XI—ХV ғасырлардағы Индия

Home » Рефераттар » XI—ХV ғасырлардағы Индия
Рефераттар Комментариев нет

XI ғасырдың аяғына қарай Индия экономикасы өз дамуында елеулі жетістіктерге жетті. Ауыл шаруашылығында əртүрлі дақылдар өсірілді. Ганг өзенінің шығысында негізінен күріш егілді. Бенгалия мен Вихардан батысқа қарай күріш орнына бидай өсіру кең өріс алды. Раджастхандағы негізгі дақылдар қара бидай мен тары болды. Дəнді дақылдармен коса бір жерде бұршақ тұқымдастар да егілетін. Шағын учаскелер май алатын зығыр, сезам /кунжут/ сияқты өсімдіктерге бөлінетін. Бенгалияда кендір пен мақта да өсірілді. Ылғалды жерлерде қант құрақтары, бояу алынатын өсімдіктер өсірілді. Ганг алқабының ылғалды жерлерінен жылына екі мəрте өнім жиналып отырды. Ал батыстағы ылғалы жетіліксіз, суғару жүйесі жоқ жерлерден өнім бір-ақ рет жиналды.

Раджастхан, Пенджаб, Синд жəне Белуджистан аудандарында мал шаруашылығы басым болды. Өзен, көлдері жоқ жерлерде қауым мүшелері қолдан құдықтар қазып, байламалар жасады. Су оңай шығатын жерлерде əр үйдің немесе екі-үш үйдің жеке меншік құдықтары болды. Су тереңнен қиын шығатын жерде құдықтар аз қазылды: ондай жердегі құдықты бүкіл қауым бірлесе қазып, бірлесе пайдаланған. Ал байламалар оны тұрғызған қауымның немесе феодалдың меншігі болды. ХІІ ғасырға қарай Солтүстік Индияда бұрыннан келе жатқан қалалар өсіп, кеңейіп қана қойған жоқ, сонымен қатар көптеген жаңа қалалар да пайда болды. Бұл қалалар бұрынғысынша негізінен Иңдияның феодалдық княздерінің астанасы болды. Олардың ішіңдегі ірілері өзен-көлдердің жағасындағы, үлкен жолдың бойындағы, теңіз жағалауларындағы қалалар болды. Ол қалалар қол өнерінің жəне сауданың орталықтары болды, жергілікті феодалға, сондай-ақ қалаға жақын жердегі феодалдарға қызмет көрсетті. Солтүстік Индия бірнеше княздықтарға бөліңді. Олардың ішіндегі ірілері Джамна-Ганга өзендерінің Қанаудждан Бенареске дейінгі жерінің иесі Раджпуттық Ғахарварлар əулеті, Аджер мен Делиді иемденген Чаухандар əулеті, Банделкханды иемденген Манделдер əулеті, Бихардағы Палдар, Бенгалиядағы Сендер əулеті болды. ХІІ ғасырдың екінші жартысында олардың арасында Ганг өзенінің алқабы үшін ұзақ күрес жүрді. ХІІ ғасырдың 80 жылдарында Притхва князі Чаухан Чанделдер əулетіне сокқы беріп, Қанаудждың билеушісі Гахарварға қауіп төндірді. Бірақ бұл қырқысуды шет ел басқыншылығы тоқтатты.

