Жапония әдебиеті

Главная » Рефераттар » Жапония әдебиеті

Жапонияның Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы жапон капита­лизмінің дамуын тез­детті. Мұндай өзгеріс экономиканың жартылай феодалды сипатын өзгертпестен, тек ірі қала­лардағы өндірістің дами түсуіне ықпал етеді. Қалаларда да феодализмнің айқын элементтері байқалатын. Елде орын алған мұндай жағдайлардың әсерінен жапон капитализміне қарсы ішкі қайшылықтар пайда болады. 1918 ж. Күріш бүліктері, Сібірдегі орыс төңкерісшіле­рін басуға жіберілген әскердің сәтсіздікке ұшырауы, күн сайын күшейіп бара жатқан қытай мен корей халқының жапон империализміне қарсы көтерілістері, Жапон-америка қатынаста­рын­дағы салқындық, 1920 ж. экономикалық дағдарыстар жалпы жапон империализмінің тоқыра­уы­на әкеліп соғады. Жапон империализмі жалпы тоқыраудан шығу мақсатында өзінің агрес­сив­ті соғысын бастайды. Соғыс қозғалыстары Маньчжур жерінде басталып, Қытайға қарсы ба­ғыт­тал­ған қанды соғысқа айналады, нәтижесінде Тынық мұхиты аймағын­дағы үлкен соғыс басталады. Соғыс пен елдегі тоқыраудың зардаптары бірінші кезекте жапон еңбекшілері мен шаруаларына әсер етеді. Жұмыссыздық мен кедейлікке ұшыраған адамдар биліктің жауыз­дықпен басып-жаншуына қарамастан көтеріліске шығудан басқа амалдары қалмай, халық бірте-бірте топтала бастайды.

Жапон капитализмінің жылдам қарқынмен дамуы елдің халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік берді. Осы уақытқа дейін басқа капиталистік елдерден артта қалған Жапония әлем­дегі алып державалардың қатарына қосылады. Осылайша Жапония Еуропаның алдыңғы қатарлы елдері жүріп өткен мәдени дамуды бастан кешіріп, мәдениеті мен идеологиясы жағынан басқа елдермен қатар дамиды. Бұған байланыс құралдарының дамуы, Жапонияның Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы мен капитализмнің күшеюі айтарлықтай әсер етеді.

Жапония соғыс жылдарыннан кейінгі әлем әдебиетіндегі түрлі ағымдар мен бағыттарды жылдам игере бастайды. Бұл бағыттар ұлттық негізде түрлі өзгерістерге ұшырай отырып, сол кездегі әдебиеттің сипатын анықтады. Осы уақытта жаңа шетелдік әдеби бағыттарға көп мән беріліп, ұлттық дәстүрлер зерттелмей қалады. Мысал ретінде Китахаре Хакусюдің жапон халық әндеріне деген пікірін айтсақ болады. Мұндай ұмтылысты сол жылдары жарық көрген жапон мәдениеті тарихы бойынша жазылған зерттеулерден де көруге болады. Ұлттық әде­биет­тің дәстүрлері таңсық нәрсе секілді қабылданып, басты назар шетел әдеби бағыттарын игеруге жұмсалады. Мұндай құбылыстар қазіргі замандағы жапон әдебиетінің күрделі жақта­рын сипаттайды.

.

1917 ж. орыс төңкерісшілерінің жеңіске жетуі бүкіл әлем бойынша революциялық қоз­ға­лыс­тың өрши түсуіне ықпал етеді. Жапонияда күріш бүліктері орын алып, 1922 ж. Жапо­ния­дағы коммунистік партия құрылады. Осы кезде Осуги Сакаэ мен Като Кадзуо ел ара­сында түрлі насихаттар жүргізеді; 1919 ж. «Варэра» («Біз»), «Кайдзо» («Қайта құру»), «Кай­хо» («азат ету») сияқты журналдар пайда болады; Миядзима Сукэо мен Миядзи Кароку өз­де­рінің «Жұмысшылардың әдебиеті» («Родося бунгаку») атты мақаласын жариялайды.

1924 ж. 24 қазанда «Бунгэй сэсэн» журналы шыға бастағанда Екомицу Риити, Кавабата Ясунари, Накагава Еити, Катаока Тэппэй, Дзюития Есабуро, Кисидиа Кунио, Сасаки Мосаку сынды он төрт жазушы «Бунгэй дзидай» («Әдеби дәуір») журналын жарыққа шығарады. Аталмыш жазушылар жапон қоғамында орын алған ішкі қайшылықтардың ушыға түсуіне байланысты өздеріне төнген қауіпті «сезім үрейі» ретінде қабылдап,  түрлі тәжірибелер жасау арқылы елдегі дағдарысты терең жеткізу үшін жаңа тәсілдер іздей бастайды. «Өздері туралы» повесть арқылы «сол дәуірдегі қауіп-қатерді» жеткізе алмайтындығын түсінген жазушылар сол кезде кең тараған дадаизм мен сюрреализм бағыттарындағы түрлі тәсілдерді қолданады.

Жоғарыда аталған жазушылардың шығармашылығына тән метафора мен экспрессияға қарап олардың шығармаларын «неосенсуализм мектебінің әдебие­ті» («синканкаку-ха-но бун­гаку») деп атауға болады.

Неосенсуалистер үшін «мезгіл үрейі» мен «адамзат баласының өлімі» қашып құтыла алмайтын тағдырдың ауыр сынағы болады. Олар шынайы өмірге енжар қарап, жаңа көркем тәсілдерді ойлап табуға бар күштерін жұмсайды. Осындай ізденіс үстінде Катаока Тэппэй мен Фудзисава Такэо пролетарлық әдебиетке жақындай түссе, «Бунгэй дзидай» журна­лын­дағы басқа жазушылар «Жаңа өнер мектебіне» қарай ығысады. «Неосенсуализм мектебі» үш-төрт жылдан кейін өмір сүруін тоқтатады, ал «Бунгэй дзидай» журналы 1927 ж. жабылады.

Екомицу Риити (1898-1947) — неосенсуализм бағытындағы теоретик әрі көрнекті жазу­шы. Ол 1923 ж. бастап «Бунгэй дзидай» журналының қызметіне белсенді араласады. Осы жылдың мамыр айында жарық көрген «Күн жарығы» («Нитирин») атты повесі әдебиетші­лердің назарына ілінеді. Бұл шығармада оқиға ежелгі жапон патшалықтары Ямато, Нукоку мен Умиде орын алады. Повестің бас кейіпкері сұлулығы өзі күйеуге шыққан бірнеше еркектің өлімі мен елінің құлдырауына әкеліп соққан билікқұмар, кекшіл әйел Химико күн жарығы секілді бүкіл жер бетінде үстемдік орнатқысы келеді. Осы мақсатына жету үшін қанды соғыстар жүргізеді. Бұл шығарма тарихи повеске қарағанда автордың қиялынан туын­даған «эмакимоноға» (эмакимоно – түрлі суреттерден тұратын көлденең бағытта жиналатын шиыр­шық) жақын келеді. Одан Екомицудың жазушы ақиқат шындықты елемей, өзінің ішкі ойы­на сүйенуі керек деген көзқарасын байқауға болады.

