риза болсын, елге – мен риза. Мен ерте білсем, елім ере білді. У ішсем – у ішті, су ішсем – су ішті.  Тәулік бойы талғажу көрмей, сілекейін ас қылып, үзеңгісі сартылдап аттан түспей жорық шеккен қияметқайым күндері бірде біреуінің аузынан «аш жүрміз» деп, арсыз айтқан сөз естігем жоқ. Дулығасы күнге шағылып, үн-түнсіз соңымнан ілесті де отырды. Ас пен суға сабырлы, ыстық-суыққа төзімді жұрттың тізгінін аударыспаққа түскен аласапыран заманда өзгеге емес, маған ұсатқан рахымы мол Аллатағалама алғысым әзір. Абылайдың атын шығарып, аруағын асыра, тәубасы мен тәуекелін жоғалтпаған боздақтардың қайсарлығы дер едім. Мен кейісем, сол халықтың парызын өтей алмағаныма кеиймін2…

Халықтың болашағын болжай білген кемеңгерлік қасиеттерін автор Абылайдың өзімен-өзі тілдесу арқылы да береді. /Орда ішін кезіп жүр/». Ал, Абылай, екі басты жылан тұр алдыңда. Еліңе де, өзіңе де күн туды… Айыр тілі жалаңдап бір басы қырға, бір басы ойға сүйреп ысқырар болса аждаһа – құлағың шулап, есің ауып қалмағай… Сабыр сақтап, сақтығыңды серік қыл. Ойдағысына ой жіберіп, қырдағысына қырағы бол. Айбарыңды, айдыныңды аяма. Егеске келсе – егес. Кеңеске келсе – кеңес. /Ойланып/. Айтарыңды айтарсың-ау. Алайда, асып-тасып, ақылыңнан алжаспауың керек. Алда-жалда ірге тепкен іргелі елдің ірілігін білдіріп, күш көрсетсе, сен, кемел елдің кемеңгерлігін бетке ұста. Ерегес тілесе – ептілік қыл. Сатылап басып, сатылап шық 3.

Халық болып тұру үшін аса маңызды екі ұғымды қастерлеу – ежелден келе жатқан салт. Олар: басқаға бодан болмай тәуелсіздік рухын сақтау, екінші: туған жердің топырағына тыс күштердің табанын бастырмау. Драматург Абылай ханның да осы халықтың қағиданы берік ұстанып, өз тұсында одан әрі тереңдете түскеніне ерекше мән береді.

Абылай. Мойнымызды созсақ, ноқтаға басымызды тосқандық емес. Жаумен жағалассақ басымыздың бостандығы, еліміздің еркіндігі үшін алыстық. Еркіндігінен айырылған ел – елдігінен де айырылды. Құлдықтың қамытын киіп, қор болады. Құлдыққа көнген ел – өлген ел. Ар жағында адамдық емес, азғындық қалады. Ішкен-жегеннен басқаны ажырата алмайтын аңға айналады, жанымызды жалдап, тісімізді қайрап, жанталасып жүріп ғұмыр кешсек, құл болмаудың қамы шығар, Әулием. Немесе «Жерсіз ел болмайды. Жерден айырылғаның – елден айырылғаның. Ел мен жерге иелік етем десең қопаңдамай құйрығыңды бас, кент сал. Өзің салмасаң, өзгелердің саларын ұқ. Ұлы далаңнан ұлтарақтай жер қалдырмай туырлықтай тілгілеп, талапайға саларын біл. Үлеске түскен жеріңе басыбайлы бауыр басып, меншікті мекені қылып, аларын түсін»1.

Шығармадағы Абылай тұлғасы өз халқының қате-кемшілігін танып біліп қана қоймай, қауіп-қатердің неден, қайдан келетінін алдын-ала сезе білетін сәуегей, болашақтың бағдарын болжаушы ретінде де дараланады.

«Қазақ – бар өмірін бір күндік тірлігімен өлшеп-пішіп, күн кешетін халық. Ұйқысы қанып, тамағы тойса, болашағын ойлап, бас ауыртып, балтырын сыздатпақ түгілі құдайына құлшылық қылудан жаңылып қалатын қаперсіз жұрт. Айтпасқа лаж да жоқ. Жайшылықтағы өрлігі мен ерлігі, намысқойлығы мен асаулығы жәйына қалып, мимырт тірлігін күйттеп, қой аузынан шөп алмас момақан қалыпқа біржола көндігіп, қамсыздықтың қамытын киіп жүре беретіндеріне қайран қалам. Қашан біреу келіп сүңгісін сұғып, қанжарын қадағанша бас көтеріп отырып, тырп етпесе, қане. Халқыңның осы бір керенау мінезін көріп отырып, ұнжұрғаң түседі. Бір жағынан қорланасың, бір жағынан ызаланасың. «Қалайша осындай болды?», «Бұлар неге бүйтеді?» деп жаныңды жеп, өзіңді-өзің мүжисің. Бара-бара түңілесің. «Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі» – деуші еді ғой…

Бірақ бір өкінішті жері – сол айдыны мен айбарын алдаспандай жарқылдатып, қас пен досқа бірдей сілтеп, алды-артын ойламайтын адыр жұрт… Өзгесін өзге дейік, әншейінде өзді-өзімен өттей өш қазақ, өгей көрсе өбектеп өзегін үзіп беруге даяр… Бұ қылығы қай қылық?.. Ақылсыздығы ма, аңғалдығы ма?2…

