Жіктеу есімдіктері жəне жақ ұғымы

Главная » Рефераттар » Жіктеу есімдіктері жəне жақ ұғымы

Есімдіктер туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, сөз болатын көбіне жіктеу есімдіктері екендігі белгілі. Жіктеу есімдіктері есімдік атты сөз табын зерттеуге қалам тартқан барлық авторлардың еңбектерінен көрініс берген. Батыс, орыс тіл білімінде де, түркологияда да, қазақ тіл білімінде де жіктеу есімдіктері кеңінен сөз болған мəселенің бірі. Өзінің 1961 жылғы еңбегінде А. Ибатов жіктеу есімдіктерін зерттеуді мына сөйлемнен бастайды: «Жіктеу есімдіктері əрқашан белгілі бір жақты көрсету үшін қолданылатын сөздер болып саналады».

Шынында да, жіктеу есімдіктері дегенде үнемі жақ ұғымы ілесе жүреді, кез- келген жіктеу есімдігін айтқанда, оның белгілі бір жақта тұратындығы анық. Сондықтан бұл екі ұғым, яғни жіктеу есімдігі мен жақ ұғымы ажырамас бірлікте жəне де бұл үнемі адаммен байланысты қолданылады. Мысалы, мен – I жақ — сөйлеуші, сен – II жақ — тыңдаушы, ол – III жақ — сөйлеу ситуациясынан тыс, бөгде адам. (3 жақтың ерекшілігі – «ол» сөзінің бірде жіктеу, бірде сілтеу есімдігі қызметінде жұмсалуы, бұл олардың адамды немесе басқа заттар мен құбылыстарды, іс-əрекетті, сапа мен белгіні көрсетуіне байланысты).

А. Ибатов өз еңбегінде «жіктеу есімдіктерінің негізгі қасиеті олардың «адам» деген ұғымда қолданылып, белгілі бір жақты көрсете алуы» [1, 14 б.] дей келе, олардың жеке тұрғанда да, контексте де осы жақты көрсету белгісін сақтап отыратындығына баса тоқталады. Жақты көрсетуде жіктеу есімдіктері үнемі сөйлеуші тұлғасымен бірлікте, байланыста болады. Мысалы, диалогта екі адам бір-бірімен сөйлесіп отырғанда, «мен», «сен» есімдіктері ауысып отырады. Сөйлеуші өзін «мен» деп сөйлеп отырғанда көрсетсе, екінші адамға сөйлеу рөлі тигенде, ол да өзін «мен» деп көрсетеді де, алдындағы диалог жүргізушіні енді «сен» деп көрсетеді. Сонда қайсысының сөйлеуіне байланыста жақтық ұғым да ауысып отырады.

.
.

Мысалы, — Меiтай, сен маған hкпелеп Xалған жоXсыi ба? — ЖоX, мен неге саған hкпелейін. — Онда раXмет саған (. НjршайыXов). Мұнда Ербол сөйлегенде «сен» — II жақ болып отырған Меңтай өзі сөйлегенде «мен» болып I жаққа ауысады. Сол сияқты Ербол да бірде сөйлеуші, бірде тыңдаушы дəрежесіне көшіп, бірде «мен», бірде «сен» болып өзгере алады. Сонымен, жіктеу есімдіктері арқылы көрінетін жақ ұғымы дегеніміз не? Оның етістіктің жақтық көрсеткіштерімен арақатынасы қандай? деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. О.С. Ахманованың сөздігіндегі жақ ұғымына берілген анықтама мынаған саяды: жақ – қимылдың, оның субъектісінің сөйлеушіге қатынасын көрсететін етістіктің грамматикалық категориясы [2, с. 121].