Осы уақытта жазылған оның барлық әңгімелері неосенсуализм мектебіне жақын. Оның «Бас пен қарын» («Атама нарабини хара»), «Наполеон және қына» («Напорэон то тамуси»), «Шы­дамды қатар» («Сидзака-на рарэцу»), «Көк­тем арбада келе жатыр» («Хару ва бася-ни ноттэ») атты әңгімелерін мысалға келтірсе болады. 1928 жылы Екомицу романының бірінші бөлімі жарыққа шығып, 1932 ж. «Шанхай» атауымен романның толық нұсқасы жария­ла­нады. Романда жазушының өзі куәгер болған Шанхайдағы шетелдік­терге қарсы қозғалыс сурет­телген. Бұл шығарманы неосенсуализм бағытының ең үлкен жетістігі деп атасақ бо­лады.

Жазушы өзінің «Машина» («Кикай», 1930) атты повесінде адамның жандүниесін ойша суреттеуге тырысады. Шығарма фабрика жұмыскерінің монологы түрінде жазылған. Жазу­шы бұл туындыда да рухани дағдарысқа ұшыраған қазіргі интеллигенция өкілдерінің психо­логиясын ашуға ұмтылады. Осы мәселе жазушының «Қабір» («Синъэн, 1930), «Жарқыл» («Ханабана», 1931), «Елтаңба» («Монсе», 1934), «Сағат» («Токэй», 1934) атты повестерінде де қарастырылады. «Елтаңба» шығармасында автор жалпы адамзаттық мәселелерді қозғап, шығармашылық ізденісін кеңейте түседі. 1935 ж. Екомицу өзінің «Таза романның теориясы» («Дзюнсуй сесэцу-рон») атты еңбегін жариялайды. Осы кезде жазушының шығармашылығы ел арасында танымал болып, тіпті «Роман құдайы» деген атаққа ие болады. 1935 ж. Екомицу «Отбасы кеңесі» атты повесін жарыққа шығарып, бір жылдан соң Еуропаға саяхатқа аттанады.

Кавабата Ясунари (1899-1972) неосенсуализм мектебінің көрнекті өкілі болғанымен, оның шығармашылығы Екомицу Риитидің шығармашылығына мүлдем қайшы келеді. Ол өзінің шығармашылық қызметін «Синсите» қозғалысына қатысудан бастап, осы басылым­ның екінші санында «Соғыста құрбан болғандарды еске алу суреті» («Секонсай иккэй») атты әңгімесін жарыққа шығарады. «Бунгэй дзтдай» журналы құрылғаннан кейін Екомицумен бірге неосенсуализм мектебіне қосылады.

Ясунари жастайынан ата-анасынан айрылады. Оның сол кезде басынан өткерген жағ­дай­лары жазушының шығармашылығында көрініс табады. Ол бүкіл әлемнен оқшауланып, дүние­лік әуре-сарсаңнан өзін аулақ ұстайды. Жазушының 1925 ж. «Бунгэй дзтдай» журна­лын­да жарыққа шыққан «Идзудағы биші қыз» («Идзу-но одорико») атты повесі халық ара­сында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Шығармада оқиға автор жақсы көрген Идзу провинциясында орын алады. Онда жас студенттің кезбе актерлердің қатарындағы биші қызбен кездейсоқ кездесуі асқан шеберлікпен баяндалады. Кавабата өз шығармашылығының бастапқы кезеңінде «көлемі алақандай әңгімелер» («сехэн сесэцу») деп аталып кеткен қысқа әңгімелер жазумен айналысқан. Оның алғашқы еңбегі де «Сезімдер көрінісі» («Кандзе сосе­ку», 1926) атты әңгімелер жинағы болған. «Асакусадағы көңілді қыздар» («Асакуса кодан») атты повесінде автор қарапайым халықтың арасында тұратын гейшалар мен бишілердің өмірін бейнелейді. Ол 1933 ж. жарыққа шыққан «Аңдар мен құстар» («Киндзю») атты туындысында жасанды әсемдіктің әлемін қайта жаңғыртуға тырысады. Бұл повесте автордың сезімді шынайы жеткізу арқылы ерекшеленген өзінің бұрынғы шығармашылық тәсілінен бас тартқанын және оның бүкіл адамзатқа деген жек көрушілік сезімін байқауға болады.

«Қараңғылық дәуіріндегі» әдебиет. 1937 жылы шілде айында Жапония­ның Қытайға қарсы бағытталған соғысы Тынық мұхиты аймағындағы соғысқа ұласып, 1945 ж. жапон империализмінің құлдырауымен аяқталады. Соғыс жылдары жапон халқы мен әдебиеті үшін қараңғылық дәуірі болды.

«Киндай бунгаку» тобының жазушылары енгізген «қараңғылық дәуірі» ұғымы арқылы жапон қоғамындағы қайшылықтардың шиеленісе түсіп, халықтың үлкен қайғы-қасіретке ұшыраған жылдарында болған оқиғаларды жақыс жеткізуге мүмкіндік береді.

«Қараңғылық дәуірінде» жарық көрген еңбектерде тағдырдың ауыр сынағына ұшырап, рухани әлсіреген халықтың қайғы-қасіреті мен мұң-мұқтажы, ашу-ызасы суреттеледі. Осы дәуірге тән сипаттар ретінде әдебиеттің екі майданға бөлінуін атап өтуге болады. Бір май­дан­да әдебиетшілер халықтың тыныш өмірін бұзып, жандүниесін жаралап, қанды соғыс баста­ған жауыздар мен қара күштерге қарсы тұрса, екінші топ басқыншыларға сатылып, олардың қыл­мыстық әрекеттеріне демеу болады.

Қытайға қарсы басқыншылық соғысын жүргізу үшін бүкіл халықтың көмегі қажет болады. Осы мақсатпен билік басындағылар «ұлттық рухты жаңарту» саясаты арқылы идело­гия мен мәдениетті, оқу-ағарту ісін басқарып отырады. 1937 ж. қыркүйек айында бұқара­лық ақпарат құралдарын толық басқарып отыратын министр кабинетінде ақпараттық бөлім құрылады. Бұл ұйым ұлттық саясатқа қайшы келетін кітаптардың шығуына тыйым салады, тіпті кейбір жазушыларға жазуға тыйым салынып, тұтқынға алынып, түрмеге қамалған кездер де болған.Басқарудың осындай қатаң жүйесі мен қуғын-сүргінге бірінші кезекте пролетарлық әдебиетті қайта жаңғырту үшін әрекет еткен жазушылар ұшыраған. Кобаяси Такидзи жауыздықпен өлтіріліп, Курахара Корэхито, Накано Сигэхару, Кубокава Цурудзиро, Миямото Кэндзи сынды жазушылар түрмеге жабылады. Көптеген жазушылардың сәтсіз әрекеттеріне қарамастан Миямото Юрико пролетарлық әдебиеттің дамуы үшін аянбай еңбек етіп, күресін тоқтатпады. Ол Кубокава Инэкомен бірге бірнеше рет тұтқынға түссе де өз қызметін еш тоқтатпайды.