Драмада эпизод түрінде болса да, ел-жұрт үшін ат ауыздығымен су ішкен ауыр күндерді басынан кешірген ерлердің өмірінен дерек берілген. Мысалы: Малайсары батырдың қапылыста оқ тиіп, сауытының жыртық жиегінен тиген оқ бел омыртқасын опырып кетеді. Қатқан сүр ет бермей қарап-баққанда ала қоржын түбіндегі қатқан қазысынан бір тұтам жеймін деп ілініп тұрған шегінің бүтіндігін бұзып алған Малайсары батырдың  ажал алдындағы әзіл сөзі арқылы драматург Абылай хан маңындағы батырлардың биік тұлғасын да еске салып өтеді.  Жинақтай келгенде айтарымыз: пьесадағы Абылай образы фольклорға тән көркемдік жинақтау арқылы сомдалып, фактілер мен оқиғалар айтушылар мен тыңдаушылардың қалауы тұрғысынан баяндалған. Өйткені, шығармада Абылай ханға қатысты жағымсыз жәйт қосылмаған. С.А.Қасқабасов XVIII ғасырдағы аңыздардың жанрлық ерекшелігінің бірі халық бұқарасына жасаған хан қиянатының да бейнеленетіндігін Абылайдың Жағалбайлы жұртын жазықсыз шауып, осы қақтығыста оның Айтолқын атты қызының қаза болуы, Жағалбайлының жасақ алып, ханға қарсы шығуы сияқты тарихи деректермен дәйектегені белгілі1. Ал, М.Байсеркенов мұндай жәйттарды өз мақсатына сай шығарма сюжетінен қалыс қалдырып, ханды мінсіз етіп суреттеуді мақсат тұтқан.

Ал Қ.Мырзалиевтің «Жаралы жолбарыс» пьесасы Махамбет Өтемісұлының трагедиялық өлімін суреттеуге арналған. Пьесада осы халге жеткізген әлеуметтік қақтығыстар хан мен халықтың, билік пен батырдың арасындағы бітіспес қайшылық Баймағамбет пен Махамбет образына жинақталған.

Мұнда қаламгер байырғы классикалық эпостың жеке батырды бәрінен жоғары қоятын көркемдік үрдісін қолданады. Батыр ешуақытта өлмейді, өйткені, оның жаратылысында, іс-әрекетінде тылсымдық құдіреттің қасиеті бар дейтін эпикалық сана дәстүрін драматург Махамбет образында қайта жаңғыртқан. Бұл Махамбет өлімінің негізгі себепкері болғанымен, жанына тыншу болмаған Баймағамбеттің монологы арқылы кестеленген. Әрі ел үшін туған ерін жадынан шығармайтын халық эстетикасының тарихын пайдаланған.

 

А.Байтұрсыновтың: «…бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған»2 – дейтініндей, Махамбет ерлігі қазақ даласындағы батырлық рухтың ақырғы тұяқ серпілісінің бірі.

Баймағамбет патша үкіметінің жымысқы саясатын қазақ арасына амал-айламен енгізудің жолындағы халыққа жат бейне болса, Махамбет қазақ қамын ғана емес, ел билігіндегілердің азғындық, сатқындық мінездерін әшкерелеуші.  Махамбет әрекетінің мәні:

 

Пьесаның негізгі тартысы – осы жерден басталады. Түрлі өсек-жаланы жауып, Махамбетті орысқа жаман көрсетудің айла шарғысы қарастырылады.

Бір ғана әлеуметтің (қазақтың) ішкі қайшылығын жырлау эпикалық сана үшін жат. Алайда, «Алпамыс батыр» жырындағы Ұлтан құл тәрізді ел ішіндегі бүлдіргі әрекеттер батыр мен елдің арасында алшақтық (сапарға кетеді, т.б.) болған жағдайда ғана орын алады. Ал әлеумет мүддесін  өз мақсаты үшін пайдаланып, ел батырына ажал құштырған қарау мінез иелеріне деген халық наласы «тірі-өлік» бейнесіндегі Баймағамбет психологиясы арқылы шебер өрілген. Ол өзінің ынсапсыз билік құмарлығының, сатқындық сұрқиялық мінездерінің құрбаны. Сондықтан трагедияда Махамбетке шын ор қазған кім, қанішердің қолтығына су бүркуші кім екендігіне айқын көңіл бөлінген. Баймағамбет зымияндығының ширыққан тұсы – Махамбетті өз туысына өлтірту.

 

«Қашанда басқаға дұшпандық, жамандық ойлаған зұлым әдіс-айла талғамайды: оған ашық майдан, жасырын, жымысқы жол – қайсысы кезіксе де бәрібір. Кісінің айтқан сөзін, жүрген-тұрғанын түгел бағып, бір суыртпағына дейін қалдырмайды, жарғақ құлағы жастыққа тимей, иесіне берілген ит секілді құйрығын бұлғаңдатып, жымып келіп, хабарлап тұратын тыңшы, тіміскі дегендері болмақ. Ондай сілімтіктерді алыстан емес, жақын-жуықтан, өз маңынан, тіпті, ағайын-туысынан, бауырласынан тапса, тіпті, олжа. Күндестік, күншілдік, бақталастық дертіне шалдыққан қаныпезер әкесін, баласын, қандас туысын, үзеңгі жолдасын құрбандыққа шалып жібергенде, жүзі жанбай, қылаң ұрып жүре бермек – мұндайдың тарихта қанша мысалы бар2.

