Қысқарған сөздер және оның түрлері

Главная » Рефераттар » Қысқарған сөздер және оның түрлері

Қысқарған сөздер жасалуына, мағынасына, құрамы мен қолданысына қарай бірнеше түрге бөлініп, іштей жіктеледі. Қазақ тіл білімінде қысқарған атаулардың түрлерін ажыратып, ғылыми әдебиеттерде негіздеп бірізді беру мен мектеп, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда оларды іштей жіктеп — жіліктеп оқыту жағы әлі кемшін түсіп отыр. Бұл да қысқарған сөздер мәселесінің бізде жан — жақты зерттеліп, оларға жеткілікті көңіл бөлінбей келе жатқандығын айғақтайтын факторлардың бірі. Жасалу сапасының әркелкі екендігіне қарамастан, жинақталған материалдар көлемі бүгінгі таңда қазақ тілінде қолданылып жүрген қысқарған атауларды жан — жақты зерттеп, олардың пайда болу, қолданылу үдерісін үнемі назарда ұстап отыру қажеттігін анық көрсетті. Қысқарған сөздер мәселесі Н.Алдашевтың кандидаттық диссертациясында ғана арнайы зерттелген және тіл мамандары тарапынан жазылған бірнеше мақала бар. Сөздің бұл түрінің тілдік табиғатын тереңірек тану үшін қысқарған сөздердің жай — жапсарын мамандар әр қырынан әлі де қарастыра түсуі қажет деп білеміз. Қазақ тіл білімінде қысқарған сөздер түрлері ажыратылып, олардың аты мен заты анықталып, бір жүйеге түсе қоймағанымен, өзге тілдерде оларды іштей жіктеу біршама орныққан деуге болады. Біздің тілдік қолданысымыздағы қысқарған атаулардың дені олардың өзге тілдердегі сәйкес баламаларының үлгілері бойынша жасалғандықтан, қысқарымдарымызды сол тілдердің тәжірибесін негізге ала отырып, жіктеу қисынға келеді. Әртүрлі ұғымдарды білдіретін күрделі атауларды қысқартқан кезде олардың қысқартылған нұсқалары бірдей болып шығып жататын жағдайларды көптеген тілдерден кездестіруге болады. Осындай білдіретін ұғымдары басқа-басқа, ал қысқартылған нұсқалары бірдей дыбысталатын қысқарымдар — омоним — қысқарымдар (сокращения-омонимы) деп аталады. Мұндай омоним-қысқарымдардың мейлінше аз, ең дұрысы тілдік қолданыста болмағаны жөн. Бірақ бұл талап үнемі орындала бермейді. Қысқарған сөздер күрделі атауларды шұбыртпай сөзқолданыстағы ықшамдылық, икемділік үшін, мақсатты түрде жасалатын екінші аталым [вторичная номинация] нәтижесі. Сондықтан оларды саналы түрде жасау қалыптастыру үдерісінде ыждағаттылық танытып, бірдей дыбысталатын қысқарған атаулардың қолданысқа еніп кетпеуін жолға қоюға болады. Әрине, ол үшін тілдегі сөзжасам үдерісін үнемі қадағалап, жаңа туындап жатқан атаулар мен қолданыстардың бәрін дер кезінде тіркеп, жиып — теріп, лингвистикалық сараптан өткізіп отыру ісі кәсіби деңгейде жүзеге асып жатуы тиіс. Егер мұндай жұмыс өз деңгейінде жүзеге асырылатын болса, тіліміздің сөзжасам жүйесінен орын алып, кейінгі жиырма жыл көлемінде қарқын ала бастаған қысқарған сөз жасау үдерісіндегі омонимияның көп орын алмауына, басқа да кемшіліктерге жол берілмеуіне негіз қаланады. Мысалы, қазір тілімізде Еуропалық одақ та — ЕО, Еуразиялық одақ та — ЕО түрінде қысқартылып қолданылып жүр. Сондықтан ЕО қысқарған атауын оқыған адамда «Бұл қай одақ?» деген сұрақ туындауы табиғи нәрсе. Ен-деше, жұртшылық бірден түсінетін қысқарым қалыптастырамыз десек, Еуроазиялық одақты — ЕО деп қалдырып, ал Еуропалық одақты — Еуроодақ түрінде қолданысқа енгізген жөн болар еді. Бізде қысқарған сөздердің жасалып, қалыптаса бастағанына бір ғасырға жуық қана уақыт болғандықтан, ағылшын, неміс, орыс т.