Жастардың əлеуметтену мəселелері

Главная » Рефераты на русском » Жастардың əлеуметтену мəселелері

Қоғамның тұрақтылығы балансының негізгі талаптарының бірі -əлеуметтік жүйені құрайтын адамдық əлеуетті қалыптастыру. Адамдық əлеует дегеніміз тек қана халықтың демографиялық əлеуметтік жағдайы ғана емес, сапалы əлеуметтік капиталдың құрамдас бөлігі болып табылады. Ал қоғаманың негізгі қозғаушы күші ретінде жастардың əлеуетін арттыру жəне оны елдің дамуы бағытында қолдану – мемлекеттің негізгі міндеті. Ал адамдық əлеует дұрыс əлеуметтену үдерісінен өткен индивидтерде көрініс табады. «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы 2004 жылғы 7 шілдедегі 581 тұжырымдамасы» бойынша, жастар дегеніміз – Қазақстан Республикасының он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейiнгi азаматтары. 2009 жылы жүргізілген санақ бойынша, 14 пен 28 жас аралығындағы жастарымыз саны – 4 044 660. Халықтың үштен бірін құрайтын жастар – қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын капиталы, бүгінгі стартегиялық мақсатардың ертеңге жүзеге асырушысы. Сондықтан да жастардың білімді, дəстүрмен қатар заманнның озық құндылықтарын меңгерген, бəсекеге қабілетті болғаны дұрыс. Осы тұста жастардың дұрыс əлеуметтенуінің маңызы зор.

Əлеуметтену дегеніміз – үздіксіз жүретін əлеуметтік үрдіс. Адам туылғаннан бастап, өмірден өткенге дейін жүреді. Қоғамға қалыпты бейімделген, қалыптасқан немесе жаңа əлеуметтік нормаларды игерген адам қоғамда тұлғалық дамуға, жүйелі өмір сүруге қол жеткізеді. Əлеуметтену алғашқы реттік, жəне екінші реттік болып бөлінеді. Алғашқы реттік əлеуметтену отбасыда жүреді. Одан кейінгі əлеуметтену бала-бақша, мектеп, əлеуметтік ортада, т.б. жалғасын табады. Негізінен əлеуметтену үдерісінің негізгі агенттеріне отбасы, білім, неке сияқты əлеуметтік институттардың əсері мол. Отбасыда алған – тəрбие, білім беру мекемелерінде алған – білімі жəне тағы басқа университетрінен алған түрлі оң құндылықтар адамның өмір бойы дұрыс, сапалы өмір сүруінің кепілі болады. Дегенмен, бұл – əлеуметтенудің қалыпты түрі. Ал қоғамда отбасыда туылмаған, отбасы институтынан тыс адамдар да бар (жетім балалар, көше адамдары, т.б.). Немесе белгілі бір объективті, субъективті факторларға байланысты білім беру институттарынан тыс қалғандар да бар (орта немесе жоғарғы білімі жоқ азаматтар). Сондықтан да қоғамда адамдардың əлеуметтену үдерісі өте күрделі жəне өзекті мəселелердің біріне жатады. Адам өмірінің циклдік қарастырғанда өсу, өрлеу шағы болып табылатын жастық шағының негізгі субъектілері болып табылатын жастардың дұрыс бағдарлануы олардың келесі өмірінің жартылай іргетасы болады десек қателеспейміз. Жартылай деп айтуымыздың бір себебі, адам бойындағы біршама құндылықтардың негізгісі балалық шақта қалыптасатыны жасырын емес. Əлеуметтену үдерісінде адамды өзіндік мақсат ретінде Г.Абдикерова қарастырады.[1, c. 153] Тəрбиелеу мен білім беру институттарынан өткен адамның одан əрі жетілу, яғни əлеуметтенуі барысында адамның өзін мақсат ретінде қоя білуі маңызды рөл атқарады. Мысалы, адамның өзін өзі басқару, игеру, жетілдіру деңгейі жоғары болған сайын, сыртқы орта əсері аз болады. Ал керісінше жағдайда сыртқы ықпалдың деңгейі мол. Осы тұста жастардың өз уақыттарын дұрыс ұйымдастырмауы, өзін-өзі игере алмауының салдарынан түрлі орта əсерлеріне ұшырап отыр. Мəселен, субмəдениет, секталар, қылмыстық топтардың, т.б. дұрыс əлеуметтенбеген немесе маргинал жағдайдағы жастарға ықпал етіп отыр. Дегенмен бұл жастардың құндылықты бағдарланған жолы болуы да мүмкін. Бірақ осының əсерінен, қоғамда дисбаланс жағдайы орнап, жастарың теріс жолға түсуі артып отыр. Енді, өзін- өзі игреген, яғни өзін басқара білген əлеуметтену үдерісінде адам өзіндік мақсаттарын жүзеге асырады. Дəл осы орайда тағы да жастарға үңілсек, өзін басқара білген жас өзін жетілдіруге бағытталады. Үздіксіз білім алу, отбасы құру, қоғамға қызмет ету, т.б. ортақ классикалық құндылықтарды жүзеге асырады. Əрине, жастардың өзін-өзі басқаруы мен сыртқы орта ықпалына түсуі əсерінің салдары – бұл бүгінгі жастардың əлеуметтенуін ашатын тек бір ғана өлшем екенін еске салғым келеді.

