Жүсіпбек Аймауытов өмірбаяны

Главная » Рефераттар » Жүсіпбек Аймауытов өмірбаяны

jusipbek-aimauytovЖүсіпбек Аймауытов — XX ғасыр басында алмасқан қоғамдық құрылыстар мен жіктелеген екі дәуірдің шекарасында өмір сүріп, сол бір аласапыран заманның шындығын әдебиет тілінде үлкен суреткерлікпен бейнелеген қаламгердің бірі. Ол қазақ халқының отаршылдық пен ішкі ауқатты топтың екі жақты езгісіне қарсы тәуелсіздік үшін күрес идеясымен сусыңдап, әдеби шығармашылығын төңкеріс тұсында бастады да, оны 20-жылдары айрықша дамытып жетілдірді. Ақын, драматург, прозашы, публицист, сыншы, аудармашы Жүсіпбек бұл кезде әдебиеттің көптеген жанрларында өнімді жұмыс істей жүріп, осы жанрлардың ұлттық әдебиетімізде орнығуына, шеберлік жағынан жетілуіне аса зор еңбек сіңірді. Қоғамдық дамудың бағыт-бағдары мен заманның қайшылықты сипаты жайлы кең толғанып жазды. Сөйтіп, ол азаттық, бостандық ұраны астында туған жаңа әдебиеттің көш бастаушыларының легінде болды.
Жүсіпбектің өміріне қатысты деректер де көп сақталмаған. Қазіргі бізге белгілі м2ліметтер жазушының 1928 жылы Смағұл Садуақасовтың сұрақтарына берген жауабынан алынып жүр. Смағұлдың кейбір жазушылардың өмірі мен шығармашылығы жайлы жинаған анкетасы М.Әуезовтің архивінде сақталып, кейін Жүсіпбек ақталғаннан кейін ғана жарық көрді (Қазақ әдебиеті, 1988. — 23 декабрь). Одан кейінгі бір қатар мәлімет С.Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932) кітабында келтірілген. Жазушы өміріне қатысты бұлардан басқа арқа сүйер деректер жоқтың қасы. Кейінгі жылдары Жүсіпбек ақталғаннан кейінгі жиналған мәліметтер арасында да оның өмірбаянын толықтыратын деректер көп емес. Жазушыны білетін адамдар да, жақын туыстары да бүгін аз қалған. Жас қалған балаларының белгілі жайларға қосары шамалы. Дегенмен бұрынғы мәліметтер, соңғы деректер, архив жаңалықтары, бірен-саран жазушыны білетін адамдардың естеліктері негізінде қазір Жүсіпбектің өмірі жайлы ұғым-түсініктің өрісі бірсыпыра кеңейіп қалды. Жүсіпбектің туып-өскен жері — қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Жазушы өзі: «Қызылтаудың бауырындағы Қараның адыры деген жерде Дәндебай ауылында тусам керек. Руым — Сүйіндік, оның ішіңде Күлік. Айдабол, Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт — Айдаболдан. Екеуіміз сегізінші атадан қосыламыз. Мәшһүр-Жүсіппен жетінші атадан қосыламыз» — дейді. Бұл жер бұрын Семей губерниясы, Павлодар уезі, Қызылтау болысының бірінші ауылы саналған. Қазір онда жазушы атында ауыл (бұрынғы «Қызылтау» совхозы) бар. Жүсіпбек осы жерде 1889 жылы (өз айтуы бойынша сиыр жылы) туған. Жүсіпбектің әкесі Аймауыт (жергілікті адамдардың айтуына қарағанда, шын аты — Оймауыт) бес ағайынды болған. Дәндебайдың бәйбішесінен Аймауыт пен Иса, тоқалынан Оспан, Абайылда, Әбдраман туған. Бәйбіше балалары кедей, тоқал балалары ауқатты болған. Оның үстіне Оспан орысша оқып, фельдшер мамандығын алған әуелде мал дәрігері, кейін тілмаш, болыс болған адам. «Исаның балалары Оспанның жылқысын бақты. Біз (Аймауыт балалары) тоқал тұқымының уақ балаларын оқытып, кебеже, шкафтарын істеп, апаларымыз алаша, бауларын тоқып, орамалда-рын, жастық тыстарын кестелеп, керегіне жарадық», — дейді Жүсіпбек. Кедейліктің, жоқшылықтың зардабын тартқан Аймауыт балаларын «мал табуға» дайындаған. Ол оқу-білім қууды, қолөнер кэсібіне үйренуді «мал табудың» негізгі жолы деп ұққан. 