б. тілдермен салыстырғанда тілімізде олардың қоры соншалықты бай емес. Мысалы, орыс тілі қысқарған сөздерге өте бай тілдердің бірі. Айталық 1984 жылы жарық көрген «Словарь сокращений русского языка» сөздігінің 4-ші басылы-мында 18 000 мыңға жуық қысқарған атау қамтылған. Соған сәйкес орыс тілінде омоним-қысқарымдар да жиі ұшырасады. Мәселен, ВП — военный порт, ВП — воздушная подушка, ВП — выжидательная позиция, ВП — вторичное предъявление т.б. Бірақ бұдан біз де қысқарған сөздер қорын мақсатты түрде орыс тіліндегідей көбейтіп, омоним-қысқарымдарды да көптеп қалыптастыра беруден қашпайық деген түсінік туындамауы тиіс. Әр тілдің өзіндік ерекшелігі, төл табиғаты бар. Соған сәйкес қажеттілігіне қарай жасалған қысқарған сөздерімізді жазу мен айтуға қолайлы, тілдік нормаға сай қалыптастыру маңызды міндет. Қазір транслитерацияланбаған қысқарымдардың (не транслитерированные иноязычные сокращения) тілдік қолданысымызға ене бастағаны байқалады. Олардың қолданысын осы кітаптың келесі тармағында берілген мысал-дардан көруге болды. Кеңестік кезеңде тілімізде ТУ — 134, ТУ-144, ТУ — 154, МИ — 8, ДТ — 75, ГАЗ — 53, ЗИЛ — 130, ЮМЗ — 70, К — 700 сияқты әріп пен санның немесе сөзбен санның қосындысынан құралған әріп-сан қысқарымдар (инициально-цифровые аббревиатуры) баспасөзде, жалпыхалықтық тілде жиі қолданылып, көпшілікке түсінікті болса, қазір қысқарымның бұл түрі арнаулы сала әдебиеттерінде болмаса, өте сирек кездеседі. Баспасөзде А — 20, АН — 24, ЯК — 42тәрізді бірді — екілі қысқарымдар ғана ұшырасады. Бірреттік немесе жекелеген мәтін ішінде ғана қолданылатын қысқарған сөздер түрін окказионал қысқарымдар, мәтіндік қысқарымдар (окказиональные, текстовые сокращения) деп жіктеу бар. Баспасөз беттерінен мұндай қысқарымдар түрі көп ұшырасады. Қолданушылардан басқаларға мүлде таныс емес, толық нұсқасын қоса көрсетпесе түсініксіз мұндай атауларға мысал келтіру қажеттілігі бола қояр деп ойламаймыз. Қысқарған сөздерді тілде белсенді немеее өте сирек қолданылуына байланысты да жіктеуші ғалымдар бар. Қысқарған сөздер де тілдегі лексикалық мағынасы бар сөздер сияқты қоғам өміріндегі тарихи өзгерістерге байланысты қолданыстан шығып немесе өте сирек қолданылатын көнерген сөздер қатарына енеді. Белсенді қолданыстан шығып, пас-сив сөздер қатарына енген ондай қысқарған сөздер — тарихи қысқарымдар [сокращения — историзмы] деп аталып жүр. Сондай — ақ күрделі атауларды құрайтын сөздердің төл сөз не-месе кірме сөз болуына байланысты қысқарту кезінде солардың негізінде туындаған қысқарған атаулар да құрамына қарай будан (гибрид) болып шығады. Біздіңше, оларды будан қысқарымдар деп атауға болады. Мысалы, ҚазБытХим(Казахстанская бытовая химия, ҚазМұнайГаз, ҚазТрансГаз, Мемтерминком, Мемономком, Санпедқадағалау (санпеднадзор) және т.б. «ҚазБытХимнің» хош иісті сабындары. («Егемен Қазақстан», 7 қыркүйек 2012 жыл. №590-591); Бұл туралы кеше санпедқадағалау комитетінің облыстық департаменті хабарла-ды. («Айқын», 23 сәуір 2010 жыл. № 70). Қысқарған атауларды бұлайша жіктеуді біз лингвистикалық әдебиеттерден кездестіре алмадық. Қысқарған сөздердің мұндай түрі қазіргі қолданысымызда жиі ұшырасатын болды. Сол себепті бүл секілді қысқарымдарды өзінше бөліп қарауға негіз бар деп білеміз. Тілімізді кірме сөздер мен терминдер өте көп болғандықтан, кейінгі жылдары солардың қатысуымен жасалған будан терминдер мен осындай будан қысқарымдар саны күрт көбейіп келеді. Мұндай үдеріс үздіксіз жалғасып, кірме дыбыстар мен кірме сөздерді өз тілімізге икемдемей, түпнұсқа тілдегі қалпында өзгеріссіз қабылдай берсек, соған сэйкес қазақ сөз құрамының елеулі өзгеріске ұшырайтынын болжау қиынға соқпайды.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.