Солтүстік Индияның саяси бытыраңқылығы мен Раджпут княздарының жиі-жиі өзара кырқысуларын Газни мемлекетінің басшысы Махмуд пайдаланып қалды. Бұл мемлекет Иранның шығысында, Индияның батыс шеқарасында құрылған болатын. 1001 жылы Махмуд Индияға жорық жасады. Оның əскері Джамна-Ганг өзендерінің алқабын, бай Анхилвар княздігін /қазіргі Гуджаратта/ талқандап, тонады. Индияға жасалған əр жорық Газни мемлекетіне əжептəуір табыс түсіріп тұрды: храмдар мен княздардың сарайларында ғасырлар бойы жиналған қазыналар, мыңдаған құлдар əкелінетін. Газни мемлекетінің астанасы Газни қаласы Индиядан əкелінген құлдардың қолымен салынған зəулім сарайлардан тұратын. Ол сарайларды асыл тастармен, қымбат металмен безендіріп, салтанатқа бөлеген де сол құлдыққа салынған Үнді қол өнерші тұтқындары болатын. Газни патшалығының Индияға жорықтарының нəтижесіңде Канаудж мемлекеті жойылды. 1175 жылы Шихаб-ат-дин Мұхамед сұлтанның əскері Пенджабқа басып кірді. Қалған Үнді княздары алауыздықты тастап, бірігуге 194 195 мəжбүр болды. 1191 жылы біріккен Үнді əскерлерін басқарған князъ Притхви Раджа /Аджмир мен Делидің князі/ Шихаб-ат-дин Гуридің əскерлерін жеңді. Бірақ, келесі 1192 жылы жеңіліп қалды. Притхви Раджа соғыста қаза тапты. Шихаб-ат-дин Аджмирды басып алды. Бірақ Притхви Раджаның баласы князъ болып қала берді. Ол тек Шихаб-ад-динге тəуелді екендігін мойындап, вассалы ретінде салық төлеп тұратын болды. Өзі Газниге қайтып, Шихабад-дин Гури түркі тұқымынан шыққан əскери қолбасшы Кутуб Аддин Айбекті Индияға наместник етіп қалдырды. Айбек Солтүстік Индияны жаулап алуды онан əрі жалғастырды. 1193 жылы ол Делиді алды, оны өзінің астанасына айналдырды. 90жылдардың аяғында Айбек Бихар мен Бенгалияны да басып алды. Бұл жақтағы Палдар мен Сендер княздықтары жойылды. Бүкіл Солтүстік Индияда түрік, ауған, тəжік феодалдарының билігі орнады.

1206 жылы Шихаб-ад-дин /Мухамед Гури/ өлген соң оның Солтүстік Индиядағы наместниктері Газнидің жаңа патшасын мойындаудан бас тартты. Солтүстік Индиядағы наместниктер КутубАд-дин Айбектің қол астына бірігіп, соның билігін ғана мойындады. Газни мемлекетінен бөлінген мұсылман феодалдары Дели сұлтанатын құрды. Айбектің қол астына біріккен наместниктер бара-бара бір-бірімен соғысып, сұлтанат əлсіреді. Осы жағдайды Үнді княздары пайдаланып қалуға тырысты. Олар тəуелсіздіктерін қалпына келтіре бастады. Осындай жағдайда мұсылман наместниктердің көпшілігі қайтадан Айбектің төңірегіне топтасып, біріккісі келмеген облыстарды күшпен қосып алды. Сөйтіп, Дели Сұлтандығы нығая түсті. Бірақ 1221 ж. Пенджабқа Хорезм шахы Джелал-ад-динді қуып келген монғолдар басып кірді. Шыңғыс ханның əскері батыс Пенджабты талан-таражға ұшыратып, кейін қайтты. 1241 жылы моңғолдар тағы да Шығыс Пенджабқа басып кірді. Осы жерден Делиге шабуыл ұйымдастыра бастады. Монғол шапқыншылығына қарсы жергілікті феодалдар бір орталыққа бағындырылған мемлекетті нығайтуға бет бұрды. Дели сұлтандығы 1206—1526 жж. өмір сүрді. Оны ХV ғасырдың ортасына дейін түрік халқының өкілдері, ХV ғасырдың ортасынан — ауғандық Лоди əулеті басқарды.

