Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі

Главная » Рефераттар » Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі

Қазақ тілінің терминологиялық лексикасын құрайтын терминдену тəсілімен жасалған терминдердің елеулі бөлігі – ұлттық əдеби тілдің құрамындағы жалпы қолданыстағы сөздер негізінде жасалған. Жалпы қолданыстағы сөздер терминденудің барлық жолдары арқылы терминдене алады. Оларға бірден көшпестен бұрын осы терминдену процесінің қалай жүзеге асатындығына назар аударып көрелік. Термин пайда болу үшін ең алдымен белгілі бір терминдер жүйесіндегі орны нақтыланған ұғым болуға тиіс. Ол ұғымның орнының нақтылануы деп біз сол ұғымды өзге ұғымдардан ажырататын оның өзіне ғана тəн айрықша белгілері мен қасиеттерінің анықталуын айтып отырамыз. Яғни, бұл ұғымның қамтитын шекарасын, көлемін анықтау деген сөз. Одан əрі айқындалған ұғымның басты белгілерін көрсете отырып, оның мазмұнын толық ашатын анықтама беріледі. Ондай анықтаманың немесе терминнің дефинициясының дəл болуы аса қажет. Егер терминнің дефинициясы дəл берілмесе, онда ұғымның мазмұны да солғын ашылады. Соған сəйкес ондай ұғымды сөзбен белгілеу кезінде де ауытқушылық кетеді. Терминнің дефинициясы ұғымның басты белгілерін, көлемін көрсету арқылы сол ұғымның өзі қатысты болатын арнаулы салада қаншалықты деңгейде игерілгендігінен, зерттелгендігінен хабардар етеді. Ұғымдар жүйесіндегі орны айқындалып, басы ашылған ұғымның қамтитын ауқымын, негізгі белгілерін дəл көрсететін ғылыми анықтама бергеннен кейін, анықтамаға сүйене отырып, сол ұғымға өзінің мазмұнына сəйкес келетін атау беру (ат қою) қажеттілігі туындайды. Ұғымға ат қоюдың, яғни терминжасам тəсілдерінің бірі – терминдену болып табылады. Ұғым мазмұны белгілі болғаннан соң, терминолог немесе салалық маман мазмұннан формаға қарай ойысады. Аталған тəсілді пайдалану арқылы термин жасауды ұйғарған зерттеуші өз тілінде бар сөздердің ішінен ұғымды беретіндей (ұғымның мазмұнын қамтитын) сөзді таңдауға көшеді. Дəл осы  тұста өзі ат қойғалы отырған ұғымның терминдер жүйесіндегі алатын орны мен оның мазмұнын жақсы түсінумен бірге (бұл лингвистерге қатысты) сол ұғымға тиісті атау іздеп отырған тілді де жетік білуі қажет екендігін айтқан жөн. Біздің терминологиямыздың басым бөлігін орыс жəне еуропа тілдерінен енген терминдер құрауы себептерінің бірі – сол салаларда қызмет істейтін салалық мамандардың, ғалымдардың қазақ тілін білмеуінен немесе нашар білуінен, еңбектерін өз тілінде жазбауынан деп білеміз. Ана тілін білмейтін маманның өз тілінен (немесе өзге ұлт өкілінің), өзі білмейтін тілден ұғымға атау іздеп, бас қатырмайтынын дəлелдеп жатудың орны жоқ.

Ұғымды жəне сол ұғымға атау беретін тілді жақсы білгенде ғана форма мен мазмұн бірлігіне қол жеткізуге болады. Мəселен, аса көрнекті тілші- ғалым А.Байтұрсынұлы жасаған зат есім, сын есім, сын есім, есімдік, үстеу, етістік, шылау сияқты терминдердің санамызға сіңіп, қалыптасып кетуінің, өміршеңдігінің сыры – автордың білікті тіл маманы ретінде терминделуші ұғымдардың мазмұнын, олардың тіл жүйесіндегі орны мен қызметін терең білуімен бірге, өзі ғылыми ұғымдар атауларын жасап отырған қазақ тілін жоғары деңгейде меңгергендігінде жатқаны дау туғызбаса керек. Терминнің іші мен сырты үндесіп, затына аты сай келуі – термин жасаушының ұғым атауының біз сөз етіп отырған екі жағына бірдей мəн беріп, оларды ұштастыра білу шеберлігіне тікелей байланысты. Жалпы қолданыстағы сөз термин қатарына өткенде өзінің бастапқы лексикалық мағынасынан айрылып, мүлде жаңа ұғымды белгілеуі мүмкін. Мысалы, жалпы қолданыстағы күмбез сөзі «мешіт, сарай, т.б. құрылыстардың сəнді өрнектермен əшекейленген шаңырақ тəрізді төбесі» жəне «əдемілігімен көзге түсетін əшекейлі құрылыс» – деген мағыналарды білдірсе, геологиялық терминологиядағы күмбез термині «биіктігі жүздеген метрден мыңдаған метрге дейін жететін, көміліп қалған не қазіргі вулкан конусы» деген ұғымды білдіреді. Сондай-ақ жалпы қолданыста қалта деп «киімнің омырауына т.б. тігіліп, ұсақ-түйек зат салуға арналған бөлігін» айтса, биологиядағы қалта (бурса) термині «қимылдау кезінде сіңірдің сүйекке үйкелісін бəсеңдететін сіңір, бұлшық ет, тарамыс астында болатын кілегейлі қалтарыс, дорба» деген ұғымды білдіреді.

