Қытайдағы қазақ әдебиеті

Главная » Рефераттар » Қытайдағы қазақ әдебиеті

19 ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ жерінде хандық биліктің жойылуы қазақ халқының мәдени-әдеби‚ саяси және аумақтық тұтастығының бұзылуына алып келді. Қытай мен Ресей империясы арасында шекара бөлінісі туралы 1864 жылы өткен келісім бойынша қазақ жерінің шығыс өңірі (Шығыс Түркістан) Қытай аумағы‚ қалған өңірі Ресей аумағы болып саналды. Алайда Кеңес – Қытай шекарасына қатаң бақылау орнатылғанға дейінгі кезеңде (20 ғасырдың басы) қазақ халқының әдеби-мәдени тұтастығы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. Сондықтан Қытай қазақтары арасында сақталған ауыз әдебиеті үлгілері мен сол кезеңге дейінгі жазба шығармалардың барлығы жалпы қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі болып табылады. Қытайдағы қазақ әдебиеті өз алдына дербес даму арнасы ретінде сол елдегі әкімшілік өзгерістерге сай шартты түрде Чиң патшалығы (1864 – 1912), Яң Зыңшин (1912 – 28), Жин Шурын (1928 – 33), Шың Шысай-гоминдан (1933 – 44), Үш аймақ-Шығыс Түркістан кезеңі (1944 – 49), ҚХР құрылғаннан кейінгі жаңа дәуір (1949 – қазірге дейін) кезеңдерінде дамыды. Қытайдағы қазақ әдебиеті осы кезеңдер тудырған заман талабына сай қалыптасты. Оның ішінде жалпы қазақ әдебиетінің 20 ғасырдың басына дейінгі кезеңінде қалыптасқан шығармашылық дәстүрі‚ тәуелсіздік‚ ұлт-азаттық сарындарымен қатар Қытай коммунистік идеологиясының мүддесін көздейтін әдеби ағымдар да көрініс тапты. Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің алғашқы өкілдері Өмірұзақ (1830 – 1929), Отарбай (1834 – 1914), Төлебай Бөжек (1857 – 1931) ақындар болып саналады. Шылбы Көбекұлы (1860 – 1936) және 1920 – 21 жылы шамасында Қытай аумағына өткен Әсет Найманбайұлының (1867 – 1923) орны ерекше (кейін Әсеттің 78-ге жуық толғауы, 19 дастаны, 13 айтысы және 30-дан астам әні қамтылған 2 томдық шығармалар жинағы ҚХР-да жарық көрді). Ақыт Үлімжіұлы (1866 – 1940), Құтбай ақын (1876 – 1936),Ә.Жанұзақұлы (1878 – ө.жылыб.), Е.Ахметұлы (1879 – 1962), А.Мыңжасарұлы (1893 – 1918), тағы басқа қаламгерлер қытайдағы қазақ әдебиетінің жалпы қазақ әдебиетінің бір арнасы ретінде дамуына ықпал етті. Апашбайұлының (1876 – 1946) «Қазақ Сырдан ауғанда» тарихи шежіресі, З.Мәмиұлының (1897 – 1928) «Ырыс пен бақ», «Ғылым хикилометрат», Көдек Маралбайұлының (1888 – 1937) «Бір қызға», «Әдепсіз балаға», тағы басқа өлеңдері, «Кең Текес», «Сасан аулына барғанда», «Туған елді аралау» атты дастандары Қытайдағы қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылды. Т.