Сəтті əлеуметтенудің нəтижесі əлеуметтік байланыстар, қоғамдық қатынастар жəне жалпы жұртпен қабылданған мəдени құндылықтар орнату мен оның əрі қарай дамуын қамтамасыз ететін нормаланған əлеуметтенумен түсіндіріледі. Əлеуметтену нормасы индивидуальды деңгейде бұл – адамның жас ерекшелігі жəне индивидуальды-психологиялық сипаттамаларын ескеріп жан-жақты əлеуметтенуіні. Ал қоғамдық деңгейде ұрпақтан ұрпаққа əлеуметтік нормалар мен мəдени құндылықтарды берудің ережелерінің қалыптасқан жиынтығы. Əлеуметтену нормасы əлеуметтік нормамен тығыз байланысты. Əлеуметтік нормаларға индивидтің бейімделуі мен интериоризациясымен жүзеге асады. Ковалева А.И əлеуметтену нормасы 3 түрлі типін көрсетеді: идеальды; нормативті, шынайы жағдай,[2, c. 71] Əлеуметтену нормасының идеалды типі тұлғалық дамуға бағытталған қоғамдық идеалдармен анықталады. Бұл – шынайы жағдайдан алыс, бірақ соған жақындастырылған тип. Көбіне манифест, саяси бағдарламалар, т.б. құжаттарда идеологиялық немесе тəрбиелеу мақсаттарында идеалды тип əлеуметтенуі қолданылады. Нормативті əлеуметтену индивидтің қандай болуы керек, оған сəйкесінше əлеуметтік институттар индивидтің қоғамға интеграциялануын қамтамасыз ету шараларын көрсетеді.

.