1937 жылы 27 желтоқсанда ішкі істер министрінің қарамағындағы поли­ция­лық бюроның баспа бөлімінің шенеуніктері мен журналистер арасында «достық кездесу» өтеді. Билік басындағылар алдағы уақытта Миямото Юрико, Накано Сигэхару мен Тосака Дзюннің шығармаларының басылуына тыйым салады. 1936 жылы тамыз айында «Бунгаку херон» жу­рналы өз жұмысын тоқтатады. Пролетарлық әдебиеттің таралуына үлкен үлес қосқан «Білім» баспасының басшылары тұтқынға алынады. Жапондық пролетарлық жазушы­лар Одағы таратылғаннан кейін өздерінің ұйымынан айырылған пролетарлық жазушылар «тәуелсіз жазу­шылардың клубын» да жабуға мәжбүр болады. Осылайша, пролетарлық жазушылардың басын қосатын мүмкіндіктер де жоғалады. Жалғыз болса да өз күресін жалғастыруға тырыс­қан жазушылар ақыр соңында сәтсіздікке ұшырайды.

Уақыт өте келе либералдар да қуғын-сүргінге ұшырайды. Цензура қағида­ларын бұзғаны үшін тұтқындылап, түрмеге қамалған жандардың саны арта түседі. «Бүкіл әлем бір шаңы­рақ­тың астында!», «Шығыс Азиядағы жаңа тәртіп үшін» деп ұрандатылған «қасиетті соғысқа» қар­сы шыққан жазушы­лардың барлығы «қоғам тыныштығын бұзғаны» үшін қу­ғын­ға ұшы­рай­ды. Барлық мәдениет қайраткерлері мен жазушыларға ерікті түрде соғыстың әділетті еке­нін көрсетіп, соғысқа насихат жүргізу міндеттеледі. Жазушылардың арасынан өз еріктерімен үкіметтің талаптарына мойынсұнғандар да аз болмай­ды. Осындай еріктілілер бастапқы кезде тілшілік қызмет етіп, соғыс майданы­нан репортаждар жіберіп отырады.

1937 жылы тамыз айында солтүстік Қытай мен Шанхай майданында қыз­мет ететін тіл­ші­лер Одзаки Сиро мен Хаяси Фусао «Тюокорон» журналы үшін, жазушы Есия Нобуко «Сюфу-но томо» журналы үшін еңбектер жазады. Кобаяси Хидэо мен Кисида Кунио «Бунгэй сюндзю» журналының атынан Хино Асихэйге Акутакава сыйлығын тапсыру үшін Қытайға жіберіледі.

Журналдар мен газеттер атақты мәдениет қайраткерлері мен жазушыларды соғыс майдандарына тілші ретінде жиі жібере бастайды. Репортаждық әдебиеттің кең таралуынан біріншіден кейбір жазушылардың қанды соғыста үкіметпен біріккенін, екіншіден халықтың соғыс майданында болып жатқан нақты жағдайларды білуге деген ұмтылысын көруге болады. Кейбір жазушылар соғыс майданына бару арқылы өз шығармаларына құнды материалдар жинап қайтуға үміт артады. Әскери репортаждар әдебиетіндегі шығармалардың ішінен Хино Асихэйдің «Нан және солдат» («Муги то хэйтай») атты повесі үлкен жетістікке ие болады. Бұл шығарманың жетістігі министр кабинетіндегі ақпараттық бөлімнің көптеген жазушыларды соғыс майданына жіберуіне түрткі болады. Осыдан бастап үкіметтің нұсқауы­мен көптеген жазушылар «әскери жазушылар қатарына» («пэн-бутай») қосылып, майданға аттанатын. Дәл осы уақытта «Нихон роман-ха» журналының неоромантиктері мен «Бунга­кукай» журналының сыншылары басқыншылық соғысқа қолдау көрсетіп, қылмыстық әрекеттерді ұлы ерлік ретінде суреттейді.

Қытайға қарсы соғыс басталғаннан кейін Симаки Кэнсакудың «Өмір ізденісі» атты повесі жарыққа шығады. Бұл шығармада жазушы ауыл өмірі мен шаруалардың тағдырына басты назар аударады. Осылайша «Шаруалар жайлы әдебиет» те пайда болады. 30-шы жыл­дар­дың соңына қарай ауыл өмірін суреттейтін Вада Дэннің  «Топырақ» («Екудо», 1937), Ито Эйноскэнің «Үкілер» («Фукуро», 1937), «Бұлбұл» («Угуису», 1938) сынды шығармалары жарыққа шығады. «Шаруалар жайлы әдебиеттің» гүлденуіне сол кездегі шаруалардың әлеу­меттік жағдайына көңіл бөліп, ауыл шаруашылықтың дамуына бағытталған үкіметтік саясат­тың да қосқан үлесі бар.

«Жапон үкіметі халық арасындағы демократияның дамуына кедергі болатын барлық қайшылықтарды жоюы тиіс. Елде сөз, дін, ой бостандығы орнап, адам құқықтарын құрмет­теуге жағдайлар жасалады». 1945 жылы 15 тамызда Жапонияның тізе бүгуінен кейін Пот­сдам декларациясында жазылған осы ұстанымдарға сәйкес елдің мәдениетін бақылауға алған жапон әдеби қоғамы мен Ұлы Жапония баспасөз жұмыскерлерінің Отанға қызмет көрсету қоғамы сынды барлық органдар таратылады. Осы жылдың қазан айында «Қоғамдық тыныш­тықты сақтау» заңы өз күшін жояды. Демократиялық мемлекет құру мақсатында нақты мін­дет­тер алға қойылады. Әдебиет те демократиялану жолына  түседі. Дегенмен фашизмнің қараңғы дәуірінде қайғы-қасіретке ұшырап, көп қиыншылық көрген халық рухани тоқы­раудан бірден айыға қоймайды.

1945 ж. бапасөз бен кітап шығару ісі айтралықтай дами бастады. Алғаш рет «Синсэй» («Жаңа өмір») журналы кейін «Синте бунгэй» («Жаңа бағыттағы әдебиет» журналы пайда бо­ла­ды. 1946 ж. «Тюокорон», «Кайдзо», «Бунгэй сюндзю», «Тэмбо» («Панорама»), «Сэкай» («Әлем»), «Нингэн» («Адам») сынды журналдар өз қызметтерін қайта бастайды.

Қайта жарық көрген журналдардың алғашқы беттерінде Танидзаки Дзюнъи­тиро, Нагаи Кафу, Масамунэ Хакуте, Сига Наоя сынды әдебиет шеберлерінің шығармалары жарық көреді.

Нагаи Кафу өзінің «Биші қыз» («Одорико» 1946), «Тағдырдың тауқыметі» («Футин» 1946) атты шығармаларын соғыс жылдары жазған. 1946 ж. Танидзаки Дзюъитироның «Қар ұшқыны» («Сасамэюки») атты алғашқы романы, Сига Наояның «Күлгін түсті ай» («Хайиро-но цуки» 1946) әңгімесі, Масамунэ Хакутенің «Соғыста бақытсыздыққа ұшырағандардың қайғысы» («Сэнсайся-но цуки») атты повесі жарыққа шығады. Нағыз әдебиетті аңсаған халық осындай шебер жазушылардың шығармаларын үлкен қуаныш­пен қарсы алады.

