Жалпықазақстандық мәдениеттің мәні мен мазмұны

Главная » Рефераттар » Жалпықазақстандық мәдениеттің мәні мен мазмұны

Қазақ мәдениетінің тарихы, оның рухани болмысы, бүгінгі мәдени ахуалдағы қарама-қайшылықтар және оның болашағы қай кезде болмасын қоғам назарынан тыс қалмады. Ұлттық мәдениетімізді танып, білуге, оны бағалауға қазақтың біртуар тұлғалары – Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев қалдырған ой-пікірлер тұжырымдамалық негіз болса, М. Әуезов, Е. Бекмаханов, М. Ғабдуллин, С. Қасқабасов, Ә. Марғұлан, Б. Қазыханова, Б. Байжігітов, Н. Сәрсенбаев және т.б. ғалымдардың еңбектерінде одан әрі дамытылды. Сан ғасырлар бойы ұлттық болмысымызға ықпал еткен отаршылдық пен тоталитарлық саясат мәдени мешеулікке алып келді.

Өткен ғасырларда өмір сүрген даналарымыз өз еңбектерінде халықты рухани-адамгершілікке бағдарлаған. Әл-Фараби замандастарына «қайырымды, ізгілікті қаланың» қажеттілігін айтса, Жүсіп Баласағұн қоғамда әрбір адамның әділетті болуын көксеген, Абай қазақ баласына «Адам бол!» деп нақты кеңесін берді, ал дана Шәкәрім әлеуметтік болмыстың, адам өмірінің түп қазығы ар- ұятта, ұжданда деп білген. Осылардың барлығы түптеп келгенде еркіндікті сүйетін, еркін ойлайтын тұлға қалыптастыруға саяды. Қазақ халқының мәдениетін осы сипаттары ерекшелеп, еліміздің әлемдік кеңістіктегі орнын анықтап отыр.

Тәуелсіздік алғаннан бері уақыт аралығында қазақ халқының қоғамдық санасындағы түбегейлі өзгерістер тағдыр тәлкегімен ұмытыла бастаған ұлттық салт-дәстүрлерімізді және төл мәдениетімізді жаңғыртты. Еліміздің алдында мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуы тиіс жаңа міндеттер тұр: ұлттық мәдениет негізін құрайтын құндылықтарды қайтару; ұлттық тіл мен дәстүрді қайта жаңғырту; тарихи шындықты қалпына келтіру; тарихи сананы қалыптастыру арқылы мәңгүрттік жағдайдан арылу; қазақ халқының асыл мұрасын барша халық, әсіресе еліміздің ертеңі – жас ұрпақ меңгеру және т.б. Осы міндеттерді шешу арқылы бәсекелестікке төтеп бере алатын, ұлттық намысы мен жігері бар, ұлттық құндылықтарға бай қазақ мәдениетін барша жұртшылыққа таныта аламыз.

.

Қазақстан бүгінгі таңда қарама-қайшылыққа толы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, осы кезең үшін рухани-адамгершілік бағдарлардың жұтаңдануы тән. Осы келеңсіз жағдайдан арылу үшін бала тәрбиесінде ұлттық рухани- мәдени мұраларды игерту қажет. Ал, жаһандану үдерістерімен келген тұтынушылық психологиясы мен дарашылдық, өзімшілдік қасиеттер қазіргі жастардың санасын улайтыны анық. Сол себепті, қоғамда кісілік, ізгілік, қайырымдылық, құт, береке, төзімділік сияқты осыған дейін бәрінен жоғары тұрған құндылықтар өзгеріске ұшырауда.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан мәдениетінің алдында мемлекеттік дамудың 3 бағыты тұрды: Кеңестік заман мәдени саясаты бағытын жалғастыру. Мәдени дамудың қазақстандық жаңа үлгісін қалыптастыру. Мәдени дамудың батыстық үлгісін қабылдау.

Бастапқыда Қазақстанда осы үш бағыт қатар жүрді. Ұлттың өткен тарихы мен дәстүрлі рухани дүниетанымдық тұғырларын қалпына келтіруге ұмтылушылықпен қатар қазіргі заманға сай озық батыстық өркениеттік құндылықтар мен жаңашылдықтар жөн-жосықсыз қабылданды. Кейінірек қоғамда осы үшеуіне ортақ белгілері бар мәдениет үлгісі қалыптаса бастады. Оған Қазақстандағы көпұлттылық өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Ал, дәстүрлі еуроцентрлік көзқарас ұлттың рухани құндылықтарының жұтаңдануына жеткізді.

Сондықтан да бүгінгі күннің басты міндеті ұлттық дәстүрді заман талабына сай өзгерте отырып, жаңартуды жүзеге асыру болып отыр. Қазіргі таңда республикада болып жатқан оқиғалар ұлттық-саяси өзіндік сананың, рухани мәдениеттің, ана тілінің және т.б. жаңарып жатқанын дәлелдеп отыр. Мысалы, қазақ халқының кезінде ұмыт болған ұлттық салт-дәстүрлері, әдет- ғұрыптары қазір ұлттық моральдық-адамгершілік құндылықтар ретінде қабылдануда. Ұмыт болған құндылықтарымыз оралды, тіліміз бен ділімізді сақтап қала алдық [4].

Өзінің мәдениетін, тарихи даму жолын түсіну, өзінің әлеуеттік қабілеттері мен шынайы қызығушылықтарын уақыттың тарихи-саяси мәнмәтінінде сезіну қазақстандықтардың ұлттық-саяси өзіндік санасының басты компонентін құрайды. Нәтижесінде әр тұлғада ұлттық құндылықтар мен құндылықты бағдарлар туындайды. Этникалық мәдениетті зерттеуші ғалымдар оған әрбір ұлттың тыныс-тіршілігіндегі ерекшеліктерді сақтаушы негіз, бастау деп сипаттама бере отыра, оны ұмытқан, немесе жоғалтқан халық өз келбетінен, ерекшелігінен айырылары анық деп санаған.

Қазақстанның жаңа түсінігіндегі тұтастық түрлі ұлттар тағдырының әр алуандылығы мен өзара тәуелділігі ретінде қарастырылады, олардың дамуына жаңа серпін береді, ұлттық-саяси өзіндік санасының қалыптасуына және шынайы ұлттық құндылықтарды анықтауына жаңа түзетулер енгізеді.

Ұлттық-саяси өзіндік санада дәстүрлі ұлттық мәдениетті, сондай-ақ көне құндылықты түсініктерді жаңаша сезіну мен жаңарту осы өзгерістердің бастама негізі болып табылады. Сондықтан да ұлттық мәдениетті жаңарту қазіргі қоғам дамуындағы басты үрдіс болып есептеледі. Және жаңадан ұлттық мәдениет пен ана тілінің бірегейлігін сезіну қажеттіліктері пайда болады [5]. Осы мақсатта еліміздің білім беру ұйымдары білім алушыларда ұлттық рухты және ұлттық мәдениетті қалыптастыруда. Бұл істе тарихтағы ақ таңдақтарды, келеңсіз құбылыстарды жоққа шығармай, ұрпаққа мұра етіп қалдырған халықтың бай мәдени мұрасын игеру үшін, келешекке қадам жасау үшін өткенді саналы түрде саралап, талдауды қажет етеді.