Жалпы, «Жаралы жолбарыс» трагедиясының негізгі оқиғасы жақсылық пен зұлымдықтың тартысы арқылы өтеді. Мұнда «Халық – тән, батыр жан есепті» дейтін ұғым басым. Әділет таразысының басында халық тағдырын өз өмірінен жоғары қойған Махамбет тұрса, екінші басында қарау, қорқақ, ел мүддесін сатқан Баймағамбет, хазіреттер тұр. «Ел ауырын ер көтерер» дейтін қазақ ел басына қиын-қыстау күн туғанда басын қатерге тіккен батырын бәрінен биік қояды.

Трагедияда хан ордасы мен батыр арасындағы қайшылық мүдде алшақтығынан туындайды. Махамбет халық қорғаны, халық бостандығы жолындағы күрескер. Билікке жақпағанымен, халық үшін аяулы. Өйткені, ел де ерлік рухты ардақтайды. Бұл жөнінде «Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды. Елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көпіртіп, көркейтіп айтуы. Бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды1, – дейді А.Байтұрсынов.

Бодандыққа бой ұсынғысы келмей бұлтарған Абылай мен Махамбеттің өр мінездерінде тұтас қазақ халқының еркіндік, бостандық, тәуелсіздік жайлы ой-армандары жинақталған.

Махамбеттің даусын сөйлету арқылы автор ел, халық тілегі, Махамбет жағында екендігін білдіріп, Баймағамбет бастаған билеушілердің опасыздығын әшкерелейді. Алайда, Қ.Мырзалиев бұл тұста өзгелерден ерек көркемдік шешімге барған. Алысып, аңдысқан жауын қапыда мерт еткен Баймағамбеттің өзінің жан азабына тереңдей бойлап, тірі болғанмен рухы өлген жанға баланады. Ал Махамбет рухының мәңгіліктігін аруақ дауысы арқылы білдірген. Яғни, дауыстың көне магиялық мәнін көркемдік амалға айналдырған. Тартысты үсті-үстіне ширықтырып, психологиялық дағдарысқа жаңа түрткі беру, сөйтіп қаһарман келбетін кескіндеу – автордың айқын қолтаңбасы. Батыр – ел тәуелсіздігінің қорғаны ғана емес, сол жолда жанын құрбан етуге даяр ұл.

 

Қаһармандық эпостағы батырдың жеке өз басының ержүрек, батыл болғаны жеткіліксіз, оның сол ержүректігі мен батылдығы ел игілігіне, әділетсіздіктен жапа шеккендер мен жаудан жәбір көргендерді құтқаруға жұмсалуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, батырдың батырлығы ел тағдырына қатысты маңызды оқиғамен өлшенеді. 

Қателеспе, нарқоспақтың баласы!

Бітпек емес хан мен халық таласы.

Мен өлгем жоқ!

Басым шауып алғанмен,

Қайта туар қазақ мені далада!

 

Бүгін сенің,

Ажыратып мені елден,

Күнің шығып қуанышқа кенелген.

Басым менің бөлінгенмен кеудемнен,

Мен емеспін!

Мен емеспін! –

 

дейтін жолдар арқылы аруақтың мәңгі өлмейтіндігі жайлы түсінікке қоса батырлық рухтың өшпейтіндігі жайлы халық идеясын ұстаным еткен. Бұл «Ер ел үшін туып, ел үшін өледі» дейтін қағидаға сәйкес. Зұлымдық пен жақсылықтың бітіспес қайшылығы – бір халықтан шыққан екі адамның болмысына  жинақталған. Зұлымдық жақтаушысы – Баймағамбет, жақсылық символы  – Махамбет.

Махамбеттің дауысы:

Құрбаным болады деп келесі,

Есеңгіреп,

Жия алмай тұр Ел есін.

Қару жұмсап керегі жоқ,

Құсадан

Көп кешікпей-ақ сен өзің-ақ өлесің!

 

Қажеті не кісі өлтіріп дандайсып?!

Тағдыр мына қандай зұлым!

Қандай сұм!

Махамбетке қойдың өмір сүргізбей,

Махамбетсіз өмір сүре алмайсың!

 

.

Жендеттікпен жете алмайсың мұратқа!

Мініп кеттім мен бір ақ боз пыраққа!

Доссыз өмір сүре алады мықтылар,

Қассыз өмір сүре алмайды бірақ та!

 

Осындағы «ақбоз атқа міну» ұғымы да Махамбет рухының өлмейтіндігін білдіретін көркемдік тәсіл. Алайда ол көне фольклорлық таным – түсініктерінен фольклорлық поэтикаға айналған.

Көшпелі – малшылықпен айналысқан жұрттардың тек осы өмірінде ғана емес о дүниелік өмірінде де ат үлкен рөл атқарады.