1945 ж. соңына қарай жаңа әдебиеттің негізі болған түрлі қозғалыс­тар пайда болады. Мұндай қозғалыстарды соғысқа қарсы шыққаны үшін түрмеге қамалған пролетарлық әде­биеттің ардагерлері басқарады. Осындай жаңа қозғалыстардың басынды Миямото Юрико, Накано Сигэхару, Токунага Сунао сынды жазушылар тұрды. 1945 ж. пролетар­лық әдебиет­тің мұрасын пайдалана отырып, демократиялық бағыттағы әдебиетті дамытуға тырысқан жазу­шы­лардың басын қосуға ұмтылған жаңа Жапонияның әдебиет қоғамы («Син-Нихон бунгакукай») құрылады.

Бұл қоғамнан басқа жаңа әдеби топ пайда болады. Соғыс жылдары «Гэндай бунгаку» журналына қызмет еткен Ара Масато, Хирано Кэн, Хонда Сюго, Сасаки Мотоити, Ямамура Сидзука, Хания Юко мен Одагири Хидэо сынды жазушылар 1946 ж. қаңтар айынан бастап «Киндай бунгаку» («Жаңа заман әдебиеті») журналын жарыққа шығарады.

1946 ж. түрлі бағыттағы жаңа шығармалар пайда бола бастайды. Осы кезден бастап жапон әдебиеті өз дамуының жаңа кезеңін бастан кешіреді. 1945 ж. «Син-Нихон бунгаку» журналының дайындық санында Миямото Юриконың «Утагоэ е окорэ» атты мақаласы жарияланады. Миямото Юрико аталмыш мақаласында өзі соғыс жылдары айта алмаған ойларын жеткізеді. Ол «Бансю жазығы» («Бансю хэйя», 1946), «Екі үй» («Футацу-но нива», 1947), «Вехи» («Дохе», 1947) атты шығармаларды дүниеге әкелген.

Миямото Юрико «Бансю жазығы» атты алғашқы повесінде өзінің мақаласында көрсе­тіл­ген шығармашылық ұстанымдарын қолданады. Бұл шығармада 1645 жылғы ұлы оқиғадан кейін елде орын алған нақты жағдайлар шебер бейнеленген. Повесте соғыстың аяқталғанына қарамастан жарық жағуға қорыққан адамдар, атом бомбасының құрбандары, оралмасқа кеткен күйеулерін күтіп, қайғы-қасіретке ұшыраған жесір әйелдер, Отанына, туған жеріне қайта оралуға асыққан корейлердің бейнесі суреттелген.

Аталған шығармада соғыс жылдарынан кейін қоғамда орын алған жағдайлар шынайы суреттелген, одан жарқын болашаққа сенім байқалады. «Бансю жазығы» мен «Футисо» туындылары 1947 ж. «Майнити» газетінің сыйлығына ие болады. «Екі үй» мен «Вехи» туын­ды­ларын «Нобуко» повесінің жалғасы ретінде қарастыруға болады. Бірақ осы повесті аяқта­май жатып жазушы қайтыс болады. «Нобуко», «Бансю жазығы», «Екі үй» мен «Вехи» атты төрт повесть кейіпкер Нобуконың рухани кемелденуі мен жапон қоғамының даму тарихы көрсетілген «Bildungsroman-ды» («жеке адамның даму жолы туралы роман, биографиялық романның түрі) құрайды. Аталмыш туындылар Миямото Юрико шығармашылығының ең үздік жемісі болып табылады.

Миямото Юрико өмірінің соңына дейін тек көркем шығармаларды жазып қана қоймай, сонымен қатар соғысқа қарсы шығып, бейбітшілікке шақырып, жапон әдебиетінің дамуына үлес қосып, публицистикалық еңбектерін де жариялайды. Жазушының соғыстан кейінгі жапон әдебиетінің дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз. Миямото Юриконың қазасынан кейін оның әдеби мұралары жөнінде түрлі пікірлер туындайды. Жазушының шығармашылығын зерттеген әдебиетшілер  Миямото Юриконың шығармашылық жолын бағалауда ортақ ұстанымға келуге ұмтылады. Оның бүкіл шығармалары он бес томдық кітап болып шығады.

Токунага Сунао өзінің соғыстан кейінгі шығармашылығын «Тыныш ұйықта, әйел!» («Цума е нэмурэ», 1946) атты повесімен бастайды. Бұл шығар­ма­да оқиға бас кейіпкердің атымен баяндалып, оның естеліктері негізінде жазылады. Бас кейіпкер «қараңғылық дәуі­рінде» көп қиыншылықтарды басынан өткізіп, марқұм әйелі Тосиомен бірге өлім үрейін де сезінеді. Соғыс қорқынышын өздері де көрген халық бұл повесті асқан сезімталдықпен оқып, шығарманы жоғары бағалайды. Бас кейіпкердің әйеліне деген шексіз махаббаты оқырман­ның жүрегіне әсер етпей қоймайды.

1948 ж. ортасына қарай жапон халқы Үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан үрейлене бастады. Соғыстан кейінгі «Азат ету сезімі» жоққа айналады. Тохо кинокомпания­сын­дағы көтеріліс кезінде қаруланған полиция қызметкерлерінің жұмысшыларға қарсы шы­ғуы сияқты ішкі қайшылықтар орын ала бастайды. 1948 ж. маусым айында жапон мәдениетін қорғау қоғамы мәдени қайраткерлерді жаңа соғыс қаупіне қарсы күресуге шақырады. Дегенмен «сырттан бақылау» позициясын ұстанған мәдени қайраткерлер фашизмнің қайта жаңғыруына қарсы күресу керек екенін сезіне бастайды. Француз халқының ұлтшылдыққа қарсы күресі туралы жазылған Арагонның шығармалары көптеп аударылады.

Кореяда соғыс басталғаннан кейін үкімет жапон коммунистік партиясы мен Жапонияда өмір сүріп жатқан корейлерді қайта қуғын-сүргінге ұшыратып, әлемдік дағдарысты пайда­лана отырып, әлем тарихын өзгертуге тырысады. Мұндай жағдайларға қарсы тұру қоғамдағы өзекті мәселеге айналады.

Демократиялық бағыттағы әдебиеттің дамуы үшін күрестің басында тұрған жаңа Жапо­нияның әдебиет қоғамына мүше жазушылар, атап айтсақ Фудзимори Сэйкити, Эма Накаси, Нома Хироси мен Токунага Сунао 1950 ж. «Дзиммин бунгаку» журналын жарыққа шығара­ды. Олар қоғамда болып жатқан жағдайларды өткір сынға алып, шаруалар мен жұмыс­шыларға сүйенген «жалпы» әдебиетті құруға шақырады.

1945-1990 жылдар. ХХ ғасырда батыс үлгісімен және Күн шығыс елдерінің дәстүрлі мәдениетімен High-tech синтезі қалыптасады. Экономика, ғылым және мәдениет саласында болған жағдайлар жаңашыл жазушылардың шығармашылығында көрініс табады. Атақты жапон прозаиктері мен ақындары жүздеген жылдар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерді қайта жаңғырта отырып, өз шығармашылығында америкалық ғылыми фантастика мен фран­цуз экзистенциализм бағытындағы романдардың типологиялық үлгілерін, сонымен қатар орыс классикалық романдарына тән психологиялық талдау тәсілдерін қолданады. Көрнекті жаңашыл жазушылардың шығармаларында ұлттық дәстүр мен шетел авторларының тәжіри­белері үйлесімділік табады.