 

Әрбір ұлттың ұлттық-саяси өзіндік санасындағы жетістік, қоғамдық өмірдің қай саласында болмасын, көп жағдайда бір ұлттың басқа ұлттан үстемдігінің көрсеткіші ретінде емес, өз ұлтының қазақстандық, адамдық өркениет процесіне қосқан үлесі ретінде қарастырылады. Қазақ жерін мекен етіп отырған қандай да бір ұлттың мәдениеті ескерілмеген жағдайда заманауи Қазақстан толық болмайды. Сол сияқты, халықтардың өткен тарихын ерекше құндылық ретінде жаңаша түсіндіру маңызды. Әрине, өткенді ұмытуға болмайды. Тарихта қателіктер мен қылмыстар, мәдени ескерткіштерді қирату сияқты орны толмас олқылықтар болды. Сол себепті де пайдалы іс- тәжірибемен қатар, келеңсіздері де болды, бұл – жеңістің ғана емес, жеңілістің де үлгілері еді. Қалай болғанда да бұлардың қай қайсысы болмасын – құндылықтар. Басқаша айтқанда, өткеннің еншісінде қалғанның барлығы да белгілі бір дәрежеде құндылық сипатқа ие болады.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, зайырлы, унитарлық, ұлттық мемлекет құрамыз деген тұста жалпықазақстандық мәдениетіміз қандай болуы керек деген сауал туындап отырғаны заңды. Үш ғасырлық бодандық пен жетпіс жылдан астам уақыт қызыл кеңестік саясат кезінде жоғалтқан қазақы салт- дәстүр, әдет-ғұрып, әдеп пен иман секілді тектілік қасиеттерімізді жаңғырта дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Нағыз Қазақ болудың, Мәңгілік Қазақ елі болудың алғы шарты міне осылар.

Тарихтағы «жаңа кезең» деп саналатын кезеңде белгілі бір саяси құрылыстар ғана емес, күллі қоғамдық тіршілік тұтастай түгел өзгеріске ұшырайды. Қазақстан бүгінгі таңда жаңару кезеңін басынан өткеруде. Ол ұлттық мемлекет идеясы – ұлттың дәстүрі мен салт-санасына, әдет-ғұрпына, мәдениетін өзіндік өзгерістер әкеледі. Ұлттық сана дегеніміздің өзі де әр адамның жеке азаматтық санасы сияқты, әр ұлттың өз тіршілігін өзі бағдарлауы, өзінің барар жерін, шығар биігін өзі белгілеуі, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуі деп түсінеміз. Осыған орай Ә. Кекілбаев айтқандай, «дәстүр- әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара- бар» — деген еді.

Ендеше, қолбайлау болатын жәйттерді жағдайға ыңғайлап жетілдіріп, немесе олардан арылып, жақсы қасиеті мен тәрбиелік мәні бар дәстүрімізді қайтадан жаңғыртып, жарқыратып аша түсу қажет. Біздің ұлттық салт-дәстүріміз бен психологиямызда тәуір қасиеттермен қатар аяққа тұсау болатын кемшіліктер де жеткілікті. Тарихқа көз салсақ, отызыншы жылдары тап жауларын құрту жолындағы күресте «шаш ал десе, бас алған» солақай саясаткерлер ұлт зиялыларын жау санады,  ата-бабадан  қалған  ұлттық  салт-сана,  мәдени  мұралар қызыл идеологияның құрбаны болды. Соның зардабын бүгінгі күнге дейін тартып келеміз: ана тілімізден айырылып қала жаздадық, ұлттық мұраларды жастарымыз мұражайдағы жәдігерлер арасынан көретін жағдайға жеттік, батысқа еліктеген бауырларымыз ана тілінде сөйлемек тұрмақ, «қазақпын» деп айтуға намыстанатын болды. Мәдениетті ұлттық салт-дәстүр мен әдет- ғұрыптан бөлек алып қарау, ол орны толмас қателікке ұрындырады.

Қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті кеңес дәуірі тұсында тоталитарлық режимнің қысымымен «мазмұны пролетарлық, түрі ұлттық социалистік мәдениет» деген ұранмен мәдени геноцидті бастан кешірді. Оның салдары ұлттық сананың маргиналдануына әкелді. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 90-жылдардың алғашқы жартысында халқымыздың ұлттық дәстүрлерін қайта жаңғырту барысында бұқаралық сипатта көптеген іс-шаралар атқарылды. Ал соңғы жылдарда нарықтық экономиканың өмірге терең енуі мен батыстық өркениеттің «жемісі» — бұқаралық мәдениеттің жаппай ықпалы мен тегеуріні дәстүрлі мәдениеттің дамуына барынша кері әсерін тигізуде.

Ұмыт қалған дәстүрлер мен ұлттық дүниетаным ғылыми тұрғыда зерттеле бастады. М. Әлімбай, М.С. Мұқанов, Х. Арғынбаев, С. Қасқабасов, К.Н. Меңлібаев, С.Ж. Наурызбева, А. Сейдімбек, А.С. Сырғақбаева, Н. Шаханова т.б. еңбектерінде дәстүр философиялық, мәдениеттанымдық тұрғыда жан- жақты қарастырылады. Қазақ ұлтының этностық ерекшелігін байыптаса, бұл халық – ұрпақ сабақтастығын сақтап, алысты жақындатып, аразды татуластыратын, ізетті келіннен таныған, татулықты абысыннан тапқан, дархандықты даласынан, даналыққа бабасынан, пәктікті баласынан алған халық.

Ұмыт болған дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз жаңғыртылып, наурыз, ораза айт, құрбан айт мерекелері жыл сайын тойлана бастады. Шындыққа шөліркеген халық тарихи ақтандақтардың беті ашылуына байланысты кезінде кеңестік идеологияның қысымымен бұрмаланған жәйттермен және есімдермен қайта қауышты. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ ұлтының асыл дүниесі – мәдени-рухани мұрасы қайта игеріле бастады. Қоғамның қазіргі таңда тәлім- тәрбие, үлгі өнегеге салт дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, діни салт жоралары осының барлығы Қазақстанның әр аймағында әртүрлі деңгейде аталып өтеді.

Ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлер жүйесін жаңғырту арқылы ғана кез- келген халық өзінің рухани мәдениеті мен өзіндік дүниетанымын қалыптастыра алады. Ата-бабадан қалған дәстүрге, мәдени мұра мен рухани құндылықтарға деген немқұрайлылық, ассимиляциялармен сипатталатын ұлттық трансформацияның келенсіз құбылыстарына әкеліп соқтырады. Ал мәдени мұраға деген ілтипаттық және оны байыту жалпы адамзаттық, әлемдік мәдениетке қосылған үлес болып табылады. Әлемдік өркениетке бірігу және өзіндік атсалысу осы ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, оны дамыту арқылы ғана жүзеге асады [7].

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің  аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қойып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» — деген болатын [3].