Жолдыұлының (1903 – 47) «Іле көркі», «Қоштасу», «Түрмедегі хал», «Арманым», «Туған жер» өлеңдері мен «Назигүл», «Анар-Сәуле», «Салиқа-Садық», «Молда мен бақсы», «Қасқыр мен Бөрібасар» сияқты толғау-дастандары, Қойдыммен айтысы халық арасына кең тарады. А.Татанайұлы (1906 – 94) «Малбикенің өмірі», «Адасқан аю» дастандарын, «Құлдықтан құтылғандар» пьесасын жазды. Осы кезеңде Қытайдағы қазақ әдебиетінде Бұқара Тышқанбайұлы, Нығмет Мыңжани, Дубек Шалғынбайұлы, Шарғын Әлғазыұлы, Қаусылхан Қозыбайұлы, тағы басқа қаламгерлердің есімдері кеңінен танылды. Мыңжанидың (1922 – 93) «Қазақ тарихының дерегі» (1949) атты ғылыми еңбегі мен «Күрескер семья» пьесасы, «Қарлығаш» атты өлеңмен жазылған романы замана шындығын бейнеледі. Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін (1949) қытайдағы қазақ әдебиетінің бағыт-бағдары өзгеріске ұшырады. Қажығұмар Шабданұлының «Жат ұрпақ», «Өгейдің күні» жыр-дастандары, «Бақыт жолында», «Жарқын қыз» атты әңгімелері, «Қылмыс» (6 кітап) романдары дүниеге келді. Р.Әпшеұлының (1924 – 2000) «Тасбастау», «Озғандар мен тозғандар», «Биікке», «Балапан», «Нұрпай», «Бастан кешкендер» атты әңгімелер жинағы мен романдары осы кезеңнің жемісі. І.Оспанұлының (1924 – 1999) «Шаттық жыры», «Тянь-Шань жырлары», «Меруерт» атты өлеңдер жинағы Қытайдағы қазақ әдебиетіне қосылған сүбелі еңбек болды. Мағаз Разданұлының (1924 – 81) «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап», «Босаға» жинақтары, «Сары бел», «Алтай ақиықтары» романдары, О.Айтанұлының (1931 – 97) «Құс жолы», «Тырналар» топтамасы, «Аң шадырын оқ табар», «Таразы» романдары жарық көрді. Ш.Қамзақызы, Б.Досжанұлы, К.Мұқажанұлы, С.Қапшықбайұлы, Д.Сәкейұлы, Р.Ібінқызы, З.Мыңбайұлы, С.Садуақасұлы, І.Баянбайұлы, М.Шәріпханұлы, Б.Байжұмаұлы, І.Ахмет-ұлы, З.Нұрәділқызы секілді ақын-жазушылардың есімдері оқырманға танылды. Қытайдағы «мәдени төңкерістен» соң (1966 – 76) тарихи тақырыпты қамтыған роман жанры дамыды. Ж.Мырзаханұлының «Арман асуында», «Таңқурай»; О.Ахметұлының «Өзгерген өңір», «Көкбелес», «Құмдағы іздер», О.Әбділұлының «Ұстаз»; Ж.Біләлұлының «Жондағы жорықтар», «Торғайлар», Т.Ырыскелдіұлының «Тасқын», «Тау тағысы», «Ұлы көш», Ғ.Қанапияұлының «Бұрқасын», Ш.Құмарұлының «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ертіс кілкіп ағады», «Ер Жәнібек», Ш.Қызырұлының «Дабыл», «Бұлаң дүние», «Қайқая шапқан Қаракер», Б.Құсбегиннің «Жан», «Зуқа батыр», Ғ.Біләлұлының «Ғасырлық қуғын», С.Жанболатовтың «Елжау күнби», «Саншора күнби», «Оңғай күнби», Ғ.Саржанұлының «Көресі», «Қайтауыл», З.Сәніктің «Басбай», «Сергелдең», І.