15 жасқа дейінгі өмірін Жүсіпбек ауыл молдасынан оқуға арнайды. Әуелі Жүніс қожадан, содан кейін Шәймерден қожадан, Қожахмет молдадан, Қапар қажыдан, Мұхамеджан деген кісіден сабақ алып, жалпы саны 5-6 жыл ішінде ескіше едәуір білімін көтереді. Содан кейін аз уақыт өзі молдалық құрып, бала оқытады. «Қартқожа» романындағы бала молда бейнесінде жазушы өз өмірінің осы тұсын суреттеген. Өстіп жүргенде Баянауылда орыс мектебі ашылып, Жүсіпбек 1907 жылдан бастап сонда барып оқиды. «Оспанның Серебрянников дейтін тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жаттым. Баяңда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық (сельхоз) школіне барып, емтихан ұстадым», -дейді ол. Бірақ ауыл шаруашылық мектебінде ұзақ оқи алмайды. Бір айдай ауыл шаруашылық жұмысына қатысып, одан кейін екі ай ғана окуға мүмкіңдік алған Жүсіпбек мектеп режимі мен әділетсіздікке қарсы бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады. Осыдан кейінгі біраз уақытын ол ауылда бала оқытумен өткізеді. Баяндағы мектептің үшінші класыңда оқуын жалғастырады. Содан 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс-қазақ мектебіне орналасады. Әуелі сол мектепте, кейін интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мүғалімдер семинариясына түсіп, оны 1919 жылы бітіреді. Семинарияда Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады, бірге окиды. Кедей семьяда туып-өсіп, жоқшылық астында үзіп-жұлып оқыған Жүсіпбектің есейген шағында білім алуы да оңайға түспеген. «Үйінен келетін көмек жоқ, өз еңбегімен күн көретін, — дейді оның бірге оқыған бір замандасы. — Қалада тұратын ауқатты адамдардың малын күтетін, қорасын тазалайтын, суын әкеліп, отын жағатын. Оған ол намыстанбайтын да, ерінбейтін де. Қолынан келмейтін өнері жоқ оқушы болды. Ағаштан түйін түйетін шебер еді десе, бір өтірігі жоқ. Біз сияқты жаз елге бармайтын. Қалада қалып қазақтың екі аяқты ағаш арбасын, киіз сүйегін (уық, кереге, шаңырақ) жасайтын, ер шабатын, домбыра жасайтын, етік тігетін. Өзі домбыра тартып ән салатын, ойынан өлең шығаратын, ол өзі шығарған өлеңді әнге қосатын». Жоқшылық қолын байлап, есейіп барып, қиыншылықпен оқыған Қартқожаның бейнесінде де Жүсіпбектің өз өмірінің көп фактылары қамтылған. Жүсіпбектің шығармашылықпен әуестенуі Семейде оқып жүрген кезінен басталады. Ол кезде жас қаламгер өлеңдер, газетке арнап шағын мақалалар, көркем өнер үйірмелеріне бір актылы пьесалар жазумен шұғылданады. Оның Алашордашылар ісіне тілектестік білдіруі, «Абай» атты журнал шығарысып, «Сарыарқа» газетімен қызметтес болуы да семинариядағы оқыған жылдарымен тұстас келеді. Осы басылымдар бетінде ол алғашқы әдеби туындыларын жариялайды. Жүсіпбектің өз айтуынша, оның туып өскен ортасы өнерге жақын болған. Оның болашақ жазушыға әсері де мол болған түрі бар. «Ақат ағам екеуміз де әрі молда, әрі етікші, ағашшы, әрі шимайшы, әрі домбырашы, әнші болып өстік. Әкем домбыра тартушы еді. Ақатты бес жасынан алдына алып отырып, домбыра тартып үйреткен еді. Бізден үлкен домбыра тартушы еді, хат танушы еді. Бізге өлең, ән үйреткен екі апамыз еді. Қадыкеш деген үлкен апамыз өлең де шығарушы еді, ұзатылған қыз жолдастарына шығарған өлеңдерін ұрлап алып оқи беруші едік. Байы өлген қатындарға шешем (Батима) жыр шығарып, үйретіп отырғанын жас кезімде құлағым шалушы еді», — дейді ол С. Садуақасовтың сұрақтарына берген жауабында. Осындай ортада Жүсіпбектің әдебиетке құмарлығы ерте оянады. Ол алғаш өлең жазуын 13 жастағы кезінен санайды. «Дұғалық жазатын кішкене қара шолақ кітапшама тіленші шалға есігін ашпаған бір кемпірді, кішкене байталға мінбеймін деп әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соңғы өлең жазғаным 19-20 жастар кезі болса керек. Бір бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерім ескі дәптерімде әлі сақтаулы: Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім — 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсатардың болыс болам деп, елге бір мәсте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазып едім. Бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды. Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды. 1916 жылы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш жазған 5 перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықпады», — деп жазды Жүсіпбек. Жүсіпбектің творчествоға беріле жұмыс істеуі төңкерістен кейін басталады. Бұл кезде жаңа өкіметтің қоғамдық қызметтеріне араласады. Семинарияны бітірген соң (1919-1920 жылдар) Семей Губерниялық Атқару комитетінің бөлім меңгерушісі, «Кедей таңы» атты газеттің редакторы болып істейді. 