улеті басқарды. Феодалдық меншік түрлері. Дели сұлтанатында жер мемлекеттің меншігі болып табылды. Жерді беру, оның салық мөлшерін анықтау мəселелері сұлтан билігіңде болды. Əрбір жеке феодалға сұлтан мемлекеттік рентадан үлес алуға грамота беретін. Сұлтанның жекелеген феодалдарға рента салық үлесін алып беретін жерлері үш категорияға бөліңді. 1. Ихта. Бұл əскер басыларына берілетін жер үлесі. Ол үлес уақытша берілді. Үлес əкеден балаға мұра ретінде берілмеді. Үлестің мөлшері əскер басының атақ лауазымына, соған сай ұстайтын əскерінің санына қарай белгіленді. Үлестен түскен табыстың оннан бірі немесе ең азы — жиырмадан бірі əскер басына қалатын. Сол табысқа əскер басы — феодал атты əскер ұстауы тиіс болды. Сұлтан шақыра қалған кезде өзі қаруландырған əскерімен келуі тиіс болды. Ихтаның мөлшері əскери феодалдың атақ шені өскен сайын ұлғая түсетін. 2. Инам жəне вакф. Инам дін басыларының, оқымыстыларының, молдаларының жер үлесі. Инам əкеден балаға мұра ретінде қала беретін. Вакф — мешіттер мен медреселердің жері болды. Ол мекемелер жабылып қалса, жер қайтадан мемлекет қарамағына көшетін. 3. Заминдарлар. Заминдар деген жергілікті үнді феодалдары. Олар өз қарамағындағы шаруалардан жер салығын жинап алып үкіметке өткізетін. Өз жалақысы ретінде жиналған салықтың белгілі бір мөлшерін алып қалатын. Заминдарлар əскери міндеткерлік атқарған жоқ. Олар өз қарамағындағы жерлерді басқа біреулерге сыйлауға, үлестіруге, кеңейтуге құқылы болды. Заминдарлар жері де əкеден балаға мұра ретінде қалып отыратын. Бірақ мемлекеттің қажет болған жағдайда жерді алып қоюға құқы болды. Бірақ үкімет ешқашан Заминдарлар жерін тартып алмаған. Феодалдарға таратылып бермеген жерлер тікелей мемлекет меншігі болып қала берді, ол жерлер «халисэ» деп аталды. Сонымен қатар «мүлік» деп аталған жекеменшік жерлер де болған. Илтутмыш өлген сон Дели сұлтанатында төңкерістер кезі басталды. Үкімет билігі үшін күшті ақсүйектер арасында күрес қыза түсті. Бұл күресте 1245 жылы талантты ел басшысы Илтутмыштың қызы Разия қаза тапты. Одан кейін екі сұлтан бірінен соң бірі өлді. Ақыры 1245 жылы маликтер үкімет басына Илтутмыштың немересін отырғызды. Бұл əлсіз сұлтан кезінде іс жүзіндегі үкімет басшысы Гияс-уд-дин Балбан болды. Ол ақыры кəмелетке жетпеген жас сұлтанды у беріп өлтірді. Өзін сұлтан деп жариялап, мемлекетті 1265 жылдан 1287 жылға дейін басқарды. Ол өлген соң қайтадан сарай төңкерістері басталды. Ол төңкерістер үкімет басына Ала-уд-дин Хильжа сұлтан келген соң ғана тоқтады. Бұл сұлтан 1296—1316 жылдар аралығында билік құрды. Үкімет билігін қолына алысымен Ала-уд-дин күшті əскер құрды. Тек өзінің жеке басын қорғайтын жетпіс мыңдық атты əскері болды. Сол əскердің күшімен феодалдар арасындағы алауыздықты, олардың үкіметке қарсы шығу пиғылдарын су сепкендей жым қылды.