Қазақстан даласының әртүрлі өңірлерінен табылған қазба деректердің бәрін де атымен бірге көму орын алған. Атының кекілін кесіп, тұлдау, жылында сою алдында атпен көрісіп жылау сияқты рәсімдер осы дүниені о дүниемен теңестіру түсініктерінің сәулесі..

Сондай-ақ жеті атадан кейін үйленуге рұқсат алу үшін боз қасқа шалу, әйел толғатқанда ақ шағыр атты шыңғырту арқылы әсер ету, хан сайлағанда – боз биенің сүтіне шомылдыру т.б. ұғымдардың әрқайсысының семантикасы бар.

Ақ боз ат ұғымы тек түркі халықтарында ғана емес үнді европалық, түркі, моңғол халықтарына ортақ.

Көшпенділерде ат қашсаң құтқаратын, қусаң жеткізетін көлік.

– Батырлар жырында сенімді серігі, қауіптен қорғар көмекшісі. Драмадағы өзі өлсе де ақ боз атқа мініп кеткен Махамбет рухы мәңгі биік.

Өйткені «Трагедия –адам жанының терең күйін шертеді, оқушы мен көрерменді небір асыл ойларға, философиялық толғаныстарға бойлатып, ұшқыр қиял әлеміне алып кіреді. Трагедияда махаббат та, өштік  пен қастық та – бәрі де, ерекше ұлғайтылып, әсерленіп көрсетіледі.1

Трагедияны жазу үстінде автор М.Өтемісұлы поэзиясының стихиясын да молынан пайдаланып, фольклорлық арнау, толғау формаларын да кәдеге жарата білген.

Махамбет (зарлы әуенмен)

 

Қоғалы көлдер, құм, сулар

Кімдерге қоныс болмаған?

Саздауға біткен құба тал

Кімдерге сайғақ болмаған?

Басына жібек байлаған

Арулар кімнен қалмаған?

Таңдап та мінген тұлпарлар

Иесін қайда жауға салмаған?

Құландар ішпек Бұршақ қақ

Кімдерге шәрбет болмаған?

Садағына сары шіркей ұялап,

Жау іздеген ерлердің

Қайда басы қалмаған?!

Мына жалған дүние

Кімдерден кейін қалмаған?!

У-уф!

Кімдерден кейін қалмаған?!1

М.Байсеркеновтің «Абылай аманаты» трагедиясының сюжеттік қаңқасын ұстап тұрған тәсіл екі адамның диологы. Бірі қазақтың қабырғалы ханы – Абылай болса, екіншісі Абылайдан да бұрынғы хандарға кеңесші болған, көнекөз қарт жырау – Бұқар. Абылайдың әрбір сөзінде қайталанатын «әулием» деген қаратпа сөзге терең фольклорлық семантика сиғызылған. Түп-тамыры бақсылық ұғымдағы «кие» құдіретпен ұштасып жатқан жырау ұғымы түрлі қасиетке ие. Шығарма мазмұнындағы ханның өзін қаһарынан қайтарып, жөн-жосық бағыт-бағдар сілтеп отырған жырау сөздерінде көпті көрген көрегендіктің, өмір тағылымын мол түйген даналықтың, жалпы халықтың көзқарасы жинақталған. Сен қызбасың, Хан ием… Өстіп ашып айтпасам, қосып айтқанда кұлақ қоймайтын өрлігің бар ғой… Бұқарды тағы бір сыйлағаның болсын, тек асаулыққа, батырлығыңды – тасырлыққа алмастырып алатын асығыс әдетің бар. Ерлік – есерлік емес… Ерлік пен өрлік – екеуі екі дүние, Хан ием. Ел басқару – ертегі айту емес… Екі жүзді алдаспанды асынғанмен пара-пар. «Өткір қанжар қынға қас, аса қайрат жанға қас» – деп бұрынғылар бекерден бекер айтпаған болар… Жоңғарлармен жұлқыса-жұлқыса сілесі қатқан селдір қолды селкеуі түспеген сақалдай сай самсаған сары орысқа айдап салып, «Ақтабан шұбырындының» аяғын құшып, сан соқпайық деген шығармын. Мен айтсам, соны айтсам керек-ті…2

Жырау мен ханның бірде бәсеңсіп, бірде өрши түсетін ішкі драматизмін ширықтырулар арқылы автор тартыс арқауын босатпайды.

Драматург Бұқар жыраудың хан қасындағы  бітімгер биі ғана емес, ел басына төнер қауіпті алдын-ала сезер, көріп сақтандырар  көріпкелдігімен де көмек еткенін мына диалог арқылы аңғартады.

Абылай /бұрқ етіп/. Өкпеден де, өкініштен де құр емеспін. Өкпем өзгеде емес, өзіңде. Жоңғарды жеңгенімізді көріп, орысың да, қытайың да қылпыдап-ақ қалып еді. Амал қанша, тап сол тұста екеуінің бірімен мүйіз айқастырар кезеңнің сәті түсіп-ақ еді-ау. Бір шайқасып қалғанда тым болмаса жүректерін шайлықтырып елдің бетін, жердің шетін байқап басатындай тәубасына келтіретін едік. Етектен басып, еркіме жібермеген сенсің. Өкпем осы. Өкінішім – қос өкпеден қысып тыныс алдырмауға бет алған дұшпандарымды көре, біле тұрып, айбар қылмай абайсыз қалғаным.