1920 жылы Коммунистік партияның қатарына кіреді (1922 жылы шығып қалған). Сол жылы күзде Қазақстан Советтерінің Құрылтай съезіне делегат боп қатысып, Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің мүшелігіне сайланады, Қазақ АССР Оқу халық комиссарының орынбасары болып тағайындалады. Алайда бұл жұмыста Жүсіпбек ұзақ істемеген. 1921 жылы кезекті демалысынан кейін Орынборға қайтпай, Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруға қалады, кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып ауысады. Сол кездегі саяси жағдайдың ауырлығы Жүсіпбектің басшы қызметтер атқаруына, бір жерде тұрақтап жұмыс істеуіне мүмкіндіктер бермеген. 1922 жылдан ол мұғалімдікке ауыскан. 1922-1923 жылдары Қарқаралыда қалалық мектепте, 1923-1924 жылдары Орынборда халық ағарту институтында, 1924-1925 жылдары Ташкент халық ағарту институтында, 1925-1926 жылдары Орынбор әскери мектебінде сабақ берген. Осы жылдардың ішіңде газет-журнал редакцияларыңда қосымша қызметтер атқарған, 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумында директор болған. 1929 жылы сол кездегі Қазақстан астанасы — Қызылордаға ауысып, «Еңбекші қазақ» газетіне қызмет істеуге барған. Бірақ кешікпей жалаға ұшырап, Қызылорда қаласында мамырдың 14 күні (1929) ұсталған. «Революцияға қарсы жасырын ұйымның мүшесі» деген айып тағылып, 1931 жылы 21 сәуірде атылған.
Жасынан өлең-сөзге кұмар Жүсіпбек шығармашылық жолын өлеңнен бастаған. 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде оның «Сарыарқаның сәлемі» деген өлеңі шығады. Сол жылы «Алаш» газетінде «Жазушыларға», «Отағасы», «Ұршық», «Ах-ха-ха-хау» атты өлеңдері жарық көреді. 1918 жылы «Абай» журналында «Көшу», «¥ран», «Әскер марсельезасы» жарияланады. Одан кейінгі жылдары «Жәмила» (1920), «Тұңғиық түпсіз аспанда», «Ленинге»(1924), «Қазақстанның 6 жасқа толған күніне арналған ұран-өлең» (1926) деген жырлары мен «Нұр күйі» (1929) атты поэмасы басылады.
Жүсіпбек өлеңдері жас ақынның өнерге деген алғашқы талабын, өмір сырын, оның қуанышы мен қиындығын өзінше танып бейнелеуге ұмтылысын көрсетеді. Ол ойды көркем суретке айналдыруға, лирикалық сезім күйін бейнелеп тануға тырысады. «Ұршық» өлеңіңде Жүсіпбек жіп иіруге арналған осы бір халықтық аспаптың зырылдаған жүтірісін бейнелей отырып, оны иіріп отырған кемпірдің монологы арқылы әлеуметтік мәселелерге ауысады. Кемпірдің жалғыз баласы алыста, жолда. Анасы соның аман оралуын тілейді, соған жаңа шекпен тігер жіп иіріп қоюды армандайды, бірақ кедей тұрмыс («Кәрі шешең сықсиып, толтыра алмай ұршығын, отыр жылап бүкшиіп, көзінің сүртіп былшығын») қарысып, ісі өнбейді. Кемпірдің баласының қайда екенін ашық айтпайды, бірақ: Жеңіліп қашан жаман жау, Мереке болар, Құдайым. Жалғызым қайтып есен-ау, Қашан туар күн, айым — дегеніне қарап, солдатқа алынған болар (сірә, 1916 жыл болар) деп ойлайсың. Өлеңнің:
Қыршаңқы, ақсақ, соқырдың Көтерілді базары, Жырық пен пұшық, қотырдың Биыл кірді ажары, — деген жолдар да оны анықтай түседі. Мұндай кем-кетік адамдардың солдатқа алынбағанын ескерсек, кемпір баласының майданның қара жұмысында жүргенін түсінуге болады. Өлең ұршықтың фонында асырап отырған жалғызынан айырылған кедей кемпір тұрмысын әлеуметтік тұрғыда тәп-тәуір суреттей алған. Құбылысты сурет арқылы тануға ұмтылые жас ақынның өлең өнерінің сырын, мақсатын дұрыс түсінгенін байқатады. Мысалы, ол «Көшу» өлеңінде ескі ауылдағы көшу суреттерін тұрмыстық детальдар арқылы жасайды. Өлендегі сөз саптау, бейнелеу, сурет көштің динамикалы тіршілігін ашуға жұмсалады. «Үй жыққан, жүтін түйген, қомын артқан» — бәрі де адамдар әрекеті, көшу салтының компоненттері. «Ат қайда?», «Арбаға сал», «Қиратты-шулаған» дауыстар қимылға толы тіршіліктің үні. Осыған орай өленде диалог мол пайдаланылады.