Жалпы қолданыстағы күмбез, қалта сөздерінің терминденуі негізінде геология, биология терминдері жасалған. Терминденудің мұндай жағдайында жалпы қолданыстағы сөздер мен арнаулы саладағы терминдердің таңбаланушылары (означаемое) бөлек-бөлек, алтаңбалаушылары (означающее), яғни лексема екі ұғымға да ортақ болады. Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуіне көп ретте тілде бұрыннан бар ұғым мен терминологиядағы терминделуші  ұғымның  қандай  да  бір  ұқсастықтары  себепкер  болып

табылады. Келтірілген мысалдардағы күмбез, қалта сөздері ұғымдардың сыртқы формаларының ұқсастықтары негізінде терминденген. Геологиядағы вулкан конусының пішіні құрылыстың төбесіне, биологиядағы кілегейлі қалтарыстың киімге т.б. қоса тігілетін қосымша бөлікке ұқсайтындығынан сөздің бастапқы мағынасы метафоралану жолымен терминге айналып, басқа- басқа ұғымдар ортақ атауға ие болған. Нəтижесінде жаңа сөз пайда болып, жүйеаралық (жалпы лексикалық жүйе мен терминологиялық жүйе арасында) омонимдер туындаған.

Терминденудіңбұлжолыменжасалғантерминдердіғылымментехниканың кез — келген саласынан кездестіруге болады. Мəселен, жалпы қолданыста тозаң деп «Зат үстіне қонған не ауаға көтерілген жұқалаң селдір шаңды» немесе «қалың шаң – топырақты» айтса, өсімдіктануда «Жалаңаш тұқымды жəне жабық тұқымды өсімдіктердің микроспорасын тозаң» дейді. Сондай- ақ əдеби тілде «Адамның көркі, өңі, ажары» шырай делінсе, тіл білімінде шырай деп «сапалық сын есімдерге тəн, заттардың сындарын салыстырып, шендестіріп, күшейтіп көрсететін грамматикалық категорияны» айтады. Келтірілген мысалдардан тозаң сөзі мен тозаң терминінің жəне шырай сөзі мен шырай терминінің дыбысталулары сəйкес келгенімен, олар бір-біріне қатыссыз басқа-басқа ұғымдарды білдіретінін көріп отырмыз.

Жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі өзге тілдердің əсерінсіз, жоғарыдағыдай бір ғана ұлттық тілдің шеңберінде де, сондай-ақ өзге бір тілдің əсерімен де жүзеге асуы мүмкін. Өзге тілдің əсерімен терминдену дегенде біз қазақ тілінің өзінің лексикалық материалын пайдалану арқылы семантикалық калька тəсілімен термин жасауды айтып отырмыз. Ондай терминдердің өзіндік ерекшеліктері – олар бір жағынан қазақ тілінің өз сөздерінің негізінде жасалған терминдер болса, екінші жағынан өзге тілден алмасқандығы олардың семантикасы арқылы аңғарылып тұрады. Мəселен, өсімдіктанудағы гүл бөліктерін білдіретін ескек, желкен, қайықша терминдері орыс тіліндегі весло, парус, лодочка терминдерінің негізінде семантикалық калька жолымен жасалған. Калькалаудың аудармадан басты ерекшелігі – қабылданушы тілде жаңа сөз пайда болып, ол сөздің мағынасы сол жаңа сөздің жасалуына негіз болған тілдегі сөздің мағынасымен сəйкес келеді. Қазақ тіліндегі терминдердің елеулі бөлігі калькалаудың түрлі тəсілдері арқылы жасалған.