ХХ ғ. басында жапон әдебиетінде әлемдік атаққа ие болған жазушы Акутагава Рюноскэ­ның (1892-1927) қайғылы жазылған шығармалары Ф.Кафканың новеллаларын еске түсіреді. Ол орыс әдебиетін жақсы білген, Н.В.Гогольге жақын болған. Мысалы, «Мұрын» әңгімесінің  атауы да, онда орын алған жағдайлар да бір-біріне сәйкес келеді. Бірақ Акута­гава­ның кейіпкері мұрнын жоғалпайды, керісінше оның мұрны адам сенгісіз мөлшерге дейін өседі. Жазушы өзінің таңғажайып әңгімелерінің сюжетін ортағасырдағы жапон және қытай ескерткіштерінен алған. Оның атақты «Расёмон қақпасы» (1917) новелласы ХІ ғ. «Бағзы заманғы повестерден» бастау алады. Жұмысы жоқ жалшы аштықтан өзі сияқты кемпірдің заттарын ұрлайды.

Автордың «Борсық» новелласы адамға айналып кеткен борсық туралы аңызға негіз­де­ліп жазылған. Бірақ Акутагаваның шығармасында керісінше адам борсыққа айналып кетеді. Барлығы мына бір әзілден басталады: кездесуге келмеген бойжеткен қыз сүйіктісінің аяныш­ты жырын естіп, анасына борсық туралы айтып жатыр дейді. Анасы бұған сеніп, көршілеріне айтады. Кейін жыр айтушы борсық туралы әңгіме бүкіл аймаққа таралады, ал будда монах­та­ры бұл оқиғаны бітпес өмір айналымы деп болжайды. Ал новелланың соңында кездесуге кел­ген қалыңдық күйеу жігіттің борсыққа айналып кеткенін көреді.

Сенім, қиял әлемі – Акутагаваның ғажайып шығармашылығының негізі. Шабдалы сүйе­гінен туылған батыр туралы жапон ертегісін пайдалана отырып  жазушы өзінің бас кейіпкері Момотароны еңбекқор қарапайым адамдар тұратын түбекті жаулап алушы етеді.  «Жапон­дар­дың арасындағы ең күшті» Момотаро жергілікті тұрғындарды қырып-жойып, аман қалғандарды құлға айналдырады. Акутагава өз кейіпкерін күшті батыр әрі ақымақ ретінде суреттейді, ал новелланың соңында кішкентай шайтандар батырды кокос жаңғағынан жасалған бомбамен қорқытады. Акутагава ертегіні саясатпен, ойдан шығарылған оқиғаны тарихи шындықпен байланыстырады. Ол қоршаған ортаны бір уақытта қорқынышты әрі күлкілі етіп көрсете білген. Акутагава жастық шағында әскери училищеде ағылшын тілінен сабақ беріп, қысқа әңгімелер жазып, атақты болуды армандап, әділ әрі аңғырт болған. Атақпен бірге қорқынышта келеді. Жазушы талантынан айырылып қалуынан қорқады. Оның анасы рухани дертке шалдыққандықтан, ол да қауіптене бастайды. Өмірінің соңына қарай талантынан айырылып жатқанын сезініп, ұйқысыздық дертіне шалдығады. Үздіксіз дәрі қабылдап, соңында өз-өзіне қол жұмсайды.

.

Акутагавамен қатар жапон әдебиетінің атақты ақыны Исикава Такубоку­ды (1886-1912) ерекше атап өтсек болады. Өзінің қысқа ғұмырында  ақын өмір бойы кедейлікпен күре­сіп өтеді. Ол жаңа жапон поэзиясының негізін қалап, дәстүрлі жапон лирика жанрында жазады: бес шумақты танка және үш шумақты хокку.

Оның көптеген өлеңдері қайғы-мұңға толы. «Жас», «қайғы» сөздері ақынның лексика­сын­да үнемі қолданысқа түсіп отырады. Ол «ағайындық», «нәзіктілік», «ана», «балалық шақ»  сөздерін де жиі қолданған. Жазушы іштей қайғырғанымен, ешқашан болашақтан үмітін үзбей­ді. Исикава Такубоку – нағыз ойшыл және гуманист. Жазушыны жеке басының қайғы­сы­нан гөрі адамзат тағдыры мен халықтың болашағы көп толғандырады. Ол орыс-жапон соғысы кезінде орыс халқы мен оның қаһармандарына құрмет көрсетілген өлеңдер жазады. Оның шығармаларында орыс жазушыларының есімдері де жиі кездеседі. Ғасырдың басында Тургенов, Чехов, Толстой, Достоевский сынды орыс жазушылары жапондықтардың өміріне терең­дей ене бастайды.

Ясунари Кавабата (1899-1972) – жапон әдебиетінің классигі. Ол 1968 жылы Нобель сыйлығының иегері атанып, бүкіл әлемге танымал болады. Сыншылар оған «нағыз жапон прозаигі» атағын береді. Кавабата өзінің шығар­ма­ларында шәй рәсімдері, гүлденген сакура­ның әдемілігін тамашалау сияқты өз халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпын шебер сурет­те­ген. Ол Х-ХІ ғ. жапон жазушысы Мурасаки Сикибудың «Гэндзи-моногатари» рома­ны, Х ғасырда өмір сүрген Сэй Сёнагонның «Жастық астындағы жазбалар» шығармасы мен Мацуо Басёның поэзиясына, жапон ортағасыр әдебиетінің рухани құндылықтарына сүйен­ген. Жазушы өзінің жаңашыл-кейіпкерлерін  ата-баба дәстүрін берік ұстанғандар ретінде суреттейді.

Жазушының «Идзудан келген биші» атты повесі үлкен жетістікке жетіп, жазушыға атақ әкеледі. Идзу — Жапониядағы ең жылы аймақ. Басты кейіпкер Токиода оқып жүрген студент кезбе актерлердің тобындағы биші қызбен кездесіп, үлкен бақытқа кенеледі. Жас биші қыз студент жігітті ұнатып қалады, бірақ кейін әрқайсысы өз жолдарымен кетеді. Мұндай ажырасуға қарамастан, кейіпкер өзін бақытты сезінеді, себебі махаббат – адамның жүрегінн апаратын жол. Жазушының алғашқы әңгімелерінде Кавабатаның М.Пруст, Дж.Джойсқа еліктегені байқалады. Кавабата өзінің шағын прозаларында жапон көркем суретінің классикалық бейнесін қайта жаңғыртады. «Бамбук дауысы, шабдалы гүлі» атты әңгімесінде автор шатқалдың үстінде кеуіп қалған қарағайға үлкен мән береді. Қарт Мияков әр кез үйінен шыққан сайын кеуіп қалған қарағайды көреді де, оны жамандыққа жориды. Бірақ бір күні өлген қарағайдың басына қонған сұңқарды көріп нағыз бақытты сезінеді. Себебі сұңқар – күш пен ұзақ өмірдің нышаны.