Ал 1998 жылғы Қазақ тілі энциклопедиясында мынадай анықтамалар беріледі: «Жақ – грамматикада сөйлеушінің істелген іс пен зат арасындағы қатынасын білдіретін зат есім мен етістік категориясы» [3, 163 б.]. Сонымен қатар, бұл еңбекте етістікті сөз ету барысында да «рай, шақ, амалдың өту сипаты, іс-əрекет, жақ категориялары етістіктің таза грамматикалық категориялары» деп аталады да, əрине, бұның ішінде жақ (жіктелу) категорияларының сипаты ерекше», — деп те айтылып кетеді [3, 123 б.]. А. Байтұрсыновтың еңбегінде бұл туралы арнайы айтылмайды, тек жіктеу есімдіктерінің ІІІ жақта қолданылатындығы, етістіктің жіктелу ерекшеліктері ғана сөз болады. Р. Əмір ІІІ жақ туралы сөз ете отыра, «жақтық форма іс-қимылдың жəне оның субъектісінің сөйлеушіге қатынасын білдіреді», — дейді [4, 65 б.]. А. Салқынбайдың «Функциональды грамматика очерктерінде» былай делінген: «жақтық – есімдік пен етістіктің жақ тұлғалары жəне жақ мəнінде жұмсала алатын əртүрлі синтаксистік, лексикалық құралдар арқылы көрініс табатын қызметтік- семантикалық категория» [5, 17 б.].

.

Ал Т. Сайрамбаев «Жақ категориясы – айтушы, тыңдаушы жəне үшінші бір жақта айтылады да, ол көрсеткіш етістік арқылы көрінеді» дегенді айтады [6, 15 б.]. Жақ – етістіктің грамматикалық категориясы емес, ол мазмұн тек жіктік жалғаулары арқылы көрінеді. Ал жіктік жалғаулары кезінде жіктеу есімдіктерінен шыққандығы белгілі. Мысалы, мен, біз екеуі бір сөздің түрлі формалары емес, ол екеуі бөлек сөздер. Ал жақ категориясы таза лексика-грамматикалық категория болуы үшін І, ІІ, ІІІ жақтардың əрқайсысына тəн белгілі бір ортақ форма болуы керек, ал ондай форма жоқ. Бұдан біз есімдіктердегі жақ ұғымы таза лексикалық болып табылады деген қорытынды шығара аламыз. Оның етістіктің жағымен негізгі айырмашылығы да осында. О.В. Петрова өз еңбегінде жақ тұлғасы басқа есімдіктер тобымен көрінбейтінін, бұл жақ категориясын жеке категория ретінде қарастыра алмайтындығымызды айта келе, «Способность разных личных местоимений называть разные позиции в речевой ситуации (т. е. разные лица) составляет сущность их семантики и не появляется ни в каких грамматических формах» [7, с. 142] дегенді айтады. Жақ ұғымын жеке категория ретінде қарастырарлықтай ешбір грамматикалық категориялар болмағанымен, бұл қасиет олардың лексикалық мағынасымен-ақ беріліп, сол семантикалары арқылы 3 есімдік 3 түрлі жақты меңгеріп тұр. Сонымен жақ ұғымы негізінен алғанда, жіктеу есімдіктерімен бірлікте анықталып, содан бастау алады дей аламыз. Себебі етістіктің, жалпы баяндауыштың жақтық көрсеткішін белгілейтін жіктік жалғауларының өзі жіктеу есімдіктерінен пайда болған. Жіктеу есімдіктері, негізінен, жақ жағынан қарама-қарсы қойылады. Бірақ осы жіктеу есімдіктерінің жекеше, көпше түрлері жайында біршама даулы пікірлер туындаған. Мəселен, біз, сендер есімдіктері мен, сен есімдіктерінің көпше түрлері ме, жоқ па? деген сұраққа жауап іздеушілер көп болған. Есімдіктер алғаш зерттеу объектісі бола бастаған кездерде бұл мəселеге, əрине, ешкім назар аударған жоқ, бұл есімдіктер көпше түрдегі жіктеу есімдіктері ретінде жалпы қарастырылып келді. Кейін келе бұл есімдіктердің ерекшеліктері ескеріліп, терең зерттеуге түсе бастады. Шынында да, мен, біз есімдіктерін морфологиялық жағынан жақындататын ешбір бірлік байқалмайды. Мысалы, оXушы / оXушылар деген зат есімдердегідей, оXимын / оXимыз тəрізді етістік формаларындағы сияқты оларды ажырататындай, -лар – көптік, — мын, — мыз – жіктік жалғаулары тəрізді морфологиялық көрсеткіштерді мұнан байқай алмайсыз. Бұл есімдіктерді лексикалық тұрғыдан қарастырғанда ғана олардың беретін жақтық мағынасына, жекеше, көпше түрде қолданылуына түсінік беруге болады. Сондықтан мен — біз, сен — сендер деген есімдіктер бір сөздің түрлі формалары емес, əрқайсысы өз алдына бөлек лексема деуге болады. Сол айтқандай, біз жəне сендер сөздерінің беретін мағыналары түрліше болып келеді. Яғни мен, сен есімдіктерінің мен + мен, сен + сен деген көпше түрлерін емес, басқа мағыналарды қамтиды. Бұл туралы біршама зерттеушілер сөз қозғаған. Қазақ тіл білімінде жіктеу есімдіктеріндегі бұл ерекшелік əлі кеңінен сөз бола қойған жоқ. А. Байтұрсыновтың еңбегінде көпше түр ретінде ғана көрсетілген бұл мəселе А. Ысқақовтың еңбегінде де көпше түр деп аталып өтілгені болмаса, арнайы сөз болмайды.

