Жұмат Шанин

Home » Рефераттар » Жұмат Шанин
Рефераттар Комментариев нет

Жұмат Шанин — қазақ театр өнерінің ұлы ұстазы, ұлттық өнеріміздің майталман марқасқасы. Режиссура деп аталатын жоталы мамандықтың мұзжарғышы. Біртуар талант болғанда да — тұлғалысы. Классик режиссеріміздің өмір жолын, өнер мұрасын ойына шолсақ, қашан да біз онымен бірге жүргендейміз, бірге ғұмыр кешкендейміз, етене сырласқандаймыз; жақын сұхбаттасқандаймыз. Суреткер жасампаздығы, дарын айбаты, санаткер сиқыры осы болса керек. Бұл шағын еңбекпен осынау алып тұлғаның арғы-бергісін түгесіп айтам деп тыраштану әбестік. Оның бір ғасырлық тойы тұсында, танымдық қана мәні бар, қа-лың көпшілікке берер акпараттық қауқары ғана жетерлікт пікір білдіре алсақ, ол да болса рухани өмірімізге қосылған қүйтақандай үлес деп біліңіз. Әр ұрпақ өз кезеңінен сөз қозғайды. Сол жауапты сынға қалай қол салуды білмей дағдарыңқырап жүргенде, профессор Рымғали Нұрғалиевтің қамшылап-ақ жібергені. «Әркім өз жүрегінен толғайды. Жұмағаңмен «тілдескенін» дұрыс деген… Қазақ драматургиясының зерттеушісі, ғалым, сыншының емеурінінде үлкен шындық жатыр еді. Ұлы режиссердің шығармашылығы жөнінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов сынды ғұлама перзенттеріміздің өздері жарыла пікір білдірген, сыр бөліскен. Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев, Асқар Тоқпанов, Есенкелді Жақыпов, Көбетай Нұрпейісов, Евгений Брусиловский, Николай Львов еңбектеріндегі ізденіс іздерінің санқилы екендігін айтып өту де — парыз. Солардың ішінде талант тағдыры жөнінде арнайы кітап жазып, драматург, режиссердің «Арқалық батырын» өмірге қайта енгізген Рымғали Нүрғалиевтің тынымсыз бейнетін, жүйелі ой өрнектерін айрықша атап өткен абзал. Бірде, Рымғалидың Мәдениет министрлігінде өткен жиында былайша деп ашына сөйлегені бар. Нұрғалиевтің сол сөздері қаз-қалпында стенограммадан алынып беріліп отыр. «Өтірік айтсам, өзім кінәлі болармын. Ұмытпасам, 1971 жылы бір жиналыс болды, енді айта берсе қызық көп. Жаңылмасам, сол Плотников қой деймін, Орталық комитетте бір төре болды. Сол кезде Жұмекең Шанинге байланысты бір әңгіме айтылып кетті. Сол кезде біреу ол туралы «Правда» жазып еді, «Известия» жазып еді дегенде әлгінің көзі бақырайып: «ондай адамды біз неге білмейміз, оның мерейтойын неге өткізбейміз, ол қаншаға келуі керек» деп сұрады. Ол 1972 жылы сексенге келеді дедім. «Осы айтқандарың рас болса, ертең қағазға түсіріп Орталық Комитетке алып кел» — деді. Сол уақытқа дейін Орталық Комитеттің есігін де, тесігін де білмейді екем. Әйтеуір кірдім. Жиенбек Рсалдин деген кісі қарсы алды. Сол жаңағы Плотников деген ұлықтың күш-әсерімен, Жиенбектің ықпал-ықыласымен тұңғыш рет қазақтың өмір, өнер тарихындағы алғашқы режиссерінің, профессионал режиссерінің, Асекең Тоқпановтың ұстазы, Асекеңнен бұрынғы режиссердің сексен жылдығы, сол жаңағы Плотников деген бастықтың «Правда», «Известия» газеттеріне шықты деген тұжырымынан кейін Шаниннің мерейтойы сол жылы тойланып, Шымкенттің театрына сол жылы Жұмекеңнің есімі берілді. Бұрын Жұмат Шаниннің шығармалары шықпай тұрған кезде талай режиссер келіп: «Маған тексіп беріңізші, қояйын деп едім» дейтін. Міне, өтірік айтсам мына кісі менің жанымды шығарсын. Сол Арқалық батырдың тексін берші, мен қояйын деп мына Асекең Тоқпанов айтты. Сол Жұматтың кітабы шыққалы 5 жыл болды, Жұмат Шаниннің бір томдық кітабы шықты деген бір ауыз сезді қазақтың бір режиссері, не бір драматургі, не бір сыншысы айтқан жоқ. Маған түкке де керегі жоқ оның. 15-20 жыл жүгірдім, жаңағы кітабын шығардым, «Әй, Жұматтың кітабы шықты, осының ішінде «Арқалық батыры» бар, басқасы бар, мынадай режиссерлік ойлары бар» деп мына Есмұхан Обаев жазса жаза алады, Құсейін Теміров жазса жаза алады, Қадыр Жетпісбаев жазам десе жаза алады, Жұматтың барлық мақалалары қамтылған соны режиссерлік жүйесін, ойын, басқасын былай екен деп жазуына болады ғой. Ешкім де жазған жоқ», Палуан мен палуанның ғана күреске түсетіні секілді, талантты талант қана ұғатыны әу бастан басы ашық нәрсе. Жұмат Шанин әлеміндегі әсемдікті ел жүрегіне, халық құлағына жеткізудегі әр ұрпақ өкілдерінің әрбір талпынысы — рухани дүниеміздің, мәдени мұрамыздың толыға түсуі. Алдыңғының аты — алдыңғы, олар әманда ақиқатқа біршама жақын тұрмақ. Өйткені, олардың өмір сүрген кезеңдері қарайлас. Демек, көзін көріп қалған, көрмесе де қасында жүргендерді көбірек біліп қалған. Естігендері, ескергендері, еске түсірерлері мол. Олай болса, не дерсің, тұқшындайсың, тырбанасың, тарихқа ден қоясың, талант тағдырына тереңдей түскің келеді. Өз жаныңнан жарып шыққан, жарылып шыққан өзіңе, тек қана өзіңе ғана тән (мейлі жарықшақ-ақ болсын), еркін де табиғи дауыспен, руханиятты інілік үнмен қайранағалар рухын іздеп айғай салғың келеді. Бәлкім, ұрпақтар жалғастығы, дәстүрлер дамуы деген осы шығар? Мүмкін шын сағыныш, шынайы сүйіспеншілік сезімі деген осы болар? Алдыңғы толқын аға режиссер, сахна өнерінің профессоры марқүм Асқар Тоқпановтың мазасыз пішіні бір сәт жайлап жадына оралады. Абай атындағы мемлекеттік ұстаздық оқу орнында тып-тыныш оқып жүрген балаң жігітті режиссураға икемдеп, сонау Мәскеудегі театр оқуына бағыттап жіберген Жұмат Шанин екендігін кәдуілгі Асқар ағаның өз аузынан естідім. Қазақ режиссурасының болашағын ту сол, отызыншы жылдары ойлаған көреген кісіні қазақ сахнасының ұлы ұстазы емес еді деуге не шара?

