Қытайдағы қазақтардың рухани өмірі

Главная » Рефераттар » Қытайдағы қазақтардың рухани өмірі

Біз Үрімжіге келіп түскенімізде мұнда ұйғырлар дүрбелеңінің тууына байланысты ағайындармен кездесу мүмкіндігіміз аз болды. 8 шілде күні Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданын бетке алып, Үрімжі – Дұңхуаң бағытымен ұшаққа отырдық. Қай жерге барсақ та ағайынның ақ пейілі алақанына салып отырды. Шынжаңдағы қазақтар өздері қоныстанған байтақ даланы ежелгі мекеніміз деп біледі. Қытай қазақтарының қоныстанған өңірі – Шынжаңның солтүстік аумағы болып, табиғаты ерекше көркем өңір саналады. Суы бал, топырағы май, “тасы алтын, тауы күміс, ағашы жез” шұрайлы қоныс. Айналасы көк тіреген зеңгір таулар Алтайдың, Тянь-Шанның, Тарбағатайдың қарлы шыңдары қоршаған Жоңғар ойпаты мен Іле ойпаты солтүстік Шынжаңның “астық қамбасы”, “жеміс-жидек бағы”, “кен қоймасы”, “мал ырысы”, “мұнай теңізі” деген атпен әлемге әйгілі. Жоңғар ойпатының жиегінде он екі саладан тоғысқан әйгілі Ертіс өзені, Манас және Еміл өзені ағады. Іле ойпатында Текес, Қас, Күнес өзендерінен құралған Іле дариясы бар. Жалпы Шынжаң жерінің жер аумағы 1 миллион 600 мың шаршы километр болып, бүкіл Қытай жерінің алтыдан бір бөлігін құрайды. Онда 47 ұлтты құрамына алған 20 миллионнан астам халық тұрады. Ал, осының ішінде қазақтарды өзек еткен Іле қазақ автономиялы облысының жер аумағы 884 мың 800 шаршы километр шамасында болып, халық саны 4 миллион 83 мың 300 адам. Қытайдағы қазақтар ШҰАР-дың Іле қазақ автономиялы облысында (Іле, Алтай, Тарбағатай – үш аймақты өз ішіне алады), Мори қазақ автономиялы ауданында, Баркөл қазақ автономиялы ауданында тұрады. Бір бөлімі Үрімжі, Шыхызы, Қарамайлы қалаларында және Санжы хуйзу (дүңген) автономиялы облысына қарасты Шонжы, Жемсары, Фукаң, Мишуан, Санжы, Құтыби, Манас аудандарында тұрады. Бұдан басқа, Шынжаңмен шекаралас Чиңхай өлкесінің Хайши моңғол-тибет қазақ автономиялы облысында (көбі Шынжаңға қайтып келді), Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұрады. Атамекенге оралу Шынжаң қазақтары өздерінің бүгінгі мекенге қоныстануын ата мекенімізге оралу деп есептейді.

.