Ясунари «Қарлы елді мекен» (1934-1947) атты романын жазуды Екінші дүниежүзілік соғысына дейін бастап, Жапонияның жеңіліске ұшыраған кезінде аяқтайды. Романда сол жылдары бүкіл әлемде, Жапонияда орын алған жағдайлар суреттеледі. Қар жапондықтар үшін – тазалық пен жылулықтың нышаны. Кавабата «қарды елді мекен» деп Жапонияның солтүстігінде орналас­қан Ниигата провинциясын айтады. Шығарма кейіпкері Симамура жас әдемі гейшаны көру үшін Токиодан осы жерге екі рет келеді. Романның бас кейіпкер — Еуропа мәдениетіне қызығушылық танытқан жапон зиялысы. Симамура өзі мүлдем көрмеген классикалық балет туралы мақалалар жазып, тек атауын ғана білетін батыс фильмдері туралы пайымдаулар жасайды.

Романда гейша Комаконың бейнесі Симамураға қарсы қойылады. Ол өзі сүйетін күйеу жігіті үшін өзінің абройын да құрбан етеді. Симамура қызға тәнті болып, үлкен махаббатқа бөленуді аңсайды. Романда оқиға шалғайда орналасқан қарлы аймақтағы өртпен аяқталады. Бұл апатқа қарсы барлық адам біріге бастайды, тек Симамура ғана немқұрайлық танытады. Ясунари Кавабата өз кейіпкерін сынға алудан бас тартып, оны оқырманның еркіне қалдырады.

«Мыңдаған қанатты тырналар» (1951) атты романы жапон өнер академия­сының сыйлы­ғына ие  болады. Бұл шығармада ұлттық дәстүрлер асқан шеберлікпен суреттелген. Романда негізгі оқиғалар шәй рәсімімен бірге жүреді. Жас жігіт Кикудзидің әкесі ескі рәсімнің шебері болады. Жапондықтарда «шай жолы» —  тазалық пен жетістіктің жолы, қоршаған ортамен үйлесімді бірлікке жету жолы деген түсінік бар. Әкесінің жақын достары жас жігітті шәй рәсіміне шақырады. Роман тілінің қарапайымдылығы және түсініктілігімен ерекшеле­неді. Кикудзи ата-анасының өлімінен кейін баспана мен шәй үйіне, сонымен қатар әкесі мен анасына жақын адамдарға мұрагер болады. Роман кейіпкерлер осы адамдармен кездескен кезде өзінің әкесін терең түсіне бастайды, оның ойы мен сезімін басынан кешіріп, ата тегін жалғастырушы болады. Жапондықтар үшін тырна бақыт пен саулықтың нышаны. Бұл құс әкесінің досының қызы Юкиконың орамалында да әшекейленген. Тырна жас кейіпкерлердің некеде  бақытты болатынына және Юкиконың әдемілігі мен рухани тұрақтылығы түрлі ойда жүрген жас кейіпкердің жандүниесіне шипа болатынына сенім береді.

«Таудан шыққан дыбыс» (1953) атты  романы отбасы хроникасы ретінде жазылған.  Отағасы Синго кезінде әйелі Ясукоға оның үлкен әпкесіне ғашық болған­дықтан үйленеді. Олардың бұл некесі асқан бақыт та, қайғы да әкелмейді. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген жауапкершілігі махаббат құштарлығынан әлдеқайда жоғары болады. Сәтсіздік пен қиыншылықтар балаларының отбасында басталады. Олардың қызы Фусако есірткі сатумен айналысатын күйеуінен балаларын алып кетіп қалады. Ол өзінің күйеуін жақсы көреді, бірақ күйеуі полицияның қолына түсіп, соңында өз-өзіне қол жұмсайды. Қарт Синго мен Ясуко немерелерін қатты жақсы көреді және ұрпақтарының ары қарай жалғасқанын қалайды. Шығармада оқиға тау етегінде орналасқан шағын қала Камакурада орын алады. Бұл елде кімде-кім таудың ыңырсығын даусын естісе, өлімнің жақындағанын білдіреді деген түсінік қалыптасады. Кавабата өз шығармасында табиғат әсемдігі, гүлденген бақтар мен таудың көрінісін шебер суреттейді.

Ясунари Кавабата өмір бойы қоғамдық өмірден өзін алшақ ұстап, саясаттан да бас тартады. 1968 жылы Кавабата Нобель сыйлығын алғаннан кейін оның өмірі күрт өзгеріп кетеді. Ол жапон жазушыларының ПЕН-клубын басқарады, көп саяхаттап, аз жазып, жиі күйзеліске ұшырайды. Соңында жүйкесі жұқарған жазушы газбен уланып өледі. Мұндай шешімге өзінің шәкірті әрі досы Ю.Мисиманың қайғылы өлімінен кейін келеді. Квабата өзінің болашағын білместен досы туралы «Бұл әлем қаншалықты жат болғанымен, өз-өзіне қол жұмсау кемелдікке әкелмейді» деп айтады. Екі жылдан кейін жазушы да өз-өзіне қол жұмсайды. Негізі, өз-өзіне қол жұмсау жапон менталитетіне тән құбылыс.

Юкио Мисима (1925-1970) тек  шығармашылығымен ғана емес, сонымен қатар тұлға­лық ерекшелігімен оқырмандарды таңқалдырған. Оның шын есімі – Кимитакэ Хираока, бірақ ол өзіне өлімнен басы айналған шайтан мағынасын­дағы лақап атын таңдайды. Жазу­шы­ның шығармаларында кейіпкерлер жақын­да­ры­на, соңында өздеріне де өлім әкеледі.

Мисима атақты жанұяда дүниеге келген. Жастық шағында музыка мен театрға қызығушылық танытып, университетте оқыған. Кейін физикалық күшке жету үшін карате, кэн-домен айналысқан. Ол жазуды ерте бастайды. Оның «Бетперде тәубәсі» (1949) атты алғашқы автобиографиялық романы үлкен жетістікке жетіп, жазушыға атақ әкеледі. Бастап­қыда баяндау үлгісі дәстүрлі болып көрінеді. Әжесінің тәрбиесінде өскен бала тез ер жетуге ұмтылады. Ол өзінің ішкі сезімін жолдасының қарындасына ашық айтады. Бұлардың махаб­бат­тары соңында тоймен аяқталуы керек, бірақ қорыққан күйеу жігіт қашып кетеді. Ал қызбен қайтып кездескісі келген кезде, қыз күйеуге шығып кетеді.

«Махаббат құмарлығы» (1950) атты романында жас жесір әйел қайын атасының жақындығынан бас тартпастан, жас бағбанға  ғашық болады. Эцуко – текті әулеттен шыққан әйел, ол өз сезімдерін ашып айтпаса да, жандүниесінде түрлі толқындар тулап жатады. Оның күйеуі оған ашық түрде көзіне шөп салады. Бірақ ол сүзек ауруына шалдыққан кезде әйелі оның қайғысына ортақтасып, мейірімділік танытып, қамқорлық көрсетеді. Намысы тапталған әйел күйеуінің әрекеттеріне қарамастан, күйеуі үшін өзін құрбандыққа шалуға дайын болады. Эцуко ауылда өзін жалғыз сезінеді, оның жалғыз сүйікті ісі – әсем табиғатта сер­уендеу. Шығармадағы пейзаждар оқырманды таңқалдырады. Эцуко өзінің күнделікті өміріне дағдыланып қалады, оған қоса момын бағбанға ғашық болады.  Оның сезімі қызғаныштан басталады. Ол өзінің жалшысы мен бағбанның арасындағы жақындастықты байқап қалады да, оның махаббат сезімі арта түседі. Оның бойындағы мейірімділік қатігездікке айналады. Соңында жас жігіттің құшағында шексіз бақытты сезінген әйел намыстан жарылып кете жаздайды да, жігітті аяусыз өлтіреді.