Терминологиядағы жалпы қолданыстағы сөздердің  терминделуі арқылы жасалған терминдердің енді бір бөлігінің таңбаланушылары да, таңбалаушылары да өзінің жасалуына негіз болған сөзбен сəйкес келеді. Мұндай лексикалық қабаттың əдеби тіл жүйесі мен оның терминологиялық кіші жүйесіне бірдей қызмет ететіндігі айтылып жүр. В.П.Даниленко сөздің əдеби тілден терминологияға ауысу барысында өзге ұғымды белгілеуінің нəтижесінде омоним туындауын сөз алмасу құбылысы  десе, əдеби тілдегі сөздің терминологияға өтуі кезінде омоним пайда болмай, сөздің бір мезгілде екі жүйеге бірдей (жалпы əдеби тіл жүйесі мен оның терминологиялық кіші жүйесіне) қызмет етуін сөздің «екі жақты қызметі» деп, ондай лексикалық қабатты алғашқыдан бөлек қарауды ұсынады. Əрине, аталған құбылыстардың арасында автор көрсеткендей айырмашылықтардың бар екендігі рас. Бірақ соған қарамастан, олардың ұқсас жақтары да жоқ емес. Сол ұқсастықтардың маңыздылығын негізге ала отырып, біз бұл аталған екі құбылысты терминдену процесінің аясында қарастырған дұрыс деп білеміз. Басқаша айтқанда, аталған құбылыстарды бір ғана терминдену процесінің жүзеге асуының екі түрлі жолы деп түсінеміз.

Біріншіден, терминденуші сөз екі түрлі жағдайда да жалпы əдеби тіл мен оның терминологиялық жүйесіне бірдей қызмет етеді. Омоним туындаған жағдайда сөз екі басқа ұғымды белгілегенімен оның дыбыстық жағы яғни лексема екі жүйеге де ортақ. Мұндағы ортақтық деңгейінің əркелкілігін олардың арасын бөлудің негізгі шарты ретінде тануға болмайды. Сонымен бірге, бұл ортақтықты екі құбылыстың басын біріктіретін басты белгі деуден де аулақпыз. Осы тұста тілдік таңбаның екі жүйеге де ортақ болуына көп жағдайда терминденуші сөз атау болған əдеби тілде бұрыннан бар ұғымдардың арасында қандай да бір ұқсастықтың (форма, қызмет т.б.) болатынын да ескерген жөн. Ондай ұқсастық болмаған жағдайда, сол терминделуші ұғымға ұлттық тілде бұрыннан бар сөздің атау ретінде таңдалуына ешбір мотивациялық негіз болмаған болар еді.

Мəселен, перде деп əдеби тілде «есікке, терезеге, театр сахнасына құрылған шымылдықты» айтсақ, өсімдіктануда «көптеген өсімдіктердегі ауалы қуысты бөліп тұратын, жасушалардан құралған бөгет қабатты» айтады. Мұндағы термин мен жалпы қолданыстағы сөздің омоним болуына негіз болған екі ұғымның да бір нəрсенің арасын бөліп тұратын қызметтерінің ұқсастығы. Екіншіден, əдеби тілдегі сөз бір мезгілде екі жүйеге бірдей қызмет еткен жағдайда да сөз бен терминнің арасында елеулі айырмашылықтар болады. Сөз жалпы лексикалық өрістен терминологиялық өріске өткенде жаңа сапаға көшіп, терминге тəн қасиеттерді иеленеді. Жалпы лексикалық өрістегі сөзге тəн қасиеттерінен айырылады. Мəселен, көп мағыналық, эмоциялық-экспрессивтік, модальдік т.б. термин үшін қажетсіз деп саналады.

