Вольфганг Амадей Моцарт өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Вольфганг Амадей Моцарт өмірбаяны

Вена классикалық мектебінің көрнекті өкілі — Вольфганг Амадей Моцарт. Өзінің көркем шығармаларымен әлемге танылған аса талантты дарын иесі барлық жанрларда еңбек етіп, артында мол музыкалық мұра қалдырған. Моцарт алты жасынан Еуропаны аралап, Италия, Франция, Германия елдерінде концерт қояды. Оның шығармаларынан дәуір тынысы көрініп, олар өзара бірлікте танылады. Жаңашыл Моцарт өзіне дейінгі музыка мәдениетін дамыта отырып, Гайдн ізімен оны классикалық деңгейге көтере білді. Өз замандастарынан озып, Л. Бетховен шығармашылығы мен XIX ғасырдағы романтизм ағымының тууына ықпал етті. Вольфганг 1756 жылы Зальцбург қаласында дүниеге келген. Әкесі Леопольд композитор әрі капельмейстер болғандықтан бастапқы музыкалық білімді өз әкесінен алады. Вольфганг өзінің музыкалық қабілетін өте ерте байқатқан. Үш-төрт жасар кезінде клавесинде импровизация жасап, төрт жасында осы аспапқа арнап концерт жазған. Алты жасында Германия мен Австрияның көптеген қалаларына гастрольдік сапарға шығады. Осының бәрі оның шығармашылық өнерінің жетілуіне елеулі ықпап еткен. Жеті жасар Моцарттың клавирге арналған төрт сонатасы алғаш Париж қаласында жарық көрген. Лондонда Иоганн Кристоф Бахпен кездесіп, алғашқы симфониясын соның ықпалымен жазады. Алпысыншы жылдары симфония, месса, оркестрге арналған сюиталарын, итальян операларына еліктеп «Аполлон мен Гиацинт» (1767) операсын жазды. Ол студенттердің орындауына арналған шығарма еді. Келесі жылы 12 жасар Моцарт Венадағы опера буффа театрының тапсырысы бойынша «Алдамшы қарапайым қыз» («Мнимая простушка») атты шығармасын, сонымен бірге «Бастиан мен Бастианна» деп аталатын бір актілі зингипилін жазды.
Моцарт опера сериа жанрын да меңгеріп алды. 1769 жылы әкесімен бірге Италияның біраз қалаларын аралап, концерттер берген кезде «Митридат» атты сериа операсын жазуға тапсырыс алады. Оның сюжеті көне тарихтан алынып, пантиялық Митридат патшаның Рим билігіне қарсы күресін суреттейді. Бұл тарихи трагедия махаббат драмасымен күрделеніп, сериа опера дәстүрінде жазылғанды. Операның апғашқы қойылымы 1770 жылы Миланда өткен. Сөйтіп, небәрі 15 жасында Моцарт түрлі жанрлардағы көптеген аспаптық шығармапар мен төрт операның авторы болды. Италия кезеңі (1769-1772) Моцарт өміріндегі жарқын сәттердің бірі болды. Бірақ 70-жылдары Залцбург архиепископы қайтыс болған соң, оның орнына граф Иероним Колоредо келеді. Ол қатал, өркөкіректеу адам болатын. Бұрынғы архиепископ Моцарттың демалуына көмек беріп тұрса, кейінгісі кедергі келтіре берді. Жаңа архиепископ опера жанрының жауы болғандықтан Моцарт аспаптық музыка саласында еңбек етіп, симфония, серенада, дивертисмент, концерт, камералық ансамбльдер жазды.
1773 жылы Моцарт алғашқы соль минор (№25) симфониясын жазып, өзінің әлемге мәшһүр аттас симфониясына (№40) біртабан жақындай түсті. 1773 жылы Бургомистр қызының тойына арнап оркестрге арналған «Хафнер серенадасы» сюитасын жазды. Скрипкаға арналған ре мажор, ля мажор концерттері де осы тұста жазылған. Бұлар аса ірі оркестрлік концерттер болды. Аспаптық ірі шығармалармен қатар Моцарт театрға арнап та музыка жазады. Милан кезеңі Моцарт үшін аса жемісті болды. 1771 жылы ол Миланда өткен «Альбадағы Асканьо» атты театрландырылған серенада қойылымына қатысады. 1772 жылы осында «Лючио Силла» атты сериа операсы қойылды. 1775 жылы «Алдамшы бақташы қыз» операсы мен « Қой бағушы король»театрландырылған серенадасын жазады.