Ол əскермен қатар бір-бірінен тəуелсіз үш түрлі тыңшылар мен жазалаушылар мекемеларін құрды. Ірі ақсүйектердің, княздердің бір-біріне қонаққа баруына тыйым салды. Үкіметке қарсы пікір айтушылар қатаң жазаланды. Тіпті өлім жазасына кесілді. Ала-уд-дин өлген соң түрмелерден он жеті мыңнан астам жазықсыз адамдар босатылды. Ала-уд-дин арпа-бидайға, күріш пен бұршақ дақылдарына тұрақты баға енгізді. Нанның бағасын үкімет өзі белгіледі. Ол өте төмен баға болды. Бірақ, барлық жерде тек сол бағамен сатылатын болды. Қазынаға түсімді кебейту үшін егістік жер қайтадан есепке алынды. Ал жер салығының мөлшері жерден түсетін өнімнің жартысына дейін ұлғайды. Тарихи хрониканың авторы Барани салық жинаушылардың қаталдығын ашына жазады. Оның айтуынша үкімет халықтың артық азық-түлігін өзі белгілеген арзан бағамен сыпырып алып отырған. Бұл арзан бағамен тартып алынатын астық үлкен армияны ұстау үшін жұмсалып жатты. Ала-уд-дин енгізген тəртіптер экономиқаны құлдыратты. Бірақ біраз уақыт алдағы мақсатқа жету үшін пайдалы болды. Мемлекеттің барлық ресурстарын корғаныс қабілетін нығайтуға жұмсау алғаш өзін-өзі ақтады. Үкімет Солтүстік-батыс шеқарадағы армияны нығайтып, монғолдарға бірнеше ауыр соққы берілді. 1308 жылы Деканға жорық басталды. Бұл жорықтың басшысы Малик Гафур ерекше ерлік көрсетті. Ол барлық Декан жарты аралын басып алды. Жаулап алынған жердің елдері контрибуция ретінде патша қоймаларында жиналған байлықтарын, үш жүз жауынгер пілдерін, жиырма мың жылқы беріп, салық төлеп тұруға міндеттенді. Ала-уд-дин ихта иелерінің əскери міндеткерлеріне қатаң бақылау орнатты. Жауынгерлерді қаруландыру соншалықты қиын іс болған жоқ. Ол кездегі қару-жарақ қарапайым еді. Қылыш, семсер, найза, қалқан, оққа толы дорбасымен садақ. Мұндай қаружарақ əркімде болуға тиіс еді. Сондықтан ихта иесі оларға көп шығынданбайтын. Ең басты шығын ат болды. Атты əскер сол кездегі соғыстың құдіретті күші болатын. Ал Индия жағдайында жылқы жақсы тұқым бермейді. Ондағы туған жылқылар бірте-бірте жылқылық қасиетін жоғалтады. Сол себепті Үнді мемлекеттері əскери соғыс қажеттіктері үшін Орта Азия мен Арабиядан, Ауғанстан мен Ираннан жыл сайын он мың жылқы сатып алып отырды. Бірақ соғыстың бұл негізгі күші өте қымбатқа түсетін. Сондықтан ихта иелері мүмкіндігінше жылқы сатып алмай, əскери мекемені алдап соғуға тырысты. Бұл зиянкестікпен күресу үшін Ала-уд-дин Үнді тарихында бірінші рет жылқыны таңбалауды енгізді. Байқауларда ихта иесінің отряд саны ғана тексеріліп қойған жоқ, сонымен қатар таңбасы арқылы аттың кімдікі екені де тексерілді.

