Қытайдағы қазақтар: тарихы жəне тағдыры

Главная » Рефераттар » Қытайдағы қазақтар: тарихы жəне тағдыры

Қазақ диаспорасы – Қазақстан Республикасынан шет аймақтарда тұратын қазақтар. Қазақ диаспорасы сыртқы шекараларды кесіп өтіп, əуелі Қазақстаннан Қытайға, Орталық Азия мемлекеттеріне,Ауғанстан мен Иранға, одан əрі дүние жүзіне тараған. Шет елде болса да өз ата мекендерінде тұрып жатқан ирредент Қазақ диаспорасының, яғни Қазақстанмен іргелес, шектес, түрлі тарихи кезеңдерде одан зорлық-зомбылықпен тартып алынған, қилы замандардағы түрлі саяси айла-шарғы, белден басқан қиянат салдарынан Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға қосылып кеткен ата мекендерде тұратын қазақтардың ұзын саны 5 млн-ға жуық. Қытайдағы қазақ диаспорасының қалыптасуы XVII ғасыр мен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-жоңғар соғысына тікелей байланысты болды. Жоңғарлардың басқыншылық шабуылы барысында қазақтар Жетісу, Тарбағатай аймақтарындағы шұрайлы жайылымдарының едəуір бөлігінен айырылып қалды. Мұның өзі ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының бұрыннан дəстүрлі қалыптасқан көші- қон бағыттарының бұзылуына соқтырды. Қытай-жоңғар жəне қазақ-жоңғар соғыстарының барысында Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан кетті. Қазақтар өздерінің байырғы дəстүрлі мал жайылымы жерлерін қайтарып алуға тырысты. Бірақ жоңғарлардың көзін жойған негізгі жеңімпаз ретінде қытай үкіметі қазақтардың ондай талабын қабыл алмады. Жоңғар хандығының орнына Қытайда Синьцзянь атты аймақ құрылды. Онда бекініс-қамал түріндегі қалалар салына бастады. Абылай хан бастаған қазақ билеушілері Қытай өкімет билігі орындарымен бірнеше рет келіссөздер жүргізіп, қазақтардың ежелгі жерлерін қайтарып беру мəселесін қайта-қайта қозғаумен болды. Сонымен бірге қазақтар жаңа аумақтық құрылымның жеріне өз беттерімен қоныстануын да тоқтатпады. Ақырында Қытай өкімет билігі орындары 1767 жылы қазақтардың Синьцзяньға көшіп, қоныс аударуына рұқсат етті. Бірақ оның есесіне қазақтар ондағы жайылымды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге тиісті болды. Төлемақының мөлшері əр түліктің 100 басына жылына бір малдан беріп тұру болып келісілді. XIX ғасырдың аяқ кезінде Қытайда 100 мыңға жуық қазақ тұрды. Бұдан кейінгі жылдардағы халықтың қоныс аудару үрдісі барысында ондағы қазақтардың саны арта түсті.