— Желіні босатындар! Көген қайда?
— Бол жылдам, басын түр де, мынаны айда!
— Манадан атты ерттемей не ғып тұрсың?
— Ой, оның жолда қалад, мықтап байла.
(Сонда, 209-б.)
Өлеңде көшпелі елдің көшті салтанат тұтуы, көшу процесінің қозғалыстары, көш маңындағы адамдар айқын суретке түседі. Ақынның жіті көзі олардың ішінен әр қилы типтерді таниды. Көп жылқыдан ат тимей, «Ала шолақ өгіздің арбасына амалсыз жабысам-ау енді тағы», — деп тұрған кедей баласы, «Байтал мінген байпақсыз байқұс кедей», «Тәлімшіл желек киген келіншектер» — бәрі де көш суретін нақтылай түседі. Қазақ көшінің өзіндік бір ерекшелігін ақын «Ән салғыш баяшая дөңгелектерден» таниды. Әндері қосылмайтын берекесіз үнге құлақ тосып тұрған жұрт көңілінде жүдеушілік бар. Мұның негізінде көшуі қажеттіктен туған, соны салтанат тұтқан, қызық көрген елдің көшке керек жабдыққа (дәлірек айтқанда, техникаға) зәрулігі көрінеді. Көшті қоңыраулатып жүретін аумалы жүк артатын салттың біртіндеп қалып бара жатқанын еске салып, ақын «Құрсаулы қарамайлы дөңгелектерге» қарап қалған топты көреді. Мұның бәрі Жүсіпбектің суреткерлігінде халық тұрмысының детальдарына көңіл аудару басымдығын байқатады. Бұл оның кейінгі шығармаларында да мол танылады.
Жүсіпбектің поэзиялық шығармалары — сан жағынан көп болмағанымен, ақындық ізденістің өзіндік беті жағынан тың туыңдылар. Оларда мазмұнның жаңалығы сыртқы түр жаңалығымен байланысып жатады. Оның революциялық жырлары қазақ әдебиетінде ақынның өзі жанрлық формасын анықтағандай «¥ран-өлеңнің» жаңа үлгісін туғызды. Оларда тақпақтық, ұрандық интонация сақталады. Басқа халықтардың революциялық жырларын аудару үстінде ол бұл бастамасын орнықтыра түсті. Бұл өлендерде күрес рухы, оның көтеріңкі пафосы ақындық үннің романтикалық лептілігі арқылы уытты сөздермен бейнеленеді. Алайда Жүсіпбек мұрасынан қол үзіп қалғанымыз қазақ әдебиетінде мұндай өлең үлгісінің жеткілікті дамуына мүмкіндік бермеді. Тек соңғы жылдары ғана ақындарымыз ақ өлеңді жаңаша пайдаланудың жолдарын қарастыруда.