Бұқар. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» деген мақалды да есте ұстаған жөн. Хан ием… Хан мен жыраудың ақыл мен парасатқа толы ой қақтығысынан шындық туып жатады.

Себебі драмалық шығармада өмір шындығы адамдар арасындағы терең тартыс арқылы көрсетілгенде ғана, оның көркемдік қуаты, әсері ерекше күшті болмақ. Драмалық идеяның мазмұны тартыспен байланысты. Алайда драманың өзіндік сипатын тек тартыстың мазмұны ғана айқындамайды, жанрдың айрықша және бір ерекшелігі бар: бұл – драманың адам тағдырының драматизмін көрсетуі. Кейіпкер драмалық халге душар болады да, осыдан жөн тауып шығу жолында басынан талай-талай қиыншылық кешеді, қилы-қилы кедергілерге кезігеді, осы сапарында қателесуі де, сүрінуі де ықтимал, бірақ ол өзі көздеген мақсатқа жету үшін ұмтыла береді1.

Пьесадағы аса бір көңіл аударарлық тұс: – хан мен қарт жыраудың ордаға баса-көктей келген елшінің аптығын басып, өз елінің заң-қағидасын сақтауды талап етуі. Екеуінің де қазақ ұғымындағы үй, орда ұғымына қатысты киелі түсініктерді қастерлеп тыстан келгендерден де соны талап ете білуінде туған жұртының ғасырлар бойы ұстанған ұғымдарына адалдық жатыр. Екеуі де соның заңды мұрагерлері ғана емес, жақтаушысы, қорғанышы сипатында көрінеді.

Сейіс. Алдияр, қазақ ханының есігін еркін аттайтын Ресей патшалығының ерекше хұқы бар, бұл ел бізге бодан болған деп орыс елшілері көкіректерін қағады!

Бұқар. (шамданып). Әй, Сейіс, малтаңды езіп сандалып тұрғаның не, өзіңнің «Көкірек қағады» дегенше, кеудесінен неге итеріп жібермейсіңдер? Басындырып қойып, бәйек болатындарың не? Елші болса, қайтейін? Шаңыраққа қарасын!…

(Ашуын баса алмай). Жоғы, тіпті, келмей жатып, төр менікі деп… Жөн-жоба, әдеп деген болмаушы ма еді?.. елшілік деген мына бізден қалған. Көргенді елдің көсемдігін көрсетіп келген ізіміз бен кері қайтып жүре беруші едік. О заманда бұ заман барған елінің  босағасына бүлік салып, кереге бойы кергілес іздегенді кім көрген? Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан демекші-екпіндері Ертіс бұзып, ел тонағандай екен, елші емес жаушы болып жүрмегей2…

Абылай. (бетінен түгі шығып). Өрескел сөйлеп, өктемдік көрсеткен елшіге екі ердің құнына лайық айып салынады. Ердің құны-жүз жылқы. Бұл бір. Екінші: «есігіне еркін енетін хұқым бар» деген сөзін  Ресей патшалығы қазақ жерін тік көтеріп көшіріп алып кеткен күні айта жатар. Үшінші: осынау аспан тектес алып даланы алдыма өңгертіп алып кетем деп ат үстінен еңкейген талай-талай әумесерлердің өңмені үзіліп, сүйектері осы жерде қалған. Жер иесі-Қазақ, ханы-Абылай! Екі елшіге де осыны жеткізіңдер.

Бұқар.(терісіне сыймай). Әй, Сейіс, ана тілмаштарың мен ділмарларыңа айта бер. Бұқар айтты деп айт. Елшімін деп келгендері анық болса-еңсе көтеріп есірмей еппен басып, есігіме еңкейіп енетін болсын. Ошақтың күлін шашып ойнайтын тентек балалардың теріс мінезін көрсетуін қойсын!3

 

Әдетте адам мен тылсым арасын байланыстырушы делдалдар арбаушы, бақсы, адамзат игілігі үшін тілек тілесе, пьесадағы хазіреттің осы екі – ауыз сөзі арқылы «Іші бүтін сырты түтін» дін иелерінің жағымсыз образы жасалған.

Трагедия тартысының арқауы болып отырған бір әлеуметтің ішкі жіктелісінің себебі – отаршылдық пиғылдың өршуі. Өзгенің қолымен от көсеуші генерал Ладжынский – отаршылдық жүйенің жымысқы мінезінің бір қыры.  Зұлымдық пен адамдық мінездің тартысына құрылған шығармадағы отаршылдықтың  қол шоқпары болған Баймағамбеттің зұлымдық әрекеті – Махамбет өлімінің себебі.

Тура келіп алысуға дәрмені жетпей, тасада тұрып, ту сыртынан оқ атқан мұндай зұлымдықтарды халық қашанда қарғыс налаға ұшыратады.

Сөйтіп, «трагедияда қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғы шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсері мен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашып қопара бейнелейтін іргелі жанры» – екендігі дәлелденеді.

