Жерлеу рәсімі

Главная » Рефераттар » Жерлеу рәсімі

Жерлеу рәсімі бір-бірімен байланысты бірнеше кезеңдерден тұрады: естірту – жақын туыстарына қайғылы хабарды тұспалдап отырып жеткізетін түрі. Адам қайтыс болған соң, бірден оны туыстары мен жақындарына жеткізіп, ауылға хабарлайды. Сол күні жерлейтін күнін белгілейді. Бұл кейде алыстан келетін туыстарының жетіп үлгеруіне де байланысты. Жерлеу күнін әрі кеткенде үш күннен асырмайды. Заман өзгере келе естірту ғұрпы да естен шыға бастады. Айшылық алыс жерлерге сарт еткізіп жеделхат жіберуді жеңіл көре бастадық. Ал жақынының өлімін тілдей қағаздан оқып-білген адамның жан-күйін ұққан бар ма?! Мұндай сәтте жүрегі нашарлардың өзінің де о дүниеге аттанып кетуі ғажап емес. Олай болмаған күннің өзінде, қара бұлттай қайғыны қас қағым сәтте қайыспай көтере білу ердің ғана қолынан келеді-ау. Ендеше, естірту ғұрпын ескінің қалдығы деп емес, еліміздің асыл салты деп біліп, жаңғыртқанымыз абзал. Жандосұлы Келдібек Шоқан өлімін Шыңғысқа былай естіртіпті: «Ұлы өлмеген руда жоқ, қызы өлмеген Қырымда жоқ. Қатыны өлмеген халықта жоқ, ағасы өлмеген аймақта жоқ. Інісі өлмеген елде жоқ, әкесі өлмеген әлемде жоқ. Шешесі өлмеген пенде жоқ. Аққу ұшып көлге кетті, дуадақ ұшып шөлге кетті. Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, оны иесі өзі әкетті. Шоқан деген балаңыз – бәріміз баратын жерге кетті…». Естірту көпті көрген, жөн-жосық пен сөзді білетін адамдарға тапсырылады.

Дауыс шығару – үйге тақап қалғанда туыстары, көбінесе ер адамдар орындайды. Ертеде ер адамдар үйге тақап қалғанда дауыс шығарып жүретін болған немесе атының басын қоя берген. «Үйге қарай жүгірме» деген тыйым осыдан шыққан. дауыс көтеру – есік алдында көңіл айтушыларды күтіп тұрған қайтқан адамның туғандары, ер адамдар, күйеуі, ағалары, ұлдары қағып әкеліп, оны естіген үйде отырған әйелдер одан сайын дауыстарын көтере түседі.

Жоқтау – дәстүр бойынша қара жамылып отырған анасы, әйелі, қыздары, апалары, келіндері орындайды. Әдет бойынша, ол жанынан шығарылып айтылып, қайтқан адамнан айырылып қалғаны, жалғыздығы, қорғансыз қалғаны дауыстап сөйлесу түрінде бейнеленеді. Дәстүр бойынша күн батқан соң қайтқан адамды дауыс шығарып жоқтамаған. Ерте кездерде жоқтауды қатты қайғының белгісі ретінде шашын жайып жіберіп орындайтын болған. Сол себепті қазақтар қыздарына «Шашыңды жайма» – деп, жаманшылықтың белгісі деп, күнделікті өмірде шашын тарқатып жүруге тыйым салған.

Жұбату – қарт әжелер қайғы тұтып, жоқтап отырған адамдарды жұбату үшін әдетте терең мағыналық ойы бар «Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ», «Тозбас темір, озбас өмір жоқ» деген сияқты қанатты сөздер айтқан.

Көңіл айту – қаза болған адамның артында қалған туыстарына келіп, тоқтам айтады. Әдетте ауылдастар күн жарық кезде, көбіне түске дейін көңіл айтуға тырысқан. Ондай кезде «Арты қайырлы болсын, топырағы торқа болсын» деп қайтқан адамның туыстарына көңілін білдіреді. Көңіл айту жырлары қайғылы адамның қажырын қайратын, бойына қуат беретін үміт пен сенім сәулелерін жарқырата көрсетіп, жанын жадыратады, оны үміт үзбеуге, сенімділікке тәрбиелейді.