Баянбайұлының «Селкеусіз сезім», тағы басқа романдары соңғы жылдар жемісі саналады. Қытайдағы қазақ әдебиеті қорында қазіргі уақытта 100-ден астам роман, 600 хикаят, 900-дей өлеңдер жинағы, 150-ге жуық әдеби-сын кітаптары бар. 40 қаламгер ҚХР Жазушылар одағына, 280 ақын-жазушы ШҰАР Жазушылар одағына мүше. ҚХР Мемлекет сыйлығына 30, ШҰАР әдеби сыйлығына 90-ға жуық ақын-жазушы ие болған. Қазақ қаламгерлерінің көптеген шығармалары қытай, ұйғыр, моңғол, қырғыз, ағылшын, корей тілдеріне аударылды. Сонымен қатар Қытайдағы әдебиеттің жетекші өкілдері Күңзы, Мыңзы, Ли Бәй, Ду Фу, Лу Шүн, Мау Дүн, Лау Шы, Ба Жин, Сау Иүй, Жанбозан, Уаң Мың секілді сөз зергерлерінің шығармалары қазақ тіліне тәржімаланды. Қытай тілінде жазатын Әкбар Мәжитұлы, Еркеш Құрманбекқызы, Шәріпхан Әбдәлиұлы, Қайша Тәбәрәкқызы, тағы басқа ақын-жазушылар жетілді. 1950 жылдардан бастап қазақ фольклоры мен ауыз әдебиеті үлгілерін жинап бастыру ісі жүйелі түрде қолға алынды. Мәселен, «Ертегілер» (1958), «Ертегілер мен аңыздар» (1958) атты екі кітап жарық көрді. 1980 жылдан бұл бастама дами түсіп, «Қисса-дастан», «Тарихи жырлар», «Батырлық жырлар» (18 том), «Ғашықтық жырлар» (8 том), «Ертегі-аңыздар» (4 том), «Шежіре» (3 том), «Тарихи айтыстар» (6 том), «Тарихи ән-күйлер» (4 том), «Шешендік сөздер» (4 том), «Мақал-мәтелдер» (2 том) баспадан шықты. «Арқалық батыр», «Бердіқожа батыр», «Қошқар батыр», «Қабанбай батыр», «Жәнібек батыр», «Сабалақ», «Әлібек-бор батыр», «Әтікей-Нұржекей», «Ахмет-Кәшім», «Зауқия», «Дариға», тағы басқа жырлар халық игілігіне айналды. «Шалғын», «Мұра» журналдарында ауыз әдебиеті мұраларын насихаттаған 200-дей мақала жарияланды. «Ауыз әдебиеті туралы байымдаулар» (1984), «Қазақ әдебиеті тарихының таңдамалы үлгілері» (1985), «Қазақ ауыз әдебиеті туралы» (1985), «Ауыз әдебиеті тарихы» (1998), тағы басқа зерттеу еңбектер жазылды. Халық мұрасын жинап, баспадан шығару ісіне О.Егеубаев, А.Байболатұлы, І.Балықшыұлы, І.Арабин, Б.Кәсейұлы, О.Ханафин, Ж.Әбішұлы, тағы басқа‚ тарихи тұрғыдан зерделеуге Н.Мыңжани, Ә.Қалиұлы, А.Кірішбаев, Ә.Шәріп, О.Асылұлдары үлес қосты. Қытай қазақтарының сахна өнері 1934 жылы Іле аймағында Б.Майлиннің «Шұға» шығармасын сахналаудан басталды. Пьесаны сахнаға шығарған Таңжарық Әбдірахман рөлін өзі, Шұға рөлін жұбайы Бәтиге ойнатты. Іле-шала «Тайханшаң», «Жәлел жырық», «Қойшы Көбен» пьесалары, Алтай аймағында З.Шәкерімұлының «Біздің елде астық бар ма, астық сал дейтін бастық бар ма?» атты декламациясы (1935) қойылды. Алғашқы Тарбағатай теа-трының тұсау-кесер спектаклі Д.Шалғынбаевтың «Қасқырбай» пьесасы болды. Осыдан кейін жергілікті қаламгерлердің «Талап», «Аюбай», «Күлкі ашар», «Арқалық батыр», «Алыпсатар», «Некеқияр», «Бота көзді бозжігіт», «Салиха-Сәмен», «Бәйбіше-тоқал», «Бетім-ау, құдағи», тағы басқа шығармаларымен қатар лиро-эпостық жыр үлгілері ықшамдалып, сахналанды. 