Шынайы əлеуметтену – қоғамдағы адамдардың нақты жағдайда əлеуметтенуінің жиынтығы. Шынайы əлеуметтену нормативті типке ұқсас, кейде қарама-қарсы болып та кездесе береді. Əлеуметтенудің бұл түрі түрлі бағытта болуы мүмкін. Ол адамның қоғамдағы оры, əлеуметтік мəртебесі, құндылығы, т.б. сияқты объетивті немесе субъективті себептердің əсері болады. Осы мəселелерден байқағанымыздай, əлеуметтену əрқашан да сəтті бола бермейді. Осы тұста, ауытқыған əлеуметтену феномені туындайды. Қоғамдық жəне тұлғалық деңгейде де күнделікті өмір, тəжірбие барысында идеалды немесе нормативті деңгейге жете бермейді. Бəрібір адамның тұлғалық деңгейінде бойында пайдаланбай қалған немесе дұрыс бағытталмаған мүмкіндіктер резерві қалып қояды. Немесе адамның тұлғалық дамуында психологиялық жағдайына байланысты қоғамға тиімсіз тұстары шығып қалуы мүмкін. Жалпы тəжірбиеден индивидтің əлеуметтенуі көбіне ауытқушылық болады. Сондықтан, əлеуметтенудің мынадай түрлерін көрсете аламыз: сəтті, нормативті, кризистік, ауытқыған, мəжбүрлеу, оңалту, уақытынан бұрынғы, жеделдетілген, кешіккен түрлері. Отбасы, білім беру болып табылатын негізгі əлеуметтену институттарының трнасформациясы мен қоғамда əлеуметтік реттеу болған дəстүрлі жəне замануи құндылықтардың деформациясы əсерінен жастардың əлеуметтену үдерісінде өзекті мəселелер туындап отыр. Нақтырақ айтатын болсақ, отбасы, білім беру институтары, еңбек ұжымы жəне тағы басқа əлеуметтену агенттерінің жастардың тəрбиесі мен тұлғалық қалыптасуында үлес салмағы азайып, креісінше БАҚ-тың əсері күшейіп отыр. Оның салдары оң əрі теріс əсер етіп отыр. Жаһанданудың қарқынды ықпалынан жастар арасындағы қылмыс, нашақорлық, алкоголизм, суицид, жұмыссыздық көлемінің артуы мен жастардың рухани құндылықтарының төменденуі немесе еңбекке қатысты жастар қатынасының деформациясы, нигилизмнің етек алуы көрініс тауып отыр.

Бүгінгі таңда жастардың құндылықты бағдарлануын зерттеген Абдраймова Г.С. мынадай мəселелерді анықтады. Жастардың жеке өмірге бағдарлануында құндылықтар жүйесінде – ақша, материалдық сəттілік бірінші орында тұрғандығы білінген. Дегенмен, жастардың 56 пайызы өздерінің еңбегімен материалдық игілілікке жетуге болады деген тоқтамға келген. Ал 27 пайыз жастар еңбектен гөрі, статусты «ақшалы» мамандықтарды материалдық игілікке бастар жол ретінде көрсетеді. Сонымен қатар, мансап жасау, жұмыстағы сəттілік секілді бүгінгі жастардың бойында индивидуалистік қасиеттер басым. Дегенмен, отбасы бақытын жастардың 52 пайызы өмірдің маңызы деп түсінеді. Бұл көбіне 18-19 жас аралығындағылардан гөрі, 25 пен 29 жастағылар үшін көбірек маңызды. Ал отбасы құру мəселесінде көпшілік жастар ата- анасына қаржылай тəуелсіздік жағдайы, жеке көлемді табыс болуы керек екендігін атап көрсеткен. Ал жас отбасы ата-анасынан бөлек тұрғаны дұрыс деп есептейді (тек 7 пайызы ғана ата-анамен тұруға келіскен). «Сізге бақыт үшін не керек?» деген сұраққа 39 пайызы жеткілікті деңгейде қаражат, 35 пайызы-махаббат, 18 пайызы – сенімді дос, ал 8 пайызы – аман-есендік деп белгілеген. Ал бос уақытты тиімді пайдалану мəселесінде жас ерекшелікте айырмашылықтар пайда болды. Ересектерінде бос уақыт аз болса, жастарында көп болып шықты. Бос уақытты пайдалану мəселесінде «ештеңе жасамау» көрсеткіші жоғары болып отыр. Ал «Қаншалықты Сіз театр, концерт, музыкалық үйірме. т.б. жиі барасыз?» деген сұраққа оң жауап бергендердің де үлес салмағы аз. Ал жастардың мінез-құлық қалпытасытыруы мен өмірді қабылдауында теледидар ерекше орын алады. Мəселен, тек 11 пайыз жастар жарнамаға назар аудармаушылықпен қарайды, 15-20 пайыз жастарға барлық ролик, клиптер қызық. Профессор Абдрайымованың пікірінше, бүгінгі қазіргі замнағы жастар алдыңғы буынға қарағанда өте күрделі кезеңде өсіп жетіліп келеді. Сондықтан жастарға бағытталған мемелкеттік саясат біріншіден, қоғамдық өмірдің маңызды салаларын: денсаулық, білім беру жəне тəрбие салаларын қамтуы керек. Бұл бағытта мемлекеттік жастар саясат жүйелі жұмыстар атқаруы керек.

