Жасушаның құрылысы

Главная » Рефераттар » Жасушаның құрылысы

Жасушаның құрылысы

Қазіргі кезде жасушаның теориясының мынадай негізгі қағидалары белгілі:

  1. жасуша тіршіліктің ең ұсақ құрылым бірлігі болып табылады, себебі барлық тірі ағзалар (өсімдіктер, жануарлар, саңырауқұлақтар, бөлшектенушілер) жасушалардан тұрады;
  2. өсімдіктер мен жануарлардың жасушаларының құрылысы, жалпы алғанда бір-біріне ұқсас болады;
  3. жасуша тек жасушадан, оның бөлінуі нәтижесінде пайда болады (Р.Вирхов) «Omni cellula a’cellula»;
  4. жасуша-ашық биологиялық жұйе, ол арқылы үнемі заттардың, энергияның және ақпараттар ағыны өтіп отырады.

Қазіргі кездегі тұжырым бойынша тіршіліктің 2 формасы белгілі:

  1. Тіршіліктің жасушасыз формасы – оған вирустар жатады. Вирустар – өте кішкентай, тіпті жай микроскоп арқылы көрінбейтін, денелер. Олар нуклеин қышқылдарынан және ақуыздан тұрады. Олардың тіршілігі тек жаушаға енгеннен кейін ғана байқалады, ал өз беттерінше оларда тіршілік құбылыстары байқалмайды. Вирустарды 1982 жылы орыс ғалымы Д.И. Ивановский ашқан.
  2. Тіршіліктің жасушалы формасы. Оның 2 түрі белгілі, а) прокариотты жасушалар (бактериялар, көк-жасыл балдырлар)цитоплазмасы қос қабатты липидтік мембранамен қоршалған, ядросы болмайды, тұқым қуалайтын материал сақина тәрізді ДНҚ молекуласынан тұрады; рибосомадан басқа органоидтары болмайды, мөлшері жағынан өте ұсақ болып келеді 0,1-0,5 мкм, митоз кездеспейді.
  3. Эукариотты жасушалар – цитоплазмасы қос қабатты липидтік мембранамен қоршалған, ядросы болады; тұқымқуаламайтын материалы хромосомаларда орналасады, барлық  органоидтары болады; жасуша  мөлшері біршама ірі келеді – 15-65 мкм, митоз жолымен бөлінеді.

Эукариоттарда бір жасушалы ағзалар жасушасы және көп  жасушалы ағзалар жасушалары деп жіктейді. Ал соңғыларын өсімдіктер және жануарлар жасушалары деп бөледі.

Бір жасушалы ағзалардың жасушасы (қарапайымдылар) – өздері  бір жасуша бола тұрып, тұтас ағзаға тән қызметтер атқарады: қозғалу, тітіркену, көбею, зәр шығару, ас қорыту және т.б. Ал көп жасушалы ағзалардың жасушалары белгілі – бір қызмет атқаруға маманданады, оларда әр түрлі  ақуыздар синтезделінеді, мысалы: эпителий ұлпасының жасушаларында – меланин, бұлшықет жасушаларында – миозин т.б.

Өсімдіктер жасушасының жануарлар жасушасынан ерекшелігі мынадай:

  1. жасуша сыртын қалың целлюлоза қабығы қаптап тұрады;
  2. цитоплазмада пластидтер (хлоропласттар, хромопласттар, лейкопласттар) кездеседі;
  3. вакуолялары болады.

Қазіргі деректер бойынша  жасушаның негізгі заты боып протопласт саналады. Протопласт цитоплазмаға  және ядроға жіктеледі. Ол сыртқы ортадан шеткі мембрана – плазмолемма арқылы шектелген. Цитоплазма өз кезегінде гиалоплазмаға (цитоплазманың негізгі заты – матриксы) және органеллаларға ж»ктелген.

Гиалоплазма – 2 мембранамен (плазмолемма, тонопласт) шектелген қоймалжың сұйықтық. Ол органикалық және бейорганикалық заттардан тұрады. Оның 80-90 пайызын  су құрайды. Органикалық заттардың ішінен негізгілері – ақуыз, нуклеин қышқылдары, майлар, көмірсулар, АТФ т.б.

Гиалоплазмада органеллалар бытыраңқы орналасады. Органеллалар – жасушада белгілі-бір қызмет атқарып, цитоплазмада тұрақты түрде кездесетін құрылымдар. Оларға – митохондриялар, Гольджи комплексі, эндоплазмалық тор, пластидтер, рибосомалар, лизосомалар, жасуша орталығы, микроденешіктер, микротүтікшелер т.б. жатады.