Сондықтан да егеменді ел болып, өз тіліміз бен дініміздің тізгіні өз қолымызға берілген кезде қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін, оның тұнып жатқан асылдарын жинақтап, өскелең ұрпаққа жеткізу – аға ұрпақ алдында тұрған үлкен міндет. Бүгінгі таңда, Қазақстан реформалау мен жаңару жолына түскен кезде, ұлт өз таңдауын жасау барысында түрлі құбылыстар мен қызығушылықтарға, сол сияқты қалыптасқан әлеуметтік-саяси, этникалық, ұлттық және өзге де таптаурындарға тап болуы мүмкін. Ол өткендегі түсініктерді шынайылық ретінде басшылыққа алуы және өзге ұлттар және халықтармен қайшылыққа түсуі ықтимал. Құндылықтарды және құндылықты бағдарлануды таңдаудағы қателіктер кей кезде басқа ұлттарға зиян келтіре отырып, ұлтты оқшаулауы тіпті дара биліктен айыруы мүмкін. Сондықтан, қоғамда келеңсіздіктер тудырмау үшін өз ұлттық мүдделер мен құндылықтарды анықтаудың басқа критерилерін анықтау керек.

Жалпықазақстандық құндылықтар дегеніміз Қазақстан халқының материалдық-мәдени, әлеуметтік-саяси жетістіктері, қазақстандықтардың, Қазақстандағы өзге де субъектілердің халықтар арасында бейбітшілік сақтау мен табиғатты қорғаудағы, ұлтаралық келісімді бекітудегі, жалпықазақстандық мақтаныш сезімі, сондай-ақ көпұлтты Қазақстанның дамуы үшін тиімді жағдайлар жасаудағы жалпыға ортақ принциптерін жүзеге асыру.

Сол себепті жалпықазақстандық құндылықтар өз бастауын ұлттық мүдделер мен қызығушылықтардан алады және олардың ұлттық құндылықтардан ерекшелігі – ол жеке бір халықтың ғана емес, қазақ жерін мекендейтін барлық халықтардың мүдделерін қорғайды. Бұл жалпықазақстандық құндылықтарды елдегі саяси-әлеуметтік құндылықтар жүйесінің жоғары деңгейі ретінде сипаттайды. Өскелең ұрпақ білім мен ұлттық тәрбие негіздерін өзінің ұлттық мектебінен алатыны сөзсіз. Ұлттық мектеп – ұлттық рухта тәрбие беретін орын. Өз ұлтын сүйе білу – ол Ұлтжандылық! Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары ел Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» бағдарламасында  көрсетілген:

«Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн». Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу [8]. Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:

  1. оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
  2. жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
  3. ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
  4. жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз (1-қосымша).

Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсінуінің маңызы зор болмақ. Өз халқына және өзінің туған жеріне деген сүйіспеншілігі өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жатуын мектеп қабырғасында үйрету – әр баланың ұлттық рухта қанаттануының негізі болмақ. Ұлттық рухты бойына сіңіре отырып, халықтың әдет-ғұрып, салт-санасының байлығын меңгеру барысында патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік қалыптасады. Бұл мақсатта білім беру органдарымен бір деңгейде отбасы институты да тұр.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, осында ер жетіп, тәрбие алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсерін өмірдегі еш нәрсемен салыстыруға болмайды. Өйткені ата-ананың балаға деген сүйіспеншілік пен махаббатқа толы тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын ашып тұр.

Отбасы мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасында бір- бірімен рухани жақындығы, оларды ортақ мақсат біріктіреді. Отбасы – бейне бір шағын мемлекет десек, әр мемлекеттің сыртқы және ішкі саясаты, ұстанатын рәміздері болатыны сияқты, әр отбасының да өзіне тән сипаты болады. Сондықтан қазақ халқы отбасының бірлігіне, тұтастығына көп көңіл бөлген, сыртқы ықпалдан қорғаған, отбасының ар-намысын бәрінен биік қойған. Ата-ана өз отбасын нығайта отырып, ұрпақтарын адалдыққа, отансүйгіштікке, кешірімділікке және толеранттылыққа тәрбиелеген. Ата-ана үшін балиғаттық жасқа толған балаларын үй болуға, өз шаңырағын көтеруге, яғни үлкен өмірге әзірлеуі өте жауапты міндет болып саналады. Жас отаудың түтіні түзу шығып, махаббат пен тату-тәттілік, береке-бірлігі жарасқан жылы ұяға айналуы, босағасы берік, болашағы нұрлы болуы көбіне-көп жас жұбайлардың үлкен үйде алған тәрбиесі, көрген өнегесіне байланысты.

Қазақ отбасында бала үлгі тұтар жандар – алдымен әке, содан кейін анасы десек, бұлар – балаларына үлгі-өнеге беретін өмірдегі отбасындағы ұстаздары. Сондықтан ата-ана баласына «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген бата беру арқылы ұрпағына жауапкершілік артады. Мейірімділік пен имандылық орнаған отбасында тәрбиеленген бала өмірде тіл алғыш, адал, тиянақты, ұқыпты болып өсері анық. Тәрбие басы әдептілік деп білген ата-ана баласына үлкенді сыйлауды, сыпайы болуды, ешкімді мұқатпауды  үйреткен. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы білім алуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Қазақ отбасы баланы қоғамның моральдық нормасын орындауға қатыстыру, олардың тәртіп және мінез құлық тәжірибесін қалыптастыру, Отанға, халқына, еңбек және қоғамдық іс-әрекетке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу арқылы адамгершілікке баулыды.

Отбасының ұйытқысы, берекесі – әйел. Әйелдің еріне, туған-туысына, бала-шағасына деген махаббаты, жан жылуы қамқорлығы қас-қабағынан, қимылынан, қарым-қатынасынан сезіліп тұруы тиіс. Балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Осы әрекетінің өтеуі – балаларының өзіне деген сүйіспеншілігінен көрінеді, отбасындағы беделін нығайтып, биіктете береді. Әр ата-ана балалары үшін отбасылық мәдениеттің үлгісі бола білуі тиіс. Олай болмаған кезде ата-ана отбасында өз беделдерін жоғалтуы мүмкін, бала-шағаның жүрегіне жаман әдеттің ұрығын егеді. Отбасы қоғамдағы ұсақ топ ретінде келесі қызметтерді іске асырады:

  1. репродуктивтік (бала табу арқылы қоғамды қалпына келтіру);
  2. экономикалық (өндіру және тұтыну);
  3. қорғаныс қызметі (отбасы мүшелерінің денсаулығына, материалдық игіліктермен қамтамасыз етуге, қауіп-қатерден қорғауға қамқорлық жасау);
  4. балаларды оқыту-тәрбиелеу;
  5. эмоциялық (ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сүюі);
  6. әлеуметтендіру қызметі (балаларды қоғамдық тәртіпке, мінез-құлыққа т.б. баулу).

Сондай-ақ, қазақ отбасында адам зиялылығының негізі – ақыл-ой тәрбиесі деп есептелінді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің шарты болатын білім қорымен қаруландыру, негізі ойлау операцияларын меңгерту, зиялылық біліктері мен дүниетанымын қалыптастыру міндеттері шешілді. Көп мәдениетті тұлғаға, ең алдымен, төл мәдениетін игеру шарт. Ол ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Адамзаттық құндылықтарға, әлемдік мәдениетке құштарланғанда табан тірер тұғыр − төл мәдениеттің, өзгелердің өркениетіне тәнті болғанда − мақтаныш ететінің де ұлттық рухани қазынаң. Ұлт мәдениетсіз өмір сүре алмайды. Мәдениет те ұлтсыз болмайды. Жойылып кеткісі келмеген қай ұлт болмасын ең алдымен мәдениетін сақтап, дамытып, туындатып отыруы керек. Төл мәдениетін қорғамайтын ұлт − ертеңін ойламайтын ұлт.