Ал Б.Мұқайдың «Өмірзая» пьесасының негізгі тақырыбы қазақ халқының ғасырлар бойғы ең ізгі қасиеті – ұрпақ жалғастығының үзілуі, баланың әкеге жаттану мәселесі. Қоғам мен жеке адам қарым-қатынасы, әр түрлі әділетсіздіктің адам тағдырына тигізер зардабы, өмір бойына адал еңбек етіп, бірақ қартайған шағында мансабынан қорыққан баласы жындыханаға орналастырған Ес Абышев психологиясындағы тартыс арқылы көрсетеді.

Халықтың қария туралы қалыптасқан адамгершілік-кісілік қағидаларының бұзылуы, қария мен ұлының, қария мен қоғамның арасындағы қайшылықтар, қарттар үйіндегі түрлі тағдырлы адамдардың ой-санасы мен сезім қақтығыстары трагедияға өзек болған.

Пьесада адамның сезім күйлерін, жан толғаныстарын, арман-мақсатын және басқа ішкі қасиеттерін кейіпкердің тек іс-әрекеттері ғана ашады. Қандай ғана әрекет-қимыл болмасын, ол белгілі бір мақсатты көздейді. Бірақ, әр кейіпкердің әр алуан іс-әрекеті оқшау-оқшау боп қалмай, біріне-бірі тығыз байланыста өрбіп-дамиды, бүкіл іс-әрекет басты бір желінің бойына тартылады. Осылайша, өрілген оқиғалар барысы, кейіпкерлердің пьеса мазмұнының түйінді кезеңдерінде айрықша көрінген іс-әрекеттері автордың жақтап, қорғап отырған негізгі идеясын айқын танытады.

Қоғам қысымы мен сырттан таңылған саясаттың әрбір ұлттың өзіндік құндылықтарын қаншалықты аяқ есті еткендігіне осы пьесада жан-жақты жауап ізделінген. Өйткені Ес қарияның қайғысы  мүлде бөлек. Жанын салып асыраған жалғыз ұлы ат ізін салмай кетіп, жолын тосумен өткен қарияның қасіреті арқылы драматург бүгінгі күні көрініс тауып отырған өз ата-анасын қарттар үйіне өткізіп, перзенттік парыз ұғымын ұмытқан ұрпақ жайында ой толғайды. Драматург бұл тұста қайғылы екі адамның жан түкпіріне үңіліп, бұл мәселені қартайған, қажыған адамдардың өмірге наразылығы түрінде береді.

Ес. Жылап отырмын, Рахия. Өліп қалмай дәл осы күнге жеткеніме күйініп, егіліп отырмын. У-у-һ! Жалғызымның жақсылығы бұл. Ұшпаққа алып шығамын деуші еді. Алып шықты ақыры. А-а-а!..  Иса! Қайда жүрсің, Иса! Перзенттік парыз, қарызыңнан құтылдың сен, Иса. Сен үшін  өмірдің қызық, шұжығын тәркетіп ем. Сен үшін қанды қырғын соғыста өзіп қалмай, кеудемді сүйретіп аман келіп ем… Иса-а! Неге үндемейсің, Иса? И-с-а-а!.. И-и-а-а!..

Рахия. Иса сенің даусыңды естімейді, бөтен адам. Исаны ұмыт. Егіле бермей бес уақыт намазыңды оқып, анау жаққа дайындал. Е-е-е, ол жаққа жете алмай жүрген шерменделер қаншама. Ондағылар екеуміз құсап қасірет шегіп, қан жұтпайды. Қу жанын қинап, қыбырлап жүрмейді. Е-е-е, қара жердің құшағынан жайлы жер жоқ жалғанда. Жүр, бөтен адам, ертіп барайын. Аруақтарға тағзым етіп, құран оқы. Осы бастан бесігіңе белгі сал, бөтен адам. Жүр, жүре ғой1.

Автор бұл өзекті мәселені көрсетуде екі түрлі дәуірдің адамын кезіктіргендей тұспалды пайдаланған. Бұл Шыңғысхан мен Ес қария диалогы арқылы өрнектелген. Шыңғыс хан есіміндегі жігіт арқылы өз жұртын жанындай сүйіп, мемлекеттігін нығайтқан ханның рухын қайта тірілтіп, бүгінгі ұрпақпен кездестіру арқылы ең көкейкесті мәселені қозғауды мұрат тұтқан.

Шыңғысхан. Ұлттық сезім өлген жерде адам да өледі, ақсақал. Ондайларға бәрібір. Ондайларды туған халқының тағдыры мен тарихынан гөрі Африкадағы ешкім білмейтін кішкентай елдің проблемасы көбірек толғандырады. Себебі – оларда тек жоқ. Олар  ойнастан туып, балалар үйінде өскен адам сияқты.

Ес. Өй, ондай заманыңның!.. Кімге керек ондай заман?  Қазір, балам, қазір!..

Рахия. Ой, Алла-ай, ең болмаса бір рет келмеді ә?

Шыңғысхан тілін, дінін, ата-ана дәстүрін ұмытқан, ата-анасымен, өз тілінде түсіне алмайтын, өз халқын менсінбейтін жаңа ұрпақ өсіп жетілді,  заман солардікі. Бұл қасірет – нағыз қасірет.

Шыңғысхан. Сіздің балаңыздың әрекеті бір адамға деген қарсылық  емес, ақсақал. Бұл ата дәстүрді, туған халқын жек көрудің белгісі. Бұл имансыздық!2 Атаңа не істесең, алдыңнан сол келеді дейтін халық тағылымын жазушы көне аңыздың сюжеті арқылы береді. Ол «жас жігіттің қартайған әкесін жардан құлатып өлтіруі» туралы әңгіме.