Мисиманың шығармаларында махаббат ұғымы «қанмен» қатар жүреді. Бірақ бұл жапон әдебиетіне тән емес құбылыс болатын. Мисимидің кейіпкерлері арасындағы махаббат қаты­нас­тары өмір емес, өлім үшін күреске айналады. Эцуконың махаббаты әу бастан өзімшілдік пен қатыгездікке толы болатын. Жазушы адамзат өмірі елестердің жиынтығы, тек өлім ғана ақиқат деген тұжырымға келеді.

Жазушының қалдырған мұрасы ұшан теңіз. Мисима ондаған роман, новеллалар мен пьесалар жазған. Оның ең жемісті кітабы «Алтын мазар» (1956) атты шығармасы шынайы оқи­ғаларға негізделген. 1950 ж. буддалық мазардың тыңдаушысы Кинкакудзи ертедегі Жапо­­ния астанасы Киото қаласындағы ескерткішті өртеп жібереді. Автор өз кейіпкерінің ақылға қонымсыз әрекетін түсіндіруге тырысады. Ол алтын мазардың таңғажайып кереметін бірден түсінбейді, ал оның әдемілігіне тәнті болған кезде, ол мазарға ғашық болып қалады. Кейіпкердің  мазарға деген махаббатының шексіздігі соншалық, ол мазарды тек өзінікі болуын қалайды. Монах лаулап жатқан  мазарға енгісі келеді. Бірақ мазардың есіктері жабы­лып, ол ішке ене алмайды.

Юкио Мисиманың прозасында өлім туралы жиі айтылады. Мұның себебін тек автордың дүниетанымымен ғана емес, сонымен қатар сол уақытта орын алған жағдайлармен де байла­ныстыруға болады. Соғыс пен Хиросима және Нагасаки қалаларындағы атом жарылысы да жазушыға өз әсерін тигізбей қоймады. Жазушы Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліске ұшырауын  ұлттың масқара болуы деп қабылдайды. Осыған орай оның самурай дәстүріне деген қызығушылығы басталады.

Жазушының «Патротизм» новелласында саяси қастандыққа қатыспаған жапон әскерінің офицері өзінің бұрынғы достары, яғни қастандық ұйымдастырушыларды өлтіруге міндетті болады. Ол бұл мәселенің шешімі ретінде достарын өлтіріп, арынан айырылғанша әйелінің көзінше өз-өзіне пышақ салып, өмірімен қоштасады. Әйелі де күйеуенің артынан кетеді. Жас офицер «Император әскері жасасын!» деген хат қалдырады. Шығарманың негізгі мақсаты солдаттың адамгершілік қасиеттері мен оның қаһармандығын көрсету болып табылады.

Юкио Мисима – ХХ ғ. ерекше дарынды драматургтардың бірі. Ол «Но» ежелгі жапон театры­ның дәстүрлері мен қазіргі Батыс Еуропа драматургиясының жетістігін шебер үйлес­тіре білген. Жазушы «Ханьдань жастығы», «Комати құлпытасы», «Қамқалы барабан» атты пьесаларында ортағасырдағы сюжеттерге сүйеніп, ондағы адамгершілік құндылықтарына күмән келтірместен, ирониялық тұрғыда оларды қайта қарастырады. «Ханьдань жастығы» пьесасында жас бала түсінде бақыт пен қайғыға толы келешегін көреді, бірақ сиқырлы жастық оның өмірге деген құштарлығын оятады. Келесі екі пьесада қарттықты ұмыттырған махаббат жайлы айтылады. Себебі махаббат адамның жүрегінде мәңгі сақталмақ.  «Маркиза де Сад» (1965) драмасының кейіпкерлері құштарлық пен жек көрушілік, мейірімділік пен сатқындық туралы толғанады. Шығарманың кейіпкері он сегіз жыл бойы өз өмірін не түрмеде не болмаса жындыханада өткізеді. Маркиза де Сад жылдар бойы күйеуіне адал болып, қайғысына ортақтаса отырып, оны түрмеден шығарып алуға тырысады. Бірақ күйеуі бостандыққа шыққанан кейін, ол монастырьға кетеді. Юкио Мисиманың «Менің досым Гитлер» (1968) атты шығармасының жарыққа шығуы қоғамда үлкен жанжал туғызады. Пьеса атауының өзінен жазушыны айыптауға болатын, бірақ автор қулыққа барады. Себебі Эрнест Рем Гитлерді өзінің досы деп атайды.

Жазушы 1970 жылы 25 қараша айында өзінің қаруланған жақтастарымен бірге Токио базасына барып, солдаттар мен офицерлерді саяси төңкеріс жасау үшін батыл әрекет жасауға шақырады. Қолдау таппаған жазушы өз-өзіне пышақ салып, өмірмен қоштасады.

Кобо Абэ (1924-1993) – көрнекті жапон прозаиктерінің бірі. Медициналық білім алға­ны­мен, дәрігер болудан бас тартады. 50 жылдары әңгімелер мен повестерін жарыққа шыға­рып, әдебиет саласындағы Акутагава атындағы сыйлықтың иегері атанады.

Кобо Абэның «Құмдағы әйел» (1962) атты алғашқы романы оның халық арасында кең тарап, жазушыға үлкен табыс әкеледі. Жазушы дәстүрлі жапон менталететі мен еуропа философиясын шебер үйлестіре отырып, күмәнді оқиғаларды нақты сенімділікпен жеткізеді.

Қарапайым мұғалім автордың құрдасы әуесқой энтомолог Ники Дзюмпей демалыс кезінде ешкімге айтпастан сирек жәндіктерді іздеуге шығады. Кенеттен пария кастасының қолы­на тұтқынға түседі.  Оларды Никиді ұрлап кетіп, жалғыз әйел мекендейтін құмды шұңқырға қамап тастайды. Бұл жерден шығуға талпынғанмен, барлығы да сәтсіз аяқталады. Егер құмды үнемі тазартып отырмаса, ол өмір бойы шұңқырда қалады да, шұңқыр олардың моласына айналады. Тұтқын мен әйелдің арасында махаббат оянып, аман қалу үшін бірлесіп еңбек етеді. Құммен күрескен еркек пен әйелдің бұл оқиғасы А.Камюдің «Сизиф туралы миф» атты шығармасын еске түсіреді. Олардың еңбектері де жеміссіз және үнемі қайталанып отырады. Бірақ бір айырмашылығы, шұңқырды құмнан тазарту олардың аман қалуының бір ғана жолы болып табылады. Егер тағдырдың сынағынан өте алмаса, екеуі де қаза болады.