Мәдениеттің де басты қызметі − этносты қорғау, сақтап қалу. Себебі мәдениет − этностың қуат өрісі, панасы, бар болмысы, тыныс-тіршілігі. Айналып келгенде, этносты қанша көп болса да адамдар емес, мәдениет қана сақтай алады. Мәдениет арқылы халық өзінің тарихи тағдырынан тамырын үзбейді. Ұлттық мәдениет − этностық құндылықтар, рәміздер мен наным- сенімдердің, мінез- құлық үлгілерінің құр әшейін жиынтығы емес, сол ұлттың рухани өмірінің басқаларға ұқсамайтын кескін-келбеті. Мәдениетті болу үшін тілдік сана қажет. Ана тілін, мемлекеттік және шетел тілдерін білу ғана дүниенің бар құбылысын, бояуын, әуенін санаға құюға мүмкіндік береді. Тілдік сана негізінен әдебиет арқылы қалыптасады. Әуелі қазақ әдебиетін, сонымен қатар әлемдік әдебиетті білудің маңызы ерекше болмақ. Әлемдік әдебиет қазақ тіліне толық аударылып болмағаны белгілі. Ол қазынамен таныс болу үшін алдымен орыс тіліне жүгінетініміз сондықтан. Соңғы жылдары классикалық әдебиетті, дәуір қаламгерлерінің шоқтығы биік шығармаларын қазақ тілінде меңгеруімізге қажетті жағдайлар жеткілікті демегенмен, жасалып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша әлем әдебиетіндегі көркем шығармалардың жүзге жуық озық үлгілері қазақ тілінде жарыққа шықты. Егер әлем әдебиетімен таныс болу парасатты, мәдениетті, тәлімді адамды тәрбиелеуге ықпал етсе, қазақ әдебиетін білу мұның сыртында ұлтжандылық пен ұлттық мақтаныш сезімін асқақтататынын ұмытпауымыз керек.

Анасының әлдиімен айтылған бесік жыры – жас сәбидің құлағына шалынатын алғашқы әдеби нұсқа. Әжесі айтатын ертегі арқылы балдырған ауыз әдебиетінің үлгілерін санасына сіңіреді. Сол бесік жыры, сол ғажайып ертегі ұл-қызымызға қай тілде жетті, өз ұлтының қазынасы ма, мәселе осы арада. Ана тілінде бесік жырын естімей өскен адам этносының әдебиетіне де жете мән бермейді. Бесік жыры – ұлт әдебиетіне баспалдақ болса, ұлт әдебиеті — әлемдік әдебиетке бастар жол. Қазақтың кейінгі ұрпақтары бесік жырын ана тілінде естімей өскендіктен кезінде мәңгүрттікке ұрынды. Асанқайғыдан бастап, Сұлтанмахмұтпен аяқталатын бес ғасырлық жыр дастан дүлдүлдерінің туындыларын оқымай өскен ұрпақтың бойында ұлттық сезім кемшін түсіп жатты. Абайды әлемге енді танытып жатырмыз, ал өзіміз танып болдық па? Ендеше, тілдік сана зияткерлік пен мәдениеттіліктің бір белгісі екен.

Төл мәдениет иесі – тарихи сана белгілерін мол меңгерген адам. Айналып келгенде, тарихи сана – этностық және жалпы мемлекеттік сананың негізі. Ұлттық ой-сана, этностың мыңдаған жылдық аңыз-әфсанасы, бейне-белгілері, наным-сенімдері халықтың тарихын білу арқылы ғана ерекшеленеді. Туған жердің, онда өмір сүріп отырған халықтардың, бір кездегі жасаған мемлекеттердің шежіресін білу тарихи сабақтастықты, тамыр тереңдігін, талай жылдардан бері іргелес қоныстанған халықтар тағдырының ортақтастығын білдіреді.

Тарихты тану дәрежеміз бүған дейін қалай болғаны белгілі. Әлемдік тарих бізге мәдениеттердің өзара ықпалының, этносаралық байланыстардың тарихы, сәулет пен қолөнердің тарихы ретінде емес, қанды шайқастардың, мемлекеттер қақтығысының, таптар күресінің тарихы күйінде оқытылып келгені өкінішті. Бір ғана мысал, жүйелеп оқысақ, «Ұлы Жібек жолы» тарихының өзі бізге талай өркениеттерден мағлұмат берер еді. Осындай өркениеттердің ізі болып табылатын төл тарихымызды оқығанда ең алдымен мәдениет тарихына ерекше маңыз берілуі тиіс. Пән мәдениеттер тарихын, әлемдік және ұлттық философия, дәстүрлер мен әдет-ғүрыптар тарихын оқытудан бағытын жазбаса, рухани дамыған, сан қырлы мәдениетті меңгерген, әрі бағалай білетін адам-дарды тәрбиелеуге едәуір ықпал етпек.

Тарихи сананы қалыптастыру − тарихи танымның дұрыс қалыптасуына тәуелді. Ал тарихты тану, қазіргі деректерді білу ғана емес, сол тарихи окиғалар мен деректерді талдау арқылы ақиқатқа жету. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан тарихы әлі де болса толық танылмай жатыр десек, артық айтқандық болмаса керек. Бұған тарихты идеологияның құралына айналдырған кешегі кеңестік жүйенің негізгі себеп болғаны белгілі.

Қазақстанда діннің мемлекеттен жолы бөлек. Сондықтан мемлекеттік білім беру саласы діни сананы қалыптастыруды мақсат етпейді. Дегенмен, дін халық рухының, оның, мәдениетінің ажырамас бөлігі, әрі ұлттық сана-сезімді қалыптастырудың маңызды факторының бірі екенін естен шығармаған жөн. Діни құндылықтарды білмей, не бағаламай тұрып мәдениетті, зияткер, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісі толымды болмайды. Елімізде ислам дінінің имандылық-әдептілік, тәлім-тәрбиелік (мысалы, обал-сауап, адал-арам, т.б.) оң әсерінің күшеюі, әрине, қуантпай қоймайды. Ал енді әлемдік дін тарихын білу Қазақстанды мекен ететін көптеген халықтардың адамгершілік мүдде- мақсатының, рухани құлшыныстарының, әдептік-әсемдік талғам-талаптарының ортақтығын көрсетеді. Өзара түсіністік пен төзімділік мәдениетін құқықтық және имандылық тұрғыдан қамтамасыз ету, қоғамда әртүрлі діни сенімді ұстанушыларға байсалды көзқарас қалыптастыру, балалар мен жастардың бойында елімізге сырттан енуші этнодіни экстремизм мен түрлі радикалды ағымдарға қарсы әрекет ете алатын дағдылар қалыптастыру – маңызды міндет.