“Қытай тарихи деректеріне қарағанда, Қытайдағы қазақтар Іле, Тарбағатай, Алтай сияқты атамекендеріне 1767 жылдан кейін қауырт оралған. 1766 жылы 17 сәуір күні Чиң патшалығы үкіметі Іле генералына “Іленің жері ұлан байтақ, егер қазақтар келіп көшіп-қонып мал бақпаса болмайтын жерлер болса, тіпті келіп тұрақтап қалуды қаласа, оларға рұқсат етілсе болады. Қазірдің өзінде Татабай бастатқандар Жар өңіріне (Ұржар өңірі) келіп орналасыпты. Бұдан кейін келушілер де сол Ұржар маңына орналастырылса болады” деп бұйрық берген еді. 1767 жылы тамызда Чиң патшалығы үкіметі Абылай ханға “қазақ малшыларының Іле өңіріне келіп көшіп – қонып мал шаруашылығымен шұғылдануына болатындығын” айтқан еді. Сондықтан сол жылдың өзінде Абылайға қарасты 300 үй Тарбағатай өңіріне көшіп келді. Алтай мен Тарбағатай өңіріне көшіп келген қазақтарға өріс пен қоныс тағы да тарлық істеді де олар төңіректің төрт бұрышына тарала бастады. Алтай, Тарбағатайдағы бір бөлім қазақтар Баркөл, Шонжы, Жемсары, Фукаң, Санжы, Құтыби, Манас, Шиху, Сауан жерлеріне барып қоныстанды. Осыдан кейінгі жерде 1917-1920 жылдар аралығындағы Кеңестер одағының орнауы мен Азамат соғысының орын алуына байланысты ақтар мен қызылдардың қырқысы, 1925 жылдардан басталған Сталиннің қолшоқпары болған Ф. Голощекиннің зұлматтарынан туындаған кампеске (тәркілеу), Алаш қозғалысы жетекшілерін жаппай қудалау, тұтқындау, жер аудару және ауылшаруашылығын зорлап ұйымдастыру, күштеп отырықшыландыру, 1931-1932 жылғы қолдан жасалған аштық секілді аласапыран кезеңдерде қазіргі Қазақстан жеріндегі көптеген қазақ ауылдары Шынжаңға қашып барды. Алтын Алтай Алтай аймағы Қытай елінің батыс солтүстігіне орналасқан. Моңғолия, Ресей, Қазақстан елдерімен шекараласады.

“Алтай тауы” көне түрік және моңғол тілдерінде “Алтын тау”дегенді білдіреді. Сондықтан алтын байлығы біршама мол. Ертіс өзенін өзек еткен үлкенді-кішілі 56 өзені, Үліңгір, Қанас, Таңбалы секілді көлдері бар. Алтай аймағына қарасты алты аудан, бір қала бар. Олар: Алтай қаласы, Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай, Буыршын, Қаба, Жеменей аудандары. Мұнан сырт Алтай аймағында ауылшаруашылық 10-шы дивизиясы және оған қарасты әскери полктар мен мемлекеттік кен, орман басқару орындары тұрады. Алтай аймағының жалпы жер аумағы 117 мың 700 шаршы километр. 2003 жылғы дерек бойынша аймаққа қарасты тұрғындардың жан саны 612 мың 600 адам. Бұл 1949 жылғы қазақтар 89 пайызын ұстайтын 56 мың 211 адамнан 11 есе көп болғанымен, қазіргі қазақтардың саны жалпы санының 45 пайызын құрайды дегенді білдіреді. Біз Алтайға бара жатқанда Талғат Асылұлы: “Алтайға бара жатырмыз. Шеттегі қазақтың бәрі “Ағажай Алтайдай жер қайда-ай” деп ән салады. Алтайды да бір көретін болдық,” – деді. Алтайдың