Жүсіпбектің сан салалы шығармашылық мүрасының салмақты жағының бірі — оның драматургиясы. Ол қазақ әдебиетінде төңкеріс қарсаңыңда ғана туа бастаған осы жанрдың данегізін салушьшардың қатарында аталады. Сонымен қатар Жүсіпбек — қазақтың ұлттық театр өнерінің де бастауында тұрған адам. Қазақ даласында алғашқы ойын-сауық үйірмелерін ұйымдастырып, оған өзі жазған пьесаларын өзі режиссерлік жасап сахнаға қоюшылардың алдыңғы легінде деЖүсіпбектің аты бар.Бұл жөнінде профессор Б.Құндақбаев өзінің «Жүсіпбек Аймауытов және театр өнері» атты мақаласында кеңінен қамтып айтқан. Ол ұлттық сахна өнерінің алғашқы үлгілері жайлы материалдар жинау үстінде Семейде Аймауытовтың қатысуымен қойылған спектакльдер тарихымен танысқанда, «оның тәй-тәй басып дүниеге келуі Жүсіпбек Аймауытов есімімен тығыз байланысты болып шықты», — деп жазады.
Жүсіпбектің драмалық шығармалар жазуына да оның өнер сүйгіштігі айрықша әсер еткен. Ол жасынан ел ішіндегі ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, жақсы ән салған. Осы табиғи өнерін Жүсіпбек оқып жүрген кездерінде жалғастырып дамыта түскен. Семейде ол драмалық, сахналық кештерге қатысып, ұлттық мәдени ойын-сауықтың ұйытқысы болған. Ол 1914 жылы Абайдың қайтыс болуының онжылдығына арналған кешке қатысқан. 1915 жылы сол қалада «Біржан мен Сара» спектакілін сахнаға лайықтап қойып, онда Біржанның рөлін ойнаған. 20-жылдардың бас кезінде Семейде «Ес-Аймақ» атты театр группасы ұйымдасқанда да Жүсіпбек соның басы-қасында болып, спектакльдер қойған. 1922 жылы «Еңлік — Кебектің» қайта жазылған нұсқасы да сол кісінің қоюымен сахнаға шыққан. 1925 жылы қазақ автономиялық республикасының бес жылдығына арнап ол Қызылордада өзінің «Ел қорғаны» пьесасын сахнаға шығарған. 1926 жылы тұңғыш қазақ театры ашылып, соған елге таныс халық таланттарын шақырғанда солардың ішінде Ж. Аймауытовтың да есімі болған (Еңбекші қазақ, 16-январь. — 1926). Бірақ ол Шымкентте педагогикалық техникумға директор болуына байланысты келісім бермепті. Соған қарамастан Жүсіпбек театр ұйымдасқан түста Қызылордада болып, театр жұмысын жандандыруға араласқан, жаңа спектакльдер жасаған. Кейін сол театр сахнасында өзінің «Шернияз» атты пьесасын қойған. Жазушы өзі «1916 жылғы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым. Алғаш жазған 5 перделі пьесам (Нұрғали Құлжанов ұнатпаған соң) жарыққа шықпады, оған жалғас «Рабиға», «Жебір болыс» («Мансапқорлар»), «Қанапия — Шәрбану» 1916-1917 жылғы жазған пьесаларым, кейін түзетіп баспаға бердім» — дейді (Қазақ әдебиеті, 1988. — 23 декабрь). Бұл оның пьеса жазумен төңкерістен бұрын-ақ шүғылданғанын растайды. Ол кезде Жүсіпбек пьесалары қолжазба күйінде тарап, көркем өнер үйірмелерінде қойылған. «Қанапия — Шәрбану» пьесасының кітап болып шыққан нұсқасына (1926) жазған дәптерім жоғалып кетіп еді. Биыл кітапты қолыма түсіріп түзетіп жаздым. Ескі қолжазбасы қолында бар кісілерден ол күйіңде ойналмауын тілеймін» — деп ескерту жасағаны — бұған дәлел. 1917 жылы 17 декабрьде Семей жастарының ойын-сауық қешінде Жүсіпбектің өзі режиссерлық етіп сахнаға дайындаумен оның «Рабиға», «Ескі тәртіппен бала оқыту» атты пьесалары қойылған. Жиырмасыншы жылдар ішінде осы жанрдағы ізденісін жалғастырып, ол «Сылаң қыз» (1922), «Ел қорғаны» (1925), «Шернияз» (1926) сияқты пьесалар жазған. Бұрынғы пьесаларын жөндеп бастырған («Мансапқорлар» (1922), «Рабиға» (1926), «Қанапия — Шәрбану» (1925). Жүсіпбек пьесалары, негізінен, өз дәуірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтеруге, оларды сахна арқылы бейнелеп көрсетуге арналады. Ол феодалдық-патриархалдық салтты, мешеулікті шенейді, елді оқуға, өнер-білімге, қараңғылықтан шығуға үңдейді. Әйелдердің бас бостандығын, халықтың азаттығын, теңдігін қорғайды.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.