Эндоплазмалық торды 1945 жылы Портер ашқан. Ол өте ұсақ, тек қана электрондық микроскоп арқылы көруге болатын, қос қабат мембранамен шектелген және тарамданып гиалоплазманы өне бойына торлап тесіп өтіп орналасқан микроарнашықтар  мен микроқуыстар жүйесі болып табылады. Оның 2 түрі белгілі: гранулалы немесе кедір-бұдырлы және агранулалы немесе тегіс эндоплазмалық тор. Гранулалы (кедір-бұдыр) эндоплазмалық тордың мембарансына рибосомалар бекінген, ал тегіс  эндоплазмалық торда рибосомалар болмайды. Цитоплазмада, әдетте гранулалы тор  агранулалы торға қарағанда әлдеқайда жақсы жетілген. Агранулалы тор кейбір ерекше қызмет атқаратын, яғни майлы заттарды көп синтездейтін жасушаларда ғана жақсы жетілген болады. Гранулалы тордың қызметі – ақуыз синтездеу, жасуша мембраналарын пайда ету орталығы болып саналады. Сол сияқты, ол вакуоля, лизосома, микроденешіктерді де пайда ете алады. Эндоплазмалық арналар арқылы микромолекулалар, иондар тасымалданады. Агранулалы тор липидтерді және көмірсуларды синтездеуге қатынасады. Гольджи кешенін 1878 жылы итальян ғалымы Гольджи  жануарлар жасушасынан ашқан және соңғы  кездерге дейін ол тек жануарлар жасушаларына ғана тән  деп келінген. Бірак, кейінірек ол өсімдіктер жасушаларынан да табылған. Сондықтан Гольджи кешені барлық эукаритотты жасушаларға тән органелла болып  саналады. Гольджи кешені өте жұқа,  жалпақ, бірінің үстіне бірі орналасқан 5-20 қалташықтардан — диктиосомалардан  құралған. Әрбір қалташықтың диаметрі 1 мкм, ал қалыңдығы не бары 20-25 нм болып келеді. Қалташықтардың жиектері  тесіліп  бірте-бірте торға айналған. Гольджи кешенінің қызметі – полисахаридтерді синтездеу, жинақтау және  тасымалдау  болып саналады.

Митохондриялар – жасушаның  міндетті органеллаларының бірі. Оның пішіні түрліше болып келеді: таяқша  тәрізді, дөңгелек, сопақша т.с.с., ал мөлшері 0,5-7 мкм тең. Митохондриялар қос қабат мембранамен шектелген. Сыртқы  мембранасы тегіс, тұйық, ал ішкі мембранасы  митохондрияның ішіне қарай қатпарлар пайда етеді. Оларды кристтер деп атайды. Кристтер арасында митохондрияның негізгі заты — матрикс орналасқан. Онда ДНҚ,  рибосомалар, ақуыздар т.б. кездеседі. Митохондриялар органикалық заттарды ыдырату, АТФ синтездеу қызметтерін атқарады.

Рибосомаларды 1955 жылы Палладе ашқан. Ол екі бөлшектен (кіші бөлшегі, үлкен бөлшегі) тұрады. олар өте ұсақ, тек электрондық микроскоп арқылы көруге болатын – органеллалар. Оның мөлшері не бары 15-35 нм болады. Рибосомалар р-РНҚ-дан және ақуыздан тұрады, оның негізгі қызметі ақуызды  синтездеу болып  саналады. Лизосомалар – диаметрі 2 мкр, әр түрлі ферменттерден тұратын көпіршіктер. Олар органикалық заттарды гидролиздеу, ыдырату  процесіне қатынасады, яғни  жасушаішілік ас қорыту қызметін атқарады. Жасуша орталығы – жануарлар жасушаларына тән  органелла. Ол 2 центриолядан тұрады. Әрбір центриоля диаметрі  150 нм, ұзындығы 300-500 нм болып келетін қуыс цилиндр. Оның қабырғасы үш-үштен  9 топқа топтасқан 27 микротүтікшелерден құрылған. Жасуша орталығының қызметі митоздың  қалыпты жүруін қамтамасыз ету, яғни, анафаза кезінде хроматидалардың полюстерге ажырауын қамтамасыз ету болып табылады. Микротүтікшелер – түрліше болып келетін ұзын түтіктер, оның диаметрі 24 нм-ге тең. Олар тірек қызметін  атқарады. Пластидтер  тек өсімдік  жасушаларына тән органеллалар. Олардың 3 түрі белгілі: жасыл пластидтер – хлоропласттар (Компаретти, 1791), сары, қызыл пластидтер – хромопласттар (Берцелиус, 1837), түссіз пластидтер – лейкопласттар (Крюгер, 1854).