әсем табиғаты мен қасиетті Қанас көліне көз мейірін қандырып қайтқан жолында ол кісі “Алтай десе Алтай екен-ау. Ел “Ағажай Алтайды-ай” деп бекер жырламайды екен,”– деп тебіренді. Бірақ осы бір құт мекеннің қазіргі иелері байырғы қазақтар емес, “шақырылмаған қонақтар” екенін көріп, көңіліміз құлазып, көзімізге жас келді. Тарбағатай тамаша жер Тарбағатай таулары Алтаймен қанаттас жатқандықтан тарихтағы орны жағынан да көп ұқсастықтарға ие. Бұл өңірді де бір мезет сақтар, батыс түріктер, ғұндар ілгерінді-кейінді мекендеген. Тарбағатай тауының батыс-солтүстік сілеміндегі Шілікті жазығынан табылған сақ тайпасының ежелгі зираты соның бір айғағы. Атамекені Тарбағатайдан Сыр бойына дейін босқан найман, керей тайпалары 1760-1770 жылдарға келгенде байырғы жұртына қайтадан бауыр басты. Әрі осыдан бұрын жасап келген ойрат тайпасының торғауыт руымен қанаттас, көршілес отырды. Бүгінде Қобықсары аталатын моңғол автономиялы ауданында торғауыттар мекендейді. Тарбағатайдың Майлы-Жайыр өңірімен қолтықтасып жатқан Қарамайлы мұнай алабы ҚХР бойынша мұнай мен газдың ең бай қамбасының бірі. Сондықтан да мемлекет оны Тарбағатай әкімшілігіне қаратпай өз қарауына алып, орталығын Қарамайлы қаласы етіп құрған. Тарбағатай сөзінің «суырлы» деген моңғол сөзінен келіп шыққанына сенсек, Тарбағатай-Алтай өңірінен ауып бара жатқан моңғолдардың: Тарбығасы (суыры) сиырдай, Тас бастауы қымыздай. Саранасы жүректей, Сарымсағы білектей, Қайран жерім қалдың ба?– деп жылағаны еске түседі. Тарбағатай аймағына Шәуешек және Шиху қаласы, Сауан, Толы, Шағантоғай, Дөрбілжін аудандары мен Қобықсары моңғол автономиялы ауданы қарайды. 2003 жылдың соңындағы Қытай санағы бойынша бүкіл аймақтағы тұрғындар саны 953 мың 400 адам болған. Жер жаннаты – Іле Тарихи жазбаларда Іле өңірі ежелден ұлы жүз – үйсін тайпасының жері деген деректер көп айтылады. Қазір де Іле аймағы болуымен қатар Құлжа қаласы Іле қазақ автономиялы облысының орталығы болып, оған Іле, Алтай, Тарбағатай – үш аймақ қарайды. Осы аталған аймақтармен қатар Құлжа қаласы, Күйтүн қаласы, Күнес, Текес, Моңғолкүре, Құлжа, Тоғызтарау, Нылқы, Шапшал аудандары қарайды. 2003 жылы алынған санақ бойынша бүкіл облыстың жан саны 4 миллион 300 адам болған. Барыс көлі – Баркөл Баркөл Қытай жылнамаларында “Барыс сазы”, “Барыс көлі” деп аталады. Бұл көне түріктер заманынан қалған сөз болып, кейіннен Баркөл атанған. Тарихи деректер бойынша бұл өңірде ғұндар, түріктер, үйсіндер, моңғолдар және қазақты құраған басқа да ру-тайпалардың алма-кезек жасағандығы мәлім. Жыл санауымыздан бұрынғы 74-86 жылдары шамасында Баркөл ғұндардың оң қанатының саяси орталығы болған. Чиң патшалығы жоңғарларды аластаған тұста Баркөл мен Қобданы өзіне маңызды әскери шеп ретінде пайдаланған.

.