.
.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» қабылданған тұжырымдама болғанымен, оның орындалу тетіктері нақты көрсетілмгендіктен, əлі күнге дейін бұл құжаттың практикалық мəні болмай келеді. Осы тұста əбден жауыр болған, жастардың тұрғын үй мəселесі, əлеуметтік жағдай, білім алу секілді проблемаларды қайта көтергім келмейді. Керісінше, жастардың өзіне қатысты дүниелерге тоқталайық. Жастардың əлеуметтенуі барысында ХХІ ғасырда төмендегідей құндылықты бағдардың болуы нəтиже береді. Себебі, жер шарының бір мүшесі ретінде Қазақстан əлемдік жаһандану процесінен тұмшаланып тыс қала алмайтын болса, еліміздің жастары əлемдік аренада бəсекеге қабілетті болуы тиіс деп санаймын. Демек, əрбір жастың Отанын шексіз сүюінің астары бос қуыс болмауы керек. Елдің саяси, экономикалық, əлеуметтік жəне т.б. түрлі сферасының өрге басуына əр жастың қосатын өзіндік үлесі бар. Бəсекеге қабілеттілік – жастардың жаңа заман жаңалығын меңгере отырып, Қазақстан азаматы ретінде дүниежүзілік аренада бəсекеге қабілетті болып, əлем жастарымен терезесін теңестіруі. Техниканың құлағында ойнап, қазақ тілін меңгеріп, ал əлем тілдерінде еркін сөйлеген азаматтың алар асуы алда. Ол өзін ғана жетілдіріп қоймай, Абай айтпақшы, «атасының ғана емес, адамның баласы болып», адамзат игілігі, ел дамуы үшін еңбек етері сөзсіз.

Білім, кəсібилік –«жастардың жəне еліміздің басты капиталы». Елімізде сауаттылық деңгейі жоғары көрсеткіштерге ие екені белгілі. Халықтың 99,5 пайызы сауатты, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан 177 елдің ішінен 14-орынды алады. Қазақстан соңғы 12 жылда адамның даму индексінің орнықты артуы нəтижесінде 20 тұғырға алға басып, əлем бойынша 73-орында тұр. Ал білімді сипаттайтын жаһандық бəсекеге қабілеттілік индексінің 11 құрамдас бөлігінің тек бір ғана “Жоғары оқу орындарына қабылданған студенттер саны” индикаторы бойынша еліміз елу үздік ел қатарына кіріп отырмыз. Бір парадокс бар. Философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім айтқандай, «еліміздегі адамдардың сауаттылық деңгейі экономикаға, əлеуметтік жағдайға, рухани өмірге əсер етпей отыр».[4, c. 9] Салыстыру үшін, Түркияда сауаттылық көлемі 0,1 пайызға артса, жалпы өнім бір пайызға артады екен. Түркияда халықтың 76 пайызы ғана сауатты. Ал американдықтардың 52,5 ғана жоғары толық білім алса, 27,3 пайызының бакалавр дəрежесінде ғана білімі бар. Ал Қазақстанда жоғары білімді адамдар көп болғанымен, əлі күнге дейін техникалық, медициналық салаларды айтпағанның өзінде, барлық салаларда кəсіби, білікті мамандар тапшылығы айқын білінеді. Мəселен еңбек нарығында, нақтырақ айтар болсақ, құрылыста – 9,9 мың адам, ауыл шаруашылығында – 9,6 мың адам, машина жəне жабдықтар технологиясында – 7,6 мың адам, қызмет көрсету саласында – 6,8 мың адам жетпейді. Жыл сайын 12-14 мың университет түлегі жұмыссыз қалуына қарамастан, экономика техникалық қызмет көрсету еңбегінде қосымша жүз мың жұмысшыны талап етеді. Демек, мақсатты бағдарланған түрде сапалы білім алу бүгінгі жастар алдындағы негізгі міндеттердің біріне айналып отыр.