Қазақтардың Қытай шекарасына үдере қоныс аударуының басты себебі патша үкіметінің жергілікті халықтың қолындағы құнарлы жерлерін тартып алуы болды. Сонымен 1911 жылы Қытайдағы қазақтардың жалпы саны 225 мыңға дейін жетті. Ресейден Қытайға 1911 жылға дейін өткен қазақтардың барлығы да 1914 жылы Қытайдың қол астына өтіп, Қытай азаматтығын алды. Өзгелері ел аумағынан күштеп шығарылды. 1916 жылғы ұлтазаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің қудалауына төзе алмаған 300 мыңға жуық қазақ Қытайға өтіп кетті. Қытайдағы қазақтар мал шаруашылығымен айналысты. Соңғы кезде Шыңжаң қазақтары шекара маңындағы қазақ-орыс саудасын Дамытуда маңызды рөл атқарды. Қазіргі кезде əртүрлі мəліметтер бойынша Қытайдағы қазақ диаспорасы екі млн. адамға дейін. Қытайда тұратын қазақтардың саны туралы əртүрлі мəлімет көздері бір- біріне сəйкес келмейді. Отбасында үш баладан бес балаға дейін болатын қазіргі Қытай аумағында тұратын қазақтардың санын дəл анықтауға кедергі жасайтын факторлардың бірі – отбасылардағы балалар санын шектейтін Қытай үкіметінің жүргізіп отырған демографиялық саясаты. Осыған байланысты халықтың көп бөлігі тіркелмеген. Сол сияқты Қытайда тұратын халықтың жалпы саны туралы дəл статистикалық мəліметтің жоқтығы да қиындық туғызады. Қытайда қазақ ирредентасы, яғни өзінің тарихи аумағында қоныстанған этникалық қазақтар тұрады. Қытай мəліметтері бойынша Қытайдағы қазақ диаспорасы саны бір млн. адамнан асатын он ірі этностардың құрамына кіреді. Қытайда барлығы 56 ұлт өмір сүреді. Қазақ диаспорасы біздің шетелдегі отандастарымыздың ең көбі болып табылады [1]. Қытай Халық Республикасының жүргізген ұлттық аумақтық автономия саясатының нəтижесінде 1954 жылы Іле Қазақ автономиялы облысы құрылды. Қазақтар негізінен Алтай, Іле, Тарбағатай аймақтары кіретін автономиялық облыста, сондай-ақ ҚХР ШҰАР Мори-Қазақ, Баркөл-Қазақ аудандарында, Ганьсу өлкесінің Ақсай-Қазақ автономиялық ауданында жəне аз мөлшерде Бейжіңде (Пекинде) тұрады. ҚХР құрылған кезде оның аумағында 420 000 қазақ өмір сүрген, оның 418 000 – Шыңжанда тұрған, бұл 9% құрайды; үш мыңнан астам қазақ онымен шекаралас Ганьсу жəне Цинхай провинцияларының аудандарында тұрған. Шыңжанда қазақтар негізінен Алтай (орталығы Алтай қаласы), Іле (орталығы Құлжа қаласы,қытайша Иниң) жəне Тарбағатай (орталығы Шəушек (орысша Чугучак, үйғырша Чочек, қытайша Тачың) қаласы) аймақтарының (округтерінің) аудандарында көшіп жүрді, бұл барша қазақ көштерінің 3/5 бөлігін құрайтын. Шағындау топтар қазіргі Мурэ-Қазақ автономиялық ауданы мен Цинхай уезін (Санджи-Хуэй автономиялық облысы) жəне Баркөл-Қазақ автономиялық ауданының (Хамий округі) аумағында көшіп жүрген. Əдетте көш рулық негізде құрылатын болған. ШҰАР аумағында қазақтар саны жағынан ханьдар мен ұйғырлардан кейінгі үшінші орынды иеленіп, жалпы халықтың 7,4% құрайды. ҚХР жарияланғаннан бергі 54 жылда Аспан асты еліндегі қазақтардың саны үш еседен артық өсті. Қазақтар лауазымды этнос болып табылатын ІҚАО басқа да автономиялық құрылымдар бар: Санчжи-Дунган облысындағы Мурэ-Қазақ автономиялық уезі, Хамий округіндегі Баркөл-Қазақ автономиялық ауданы жəне Ганьсу өлкесіндегі Ақсай-Қазақ автономиялы ауданы. Цинхай өлкесінде Хайси-Тибет-Моңғол-Қазақ автономиялы облысы бар, оны көбінесе жай ғана Хайси-Моңғол-Тибет деп атайды. Сондай-ақ оншақты автономиялы қазақ болыстары бар. Үрімшінің арғы жағындағы Ганьсу мен Цинхай аумақтарына қазақтар 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін көшкен. Қытай қазақтары мекендеп отырған байтақ Қытай жері – ежелден-ақ қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың ата қонысы. Мұны Қытай жазбаларының қай-қайсысы да терістемейді. арнайы зерттеу еңбектің авторы Г.М. Мендикулова Қытай қазақтарын «қазақ диаспорасы» емес, қазақ «ирреденті» (бөліндісі) деп есептейді. Жалпы қазақ ирредентасының қалыптасуы бірнеше кезеңдермен сипатталады. Қазақ ирредентасының қалыптасуының бірінші кезеңі XVI ғасырдың басы – XVIII ғасырдың аралығын қамтиды. Бұл кезеңге қазақ-ойрат соғысы жатқызылады. Бұл қанды соғыста қазақ халқынан Жетісу, Тарбағатай аудандарындағы жерлер тартып алынған болатын. Осының кесірінен орта жəне ұлы жүз қазақтарының үйреншікті көшіп-қону жерлері өзгеріп, Қытайдағы қазақ ирредентасының қалыптасуына себепші болды. Қазақ ирредентасының Қытайдағы қалыптасуының екінші кезеңі 1757 жылы Циндардың Жоңғар хандығын талқандауымен байланысты.