Әрі 1731 жылы қазіргі Баркөл қаласының іргетасы қаланған. 1882 жылы “Жинши (Баркөл) – Дихуа (Үрімжі) аймағы ” деп өзгертілген. Осы жылдардан бастап қазақтар өздерінің атамекені болған Баркөлге орала бастады. Баркөл қазақтарының бір бөлімі кейіннен Гансуға және Чиңхай жеріне қоныс аударды. Алды қандыбалақ жылдардың аласапыраны тұсында шетелге дейін босып кетті. 1954 жылы Жинши ауданы «Баркөл ауданы» болып өзгертілді. Сол жылы 30 қыркүйекте Баркөл қазақ автономиялы ауданы құрылып, ол Құмыл аймағына қарасты болды. Бүгін де Құмыл аймағының “Баркөл қазақ автономиялы ауданы ” деп аталады. Баркөл қазақ автономиялы ауданына 4 қалашық, 8 ауыл қарайды. Ауданның жалпы жер көлемі 36 мың 947 шаршы километр, тұрғындары 100 мыңнан астам. Ақсай деген ауыл бар Гансу өлкесіне қарайтын Ақсай қазақ автономиялы облысында 3700 қазақ тұрады. 1932 жылдан кейін Алтай-Баркөл өңірінен босқан халық жаппай шығысқа қарай ауған еді. Шығысқа аууында бірнеше мақсат болды. Бірі Кеңестік қызыл империядан қашу болса, енді бірі Гансу-Чиңхай өлкелеріндегі мұсылман билеушілерін сүйеніш етіп, күш топтап, Шың Шысайға қарсы соғыс жариялау болды. Бірақ барған жерінде қанатынан қырқылып, толарсақтан қан кешті. 1951 жылы Оспан батыр қолға түскеннен кейін бағынышты болған халықты Қытай қызыл армиясы бір орынға отырақтандырды. Бұл қазіргі Ақсай ауданын қалыптастырған тарихи жағдай еді. Біз Ақсай ауданында болған сапарымызда аудан әкімі Қошым Қопақұлы Әпетей сияқты ағалардың орналастыруымен ел мен жердің біраз сырына қанықтық. Шынжаңға қарағанда “құлағы тыныш”, “ауасы кеңдеу” көрінгенімен қытайласудың бастамасын тереңдете түскен жайы бар екен. Талғат Асылұлы аттанып бара жатып: “Сіздің елдің президентімен тең тұрып, тең сөйлесе алатын Елбасымыз бар. Бұл елдің заң түзіміне бойсыну шарты астында құқықтарыңыз тапталып жатса, біз жоқтаушы бола аламыз,” – деген ақ ниетін білдірді. Алыс түкпірде отырған ағайынға бұл сөздің жылы тигенінен болар көздеріне жас алып, қимай қоштасты. Әдебиет, баспа сөз және ән-күйі Қытай қазақтарының әдебиеті – күллі қазақ әдебиетінің бір бұтағы. 1880-1890 жылдар ішінде Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Ақыт Үлімжіұлы бастаған алғашқы бір топ ақындар Қазан баспасынан кітаптар шығара бастаған еді. Сөйтіп, “1900 жылдан 1917 жылға дейін Қазанда, Омбыда, Орынборда, Петербургте, Ташкентте, Троицкіде, Семейде, Оралда және басқа қалаларда қазақ тіліндегі жүзге тарта түрлі кітаптар шықты”. Қытайда жүргізілген саяси күрестерге байланысты баспасөз қызметі бір мезет тоқырауға ұшырап, 1980 жылдардан кейін ғана қайта жандана бастады. Арнайы баспа орындарынан “Ұлттар баспасы” , “Шынжаң халық баспасы”, “Шынжаң жастар- өрендер баспасы”, “Денсаулық, ғылым-техника баспасы”, “Шынжаң оқу-ағарту баспасы”, “Іле халық баспасы” сияқтылар бар. Бұл баспалар үкіметтік тапсырыстар және жеке қаржы табу жолдарымен әр түрлі кітаптар шығарып отырады. Ал Қытай қазақтары бойынша қазақ тілінде шығатын журналдарды мынадай бес топқа бөлуге болады:

.