«Бейтаныс келбет» (1964) атты романында қайғылы оқиға баяндалады: ғалым-тәжі­ри­беші сұйық оттегі жарылысының құрбаны болады. Оның беті  өртке шалдығып, ол бетперде киюге мәжбүр болады. Кобо Абэнің әңгімесі бойынша, келбетінен айырылған адам өзін де жоғалтпақ. Зардап шеккен адамның ең негізгі мақсаты жаңа келбетке ену болады. Ешқандай амалы қалмаған зардап шегуші бейтаныс біреудің келбетін сатып алады. Бірақ кейіпкер өзін жек көріп, бүкіл адамзаттың қас жауына айналады. Соңында өзін жоғалтып, қанішерге айналады. «Бейтаныс келбет» романында кейіпкердің аты аталмайды. Романының бас жағында жазушы Ф.Кафка және А.Камюдің тәжірибесіне сүйенген.

Жазушының «Өртенген карта» (1967) романында оқиға отыз төрт жастағы Хироси Нэмуроның жоғалып кетуімен басталады. Оны іздеп табу үшін әйелі арнайы агент жалдайды. Оқиға романның жарыққа шыққан жылы орын алады, ал оның бас кейіпкері автормен құрдас. Жазушы бұл әңгімені қазіргі заманға сай баяндап, бас кейіпкерді өзінің жақтаушысы ретінде сипаттайды. Шығармада оқиға  америкалық детектив секілді баяндалады: жапондық тыңшы түрлі жағдайларға тап болып, есірткі және адам саудасымен айналысатын топтарға түседі. Автор техникалық жетістіктердің зардаптарын көрсетіп, компьютерге сеніп кетіп, жауапты сәттерде нақты шешім қабылдай алмайтын жандар мен қылмысты істермен айналысудан басқа шаралары қалмаған миллиондаған адамдардың бейнесін жасайды.

Шығарманың кейіпкері Хироси Нэмура өзі қызмет етіп жүрген алып фирманың жеке бөлшегіне айналып бара жатқанын сезініп, бұл ойынан шығып, жоғалып кетпекші болады. Осы арқылы ол өзінің тұлғалық ерекшелігін сақтап қалмақшы еді. Өмірдің шындығынан бас тарта отырып, ерекше сюжеттер құрастырған жазушы үлкен қалалардағы көшеде бос жәшіктер мен қорапты мекен еткен қайыршыларды көріп, «Қораптағы адам» (1973) атты романын жазады. Шығарманың кейіпкері – әлеуметтік ортадан оқшауланған философ. Ол адамзат қоғамдастығынан бас тартып, бүкіл әлемнен алшақтап, қарапайым адамдардың қарым-қатынасынан жасандылық пен қылмысты ғана көреді. Кобо Абэнің шығармаларында әйел бейнесі мәңгілік өмірдің нышаны ретінде көрсетіледі.

Кобо Абэнің «Нұх кемесіне кіргендер» (1984) атты соңғы романында бұрынғы шығар­маларында кездескен мәселелердің барлығы топтастырылған. Сондықтан оның бұл шығар­ма­сы өте күрделі шыққан, онда фантастикалық жағдайлар мен кейіпкерлердің әрекеттерінде қайталаулар жиі кездеседі.

Кобо Абэ өзін шебер драматург әрі режиссер ретінде көрсете білді. Ол  «Дәу туралы аңыз» (1960), «Бекініс» (1962), «Тоқпаққа айналған еркек» (1969) сынды фантастикалық пьесаларды дүниеге әкеледі.

Кэндзабуро Оэ (1935) – роман жазушы, новеллист, публицист. Ол 1994 жыл Нобель сыйлығының иегері атанады. Токио университетінде француз әдебиетін оқыған. Орыс проза­сына, әсіресе Ф. Достоевскийдің шығармашы­лы­ғына қызығушылық танытады. 1951 ж. оқу­шы Оэ Достоевский шығармаларының үзінділерінен тұратын хрестоматияны шығарады. Кейін атақты прозаик Оэ былай дейді: «Мен жазуды орыс әдебиетінен үйрендім. Жаңа заман­дағы жапон әдебиеті орыс әдебиетінен үйренді және әлі де үйреніп келеді… Өмірді шынайы бейнелеу мен адамның жан дүниесіне үңілуде Толстой мен Достоевскийдің үлесі зор. «Ағайынды Карамазовтар», «Соғыс пен бейбітшілікті» және «Анна Каренинаны» бірнеше рет қайталап оқыдым».

Жазушы Уильям Блейк пен Уильям Батлер Йетстың поэзиясын құрмет тұтып, жаңа замандағы жапон әдебиетшілерінен Ясунари Кавабатаны ерекше қадірлеген.  Жазушының «Шегінген жастар зертханасы» (1960) атты әңгімесі және «Кешіккен жастар» (1962) рома­нында соғыстан кейінгі өз елінің жеңілісі үшін қайғыға батқан ұрпақтары туралы айтылған.

.

Кэндзабуро Оэның «1860 жылғы футбол» (1967) атты романы халық арасында кең тарап, жазушыға үлкен жетістік пен әлемдік атақ әкеледі. Шығармада жүз жыл бұрынғы шаруалар көтерілісі баяндалады. Көтерілісті ұйымдастырған жас жігіт үшін бұл көтеріліс кедейлердің әлеуметтік қарсылығы емес, футбол ойыны сияқты көрінеді. «Су менің рухыма дейін қоршап алды» (1973) атты романында Хиросима мен Нагасаки қалаларындағы атом жа­ры­лысынан зардап шеккен Жапония туралы айтылады. Романның бас кейіпкері Нисана атом соғысының басталуынан қорқып ұлымен бірге бетондалған баспанада паналауға мәж­бүр болады. Ол автор сияқты әлеуметтік қайшылықтардың себебі адам мен табиғат арасын­дағы байланыстың үзілуінен деп түсінеді. Нисана киттер мен ағаштардың жанын түсініп, өзін теңіздер мен ормандардың қорғаушысы ретінде сезінеді. Жер бетінде орын алған түрлі қайшылықтардың шешілуі үшін адамдар барлық тірі жаратылыстың даусын ести алуы тиіс.

Кэндзабуро Оэ романның атауын «Ұлы Өсиеттен» алады: топан су адамзат­тың жоғалып кетуіне қауіп төндіреді. Кэндзабуро Оэ – көркем әдебиеттің дамуына зор үлес қосқан көр­некті жапон жазушыларының бірі. Оның шығарма­шы­лы­ғына шетелдік және жапондық зиялылар да қызығушылық танытқан. Әдебиет шынайы өмірдің айнасы болғандықтан, ол сол елдегі тарихи фактілермен тығыз байланысты. Ал ХХ ғ. екінші жартысындағы Жапонияның саяси жағдайына көз жүгіртсек, мұнда дәл осы кезеңде қанды соғыстар мен таптық қайшылықтар  белең алған еді.

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы жаңа заман әдебиетіндегі журналис­тика, проза және поэзияның әр сарында дамуынан бұл әдеби аймақтағы ақын-жазушылардың көздеген мақсаттарынан хабардар бола аламыз. Ал, дәлірек айтқанда, реалистік бағыттың дамуымен мұнда әйел теңдігі, қоғамға тән кереғар жағдайлар, ой және сөз бостандығы, мәңгі өшпес махаббат тақырыбы белең алады. Мұндағы махаббат тек екі жастың арасындағы сезім ғана емес, сонымен қатар елге, жерге деген шексіз сүйіспеншілік көрсеткіші болады.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.