Ала-уд-дин тұсында үкімет билігінің орталықтандырылуы, бір қолға шоғырлануы өзінің ең жоғарғы шыңына жетті. Əрбір ірі феодалдың өзімсінуі түбірімен жоғалды. Орталық Үкіметтің рұқсат, нұсқауынсыз жергілікті басшылар өз еріктерімен əрекет ете алмайтын болды. Ала-уд-дин өте қу, айлакер, іскер ұйымдастырушы, батыл да тапқыр қолбасшы болды. Өз мақсатына жету үшін ешнəрседен тайынбайтын. Ала-уд-диннің мұндай қатал орталықтандыру саясаты алғаш біраз тиімді болғанымен оның ақырғы жемісі өте ащы болды. Экономика ауыр дағдарысқа ұшырады. Сондықтан да Ала-уд-дин өлісімен оның орнатқан тəртібі толығымен жойылды. Сұлтанаттың экономикалық жандануы Мұхамет Тоғалақтың /1325—1351/ патшалық құруы кезінде басталды. Ол таққа өз əкесі Гияс-уд-дин Тоғалақты ым-жымсыз өлтірген соң отырды. Бенгалияға сəтті жорықтан соң əскердің салтанатты шеруі өткізілді. Сол шеру кезінде жауынгер пілдер Гияс-уд-дин отырған шатырды құлатып кетеді. Патша құлаған шатырдың астында қалып, қайтыс болады. Бұл кезге қарай Мұхамет Тоғалақ тəжірибелі қолбасшы, саясаткер болып қалыптаса бастаған еді. Ол тарихта екінші Ескендір, яғни Александр Македонский ретінде қалуды армандады. Алғаш оның бұл арманы орындалатын сияқты болып көрінді. Ала-уд-дин өлген соң сұлтанаттан бөлініп кеткен жерлерді ол бірінен соң бірін қайтадан қосып ала бастады. Ол Ала-уд-дин тұсындағы Дели сұлтандығын онан сайын кеңейтіп, бүкіл Индияны дерлік өзінің қол астына бағындырды. Бұл Дели сұлтандығының аумағының ең үлкен кезі болды. Мұндай жеңісті жорықтар тек соғыс қимылдары үшін ғана емес, сондай-ақ басып алынған жерлерді бағыныштылықта ұстау үшін де көп қаржы мен əскерді қажет етті. Сол себепті Мұхамет Тоғалақ Ала-уд-диннің салық саясатын қайталауға мəжбүр болды. Ол саясат шаруаларды, жалпы халық шаруашылығын күйзеліске ұшырата бастады. Салықты ұлғайтумен қатар Мұхамет Тоғалақ ихта иелерін нығайтуға тырысты. Олар қайтадан қатал бақылауға алынды. Өз иеліктеріндегі жерден түсетін табыстың оннан бірін өздеріне алып қалуға рұқсат берілді. Аттарды таңбалау қайтадан енгізілді. Жеңістер жалғасып жатқанда халық Мұхамет Тоғалақтың мұндай өзгерістеріне шыдады. Соғыс тоқталысымен феодалдар ол жаңа тəртіптерге бағынбауға тырысты.

Тоғалақтың патшалық құруындағы сəтсіздіктің негізгі екі себебі болды. Біріншісі: астананы елдің дəл ортасына орналасқан Девагири деген қалаға көшіруі болды. Ол қаланың атын Дəулет-Абад деп өзгертті. Қанша қаржы шығындап, зəулім сарайлар салғанымен жаңа қала саяси өмір орталығына айналмады. Патша басқа қалаға көшкенімен Делиде қалып қойған мықтылар ел тағдырын шешуде бұрынғы ықпалынан айырылмады. Ақыры Тоғалақ бірнеше жылдан соң Делиге қайта көшуге мəжбүр болды. Тоғалақтың екінші сəтсіздігі — ақша реформасына байланысты болды. Ол алтын-күміс монеталарды мыстан жасалған монетамен ауыстырды. Алтын монетаның құны сол мыстан жасалған монетада көрсетілетін: «он алтындық», «жүз алтындық» деп. Мұндай монеталар көбейіп кетті. Əр үй монета сарайына айналды. Бара-бара мұндай ақшаның құны балшықтың құнымен бірдей болып қалды. Монета көбейгенімен мемлекеттік қазына қаңырап бос қалды. Тоғалақ ызаға булыға отырып, бұрынғы ақша жүйесіне қайта көшуге жарлық шығарды. Қазынаны қайта толтыру үшін Тоғалақ алым-салықтарды өсірді. Ол халық наразылығын туғызып, көтерілістер басталды. 