Іскерлік, креативтілік – ( ағылшын тіл. ауд. creative — шығармашыл) мақсатты түрде қалыптасқан жəне дəстүрлі нормалардан тыс жаңа идеяларды жаратуға жаны жақын индивидтің шығармашылық қабілеті. А.Маслоу бойынша, бұл адам туылғаннан барлығында болатын, бірақ көп жағдайда ортаның əсерімен жойылып кететін шығармашылық бағыт болып табылады. Демек, креативті жас тəрбиелеу, шығармашыл, сыншыл болып жетілу адам əлеуетінің жоғарғы деңгейін көрсетеді. Соңғы кезде жастардың нигилист, көп құбылыстарға немқұрайлықпен немесе аса толеранттылықпен қарау тенденциясы басым блып отыр. Жастардың экономикалық белсенділігінің деңгейі 52,2 пайызды құрайды. Бұл жалпы көрсеткіштен 18,4 пайызға төмен. Жастар арасындағы жұмыссыздық ел бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейінен 1,3 пайызға артық. Мұның негізгі себебі жастар біліктілігінің аздығынан немесе біліктілігінің болмауына байланысты түсіндіріледі. Ал жас жұмыс кадрларының төмен жалақы үрдісі тұрақты сақталып келеді. Жұмыс істейтін жастардың 21,5 пайызының табыс деңгейі ең төменгі күн көріс деңгейінен төмен; жастардың 41,5 пайызының айлық табысы орта жалақы көрсеткішінен төмен. Денсаулық сақтау – ұрпақ алмасуда денсаулық сақтау мəселелері өсіп келе жатқанда көкейкесті мəселе болып табылады. Мұның себебінен болашақта ұлт денсаулығы ауыр зардап шегуі мүмкін. Сонымен қатар, қауіпті ықпалдарға бүгінгі жасөспірім мен жастардың репродукциялық əлуетін төмендету қауіп-қатерлі ықпалдарына апарып соғатын қауіпті мінез-құлық салалары жөнінде ақпараттанулықтың төмен деңгейі, ұрпақ жаңғырту нұсқамаларының қалыптаспағандығы, сондай-ақ, емдеу-профилактикалық мекемелеріндегі медициналық-санитариялық сүйемелдеу кемшіліктері жатады. Жасөспірім мен жастар денсаулығының үлкен əлеуметтік маңызы бар, себебі олар қоғамның репродукциялық, парасаттық, экономикалық, əлеуметтік, саясаттық жəне мəдени резервы болып танылған. Сондықтан да «Жас отан» жастар бағытының съезінде сөйлеген сөзінде Н.Ə. Назарбаев тəуелсіз Қазақстан жастары елдің ең басты дəулеті деп ескеріп қойды.[5] Қорытындылай айтқанда, жастардың құндылықты дұрыс бағдарлануы біршама əлеуметтік мəселелердің шешім табуына көмектеседі. Əсіресе, білім, бəсекеге қабілеттілік, кəсібилік, іскерлік, креатив, еңбек, денсаулық сақтау секілді маңызды дүниелерді ұстаным еткен жастар өздерінің өмірін дұрыс ұйымдастырумен қатар, мемлекет дамуына елеулі үлес қосатыны анық. Осылайша, сəтті əлеуметтену үдерісіне қол жеткізген кез келген жас өмірде өз жолын тауып, Абай айтқандай, «өмірге кірпіш болып қаланады».

One thought on - Жастардың əлеуметтену мəселелері

  • Бұл мақала біздің жастарымыздың мəселесін көрсетіп жатыр. Бізде технологиялар өте таратылған, алайда көп зиянды келтіріп жатыр. Сондықтан БАҚ-тың технологияларын азырақ қолдану керек, деп ойлаймын.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.