Көп мәдениет иесіне тән тағы бір ерекшелік – географиялық сана болуға тиіс. Шын мәнінде зияткер, мәдениетті адам болу үшін планеталық, ғаламдық, экологиялық саналар деңгейіне самғаумен бірге кіндік кескен жер, туған өлке, Отан,  өз  шаңырағын  қастерлеу  сезімімен  қатар  тыныстау  парыз. Халық «Жеріңнің аты – тарихтың хаты» деп тегін айтпаған. «Ұлытау», «Ордабасы», «Орбұлақ», «Оқжетпес» деген сөздерге селт етпейтін, оларды тек жер-су атаулары ретінде ғана қабылдайтын қазақты, тіпті ол Ниагара сарқырамасының биіктігін, Панама каналының ұзындығы мен енін, Оймяконның ең төменгі температурасын жатқа айтып тұрса да, қалай ғана мәдениет иесі дерсің? Жұмыр жердегі еліңнің, ел ортасындағы туған жеріңнің орнын, қасиетін, шежіресін білу – географиялық сана ұғымының негізі болмақ. Географиялық сана елтану, этнография, экология пәндері арқылы да дариды. Аталған пәндер этнос пен мәдениет проблемаларымен өрістес болғандықтан, мәдени-этностық оқыту мен тәлім-тәрбие ісінде ерекше маңызға ие. Бұл – ғылым мен білім берудің мәдениет экологиясы, имандылық экологиясы секілді жаңа бағыттары туралы әңгіменің басы ғана.

Зияткер, рухани әлемі бай адам ғаламдық экология мен Қазақстан экологиясын табиғи ұштастыруға бейімді. Әрбір отандасымызға туған жерді – ортақ үй, Қазақ елін ортақ Отан ретінде сезіну, атамекен мен ел табиғатын аялап, қызғыштай қорғау қасиеттерін дарыту мақсатында жаратылыстану ғылымдарын оқыту мәселесіне көңіл бөлу керек. Бұл пәндерден дәріс беруде елімізге қатысты құбылыстарға баса назар аударып, осы ғылым салаларын дамытудағы қазақстандық ғалымдардың үлесіне ерекше тоқталудың пайдасы айтарлықтай. Шынайы ұлтжандылық, халық үшін мақтаныш сезімдері осыдан туындайды. Төл мәдениет иесіне шынайы көркемдік сана тән. Ұшқыр қиял, нәзік сезім, әсемдікке құштарлық, әдемілікті бағалай білу, көркемдік талғам, өнер туындыларына тәнті болу қасиеттері адам өмірінің мәнін асқақтатады. Білім берудегі саз-әуен мен кескіндеме пәндері, күнделікті өмірдегі театр, кино, теледидар, компьютер мен көркем әдебиет осындай сананы қалыптастыруға қызмет етеді.

Көркемдік сананың ерекшелігі, ол көп жағдайда көркем шығармашылық, ізденіс кезінде үнемі қолданыс табады. Күй шерту, ән шырқау, өлең шығару, кескіндеу, оюлау, мүсіндеу үстінде адам өз халқының мәдениетіне қатыстылығын сезінеді. Сондықтан көркемдік сана мәдени-этностық білім беру мақсаттарына барынша сәйкес келеді.

Қазақстанда мұндай білім жүйесін қалыптастыру үшін этностық білім беру кеңістігі – этностық мәдениеттерді, ұлттық-мәдени қауымдастықтарды дамыту үшін қолайлы негіз, кең өріс қажет. Ол үздіксіз білім берудің қажетті шарты, әрі табиғи құрамы. Адам ғұмыр бойы осы кеңістіктің аясында жүреді. Оған талбесік, отбасы, балабақша, мектеп пен жоғарғы оқу орынын, этностық- мәдени орталық, дәстүрлі мерекелер, халықтық мерейтойларды жатқызуға болады. Қандай озық болмасын, ешқандай мәдениет адамға оның төл мәдениетін алмастыра алмайды. Қазақ мәдениеті – бірегей, қайталанбас, ғажайып құбылыс. Оның уызына жарымаған, тұнығына қанбаған қандасымыз – рухани жарымжан. Сонымен қатар, өз ұлтының парасатты, зияткер өкілі болу үшін адамға әлемдік мәдениетке деген кең көзқарас қажет екенін де естен шығармайық. Көне заманның, ежелгі Шығыстың, Қайта өрлеу дәуірінің өркениетінен, әлемдік мәдениет маржандарынан сүзілген жалпы адамзаттық құндылықтардан мағлұматы бар тұлға ғана өзінің, жан дүниесінде жұмыр жердегі мәдени бауырластықтық бәйтерегін жайқалта алады. Білім беру жүйесінің асыл мұраты осыған қол жеткізу болмақ. Ендеше білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды міндеттерінің бірі – өкілдері бәсекеге қабілетті білімді меңгерген, ой- өрісі дамыған ғана емес, жоғары азаматтық және адамгершілік ұстанымы, отансүйгіштік сезімі мен әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан зияткер ұлтты қалыптастыру болып табылады [9].

Қазіргі таңда оқушылар арасында өзінің ана тілін, ұлтының мәдениетін өзге ұлттардың, әсіресе батыс мәдениетінен төмен санаушылық, нашаға, темекі мен ішімдікке үйірлік, дөрекілік пен өктемдік, өзімшілдік, қатыгездік, т.б. қылмыстық әрекеттердің жиі кездесіп жатады. Ана сүтімен бойымызға дарыған ұлттық тәрбиенің құдыреті туралы аз айтылған жоқ. Және айтылып та келеді. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында туған ел мен жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр.

«Ұлттық тәрбие» атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген қазақтың біртуар азаматы М. Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлт тілінің рөлі төмендей бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады».

Ұлттық тәрбие мақсаты – ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық болып табылатын құндылықтардың үйлесімді дамып, көркейіп, жалпы адам заттың бүгіні мен келешегіне қызмет ету. Ұлттық тәрбие идеясы өмірлік қажеттіліктен туындап отыр, оны ата-бабалар алдындағы қарыз бен кейінгі ұрпақ алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Сондықтан мұнда мемлекет жасауға ұйытқы болып отырған этнос пен мемлекеттің мүддесі қатар тұруға тиіс. Өйткені, біз бұдан былайғы кезеңде бүкіл адамзат баласы жасаған өркениеттермен қатар дамуға тиіс мәдениеттің (қазақ мәдениетінің) мүшесі болып саналамыз. Ендеше, адамзат баласының осы уақытқа дейін жасаған озық тәжірибелері мен жетістіктерін қолдан келгенше түгел игеріп, қажетімізге пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, ағымдағы уақыттың талабы мен сұранысын қанағаттандырып отыру да ұлттық тәрбиедегі негізгі қағиданың біріне айналуға тиіс. Бұл үшін қазақ ұлтын қай тұрғыдан да жаңа дәрежеге, жаңа интеллектуалды сапаға көтере алу тиімді. Ұлттық тәрбие беруге бағытталған қазақ педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтары әлемдік педагогикамен тығыз байланысты. Мұнда тек ұлттық сана-сезім мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты тәрбие болмысының өзіндік сипаты болады. Әрбір заңдылықтардың арасында өзара мәнді байланыстар айқын көрінеді:

  1. қоғамның экономикалық деңгейі мен саяси даму деңгейі тұрғысынан мектеп пен педагогиканың арасындағы;
  2. педагогикалық теорияның даму қарқыны мен тәжірибе арасындағы;
  3. қазақ педагогикасы мен басқа ғылымдар (әсіресе, қазақ философиясы, қазақ психологиясы) арасындағы;
  4. қоғамның әлеуметтік құрылымы мен қазақ халқының тәрбие жүйесі арасындағы;
  5. мектеп, білім беру мен тәрбие мазмұны және қоғамдық сананың басқа формалары (мәдениеті, дін және т.с.с.) арасындағы;
  6. қазақ педагогика ғылымының жетістіктері, білім беру міндеттері мен мазмұнының арасындағы;
  7. тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін факторлар арасындағы және т.с.с.