Ал А. Ибатовтың еңбегінде бұл мəселе тереңінен зерттеліп, қарастырылмаса да, «I жақ біз, біздер – сөйлеушіге тəн немесе сөйлеушінің өзі тəн топты көрсетуші, II жақ сендер, сіздер-сөйлеушінің сөзі арналған топты көрсетуші» деп көрсетіледі [1, 17 б.]. «Мен» — қай кезде болмасын өзінің «сөйлеуші», сөйлесім авторы» деген, «сен» — тыңдаушы, адресат деген, «ол» — бөгде жан деген мағыналарынан ажырамайды. «Сен» – жақын адамға немесе дөрекі сөйлегенде жəне де сөйлеушіден жасы кішілерге арналып қолданылатын адресат ұғымындағы сөз. Жіктеу есімдіктерінің дифференциялық қызметі оларға тəн жақ категориясына сүйенеді. Жіктеу есімдіктерінің дифференциялық қызметі сөйлеудің прагматикалық аспектісімен, яғни ақпаратты жіберуші мен алушының жəне коммуникативтік актіге қатыспаушылардың (ІІІ жақ) арақатынасымен тікелей байланысты болады. Есімдіктердің синтаксистік жүйедегі қызметін сөз еткенде қазақ тіл білімінде бұрын соңды айтылмаған тақырыптарды қозғауға тура келеді. Бұл, əрине, көптеген кедергілерге алып келері сөзсіз. Тыңнан тақырып бастау, зерттеу жұмыстарын жүргізуде көп ізденуді, жаңа жолдар іздеуді қажет етеді. Бұл жолда бізге қазақ тіл білімінде есімдіктер тақырыбына қалам тартқан ғалымдардың еңбектерінің берері көп болды дей аламыз.

Жіктеу есімдіктері негізінен екі түрлі мағынада: біріншіден, олар сөйлеуші, тыңдаушы, коммуникативтік актіден тыс адам деген мағынада, екіншіден, олар бірінші, екінші, үшінші жақтарды иеленетін жақтық мағынада жұмсалады, яғни функциональды грамматиканың жақтық аспектісін іске асыратын құралдардың бірі болып табылады жəне олар коммуникацияны ұйымдастыруды ыңғайлы ету үшін қолданылады. Біз, сендер есімдіктері мен, сен есімдіктерінің көпше түрлері емес, көптік мағыналы өз алдына бөлек лексемалардың қызметін атқарады. Бұл зерттеулерді топшылай келе байқағанымыз, есімдіктердің синтаксистік қызметі сөз тіркесінің сыңарларының қатарында жұмсалуы, басқа сөз таптарымен тіркесу қабілеті, сөйлем мүшелерінің қызметін атқаруы тұрғысынан ғана сөз болады. Есімдіктердің синтаксистік жүйедегі жақ ұғымымен байланысты қолданыстары жеке жəне арнайы қаралып зерттеу объектісі ретінде алынбаған. Есімдіктердің қолданылу жағдайлары өте қиын жəне əртүрлі болғандықтан, ешбір тілде əлі оның қолданылуының нақты ережелері дəлелденген емес.

ОСТАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.