1777 жылы Мингейм қаласында болған кезінде Моцарт И.Гольцбауэрдің «Гюнтер фон Шварцбург» атты операсымен танысып, ұлттық опера өнерін қалыптастыру мәселесіне бет бұрады. Осындағы аспаптық музыканың дамуы да Моцарт үшін үлкен мектеп болды. Мангеймде болған уақытында Моцарт флейта мен оркестрге арнап екі концерт, скрипка, альт, виолончель және флейтаға арнап квартет, екі клавирлік соната, скрипкаға арналған бес соната және бірқатар әндер мен ариялар жазған. 1778 жылы Парижде Моцарттың анасы қайтыс болады. Бұл жылдары жазған шығармалары өткен кезеңдерінің ішінде көрінеді. Солардың арасынан ля минор, до мажор, ля мажор клавирлік сонаталарын, флейта, гобой, валторна және фаготқа арналған «Концерттік симфония», скрипкаға арналған сонаталарын атауға болады. Парижден Зальцбургке оралған Моцарт пен архиепископ арасы әбден ушығып, Венаға қоныс аударады. Бұл кезеңде Зальцбург қаласына түрлі театр труппалары келіп, опера, балет, драмалар қоятын. Осы ұжымдардың жұмысымен танысқан Моцарт халық театрына жақындай түседі. Композитордың неміс тақырыбына жазған «Заида», Геблердің «Египет королі -Тамос» атты драмасына жазған музыкалары осы кезеңнің жемісі. Осы шығармаларының арасынан антикалық сюжетке жазылған «Идоменей» операсы ерекше тұрады. Мұнда композитор хор мен хор сценаларын драматургиялық мақсатта шебер пайдаланған. Музыкалық тақырыпты симфониялық тәсілмен өңдеу арқылы оркестрдің рөлін де күшейте тускен. Бұл тұста Моцарт шығармасы Глюк жасаған опералық драматургиясына жақындай түскен. Композитор гармониялық үндестік, оркестрге лайыктап жазу, пішін бағыттарында да көптеген жаңалықтарға орын берген. Моцарттың Венада өткен соңғы он жылын зерттеушілер екі кезеңге бөліп келеді. Алғашқысы «Серальдан алып қашу» және до мажор симфониясынан бастап «Фигароның үйлену тойына» дейінгі кезеңді қамтыса. Екіншісі «Дон-Жуан» мен 1788 жылғы үш симфониясынан «Сиқырлы флейта» операсы мен Реквиемге дейінгі аралыкты құрайды. Моцарттың Венадағы шығармашылығы «Серальдан алып қашу» зингшпилімен басталады. Оның койылымы өте сәтті болса да императорға аса ұнамайды.
Енді Моцарт аспаптық музыкаға ден қояды. «Серальдан алып қашу» мен «Фигароның үйлену тойы» аралығында фортепьяналық сонаталар мен фантазиялар, жеке аспаптарға арнап концерттер, квартет, үш бөлімді симфония (ре мажор) жазады. Венада композиторлар, қоғам қайраткерлерімен кездесті. Олардың бірқатары Моцарттың композиторлық дарынын түсіне алмаса, енді бірқатары қызғаныш білдірді. Император сарайында тұрған композитор Антонио Сальери Моцартқа үлкен кедергілер тудырды. Бұл оқиғаның А.С.Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» атты трагедиясына арқау болғаны мәлім. 1785 жылы Моцарт Иозеф Гайднмен кездеседі, алғашқы квартетін де Гайднға арнап жазған. Моцарт опералары италян мәтіндеріне жазылса да ол үнемі ұлт композиторы ретінде танылады. Бұл белгілерді оның опералық, шығармаларындағы кейіпкерлер мінезінен де, музыка тілінен де аңғаруға болады. Моцарттың Лоренцо да Понтемен кездесуі «Фигароның үйлену тойы», «Дон Жуан», «Бәрі де осылай жасайды» атты ұлы шығармалардың өмірге келуіне түрткі болады. «Фигароның-үйлену тойы» комедиясы 1786 жылы Венада қойылып, ұзамай сахнадан түсіп қалған еді. Опера сериа стилінде жазылған бұл шығарма кейін композиторға үлкен атақ-абырой әкелгені белгілі. Прагада қойылын, театр репертуарынан елеулі орын алды. Прага театрының басшылығы композиторға жаңа опера жазуға тапсырыс берді. Композитордың келесі операсы — «Дон Жуан» өзіне дейінгі
бірде-бір ағымға жатпайтын туынды. Осы шығармамен Моцарт шығармашылығының ең соңғы кезеңі басталады. Себебі «Дон Жуан» Моцарттың опера жанрындағы ең биік әрі көркем туындысы. Мұндағы музыкалық-суреттемелік образдар галереясы өте бай. Композитор «Фигароның үйлену тойындағы» ізденістерін одан әрі дамытып, кейіпкерлермен бірге олардың өзара қарым-қатынасын да музыкалық мінездеме арқылы суреттеуге тырысты.