1339 жылы Бенгалия, бір екі жылдан соң Декан жарты аралы Дели сұлтандығынан бөлініп шығып, тəуелсіздігін жариялады. Осындай қиын-қыстау кезде таққа Фироз-Шах Тоғалақ /1351—1398/ отырды. Ол ихта иеліктерін жекеменшікке айналдыруға рұқсат беріп, феодалдарға біраз жеңілдіктер жасауға мəжбүр болды. Шаруалар жағдайын жақсартуға да көніл бөлді. Əскерге бөлінетін қаржы қысқартылды. Делидің Солтүстік-батысында Джамна мен Сатледж арасында канал салына бастады. Жылына екі рет егін егіп, жинауға мүмкіңдік туды. Бір қарыс жер бос қалмайтын болды. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы жандана бастады. ХІV ғасырдың аяғында феодалдық өзара қырқысулар жаңа қарқын алды. Сұлтанаттан Мальва, Гуджарат, Хандеш бөлініп шықты. Осындай жағдайда 1398 жылы Солтүстік Индияға Тимур əскерлері басып кірді. Ол Делиді алды. Қаланы талқандап, талан-таражға салып, олжаларын алып, Тимур Орта Азияға қайтып кетті. Осыдан кейін Дели сұлтандығы қайтып оңала алмады. Сейіттер тұқымы сұлтандық құрған /1414—1451/ жылдары Дели сұлтандығы Делидің өзінен басқа шығыс Пенджабты ғана қамтыды. ХV ғасырдың ортасында Делидегі үкімет билігін Афғандық Лоди Бахлул кландары басып алды. Оның арғы аталары Индияға ХІV ғасырдың аяғында қоныс аударған болатын. Оның жиырма мыңдық əскері ауғандықтардан құрылған болатын. Бахлул Лоди 1451—1489 жылдар аралығында патшалық құрды. Ал оның тұқымы Делиде 1526 жылға дейін билік құрды. Соңғы сұлтан Ибрайым Лоди орталық өкіметті нығайтуға тырысты. Ол сарай кызметкерлерін қатаң тəртіп бойынша ұстады. Олар ұлы тақсырдың малайы деп саналды. Мұндай менмендік сарай қызметкерлерінің, ірі ақсүйек феодалдардың наразылығын туғызып, биліктің құлауына себеп болды. 1526 жылы Индияны Бабыр басып алып, ұлы моғолдар тұқымының билігін орнатты.

Бахмани мемлекеті /ХІV—ХVІ ғасырлар/. 1347 жылы деканда Бахмани мемлекеті құрылды. Оны иктадарлар мен сұлтанат наместниктері құрды. Олар Бахмани деген жергілікті ірі иктадарды шах деп жариялады. Бұл мемлекетте, Дели сұлтандығындай, феодалдық жер иеленудің негізгі екі түрі болды. Бірі əскери бенефиций, екіншісі — мемлекеттік қызметке байланысты емес бұрынғы индус феодалдарының мұрагерлік жекеменшігі. Бахмани шахтарының ең күштілерінің өзі де жеке дара билеуші бола алмады. Билік негізінен ірі иктадарлар мен облыс бастықтары — тарафдарлар қолында болды. Əсіресе тарафдарлар күшті болды. Олардың өз əскерлері болды. Бахмани мемлекетіндегі саяси жағдайдың бір ерекшелігі — ескі феодалдар мен Деканға кейін көшіп келген жаңа феодалдар арасындағы күрес. Бұл шииттік бағыт ұстанушы келімсектер, əсіресе басты министр Махмуд Гаванның тұсында күшейді. Бахманиге Ираннан көпес ретінде келген Гаван ХV ғасырдың 50 жылдарының аяғында сұлтанның жақын ақылшысының біріне айналып, біртіндеп барлық билікті өз қолына алып алды. Ол өзін тек мемлекеттік басшы ретінде ғана емес, əскери