Жұмат Шанин ұлттық сахна өнері қайраткерлерінің аға буынының өкілі еді. Ол композиторларға тән, ұзын шаш қоятын, Чаплинше мұрт қоятын. Ол — қазақтың профессионал режиссері болды. Қазақ драма театрынан ол музыкалық театрға ауысты, мұнда оны Құрманбек Жандарбеков пен Қанабек Байсейітов «мүйіздейтін». Ал Шанин өз білгенін істей берді. Репетицияда ол солистер қайда тұруға, хор қалай тұруға тиіс дегендерді шама-шарқынша жүйелеп-ақ көрсетіп беріп жүретін. Жұмат Шанин момын және кішіпейіл кісі еді. Театрда билігі жүріп тұрған кісіге мұнда қызығарлық нәрсе де, төтеп берер сынақ та жетіп жатады. Мұнда өзіңе тікелей тәуелді қыз-қырқын да, өзіңе тетелес әріптестердің икемдеп қоятын шарап шөлмектері де, ешбір қағазда жазылып көрсетілмейтін, ресми емес, материалдық түсім-пайдалар және басқа қилы-қилы нәрселер бар. Дегенмен Шанин мектебі, Шанин дәрісі, Шанин дәстүрі — ұлағатты байлық. Ұстаз қалдырған таза тағылым, талай ұрпақтың рухани қажетіне жарары дәлелдеуді керек етпейтін бұлжымас ұстаным, қасиетті қағида.

Иә, ол ұлы ұстаз! Ұлттық театрларының уығын қадап, (музыкалы театрың тағы бар) шаңырағын көтерсе, мына жағы Омбы, мына жағы Семей, Қарқаралы шаһарларының рухани деңгейін түзеуге күш салысса көркем-өнерпаздық қалыптан кәсіби ұжымдар дәрежесіндегі өнер отауларының қалыптасуына басшылық етсе, есебі ұшы-қиырсыз шалқая жатқан ен далаңда шашырап жатқан ән-күйіңді жинап кеп енер атты қауызға сидырып жіберген кісіні ұстаз емес еді деуге не дәлел! Қоянды жәрмеңкесіндегі дүбірлі думаннан шыға сала актерің болды. «Ес-аймақ» үйірмесінен жеке суырылып келіп, қазақ жұрты үшін таңсық мамандық режиссура саласының көш басында дара түрды. Ол ұстаздық ісі демесе немене еді! Қазақ сахна өнерінің келелі мәселелерін сөз етер әлі күнге дейін көркемдік мазмұнын жоймаған ойлы мақалалардың авторын еске түсіріңіз, Театр қай заманда да репертуарға зәру екендігі белгілі. Ол кемшінді де көре қойған ұлы ағаның зерек көзі тым-ақ өткір екен. «Торсықбай», «Арқалық батыр», «Баян батыр», «Өлімнен үмітке», пьесалары ұлттық сахна өнеріміздің өсіп-өрбіп, қанат жайып қалыптасуына аз септігін тигізбегені көпке аян. Нотаға ән түсіріл, саз өнерін қалыптастыру да осынау әмбебап кісінің үлесіне тиген. Директорлық, көркемдік жетекшілік міндет атқару да аз жүк емес екендігін ескерсек, өзінің кысқа ғана саналы өмірінде осыншама тірлікті қалай зерек атқарған?

 

LEAVE A COMMENT

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.