.

Осы кезеңде Орта Азия аймағында алғашқы Қытай жасақтары құрылып, Қазақ əскерінің көмегімен Жоңғар хандығын талқандады. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін қазақтар өзіне тиесілі жерін алуға тырысты, бірақ Қытай мемлекеті бұл жерлерді басуда біз жеңімпаз деп, қазақтарға жерді беруге бас тартты. Қытай əскерімен көптеген қақтығыстардан кейін, қазақтар 1767 жылы Іле мен Моңғолдық Алтай аймағындағы кейбір өздерінің жерлерін қайтарып алды. Ұлы жүздің біраз бөлігі Іле өзенінің аймағына келіп, Қытай императорының хандығын мойындауларына тура келді. Ал, қалған бөлігі 1850 жылға дейін тəуелсіз болып тұрып, кейін Ресей империясының құрамына енді. Қазақ ирредентасының Қытайдағы қалыптасуының үшінші кезеңі Ресей-Қытай мемлекеттерінің арасындағы аса құнды құжаттарға: 1860 жылғы Пекин келісім шарты, 1864 жылғы Чугучак протаколы, 1870 жылғы Тарбағатай Демаркациондық протокол, 1879 жылғы Ливидийск келісім шарты, 1881 жылғы Петербург келісім шартына қол қоюмен байланысты. Жоғарыда аталған келісім шарттар мен протаколға қол қойылғаннан кейін, бұл аудандардағы қазақ халқы мен жерлері екі мемлекет арасында, қазақ халқының пікірімен санаспай, қинаушылық түрде бөлінген болатын.

.

Қытайдағы қазақтардың «қазақ диаспорасы» емес, қазақ «ирреденті» екеніне былайша көз жеткізуге болады, біріншіден, олар жасап жатқан өңір геотарихи тұрғыдан алғанда байырғы Қазақ даласының құрамдас бөлігі. Осы өңірде қазақ халқының ұлт болып қалыптасуына ұйтқы болған байырғы ғұн, үйсін, иузей (юэчжи), түрік, түркеш, қарлұқ, керей, найман тайпалары мен тайпа ұлыстары жасаған жəне өз кезінде олардың көшпелі жүйедегі қағандық билігі (мемлекеті) өмір сүрген. Екіншіден, қытай қазақтарының тілі, тұрмыс-салты, діни танымы, ұлттық өнері, əн-биі, фольклоры түгелдей Қазақстанда жасаушы қазақтармен бірдей. Үшіншіден, Қытай қазақтары негізінен Қытайдың Қазақстан жəне Моңғол Халық Республикасымен шекаралас Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінде орналасқан. Біздің заманымыздан бұрынғы жылдардан бастау алатын жазба деректер қазақты құраған ру тайпалардың сол дəуірлерде ақ бүкіл Қытай өңірінде, жүйеден Шыңжаңда жасағандығын айғақтап отыр. Қазақтардың екі мемлекетке бөлініп қоныстануы 1864 жылғы “Қытай-Ресей батыс солтүстік шекараны өлшеп айыру тоқтамынан” басталды. Деректерге қарағанда, бұл тұста Абақ керейдің түтін саны 30 мыңға, егер бір отбасында бестен жан бар деп есептесек, жан саны 150 мыңға жетті. Бұл тоқтамның бесінші тармағында былай делінеді: “Қазақ халқы бұрын қай жерді қоныстанып келген болса, бұдан былай да сол жерді қоныстанып, байырғы мекендерінде отырып, бұрынғы кəсіптерін істеп, бейбіт өмір өткізе береді. Шекара айырылғаннан кейін бұл жер қайсы мемлекетке қараса, сол жерді мекендеген адамдар жерімен сол мемлекетке қарайды”. Бұл тоқтамға қазақтар арасында наразылық туылды. Қоныс аудару, толқулар көбейді. Сонымен Қытай мен Ресей елдерінің шекараны өлшеп, айыруға шыққан ұлықтары ақылдаса келіп, бұрынғы тоқтамға мынадай қосымша мазмұндар кіргізді: “Шекара айырылғаннан кейін осы шекараның екі жағын қоныстанған қазақтарға қайсы елге қарауды таңдап алу үшін бір жылдық уақыт беріледі. Осы бір жыл ішінде қайсы мемлекетке қарасты болуды олар өз еркімен таңдап алады. Қайсы мемлекеттің қарамағына өтуді қаласа, сол мемлекетке бөлінген жерге өтіп қоныстанады. Бұл олардың бүтіндей өз қалауы бойынша болады”. Міне, осылайша сонау атамзаманнан бері іргесі бөлінбей, ауылы аралас, қойы қоралас болып келген қазақ елі екіге жарылып, Қытайдағы қазақ диаспорасы қалыптаса бастады.