«Дон Жуан» операсы 1788 жылы Венада қойылып. тыңдаушылартарапынан салқындау қабылданды. Осы жылы Глюк қайтыс болған соң император сарайына В.Моцарт шақырылады. 1788 жылы В.Моцарт өзінің әлемге әйгілі үш симфониясын жазады. Олар: ми бемоль мажор, соль минор (№40) және до мажор («Юпитер») симфониялары. Мұның алғашқысында композитор би жанры негізінде үлкен драматургиялық тартыс жасаған болса, екіншісі — лирикалық, ал үшіншісі — монументальдік сипаттағы туындылар. Бұл шығармаларда сонаталық-симфониялық цикл толық қалыптасқан күйінде көрінеді. 1790 жылы Венада композитордың буффа операсының ізімен жазылған «Бәрі де осылай жасайды» атты шығармасы қойылады. Бұл шығармасы да композитордың атышулы операларынан кем түспейді. Моцарттың соңғы операсы — «Сиқырлы флейта». Мұны ұлттық опера жасау жолына түскен композитордың ұлылығын білдіретін шығарма деуге де болады. Негізгі идеясы — зұлымдық пен мейірімділік күресі. «Сиқырлы флейта» XVIII ғасырдагы эингшпиль жанрының дамуын аяқтап, XIX ғасырдағы романтизм рухындағы шығармалардың қалыптасуына жол ашты. Бұл операдан масондық діни-этикалық сарындар да көрініс тапты. Моцартосы масондық қозғалысқа арнап бірнеше музыкалық шығармалар да жазған. Бірақ «Сиқырлы флейта» операсының мазмұнынан масондық ағымның мистикалық мазмұны көрініс тапқан емес. «Сиқырлы флейта» операсымен қатар В.Моцарт өзінің ең соңғы шығармасы — Реквиемді жазады. Бұл полифониялық шеберліктің ең жоғары көрсеткішіне айналған туынды болды. Әдеттегі латын тіліндегі мессаға жазылған бүл шығарманың мазмұны мен идеясы шіркеу шеңберіндегі құдайға құлшылық жасау қызметінен әлдеқайда жоғары жатты. Ондағы хор, вокалдық квартет және симфониялық оркестрдің қуатымен композитор адам бойындағы терең ой-толғаныстарды, жан дүниесінің драматизмін, терең қайғы мен қасірет, адам баласына деген сенім мен махаббат сезімдерін суреттей білді.
В. А. Моцарт 1791 жылы 36 жасқа жетпей қайтыс болады. Оны жерлеу үшіп отбасы қаражат таба алмай, ұлы композитор жалпы бейітке жерленеді. Көзі тірісінде композитор Реквиемді аяқтай алмаған. Моцарт қалдырған түрлі музыкалық материалдар негізінде оны шәкірті Зюсмайер аяқтап шыққан.
Моцарт бала жасынан опера жазған композитор болса да, оның драматургиясына кештеу мән берген суреткер. Ол өз кезеңіне мәлім опера жанрының түрлі салаларында қалам тартты. Оның шығармаларындағы кейіпкерлер, оларға берілген музыкалық мінездемелері Моцарт драматургиясының жетістігі болды. Моцарт — симфония жанрында жемісті еңбек еткен ұлы композитор-симфонист. Оның аспаптық шығармаларынан бұрынғы сюита толық жойылып, сонаталық-симфониялык цикл орныкты. Мұның басты ерекшелігі — циклдың барлық бөлімдері бір-бірімен байланысып, бір драматургиялық мақсатқа қызмет жасады. Моцарттың оркестр мен түрлі музыкалық аспаптарға арнап жазған концерттері де әлем музыкасынан елеулі орын алады. Концерт — жарыс деген мағына берсе, композитордың әрбір концертінде екі экспозиция бар. Оның бірі оркестрге, екіншісі жеке аспапқа арналған. XVIII ғасырда В.Моцарт арқауын тартқан концерт жанры әлі күнге осы пішінде дамып келеді. Моцарт концерттерінің әр бөлімі өзара қайшылықта көрінеді. Қарама-қарсылық сонаталық аллегро ішіндегі негізгі және қосалқы партиялар, рондо типтес жанрлардағы рефрен мен эпизодтар арасынан да байқалады. Моцарт- шебер орындаушы. Оның фортепьяноға арнап жазған шығармалары өте көп. Оның заманындағы фортепьяно әлі жетіле қоймаған музыкалық аспап. Сондықтан Моцарт шығармаларының мазмұны ашық та жарқын, музыкалық интонациялары диатоникалық сипатта болды. Бұл аспаптың дауысын байыту, хроматизм элементтерімен романтикалау көбіне ХіХ ғасырдағы романтиктерге тән құбылыс. Моцарт фортепьянолық шығармалары арқылы классикалық сонаталық пішінді одан әрі орнықтыра түсті. Соната, вариация, рондоүлгілерімен қатаримпровизациялықсипаттағы фантазиялар да жазды. Өзіне дейінгі музыка мәдениетін жинақтап әрі қорытып шыққан В.А.Моцарт оның жаңа сипатта дамуына жол салды. И.Гайдн ізімен сонаталық-симфониялық жанрды орнықтыруға елеулі еңбек сіңірді. В.А. Моцарт шығармашылығы — адамзат баласы тудырған мәдениеттің ұлы мақтанышы.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.