Осы заңдылықтардың барлығы қазақ педагогика ғылымының тұтас бірлігін құрайды және өзара тығыз байланыста әрекет етеді [10]. Адамзат баласының ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік төл мәдениетімен ұштасып, ұлт болмысының тікелей көрінісі болып табылатын қымбат дүниесі – оның тілі. Әрбір тіл адам баласының қатынас құралы болуымен қатар, сол халықтың мәдениетін, өркениетін, әлеуметтік күйін, дүниетанымын бейнелеуде маңызды және шешуші рөл атқарады.Әр тілдің сөз байлығы халықтың рухани өмірін, тарихын, ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесін сипаттау құралы болып табылады.

Тіл –  халықтың  ғасырлар бойы  қалыптасқан  асыл қазынасы, рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізуші формасы десек, белгілі бір тілдің тарихын сол тілді жасаушы, қолданушы және оның иесі – халықтың тарихынан алшақ қарауға болмайды. Қоғамда қарым-қатынас жасау құралы болып табылатын тіл арқылы ұлттық менталитет, ұлттық мәдениет және рухани құндылықтар көрініс табады. Тіл – мәдениет тасымалдаушысы болса, әрбір мәдениет өзін дүниеге әкелген халықтың немесе қауымның іс әрекетінің нәтижесі болып табылады. Мәдениеттің дамуы мен жүзеге асуы, этностың өмір сүруінің сипаты мен ерекшелігін көрсетеді. Сол себепті, әрбір мәдениет сол халықтың мінез-құлқын, мұраларын, діни нанымдары мен құндылық бағдарларын, дүниетанымдық көзқарастарын көрсетеді.

Өткен тарихты, дәстүрлі мәдениетті білмейінше, ертеңді болжау мүмкін емес, яғни қазіргі қоғамда салт-жораларды зерттеп тануда дәстүрлі мәдениетке көңіл аудармасқа болмайды. Дәстүр (латынша «trаdіtiо» – жалғастыру) – тарихи қалыптасқан қоғам үшін пайдалы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп және белгілі уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжірибесінің жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүріс-тұрыс қалыптары мен тәртіптері, үрдістер, жөн-жоралғылар, мейрамдар және т.б. Адам қажеттілігін өтейтін барлық құндылықтар – материалдық, әлеуметтік және рухани құндылықтар – дәстүрді құрайды. Кеңестік дәуірде надандық пен анайылықтың көрінісі деп саналған салт- дәстүр кейінгі мәдениеттану ғылымында «қазіргі ұлттық мәдениеттің басты архетипі» ретінде қарастырылады. Дәстүр ұғымы «сабақтастық», «мәдени мұра», «төлтумалық», «ерекшелік» түсініктерімен тығыз байланысты. Сабақтастық – тарихи мәдени тәжірибе процесіндегі жаңа мен ескі арасындағы объективті қажетті байланыс. Бұл байланыс тұтастықты қамтамасыз етеді және мәдениеттің үдемелі дамуының алғышарты болып саналады. Мұра – бұл уақыт ағымында өзгермейтін өткенге қатысты рухани мәдени материал және ұрпақтардың рухани дамуының іргетасы болып табылады. Төлтумалық – өзіндік дамуға бағытталған қоғамның динамикалық принципі, оның «өмірлік ядросы» деген ұғымды білдіреді. Нағыз мәдениет төлтумалығымен, бірегейлілігімен дараланады. Мысалы, қазақтың қайталанбас мұралары: ұлттық өнер туындылары (әні, биі, күйі, ауыз әдебиетінің мұралары, эпостық жырлары т.б.), қолөнер бұйымдары және қолданбалы өнер туындылары (алтын, күмістен жасалған әшекей бұйымдар, ат әбзелдері, киіз үйдің жабдықтары, тұрмыстық бұйымдар және т.б.), ұлттық ас түрлерін басқа ұлттан кездестіре алмайсыз, өйткені, олар – қазақ халқына ғана тән бірегей, ғасырлардан жеткен дүниелер.

Ерекшелік ұғымы кез-келген құбылыстың өзгеге ұқсамайтын өзіне тән өзгешелігін көп жағдайда жергілікті нормаларды, әдет-ғұрыптарды, құндылықтар мен жүріс-тұрыс бітімдерін сипаттау барысында кең колданылады. Салт-дәстүр – дегеніміз түптеп келгенде ұлттық болмысты басқалардан алабөтен айрықшалап, даралап тұратын ішкі бір айна іспетті. Онсыз халық болмайды. Кешегісіз бүгінде, ертеңде тұл. Дәстүрді адамның қай ұлтқа жататындығының бір басты белгісі ретінде қарастырған жөн. Салт-дәстүрдің мәні мен әлеуметтік маңызы оның қоғамдық өмірдегі атқаратын қызметтерінен көрінеді: әлеуметтік, интегративтік, реттеушілік, коммуникативтік, әлеуметтік-психологиялық, идеялық-тәрбиелік және т.б.

.

Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың құрылымына адамгершілік, саяси, эстетикалық, діни, идеялық мазмұн, ережелер, нормалар мен принциптер, тұлғаның саяси және рухани қасиеттері – көзқарасы, сезімі, қажеттілігі мен мұраттары кіреді. Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жанұяда қалыпты қатынастардың бекітілуіне, үлкен мен кіші арасындағы қатынастарды, қалыптар мен ережелерді игеруге, шаруашылық жүргізудің қалыптасқан тәжірибесін жалғастыруға, еңбекке баулуға, ұлттық мәдениет пен тарихты қадірлеуге, патриотизм тәрбиесі мен туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыруға, эстетикалық және көркем мәдениетті сақтауға жағдай жасайды.

Х. Арғынбаев, А. Сейдімбек, С. Кенжеахметұлы, М. Әуезов, М. Әлімбай, Қ. Толыбаев т.б. қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрі, салт-дәстүр, әдет- ғұрыптарын зерттеді. Ұлт өзінің дүниетанымын тілі, діні, ділі, фольклор арқылы білдіріп отырады. Демек ұлттық ойлауды зерттеу үшін негізгі сүйенетініміз – халықтың мәдениеті, рухани мұрасы, өмір сүру тәсілі, діни нанымы, күнделікті тұрмыста қолданылатын әдет-ғұрпы, салт-санасы, халықтық деңгейде қалыптасқан образдары, дүние туралы халықтық ұлттық бейнесі және тағы басқалары жатады.

Қазақтың ұлттық имандылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, дәстүрлері, меймандостық, қонақжайлық рәсімдері ұлттық мәдениеттің айқын белгілері болып табылады. Кісі күту дәстүрі арқылы қонақ қабылдау, қонақасын беру, қонақ кәде жасау ұлттық мәдени рәсімдер арқылы орындалады.

Ұлттық дәстүрлер – қандай да болмасын бір қауымның күнделікті өмір салтында тұрақты түрде енген, бірнеше рет қайталанатын қоғамдық құбылыс. Осындай қоғамдық құбылыс ұрпақтан-ұрпаққа білімі, әдет-ғұрып, мінез-құлық нормалары, адамдар іс әрекетінің түрлері, таным үлгілері, шығармашылық бағыттары арқылы беріліп отырады. Қоғамның барлық дәстүрлер жүйесі әртүрлі ұлттардың өмір сүру іс әрекетіне қызмет етеді.