Бірінші: мемлекет дәрежелі саяси журналдар: “Іздену”, “Ұлттар ынтымағы”, “Ұлттар ”. Екінші: ШҰАР-ның орталығынан шығатын журналдар: “Шынжаң қоғамдық ғылымы”, “Шынжаң қоғамдық ғылым мінбесі” , “Шынжаң жоғары оқу орындары ғылыми журналы”, “Шынжаң авангардтары”, “Шынжаң оқу-ағартуы”, “Ғылым бұлағы”, “Шынжаң суретті журналы”, “Тіл және аударма“, “Көкжиек”, “Шұғыла”, “Мұра”, “Оқырман өресі”, “Шынжаң малшаруашылығы”, “Алға”, “Жайылымды шаруа малдар”, “Шаруашылық машиналары” секілді 17 журнал. Үшінші: облыс дәрежелі журналдар: “Іле айдыны”, “Іле жастары”, “ Іле әйелдері”, “Мектеп дене тәрбиесі”, “Қазақ балалары ғылыми суретті журналы”. Төртінші: аймақ дәрежелі журналдар: “Алтай аясы”, “Тарбағатай”, “Ғылым және өнер”, “ Дәрігерлік білім”, “ Жастүлек” журналдары. Бесінші: тек қана Қытайдың ішкі қызмет орындары мен университеттерінде ғана таратылатын журналдар: “Іле педагогикалық институт ғылыми журналы”, “Іле оқу-ағарту инстутының ғылыми журналы”, “Іздену және ашу”, “ Үйрену және ғылым”, “Іле ағартуы“, “Іле медицинасы”, “Іле прокуратурасы”, “Боғда”, “Құмыл алқабы”, “Тарлан” журналдары. Аталған журналдар 1996-1997 жылдары ресми түрде жарық көріп тұрған. Кейінгі жылдары ішінара өзгерістер болғанымен жалпы қытай қазақтарында 40 журнал шығатындығын кесіп айтуға болады. Қазақ тілінде шығатын газеттерден “Шынжаң газеті”, “Іле газеті”, “Алтай газеті”, “Тарбағатай газеті”, “ Шынжаң ғылым-техника газеті” ,“Іле ғылым-техника информация газеті” бар. Баспасөзге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарынан қытай қазақтарында екі теле каналы мен бір радио (Шынжаң халық радио станциясы) тек қана қазақ тілінде жұмыс жүргізеді. Шынжаң халық радио станциясы 1955 жылдан, Шынжаң телевизиясы 1985 жылдан қазақ тіліндегі бағдарламалар тарата бастаған. 1978 жылы ел тірлігі оңала бастаған тұста қазақ зиялылары қолдарына қайта қалам алды. 1979- 1980 жылдары Шынжаң университеті сияқты орындардың ұйымдастыруымен қазақ тарихына қатысты ғылыми конференциялар өтті. Қазақ тарихы жөнінен көптеген ізденістер жасап жүрген белгілі ғалым Жақып Мырзаханұлы “Қазақтың тегі және ұлт болып қалыптасуы” атты баяндамасын жасады. Бұл жаңа тарихтың беташары еді. Осыдан кейін қазақ тарихына қатысты зерттеулер жарық көре бастады. Бастыларынан “Қазақтың қысқаша тарихы” (Н.Мыңжанұлы, Шыңжаң халық баспасы, 1987 ж.), “Қазақ тарихынан зерттеулер” (Н. Мұхаммедханұлы, Шынжаң жастар-өрендер баспасы, 1989 ж.), “Қазақ шежірелері” (Іле халық баспасы, 1990 ж.), “Қазақ халқы және оның салт-санасы“ (Ж.Мырзаханұлы, Шынжаң халық баспасы, 1992 ж.), «Қазақ шежіресі» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы), т.