Қаламгер тарихи тұлғалардың есіміндегі (Шыңғысхан, Цезарь, Наполеон) адамдарды жындыханада жолықтыру арқылы халық трагедиясының тарихын тереңдете түседі. Қоғамдағы саясат салқыны Ес қарияның басынан өткерген қиын тағдыры, 1937 жылғы зобалаңда көр қазушы болған қарттың жалғыз баласын тек әділет пен қайырымға тәрбиелеуі, бірақ оның жалтақ, жағымпаз болып өсуі, одан туған немересінің «қазақпын» деп айтуға арлануы халық тағдырындағы маңызды мәселелерді көрсетуге негізделген. Жазушылар бүкіл өмірі мен еңбегі зая кеткендей болған адамның көңіл-күйін білдіру үшін фольклорлық заңдылықтарға сүйенген. Олар: Рахиланың жоқтауы, аруақтармен тілдесу, құзғынның көп жасауы туралы аңыз, домбыраның мұңлы күйі, құлынның кісінеуі т.б. жағдайлар.

Осы қаламгердің қазақ халқының басындағы әлеуметтік трагедияны терең бейнелейтін туындысы «Заманақыр» пьесасындағы қазақ қасіретінің бірі – атомдық жарылыс зардабының бейнеленуі. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жойқын індеттің сырын терең сипаттау мақсатында драматург екі жастың үйлену тойы үстіндегі жағдайларды суреттейді. Той шырқының бұзылуы, оны аяқтауға екі сағатқа мұрсат бермей бұйрықпен үдере көшкен ел тағдыры, туған жерін, қара шаңырағын қимай қиналған жұрттың күйзелісі арқылы халықтың трагедиялық халі терең танылған. Ядролық апат салдарынан жеті бірдей баласынан, жақын-жуығынан айрылған, сегізінші баласы қол-аяқсыз туған Дастан тағдырының күйінішін көрсетуде зарлы лирикалық ән, күй, көркемдік мәнде жұмсалған. Оспанның жұртымен арыздасуы, ұрпағына аманат айтуы да халықтық қағидаға сай өрнектелген.

Драмадағы сәтті шыққан образдардың бірі – Дастан. Шығарма барысында Дастан бейнесі жігіттің ақкөңіл, ішінде кірі жоқ адал адамзаттың бірі ретінде сомдалады. Кейінгі көріністерде сұм жарылыстан көктей солып қырылып жатқан халықтың ауыр трагедиясы қабырғасын қайыстырған Дастанның мінезіндегі өзгерістер шынайы көрсетіледі.

Кейіпкер жүрегіне жара түсірген себеп-сипатын қат-қабат қазадан зар илеп, жер тіреп отырған сәтіндегі ауыр трагедиялық ситуация арқылы береді.

Драмалық ахуалдың кернеуін асқындырып, ушықтыратын тұс –  Дастанның өз баласын өзі қылқындырып өлтіруі. Бұл көне жабайы замандардағы балаларды, қарттарды қолдан өлтіру рәсімдерінен мүлде бөлек. Ол сана бойынша о дүниелік өмірге сенім мықты. Ал бұл өлтіру – өмір әділетсіздігіне қарсылық түрінде алынған. Яғни, тығырықтан басқа шығар жоқтығы трагедия шешіміне әкеледі.

Өйткені «Трагедиядағы конфликт шырқау биігіне жетіп, қатер сағаты соққанда қаһармандар арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан бетер айқындалып, домбыра шегіндей тартылған хал. Енді ешқандай мәре-сәрелік жоқ. Екінің бірі: я өлім, я өмір!1

Ол қанша бала көрсе де, еміреніп сүйе алмай өмірден өтіп бара жатқанына опынып, іші қан жылап, бүкіл халқының маңдайына жазылған кеселге налиды. Сондықтан мағынасыз, сүреңсіз тіршіліктен күдер үзген Дастанның қайғыдан бөтелкемен достасқан рухани күйзелісінің шешімі өлім арқылы шешіледі. «Менде кінә жоқ, балам. Кінә – заманда. Қатыгездігі артып тұрған, шындығы жоқ заман кінәлі бәріне. Кешір мені, ботам. Мен сені пенде баласына қайырымы жоқ тіршіліктің, атаңа нәлет мынау жарық дүниенің азабынан, қайғы-қасіретінен құтқарамын. Өзім де кетемін соңыңнан. Жеті бірдей бауырың күтіп жатыр бізді. Қош бол, ботам! Қош!» – деп аяғы жоқ, қолы жоқ қу томар болып туған баласын егіле тұрып тұншықтырып өлтіреді. Сол сәттегі кейіпкер жан дүниесіндегі қайғы мен шерді, оның бойында жинала-жинала жанартаудай атылған қиналысты сәттер оқырманның өз басында өтіп жатқандай табиғи түрде сипатталады.

Адамның трагедиялық тағдыры тек таза трагедиялық туындыларда ғана емес, трагедиялық шешіммен аяқталатын драмалардан да көрінеді.