Материалдық өндіріс саласындағы адамдар іс-әрекетінің түрлері, әдістері, нормалары; рухани өмірдің әртүрлі салаларында – ғылым, өнер, саясат, құқық – осының барлығы халықтың дәстүрі ретінде, ұлттық дәстүр болып табылады. Ұлттық дәстүрлерден ауытқу сол ұлттың өкілдеріне қоғамдық тәртіпті бұзғандық болып табылады. Көп жағдайда бір ұлтты мемлекеттің дәстүрлерін ұлттық дәстүр деп атайды. Көпұлтты мемлекетте жалпыұлттық дәстүрлермен қатар әрбір ұлттың дәстүрлері бар. Қазіргі заманда ұлттардың қарым-қатынасы күшейгендіктен халықтар арасындағы татулық мәдениеті қалыптасу үстінде. Әрбір ұлттың екі түрлі дәстүрі бар: а) ұлттың дамуы мен жаңғыруына әсер етуші дәстүрлер; б) халықтың дамуына кері әсерін тигізуші реакцияшыл дәстүрлер. Қоғамның бейбіт өмірін қамтамасыз етуде реакцияшыл дәстүрлердің халық арасына таралуының, насихатталуының алдын алу қажет. Ұлттық дәстүр тез өзгертіп немесе жоғалып кете қоймайтын, ұзақ дәуірлер бойына екшеліп, сұрыпталып қалыптасқан қазына. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор, халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекетінің рухани негізі. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділдік, меймандостық сияқты қасиеттер белгілі бір халықтың ұлттық дәстүрі ретінде қалыптасады. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты.

Ұлттық діни салттар. Белгілі бір ұлттың адамы діни шарттарды жеке немесе қоғаммен бірлесіп орындауын – ұлттық діни салттар дейміз. Жергілікті жерге ғана емес, барлық ұлтқа таралған салттар ғана ұлттық діни салттар болып табылады. Діни салттар – ғұрыптар және дәстүрлермен бірге ұлт өмірінің реттеушісі, ұйымдастырушысы болып табылады. Діни салттық өмірге: салт- жоралар, мерекелер, табиғи стихияларға байланысты орындалатын ғұрыптар кіреді [7]. Қорыта келе, жаңа мемлекет құруда қазақ ұлтының әдет-ғұрып дәстүрлеріне, мәдениетіне, ұлттық болмысына негізделген ұлттық идея қажет.

Қай этностың болмасын, тума мінез-құлқы, төл мәдениеті, тарихы, әдет- ғұрып дәстүрлері, діні, тілі, ділі ұлттың басқа ұлттан өзгешелеу, дара тіршілік кешіп келгенінің айқын көрінісі, ақыл-ой дүниесінің тұрақты қасиеті болып есептеледі. Сондықтан да азаматтық құқықты-демократиялық қоғам дамуының ұлттық жолы үлгісінде көпэтносты Қазақстанда этникалық мінез-құлық, ақыл- ой алуан түрлілігі, яғни нақты плюрализм көрінісінің табылуы орынды. Мұндай үлгіде қазақ халқының өміріндегі ұлттық мәдениеті, ділі, тілі, діні, жалпыұлттық ерекшеліктері сырттан келген мәдениет үлгілерімен ұласып жатады. Аталған этникалық плюрализм – Қазақстандық жалпыұлттық идеяны қалыптастырудағы басты қоғамдық идеал. Бұл барлық ұлттар мен ұлыстардың, этникалық топтардың, жеке тұлғаның құқықтары, теңдігі мен бостандығы негізінде баршаға ортақ бірігу принципі сақталғанда ғана жүзеге асуы мүмкін. Халықтардың мемлекеттік жалпыұлттық идеяға топтасуы – оның құрамындағы түрлі ұлттардың өзіндік жекелеген ерекшеліктерін, ұлттық болмысын, тыныс-тіршілігін сақтап, Отанын, яғни Қазақстан Республикасын көркейтіп дамытуға жұмылған жұдырықтай бірігіп, атсалысуы деп білеміз.

Құрамында көп түрлі этноәлеуметтік топтар кездесетін әрбір мемлекет үшін жалпыұлттық идеяны қалыптастыру концепциясының маңызы зор. Бір жапон философының: «Біз, жапондар, бір-бірімізді Жер шарының қай жерінде кездестірсек те, бір-бірімізді көрген сәтте-ақ тілсіз, сөзсіз түсініп тұрамыз», – деп жазған. Ұйымшылдық, ұлттық намыс – жапон менталитетінің басты ерекшелігі. Жапон ұғымында ата-анаға бағыну әлі күнге сақталған. Әлі күнге дейін жапондардың ұл, қыздары үйленгенде олардың таңдауына  ата-анасы ықпал етеді. Отбасындағы әке беделіне сызат түспеген. Осынау отбасы үлгісі жапондар істейтін компанияларда да сақталған. Әр қызметкер, жұмысшы өзі істейтін компания беделін өз отбасы беделіне балайды. Әр жапон үшін император басқаратын Жапония беделі әке басқаратын өз отбасы беделімен бірдей. Осыдан келіп 140 миллион жапон бір отбасындай ұйымшыл. Бүкіл ұлт – бір команда. Жапондардың табыс кілті – осында.

Ал, Қазақстан мемлекетінің ұлттық идеясы – қазақ идеясы. Ұлттық этникалық құндылықтар мен абырой туралы ой қозғап, азаматтарда отандық мақтаныш сезімін туғызуға күш салу, Отанымыз – Қазақстанның өркениеттілігі үшін үгіт-насихат жүргізу – ізгі шаралардың бірі. Осыған орай жағымды қоғамдық пікір қалыптастыру – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жастарда мәдениет пен патриотизмді қазақстандық құндылықтар жүйесі ретінде халықтар теңдігі принципі мен жалпыадамзаттық құндылықтармен сіңірген анағұрлым жемісті болмақ [11]. ХХІ ғасыр – жаңа технология мен ақпараттандыру ғасыры болғандықтан жаңа заманға сай жаңа ұлт мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы. Ақпарат мемлекеттің даму деңгейін анықтайтын стратегиялық ресурсқа (қорға) айналып, ақпараттық мәдениетті қалыптастыру, яғни мәлімет өңдеу мен оны тасымалдау ісін атқару өркениетті дамудың қажетті шарты болып отыр. Білім берудің алдында оқушыларды ақпараттық қоғамда өмір сүруге дайындауда ойша ойлауға, талдау жасай білуге, коммуникативтік дағдыларын дамытуға, ақпараттық сауаттылық пен ақпараттық мәдениеттілікке тәрбиелеу міндеті тұр.

Ақпараттық мәдениет – бұл әңгімелесе білу, теледидар, хабарды талғамды түрде қарау, алған мәліметті ой елегінен өткізіп, талдай білу. Бүгінгі таңда заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру қажетті шартқа айналып отыр. Оқушылардың бойына ақпараттық мәдениетті қалыптастыру – білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі.

