Жастар айтысы

Главная » Рефераттар » Жастар айтысы

Мыңдаған жыл бойы сыр-сипатымен кемелдене дамып, бүгінгі күнге дейін жеткен айтыс дәстүрлі жаңа дәуірдегі ұлтымыздың қоғамдық болмысты ерекше тәсілмен бейнелеп, салттық сипат алатын өнердің бір түрі. Айтыс өнерінің түрлері жөнінде көптеген зерттеулер, ғылыми тұжырымдар жасалған. Тұңғыш ғұлама Ахмет Байтұрсынов, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов, зерттеушілер С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, т.б. ғалымдарымыз бұл туралы кең, әрі терең ғылыми еңбектер жазғаны белгілі. Онда олар айтысты жалпы үлкен екі топқа бөліп қарастырады: салттық айтыс (салт- дәстүр айтысы), енді бірі – ақындар айтысы. Ақындар айтысын «сүре айтыс», «түре айтыс» деп те атайды. Бұл айтыстың сипатына қарай бөлінуі. Салттық айтыс – жеңу, жеңілуді мақсат тұтпайды, бұл көбіне жаттанды өлең немесе қысқа қайымдасу түрінде айтысатын айтыс түрінде түсіндіріліп келеді. Ол ауыл-аймақтағы той-томалақта, қыз-жігіттер бас қосқан бастаңғыларда, әзіл түрінде, болмаса жұмбақ айтыс, қайым айтыс түрінде айтылады. Ал айтыс өнерінің биік сатысын көтерілген күрделі түрі – ақындар айтысы. Әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді шарпу дәрежесіне дейін баратындықтан, ол нағыз ақындық, жекпе-жек белдесу, намысқа шабу сипатын алады. Ондағы жеңу-жеңілу ел есінен мәңгі кетпейді. Мысалы, Қатаған мен Сүйінбайдың айтысы, Құлманбет пен Жамбылдың айтысы осындай айтыстар. Біріншіден, қырғыз ақыны Қатаған бір таудың қуысындағы аз қырғызды айтам деп, аузынан құтырып, қазақтың намысын қорғаған Сүйінбайдың оң жамбасына қалай келіп қалғанын өзі де сезбей қалады. Сонда Сүйінбай сөзді арыдан қозғап, қазақтың барлық ру- тайпаларын жіпке тізген маржандай қылып елдігін, бірлігін жырлап, Қатағанды жер қаптырады. Міне, нағыз айтыс деп осыны айтуға болады. Қазіргі айтыстың деңгейін де осыдан кем түседі деп айта алмаймын, десе де жағаны ұрған жас тасқындай айтысқа жаңадан келіп жатқан жас таланттылар ақындар айтысынан гөрі, салттық айтысқа бейімделіп барады. Мысалы, қазіргі айтыста белең беріп жүрген бір ауқым формализм, яғни нысаналы тақырыптарға байланушылық басым. Қазіргі жас ақындарға, айтыста мына мазмұнды айтысыңдар деп тақырып беріп, көрсетілетін жағдайлар да жоқ емес. Сондықтан жастар айтыс барысында, берілген сол тақырыпқа еріксіз не ерікті азды-көпті соқпай өтпейді. Егер соның ішінде кейбір ірі саяси тақырыптар бойынша айтысуға зорланса, ол жасанды, шектеулі, өлі айтыс болады да шығады. Тіпті, формализмге алып барып соғады. Ол түптеп келгенде жасандылыққа, тұрпайылыққа бастайды. Қазіргі жастар айтысының ақиығы, тап берменнің тарланы деп Жандарбек Бұлғақовты айтуға әбден болады. Мысалы, оның әйгілі айтыскер Балғынбек Имашевпен айтысы – айтыстың барлық бояуын бойына сіңірген айтыс. Айталық, «қар кеткенмен, ақ жаулықты анадан зер кеткен жоқ» деп, өз басын емес, бүкіл алаштың мұңын мұңдап, жоғын-жоқтайды. Енді бірде: «Хан үйінде сөйлейін Сүйінбайдай»– деп өзінің шындықты айтудан әсте тайсақтамайтынын әйгілейді. Міне, бұл жастар айтысына тән ерекшеліктерді толық көрсетіп бере алады. Айтыс туралы деректерде М. Әуезов «Айтыс – халық ауыз әдебиетіндегі, өзіндік ерекшелігі мейлінше мол күрделі жанрдың бірі» – деп өте білгірлікпен сипаттама берген. Шындығында айтыс өнерінде өлең де, театр да (драма), ән де, музыка да, тіпті ұлттық мәдениет пен салт-сана да бар. Соның ішінде өлең түріндегі драма негізгі орында тұрады да, қалғандары онымен кірігіп, тұтас тұлға болып жасампаздық өнердің дара түрін қалыптастырады. Ол диалог түрінде өлең, өнер жарысы болғандығы үшін де «айтыс» деп аталады. Сондықтан қазіргі жас ақындар айтысты айтыс қасиетімен танымай тұрып, оның ұлттық тарихи жалғастығын сақтап, нағыз айтыс төрінен орын алуы мүмкін емес. Сол үшін жастар халқымыз әлденеше мың жыл, қырқасында қаймағын бұзбаған қалпында сақтап келген, қасиетті қарт өнерімізді көрініс үшін ғана емес, үлкен жауапкершілікпен танып, халықтың дарын-қуатымен танытатын және рухани салтанатын көтеретін ұлттық-дәстүрлік ерекшелігін жоймай, айтыстың түп қазығы, шындық қасиетін сақтап, жасандылықты, көпірмелілікті, жалған мақтанды, көз бояушылықты барынша шектеп, өмірдің күнгейі мен теріскейін, озық пен тозығын тең жырлауын үміт етеміз.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.