қолбасшы ретінде де таныта білді. Бахамани мемлекеті 1336 жылы құрылған Виджаянагар мемлекетімен соғыс жүргізіп отырды. Күресалмасқа бай Райчур үшін алмакезек жеңіспен жүріп отырды. Бахманидтердің соғыс жеңістері Махмұд Гаванның есімімен байланысты болды. Ол солтүстіктегі көршісі Мальваға соққы беріп, Мальваның Ориссамен жəне Теленганамен одағын ыдыратты. Махмуд Гаван Виджаянагар мемлекетіне де соққы беріп, Малабар жағалауындағы маңызды порт Гоаны тартып алды. Наместниктер ықпалын əлсірету мақсатымен Махмуд Гаван облыстардағы əскер басыларын тағайындау құқын өз қолына алды. Ихтаны да мемлекетті нығайту жолына пайдалана білді. Енді əр ихта көлеміне сай əскер 200 201 ұсталуы тиіс болды. Егер тиісті мөлшерден аз ұсталса, ихтадан түсетін табыстың көп бөлігін қазынаға өткізіп отыруы тиіс еді. Осыған байланысты жыл сайын əскери байқау — санақтар өткізіліп отырды. Бұл шаралар феодалдар наразылығын туғызды. Мухамед Гаванның дұшпандары оның атынан мөр басылған, қол қойылған жалған хат ұйымдастырып, сатқын, опасыз деп айыптады. Жалған хатқа сенген сұлтан ашуға булығып, Махмуд Гаванды өлтіруге бұйрық берді. Ол бұйрық табан астында орындалды. Бұл 1481 жылы болған еді. Барлық уақытын көңіл көтерумен, ойынсауық, той-думанмен өткізуге əдеттенген сұлтан мемлекет басқаруға қабілетсіз еді. Махмуд Гаван өлтірілген соң сұлтан феодалдармен ірі ақсүйектердің билік тізгіні үшін жанталаса жүргізген өзара қырқысының ортасында қалды. Наместниктер өздерін тəуелсіз сұлтандар деп жариялай бастады. 1489—1490 жылдары Биджапурда, Бидар мен Ахмаднагарда, 1512 жылы Голкондада дербес сұлтандықтар құрылды, ХV ғасырда астана болған Бидар қаласында отырған Бахмани династиясының сұлтандары олардың қол астында болып саналған иеліктерді басқаруда айтарлықтай рөл атқарған жоқ, олардың билігі сараймен, гареммен шектелді. 1525 жылы ең соңғы бахмандық сұлтан Бидардан қашты. 1526 жылы Бахманидің ең соңғы шахының уəзірі Қасым Барид өзін Бидар княздігінің шахы деп жариялады. Сөйтіп, билік жаңа əулеттің қолына көшті. Бахмандар мемлекетінің тарихы осылай аяқталды.

Виджаянагар мемлекеті: Бахмани мемлекеті ыдырағаннан кейін, Декандағы ең ірі держава Виджаянагар болды. Бұл Мемлекеттің негізін Мұхамед Тоғалақтың қол астына оңтүстік Индиядан келіп қосылып, ислам дінін қабылдаған ағайынды Буки мен Харихара қалады. 1336 ж. Мухамед Тоғлақтың империясынан Кришна өзенінің оңтүстік жағы бөліне бастады. Бұл жақты басқарып отырған ағайынды Буки мен Харихара жақсы қоршалған Виджаянагар қамалын салды. Бұл қамал күшейіп, төңірегіндегі феодал иеліктерін бағындырып, жеке мемлекетке айнала бастады. ХІV ғасырдың аяғына қарай Виджаянагар басшылары бүкіл дерлік Оңтүстік Индияны өздеріне бағындырып, Бахмани сұлтандарымен күрес бастады. Бұл күрестің себебі Кришна мен Тунгабхарда өзендерінің аралығы жəне үндістанның батысындағы теңіз жағалауы мен Гоа порты болды. Соғыс алмакезек табыспен жүрді. Виджаянагар махараджалары 1356, 1391 ,1417 жж. сəтті жорықтар жасады. Виджаянагар 1391 ж. Гоаны басып алды. Империя əсіресе 11-Деварайя /1424—1446 жж./ билік құрған