Ақпараттық мәдениетті, сауатты адам ақпараттың қажетті кезін сезінуі, оны тауып алуға, бағалауға және тиімді пайдалануға қабілетті болып, ақпарат сақталатын дәстүрлі және автоматтандырылған құралдарын пайдалана білуі керек. Адамзаттың қолы жеткен ең үлкен табыстарының бірі – осы ақпарат. Бірақ оны шектен тыс ашық қолдана берсе, тіпті санасын улайтын да нәрсеге айналып кетуі мүмкін. Бұл ақпараттың пассивті түрде пайдаланылатын бөлігінің артуына байланысты болып отыр. Интернеттің кең таралуына орай ақпарат таратудың бақылауға көнбейтін кері процесінің күннен-күнге артып бара жатқаны байқалады. Мұндай ақпараттың сапасы көбінесе өте төмен, тіпті жалған болады, әрі зиянды мәліметтер көбейіп барады. Ең қауіптісі осы залалды ақпарат күннен күнге артып бара жатыр, жастарда Интернетке тәуелділік пайда болады, бұл үстірт түрдегі бәрін білушілік әдетімен тығыз байланысты. Кез келген мәліметті керек болмаса да талғамай қабылдай берудің қажеттілігі  жоқ  екенін,  Интернеттегі  ақпарат  қоқысы, компьютерлік ойындардың зияны, т.б. адам сезіне білуі керек.

Білім алушыларда ақпаратты дұрыс пайдалану мәдениетін қалыптастыру тек білім беру орындарында шектеулер мен тосқауыл қою арқылы жүзеге аспайды. Осы мәселелерді шешу үшін бізге талғамдық мәдениетті қалыптастыру қажет. Яғни, ақпараттық аймақтағы құндылықтарды бағалай білетін, әр адамның моральдық деңгейін бейнелейтін ақпараттық мәдениет қалыптастыратын тәрбие алуымыз керек және адамда келесі білім меңгеру тәсілдерін қалыптастыру қажет:

  1. Ақпараттың тасымалдануы мен оны сақтау тәсілдерін білу;
  2. Ақпаратты алу үшін ақпараттық қызмет көрсету жүйесінің жұмысын білу;
  3. Алынған ақпараттың сипатын бағалай білу;
  4. Автоматтандырылған және автоматтандырылмаған жүйеден ақпарат іздеу, алу тәсілдерін білу;
  5. Өзіңнің ақпаратыңды жасау және сақтау тәсілдерін білу, т.б.

Ақпараттық мәдениет тек компьютермен дұрыс жұмыс істей білу емес, кез келген ақпарат көзін қажет мәлімет: анықтамалықтар, сөздіктер, энциклопедиялар, көліктердің жүру кестелерін, теледидар бағдарламаларын алуда т.с.с. дұрыс пайдалана білу деген сөз. Бұл – әңгімелесе білу, теледидар хабарын талғамды түрде қарау немесе қарамау, алынған мәліметті ой елегінен өткізіп, талдай білу және де өзгелердің еркіндігіне әсер ететін жағдайда өз еркіндігіңді шектей білу. Ақпараттық мәдениет – компьютерлік технологияны пайдалану, ол – Интернет. Ғаламтордың көмегімен оқу бағдарламаларына қатысуға болады. Қоғамның қарқынды дамуы оның азаматтарының білімімен және мәдениетімен анықталады. Қазіргі қоғам дамудың ақпараттық кезеңіне аяқ басқан кезде ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен-күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Оның басты сипаттарына – ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану адамдардың көптеген қызмет түрлерін компьютерлендіру, коммуникациялардың бірыңғай халықаралық жүйелерін жасау істері жатады. Біздің еліміз де орта білім жүйесін ақпараттандыру жөніндегі өз мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Оның алғашқы сатысы бойынша мектептер жаңа дербес компьютерлермен жабдықталды. Бірінші кезекте мектеп оқушыларын қоғамымызда үлкен мөлшердегі ақпаратты тез қабылдап, оны жылдам өңдеу, Интернет кеңістігін игеру, көп ақпараттар ағымынан өзіне керектісін табуға, дайындауға қажеттілігі туындап отыр.

Қазіргі мектептің даму болашағы қоғамның даму процесімен үнемі өсіп отыратын ақпарат көлемінің әртүрлі тегімен анықталады. Оқушыларға білім беруде жаңа оқыту технологияларын қолдану, инновациялық бағытта жұмыс жасау заман талабына сай талап етілуде. Заман ағымына сай күнделікті сабаққа және тәрбие жұмыстарына бейне-аудио қондырғылары мен теледидарды, дербес компьютерлерді, электрондық оқулықтарды қолдану айтарлықтай нәтиже беруде. Интернет кеңістігін игеру қашықтықтан оқыту, білім берудегі әлемдік талаптарды жүзеге асыра отырып, оқушыларға біртіндеп дүниежүзілік бірыңғай ақпараттық кеңістікке кіру мүмкіндігін береді.

Интернет кеңістігі – тәрбие процесінің қызықты алаңы. Мұнда басқа жақын шет елдердің салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, тарихы мен мәдениетімен танысуға болады. Интернет кеңістігінің оқушыға ықпалы – бұл оқушының сабаққа дайындалу деңгейін арттырады, оқу процесін жүргізуді қызықты етеді, шығармашылық жағынан бұрын болмаған кәсіби дағдыларды қалыптастыратын жаңа мүмкіндіктер туғызады, мемлекет мектептерге қойып отырған әлеуметтік тапсырыс деңгейіне де сәйкес келеді. Оқушылар бір ақпаратты екінші ақпаратпен салыстыра бағалауды дағдыға айналдыра бастайды.

Мұғалімнің кәсіби қызметі жүйесінде қазіргі білім беру технологиясының алатын орны ерекше, өйткені педагог жаңа ақпараттық технологияны меңгеру барысында жақсы шынайы жетістіктерге қол жеткізеді, өзінің кәсіби білім деңгейін кеңейтеді және көтеріледі.

.

Ақпараттық қоғам жағдайында оқушылардың әлемдік ақпараттық көзқарасын қалыптастыру мен қазіргі компьютерлік техниканы меңгеруді үйрету мынадай мақсаттарды белгілеп береді:

  1. Оқушыларды ақпараттық қоғам жағдайына бейімдеп, жұмыс жасауға үйрету;
  2. Оқушыларды ақпараттық мәдениетке тәрбиелеу;
  3. Оқушыларды ақпарат беру, түрлендіру, қолдану процестері туралы біліммен қаруландыруға мүмкіндік беретін информатика негіздерін меңгерту;
  4. Оқушыларға компьютерді оқу процесіне және кәсіби дайындыққа пайдалана білуге үйрету.

Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласы жаңа өзгерістер енгізді. Өркениет жоғары жылдамдықпен ең шешуші рөлді табиғи ресурс пен энергия ғана емес, ақпарат және ғылыми білім шешетін ақпараттық қоғамға еніп келеді [12].

Жалпықазақстандық мәдениет әрбір жеке адамның жан дүниесінің рухани байлығынан басталатыны баршаға мәлім. Ендеше, қоғамдағы әрбір адамның мәдениеті, білімі, білігі, ақылы, адалдығы, рухани байлығы, ұстамдылығы, инабаттылығы, ізеттілігі, кішіпейілділігі, т.б. толып жатқан жақсы қасиеттері жинақталып келіп Ұлт мәдениетін құрайды. Қазақ елінің де ата-бабалар тағылым-тәрбиесінен бастау алып, олардың бүгінгі ұрпағымен жалғасатын ұлттық мәдениетін, ұлттық зиялылығы дүние жүзіне танытуға лайық.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.