.

Қытай жерiнде бiр миллион бес жүз мыңға тарта қазақ тұрады. Əр жылғы Қытай мəлiметтеріне сүйенсек, 1949 жылы, яғни коммунистiк Қытай қазақтарға өз үстемдiгiн жүргiзе бастаған кезеңде, 443700 қазақ болған. Бұл сан əр жылы шамамен 20 мың боп өсiп отырған. 1960 жылға келгенде қазақтардың саны 541600-ге жеткен. Осыдан екi жылдан кейiн, атап айтқанда 1962 жылға келгенде қазақтардың саны 487400-ге құлдыраған.Демек, екi жылдық туу санын қосқанда 100 мың адамның кемiгенi жасырын емес. Бұл 1962-жылғы ұлы көш жəне көштен кейiнгi қолдан жасалған аштықтың салдарынан екенi айдан анық. Осыдан кейiнгi жылдарғы өсу салыстырмасы кей жылы 20 мың, кей жылы 30 мыңдық қарқынмен артып отырған. Сөйтiп, 1990 жылға келгенде ондағы қазақтардың саны бiр миллион екi жүз мыңға жеткен. Бiр қызығы, осыдан кейiнгi мəлiметтер аса айқын емес. Əсiресе, 1995 жылдан 2007 жылға дейiнгi мезгiлдегi өсу салыстырмасы айқын көрсетiлмеген. Бiр миллион екi жүз мың халықтың əр жылғы өсу салыстырмасы бойынша қарасақ, 1990 жылдан 2007 жылға дейiнгi 17 жылда кемiнде 500 мың адам қосылады екен. Сонда Қытайда кем дегенде 1 миллион 700 мың қазақ тұрады деген сөз. Демек, бұл ресми емес деректердегi Қытайда екi миллион қазақ тұрады дегендi терiске шығармайды [2]. 2005 жылы Қытайда жүргізілген жалпы санақ нəтижесі бойынша қазақтар соңғы он жылда 15%-ға өскен екен. Ресми дерек бойынша, Қытайдағы қазақтар — 1 миллион 413 900 адам болған. Шыңжаң көлемінде 1949-2000 жылдар аралығында қазақтар 440 мыңнан 1 миллион 250 мың айналасында болған. Басым бөлігі негізінен Іле қазақ автономиялы облысында қоныстанған. Енді бір бөлігі Қашқар, Құлжа, Санжы, Мишуан қалалары мен Мори қазақ ауданы, Шиыңхай Дүңған облысындағы Ақсай қазақ ауданында қоныс тепкен [3].