кезде өз күшеюінің шырқау шегіне жетті. Ол Цейлонға табысты жорық жасады. Оған Куилок, Пегу, Тенассерим салық төлеп отырды. Кейбір кезде Виджаянагар жеңіліп те қалып отырды. Ондай жағдайда ол солтүстіктегі көршісіне көп сыйлық-салық төлеп, əрең құтылатын. ХV ғасырдың аяғында күшті феодалдар Салювтер бастаған күрес күшейіп, бұл əулеттің өкілі Нарасимха 1485 ж. өкімет билігін басып алды. Бірақ жаңа əулет билікті ұзақ ұстап тұра алмады. Көп ұзамай Виджаянагарда жаңа əулет — Тулувтар патшалық құра бастады. Виджаянагар мемлекетінің құрамына кірген кейбір жерлер вассалдық княздер билігінде болды. Княздардың белгілі бір мөлшерде дербестіктері болды. Олар кейде бір-бірімен соғысып та отырды. Бірақ жердің көпшілік бөлігі үкіметтің қарамағында болды. Ол жерлер провинцияларға бөлініп, орталық үкімет тағайындайтын губернаторлар билігінде қалды. Губернаторлардың міндеті — алым-салықтар есебін жүргізіп, оны уақтылы жинап, өткізіп отыру, өз провинциясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вассалдар бүлігін басып отыру болды. Үкімет губернаторлардың күшейіп кетуінен қауіптеніп, оларды əр 2—3 жыл сайын басқа жұмысқа ауыстырып отырды. Феодалдық жер иеленудің басты түрі амаран болды. Бұл ихтаға ұқсас уақытша шартты иелік болды. Амаран иесі əскери отряд ұстады, патша шақырған кезде отрядымен армияға барып қосылуы тиіс болатын. Жиналатын салықтың біраз бөлігін қазынаға өткізіп отырды. Иелік өмір бойына берілетін де, феодал өлген кезде мемлекет қарамағына қайта көшетін. Бірақ иелік негізінен əкеден балаға қала беретін. Ол үшін өлген феодалдың баласының бірауыз өтініш білдіруі жеткіліктітін. Бара-бара иелік ешбір рұқсатсыз-ақ мұраға қала беретін болды. Иеліктен түсетін табыс қазынаға бөлінуді қоя бастады. Амаранаяктар өздерінің əскери мідеттерінен де бас тартуға тырысты. Отрядтағы жасақшылар саны қысқарды. Əсіресе жылқы үндістер үшін қымбатқа түсетін, ол тек шет елдерден сатып алынатын. Храмдар мен брахманадардың да ірі жер иеліктері болды. Ірі храмдар — патшаның, шағын храмдар — жергілікті княздердің вассалдары болып есептелді. Храмдар мен брахмандардың жерлерін тартып алу үлкен, кешірілмес күнə болып табылды.

Виджаянагар армиясы императордың өзінің жалдамалы əскерінен, амаранаяктар мен вассалдардың отрядтарынан құрылды. Ол əскердің үш түрі болды: жаяу, атты жəне жауынгер пілдер. Ең бастысы — жаяу əскер болды. Атты əскер аз, əрі қымбат саналды. Себебі Индияда жылқы өсірілмейтін. Сондықтан Виджаянагар жыл сайын он үш мыңдай жылқыны басқа елдерден сатып алып отырды. Үнділіктер атпен жүріп соғысуға басқа Азия елдеріндегі жауынгерлерге қарағанда осал болатын. Сондықтан Виджаянагар императоры көбіне мұсылмандардың атты əскерін жалдайтын. ХV ғасырдың екінші жартысында феодалдар дербестігі күшейіп, орталық үкімет əлсірей бастады. Амаранаяктар өздерінің өкімет пен мемлекет алдындағы міндеттерін жөнді атқармады, ал өкімет басшысы билікті босаңсытып, көңіл көтеруге көп көңіл бөле бастады. Осындай себептер 1555 ж. империяның құлауына əкеп соқты.

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.