б. Шынжаң қазақтарына халық әндері мейілінше кең таралумен бірге, онда туған авторлы және авторсыз әндердің өзі мейілінше көп. Тіпті көбі әлі зерттеліп болған жоқ. Сондай әндердің бастыларынан “Ағажай”, “Сұлубайдың әні”, “Бүркітбайдың әні”, “Әппақтың әні”, “Қазынай”, “Жетіарал”, “Төлеуханның әні ” секілді көптеген әндерді атауға болады. Халық әндерін жинау, реттеуге байланысты 1984 жылы Бежиндегі ұлттар баспасы “Қазақ халық әндерінің” екі томдығын шығарды. Осыған жалғас «Ән салсаң Әсеттей сал» (Халық баспасы, 1989 ж.), «Ән әуені» (Үш том, Шынжаң халық баспасы, 1991 ж.), «Абай әндері» (Іле халық баспасы, 1995 ж.), «Қазақ термелері» (Шынжаң халық баспасы, 2000 ж.), «Гәкку» (Шынжаң халық баспасы, 2004 ж.), «Ән салайық бәріміз» (Шынжаң жастар-өрендер баспасы, тізбекті кітап) секілді көптеген ән жинақтар шықты. 1990 жылдардың соңында Шынжаңдағы әндердің көбі дыбыс таспасына жазылып, базарлар арқылы тыңдарман қолына тиді. Күллі қазақ даласына аты шыққан Дәнеш Рақышұлы, Хамит Ысқақұлы, Майра Мұхаммедқызы – Шынжаң қазақтарының тумалары. Шынжаң қазақтарының би өнері – қазақ биінің құрамдас бір бөлегі болғанмен өзіне тән әр түрлі артықшылықтары бар. Әсіресе, қазақы ұлтық бояуы жағынан байырғы үлгілерді сақтаған әрі байыта білгендігімен ерекшеленеді. Қазақтың халық биі “Қара жорға” Еуропа, Азиядағы қазақтар шоғырлы қоныстанған аумақтарға кеңінен таралған. Аң аулау, табиғатқа табынуды бейнелейтін халық билерінен “Аю биі”, “Аңшы мен аю”, “Қаз биі”, “Бүркіт биі”, “Ортеке биі” қатарлылар бар. Шынжаң қазақтарынан шыққан әйгілі күйшілерден Бейсенбі Дөненбайұлы (1803-1872), Қожеке Назарұлы (1826-1884), Әшім Дөңшіұлы (1896-1962), сыбызғышылар Қайрақбай Шәлекенұлы (1826-1884), Ақымжан Болдырғанұлы (1864-1941) өз заманының өрен жүйріктері болды. Жарық көрген күй кітаптарын атай кетсек, “Күй толқыны” (Қ.Назарұлы, Шынжаң жастар өрендер баспасы, 1984 ж), “Күй қайнары” (Іле халық баспасы 1985 ж). “Жаймашуақ” (К.Құсайынұлы, Шынжаң халық баспасы 1988), “Көктем шуағы” (Ә.Мәлікұлы халық баспасы 1988 ж.), «Күй аңызы» (Шынжаң халық баспасы, 1994 ж) “Бейсенбі күйлері” (Шынжаң халық баспасы, 2006 ж) секілді көптеген кітаптар шықты Қазақтарды басқару саясаты Қытай елінің мемлекеттік түзімінен қарағанда олар социалистік ел. Билік басындағы коммунистік партия барлығын уысына ұстаған. Бірақ, олардың бүгінгі таңда жүргізіп отырған социалистік түзімі мен коммунистік бағыты баяғы заманғы “дүние пролетарлары бірігіңдер” деп жар салған Ленин жарықтықтың жолынан мүлдем басқаша. Сол үшін де олар “Жұңгоша (қытайша) ерекшелікке ие социализм”, “бір елде екі түзім” дегенді бағдар етеді. Атауы социализм болғанмен экономикалық бағыты капитализм түріндегі қос жүйені қатар ұстанады. Қытай елінің қазақ секілді аз санды ұлттарға қаратқан саясатында автономия түзімі бар. Ол мемлекеттік заңдарға да енген. Сол үшін де қазақтарға қаратқан Іле, Алтай, Тарбағатай өңірін құрамына алған Іле қазақ автономиялы облысы атты әкімшілік орган бар.