Дауыс айту – негізгі құрылымы қайтыс болған адамның қадір-қасиеті, өкініш және соңында жанының жұмаққа баруын тілеуден тұрады. Жоқтаудан өзгешелігі – ұзағырақ болуында, әрі оны қайтқан адамның туыстарының ішінде даусы бар, ақындық өнері тағы бар бір адам орындайды. Оның үстіне ертеде дауыс айту жыл бойы еске алу рәсімдерінің барлық кездерінде орындалады.

Мәйітті жуындыру – «соңғы тазалығында» кісі саны тақ сандардан тұратын 5-7 адам жуады. Мәйітті жатқан бөлмесінде күндіз сағат 10-ға таман бастап жуады. Сүйекке түскенге дейін қатысушылар марқұм о дүниеге таза аттану үшін алдын ала дәрет алуы тиіс. Оның үстіне бірінші жуғандардың қатарына тағы да адамдар қосады. Бұл адамдарды «сүйекке түсетін кісілер» (сүйекшілер) деп атайды. Сүйекке түсетіндерді таңдағанда туыс, жақын, дос-құрбы жағы есепке алынады. Негізінен, бұлар қайтыс болған адамның құрдастары болып келеді. Сүйекші жылына 1 рет қана сүйекке түсуге тиіс болған. Денесін жуып болғаннан кейін, шымылдықтың артында жатқан марқұмның бөлмесіне киізге оралған ақыретті береді.

Ақ матаны дайындау – алдын ала еденге марқұмның денесін алып шығатын ақ киіз төселеді. Кебін немесе ақырет қайтыс болған адамның жынысына қарай ер адам болса 3 бөліктен – іш жейде, көйлектің ұзындығы санның орта тұсына дейін жетеді және кебінінің сыртынан екі сыртқы орау орайды. Әйел кебіні 5 бөліктен дайындалады – іш көйлек деп аталатын ортасынан ішіне қарай бүктелген, жеңсіз тікбұрышты мата қиындысы, бүктетілген орта тұсында бас сұғатын «Т» тәріздес ойық кесіледі, көйлектің ұзындығы тізеге дейін түседі, басына жаулық немесе кимешек түрінде орамал орап, кебінінің сыртынан екі сыртқы орау, сонымен қатар әйел адамның кебініне іш көйлек кигізгенге дейін денесінің төменгі бөлігін белдемшемен /маталар жолағы/ орайды. Орағанға дейін кебінді әтірмен жеңіл-желпі себезгілеп өтеді, кейде жұмақтық хош иісті шығару үшін қалампыр гүлін пайдаланады. Сирек те болса, қайтыс болар кәрі адамның тілегі бойынша, марқұмның басын сәлдемен орайды. Марқұмды кебінге орағаннан кейін 3 жерден – басының үстіңгі жағынан, белінен, аяғынан буып, одан кейін киізге, қазіргі заманда кілемге орап, оны байлап тастайды. Жерлеуге дайындықтың маңызды шараларының бірі денені тазарту – «мейірім су рәсімі» деп аталады. Ол молда келгенге дейін марқұмның денесін тазартып қою.

«Киім үлестіру» рәсімінде – марқұмның күнделікті киген киімдерін артында жатқан марқұмның бөлмесіне киізге оралған ақыретті туыстары мен жақындарына берсе, сауап болады деп есептеген. Егер киім аяғына дейін киілсе, марқұмға жеңіл болады деп сенеді. Осы себептен жаңа киім кигенде «Өзің киіп, өзің тоздыр», – деген тілек айтылады. Жерлеуге дайындық марқұмның денесін жуу, оны ақыретке орау болып табылады. Жөнелту кезінде қолғабыс ету, тек жөнелту жұмыстарына көмек ету түрінде ғана емес, материалдық көмек беруі жағынан да байқалады. Қайтыс болған кісінің отбасына қаржы мәселесінде туысқандары мен жақындарының көмегі арқылы шешіледі. Сонымен бірге рулас-ауылдастары, көршілері келген адамдарды үйіне түнетіп, бүкіл жұмыстарды атқарып, марқұмның жақын туыстарының жүктерін жеңілдетеді.

 

 

Загрузка...

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.