Цитологияның соңғы кездердегі  ең маңызды жетістіктеріне  мыналарды жатқызуға болады:

  1. Цитоплазманың мембраналық құрылыс принциптерін тұжырымдау;
  2. Жасушаның ашық биологиялық жүйе екендігін тұжырымдау, яғни заттар, энергия және ақпарат ағындары туралы тұжырымның қалыптасуы.

Цитоплазма және оның органеллалары биологиялық мембраналардан тұрады, оның қызметі, қасиеттері сол мембраналарға  байланысты болады. Шынында да, цитоплазманың құрғақ затының 90 пайызын биологиялық мембраналар құрайды; гиалоплазма 2 мембранамен (плазмолемма, тонопласт) шектелген; органеллалардың көбісі мембраналардан тұрады.

Биологиялық мембрана өте жұқа, қалыңдығы не бары 5-10 нм болып келетін қабықша. 1972 жылы С.Сингер мен Г.Никольсон ұсынған биомембрананың сұйықтық – мозайкалық моделіне сәйкес, ол 2 биополимерден тұрады: ақуыз және липидтер. Липидтер молекуласы биологиялық мембраналардың қаңқасын құрайды, ол екі қабат сұйық  фаза  күйінде болады, ал оның бетінде немесе оған еніп, кейде оны түгел тесіп өтіп  ақуыз молекулалары орналасқан. Биологиялық мембраналар жартылай өткізгіштік (таңдамалы өткізгіштік) қасиетке ие, оның ұштары  үнемі тұйықталған. Биологиялық мембрананың арқасында жасушада көптеген  дербес, тұйық қуыстар (органеллалар)  түзіледі.  Мембраналар арқасында осы қуыстарда тек өздеріне ғана тән  химиялық құрамы қалыптасып, бір мезгілде  түрліше химиялық реакциялардың жүруіне мүмкіндік туады. Жасуша ашық биологиялық жүйе болып саналады. Ол арқылы үнемі заттар, энергия және ақпараттар ағыны өтіп отырады.

Заттар ағыны – жасуша тіршілігі үшін  өте қажет  құбылыс.  Жасушаға үнемі  заттар еніп, олар зат алмасу процесіне өзгеріп (ыдырап, синтезделіп), сыртқа шығарылып отырады. Бұл процесс үздіксіз жүреді, себебі заттар ағыны  тоқталса, жасуша да өз тіршілігін тоқтатады.  Жасушаға түйіршік  тәрізді заттар – фагоцитоз, ал сұйық заттар  — пиноцитоз арқылы енеді.  Пиноцитоз осмос құбылысы нәтижесінде жүреді. Оған мысал ретінде  жасушада байқалатын  плазмолиз – депалазмолиз құбылыстарын келтіруге болады. Заттардың мембранадан белсенді тасымалдануы ферменттердің қатысуы және энергия жұмсалуы арқылы жүреді.

Энергия ағыны – жасуша тіршілігі үшін энергия қажет. Ол энергия органикалық заттардың ыдырауы нәтижесінде бөлініп шығады да АТФ молекуласында жинақталады. АТФ-та жинақталған  энергия оны әрі қарай  АДФ, АМФ-қа ыдырауы арқылы бөлініп әр түрлі тіршілік әрекеттеріне пайдаланылады. Энергия синтезі  жасушада  анаэробтық гликолиз, фотосинтез, хемосинтез, аэробтық гликолиз  реакциялары нәтижесінде іске асады. Энергияның синтезделуі  өсімдіктер жасушаларында пластидтерде,  ал жануарларда  — митохондрияларда  жүреді.

Ақпараттар ағыны – жасуша тіршілігі туралы ақпарат ядрода,  хромосомаларда, ДНҚ молекуласында биологиялық (генетикалық) код күйінде  жазылған.  Міне осы ақпарат ДНҚ-ДНҚ-ға, ДНҚ-РНҚ-ға, РНҚ-дан ақуызға  беріліп отырады. Арнайы зертхана жағдайларында ревертаза  ферментінің  көмегімен РНҚ-нан – ДНҚ-ны синтездеуге  мүмкіндік пайда болады. Ал ақуыздар (ферменттер) жасушаның барлық тіршілік процестерін  басқарып, реттеп отырады. Ақпараттар ағынысыз жасуша тіршілігінің болуы мүмкін емес.

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.