Бұдан басқа Шынжаң жерінде Мори қазақ автономиялы ауданы, Баркөл қазақ автономиялы ауданы, Шынжаңмен көршілес Гансу өлкесі қарамағындағы Ақсай қазақ автономиялы ауданы бар. Шындыққа жүгінер болсақ, автономия саясаты 1954 жылдан бастап атқарылып, 1980 жылдарға дейін біршама сақталғанымен қазіргі кезде ауыз жүзінде ғана айтылады. Тіл, жазу, мектеп-университет жағдайында ешқандай автономиялық жоқ. Жергілікті үкімет органдарында қазақтар бірінші бастық түрінде тағайындалғанымен партия басшысы аталатын қызыл мөрдің иесі барлық тізгін- шылбырды өз қолына алған. Мемлекеттік құзырлы органдар түгелдей қытай тілінде құжат жазып, қытай тілінде жиналыс жүргізеді. 2000 жылдардан кейін «қос тілді оқытудың» жүрілуіне байланысты қазақ мектептері жабыла бастады. Тек қана екі пән – қазақ тілі мен әдебиеті қазақша, басқа пәндер қытайша жүріледі. Тіршілік қамы немесе күнкөріс 1978 жылғы Қытайдың 11-кезекті жалпы мәжілісі күллі қытай жұрты қатарындағы қазақтардың да есін жидырып, еңсесін көтертті. 1984 жылдан бастап, “малды бағаға сындырып, жекелерге көтереге беру, біржолата сатып беру, жайылым жерлерді жеке шаруаларға бөліп беру” дейтін саясат қазақ қауымына да көптеген тиімділіктер әкелді. Малшаруашылығы құрылымына жүргізілген батыл өзгерістер қапаста отырған қалың халыққа жан бағудың жаңа жолын көрсетті. “Ортақ өгізден оңаша бұзау артық” деп білетін қазақтар төрт түлігі алдына түскенде төбесі көкке жеткендей қуанды. Қазақ шаруалары малшаруашылығымен қанаттас сан-салалы шаруашылықты жолға қойып, отбасында ең алдымен қой, сиыр, жылқы, түйе түліктерін өсіруден сырт, қоныстанған жерінің ыңғайына қарай біреулер бұғы өсірсе, біреулер жем-шөп мәнерлеп базарға шығарды. Біреулер балықшылықпен айналысса, біреулер тауық, қаз, үйрек бақты. Енді біреулер атасында көрмегенді ботасында көріп, әр түрлі жеміс-жидек, мақта егу, көкөніс өсірумен айналысты. Біріккен ұлттар ұйымының дүниежүзілік астық жоспарлау мекемесі кірісі төмен, астығы аз елдерге тегін көмек беріп отыратын халықаралық орган. 1985 жылы Алтай аймағы сол органның Бежиндегі басқармасы арқылы Алтайдағы малшы қауымға көмек беруін өтінген болатын. Дүниежүзілік астық жобалау мекемесі (WFP) қайта-қайта адам жіберіп тексеру арқылы 1987 жылы маусымда Алтай аймағына көмек беруді бекітті. Осы көмек өзінің естелікке алынған ретіне қарай «2817 құрылыс» деп аталды. Мал бағуға ғылым көзімен қарау етек алғандықтан әр түрлі техникаларды жалпыластыру ісі кеңінен жүргізілді. Мал тұқымын сапаландыру, асыл тұқымдарды сұрыптау, етті сиыр, етті қой бағу, сүт-жұмыртқа өнімдерін шығару, көп төлділік, жем-шөп мәнерлеу секілді шығынды азайтып, пайданы көбейтуге арналған түйіндер малшаруашылығының дамуына көптеп үлес қосты. Қытай қазақтары малданып келген түліктен тарихтан бері атақтылары Іле жылқысы мен Алтай тегене құйрық қойы болды. Іле жылқысы – бұдан екі мың жылдың ар жағында “Ханнама” мен “Тарихнамаға” аты түскен үйсін жылқысының тұқымы болса керек. Қазірдің өзінде әскери сайгүлікте Іле аты мен Баркөл аты атақты болып отыр. Олар қазақ қойын өсіруден сырт, биязы жүнді, нәсілді меринос қойын да молынан өсіретін болды. Мемлекет таныған асыл тұқымдардан Шынжаң биязы жүнді қойы, Жұңго меринос қойының Шынжаң сорты, Іле жылқысы, Шынжаң қоңыр сиыры секілді таңдаулы тұқымдар бар. “Ақты сатпа” дейтін ескі әдетті қайырып тастаған қазақ қыз-жігіттері тері-терсек, жүн-жұрқа, құрт- май, еттен тартып базарға шығарып сататын жаңа ауқым қалыптастырды. Соның нәтижесінде төрт түлік мал баққан қазақ малшыларының күн көрісі жақсара түсті. Бір кездері “байларды құртамыз, кедейлерді жарылқаймыз” деп айғай-сүренге басқан қоғам енді “бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы” дегенді қайтадан айта бастады.