1947 жылы Үрімжі қаласында қазақ тілінде өлкелік театр ашылып, оны алғаш Халық Қариұлы басқарды. 1953 жылы Бұқара Тышқанбаев пен қытай жазушысы Уаң Иху бірлесіп жазған «Хасен-Жәмилә» фильмі түсірілді. 1954 жылы Іле Қазақ Автономиялы облысы құрылып, қазақ театры, көркемөнер мектептері көбейді. Үрімжі қаласындағы көркемөнер интернатында қазақ факултеті ашылып, қазақ жастары оқуға қабылданды. 1958 жылы «Салиха-Сәмен» либреттосы жазылды. Қытай қаламгері Уаңның «Айгүл» (1964), Ә.Қатбаевтың «Қыз бейіті» және «Жетім қыздың махаббаты» атты кинофильмдері экранға шықты. Таңжарық ақынның өмірін бастан-аяқ бейнелейтін О.Егеубаевтың 5 сериялы «Таңжарық» атты бейнефильмі (1990) көп сериялы кино өнерінің шымылдығын ашты. Туған жердің көркем табиғатын, ұлттық салт-сананы сипаттайтын Тұрсынәлі Рыскелдиев пен Қасымхан Уатханұлының «Іле салтанаты» атты деректі фильмі 1995 жылы көрерменімен дидарласты. Ә.Бапин, Д.Рақышұлы, М.Мұхамедқызы, Т.Қожанұлы, Ш.Сапарғалиқызы, Ә.Мәлік-ұлы, Т.Белгібайұлы, Ф.Мәлікқызы, К.Ішікбайқызы, Б.Әлімбеков, М.Әбдірахманұлы, Ф.Қызданаева, К.Шүленбайқызы, К.Әбдірахманұлы, Манапқазы, Дәлелхан, Құрманбек, Ерғали сынды өнер саңлақтары жұртшылыққа танылды. Қытайдағы қазақтардың баспасөзі «Іле уалаятының газетінен» (1910 жылы 22 наурыз) басталады. 1932 – 35 жылы қазақ тілінде «Шыңжаң газеті», «Іле дариясы» (кейін «Іле Шыңжаң»), «Біздің тауш» (кейін «Шыңжаң Тарбағатай хабарлары»), «Алтай», «Ерікті Алтай» газеттері мен «Жаңа Алтай» журналы (1935 – 40) шыға бастады. Ұлт-азаттық күрес нәтижесінде (1945) Шығыс Түркістан үкіметінің құрылуына байланысты «Төңкеріс таңы», «Алға», «Халықшы», «Табыс», «Алтай халқы» газеттері мен «Таң шолпаны», «Бірлік», «Одақ», «Хан тәңірі», «Шаншу» (сатиралық) журналдары жарық көрді. 1946 жылы қазақ жастары Үрімжі қаласында «Сәуле» атты баспа ашты. 1954 жылы Шәуешек қаласында «Шыңжаң әдебиет искусствосы» (қазір «Шұғыла») журналының тұсауы кесілді. Қазір өлке деңгейінде қазақ тілінде «Шыңжаң оқу-ағартуы», «Мұра», «Көкжиек», «Тіл және аударма», «Оқырман өресі», «Бұлақ», «Ғылым мінбесі», «Заң аясы» секілді 10-нан астам журнал шығады. Алтай аймағында «Алтай аясы», «Жас түлек», «Ғылым және өнер», «Денсаулық және білім», Іле аймағында «Іле айдыны», «Іле жастары», «Іле ағартуы», «Балалар дене тәрбиесі», «Іле әйелдері», Тарбағатай аймағында «Тарбағатай», Санжы қаласында «Боғда», Құмыл аймағында «Құмыл алқабы» сынды аймақтық журналдар бар. «Шыңжаң халық баспасы», «Шыңжаң оқу-ағарту баспасы», Пекин қаласында «Ұлттар баспасының қазақ бөлімі» қазақ тілінде жұмыс істейді.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.