Мысалы бүгінгі күнгі қазақтар үшін маңызды тақыптардың бірі – өз жұртындағы үйсіздік мәселесі Ш.Мұртазаның «Жалғыз үйлік зілзала» драмасынан айқын көрінеді. Үйдің адам өміріндегі маңыздылығын көрсету үшін автор аяғы ауыр келіншекті «барар жер, басар тауы болмаған» қиналыс үстінде көрсетеді. Толғақ қысып қиналған келіншек жанындағы Албасты – Марту мен Періштелердің сөз қағыстыруы арқылы әділетсіздік пен шындықтың, мейірім мен қатыгездіктің қақтығысы бейнеленеді. Қасиетті кітаптардың түсіндіруі бойынша, Мұхаммед пайғамбардың нұрынан жаратылыс негіздерінің бірі от жаратылған. Оттың таза жалынынан періштелер өмірге келген. Олар – Алла тағаланың тікелей көмекшілері. Жаратушы иені жүзбе-жүз көре алмаса да, қажет кезінде еркін пікірлесе береді. Періштелер сан алуан формада жаратылған.

Періштелер кез келген тілде сөйлесе алады. Өйткені олар да Сүлеймен пайғамбар сияқты, мыңыншы киелі қасиет бар. Кез келген формаға кез келген бейнеге айналып, өздеріне тапсырылған жұмыстарды мүлтіксіз атқарады. Өсіп-өнбейді, жыныссыз, күнәдан пәк, кіршіксіз таза. Драмада періштелерге қарама-қайшы мифтік демонологиялық образ албасты алынады. Ол көне мифтік түсінік бойынша жаңа босанған әйел мен сәбиге қастандық қылу әрекеті үстінде көрінеді. Мұндағы албасты қоғамдағы барлық  келеңсіз жайттардың жақтаушысы, қайғысын қолдаушы ретінде алынған. Ол қайда жамандық болса жаны семіретін қаскөй бейнесінде.

Драматург періштелердің өзара сырласу диалогында өмірдің әділетсіздіктері сынға алынады.  Тұтас қазақ өміріне сырт көзбен қарайтын образ сипатындағы періштелер өзінің әу бастағы функциясынан ажырамайды. Адам баласы үшін тек жақсылық тілейді.

Әділет пен әділетсіздіктің күресін ашып көрсету үшін автор босана алмай қиналып жатқан жас келіншек маңындағы оқиғаны өзек еткен. Өйткені халық ұғымында мұндай әйел екі дүние ортасындағы әйел. «Ол бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деп сипатталған. Яғни, оқиға да таза фольклорлық  танымға негізделген. Себебі: дүниеге келетін балаға мың періште қуанса, Албасты-Марту  қастандық жасайды деген түсінік ежелден бар.

Өмір мен өлім айқасында жатқан жанның маңындағы екі түрлі күштің ақ пен қараның сөз таластыруын бірте-бірте күшейту арқылы автор тартысты тереңдете түседі. Онда өмірдің әлеуметтік шындығы қоғам келеңсіздіктері әшкереленеді. Фольклорлық образдарды пайдалану арқылы жазушы тұспалды тұжырымдарын жеткізген.

.

Шығармадағы  шиеленіс шешуі дүние есігін енді ашқан сәби анасының қайтыс болуы. Адам өмірінің келеңсіздік үшін қуанатын залым күштердің ниетінің іске асуы – шығарманың ең ауыр трагедиялық шешімі. Бұл оқырман көңіліне ой түсіріп, жамандыққа жан аямай қарсы тұру сезімін күшейтеді.

Албасты-Марту: – (нәрестеге арнап). Жыла, бейбақ, жыла. Жалған дүниеге күліп келген бір адам жоқ. Бәрі жылап келеді. Сен де сөйттің. Неге? Түсініп емес, түйсікпен жылайсың. Әлі түсінетіндей ақылың жоқ. Бірақ сезімің бар. Бір пәлені сезесің. Өйткені сені аласапыран күтіп тұр. Алып мұхитқа байғұс анаң тастады, кетті. Оның жаны жай тапты. Ал, сен азапта қалдың. Жыла, бейбақ, жыла! Алып мұхиттың аты – өмір. Өмір сені асыраса жақсы. Әне, әлден-ақ қарның ашты. Ақ сүтін берер анаң жоқ. Сен: “бер-бер!” дейсің. Өмір: “жоқ! жоқ!” дейді. Тамақ бер дейсің, жаялық бер дейсің. Үй бер дейсің. Адамда нәпсі дейтін болады. Бер дейсің. Қоғам саған соның бәрін берсе жақсы. Бермесе – кім боласың? Анаң сияқты адасқан жолға түсесің.

Адаспас үшін әділетті қоғам керек. Ол қашан орнайды?.. Бұл жауабы күрделі сұрақтың шешімін автор көрерменге қалдырады.  Жинақтай келгенде айтарымыз: тәуелсіздік тұсында жазылған трагедияның тарихи, әлеуметтік, адамгершілік-тұрмыстық түрлеріндегі образдар жүйесі әр алуан көркемдік амал-тәсілдер арқылы сомдалған. Солардың әрқайсысында фольклорлық образ, ұғым-түсініктердің де жазба әдебиетінің игі дәстүрінде қайта жаңғырып, жаңаша мән иеленгендігіне мысалдар мол.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.