Мал бағуды өзек еткен Алтай аймағының 1949 жылғы мал басы 348 мың болса, 2005 жылдарға келгенде 5 миллион 283 мың басқа жетті. Қазақ халқы малшаруашылығымен бірге егіншілікпен де шұғылданған, қазақтар басты өнімдерден: бидай, арпа, тары, жүгері, күріш, қонақ, картоп секілділерді өсіріп отырған. Қытайдағы қазақтардың егіншілік өндіріспен айналысуына келсек, кейінгі жылдары олардың ата-бабасынан жер емшегін еміп өскен қытай ұлтынан көп нәрселер үйренгені жасырын емес. 1966 жылдан 1976 жылға дейінгі он жылдық былықпалықты есептемегенде 1978 жылдан кейін Қытайдағы егінші қауымның тіршілігі қайтадан жандана бастады. 1984 жылға келгенде жерді жекелерге көтереге беру, жоспарлы шаруашылық, өнімді арттыру бағыты жер емшегін емушілерге жаңа серпін бағыштады. Қытай елінің жерге бағышталған саясатының мемлекет және жекеге тиімді екі саласы бар. Реформаның алғашқы жылдары (1984-1985 жылдары) жерді жекеге біржолата бермей, алған өнімнің мәлім пайызын үкіметке тапсыру түзімін атқарған еді, жекелер жер өнімінің қыр-сырын білгеннен кейін ғана жерді қысқа мерзімдік жалға беруді жолға қойды. Бірақ, қандай жағдайда да жер жекенің иелігіне түбегейлі өтпейді. Мейлі егістік, мейлі құрылыстық жерлердің бір ғана иесі – мемлекет саналады. Жерге өнім еккен жағдайда үкімет көктемгі егістіктен бұрын күзгі өнімді қалай жинап алу, оны қалай базарлаудың жоспарын күн ілгері ұсынып отырады. Әрі егіншілерге көктемде өсімсіз қарыз таратып, күзгі өнім жинаған кезде қайтару қолайлығын жаратып береді. Жоғарыдағы қолайлықтар егіншілердің белсенділігін арттырып, оларды сүйемелдеуге жағдай жаратқан. Сол пайдаланылған жерге жыл сайын салық тапсырады. Бұл мемлекеттің пайдасына шешілген. Сауда жасауға онша бой ұсынғысы келмейтін қазақтар жаппай базарға бет алды. Ұсақ дүкендер ашу, егін және малшаруашылық өнімдерін базарлаудан бастап Моңғолия және Қазақстан елдерімен сыртқы сауда жасауға дейін араласты. Бұл үрдіс Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті де кең қанат жайды. Қазақстан Республикасына Қытай жағынан тасымалданатын киім-кешек, ішпек-жемек, құрылыс материалдары, электр саймандары секілді әртүрлі заттардың 60 пайызы Қытай қазақтарының дәнекер болуымен кірді. Шынжаң қазақтарында қазақтың байырғы ою-өрнектерінің көп түрлері сақталған. Ол киіз үйдің ішіндегі барлық жиһаздарды әшекейлеумен ерекшеленеді. Сондай ою-өрнектердің алғашқы жинақталған түрі 1980 жылы Шынжаң халық баспасынан «Қазақтың ою-өрнектері» деген атпен арнайы кітап болып шығарылды.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.