Қытайдағы қазақтар Шыңжаң ұйғұр автономиялы районының Іле қазақ автономиялы облысында (Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты өз ішіне алады), Мори қазақ автономиялы ауданында, Баркөл қазақ автономиялы ауданында тұрады. Бір бөлімі Үрімжі, Шыхызы, Қарамайлы қалаларында жəне Санжы хұйзу (дүңген) автономиялы облысына қарасты Санжы, Құтыби, Манас, Жемсары, Шонжы, Фукаң, Мишуан, Фукаң аудандарында тұрады. Бұдан басқа Шыңжаңмен шекаралас Чиңхай өлкесінің Хайши моңғол-тибет қазақ автономиялы облысында (көбі Шыңжаңға қайтып келді), Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұрады.Тарихта батыс өңір, бүгінде Шыңжаң ұйғұр автонмиялы районы аталып отырған осы кең байтақ мекеннің территориялық жер аумағы 1 млн 600 мың шаршы шақырым. Жалпы Қытай жер аумағының 1/6 бөлігін ұстайды. Оның құрлықтық шекарасының ұзындғы 5600 шақырым болып, Монғолия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан, Ауғанстан, Пəкістан, Үндістан секілді 8 мемлекетпен шекараласады. 2000 жылғы Қытайдың халық санағына негізделгенде, Шыңжаңдағы қазақтар шоғырлы қоныстанған Іле қазақ автономиялы облысында 4 млн 83 мың 300 қазақ тұрады екен. Қытай елінің ресми деректкрі қазақтың санын 1 млн 300 мыңнан 1 млн 500 мыңға жеткізді. Жылдық өсімі 26 мың. Ал белгілі демограф, ғалым Мақаш Тəтімов ағамыз бұл елдегі қазақтың санын ресми деректерден көп қылып көрсетеді. Ал көш басталғаннан бері Қытайдан келген қазақтардың саны 18 мың [4]. Ал енді 1990 жылдардан басталған көшке келер болсақ, ең алғашқы көшке себепкер болғандар студент жастар мен зиялы қауым өкiлдерi болды. Қазақ-қытай байланысының 1989 жылдан басталған қадам екi арадағы мұзды жiбiтiп, жаңа тарих парақшасының ашылуына жол ашты. 1991 жылғы тəуелсiздiк миллиондаған қазақтардың арманына қанат бiтiргені белгілі. Сол жылдан бастап əртүрлi себептермен шеттегі бауырларымыз атажұртқа келе бастады. Екi елдің арасында ешқандай мемлекетаралық көшi-қон жəне бiлiм алмасу шартының болмауына байланысты көптеген қиындықтар туындауда. Елбасы Н.Ə. Назарбаев: «Ұлттың рухани өмірі, оның мəдениетіне байланысты əлі де болса көпшілік қауымға жетпей жатқан тарихи, əдеби асыл мұраларымызды игеру жолында еңбектену, бұрын мəн бермей келген халықтану, шығыстану, түркітану ілімдерін барынша дамытуға көңіл қою, ұлттық мəдени ерекшеліктерімізді сақтау, жинау, зерттеу ісін жетілдіре түсу – бүгінгі маңызды міндеттеріміздің қатарына кіреді» Демек, шеттегі қандастарымыздың тарихы – бұл біздің ұлтымыздың ақтаңдақ беті [5].

Əдебиет: 1. Сəмитұлы Ж. Қытайдағы қазақтар. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2000. – 312 б. 2. Шəкенұлы Жəди. Қытайдағы қазақтар: көшіп келудің машақаты / мақала / http://www.turkystan.kz. 3. Қалимолла М. «Қытай қазақтары тарихының өзіндік ерекшеліктері» // XIV Сəтбаев оқулары. Жас ғалымдардың Халықаралық ғылыми конференциясының материалдары. –Павлодар: С. Торайғыров атындағы Павлодар жойыттарды мемлекеттік университеті, 2014.-354б. 4. Қазақ диаспорасы: бүгіні мен ертеңі : ғылыми басылым / бас ред. А. Қошанов, Ə. Нысанбаев. — Астана : Елорда, 2005. — 352 б. 5. Назарбаев Н.Ə. «Құшағымыз бауырларымызға айқара ашық» // Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы (құжаттар жинағы) — Алматы: Атамұра, 1993. – 280 б.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.