Бір ғана лексема арқылы көрініс беретін сөз бен терминнің мағыналық айырмашылықтарын аңғару үшін екі жүйеге де ортақ деп саналатын су, жел сөздерінің анықтамаларын салыстырып көрелік. Су деп əдеби тілде «өзен, көл т.б. түзетін түссіз, мөлдір сұйық затты» айтсақ, терминологияда су деп «сутегі оксиді,  Н20  қалыпты жағдайда  сутегінің  оттегімен  қарапайым орнықты  химиялық байланысын (массасы бойынша 11, 19 процент сутегі жəне 88,81 процент оттегі) …» айтады. Сондай-ақ əдеби тілде жел деп «кейде қатты, кейде баяу соғатын ауаның ағымын» айтса, ал физикалық географияда «ауаның жоғарғы қысымды аймақтан төмен қысымды аймаққа қарай горизонталь бағытта қозғалуын жел» – дейді. Су жəне жел сөздерінің жалпы əдеби тілге де, терминологияға да ортақ бір ғана ұғымның атауы екендігі дəлелдеуді қажет етпейді. Алайда, осы екі жүйеге де бірдей қызмет ететін сөздің келтірілген анықтамаларынан-ақ термин мен термин емес сөздің арасында едəуір айырмашылықтардың болатынын байқау қиын емес. Əдеби тілдегі сөз негізінен неғұрлым жалпылама атаулық қызмет атқарып, ұғымның сыртқы белгілерін ғана қамтыса, терминнің дефинициясы арқылы ұғымның тиісті ғылымның даму деңгейіне сəйкес анықталған əрі оның терминологиялық өріс ішіндегі алатын орны мен көлемін нақтылай түсетін, сырт көзге аңғарыла бермейтін ішкі белгілер көрсетіледі. Сөздің бастапқы лексикалық мағынасы арқылы көрінетін белгілері мен терминденгеннен кейін оған дефиниция арқылы бекітіп берілген белгілері сəйкес келмейді. Төмендегі мысалдан да оны анық көруге болады. Мəселен, жалпы қолданыста тау деп «айналасындағы жерден едəуір көтеріңкі, биік жерді» айтса, физикалық географияда тау термині «айналасынан оқшау, айқын байқалатын беткейі, етегі жəне шыңы бар, теңіз деңгейінен биіктігі кемінде 200 м болатын көтеріңкі жер», – деген ұғымды білдіреді.

Терминнің мазмұны логикалық жолмен арнаулы сала үшін ең қажетті жəне жеткілікті белгілері айқындалған тұрақты дефинициясы арқылы ашылған. Айталық таудың биіктігі кемінде теңіз деңгейінен 200 м көтеріңкі болатындығы сондай қажетті белгілердің бірі. Терминде ондай белгілер бірнешеу.

Л.А.Капанадзе  «терминдену  дегеніміз  сөздің  лексикалық мағынасын «кесіп», оған дефиницияны «таңып беру» деген болатын. Омоним туындамаған жағдайда да терминология қарамағына өткен сөзге терминге тəн дефиниция беріледі. Сол дефиниция арқылы бұрыннан бар ұғым өзге белгілері арқылы жаңа сапалық деңгейден көрініс береді. Сондай- ақ ондай термин белгілі бір терминологиялық өріспен шектеліп, ұғымдар жүйесінен орын алады. Бұл сөздің термин қатарына өткендігінің, яғни терминденгендігінің белгісі. «Жалпы қолданыстағы сөз терминологиялық өріс ішінде бұрынғы мағынасынан бөлек, арнайы мағынаға ие болады». Сонымен, қорыта айтқанда тіліміздегі жалпы қолданыстағы  сөздердің  терминденуінің екі түрлі жолын көрсетуге болады: Біріншісі – халықтың ұғымында бұрын болмаған ғылым мен техниканың, өнердің даму барысында ашылған жаңа ұғымды ұлттық тілде бұрыннан бар сөзбен белгілеу. Терминденудің мұндай жағдайында сөздің тек дыбыстық жағы алынады да бір ғана лексема екі жүйеде (жалпы лексика мен арнаулы лексика) екі басқа ұғымды білдіреді. Нəтижесінде бастапқы сөзбен жаңа термин омонимдік қатар түзеді. Екіншісі – халықтың ұғымында бұрыннан бар ұғымның атауымен қоса, жалпы лексикалық өрістен белгілі бір терминологиялық өріске өтуі. Бұл жағдайда ғылым мен техниканың даму деңгейі мен терминологиялық жүйенің талабына сəйкес ұғым жаңа сапалық белгілерді иеленеді. Сөздің лексикалық мағынасын құрайтын, белгілерінің орнын (кейбір белгілері сақталуы мүмкін) ғылыми немесе арнаулы ұғым белгілері алмастырады. Терминденудің екі түрінің арасында елеулі өзгешеліктер бар екендігіне қарамастан екі түрлі жолмен терминденген сөз де бірдей терминдік қасиеттерді иеленіп, белгілі бір терминологиялық өріске бағынышты болады. Əдеби тілдегі сөздер қай тəсілмен терминденсе де өріс ішінде бірдей қызмет атқарып, бір деңгейде тұрады.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.